1) жоспарланатын аумақты аймақтарға бөлудi;
2) аумақты қала құрылысына игеру мен дамытуды;
3) аймақтық және аймақаралық маңызы бар өндiргiш күштердi, өндірiстiк, көлiк, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды жайғастыру мен орналастыру жүйесiн кешендi дамыту жөніндегi шараларды;
4) табиғатты ұтымды пайдалану, ресурстармен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды анықтайды.
2. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның жергiлiктi атқарушы органдармен бірлескен тапсырысы бойынша әзiрленедi.
3. Аумақты дамытудың аймақаралық схемасын әзiрлеу және келiсу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Аймақаралық схеманы және оны iске асыру жөніндегі шараларды Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтедi.
4. Тараптар бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде әзiрленген және мүдделi тараптар бекiткен аумақтық дамудың мемлекетаралық схемалары Қазақстан Республикасы мен шектес шет мемлекеттер аймақтарының аумақтарында өзара келісілген (үйлестiрiлген) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi үшiн негiз болып табылады.
Аймақты дамытудың мемлекетаралық схемаларын әзiрлеудi, келiсудi және бекітудi, сондай-ақ оларды iске асыруды қатысушы мемлекеттер тарапынан қолдау жөнiнде шаралар қолдану тәртібі халықаралық шарттарға сәйкес белгiленедi.
44-бап. Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары
1. Жекелеген аймақтардың (облыстың немесе оның қандай да бір бөлiгiнiң) аумақтарын ұйымдастыру (игеру, жайғастыру, құрылыс салу) аумақтың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасы негiзiнде жүзеге асырылады.
Кешендi схемалар Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына және тиiстi аумақтық дамудың аймақаралық схемасына сәйкес әзiрленедi.
2. Аумақтың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мемлекеттік қала құрылысы саясатының мақсаттарын сол аймақтың аумағындағы әлеуметтiк-экономикалық, өндірiстiк-шаруашылық және табиғи-климаттық жағдайларды, оны аймақтарға бөлуді ескере отырып айқындайды, сондай-ақ:
1) жайластыру жүйелерiн жетiлдiрудiң;
2) елдi мекендердi, өндірiстiк, көлік, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамытудың;
3) аумақтарды табиғи және антропогендiк, техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғаудың;
4) қала құрылысы құралдарымен және әдiстерiмен экологиялық жағдайды жақсартудың;
5) тарихи және мәдени мұраны және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлердi сақтаудың негiзгi бағыттарын белгiлейдi.
Аумақтарды пайдалануға қойылатын шектеулердi ескере отырып, аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу және оларды пайдаланудың интенсивтілігi анықталады.
3. Кешендi схемаларда осы аймақтағы елдi мекендердiң, қала маңы аймақтарының шекараларын белгiлеу, резервтiк аумақтарды қоса алғанда, аумақты кешендi дамыту үшiн ресурстармен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар болуға тиiс.
4. Аймақтар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу мен келiсу тәртібін және оларды iске асыру жөніндегі шараларды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
5. Аймақтар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын бекіту осы заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
45-бап. Елдi мекендердiң аумақтары
1. Қалалық және селолық елдi мекендердiң кеңiстiк негiзiн жер бетіндегі және (немесе) су бетіндегі белгiленген шекаралар (елдi мекендер шегi) шегіндегі аумақ құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, елдi мекеннiң шекаралары (шегi) шегіндегі жер асты және әуе кеңiстiгi жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағында болады.
3. Елдi мекендердiң аумақтарын пайдаланудың режимi мен тәртібі бекітілген қала құрылысы құжаттамасында белгiленген аймақтарға бөлуге сәйкес белгiленедi.
46-бап. Елдi мекендердiң шекарасы (шегi)
1. Елдi мекеннiң шекарасы (шегi) оның аумағын (қала құрылысы кеңiстiгiн) айқындайды және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен бекітілген осы елдi мекеннiң бас жоспары негiзiнде белгiленедi (өзгертiледi).
2. Елдi мекендер шекаралары (шектерi) жобаларының құрамы, мазмұны мен әзiрлену тәртібі нормативтiк құқықтық актiлерге, мемлекеттік нормативтерге, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның өзге де құжаттарына сәйкес белгiленедi.
3. Аса iрi, iрi және үлкен қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары аймақтың қала құрылысын жобалаудың кешендi схемалары құрамында әзiрленуi мүмкiн.
Республикалық маңызы бар қалалар, сондай-ақ халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын өзге де қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісіледi.
4. Орта және шағын қалалар, қала үлгiсіндегі кенттер, сондай-ақ селолық елдi мекендер шекараларының (шектерiнiң) жобалары аталған елдi мекендердiң бас жоспарлары құрамында әзiрленуi және келісілуi мүмкiн.
47-бап. Елдi мекендердiң бас жоспарлары
1. Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекітілген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды (селоны) не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекітілген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.
Тұрғындарының саны бес мың адамнан асатын елдi мекендер белгiленген тәртiппен бекітілген, қолданыстағы бас жоспарлармен қамтамасыз етiлуге тиiс.
Тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендерде негiзгi қала құрылысы құжаты ретiнде осы қонысты дамыту мен оған құрылыс салудың белгiленген тәртiппен бекітілген схемасы (бас жоспардың оңайландырылған нұсқасы) болуы мүмкiн. Шағын елдi мекендердiң құрамын, күтiп ұсталуын, дамытудың және оған құрылыс салудың схемаларын әзiрлеу мен келiсу тәртібін сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттік орган анықтайды.
3. Бас жоспарда:
1) әлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан және болжанып отырған демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, елдi мекеннiң аумағын дамытудың негiзгi бағыттары;
2) осы аймақтардың аумақтарын функционалдық аймақтарға бөлу және пайдалануды шектеу;
3) елдi мекеннiң құрылыс салынған және салынбаған аумақтарының арақатынасы;
4) жердi басымдықпен иелiктен айыру және сатып алу аймақтары, резервтiк аумақтар;
5) аумақты табиғи және техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шаралар;
6) елдi мекендi тұрақты дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шаралар белгіленедi.
4. Тарихи қала құрылысы жағынан құнды елдi мекендi дамытудың бас жоспары тарихи-қала құрылысының тiрек жоспары ескерiле отырып әзiрленуге және оған тарихи құрылыс аймақтары мен ескерткiштердi қорғау жобалары қоса тiркелуге тиiс.
5. Елдi мекеннiң бас жоспары жаңа бас жоспар бекітілгенге дейiн не қолданылып жүрген бас жоспарға заңдарға және құрылыс салу ережелерiне қайшы келмейтiн бөлігiнде енгiзiлген өзгерістер бекітілгенге дейiн қолданылады.
48-бап. Елдi мекендердiң аумақтарын аймақтарға бөлу
1. Елдi мекендердiң бас жоспарлары (дамыту және құрылыс салу схемалары) олардың аумақтарын аймақтарға бөлуді көздеуге, жекелеген функционалдық аймақтардың нақты аумағын пайдалану түрлерiн айқындауға, олардың пайдаланылуына шектеу белгiлеуге және:
1) адам мекендейтiн және тiршiлiк ететiн қолайлы ортаны;
2) халықтың және өндiрiстiң шектен тыс шоғырлануын болғызбауды;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қоса алғанда, қоршаған ортаны ластанудан қорғауды;
4) тарихи және мәдени мұра объектiлерi мәртебесi бар аумақтарды қорғауды;
5) аумақтарды антропогендiк, техногендiк процестердiң және төтенше жағдайлардың қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғауды;
6) қолайсыз табиғи құбылыстардың әсерiн азайтуды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Белгiленген функционалдық аймақтардың аумақтарын пайдалануды шектеу және оларды пайдаланудың түрлерi туралы деректер аумақтарға құрылыс салу ережесiне енгiзiледi.
3. Әкiмшiлiк-аумақтық құрылыстағы ролiне, әлеуметтiк-экономикалық жағдайлары мен өндiрiстiк-шаруашылық мамандандырылуына қарай қалалар мен селолық елдi мекендердiң аумақтарында функционалдық аймақтардың мынадай түрлерi:
1) тұрғын аймақтар;
2) қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақтар;
3) рекреациялық аймақтар;
4) инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары аймақтары;
5) өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары;
6) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар;
7) арнаулы мақсаттағы аймақтар;
8) режимдiк аумақтар аймақтары;
9) қала маңындағы аймақтар;
10) санитариялық-қорғаныш аймақтары;
11) резервтегi аймақтар (қала құрылысы ресурстары) белгiленуi мүмкін.
49-бап. Тұрғын аймақ
1. Елдi мекеннiң тұрғын аймағы үй жанында жайғастырылған аумақтары бар көп пәтерлi тұрғын үй-жайлар (үйлер) және үй жанындағы учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналады.
2. Тұрғын аймақ жеке тұрған және (немесе) тұрғын үйлерге жапсарластыра салынған (оларға жанастыра салынған) медициналық қызмет көрсететiн, әлеуметтiк-тұрмыстық және мәдени-ағарту мақсаттарына арналған объектiлермен, инженерлiк және көлік инфрақұрылымы объектілерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Тұрғын аймақта қонақ үйлердi, жер бетіндегі және жер астындағы көлікжайларды, автомобиль көлiгiнiң ашық тұрақтарын, сондай-ақ орналастырылуы мен қызметi санитариялық-қорғаныш аймақтарын жасауды талап ететiн, қоршаған ортаға әсер етпейтiн өндірiстiк объектiлердi орналастыруға жол берiледi.
4. Жекелеген жағдайларда тұрғын аймақтарға елдi мекеннiң шекаралары (шектері) шегінде орналасқан бағбандық және саяжай серiктестiктерi де жатқызылуы мүмкiн.
50-бап. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақ
1. Елдi мекеннiң қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймағы әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу, қоғамдық мекемелердi және олардың кешендерiн, қонақ үйлер мен қонақ үй кешендерiн, iскерлiк және қаржылық белсенділiк орталықтарын, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, коммерциялық қызмет, сауда және қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету объектілерін, аталған объектiлердiң жанынан ашық көлік тұрақтарын, жер бетіндегі және жер астындағы көлiкжайларды, санитариялық және экологиялық қорғаныш жөніндегi арнаулы iс-шараларды талап етпейтiн басқа да үйлер мен ғимараттарды орналастыруға арналады.
2. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақта орналастыруға рұқсат етiлген объектiлер тiзбесiне тұрғын үй-жайлар (үйлер) енгiзiлуi мүмкiн.
51-бап. Рекреациялық аймақ
1. Елдi мекендердегi рекреациялық аймақтар халықтың демалыс орындарын ұйымдастыру мен жайғастыруға арналған және бақтарды, орманды парктердi, парктер мен саябақтарды, хайуанаттар парктерiн, су тоғандарын, жағажайларды, аквапарктердi, ландшафтық сәулет объектілерін, өзге де демалыс және туризм орындарын, сондай-ақ бос уақытты өткізу және (немесе) сауықтыру мақсатындағы үйлер мен ғимараттарды қамтиды.
2. Рекреациялық аймаққа елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiнде орналасқан, қорғалатын табиғат объектiлерi енгiзiлуi мүмкiн.
3. Рекреациялық аймақтың аумағына жаңа өнеркәсiптiк, коммуналдық және қойма объектілерiн, рекреациялық аймақтың жұмыс iстеуiне тiкелей байланысы жоқ тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды орналастыруға (салуға) және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге жол берiлмейдi.
52-бап. Инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары аймақтары
1. Елдi мекеннiң инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары аймақтары көлік пен байланыс, магистральдық труба құбырлары, инженерлiк қамтамасыз ету желiлерi, инженерлiк жабдықтар коммуникациялары мен құрылыстарын орналастыруға және олардың жұмыс iстеуiне арналады.
Олардың зиянды (қауiптi) әсерiн болғызбау қоныстану аумақтарын (учаскелерiн) және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерге дейiнгi қажеттi қашықтықты, сондай-ақ басқа да міндетті талаптар мен шектеулерді мемлекеттік нормалар мен ережелерге сәйкес сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Пайдалану кезінде адамдардың денсаулығына және олардың мекендейтін ортасына тікелей зиянды әсер ететін коммуникациялар мен құрылыстар елді мекендер шегінен тыс жерлерге орналастырылуға тиіс.
2. Бөлiп берiлген шекаралардағы инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары объектілерінiң аумағы аталған объектiлердiң техникалық және пайдаланылу сипаттамасы ескерiле отырып абаттандырылуға тиiс. Аумақтарды абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
53-бап. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары
1. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары (аудандары) өнеркәсiп орындары мен олардың кешендерiн, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн басқа да өндірiстiк, коммуналдық және қойма объектілерін орналастыруға арналады. Ерекше жағдайларда өнеркәсiптiк аймақта осы кәсiпорынның авариялық бригадаларының тұруы үшiн тұрғын үй-жайлар орналастыруға жол берiледi.
2. Өндірiстiк (коммуналдық, қойма) объектiлердi, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарын қоныстану аумағына орналастыруға олардың орналасуы мен жұмыс iстеуi халыққа қатер төндірмейтiн, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн және санитариялық-қорғаныш аймақтарын салуды талап етпейтiн жағдайларда ғана жол берiледi. Олай болмаған жағдайда өнеркәсiп аймағын басқаларынан бөліп тұратын санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Өнеркәсiп аймағын, сондай-ақ қоныстану аумағына орналасқан өндiрiс объектілерінiң аумақтарын абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
54-бап. Елдi мекеннiң ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтары
1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегіндегі ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар ауыл шаруашылығын жүргiзуге арналады және елдi мекеннiң бекітілген бас жоспары мен құрылыс салу ережелерiне сәйкес олардың пайдалану түрлерiн өзгерткен кезге дейiн пайдаланылуы мүмкiн.
2. Егер ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтардың орналасуы және оның жұмыс iстеуi халыққа не қоршаған ортаға қолайсыз әсер етуi мүмкiн болса, санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтарды күтiп ұстау (ал қажет болған жағдайда жердi қайта өңдеу) жөніндегi мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жер пайдаланушыға жүктеледi.
55-бап. Арнаулы мақсаттағы аймақтар
1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiне зираттар, крематорийлер, өлген малды көметін ұралар, тұрмыстық қалдықтарды тастайтын жер, қоқыстарды (қалдықтарды) бастапқы өңдеу кәсiпорындары, тазалау құрылыстары, жұмыс iстеуi елдi мекеннiң басқа да аймақтарының жұмыс iстеуiмен сыйыспайтын өзге де объектiлер үшiн бөлiнетiн арнаулы мақсаттағы аймақтарды орналастыруға жол берiледi.
2. Аталған объектiлердi қоныстану аумағы мен рекреациялық аумақтан, елдi мекеннiң инфрақұрылым объектілерінен бөлiп тұратын санитариялық-қорғаныш аймақтарын салудың қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Арнаулы мақсаттағы аймақты күтiп ұстау жөніндегі мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кәсiпорынның меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) жүктеледi.
56-бап. Режимдiк аумақтар аймақтары
1. Ерекше режим белгiленетiн әскери және басқа объектiлердi орналастыру үшiн режимдiк аумақтардың арнаулы аймақтары, сондай-ақ елдi мекендерде немесе олардан тыс жерлерде ерекше реттелетiн өзге де аумақтар көзделуге тиiс.
2. Режимдiк аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртібін, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік нормативтерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
57-бап. Қала маңындағы аймақтар
1. Қала маңындағы аймақтар қала шекарасына (шегiне) жанасып жатқан, осы қаланың аумағын, қала маңындағы аймаққа кiретiн басқа да елдi мекендердi дамытуға, сондай-ақ санитариялық-қорғаныш мiндеттерiн орындауға, халық демалатын орындарды, бағбандық және саяжай серiктестiктерiн орналастыруға арналған жерлердi қамтиды.
2. Қала маңындағы аймақтардың шекарасын белгiлеу осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес бекітілген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде жүзеге асырылады.
58-бап. Санитариялық-қорғаныш аймағы
1. Өндірiстiк, коммуналдық және қойма объектілерін, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы объектiлердi орналастыру және олардың жұмыс iстеуi халыққа қатер төндiруi және (немесе) қоршаған ортаға зиянды әсер етуi мүмкiн болған жағдайда, тиiстi санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс. Санитариялық-қорғаныш аймағының параметрлерi мен оған қойылатын талаптар оның нақты мақсаттарына қарай мемлекеттік нормативтермен белгiленедi.
2. Санитариялық-қорғаныш аймағында оның параметрлерi мен кiмге тиесiлi екендiгiне қарамастан, тұрғын үйлердi, білім беру ұйымдарын, денсаулық сақтау және демалыс мекемелерiн, спорт-сауықтыру құрылыстарын орналастыруға бау-бақшаға арналған жер учаскелерiн орналастыруды қоса алғанда, ауыл шаруашылық өнімдерiн өндіруге жол берiлмейдi.
3. Санитариялық-қорғаныш аймағын күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер ол арналған объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
59-бап. Резервтегi аумақтар
1. Резервтегi аумақтар елдi мекендердi дамытуға немесе қонысаралық аумақтарды игеруге (жайғастыруға) арналған қала құрылысының ресурстары болып табылады.
2. Резервтiк аумақтар (қала құрылысы ресурстары) аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мен елдi мекендердiң және олардың функционалдық аймақтарының бас жоспарлары құрамында белгiленедi және бекітіледi.
3. Елдi мекеннiң қала құрылысы ресурстарында белгiленген аумақтары олардың мақсатына сәйкес елдi мекендер мен олардың бөліктерiнiң дамуына қарай ғана резервке алынуға және пайдаланылуға тиiс.
4. Резервтегi аумақтар, егер мұндай пайдаланудың әдiсi мен режимi елдi мекендi немесе оның бөлiгiн жоспарланған перспективалы дамытуға кедергi жасамайтын болса, бекітілген қала құрылысы құжаттамасында көзделмеген мақсаттарға пайдаланылуы мүмкiн.
5. Қала құрылысының ерекше реттелетiн аймақтары шекараларындағы резервтегi аумақтарды пайдалану аталған аймақтар үшiн белгiленген режимге сәйкес жүзеге асырылады.
6. Резервтегi аумақтарды уақытша пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
9-тарау. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс
құжаттамасы
60-бап. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы
1. Объектiлердiң және олардың кешендерiнiң құрылысы (реконструкциялау, қалпына келтiру, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу), сондай-ақ коммуникацияларды төсеу, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары бойынша жүзеге асырылады.
Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не оңайландырылған нобайлық жобалар бойынша құрылыс салуға жол берiледi.
2. Жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарымен келісім бойынша тапсырысшы (меншiк иесi) жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша:
1) сейсмикалық қауiптілігi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аймақтарда құрылыс салуды қоспағанда, жеке тұрғын үйлер салуды;
2) өз билiгіндегі үй жанындағы учаскелерде немесе бау-бақша серiктестiктерiнiң учаскелерiнде уақытша құрылыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар тұрғызуды;
3) қосымша жер учаскесiн (аумақ телiмдерiн) бөліп берудi талап етпейтiн, тiреу конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен коммуникацияларды қандай да болсын өзгертуге байланысы жоқ, сәулеттiк-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаларды нашарлатпайтын, пайдалану кезiнде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн тұрғын ғимараттардағы (үйлердегi) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
4) азаматтардың жеке пайдалануына арналған, техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстарды өзгертудi жүзеге асыра алады.
Осы баптың 3) және 4) тармақшаларында аталған үй-жайларды немесе құрылыстарды техникалық жағынан күрделi емес өзгерістер тобына жатқызу туралы шешiмдi жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтерi) қабылдайды.
Өз үйiнiң жанындағы учаскелерде, бау-бақша серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiнде бар құрылыстарға шаруашылық-тұрмыстық қосымша құрылыстар тұрғызу, оларды абаттандыру, сондай-ақ сол учаскелерде контейнермен және блокпен орындалатын ықшам кешендердi монтаждау, егер аталған объектiлер басқа тұлғалардың немесе мемлекеттің мүдделерiне қатысы болмаса, жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарымен келiспей-ақ жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Жобалаудың сатылылығы сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiтетiн нормативтiк талаптарға сәйкес құрылысқа арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу тапсырмасымен белгiленедi.
4. Алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу мен келiсу тәртібі, оның мiндеттi құрамы мен мазмұны сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiткен мемлекеттік нормативтермен белгiленедi.
5. Бекіту тәртібі, сондай-ақ бекітілген алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына өзгерістер енгізу осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
6. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын iске асыру кезiнде мердiгерлiк жұмыстарды жүргiзудiң ережесi мен тәртібі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiне сәйкес белгiленедi.
7. Әзiрлеу аяқталғаннан кейiнгi үш және одан да көп жыл iшiнде құрылыс басталмаған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы ескiрген деп саналады және жаңа сараптама өткізiлiп, заңдарда белгiленген тәртiппен қайта бекітілгеннен кейiн ғана iске асыру үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
8. Алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын ұлттық мұрағат қорының құрамына енгізу, аталған құжаттарға меншік иесі құқығына, сондай-ақ пайдалану және оларды пайдалануды шектеу құқығына кепілдік Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
9. Қазақстан Республикасының аумағындағы жерлердi және (немесе) құрылысты игеру үшін шетелдік заңды тұлғалар немесе жекелеген мамандар орындаған алдын ала жобалау және (немесе) жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, осы заңда, мемлекеттік нормативтерде және жобалау тапсырмасында белгiленген алдын ала жобалау және жобалау жұмыстарының талаптарымен және сатылары бойынша, жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының құрамы мен көлемiнде әзiрленуге тиiс.
Тапсырысшының (инвестордың) шешiмi бойынша тапсырысшы (инвестор) мынадай мiндеттi жағдайлардың жиынтығын орындау:
1) мемлекеттік жобалар сараптамасымен расталуға тиiс, Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттік нормативтiк құжаттарында белгiленген өрт және жарылыс қауiпсiздiгiнiң, конструкциялар берiктiгiнiң, объектiнiң жұмыс iстеу тұрақтылығының және еңбек қорғаудың нормаларын сақтау;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына және мемлекеттік нормативтiк құжаттарға сәйкес тауар жеткiзiп берушiлердi (жұмыстарды орындаушылар мен қызмет көрсетушiлердi) оларға қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету кезiнде осы ережеден ауытқуға жол берiледi.
61-бап. Қала құрылысы жобалары
1. Қазақстан Республикасының аумағына және жекелеген аймақтарға өндiргiш күштердi жайластыру мен орналастыруды кеңiстiкте ұйымдастыру, қонысаралық аумақтарды игеру мен жайғастыру, елдi мекендердiң, аумақтарын немесе елдi мекеннiң жекелеген бөлiктерiн дамыту мен оған құрылыс салуды, олар әсер ететiн аймақтарды қоса алғанда, жоспарлау қала құрылысы жобаларының негiзiнде кешендi түрде жүзеге асырылады.