Кәсiптiк орта білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгі ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 наурыздағы № 208 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 Қаулысымен күші жойылды
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Кәсiптiк орта білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінiң
2005 жылғы 4 наурыздағы
№ 208 қаулысымен
бекітілген
Кәсiптiк орта білімнiң білім беру бағдарламаларын іске асыратын білiм беру ұйымдары қызметiнің
үлгі ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Кәсіптік орта білімнің бiлім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнің үлгі ережесі (бұдан әрi - Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес меншiк нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, кәсiптiк орта білімнiң білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң тәртібін айқындайды.
2. Кәсiптiк орта білім кәсiптiк орта білім беру ұйымдарында (колледждерде, училищелерде) негізгі жалпы, жалпы орта және кәсіптік бастауыш білім беру базасында конкурстық негізде алынады және кәсiптiк орта білiмi бар мамандарды даярлауға бағытталған.
3. Кәсiптiк орта бiлім беру ұйымдары алдында мынадай міндеттер тұр:
1) ұлттық және жалпы адами құндылықтар, ғылым мен практика жетiстiктерi негiзiнде жеке тұлғаның қалыптасуына, дамуына және кәсiби танылуына бағытталған қажеттi жағдайлар жасау жолымен кәсіптік орта білімнің кәсiптiк білім беру бағдарламаларын iске асыру;
2) нақты мамандық пен кәсiп бойынша қажеттi теориялық білімi мен практикалық дағдылары бар кәсiптiк орта білімді біліктi мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және олардың біліктiлігін арттыру;
3) еңбек нарығы мен жұмыс берушілер талаптарын ескере отырып, біліктi мамандарды даярлаудың сапасын тұрақты түрде жетілдiру;
4) оқытудың жаңа технологияларын енгізу, кәсiптiк орта білім беру ұйымдарының қызметін ақпараттандыру.
4. Кәсіптік орта білім беру ұйымдары:
1) мемлекеттік;
2) жеке меншік болуы мүмкін.
5. Кәсiптiк орта білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiне, сондай-ақ осы Ережеге және оның негізінде әзiрленген жарғыға сәйкес жүзеге асырады.
2. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру
6 . Кәсiптiк орта білiм беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен оқу-тәрбие процесiн, ғылыми-педагогикалық қызметтi дербес ұйымдастырады.
Кәсiптік орта, қосымша кәсiптiк білім берудiң әртүрлi білім беру бағдарламаларын iске асырады, олардың мазмұны мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға мiндеттi білiм беру стандарттарымен регламенттеледi.
7. Нақты мамандық бойынша білім беру бағдарламаларының мазмұны, оларды игеру мерзiмдерi мемлекеттік жалпыға мiндеттi білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес ұйымдар әзiрлейтiн жұмыс оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен айқындалады.
8. Ұқсас мамандықтар бойынша жалпы орта білімi, кәсiптiк бастауыш білімi бар азаматтардың қысқартылған, жеделдетiлген бағдарламалар бойынша кәсiптiк орта білім алуына болады.
9. Тиiстi лицензиясы болған жағдайда кәсiптiк орта білім беру ұйымдарында жалпы орта және кәсiптiк бастауыш білім беру бағдарламалары iске асырылуы мүмкiн.
10. Кәсiптiк орта білім беру ұйымдарында оқыту мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкiн: күндiзгі, сырттай, кешкi оқыту, қашықтықтан оқыту және экстернат.
11. Кәсiптiк орта білім беру ұйымында қабылдау тәртібі білiм беру саласындағы орталық атқарушы орган бекiтетiн кәсiптiк орта оқу орындарына қабылдаудың Yлгі ережесіне сәйкес белгiленедi.
12. Кәсiптiк орта білім беру ұйымында азаматтарды қабылдау кезiнде ұйым оны және (немесе) оның ата-анасын немесе өзге заңды өкiлдерiн ұйымның жарғысымен, білім беру қызметiн жүргізу құқығына берiлген лицензиямен және қабылдау тәртібі мен оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыруды регламенттейтiн басқа да құжаттармен таныстыруға мiндеттi.
13. Кәсiптiк орта білім беру ұйымдарында білiм алушыларды ауыстыру және оқуға қайта алу білім беру саласындағы орталық атқарушы орган бекiтетiн тәртiппен жүзеге асырылады.
14. Білім алушылар кәсiптік орта білiм беру ұйымдары оқушыларының құрамынан:
1) өз еркiмен;
2) дәрiгерлiк-консультациялық комиссияның (бұдан әрi - ДКК) қорытынды анықтамасы негізiнде денсаулық жағдайына байланысты;
3) басқа білiм беру ұйымына ауысуына байланысты;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де жағдайларда да шығарылуы мүмкiн.
15. Кәсiптiк орта білiм беру ұйымдарының білім алушыларының үлгерiмiн ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттау білім беру саласындағы орталық атқарушы орган бекiтетiн тәртiппен жүзеге асырылады.
16. Оқытудың күндiзгi нысаны бойынша білім алушыларға академиялық демалыстар беру білім беру саласындағы орталық атқарушы орган бекiтетiн тәртiппен жүзеге асырылады.
17. Кәсiптiк орта білім беру ұйымдарында оқу сабақтарының мынадай түрлерi белгіленедi: сабақ, лекция, семинар, практикалық сабақ, зертханалық жұмыс, бақылау жұмысы, өз бетінше жұмыс, консультация, практика, курстық және дипломдық жобалау (курстық және дипломдық жұмыс). Аудиториялық сабақтардың барлық түрлерiне ұзақтығы 45 минут белгiленедi, қажет болған жағдайда 2 сабақтан кейiн 5 және 10 минуттық үзiлiспен қосарланған сабақтар өткізуге болады.
Оқу сабақтарының әралуан түрлерiн өткізу мерзiмдерi оқу процесi кестесiне сәйкес белгiленедi.
18. Білім алушылармен оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткізу үшiн ұйымдарда оқу топтары құрылады.
Санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес топтардың толықтырылуын Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы айқындайды.
Оқу-өндiрiстiк шеберханаларда, оқу полигондарында, оқу шаруашылықтарында зертханалық жұмыстарды, практикалық және семинар оның iшiнде дене тәрбиесi сабақтарын және тiзбесi оқу жоспарына сәйкес белгiленетiн кәсiби оқытудың жекелеген пәндерi бойынша сабақтарды өткізу кезiнде оқу топтары кiшi топтарға бөлiнуi мүмкiн.
Мамандықтардың бейiнi ерекшелiгiн ескере отырып, сабақтар жекелеген оқушылармен де жеке сабақтар түрiнде өткiзiлуi мүмкiн.
19. Кәсiптiк практиканың түрлерi, мерзiмдерi мен мазмұны мемлекеттік жалпыға мiндеттi білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес жұмыс оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен айқындалады.
20. Мамандықтың бейiнi бойынша кәсiптiк практика (технологиялық және диплом алдындағы) кәсiптiк орта білім беру ұйымдары мен кәсiпорындардың (мекемелердiң) арасында жасалған шарттар негiзiнде ұйымдарда (кәсiпорындарда мекемелерде) өткiзiледi.
Кәсiптiк практиканы ұйымдастыру мен өткізу тәртібі үлгi оқу жоспарлары мен бағдарламалары негiзiнде әзiрленетiн жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
21. Кәсiптiк орта білім беру ұйымдарында тiлдер бойынша оқыту Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
22. Білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеудiң сапасын, оқытушылардың педагогикалық шеберлігін арттыру және әдiстемелiк жұмысты жетiлдiру мақсатында кәсiптiк орта білім беру ұйымдарында педагогикалық, оқу-әдiстемелiк, қамқоршылық кеңестер құрылады.
3. Кәсiптiк орта білім беру ұйымдарының құрылымдық
бөлiмшелерiнiң қызметiн ұйымдастыру
23. Кәсiптiк орта білім беру ұйымдарда оқу-тәрбие процесiн сапалы ұйымдастыруды қамтамасыз ету мақсатында филиалдар, мамандықтар топтары бойынша бөлiмшелер, кадрлардың біліктiлiгiн арттыру және қайта даярлау бөлiмшелерi, даярлық курстары, оқу-өндiрiстiк шеберханалар, оқу-консультациялық пункттер, оқу шаруашылықтары, оқу полигондары және басқа да құрылымдық бөлiмшелер құрылуы мүмкiн.
24. Оқу шеберханаларындағы білiктi өндiрiстiк жұмыстардың тiзбесiн, мазмұнын және оларды орындау жөніндегі талаптарды олар үшiн мамандар даярлау жүзеге асырылатын кәсiпорын мен мекеме өкiлiнiң келісімi бойынша тiкелей кәсiптiк орта білім беру ұйымы анықтайды.
25. Оқу шеберханасындағы практикалық сабақтарды ұйымдастыруды өндiрiстiк оқыту шеберi жүзеге асырады.
4. Кәсiптiк орта білім беру ұйымын басқару
26. Кәсiптiк орта білім беру ұйымын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына осы Ережеге және ұйымның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
27. Кәсiптiк орта білім беру ұйымын тiкелей басқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құрылтайшы тағайындайтын басшы жүзеге асырады.
28. Кәсiптiк орта білiм беру ұйымдары әртүрлi оқу-әдiстемелiк бiрлестiктердiң жұмысына қатыса алады.