39-тарау. Қазақстан Республикасы Yкіметінiң қарыз
қаражаты есебiнен инвестициялық жобаларды iске асыру
335. Халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдардың немесе басқа донорлардың (бұдан әрi - донорлар) Қазақстан Республикасының Үкіметіне берген қарыз шарттары шеңберiндегі қарыз қаражатын ойдағыдай пайдалану мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкiмшілерінің жанынан белгiленген штат саны шегінде жобаны жүзеге асыруға жауапты құрылымдық бөлiмше құрылады.
336. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерi:
1) жоба құрауыштары, оның iшiнде республикалық бюджет қаражаты бойынша қарыз шарттарының барлық қолданылу кезеңiнде әр жыл бойынша қаржыландыру жұмыстарының тiзбесiн, мерзiмiн және көлемiн қамтитын инвестициялық жобаны iске асыру кестесiн әзiрлейдi;
2) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезiнде инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемiн белгiленген тәртiппен жоспарлайды;
3) қарыз шартында көзделген рәсiмдерге сәйкес тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алу арқылы инвестициялық жобаларды iске асыруды жүзеге асырады;
4) донормен келісілген тендерлiк комиссияның шешiмi негiзiнде тауарларды жұмыстарды және қызметтердi сатып алуға келісім-шарт жасасады;
5) жасасқан келісім-шарт, сондай-ақ сыртқы қарыз қаражатын және қазақстандық тараптың бірлесiп қаржыландырған қаражатын мақсатты пайдалану мониторингiн қамтамасыз етедi;
6) жыл сайын ағымдағы жылдың жиырмасыншы желтоқсанында алдағы қаржы жылына арналған сатып алудың егжей-тегжейлi жоспарын бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
337. Қазақстан Республикасы Yкіметінің атынан қарыз алушы ретiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган:
1) конкурстық комиссияның отырыстарына қатысу арқылы тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алуды жүргізу кезiнде донорлардың рәсiмдер мен ережелердiң сақталуына бақылауды, сондай-ақ үкiметтік сыртқы қарыздар қаражатының және қазақстандық тараптың бірлесiп қаржыландыру қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
2) егер, қарыз шартында немесе банк-қарыз алушы жекелеген тәртiппен реттелетiн инвестициялық жобаларды қаржыландыру схемасында көзделген осындай жағдайда жобаны iске асыруға қатысу үшiн қазақстандық екiншi деңгейдегi банктердi немесе басқа ұйымдарды iрiктеудi жүзеге асырады;
3) Банктердiң/Агенттердiң келісімi бойынша үкiметтiк сыртқы қарыздардың қаражатын және Қазақстан Республикасы Үкiметінiң бірлесiп қаржыландыру қаражатын республикалық бюджетке қайтару туралы түпкілiкті қарыз алушымен кредиттік шарт әзiрлейдi және қол қояды;
4) Жобаны iске асыру мониторингiн жүзеге асырады;
5) Үкiметтік сыртқы қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландырылатын, гранттарға және республикалық бюджеттен бірлесiп қаржыландыру қаражатына байланысты инвестициялық жобаларды басқару мәселелерi бойынша жергіліктi консультанттар лауазымдарының тiзілiмiн және лауазымдық коэффициенттер кестесiн бекiтедi.
40-тарау. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi
сатып алу бойынша конкурстар өткізу
338. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алу бойынша конкурстар өткізу кезiнде:
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерi:
1) бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкілеттi органмен және донормен сатып алынатын тауарлардың, консультанттар үшiн техникалық тапсырмалардың, сондай-ақ мердiгерлер үшiн техникалық құжаттамалардың техникалық ерекшелiктерiн әзiрлейдi және келiседi;
2) конкурсқа қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын бағалау үшiн конкурстық комиссия құрады. Төрағаны және бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкілеттi органның бір өкiлiн қоса алғанда конкурстық комиссияның жалпы саны тақ санды құрауы және кемi үш адам болуы тиiс;
3) донордың рәсiмдерiн және тәртібін басшылыққа алады;
4) бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алу бойынша конкурстардың нәтижелерiн, келісім-шарттардың жобаларын, сондай-ақ оларға енгізiлген кез келген өзгерістердi және/немесе толықтыруларды келiседi;
5) инвестициялық жоба шеңберiнде жасалған келісім-шарттардың атқарылуын бақылайды.
Бюджетті атқару жөнiндегі орталық уәкілеттi орган:
1) сатып алынатын тауарлардың, консультанттар үшiн техникалық тапсырмалардың, сондай-ақ мердiгерлер үшін техникалық құжаттамалардың техникалық ерекшелiктерiн келiседi;
2) конкурстық комиссияның құрамына енгізу үшiн өзiнiң өкiлiн жiбередi;
3) тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алу бойынша конкурстардың нәтижелерiн, келісім-шарттардың жобаларын, сондай-ақ оларға енгізілген кез келген өзгерістердi және/немесе толықтырулармен келiседi.
339. Конкурсқа қатысушылардың білiктiлiктерiне, сатып алынатын тауарлардың, мердiгерлер үшiн конкурстық құжаттамалардың, сондай-ақ атқарушы агенттердiң консультанттары үшiн техникалық тапсырмалардың техникалық ерекшелiктерiне қойылатын талаптарды әзiрлеу кезiнде бюджеттi атқару жөнiндегі орталық уәкiлетті орган мен донордың алдын ала келісімi бойынша отандық компаниялардың қатысу мүмкiндiктерi ескерiлуi тиiс.
340. Белгiленетiн біліктiлiк талаптарының дәрежесi келісім-шарттардың уақытылы және сапалы атқарылуына ешқандай қауiп тудырмауы тиiс, өз кезегінде қазақстандық компаниялардың конкурсқа қатыспай қалуына себеп болуы мүмкiн негiзсiз жоғары талаптардың орын алуын жою қажет.
341. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алу бойынша донордың ретіне қарай отандық мердiгерлерге, тауарларды өндiрушiлерге (берушілерге) және консультанттарға көзделген жеңiлдiктер орын алған жағдайда атқарушы агент конкурстық құжаттарда көзделген жеңiлдiктердi ескере отырып түскен конкурстық ұсыныстарды бағалау және салыстыру рәсiмдерi сипатталған тиісті бапты мiндетті түрде көздеуi тиiс.
342. Егер, халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, үкiметтiк сыртқы қарыз шеңберiнде қаржыландырылатын инвестициялық жобаны iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының бірлесiп қаржыландыру қаражатынан тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледi.
41-тарау. Мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды
алу және пайдалану тәртібі
343. Мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды алудың және пайдаланудың осы тәртібі (бұдан әрi - Тәртiп) мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың есебiнен қаржыландырылуға ұсынылатын инвестициялық жобаларды iрiктеу рәсiмiн (бұдан әрi - инвестициялық жобалар) және мемлекеттік емес қарыздар бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік кепiлдiктер беру рәсiмдерiн (бұдан әрi - мемлекеттік кепiлдiктер) анықтайды.
344. Осы Тәртiпте пайдаланылатын ұғымдар:
банк-кепiлшi - Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерi немесе шетел банктерi.
Кепiлдiк берген Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкiн екiншi деңгейдегi банктердiң атаулары жазылған, банктiк кепiлдiктердi беруге қолданыстағы лицензиясы бар, ақшалай нысанда атқаруды көздейтiн бюджеттi атқару жөніндегі уәкілетті орган қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілеттi мемлекет орган ұсынған тiзбемен бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган анықтайды.
бизнес-жоспар - қарыз бойынша алдағы төлемдер туралы кестенi және кiрiс көздерiнiң түрлерiн қамтитын, алдағы қаржы жылында қарыз алушы әзiрлейтін құжат;
банк кепiлдiгi - қарыз шарты бойынша тиесілi соманы қарыз алушының белгіленген мерзiмде төлемеген жағдайда мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша берешектердi өтеуде бюджетті атқару жөніндегі уәкілеттi органның алдындағы банктің мiндеттемесi;
қарыз алушы - мемлекет кепiлдiк берген қарыз алған заңды тұлға мемлекет кепілдiк берген қарыз бойынша алдағы төлемдердi қамтамасыз ету жүйесi - бюджетті атқару жөніндегі уәкiлетті органның келісімi бойынша қарыз алушының шартты салымының арнайы шотын ашуы, сондай-ақ қарыз алушы тиесiлi соманы белгiленген мерзiмде төлемеген жағдайда мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша берешектердi өтеу туралы бюджетті атқару жөніндегі уәкiлетті органның алдында қарыз алушыға кепiлдiк беруi;
шартты салымның арнайы шоты (қызмет көрсету шоты) - Қазақстан Даму Банкiнде ашылған және мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша тек алдағы төлемдердi өтеудi қамтамасыз етуге ғана арналған шартты салымның арнайы шотындағы ақшаның бөлiгiн кезең-кезеңде төлеу арқылы қарыз алушының мiндеттi түрде жинақтаған қоры.
Шартты салымның шотындағы (қызмет көрсету шоты) қаражат негізгі борыштың алдағы төлемдердiң, есептелген пайыздардың (сыйақының), сондай-ақ қарыз туралы шартқа (келісімге) сәйкес өзге де төлемдердiң жүз пайызы мөлшерiнде алдағы төлемдер күнiне дейiн жиырма күн қалғанда белгіленедi;
мемлекеттік кепiлдiктердi беру туралы келісім - бюджетті атқару жөніндегі уәкілеттi органның Қазақстан Даму Банкiмен және мемлекеттік кепiлдiктер бойынша мiндеттемелердi атқармаған жағдайда республикалық бюджеттен алынған қаражатты қайтару жөнiнде мемлекеттік кепiлдiк берiлген қарыз шартына сай мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз ететін, мемлекеттік кепілдiктердi беру туралы тараптардың құқықтық қатынастарын белгілейтін мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша қарыз алушымен арасындағы келісім.
345. Мемлекеттік кепiлдiктер беру процесi мынадай негізгi кезеңдердi бiлдiретiн:
1) инвестициялық жобаларды iрiктеудiң;
2) басым бюджеттік инвестициялық жобалар тiзбесiн ресiмдеудiң, қараудың және бекітудiң;
3) мемлекеттік кепiлдiктердi берудiң iс-шаралар кешенiн қамтиды.
346. Мемлекеттік (үкiметтік, тәуелсiз) (бұдан әрi - мемлекеттік кепiлдiктер) кепiлдiктер беру процесiнiң негiзгi қатысушылары қарыз алушылар, салалық уәкілеттi органдар, экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілеттi орган, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасының әділет, қоршаған ортаны қорғау, еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiктерi, республикалық бюджеттік комиссия, "Қазақстан Даму Банкi" (бұдан әрi - Қазақстан Даму Банкi) болып табылады.
347. Қарыз алушылар:
1) техникалық-экономикалық негіздеменi (бұдан әрi - ТЭН) және инвестициялық жобалардың бизнес-жоспарын даярлауды жүзеге асырады;
2) осы Тәртiпке және мемлекеттік кепiлдiктер беру процесiнiң қатысушыларының талаптарына сәйкес инвестициялық жобаларды қарау үшiн талап етiлетiн құжаттамаларды ұсынуды қамтамасыз етедi.
348. Салалық уәкілетті органдар:
1) инвестициялық жобаларға салалық сараптама жүргiзедi;
2) салалық сараптаманың нәтижелерi бойынша тиiстi қорытындыларды ұсынады.
349. Бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган:
1) инвестициялық жобалардың қаржылық сараптамасын жүзеге асырады;
2) мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздарды беру шарттары бойынша ықтимал инвесторлармен келiссөздер жүргiзедi;
3) мемлекеттік кепiлдiктер беру туралы келісім жасасады;
4) мемлекеттік кепілдiктер бередi.
350. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жоспарланған қызметтi iске асыруға, оларды iске асыру туралы шешiм қабылдау алдындағы кезеңдегi жоспарланған қызметтің экологиялық талаптарына сәйкестігін бағалауға байланысты ықтимал терiс салдарларын алдын алу мақсатында және өндiрiстік күштердi орналастыру және дамыту салдарынан экологиялық жағдайдың болжамданған өзгеруiн сараптамалық қамтамасыз ету инвестициялық жобаның мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүзеге асырады.
351. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі iшкi еңбек рыногын қорғау мақсатында инвестициялық жобалар келісім-шарттарының сараптамаларын жүзеге асырады.
352. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган:
1) инвестициялық жобаларды қарау процесіне ұйымдық жетекшілік жасауды қамтамасыз етедi;
2) инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын жүзеге асырады;
3) мемлекет кепiлдiк берген қарызды тарту үшін қарыз капиталының рыногын (iшкi және сыртқы) анықтайды;
4) жоспарланып отырған кезеңге мемлекеттік кепiлдiктер беру лимитi бойынша ұсыныстарды, инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қалыптастырады және республикалық бюджеттік комиссиясының қарауына енгізедi.
353. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі мемлекеттік кепiлдiктермен жасасатын қарыз шартының заңдық сараптамасын жүргізедi.
354. Қазақстан Даму Банкi:
1) банктiк сараптаманы жүзеге асырады;
2) инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлген инвестициялық жобаларға қызмет көрсету жөніндегі агенттің функциясын орындайды.
355. Республикалық бюджеттік комиссия:
1) жоспарланып отырған кезеңге мемлекеттік кепiлдiктер беру лимитiн анықтайды;
2) инвестициялық жобалардың тiзбесiн анықтайды;
3) жоспарланып отырған кезеңге мемлекеттік кепiлдiктер беру лимитi шегiнде әрбір инвестициялық жоба үшiн мемлекеттік кепілдiктердiң мөлшерiн анықтайды.
356. Мемлекеттік кепiлдiктер беру үстiнде өз құзыретінiң бөлiгiнде инвестициялық жобаларды бағалауды (сараптаманы) жүргiзу үшiн заңға сәйкес уәкілеттi басқа мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар қатысады
42-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік
кепiлдiктерiмен мемлекеттік емес қарыз қаражаттарының есебiнен қаржыландыру үшiн инвестициялық жобаларды iрiктеу
357. Мемлекеттік кепiлдiктер алуға үмiткер заңды тұлғалар мынадай құжаттарды:
ТЭН-нi;
салалық сараптаманың, Қазақстан Даму Банкінің банктік сараптамасын және заңға сәйкес қажетті басқа да оң қорытындыларды қоса берiп, тиiсті жылдың 1-наурызынан кешіктiрiлмейтiн мерзiмде экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлетті органға өтінімдi ұсынады.
358. Толық емес құрамдағы құжаттармен ұсынылған өтiнiмдердi жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қарамайды.
Жоғарыда көрсетілген мерзiмнен кейiн ұсынылған өтiнiмдер тиiстi жылға мемлекеттік кепілдiктер беру тұрғысынан қаралмайды.
359. Өтінiм ұсынылғаннан кейiн осы Ереженiң 357-тармағына сәйкес экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілеттi орган инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын ұйымдастырады және 2 ай iшiнде экономикалық сараптаманың қорытындысын әзiрлейдi.
360. Инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасы - жоба TЭH әзiрлеу шеңберiнде, осы Ережеде көзделген сараптамалар бойынша жасалған негiзде жүргізiлген инвестициялық жобаға экономикалық талдаудың кешендi бағалау, ол мыналарды:
басым мемлекеттік инвестициялардың жоба мақсаттарына сәйкестігiн бағалауды;
экономикалық талдауды бағалауды;
инвестициялық жобалар iске асырылған жағдайда республикалық және жергiлiктi бюджеттерге салықтық түсiмдер тасқынын талдауды қамтиды.
361. Осы тарауда көрсетілген сараптаманы жүргiзу үшiн қажетті құжаттардың тiзбесiн тиiстi мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар анықтайды.
362. Осы тараудың 357-тармағында көрсетiлген сараптамаға оң қорытындының бары-жоғы мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылған инвестициялық жобалардың тiзбесiне инвестициялық жобаларды енгізу үшiн мiндетті шарт болып табылады.
43-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік
кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты
есебiнен қаржыландыруға арналған инвестициялық жобаларды
қалыптастыру, қарау және тiзбесiн бекіту
363. Республикалық бюджеттік комиссия жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1-мамырына дейiнгi мерзiмде үш жылдық кезеңге жоспарланатын мемлекеттік кепiлдiктердi беру лимитiн анықтайды.
364. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлетті орган тиiстi жылдың 20-шiлдесiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасының қорытындысы негізiнде жобалар бойынша экономикалық сараптаманың қорытындысын қоса берiп мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қалыптастырады және республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізедi.
365. Республикалық бюджеттік комиссия экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның ұсынған инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қарау кезiнде тиiстi жылға арналған мемлекеттік кепiлдiктердi беру лимитiне енетiн, бір жылға арналған инвестициялық жобалардың тiзбесiн анықтайды.
366. Республикалық бюджет жобасын қалыптастыру барысында экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі уәкiлетті органмен бірлесе отырып, республикалық бюджеттік комиссияның шешiмi бойынша инвестициялық жобалардың тiзбесiн пысықтайды және әрбір инвестициялық жоба бойынша мемлекеттік кепiлдiктердiң сомасын қайта қарайды.
367. Республикалық бюджеттік комиссияның қарау нәтижелерi бойынша мемлекеттік кепілдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражат есебiнен қаржыландыруға ұсынылған инвестициялық жобалардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкіметі жеке шешiммен бекiтедi және жариялауға жатады.
44-тарау. Мемлекеттік емес қарыздар бойынша
мемлекеттік кепiлдiктер беру рәсiмi
368. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдігімен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық жобалардың тiзбесiн бекiткеннен кейiн және бюджеттi атқару жөніндегі уәкілетті органмен келiсілген қарыз шартының жобасы бар болған кезде бюджеттi атқару жөніндегі уәкілетті орган қарыз алушымен және Қазақстан Даму Банкiмен мемлекеттік кепiлдiктер беру туралы келісім жасасады.
369. Қарыз алушы ТЭН жобасын, салалық сараптаманың, экономикалық сараптаманың, Қазақстан Даму Банкінің банктiк сараптамасының және заңға сәйкес қажетті басқа да сараптамалардың оң қорытындыларын ұсынғаннан кейiн бюджетті атқару жөніндегі уәкiлетті орган инвестициялық жобаның сараптамасын жүргiзудi ұйымдастырады және екi ай iшiнде тиiстi қорытындыны әзiрлейдi.
370. Инвестициялық жобаның сараптамасы бойынша бюджетті атқару жөнiндегі уәкілетті органның қорытындысы мыналарды:
мемлекеттік кепiлдiктермен берiлген мемлекеттік емес қарыздардың қаржылық шарттарын;
мемлекеттік кепiлдiктердi алғаны туралы өтінiм бiлдiргенге дейiн үш жылдан кем емес кезең iшiндегі қарыз алушының қаржылық жай-күйiн және заңды мәртебесiн;
қарыз алушы берген мемлекеттік кепiлдiктер бойынша қамтамасыз етілуiн;
қаржылық және техникалық тәуекелдi;
мемлекеттік кепiлдiктердi алуға үмiткер тұлғаларға қойылатын Бюджеттік кодекс талаптарына қарыз алушының сәйкестігін бағалауды қамтиды.
371. Мемлекеттік кепiлдiк кредит берушiге қарыз шарттарын, мемлекеттік кепiлдiктер беру туралы келісімдер жасасқаннан, сондай-ақ бюджеттi атқару жөніндегі уәкілетті органның оң қорытындысы бар болып, қарыз алушының мемлекеттік кепiлдiктердi бергенi үшін біржолғы төлемдi (алымды) алдын ала төлегенiнен кейiн беріледi.
372. Мемлекеттік кепiлдiктердi ұсыну туралы келісім мыналарды:
1) қарыз алушыға қойылатын талаптарды:
а) қарыз бойынша ағымдағы мiндеттемелердi қамтамасыз ету үшiн қажеттi алдағы төлемдер мөлшерiнде шартты салымның (қызмет көрсету шотының) арнайы шотында ақша сомасын жинауды жүргiзудi;
ә) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган мен Қазақстан Даму Банкiне банктiк шоттардағы, оның iшiнде ҚР ҰБ және екiншi деңгейдегi банктердегi мәлiметтердi заңда белгiленген тәртiппен ұсынуды;
б) қарыз толық өтелгенге дейінгі сенім бiлдiрiлген өкілге жыл сайынғы бизнес-жоспарды ұсынуды;
в) қаржылық есептіліктiң үлгілік нысанын (бухгалтерлiк балансты, қаржы-шаруашылық қызметтiң нәтижелерi туралы есепте) және қаржылық жай-күйiн анықтайтын басқа да қажетті құжаттарды Қазақстан Даму Банкiне ай сайын ұсынуды;
2) шартты салымның арнайы шотындағы қаражаттың есебiн жүзеге асыруды бюджетті атқару жөніндегі уәкілеттi органнан талап етуге, сондай-ақ акт жасай отырып ұсынылатын құжаттамаларға кезең-кезеңде салыстыру жүргізудi;
3) жүзеге асыру бойынша Қазақстан Даму Банкіне қойылатын талаптарды:
а) қарыз алушының қаржы-экономикалық жай-күйiн талдауды және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға тиiстi талдау нәтижелерi туралы ақпаратты ұсынуды;
ә) шартты салымның арнайы шотында ақшаның кезең-кезеңде жиналуын;
4) қарыз алушымен және сенім бiлдiрілгенмен бірлесе отырып бюджеттi атқару жөніндегі уәкілеттi орган анықтаған шартты салымның арнайы шотына ақша аударудың нормасы мен кезеңділігін (кестесiн) қамтиды.
Ақшаны қарыз алушы шартты салымның арнайы шотына салықтар мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлегеннен кейiн келісімге сай тиiсті соманы тұрақты аудару арқылы аударады.
Жинау мерзiмi мен шартты салымның арнайы шотының (қызмет көрсету шотының) қаражатын қалпына келтiру мерзiмiн бұзған жағдайда қарыз алушы әрбір жолсыздық жағдайы үшін алдағы төлемдер сомасынан мерзiмi өткен әрбір күн үшін нөл бүтін оннан бір пайыз мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
373. Мемлекеттік кепiлдiктер алуға үмiткер тұлға Қазақстан Республикасының заңдарында анықталған талаптарға сәйкес болуы тиiс.
374. Мемлекеттік кепiлдiктер әрбір инвестициялық жоба бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысы негiзiнде беріледi.
375. Кепілдiк мiндеттемелер нысанында берiлген мемлекеттік кепiлдiктер бір данада мемлекеттік кепiлдiктердiң арнайы бланкасында ресiмделедi.
Мемлекеттік кепiлдiктердiң бланкасы қатаң есептілік бланкасы болып табылады.
376. Кепiлдiктер туралы шарттар нысанындағы мемлекеттік кепiлдiктер екi данада ресiмделедi.
377. Банктік кепiлдiктердi ұсыну мерзiмi мен шарттарын мемлекеттік кепiлдiктермен берiлген мемлекеттік емес қарыздардың шарттарына байланысты бюджеттi атқару жөнiндегі уәкілетті орган белгiлейдi.
378. Банктік кепiлдiң нысаны мен мазмұнын бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлетті органның келісімi бойынша банк-кепіл анықтайды.
379. Бюджеттi атқару жөніндегі уәкілетті орган кредит берушiнің келісімi бойынша мемлекеттік кепiлдiктердiң мазмұны мен нысанын анықтайды.
380. Мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша жарғылық қорына мемлекеттің қатысуы бар қарыз алушының мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мәселелер Қазақстан Республикасының бюджет заңдарымен реттеледi.
381. Кредит берушiнiң талабы бойынша Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі Қазақстан Республикасының кепiлдiктермен жасасқан қарыз шартының заңды қорытындысын (Legal opi№io№) ұсынады.
45-тарау. Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы
органдарымен қарыз алу тәртібі
382. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар:
жергілiктi атқарушы орган - облыстардың, республикалық маңызды қалалардың, астананың, облыстық маңызды қалалардың, аудандық маңызды қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтардың жергілікті атқарушы органдары;
кредит берушi - Қазақстан Республикасының бюджет және азаматтық заңдарына сәйкес бюджеттік кредит берушi кредиттік шарттың тарабы.
383. Облыстардың, республикалық маңызды қалалардың, астананың жергілiкті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкіметінен қарыз алу түрiнде жүзеге асырылады, аудандардың (облыстық маңызды қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары қарыз алуды бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру мақсатында, сондай-ақ кассалық шығыстарды жабу үшiн облыстардың жергілiктi атқарушы органдарынан қарыз алу түрiнде жүзеге асырылады.
384. Жергілiкті атқарушы органдардың қарыз алуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мынадай:
1) тиiсті қаржы жылына арналған борыш лимитiнің шегiнде қарыз алуды шектеудi белгілеу;
2) қарыз алудың басым инвестициялық бағыттарын анықтау;
3) басым (республикалық немесе жергiлiктi) бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қалыптастыру негізiнде жүзеге асырылады.
385. Тиiстi қаржы жылына арналып бекітілген борыш лимитi шегiнде жергілiктi атқарушы органдар мыналарды:
бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру мақсатында бюджет тапшылығын;
тиiсті қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінiң арнайы резервiнiң шотынан кассалық алшақтықты жабуға қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының Үкiметінен қарыз қаражатын тартуды жүзеге асырады.
386. Жергілікті атқарушы органдардан қарыз алу тек қарыз шарты нысанында ғана жүзеге асырылады.
387. Бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органдардың борыш лимитiн және басым (республикалық немесе жергілікті) бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн ескере отырып жергiлiктi атқарушы органдардың жоспарланған бюджеттік тапшылығын, жоспарланып отырған жылға арналған жергілiктi атқарушы органдардың борыш лимитiн қаржыландырудың болжамдық есептемелерiн жүзеге асырады және бұл ұсыныстарды Жергiлiктi атқарушы органдардың бюджет жобаларын қалыптастыру жөніндегі бюджеттік комиссияға жiбередi.
388. Орта мерзiмдi жоспар негізiнде бюджеттік комиссия үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бюджеттік негізгі болжамдық көрсеткiштерiн анықтайды, сондай-ақ тиiстi қаржы жылының соңына арналған жергiлiктi атқарушы органдардың борыш лимитiн анықтайды.
389. Бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдардың борыш лимитiн ескере отырып басым (республикалық немесе жергілiктi) бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн ескере отырып жергiлiктi атқарушы органдардың жоспарланған бюджеттік тапшылығын қаржыландырудың болжамдық есептемелерiн жүзеге асырады және оларды қарау үшiн тиiсті Бюджеттік комиссияға жiбередi.
390. Бюджеттік комиссияның шешiмi және бекітілген жергiлiктi бюджеттер тапшылығының параметрлерiнiң негiзiнде бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілеттi орган қарыз алудың көлемi мен шарттарын, сондай-ақ тиiсті қаржы жылына арналып жергiлiктi бюджеттерде бекітілген борышты жабу мен қызмет көрсетудiң мөлшерiн анықтайды.
391. Ресiмделген қарыз шартына қол қою Бюджет Кодексiнiң 180-бабына сай қабылданған кредиттiк шешiмге сәйкес жүзеге асырылады.
392. Қол қойылған қарыз шарты жабу кестесiмен, сыйақыларды (мүдделердi) төлеумен және басқа да ұсыныстармен бірге бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілеттi органның тiркеуiне жатады. Бұл ретте, қарыз шарты тек ол тiркелгеннен кейiн ғана күшiне енедi.