Су объектiлерiн кеме жүзетiн су жолдары санатына жатқызу ережесін және кеме жүзуi үшiн ашық кеме жүретiн су жолдарының тізбесiн бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 қаңтардағы № 105 қаулысы
(2006.29.12. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 қазандағы № 870 Қаулысымен күші жойылды
«Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу қағидаларын және кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесiн және оларды пайдалану қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 2 маусымдағы № 19-2/510 бұйрығын қараңыз
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шiлдедегi Су кодексiнiң 105-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) Су объектiлерiн кеме жүзетiн су жолдары санатына жатқызу ережесi;
2) Кеме жүзуi үшiн ашық кеме жүретiн су жолдарының тiзбесi бекітілсiн.
2. «Су жолдарын кеме жүзетiн жолдар санатына жатқызу тәртібi туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 19 тамыздағы № 931 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2004 жылғы 29 қаңтардағы
№ 105 қаулысымен
бекітілген
Су объектiлерiн кеме жүзетiн су жолдары санатына жатқызу
Ережесі
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес әзiрлендi және су объектілерін кеме жүзетiн су жолдары санатына жатқызу тәртiбін белгiлейдi.
2. Олар бойынша жүк пен жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыру мүмкін болатын әрi орынды су объектiлерi кеме жүзетiн су жолдары санатына жатады.
3. Iшкi су жолдары навигация кезеңiнің белгiленген мерзiмiнде олардың тиесілілігі мен меншiк нысанына қарамастан кемелердiң iркіліссiз әрi қауiпсiз жүзуi үшiн кеме жүзуінің тиiстi габариттерін, кеме жүзетiн гидротехникалық құрылыстардың (шлюздердiң) жұмыс iстеуiн, су жолдарын пайдалану кезінде экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз етуi тиiс.
4. Су жолдары арқылы жүк пен жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыру мүмкiндiгін әрi орындылығын көлiк, коммуникация кешенiнде басшылық пен салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы (бұдан әрi - орталық атқарушы орган) айқындайды.
5. Орталық атқарушы орган су объектілерін кеме жүзетiн су жолдары санатына жатқызу және су объектілерін немесе олардың бiр бөлігін (шекарасын көрсетiп) кеме жүзуi үшiн ашық кеме жүзетiн су жолдарының тiзбесiне енгізу туралы ұсыныстар дайындайды және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына енгiзедi.
6. Ұсыныстар негiздемелердi қамтиды, оларда:
тасымалдау мен негiзгi жүк ағындарының көлемi;
тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымның атауы;
жол габариттерінің қысқаша сипаттамасы;
су жолдарын пайдаланудың ерекшелiктерi;
су жолдарына қызмет көрсету жөніндегi ұсыныстар;
су жолын ұстау шығындарының есептеулерi;
су объектiсінің схематикалық жоспары мен гидрологиялық сипаттамасы көрсетiлуi тиiс.
7. Су объектiлерiн кеме жүзетiн су жолдары санатына жатқызу жөніндегі ұсыныстар:
су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен;
қоршаған ортаны қорғау саласындығы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органымен;
халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келісіледi.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2004 жылғы 29 қаңтардағы
№ 105 қаулысымен
бекітілген
Кеме жүзуi үшiн ашық кеме жүзетiн су жолдарының
тізбесі
1. Қара Ертіс өзенi (Қытай Халық Республикасымен шекарадан бастап) Зайсан көлi - Ертіс өзенi Бұқтарма, Өскемен және Шульба су қоймаларымен бiрге (Ресей Федерациясымен шекараға дейiн).
2. Iле өзенi, Қапшағай су қоймасымен бiрге Қытай Халық Республикасымен шекарадан бастап Қапшағай СЭС бөгетiне дейiн.
3. Жайық-Каспий арнасы.
4. Балқаш көлi.
ҚР Үкіметінің 2006.29.12. № 1318 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Есіл өзенi, Петропавл су қоймасының бөгетiнен бастап Солтүстік Қазақстан облысының Приишимка кентіне дейiн.
6. Қиғаш өзенінің учаскесi (Волга өзенiнің саласы) Қазақстан Республикасының аумағы.
7. Жайық өзенiнің учаскесi, Ресей Федерациясынан бастап оның сағасына дейiн.
8. Сырдария өзенi, Қызылорда қаласы мен паром өткелдерiнің маңы.