Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі республикалық мемлекеттік қазыналық кәсiпорындарының жекелеген мәселелерi
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 13 шілдедегі № 772 қаулысы
(2013.05.08. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 24 мамырдағы № 286 Қаулысымен күші жойылды
Техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою әрi өнеркәсiптегi еңбек қауiпсiздiгi мәселелерi жөніндегі бiрыңғай ғылыми-зерттеу жүйесiн жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгiнiң «Қазақ мемлекеттік тау-кен өнеркәсiбіндегі жұмыстардың қауiпсiздiгi жөніндегі ғылыми-зерттеу институты», «Химия, мұнай-химиясы, мұнай өңдеу микробиология, химиялық-фармацевтикалық және тамақ өнеркәсiбi қауiпсiздiгiнiң проблемалары жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығы», «Түстi металлургия кәсiпорындарының техникалық қауiпсiздiгi жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы», «Қара металлургия кәсiпорындарының техникалық қауiпсiздiгi жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы», «Мұнай-газ өнеркәсiбіндегі, мұнай және газ бойынша геологиядағы техникалық қауiпсiздiк жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсiпорындары оларды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгiнiң «Өнеркәсiп қауiпсiздiгi проблемалары жөніндегі ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы» шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорнына (бұдан әрi - Кәсiпорын) қосу жолымен қайта ұйымдастырылсын.
2. Кәсiпорын қызметiнiң негiзгi мәнi қауiптi өнеркәсiп объектiлеріндегі өнеркәсiп қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөніндегі ғылым саласындағы өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру болып белгiленсiн.
3. Кәсiпорынды мемлекеттік басқару органы болып Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі белгiленсiн.
4. Қосымшаға сәйкес Кәсiпорынға еншiлес мемлекеттік кәсiпорындар құруға рұқсат берiлсiн.
5. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгi заңнамада белгіленген тәртiппен:
1) Кәсiпорынның жарғысын бекiтсiн және оның әдiлет органдарында мемлекеттік тiркелуiн қамтамасыз етсiн;
2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне мынадай өзгерістер мен толықтыру енгiзiлсiн:
1) ҚР Үкіметінің 2013.05.08. № 796 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара)
2) «Алматы қаласының аумағында орналасқан ұйымдар мен объектiлерге қатысты мемлекеттік меншiк түрлерi туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 1998 жылғы 9 қарашадағы № 1141 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., № 41, 371-құжат):
көрсетiлген қаулымен бекітілген мемлекеттік республикалық меншiкте қалатын ұйымдардың, сондай-ақ тұрғын емес қор объектiлерiнiң тiзбесiнде:
реттiк нөмiрi 26-жол мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгiнiң «Өнеркәсiп қауiпсiздiгi проблемалары жөніндегі ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсiпорны».
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2002 жылғы 13
шiлдедегi № 772 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі
агенттігінің «Өнеркәсiп қауiпсiздiгi проблемалары жөніндегі
ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсiпорны
еншiлес мемлекеттік кәсiпорындарының
ТIЗБЕСI
1. Қазақ мемлекеттік тау-кен өнеркәсiбіндегі жұмыстардың қауiпсiздiгi жөніндегі ғылыми-зерттеу институты Қарағанды қаласы
2. Химия, мұнай-химиясы, мұнай-газ өңдеу, микробиология, химиялық-фармацевтикалық және тамақ өнеркәсiбi қауiпсiздiгiнiң проблемалары жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығы Шымкент қаласы
3. Түсті металлургия кәсiпорындарының техникалық қауiпсiздiгi жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы Өскемен қаласы
4. ҚР Үкіметінің 2009.25.05. № 772 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Мұнай-газ өнеркәсiбіндегі, мұнай және газ бойынша геологиядағы техникалық қауiпсiздiк жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы Атырау қаласы