404-бап. Тауарларды және көлiк құралдарын жеткiзу орнына бермеу
Тауарларды және көлiк құралдарын жеткiзу орнына бермеу және олардың құжаттарын Қазақстан Республикасының кеден органына тапсырмау, -
жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 405-бап өзгертілді
405-бап. Тауарларды, көлiк құралдарын және олардың құжаттарын
Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз беру,
жоғалту немесе Қазақстан Республикасының кеден органына
жеткiзбеу
1. Кедендiк бақылауда тұрған тауарларды және көлiк құралдарын Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз беру, жоғалту немесе Қазақстан Республикасының кеден органы белгiлеген орынға жеткiзбеу, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарларды және көлiк құралдарын тәркiлей отырып, лицензияның (арнайы рұқсат немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының кеден органына тапсыруға қабылданған кедендiк бақылауда тұрған тауарлардың және көлiк құралдарының кедендiк немесе өзге де құжаттарын жоғалту немесе жеткiзбеу, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Тауарларды, көлiк құралдарын және олардың құжаттарын жеткiзудiң Қазақстан Республикасының кеден органы белгiлеген мерзiмiн сақтамау, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
406-бап. Көлiк құралын тоқтатпау
Мұндай тоқтатпау көлiк құралының техникалық ақаулығынан немесе алапат күштiң әсерiмен болған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өтетiн көлiк құралын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауар ретiнде өткiзiлетiн көлiк құралын Қазақстан Республикасының кеден органы белгiлеген орындарда тоқтатпау, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
407-бап. Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз көлiк
құралын жiберу
Кедендiк бақылауда тұрған көлiк құралын не Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауар ретiнде өткiзiлетiн көлiк құралын оның тұрған орнынан Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз жiберу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
408-бап. Кедендiк бақылауда тұрған кемеге және басқа жүзу құралдарына
жанасып тоқтау
Кедендiк бақылауда тұрған кемеге және басқа жүзу құралдарына Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз кемелердiң және өзге де жүзу құралдарының жанасып тоқтауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 409-бап өзгертілді
409-бап. Декларация толтырушының кедендiк ресiмдеудi жүргiзу тәртiбiн
бұзуы
Кедендiк ресiмдеудi жүргiзу тәртiбiн бұзу, яғни кедендiк ресiмдеудiң басталуы мен аяқталуы, орны, уақыты және оны өткiзу рәсiмi туралы кеден заңдарымен белгiленген талаптарды сақтамау не кедендiк ресiмдеудiң жеңiлдетiлген тәртiбiн қолдануға заңсыз талап қою, сол сияқты осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны қолдану шарттарын сақтамау, -
кеден делдалы ретiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензияның немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
410-бап. Кедендiк ресiмдеу аяқталмаған тауарлармен және көлiк
құралдарымен заңсыз операциялар жүргiзу, жай-күйiн өзгерту,
пайдалану және билiк ету
1. Осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден заңдарымен белгiленген талаптар мен шарттарды бұза отырып, кедендiк ресiмдеу аяқталмаған тауарлармен және көлiк құралдарымен операциялар жүргiзу, жай-күйiн өзгерту, пайдалану және билiк ету, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 411-бап өзгертілді
411-бап. Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз
жүргiзiлетiн жүк және өзге де операциялар
Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз кеден бақылауында тұрған тауарларды және көлiк құралдарын тасымалдау, тиеу, түсiру, қайта тиеу, зақымданған орамды жөндеу, буып-түю, қайта буып-түю немесе тасымалдауға қабылдау, мұндай тауарлардың сынамалары мен үлгiлерiн алу, көрсетiлген тауарлар мен көлiк құралдары болуы мүмкiн үй-жайларды, қораптарды және басқа да орындарды ашу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
412-бап. Ұқсастыру құралдарын өзгерту, алып тастау, жою, зақымдау не
жоғалту
Қазақстан Республикасының кеден органы қолданған ұқсастыру құралдарын өзгерту, алып тастау, жою, зақымдау не жоғалту, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 413-бап өзгертілді
413-бап. Декларация берушiнiң тауарларды және көлiк құралдарын
декларациялау тәртiбiн бұзуы
Декларация берушiнiң тауарларды және көлiк құралдарын декларациялау тәртiбiн бұзуы, яғни осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, декларациялаудың нысаны мен орны, декларациялау кезiндегi уақытша, толық емес немесе мерзiмдiк кеден декларациясын пайдалануды қоса алғанда, оны жасау рәсiмi туралы кеден заңдарымен белгiленген талаптарды сақтамауы, -
лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 414-бап өзгертілді
414-бап. Қазақстан Республикасының кеден органына кеден
декларациясын, құжаттар мен қосымша мәлiметтер беру
мерзiмдерiн бұзу
Қазақстан Республикасының кеден органына олар белгiлеген мерзiмдерде тауарлар мен көлiк құралдарына кеден декларациясын, сол сияқты, осы тауардың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендiк мақсаттар үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi бермеу және қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 415-бап өзгертілді
415-бап. Қазақстан Республикасының кеден органына есеп-қисапты бермеу
және есеп жүргiзу тәртiбiн сақтамау
Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлеген тәртiппен кедендiк бақылауда тұрған не еркiн кеден аймағы мен бос қоймалар аумағында тұрған әкелiнетiн, әкетiлетiн, келiп түсетiн, сақталатын, ұқсатылатын, дайындалатын, сатып алынатын және сатылатын тауарлар туралы белгiленген есеп-қисапты кеден органына бермеу, сол сияқты, осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай тауарларға есеп жүргiзу тәртiбiн сақтамау және қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
416-бап. Уақытша сақтау мерзiмдерiн бұзу
Иесiнiң уақытша сақтау орындарындағы сақталу мерзiмi сақтаудың белгiленген шектi мерзiмiнен асып кеткен тауарлар мен көлiк құралдарын кеден режимiне сәйкес шығаруды немесе билiгiне алуды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданбауы, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарларды және көлiк құралдарын тәркiлеуге әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 417-бап өзгертілді
417-бап. Тауарларды сақтауға орналастыру тәртiбiн, оларды сақтау және
олармен операциялар жасау тәртiбiн бұзу
Заңдармен және нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген тауарларды сақтауға орналастыру тәртiбiн және оларды сақтау тәртiбiн бұзу, сол сияқты осы Кодекстiң 405, 410-412, 416-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден қоймаларындағы, уақытша сақтау қоймаларындағы және бос қоймалардағы тауарлармен операциялар жүргiзу, -
лицензияның (арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 418-бап өзгертілді
418-бап. Тауарларды қайта өңдеу тәртiбiн бұзу және қайта өңдеу
өнiмдерiн ауыстыру
1. Тауарларды қайта өңдеу тәртiбiн бұзу, яғни кеден заңдарымен белгiленген талаптарды, шектеулердi және тауарларды қайта өңдеу жағдайлары туралы мiндеттеме беру шарттарын, оларды қайта өңдеу тәртiбi мен мерзiмдерiн, қайта өңдеу өнiмдерiнiң шығу мөлшерiн сақтамау, осындай тауарларды қайта өңдеу бойынша операциялар жүргiзу, -
лицензия күшiн тоқтата тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қайта өңдеу өнiмдерiн басқа тауарлармен ауыстыру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе лицензияның, тауарларды қайта өңдеуге арнайы рұқсаттың күшiн тоқтата тұруға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 419-бап өзгертілді
419-бап. Еркiн кеден аймақтарында және бос қоймаларда кәсiпкерлiк
қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн бұзу
Кеден заңдарымен белгiленген еркiн кеден аймақтарында және бос қоймаларда кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырудың тәртiбiн бұзу, -
лицензияның, бос қойма жасауға арнайы рұқсаттың күшiн тоқтата тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 420-бап өзгертілді
420-бап. Еркiн кеден аймақтарында ғимараттар, үйлер мен құрылыстар
тұрғызу тәртiбiн бұзу
Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген қосымша талаптарды бұза отырып, еркiн кеден аймақтарында ғимараттар, үйлер мен құрылыстар тұрғызу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 421-бап өзгертілді
421-бап. Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тысқары жерлерге
тауарларды және көлiк құралдарын әкетпеу не осы аумаққа
қайтармау
1. Белгiленген мерзiмдерде, егер мұндай әкету мiндеттi болып табылса, бұрын әкелiнген тауарларды және көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тысқары жерлерге әкетпеу, егер мұндай қайтару мiндеттi болып табылса, бұрын әкетiлген тауарларды және көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден аумағына қайтармау, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қайта әкетудiң немесе әкелудiң дәлелi ретiнде Қазақстан Республикасының кеден органына жалған құжаттар, заңсыз жолмен алынған құжаттар не басқа тауарларға және көлiк құралдарына қатысты құжаттар беру, не аварияның немесе жойқын күштiң әсерi салдарынан, табиғи тозуы немесе азаюынан тауарлар мен көлiк құралдарының жойылуы немесе шығын болуы себебiнен бұған мүмкiндiктiң болмауы, не шет мемлекет органдарының және лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерiмен байланысты олардың иелiктен шығарылуы, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
422-бап. Тауарларды жою тәртiбiн бұзу
Меншiк иесiнiң немесе мүдделi адамның тауарларды жою тәртiбiн бұзуы, яғни кеден заңдарымен белгiлеген тауарларды жою, жою нәтижесiнде пайда болған қалдықтарды тиiстi кедендiк режимде орналастыру талаптарын, шектеулердi және шарттарды сақтамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
423-бап. Белгiлi бiр кедендiк режимде орналастырылған тауарлармен
және көлiк құралдарымен заңсыз операциялар жасау, жай-күйiн
өзгерту, пайдалану және билiк ету
Тауарлармен және көлiк құралдарымен олардың кедендiк режимiне сай келмейтiн операциялар жасау, жай-күйiн өзгерту, пайдалану және билiк ету, сол сияқты осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзге де шектеулердi, талаптарды және кеден режимi шарттарын сақтамау, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар және көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшi тоқтатыла тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 424-бап өзгертілді
424-бап. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды
және көлiк құралдарын өткiзген кезде тарифтiк емес реттеу
шараларын және басқа да шектеулердi қолдану тәртiбiн сақтамау
1. Осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңдармен және нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленетiн тарифтiк емес реттеу мен шектеу шараларын қолдану тәртiбiн бұза отырып, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды және көлiк құралдарын өткiзу, қылмыс белгiлерi болмаған ретте, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. алынып тасталды
425-бап. Жеке тұлғалардың оңайлатылған, жеңiлдiк тәртiбiн бұза отырып
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды
өткiзуi
Осы Кодекстiң 432-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын оңайлатылған немесе жеңiлдiк тәртiбiн бұза отырып, жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар өткiзуi, қылмыс белгiлерi болмаған ретте, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 426-бап өзгертілді
426-бап. Кеден бақылауына соқпай Қазақстан Республикасының кеден
шекарасы арқылы тауарларды және көлiк құралдарын өткiзу
1. Кеден бақылауына соқпай, яғни Қазақстан Республикасының кеден органдары белгiлеген орындардан сыртқары немесе кедендiк ресiмдеу жүргiзудiң белгiленген уақытынан тыс, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды және көлiк құралдарын өткiзу, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамға - оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға - орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының екi жүз процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркілене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамға - жиырма бестен елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға - орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының үш жүз процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
427-бап. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн
тауарларды кедендiк бақылаудан жасыру
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарларды кедендiк бақылаудан жасыру, соның iшiнде тауарларды табуды қиындататын құпия орындарды не басқа тәсiлдердi пайдалану немесе бiр тауарларға басқалардың түрiн беру, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар тәркiлене отырып немесе онысыз, сондай-ақ құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен заттарды жасырып, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзу үшiн пайдаланылған арнайы әзiрленген құпия орындары бар тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
428-бап. Құжаттарды немесе ұқсастыру құралдарын алдап пайдаланып,
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды
және көлiк құралдарын өткiзу
Қазақстан Республикасының кеден органына кедендiк мақсаттар үшiн қажеттi құжаттар ретiнде жалған құжаттар, заңсыз жолмен алынған құжаттар, дұрыс емес мәлiметтерi бар құжаттар не басқа тауарларға және көлiк құралдарына қатысты құжаттар беру арқылы Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды және көлiк құралдарын өткiзу, сондай-ақ сәйкестендiрудiң қолдан жасалған құралдарын не басқа тауарларға және көлiк құралдарына қатысты ұқсастыру құралдарын пайдалану, осы Кодекстiң 429 және 432-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 429-бап өзгертілді
429-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарын декларацияламау немесе жалған
декларациялау
1. Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарларды және көлiк құралдарын декларацияламау немесе жалған декларациялау, яғни тауарлар мен көлiк құралдары, олардың кедендiк режимi және кедендiк мақсаттар үшiн қажеттi басқа да мәлiметтер туралы белгiленген жазбаша, ауызша немесе өзге нысанда мәлiмдемеу немесе жалған мәлiмдеу, осы Кодекстiң 409, 413, 414, 424-428, 432-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензияның, арнаулы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) қолданылуы тоқтатыла тұрып, орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының екi жүз процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының үш жүз процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 430-бап өзгертілді
430-бап. Кеден ережелерiн бұза отырып, Қазақстан Республикасының
кеден аумағына әкелiнген тауарларды және көлiк құралдарын
тасымалдау, сақтау, иемденiп алу, пайдалану немесе билiк ету
1. Қазақстан Республикасының кеден аумағына кеден бақылауына соқпай не осындай бақылаудан жасырын, не құжаттарды немесе сәйкестендiру құралдарын алдап пайдаланумен, әкелiнген, не декларацияланбаған немесе жалған декларацияланған тауарларды және көлiк құралдарын тасымалдау, сақтау, иемденiп алу, пайдалану немесе билiк ету, сол сияқты басқаларға қарағанда өзге мақсатпен оларға осындай жеңiлдiктер берiлуiмен байланысты Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз пайдаланылатын немесе иелiктен айырылатын, кеден төлемдерi мен салықтары бөлiгiнде оларға кеден жеңiлдiктерi берiлген тауарлар мен көлiк құралдарын тасымалдау, сақтау және иемденiп алу, -
лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
431-бап. Кедендiк төлемдер мен салықтар бөлiгiнде оларға қатысты
кедендiк жеңiлдiктер берiлiп, шартты түрде шығарылған
тауарлар мен көлiк құралдарын пайдалану мен билiк ету
тәртiбiн бұзу
Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз басқаларға қарағанда өзге мақсатпен осындай жеңiлдiктер берiлуiмен байланысты кеден төлемдерi мен салықтары бөлiгiнде кеден жеңiлдiктерi берiлiп, шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлiк құралдарын пайдалану және билiк ету, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, ал заңды тұлғаларға бес жүзден бiр мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
432-бап. Кедендiк төлемдер мен салықтардан заңсыз босатуға немесе
оларды төмендетуге бағытталған iс-әрекеттер
Кедендiк мақсаттар үшiн қажеттi кедендiк декларациялар мен өзге де құжаттарда кедендiк режим, кеден құны не тауарлар мен көлiк құралдарын шығарған ел туралы дұрыс емес мәлiметтер немесе кедендiк төлемдер мен салықтардан босату немесе олардың мөлшерiн азайту үшiн негiз болатын өзге де дұрыс емес мәлiметтер беру, осы Кодекстiң 425, 428, 429-баптарымен көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыс белгiлерi болмаған ретте, -
лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
433-бап. Төленген кедендiк төлемдер мен салықтарды тиiстi негiздерсiз
қайтаруға, төлемдер мен өзге де өтемдер алуға не оларды
қайтармауға бағытталған iс-әрекеттер
Қазақстан Республикасының кеден органына - төленген кедендiк төлемдердi қайтаруға, төлемдер және өзге де өтемдер алуға немесе оларды қайтармауға не тиiстi негiздемесiз толық көлемiнде қайтаруға құқық беретiн дұрыс емес мәлiметтерi бар құжаттар беру, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға екi жүз елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 434-бап өзгертілді
434-бап. Кеден төлемдерiн және салығын төлеу мерзiмдерiн бұзу
Кеден төлемдерiн және салығын белгiленген мерзiм iшiнде төлемеу, -
лицензияның, арнаулы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) қолданылуы тоқтатыла тұрып немесе онсыз, жеке тұлғаға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамға - жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының елу процентi мөлшерiнде, бiрақ екi жүз елу айлық есептiк көрсеткiштен кем емес мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.