3. Өздерiнiң қызмет мiндеттерiн жүзеге асыруына байланысты сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi алған лауазымды адамдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкерлерi, сақтандыру брокерлерi, сақтандыру агенттерi және басқа да адамдар оларды жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен жауап бередi.
4. Сақтандыру құпиясын үшiншi адамға сақтанушының (сақтандырылған адамның, пайда алушының) жазбаша келiсiмi негiзiнде ашуға болады.
5. Сақтандыру құпиясы бар мәлiметтер:
1) сақтанушының (пайда алушының) өкiлiне - нотариатта куәландырылған сенiмхат негiзiнде;
2) анықтау және алдын ала тергеу органына - оның өндiрiсiндегi қылмыстық iстер бойынша;
3) сотқа - сот ұйғарымы негiзiнде оның өндiрiсiндегi iстер бойынша;
4) прокурорға - оның құзыретi шегiнде өзiнiң қарауындағы материалдар бойынша тексеру жүргiзу туралы қаулы негiзiнде;
5) уәкiлеттi мемлекеттiк органға - сақтандыру қызметiн қадағалауды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша берiледi.
6. Сақтандыру құпиясы бар мәлiметтер сақтанушы, сақтандырылған адам, пайда алушы қайтыс болған соң:
1) мұрагерлерге;
2) соттарға және нотариустарға - соттың ұйғарымы, қаулысы немесе нотариустың мөрi басылған жазбаша сауалы негiзiнде олардың өндiрiсiндегi мұрагерлiк iстер бойынша берiледi. Нотариустың жазбаша сауалына сақтанушының қайтыс болғаны туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса тiркелуге тиiс;
3) шетелдiк консулдық мекемелерге - олардың өндiрiсiндегi мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.
7. Сақтандыру қызметiн жүзеге асырудың жалпы шарттары, ұсынылатын сақтандыру қызметтерiнiң тiзбесi, сақтандыру тарифтерi, сақтандыру мерзiмдерi, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының өзге де негiзгi талаптары ашық ақпарат болып табылады және сақтандыру құпиясы мен коммерциялық құпияның нысанасы бола алмайды.
8. Сақтандырушы сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi жария еткен жағдайда сақтанушы (сақтандырылған адам, пайда алушы) келтiрiлген шығынды өтеудi, ал тиiстi жағдайларда - моральдық нұқсанның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 831-бап өзгерді
831-бап. Сақтанушының мiндеттерi
1. Сақтанушы:
1) сақтандыру шарты белгiлеген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге;
2) сақтандыру тәуекелiнiң жай-күйі туралы сақтандырушыны хабардар етуге;
3) сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы хабарлауға;
4) сақтандыру жағдайынан туатын залалдарды азайту үшiн шаралар қолдануға (осы Кодекстiң 829-бабының 1-тармағы);
5) сақтандыру жағдайының басталғандығы үшiн жауапты адамнан талап ету құқығының сақтандырушыға өтуiн қамтамасыз етуге мiндеттi (осы Кодекстiң 840-бабы).
2. Сақтандыру шартында сақтанушының басқа да мiндеттерi көзделуі мүмкін.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 832-бап өзгерді
832-бап. Шарт жасасу кезiнде сақтанушы беретiн мәлiметтер
1. Шарт жасасу кезінде сақтанушы сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталу ықтималдығын және оның басталуынан (сақтандыру тәуекелінен) туындауы мүмкін залалдардың мөлшерiн айқындау үшiн елеулi мәнi бар сақтанушының өзiне белгiлi жағдайларды, егер бұл жағдайлар сақтандырушыға белгiсiз болса және белгiсiз болуға тиiстi болса, хабарлауға мiндеттi.
Қалай болғанда да сақтандырушы әзірлеген сақтандыру ережелерiнде немесе шарт жасасу кезеңiнде сақтанушыға жiберiлген сақтандырушының жазбаша сауалына нақты айтылған мән-жайлар елеулi деп танылады.
2. Егер сақтандыру шарты сақтандырушының қандай да бiр сұрақтарына сақтанушының берген жауаптарынсыз жасалған болса, соңғысы сақтанушының тиісті жағдайларда хабарламағандығын негiзге ала отырып, кейiннен шарттың бұзылуын немесе оны жарамсыз деп тануды талап ете алмайды.
3. Егер шарт жасалып болған соң сақтанушының сақтандырушыға осы баптың 1-тармағында көрсетiлген жағдайлар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер бергендiгi анықталған болса, сақтандырушы шартты жарамсыз деп тануды және осы Кодекстiң 844-бабының 1-тармағының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген салдарды қолдануды талап етуге құқылы.
Егер сақтанушы жасырып қалған мән-жай жоққа шығып қалған болса, сақтандырушы шартты жарамсыз деп тануды талап ете алмайды.
01.07.03 ж. N 445-II ҚР Заңымен 833-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
833-бап. Сақтандыру тәуекелiн және келтiрiлген зиянды бағалау
1. Мүлікті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандырушы сақтандырылатын мүлiктi қарап тексеруге және бағалауға, ал қажет болған кезде оның шынайы құнын анықтау мақсатында сараптама тағайындауға құқылы. Сақтандырылатын мүлiкке және келтiрілген зиянға сақтандырушы жүзеге асыратын бағалау сақтандырудың құрамдас бөлiгi болып табылады және қосымша лицензиялауды талап етпейдi.
2. Жеке сақтандыру шартын жасау кезiнде сақтандырушы оның нақты денсаулық жағдайына баға беру үшiн сақтандырылатын адамға тексеру жүргiзуге құқылы.
3. Сақтандырушының сақтандыру тәуекелiне осы баптың негiзiнде берген бағасы өзгеше дәлелдеуге құқығы бар сақтанушы үшiн мiндеттi емес.
4. Сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесiнде келтiрiлген зиянның мөлшерiн сақтанушының немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша сақтандырушы айқындайды. Қажет болған жағдайда келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалауды бағалаушы (тәуелсiз сарапшы) жүргiзедi. Келтiрiлген зиянды бағалау нәтижелерiмен келiспеген жағдайда тараптар өзгеше дәлелдеуге құқылы.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 834-бап өзгерді
834-бап. Шарттың қолданылуы кезеңiнде сақтандыру тәуекелiнiң ұлғаю салдары
1. Мүлiктiк сақтандыру шартының қолданылуы кезеңiнде сақтанушы (сақтандырылған адам) шарт жасау кезінде сақтандырушыға хабарланған мән-жайлардағы өзiне белгiлі болған елеулi өзгерiстер туралы, егер бұл өзгерiстер сақтандыру тәуекелiн арттыруға елеулі ықпал жасайтындай болса, сақтандырушыға дереу хабарлауға мiндеттi.
Қалай болғанда да сақтандыру шартында айтылған өзгерiстер елеулi деп танылады.
2. Сақтандыру тәуекелiн арттыруға әкеп соғатын мән-жайлар туралы хабардар етілген сақтандырушы, шарттың талаптарын өзгертудi немесе тәуекелдiң артуымен мөлшерлес қосымша сақтандыру сыйлықақысын төлеудi талап етуге құқылы.
Егер сақтанушы немесе сақтандырылған адам сақтандыру шартының талаптарын өзгертуге және сақтандырудың қосымша сыйлықақысын төлеуге қарсылық білдірсе, сақтандырушы осы Кодекстің 24-тарауында көзделген ережелерге сәйкес шартты бұзуды талап етуге құқылы.
3. Сақтанушы немесе сақтандырылған адам осы баптың тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайда сақтандырушы шартты бұзуды және шартты бұзудан болған залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
4. Егер сақтандыру тәуекелiн арттыруға әкеп соғатын мән-жайлар жоққа шығып қалған болса, сақтандырушының шартты бұзуды талап етуге құқығы жоқ.
5. Жеке сақтандыру кезiнде, осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетiлген шарттың қолданылуы кезеңiнде сақтандыру тәуекелiн өзгертудiң салдары, егер олар шартта тiкелей көзделген болса, басталуы мүмкiн.
ҚР 18.12.00 N 128-II; 01.07.03 ж. N 445-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 835-бап өзгертілді
835-бап. Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыны хабардар ету
1. Сақтанушы сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзiне мәлiм болған соң оның басталғандығы жөнiнде сақтандырушыға немесе оның өкiлiне дереу хабарлауға мiндеттi. Егер шартта немесе Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заң актiсiнде хабардар ету мерзiмi және (немесе) тәсiлi көзделсе, ол келiсiлген мерзiмде және шартта немесе Қазақстан Pecпубликасының заң актiсiнде көрсетiлген тәсiлмен жасалуға тиiс.
Егер сақтанушы сақтандырылған адам болып табылмаса, мұндай мiндет сақтандырылған адамға жүктеледi.
Егер жеке сақтандыру кезiнде сақтандырылған адамның қайтыс болуы сақтандыру жағдайы болып табылса, сақтандыру жағдайы туралы сақтандырушыға хабарлау мiндетi сақтанушыға, ал егер оның өзi бiр мезгiлде сақтандырылған адам болса - пайда алушыға жүктеледi. Бұл ретте сақтандырушыға хабарлаудың шартта белгiленген мерзiмi отыз күннен кем болмауы тиiс.
2. Пайда алушының барлық жағдайларда, мұны сақтанушының немесе сақтандырылған адамның жасаған-жасамағанына қарамастан, сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлауға құқығы бар.
3. Егер сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушының дер кезiнде бiлгендiгi дәлелденбесе не бұл жөнiндегi мәлiметтердiң сақтандырушыда болмауы оның сақтандыру төлемi мiндеттерiне ықпал етпейтiн болса, сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға хабар бермеу оған сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тарту құқығын бередi.
836-бап. Сақтанушыны ауыстыру
1. Мүлiктi сақтандыру шартын жасасқан сақтанушы қайтыс болған жағдайда сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi мұрагерлiк тәртiбiмен осы мүлiктi қабылдаған адамға ауысады. Меншiк құқықтары (немесе өзге де заттық құқықтары) ауысуының басқа жағдайларында сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi, егер шартта немесе заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, сақтандырушының келiсуiмен жаңа меншiк иесiне (немесе өзге де заттық құқықтардың иесiне) ауысады.
2. Жеке сақтандыру шартын сақтандырылған адамның пайдасына жасаған сақтанушы қайтыс болған жағдайда, осы шартта айқындалған құқықтар мен мiндеттер оның келiсімiмен сақтандырылған адамға ауысады. Сақтандыру шарты бойынша міндеттерді сақтандырылған адамның орындауы мүмкін болмаған жағдайда, оның құқықтары мен міндеттері заң актілеріне сәйкес оның құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асырушы тұлғаларға ауысуы мүмкiн.
3. Заңды тұлға болып табылатын сақтанушыны қайта ұйымдастырған кезде, сақтандыру шарты қолданылу кезеңiндегi оның осы шарт бойынша құқықтары мен мiндеттерi сақтандырушының келiсуiмен, осы Кодексте айқындалған тәртiппен тиiстi құқықтық мирасқорға ауысады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 837-бап өзгерді
837-бап. Сақтандырылған адамды ауыстыру
1. Зиян келтiргенi үшiн жауаптылықты сақтандыру шарты бойынша (осы Кодекстiң 811-бабы) сақтанушының емес, өзге тұлғаның жауаптылығы сақтандырылған жағдайда, сақтанушы шартта өзгеше көзделмегендiктен, бұл туралы сақтандырушыға жазбаша хабарлап, сақтандыру жағдайы басталғанға дейін кез келген уақытта бұл тұлғаны басқасымен ауыстыруға құқылы.
2. Жеке сақтандыру, сондай-ақ мүлiктiк сақтандыру шартында аталған сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адам тек өзінің (топтастырылған жеке сақтандыруды қоспағанда,)және сақтандырушының келісімі бойынша ғана басқа тұлғамен ауыстырылуы мүмкiн.
3. Егер үшiншi тұлғаны сақтандыру мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнiң талаптарынан туындайтын болса, сақтандырылған адамды ауыстыру заң актілерінде көрсетілген тәртiппен және соларға негiзделген шартпен жүзеге асырылады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 838-бап өзгерді
838-бап. Пайда алушыны ауыстыру
1. Сақтанушы сақтандыру жағдайы басталғанға денiн сақтандырылған адам болып табылмайтын, сақтандыру шартында аталған пайда алушыны, бұл жөнiнде сақтандырушыны жазбаша хабардар етіп, басқа адаммен ауыстыруға құқылы.
2. Пайда алушыны оның сақтанушымен жасаған келiсiмiнен туындайтын белгiлi бiр мiндеттердi сақтандыру шарты бойынша орындағаннан немесе сақтандырушыға сақтандыру төлемiн жүзеге асыру жөнiндегi талап қойғаннан кейін басқа адаммен ауыстыруға болмайды.
3. Сақтандырылған адам болып табылатын пайда алушыны ауыстыру осы Кодекстің 837-бабында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 839-бап өзгерді
839-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатудың негiздерi
1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
1) сақтанушының, сақтандырылған адамның және (немесе) пайда алушының, қажетті қорғану және аса қажетті жағдайда жасалған іс-әрекеттерді қоспағанда, сақтандыру жағдайын тудыруға бағытталған не оның басталуына ықпал ететін қасақана жасалған іс-әрекетінің;
2) заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен сақтанушының, сақтандырылған адамның және (немесе) пайда алушының қасақана жасалған қылмыстар немесе сақтандыру жағдайына себептi байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған iс-әрекетiнiң салдарынан болса, сақтанушыға сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
Егер сақтандыру жағдайы жауаптылықта сақтандыру объектiсi болып табылатын тұлғаның кiнәсiнен болса, онда сақтандырушы азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылмайды (осы Кодекстiң 811 және 812-баптары).
Сақтандырушы сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда, егер өлiм өзiн-өзi өлтiрудiң салдарынан болса және осы уақытқа дейiн сақтандыру шарты кемiнде екi жыл қолданылып келсе, жеке сақтандыру шарты бойынша төленуге тиiс сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылмайды.
2. Өз еркiмен сақтандыру шартында және мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмегендiктен, егер сақтандыру жағдайы:
1) ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтiк зақымданудың әсерi;
2) әскери қимылдардың;
3) азамат соғысының, алуан түрлі халық толқуларының, жаппай тәртiп бұзушылықтардың немесе ереуiлдердiң салдарынан басталған болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
3. Мүлiктiк сақтандыру шартында өзгеше көзделмегендiктен, сақтандырушы алып қою, тәркілеу, реквизициялау, тұтқындау немесе мемлекеттiк органдардың өкiмiмен сақтандырылған мүліктерді жою салдарынан болған залалдар үшін сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
4. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн мыналар да:
1) сақтанушының сақтандырушыға, сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның зардаптары туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлауы;
2) сақтанушының сақтандыру жағдайынан болған залалдарды азайту жөнiндегi шараларды қасақана қолданбауы (осы Кодекстiң 829-бабы);
3) сақтанушының залалдар келтiруге кiнәлi тұлғадан мүлiктiк сақтандыру бойынша залалдарға тиiстi өтем алуы;
4) сақтанушының сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайын тексеруде және одан келген залалдардың мөлшерiн белгiлеуде сақтандырушыға кедергi жасауы;
5) сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға хабарламау (осы Кодекстiң 835-бабы);
6) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталғандығы үшін жауапты адамға талап қою құқықтарынан бас тартуы, сондай-ақ сақтандырушыға талап ету құқығын өткiзу үшiн қажеттi құжаттарды беруден бас тартуы (осы Кодекстiң 840-бабы). Егер сақтандыру өтемi ендiгi төленiп қойған болса, сақтандырушы оның толық немесе iшiнара қайтарылуын талап етуге құқылы;
7) заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайлар негiз болуы мүмкiн.
5. Сақтандырушыны сақтанушының алдындағы сақтандыру жауаптылығынан оның осы бапта көзделген заңсыз iс-қимылдарының себептерi бойынша босату, сақтандырушыны сонымен бiр мезгiлде сақтандырылған адамға немесе пайда алушыға сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан да босатады.
6. Сақтандыру шартының талаптары бойынша, егер бұл заң актiлерiне қайшы келмейтiн болса, сақтандыру төлемінен бас тартудың басқа да негiздерi көзделуi мүмкiн.
7. Сақтандыру төлемінен бас тарту туралы шешiмдi сақтандырушы қабылдайды және ол бас тартудың дәлелдi негiздерiмен жазбаша нысанда сақтанушыға хабарланады.
8. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүргізуден бас тартуына сақтанушы сотқа шағымдануы мүмкін.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 840-бап өзгерді
840-бап. Сақтанушының залалдарды өтеу құқықтарының сақтандырушыға ауысуы (суброгация)
1. Егер мүлiктiк сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға, сол төленген соманың шегiнде, сақтандыру нәтижесiнде өтелген залалдар үшiн жауапты адамға қоятын сақтанушының (сақтандырылған адамның) талап қою құқықтары ауысады. Алайда қасақана залал келтiрген адамға қойылған талап қою құқықтарының сақтандырушыға ауысуын жоққа шығаратын шарт талабы жарамсыз болады.
2. Сақтандырушыға ауысқан талап қою құқығы сақтанушы (сақтандырылған адам) мен залалдар үшiн жауапты адамның арасындағы қатынасты реттейтiн ережелерді сақтай отырып жүзеге асырылады.
3. Сақтанушы (сақтандырылған адам) сақтандыру төлемiн алған кезде сақтандырушыға барлық құжаттар мен айғақтарды беруге және оған талап қою құқықтарын жүзеге асыру үшiн қажеттi барлық мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi.
4. Егер сақтанушы (сақтандырылған адам) сақтандырушы төлеген шығындар үшiн жауап беретiн адамға талап қою құқықтарынан бас тартса немесе сақтанушының (сақтандырылған адамның) кiнәсiнен бұл құқықты жүзеге асыру мүмкiн болмаса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн толық немесе тиiсiнше оның бiр бөлiгiн жүзеге асырудан босатылады және артық төлеген соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
841-бап. Сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату
1. Осы Кодексте көзделген мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздерiнен басқа, сақтандыру шарты мынадай жағдайларда:
1) сақтандыру объектiсi өмiр сүруiн тоқтатқан;
2) сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адам қайтыс болғанда, ол ауыстырылмаған (осы Кодекстiң 815-бабының 8-тармағы);
3) сақтанушы мүлiктiк сақтандыру объектiсiн өз иелiгiнен шығарған, егер сақтандырушы сақтанушыны ауыстыруға қарсылық білдірсе, ал шартта немесе міндетті сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген осы Кодекстiң 836-бабының 1-тармағы);
4) өзiнiң кәсiпкерлiк тәуекелiн немесе осы қызметке байланысты азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандырған сақтанушы белгiленген тәртiппен кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан;
5) сақтандыру жағдайының басталу мүмкiндiгi жойылған және сақтандыру жағдайынан басқа жағдайлар бойынша сақтандыру тәуекелiнiң болуы тоқтатылған реттерде мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
Аталған жағдайларда шартты тоқтату үшiн негiз ретiнде көзделген мән-жайлар туындаған кезден бастап шарт тоқтатылған болып есептеледi, бұл туралы мүдделi тарап дереу екiншiсiн хабардар етуге тиiс.
2. Сақтанушы сақтандыру шартын кез келген уақытта бұзуға құқылы.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 842-бап өзгерді
842-бап. Сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатудың зардабы
1. Осы Кодекстiң 841-бабының 1-тармағында көзделген мән-жайлар бойынша сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатқан кезде сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысының осы сақтандыру қолданылған уақытқа бара-бар бөлiгiн иемденуге құқығы бар.
2. Сақтанушы шарттан бас тартқан кезде (осы Кодекстiң 841-бабының 2-тармағы), егер ол осы Кодекстiң 841-бабының 1-тармағында көзделген мән-жайлармен байланыста болмаса және шартта өзгеше көзделмесе, сақтандырушыға төленген сақтандыру сыйлықақысы не сақтандыру жарналары қайтарылмайды.
3. Сақтандыру шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы шарт талаптарының сақтандырушының кiнәсiне байланысты орындалмауынан болған жағдайда, сақтандырушы сақтанушы төлеген сақтандыру сыйлықақысын не сақтандыру жарналарын оған толық қайтаруға мiндеттi.
843-бап. Сақтандыру шартының жарамсыздығы
1. Мәмiлелер жарамсыздығының осы Кодексте көзделген жалпы негiздемесiнен басқа, сақтандыру шарты мына жағдайларда, егер:
1) шарт жасасу кезiнде сақтандыру объектiсi болмаса;
2) құқыққа қарсы мүдделер сақтандыру объектiсi ретiнде әрекет етсе (807-баптың 2-тармағы);
3) соттың заңды күшiне енген тиiстi шешiмiнiң негiзiнде тәркiленуге жататын мүлiк не қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстың нысанасы болып табылатын мүлiк сақтандыру объектiсi болып табылса;
4) басталу мүмкiндiгі мен кездейсоқтық белгiлерi жоқ (осы Кодекстiң 817-бабының 3-тармағы) және шарттың қолданылуы шегiнде амалсыз әрi нақты болуға тиiс оқиға сақтандыру жағдайы ретiнде көзделсе, бұл туралы тараптар немесе, кем дегенде, сақтанушы алдын ала білген болса;
5) сақтанушы шарт жасасу кезiнде заңсыз пайда табуды алдын ала мақсат еткен болса, оның iшiнде сақтандыру жағдайы басталған соң шарт жасалса;
6) кәсiпкерлiк тәуекелдi сақтандыру шарты сақтанушыдан басқа тұлғаның мүдделерi немесе пайдасы үшiн жасалған болса (осы Кодекстiң 810-бабы);
7) шарт бойынша жауапкершiлiктi сақтандырған кезде сақтанушыдан басқа адамның жауаптылық тәуекелi сақтандырылған болса (осы Кодекстiң 812-бабы);
8) сақтандырылған адамның келiсiмi мiндеттi болып табылатын жағдайларда, оның келiсiмi болмаса;
9) шарттың жазбаша нысаны сақталмаса (осы Кодекстің 825-бабының 3-тармағы), жарамсыз деп танылады.
2. Міндетті сақтандыру туралы заң актілерінде сақтандырудың жекелеген түрлерiне қатысты шартты жарамсыз деп танудың басқа да негiздерiн қолдану көзделуi мүмкiн.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 844-бап өзгерді
844-бап. Сақтандыру шартын жарамсыз деп танудың салдары
1. Сақтандыру шарты жарамсыз деп танылған жағдайда сақтандырушы сақтанушыға одан алған сақтандыру сыйлықақыларын не сақтандыру жарналарын қайтаруға, ал сақтанушы (пайда алушы) сақтандырушыға одан алған сақтандыру төлемiн қайтаруға мiндеттi.
Егер шарт сақтанушының заңсыз iс-әрекеттерiнiң салдарынан туындаған негіздер бойынша жарамсыз деп танылса, ол туралы сақтандырушы шарт жасалған кезде, оны орындау процесiнде де бiлмесе және бiлуге тиiстi болмаса, сақтандырушы шыққан шығындарды шегере отырып, сақтанушыға шарттың аяқталмаған мерзiмi үшiн сақтандыру сақтандыру сыйлықақыларын не сақтандыру жарналарын қайтарады, ал егер сақтандыру төлемi жүргiзiлген жағдайда оның төленген соманы қайтаруды талап етуге құқығы бар.
Сақтандырушыға сақтандыру төлемiнен бас тартуда негiз беретiн себептер бойынша сақтандыру шарты жарамсыз деп танылған жағдайда (осы Кодекстiң 839-бабы) нақ сондай салдар туындайды.
2. Егер сақтандыру шарты қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған болса, осы Кодекстiң 157-бабының 4-6-тармақтарында көзделген салдар туындайды.
845-бап. Өзара сақтандыру
1. Азаматтар мен заңды тұлғалар қажеттi қаражатты өзара сақтандыру қоғамдарына бiрiктiру жолымен өзара негiзде өз мүлкiн және осы Кодекстiң 809-бабының 2-тармағында аталған өзге де мүлiктiк мүдделердi сақтандыра алады.
2. Өзара сақтандыру қоғамдары өз мүшелерінің мүлкін және өзге де мүлiктiк мүдделерiн сақтандыруды жүзеге асырады және коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.
Өзара сақтандыру қоғамдарының құқықтық жағдайының ерекшелiктерi мен олардың қызметiнiң шарттары осы Кодекске және өзара сақтандыру туралы заң актiлерiне сәйкес айқындалады.
3. Егер қоғамның құрылтай құжаттарында мұндай жағдайларда сақтандыру шарттарын жасасу көзделмесе, қоғамдардың өз мүшелерiнiң мүмкiн және мүлiктiк мүдделерiн өзара сақтандыру мүшелік негiзiнде тiкелей жүзеге асырылады.
4. Өзара сақтандыру жолымен мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыруға өзара сақтандыру туралы заң актiлерiнде көзделген жағдайларда жол берiледi.
5. Егер мұндай сақтандыру қызметi оның құрылтай құжаттарында көзделiп, қоғам коммерциялық ұйым нысанында құрылса, тиiстi түрдегi сақтандыруды жүзеге асыруға лицензиясы болса және сақтандыру туралы тиiстi заң актiлерi белгiлеген басқа талаптарға сай келсе, өзара сақтандыру қоғамы сақтандырушы ретiнде қоғамның мүшесi болып табылмайтын адамдардың мүдделерiн сақтандыруды жүзеге асыра алады.
Өзара сақтандыру қоғамының мүшесi болып табылмайтын адамдардың мүдделерiн сақтандыруды қоғам осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес сақтандыру шарттары бойынша жүзеге асырады.
41-тарау. Тапсырма
846-бап. Тапсырма шарты
1. Тапсырма шарты бойынша бiр тарап (сенiм бiлдiрiлген өкiл) екiншi тараптың (сенiм бiлдiрушiнiң) атынан және соның есебiнен белгiлi бiр заңды iс-әрекет жасауға мiндеттенедi. Сенім білдірілген өкiл жасаған мәмiле бойынша құқықтар мен мiндеттер тiкелей сенiм бiлдiрушiде пайда болады.