Қазақстан Республикасында мемлекеттiк экологиялық сараптама және қоғамдық экологиялық сараптама жүзеге асырылады.
64-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптама
Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы экологиялық сараптама саласында арнайы уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүргiзедi.
Мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптамаға жататын объектiлер тiзбесi, оны жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы өнiм (жұмыс, қызмет) мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзуге жатқызылса, оның оңды қорытындысынсыз Қазақстан Республикасының аумағында оны өндiруге немесе оған әкелуге тыйым салынады.
Экологиялық сараптаманың қорытындысы ресми құжат болып табылады, мiндеттi түрде орындалуға тиiс және оған қатысты дау сотта қаралуы мүмкiн.
65-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама
Қоғамдық бiрлестiктер немесе халықтың өзге де топтары қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзе алады.
Қоғамдық экологиялық сараптаманы жүзеге асырудың ұйымдастыру нысандары және қоғамдық бiрлестiктердiң экологиялық сараптама саласындағы өкiлеттi экологиялық сараптама туралы заңдармен белгiленедi.
Қоғамдық сараптаманың қорытындысы ақпараттық және ұсыныс жасау сипатында болады.
12 тарау. Қоршаған ортаны қорғаудың экологиялық,
ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды
объектiлерi
66-бап. Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры
Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры - табиғат эталондары, уникумдар және реликттер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, ағарту және рекреация нысанасы ретiнде қоршаған ортаны қорғаудың экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды, ерекше мемлекеттiк қорғауға алынған объектiлердiң жиынтығы.
Мемлекеттiк табиғи-қорық қорын қорғау қоршаған ортаның экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды объектiлерiн пайдалану iсiнде тыйым салу және шектеулер белгiлеу арқылы қамтамасыз етiледi.
ҚР 11.05.99 ж. N 381-1; 04.06.01 N 205-II; 25.05.04 ж. N 553-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 67-бап өзгертілді
67-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар - ерекше қорғаудың құқықтық режимiмен не шаруашылық қызметтiң мемлекеттiк табиғи-қорық қорын сақтау мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн режимiмен реттелетiн жер, су, орман және жер қойнауы учаскелерi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлерi Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарымен белгiленедi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру тәртiбi, қорғау және пайдалану режимдерi, олардың қызмет жағдайлары Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
13 тарау. Төтенше экологиялық ахуал және
экологиялық апат аймақтары
68-бап. Төтенше экологиялық ахуал
Төтенше экологиялық ахуал - адам қызметiнiң немесе табиғаттың дүлей күштерiнiң салдарынан белгiлi бiр аумақта пайда болған, қоршаған ортаның, адамдардың өмiрi мен денсаулығы, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау үшiн қауiптi, терең және тұрақты терiс өзгерiстерiмен сипатталатын қолайсыз экологиялық ахуал.
Республиканың жекелеген аумақтарындағы төтенше экологиялық ахуал кезiнде заңдарда көзделген тәртiппен шаруашылық қызмет пен табиғат пайдаланудың жекелеген түрлерiне тыйым салынуы немесе олар шектелуi мүмкiн, табиғи ресурстарды қалпына келтiру (молықтыру), қоршаған ортаны сауықтыру, халықты әлеуметтiк қорғау жөнiнде жедел шаралар жүргiзiледi.
69-бап. Экологиялық апат аймақтары
1. Егер қолайсыз экологиялық ахуал салдарынан халықтың денсаулығына елеулi нұқсан келтiрiлсе және (немесе) табиғи экологиялық жүйелер бұзылып, өсiмдiктер дүниесi мен жануарлар дүниесi азып - тозса, экологиялық ахуал төтенше аумақтар экологиялық апат аймақтары деп жарияланады.
2. Экологиялық апат аймақтары әрбiр жеке жағдайда өз кезегiнде төтенше экологиялық ахуалдың күрделiлiгi мен ауырлығына немесе осы жағдайға себеп болған факторларға қарай кiшi аймақтарға (экологиялық апаттар, экологиялық дағдарыс, экологиялық дағдарыс алдындағы жай-күйлер және басқалар) бөлiнедi.
3. Табиғи ресурстарды молықтыру, қоршаған табиғи ортаны сауықтыру, халыққа медициналық көмек көрсету жөнiндегi шаралар Үкiмет бекiтетiн республикалық нысаналы бағдарламаларға сәйкес экологиялық апат аймағының белгiлi бiр кiшi аймақтары бойынша сараланып әзiрленедi және жүзеге асырылады.
4. Экологиялық апат аймағында:
1) қолайсыз экологиялық жағдайдың пайда болуына себепшi болған шаруашылық объектiлерiнiң қызметi тоқтатылады:
2) адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды ықпал ететiн ұйымдардың, цехтардың, агрегаттар мен жабдықтардың қызметi тоқтатыла тұруы мүмкiн;
3) табиғат пайдаланудың жекелеген түрлерiне шек қойылады;
4) қажет болған жағдайда адамдарды көшiру жөнiнде шаралар жүргiзiледi.
5. Төтенше экологиялық ахуал салдарынан зардап шеккен, сондай-ақ экологиялық апат аймақтарында тұратын азаматтар өтемақылардың, жеңiлдiктер мен әлеуметтiк қорғаудың басқа да түрлерiн қоса алғанда өздерiне келтiрiлген зиянды өтеттiруге құқығы бар.
Азаматтарды төтенше экологиялық ахуалдың салдарынан зардап шеккен адамдар қатарына жатқызу тәртiбi, оларды әлеуметтiк қорғау нысандары заңдарда белгiленедi.
70-бап. Төтенше экологиялық ахуалды және экологиялық
апат аймақтарын жариялау тәртiбi
Қазақстан Республикасының белгiлi бiр аумағында төтенше экологиялық ахуалды Үкiмет жариялайды.
Экологиялық апат аймақтары Қазақстан Республикасының заңдарымен жарияланады.
Экологиялық апат аймақтарының шекараларын белгiлеудi Үкiмет қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау және ғылым саласындағы арнайы уәкiлеттi атқарушы органдардың оң қорытындысы болған жағдайда жүзеге асырады.
14 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
ақпарат пен мемлекеттiк статистика
71-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпарат
Қоршаған ортаның жай-күйi, ластануы және сауықтырылуы туралы, қаржыландыру (қаржыландыру көздерi) туралы, қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру жөнiндегi шараларға қаражат жұмсау, табиғи ресурстардың жай-күйi, молықтырылуы мен пайдаланылуы, қоршаған ортаға жасалатын әсерлер, оның сапасын нормалау мен шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптар туралы мәлiметтер қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпарат болып табылады. Ол ашық және жария болып табылады, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануға тиiс.
Лауазымды адамдардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпаратты жасыруына, дер кезiнде бермеуiне немесе көрiнеу жалған ақпарат беруiне жол берiлмейдi.
72-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
мемлекеттiк статистика
Қоршаған ортаны қорғау саласында арнайы уәкiлеттi мемлекеттiк органдар статистикалық ақпараттың объективтiлiгi және оның халықаралық статистикамен салыстырмалылығы негiзiнде мемлекеттiк статистиканы жүргiзедi.
Заңды және жеке тұлғалардың белгiленген көлемде белгiленген мерзiмде статистикалық ақпарат беруi ақпаратты жiберушiнiң қаржысы есебiнен мемлекеттiк статистикалық есеп беру нысанында жүзеге асырылады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк статистикалық есеп беру көрсеткiштерiнiң ең төменгi құрамы мен мемлекеттiк статистиканы жүргiзу тәртiбi заңдармен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
15 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
экологиялық тәрбие мен бiлiм беру,
ғылыми зерттеулер
73-бап. Экологиялық тәрбие мен бiлiм берудiң
жалпыға бiрдей және үздiксiз жүргiзiлуi
Қоғамның экологиялық мәдениетiн және мамандардың кәсiби даярлығын арттыру мақсатында мектепке дейiнгi, жалпы орта, кәсiптiк-техникалық, арнаулы және жоғары бiлiм берудiң бүкiл процесiн, мамандарды қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды қамтитын экологиялық тәрбие мен бiлiм берудiң жалпыға бiрдей және үздiксiз жүйесi белгiленедi.
Халық арасына экологиялық бiлiм туралы таратуды мемлекеттiк органдар және қоғамдық бiрлестiктер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және заңдарға қайшы келмейтiн өзге де тәртiппен жүзеге асырады.
74-бап. Экологиялық бiлiм беру
Оқу орындарының бiлiм беру бағдарына және меншiк нысанына қарамастан, оларда экологиялық пәндердi оқыту көзделуi тиiс.
Қоршаған ортаға зиянды әсер ететiн қызметке байланысты лауазымды адамдар мен мамандардың қажеттi экологиялық даярлығы болуға және олар қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар негiздерiн бiлуге мiндеттi. Басшылар мен мамандардың кәсiби экологиялық даярлығы оларды қызметке тағайындау, аттестациялау және қайта аттестациялау кезiнде ескерiледi.
75-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
ғылыми зерттеулер
Қоршаған ортаны қорғаудың ғылыми негiздерiн әзiрлеу және жасау мақсатында заңдарда белгiленген тәртiппен ғылыми зерттеулер жүргiзiледi.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және енгiзу жұмыстары, олар ұлттық (мемлекеттiк) бағдарламаларға енгiзiлген жағдайда, республикалық бюджет есебiнен қаржыландырылады.
16 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау
ҚР 04.06.01 ж. N 205-II Заңымен 76-бап өзгертілді
76-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
бақылаудың мiндеттерi мен түрлерi
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау қоршаған ортаның жай-күйiн, шаруашылық және өзге де қызметтiң ықпалымен оның өзгерiстерiн байқап отыруды, қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдалану жөнiндегi жоспарлар мен шаралардың орындалуын, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың, оның сапа нормативтерi мен экологиялық талаптардың сақталуын тексерудi өзiне мiндет етiп қояды.
2. Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк, өндiрiстiк және қоғамдық бақылау жүзеге асырылады.
ҚР 29.11.99 ж. N 488-1; 04.06.01 ж. N 205-II; 09.08.02 ж. N 346-II Заңдарымен 77-бап өзгертілді
77-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
мемлекеттiк бақылау
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мен жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының:
меншiк нысаны мен бағыныштылығына қарамастан, ұйымдарға және басқа да объектiлерге (соның iшiнде белгiленген тәртiппен әскери және қорғаныс объектiлерiне) кедергiсiз (қызмет куәлiктерiн көрсету арқылы) кiрiп, көруге, мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға қажеттi құжаттаманы, талдамалардың нәтижелерi мен өзге де материалдарды сұратуға және танысу үшiн тегiн алуға;
қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру, табиғи ресурстарды молықтыру мен пайдалану жөнiндегi жоспарлар мен шаралардың орындалуын, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар талаптарының, оның сапа нормативтерi мен экологиялық талаптардың орындалуын, тазарту құрылыстары мен басқа да залалсыздандыратын құрылғылардың жұмысын, оларды бақылау құралдарын тексеруге;
табиғи ресурстарды пайдалану лицензияларында белгiленген ережелердiң сақталуын және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жекелеген қызмет түрлерiнiң жүзеге асырылуын, табиғат пайдалану шарттарының (келiсiм-шарттарының) және табиғат пайдалануға берiлген рұқсаттың орындалуын тексеруге, белгiленген тәртiппен олардың күшiн жоюға, олардың күшiн жою жөнiнде нұсқамалар беруге немесе ұсыныс енгiзуге;
экологиялық аудит мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу туралы ұсыныс енгiзуге және олардың қорытындыларының орындалуын тексеруге;
экологиялық жағынан қауiптi жүктердi (бұйымдарды), қалдықтар мен шикiзат ресурстарын қоршаған ортаның сапа нормативтерi мен экологиялық талаптарды бұза отырып жүзеге асыру арқылы Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, (әкетуге) сондай-ақ одан алып өтуге (одан әрi тасымалдауға) тыйым салу туралы нұсқама шығаруға;
заңды және жеке тұлғаларға талаптар қоюға, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жолсыздықты жою жөнiнде нұсқамалар шығаруға;
экологиялық талаптар мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарды бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметті шектеу және тоқтата тұру туралы сот органдарына арыз беруге;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi заңдарда белгiленген тәртiппен қарауға, кiнәлiлердi әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге;
қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан келтiрiлген залал мөлшерiн анықтауға (анықтауға қатысуға) және соның негiзiнде кiнәлi адамдардан осы залалды ерікті түрде өтеу туралы талап етуге немесе сотқа талап қоюға;
тиiстi қаржы-несие ұйымдарына экологиялық талаптарды бұза отырып немесе экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүзеге асырылатын объектiлердiң құрылысы мен пайдаланылуын, шаруашылық және өзге де қызметтi қаржыландыруды тоқтату туралы нұсқама енгiзуге;
өндірістік экологиялық бақылаудың және мониторингтің нормалары мен ережелерінің сақталуын тексеруге;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарды бұзушылардың әрекеттерін болғызбау немесе олардың жолын кесу үшін ішкі істер, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдарынан көмек сұрауға және оны алуға.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның лауазымды адамдарының өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдерiн барлық заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар орындауға мiндеттi, бағыныстылық ретiмен немесе сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң экологиялық талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметiне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру сот шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы талап арызды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен және негiздерде сотқа жiбередi. Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiне сот шешiмiнсiз тыйым салуға немесе оны тоқтата тұруға жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға мiндеттi түрде жазбаша хабарлай отырып, ерекше жағдайларда талап арызды 3 күннен аспайтын мерзiмде сотқа табыс ету мiндеттелiп, аталған мерзiмге рұқсат етiледi. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешiмi шыққанға дейiн қолданылады.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi тармақтарында көзделген хабарламаларды алған соң, прокурор жасалған iс-әрекеттiң заңдылығын тексередi және олар заңсыз болған жағдайда тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың күшiн өз қаулысымен жояды немесе оларды алып тастайды.
ҚР 04.06.01 N 205-II Заңымен 78-бап өзгертілді
78-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
өндiрiстiк бақылау
Өндiрiстiк бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы арнайы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың келiсiмi бойынша орталық атқарушы органдар немесе ұйымдар бекiтетiн ережелер негiзiнде жүзеге асырылады.
ҚР 04.06.01 N 205-II Заңымен 79-бап өзгертілді
79-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қоғамдық
бақылау
Қоғамдық бақылауды қоғамдық бiрлестiктер өз бастамасы, табиғат пайдаланушылармен және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның шарттар бойынша жүзеге асырады.
Қоғамдық бақылауды жүргiзу тәртiбiн қоғамдық бiрлестiктер өз жарғыларына сәйкес белгiлейдi.
80-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылауды
жүзеге асыратын адамдарды қорғау шаралары
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыратын адамдар мiндеттi сақтандырылуға тиiс, олар қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда да залалды белгiленген тәртiппен өтетуге құқығы бар.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыратын адамдардың заңдарда көзделген жағдайларда арнаулы құралдар мен атылатын қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
09.12.04 ж. N 8-III ҚР Заңымен 16-1 тараумен толықтырылды
16-1-тарау. Қалдықтармен жұмыс iстеудi бақылау
80-1-бап. Қалдықтармен жұмыс iстеудi мемлекеттiк бақылау
1. Қалдықтармен жұмыс iстеудi мемлекеттiк бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары және өз құзыретi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
2. Қалдықтармен жұмыс iстеудi мемлекеттiк бақылау:
қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және өзге де талаптардың орындалуын бақылауды;
қалдықтарды халықаралық тасымалдауға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды;
қауiптi қалдықтармен жұмыс iстеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру шарттарының сақталуын бақылауды;
қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды;
қалдықтарды тасымалдау талаптары мен ережелерiнiң сақталуын бақылауды;
қалдықтардың санын азайту және қалдықтарды қосымша шикiзат көзi ретiнде шаруашылық айналымға тарту жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын бақылауды;
қалдықтармен жұмыс iстеу саласында ұсынылатын ақпараттың және қалдықтар туралы есептiлiктiң дұрыстығын бақылауды;
Қазақстан Республикасының қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы заңдарын бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қолданылуын бақылауды қамтиды.
3. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардың шешiмдерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте шағым жасалына алады.
80-2-бап. Қалдықтармен жұмыс iстеудi өндiрiстiк бақылау
1. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар өз қызметi барысында Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының сақталуына өндiрiстiк бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
2. Өндiрiстiк бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар дербес әзiрлеп, бекiтедi және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдарымен келiседi.
80-3-бап. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы есепке
алу және есептiлiк
1. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар пайда болған, пайдаланылған, залалсыздандырылған, басқа тұлғаларға берiлген немесе басқа тұлғалардан алынған, сондай-ақ орналастырылған қалдықтарды есепке алуды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзуге мiндеттi.
2. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы есепке алуды жүргiзудiң тәртiбiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы және статистика салаларындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен және мерзiмдерде есептiлiктi табыс етуге мiндеттi.
4. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар есепке алу материалдарын Қазақстан Республикасының мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органы белгiлеген мерзiм бойы сақтауды қамтамасыз етедi.
80-4-бап. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастры
1. Қалдықтармен жұмыс iстеу кезiндегi мәлiметтердiң жүйесiн есепке алу мақсатында Қалдықтардың мемлекеттiк кадастры жүргiзiледi.
2. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзудi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
17 тарау. Экологиялық аудит
81-бап. Экологиялық аудит
Экологиялық аудит - ұйымдар мен азаматтардың шаруашылық және өзге де қызметiн, олардың табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру жөнiндегi есеп беруiнiң дұрыс жасалуын қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғаудың нормалары мен ережелерiн, экологиялық талаптарды сақтауын тәуелсiз тексеру.
82-бап. Экологиялық аудиторлық қызмет
Экологиялық аудиттi тапсырысшымен шарт негiзiнде тәуелсiз адамдар (экологиялық аудиторлар) мен аудиторлық ұйымдар жүргiзедi. Заңдарда белгiленген жағдайларда экологиялық аудит мiндеттi болып табылады.
Экологиялық аудиттi жүргiзуге шетелдiк аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар тартылуы мүмкiн.
Экологиялық аудиторлық қызмет мемлекеттiк лицензиялауға жатады, ал бiлiктiлiк комиссиясы аттестациялаған және Қазақстан Республикасы аумағында аудиторлық қызметпен айналысуға бiлiктiлiк куәлiгiн (құжат-куәлiк) алған жеке немесе заңды тұлға экологиялық аудитор бола алады.
83-бап. Экологиялық аудиттi жүзеге асыру тәртiбi
Экологиялық аудиторлық қызметтiң, аудиторларды аттестациялаудың, экологиялық аудиттi жүргiзудiң тәртiбi мен ережелерi, экологиялық аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi, жауапкершiлiгi заңдармен белгiленедi.
18 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы дауларды
шешу және қоршаған ортаны қорғау туралы
заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
84-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы дауларды
шешу
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы дауларды соттар шешедi немесе олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
85-бап. Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды
бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуына кiнәлi жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
09.12.04 ж. N 8-III ҚР Заңымен 86-бап өзгерді(бұр. ред. қара)
86-бап. Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды
бұзудан келтiрiлген зиянды өтеу
1. Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзуы салдарынан қоршаған ортаға, азаматтардың денсаулығына, ұйымдардың, азаматтар мен мемлекеттiң мүлкiне зиян келтiрген заңды және жеке тұлғалар келтiрген зиянын қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өтеуге мiндеттi.
Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу ерiктi түрде немесе белгiленген тәртiппен нұқсанды есептеудiң бекiтiлген кесiмдi бағасы мен әдiстемесiне сәйкес, ал олар болмаған жағдайда келтiрiлген залалдарды ескере отырып, қоршаған ортаның бұзылған жай-күйiн қалпына келтiруге жұмсалған нақты шығындар бойынша жүргiзiледi. Зиянды өтеуден өндiрiлiп алынатын сома бюджетке, ал заңдарда белгiленген жағдайларда зардап шеккен заңды немесе жеке тұлғаға аударылады.
2. Қызметi қоршаған ортаны қорғауға күштi қауiп төндiрумен байланысты заңды және жеке тұлғалар, егер жойқын күштiң немесе зардап шегушiнiң қаскөйлiгi салдарынан зиян келтiрiлгенiн дәлелдей алмаса, өздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.
3. Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиян зардап шегушiнiң еңбек қабiлетiнен айрылу дәрежесiн, оны емдеуге және денсаулығын қалпына келтiруге жұмсалған шығындарды, науқасты күту жөнiндегi шығындарды, өзге де шығындар мен залалдарды ескере отырып толық көлемiнде өтелуге тиiс.
Азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның шамасын анықтау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес, ал зиянды өтеу сот шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуы салдарынан келтiрiлген моральдық зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.
19 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
халықаралық ынтымақтастық
87-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
халықаралық ынтымақтастық
Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жалпыға бiрдей экологиялық қауiпсiздiктiң басымдығын сақтау принциптерiн басшылыққа ала отырып жүзеге асырады.
88-бап. Шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан
Республикасы аумағындағы қоршаған ортаны
қорғау саласындағы қызметi
Егер Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттелмесе, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың қызметiне жол берiледi.