Қазақстан Республикасының Ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мақсатында Жеке
(заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiріне (сәйкестендiру нөмiріне
(бизнес-сәйкестендiру нөмiрiне) көшу бағдарламасын бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 ж. 11 маусымдағы N 565 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. N 13 қаулысымен
енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 ж. 27 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Бұр. ред. қара
Қазақстан Республикасының Ұлттық тiзiлiмдерiн жасау және Жеке (заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiрiне көшу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мақсатында Жеке (заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiрiне (сәйкестендiру нөмiрiне (бизнес-сәйкестендiру нөмiрiне) көшу бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.
2. Мемлекеттік органдар Бағдарламаны iске асыру жөнiндегі жоспарда айқындалған iс-шараларды Iске асыруды қамтамасыз етсiн және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне есептi жарты жылдан кейiнгі айдың 10-күнiнен кешiктiрмей жарты жылдың қорытындылары бойынша олардың орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының Үкiметiне есептi жарты жылдан кейiнгі айдың 25-күнiнен кешiктiрмей Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары К.Қ. Мәсiмовке жүктелсiн.
5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | И.Тасмағамбетов
|
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2003 жылғы 11 маусымдағы
N 565 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасының Ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мақсатында
Жеке (заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiрiне (сәйкестендiру нөмiрiне
(бизнес-сәйкестендіру нөмiрiне)
көшу бағдарламасы
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы
Қазақстан Республикасының Ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мақсатында Жеке (заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiрiне (сәйкестендiру нөмiрiне (бизнес-сәйкестендiру нөмiрiне) көшу бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама).
Қысқаша мазмұны
Бағдарламада жеке (заңды) тұлғаларды есепке алудың бiрыңғай жүйесiн енгiзу жөнiндегi заң шығару және ұйымдастырушылық iс-шаралардың кешенi және осының негiзiнде Қазақстан Республикасында Жеке және заңды тұлғалардың Ұлттық тiзiлiмдерiн жасау көзделген. Бағдарламада жеке (заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiрiнiң құрылымы және жеке тұлғалар үшiн, оның iшiнде қызметiн өзiндiк кәсіпкерлік негiзiнде жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер үшiн сәйкестендiру нөмiрiн (CH), ал заңды тұлғалар мен қызметiн бiрлескен кәсiпкерлiк негізiнде жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлер үшiн бизнес-сәйкестендiру нөмiрiн (БСН) қолдануға көшу тәртiбi жөнiндегi тұжырымдамалық ережелер қамтылады. Сонымен бiрге Бағдарламада CH және БСН-дi қолдануға көшуге жағдайлар жасау жөнiнде министрлiктер мен ведомстволардың әрекеттерiн үйлестiру мәселесi қамтылған. Бағдарламаны қабылдау Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 16 наурыздағы N 573 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың 2001-2003 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 2 шiлдедегi N 713 қаулысымен бекiтiлген Микропроцессорлық карточкалар негізiнде Төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесiн дамыту бағдарламасын iске асыруға септiгiн тигiзетiн болады.
Iске асыру мерзiмi
2003-2005 жылдар.
2. Кiрiспе
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 16 наурыздағы N 573 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың 2001-2003 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында "Жеке тұлғалар" және "Заңды тұлғалар" деген мемлекеттiк дерекқорларын жасау көзделген.
Осы тапсырманы iске асыру барысында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 31 желтоқсандағы N 1384 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамыту жөнiндегi жұмыстарды және ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттары бойынша қызметтi үйлестiру жөнiндегi комиссия (бұдан әрі - Ақпараттандыру жөнiндегi комиссия) жұмысының шеңберiнде бiрыңғай нөмiрдiң құрылымына, сондай-ақ оларды қолдануға көшу жөнiндегi шаралар кешенiне қатысты тұжырымдамалық ережелер әзiрлеу қажеттiгі туралы шешiм қабылданған болатын.
Осыған байланысты Ақпараттандыру жөнiндегi комиссияның шеңберiнде әзiрленген оны iске асыру жөнiндегi Iс-шаралар жоспарын қамтитын ұлттық тiзiлiмдердi жасау және жүргiзу мақсатында Жеке (заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiрiн (CH (БСН) беру жөнiндегi тұжырымдама Ақпараттандыру жөнiндегi комиссияның 2003 жылғы 20 қаңтардағы, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2003 жылғы 25 ақпандағы отырысында қаралған және мақұлданған болатын.
3. Мәселенiң қазiргi жай-күйiн талдау
Қазiргi таңда Қазақстан Республикасында жеке тұлғаларды есепке алудың бiрнеше жүйесi пайдаланылады. Атап айтқанда:
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Салық комитетiнiң органдары салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi алу мақсатында жеке, сондай-ақ заңды тұлғаларға 12 сандық разрядтан тұратын салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн (СТН) бередi;
зейнетақылар мен әлеуметтiк жәрдемақыларды есептеу және төлеу үшiн Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі 16 разрядтан тұратын әлеуметтiк жеке код (ӘЖК) пайдаланады, мұнда разрядтарда сандармен қатар әрiптiк мәндер де пайдаланылады;
паспорттық бақылау үшiн Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiнде 12 сандық разрядтан тұратын азаматтың сәйкестендiру коды (ID-код) пайдаланылады. Бұл код азаматтың жеке куәлiгiнде және (немесе) паспортында көрсетiледi.
Соның салдарынан әрқайсысы өзiнiң нөмiрiнде (кодында) құрылатын ведомстволық автоматтандырылған дерекқор жүйесiн жасау мәселесiне атқарушы билiк органдарының iс-әрекетiнде келiсiлмеген әрекеттер бар. Мысалға, салық органдары салық төлеушiлердiң тiзiлiмiн жүргiзедi; Iшкi iстер министрлігі жеке басты куәландыратын берiлген құжаттар туралы дерекқорды қолдауда; көлiк полициясы органдары тiркелген көлiк құралдарының электронды дерекқорын қалыптастыруда; әлеуметтiк қорғау органдары әлеуметтiк жәрдемақыларды беру тiзiлiмiнiң жүргiзiлуiне жауап бередi және басқалары.
Қолда бар ведомстволық автоматтандырылған жүйелер, көбiнесе, әр орган жасап шығарған әдiстемелiк қағидаттар, персоналды ақпаратты жинаудың және пайдаланудың тұйықталған технологиялары, бiр iзге салынбаған ақпараттық-лингвистикалық құралдар негiзiнде қалыптасады; аса маңызды емес мәлiметтерден (тек азаматтардың тиiстi мемлекеттiк органға жүгінуi сәтiнде ғана көкейкестi болады) тұрады және оларды қалыптастыру мен жүргiзудiң ортақ алгоритмдерi, сондай-ақ ведомстволық автоматтандырылған жүйелермен жұмыс iстеу кезiнде байланыстырушы "кiлт" ретiнде пайдалануға болатындай бiрыңғай нөмiр жоқ болуы себептi өзара байланыса алмайды.
Ведомстволық жүйелер арасындағы ақпараттық өзара iс-қимылдың мұндай бытыраңқылық, бәрiнен бұрын, халықты сәйкестендiруге мүмкiндiк беретiн мәлiметтердi жинауға және деректердi есепке алудың мемлекеттiк жүйесiне бiрнеше мәрте енгiзуге ақталмайтын шығындарды тудырады. Бұл орайда қолмен енгiзуде қателер туындамай қоймайтындығы сияқты жалпыға белгiлi проблемамен қатар, әрбiр мемлекеттiк орган ақпарат тiзiлiмiнiң өз пiшiмдерiн пайдаланады, сайып келгенде, дұрыс және кешендi ақпарат алудың мүмкiн еместiгiне әкелiп тiрейдi.
Қолда бар және әзiрленiп жатқан ведомстволық есепке aлу жүйесiнiң салыстырылмауын жою проблемасын шешу жеке (заңды) тұлғаларды есепке алудың бiрыңғай жүйесiн: сәйкестендiру нөмiрлерi мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiн енгiзген кезде мүмкiн болады, оны пайдалану олардың негiзiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық тiзiлiмдерiнiң бiрыңғай ақпараттық жүйесiн құруға мүмкiндiк бередi.
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерi:
сәйкестендiру және бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiн енгізудiң негiзiнде жеке (заңды) тұлғаларды есепке алудың бiрыңғай жүйесiне көшу;
сәйкестендiру және бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң құрылымы жөнiндегi тұжырымдамалық ережелердi бекiту;
қолда бар және әзiрленiп жатқан ведомстволық есепке алу жүйелерiнiң салыстырылмауын жою проблемасын шешу, Қазақстан Республикасының Ұлттық тiзiлiмдерiн қалыптастыру үшiн алғышарттар жасау;
мемлекеттiк органдардың ақпараттық дерекқорын көкейкестi етудi iске асыру және ақпаратты қайталауды болдырмау;
ақпараттық ресурстарды басқару және пайдалану тетiктерiн жетiлдiру;
азаматтардың және заңды тұлғалардың шағымдары кезiнде мемлекеттiк рәсiмдердi жүргiзудi жеделдету мен жеңiлдету негiзiнде жеке тұлғалар мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң мемлекеттiк органдармен өзара қарым-қатынастарын жетiлдiру;
қажеттi нормативтiк құқықтық базаны жасау, сондай-ақ Қазақстан Республикасында сәйкестендiру және бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiн қолдануға көшу жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу болып табылады.
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетiктерi
1. Жалпы ережелер
Қазақстан Республикасында Ұлттық тiзiлiмдердiң бiрыңғай ақпараттық жүйесiн жасау мақсатында жеке (заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiрiн енгiзудi Ұлттық тiзiлiмдердi құруға және жүргiзуге қатысты негiз құраушы қағидаттар мен нормаларды, халық пен мемлекеттiң бiрыңғай нөмiрдi гендеу жөнiндегi өзара қарым-қатынастары рәсiмдерiн, ведомстволық автоматтандырылған есепке алу жүйесiн жүргiзу мақсатында мемлекеттiк органдар арасындағы деректер алмасу регламентiн белгiлейтiн, жеке тұлғалар үшiн бiрыңғай нөмiрлердi қолдану аясын шектейтiн, персоналды дерекқорды қалыптастыру кезiнде мемлекеттiк органдар алған ақпараттардың құпиялылығын сақтау жөнiндегi ережелерден тұратын заңнамалық кесiмдердi қабылдау, сондай-ақ бiрыңғай нөмiрге өту жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзу жолымен жүргізу қажет. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдерiн көрсетiлген заңнамалық кесiмдерге сәйкес келтiру талап етiледi.
Жеке (заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiрiнiң атаулары ретiнде мыналарды пайдалану ұсынылады:
сәйкестендiру нөмiрi (СН) - жеке тұлғалар, оның iшiнде қызметiн өзiндiк кәсiпкерлiк негiзiнде жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлер үшiн;
бизнес-сәйкестендiру нөмiрi (БСН) - заңды тұлғалар және қызметiн бiрлескен кәсiпкерлiк негiзiнде жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлер үшiн.
СН (БСН) жеке (заңды) тұлғаны Халық пен заңды тұлғалардың ұлттық тiзiлiмдерiнде (CH және БСН Ұлттық тiзiлiмдерiнде) бiр мағыналы тiркеуге мүмкiндiк беретiн символдар кезектiлiгiн бiлдiруi тиiс.
СН (БСН) берiлген генерациялау алгоритмiне сәйкес берiледi. Бұл орайда CH (БСН) генерациялау деп бiрыңғай нөмiрдi қалыптастыру және оны тиiстi құжаттарға қою рәсiмi түсiндiрiледi.
CH бiр рет берiледi, CH құрылымына енетiн мәлiметтер өзгерген кезде сәйкестендiру нөмiрi өзгерiссiз қалады. Ұлттық тiзiлiмдерде СН (БСН) құрылымына енетiн мәлiметтердiң өзгеру тарихы жүргiзiледi, сондай-ақ жүргiзiлген қайта тiркеулер мен бұрын берiлген CH (БСН) жоюлар туралы ақпарат жинақталады.
СН (БСН) бiрегей болуы тиiс, CH (БСН) қайталауға жол берiлмейдi. CH-дi қолдану аясы заңнамамен қатаң шектеледi. СН (БСН) мемлекеттiк органдардың мамандандырылған дерекқорын СН (БСН) "байлау" жолымен орталық мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволарының ақпараттық жүйелерiн жасау және жүргiзу үшiн "кiлт" ретiнде пайдаланылады.
СН (БСН) берудiң тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
Орталық атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен СН және БСН Ұлттық тiзiлiмдерiнiң бiрыңғай жүйесi бойынша ақпараттардың құпиялылығын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
2. СН (БСН) құрылымы
СН құрылымының негiзiне қазiргi таңда Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгі пайдаланып жүрген азаматтың он екi таңбалы сәйкестендiру кодын алу ұсынылады. Iшкi iстер министрлiгiнiң ақпараты бойынша кодтың осыған ұқсас құрылымы Данияда, Финляндияда, Жапонияда, Германияда, АҚШ-та, Францияда, Кувейтте, Малайзияда, Мальтада, Ботсванада, Кипрде, Египетте, Латвияда, Литвада, Эстонияда, Белоруссияда және басқа елдерде қолданылады. Қазақстанда бұл код 1997 жылдан бастап пайдаланылады.
Бұл кодтың артықшылығы оның есте жақсы сақталатындығы мен жеке тұлғалар үшiн ақпараттылығында болып отыр, өйткенi азаматтың қолданыстағы сәйкестендiру кодының құрылымында белгiлi бiр комбинацияда азаматқа белгiлi туған күнi, айы және жылы, сондай-ақ жеке тұлғаның жынысы мен ғасыры бар.
БСН құрылымын әзiрлеу кезiнде бақылау разряды СН-нiң бақылау разрядына ұқсас есептелетiн он екi разрядты кодты пайдалану ұсынылады.
СН (БСН) құрылымында тек сандық мәндердi ғана пайдалану ұсынылады. Құрылым сандардың солдан оңға қарай кезектiлігінiң сипаттамасы түрiнде болады. Ыңғайлы болу үшiн ұқсас және (немесе) бiрдей сипаттамасы бар бiрнеше разрядтарды сипаттау үшiн бiр фасетқа бiрiктiрiлуi мүмкiн.
3. CH генерациялау алгоритмі
СН-дi генерациялаудың мынадай алгоритмi ұсынылады:
1) бiрiншi фасет - 6 разрядтан (а1 - а6) тұрады және жеке тұлғаның туған жылын (соңғы екi сан), айы мен күнiн сипаттайды;
2) екiнші фасет - 1 разрядтан (а7) тұрады және жеке тұлғаның жынысы мен оның туған ғасырын сипаттайды. Разрядтың мәнiн айқындау кезiнде ерлер үшiн тақ сандар, ал әйелдер үшiн - жұп сандар пайдаланылады.
Бұл разряд үшiн нақты мәндер мынадай түрде болады:
1 - 19 ғасырда туған ерлер үшiн;
2 - 19 ғасырда туған әйелдер үшiн;
3 - 20 ғасырда туған ерлер үшiн;
4 - 20 ғасырда туған әйелдер үшiн;
5 - 21 ғасырда туған ерлер үшiн;
6 - 21 ғасырда туған әйелдер үшiн;
Демек, бұл разрядта 7, 8, 9 және 0 резервтiк мәндерi бар;
3) үшiншi фасет - 4 разрядтан (а8 - а11) тұрады және жүйедегi тiркеудiң реттiк нөмiрiн сипаттайды. Қазақстан Республикасы Статистика жөнiндегi агенттiгiнiң деректерi бойынша бiр күнде туылғандардың ең жоғарғы саны (1999 жылдан бастап) - 1229 адам, сондықтан тiркеудiң реттiк нөмiрi үшiн 4 таңба толықтай жеткiлiктi. Тiркеудiң реттiк нөмiрi бiр топтың шеңберiнде (туған жылы) жаппай нөмiрлеумен қойылады;
4) төртiншi фасет - 1 разрядтан (а12) тұрады және CH-нiң бақылау разряды болып табылады. CH-нiң бақылау разряды есебiнiң алгоритмi Бағдарламаның 5-тарауының 5-параграфында келтiрiлген.
Осылайша, CH құрылымы мына түрде болады (мұнда және бұдан әрi - аі i-разрядының мәнi):
а1а2 а3а4 а5а6 | а7 | а8а9а10а11 | а12 |
Жеке тұлғаның туған жылының соңғы екi саны, айы, күні | Жеке тұлғаның жынысы және оның туған ғасыры: ер жыныстылар үшiн: 1 - 19 ғасыр, 3 - 20 ғасыр, 5 - 21 ғасыр; әйел жыныстылар үшiн: 2 - 19 ғасыр, 4 - 20 ғасыр, 6 - 21 ғасыр. 7, 8, 9 және 0 резервтік мәндер. | Тiркеудiң реттiк нөмірі | Бақылау разряды. |
Қызметтерiн өзiндiк кәсiпкерлiк нысанында жүзеге асыратын жеке
кәсiпкерлер (бұдан әрi - ЖК (Ө) жеке тұлғаға туылған кезде берiлген CH-дi
пайдаланатын болады.
4. БСН-дi генерациялау алгоритмi
БСН-дi генерациялаудың мынадай алгоритмi ұсынылады:
1) бiрiншi фасет - 4 разрядтан (а1 - a4 дейiн) тұрады және заңды тұлғаны немесе қызметiн бiрлескен кәсiпкерлiк негiзiнде жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлердi (бұдан әрi - ЗТ немесе ЖК (Б) тiркеудiң жылын (соңғы екi саны) және айын сипаттайды;
2) екiншi фасет - 1 разрядтан (а5) тұрады және ЗТ немесе ЖК(Б) түрiн сипаттайды. Бұдан басқа, осы разрядтың алгоритм есептерiнiң мәнi БСН-нiң СН-мен сәйкес келу мүмкiндiгін болдырмау үшiн пайдаланылады.
CH құрылымында a5 (бесiншi разряд) туған күнiнiң бiрiншi санын бiлдiретiн болғандықтан, ал туған күнi тек 0, 1, 2 немесе 3 (мысалы, 01, 11, 21, 31) санынан басталуы мүмкiн екендiгiн ескере отырып, БСН құрылымында а5 (бесiншi разрядта) генерациялаудың мiндеттi шарты 0, 1, 2 және 3 сандарын пайдалануды болдырмау болады.
Бұл разрядтың мынадай нақты мәндерiн пайдалану ұсынылады:
4 - резидент заңды тұлғалар үшiн;
5 - резидент eмec заңды тұлғалар үшін;
6 - қызметiн бiрлескен кәсiпкерлiк негiзiнде жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлер үшiн.
Демек, бұл разрядта 7, 8 және 9 резервтiк мәндер бар;
3) үшiншi фасет - 1 разрядтан (а6) тұрады және а5 разрядын қосымша тәптiштеу болып табылатын арнайы белгiнi сипаттайды:
0 - ЗТ немесе ЖК(Б) бас бөлiмшесiнiң белгiсi;
1 - ЗТ немесе ЖК(Б) филиалының белгiсi;
2 - ЗТ немесе ЖК(Б) өкiлдiгiнiң белгiсi;
3 - ЗТ немесе ЖК(Б) өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмшесiнiң белгiсi;
4 - қызметiн бiрлескен кәсiпкерлiк негiзiнде жүзеге асыратын шаруа (фермер) қожалығының белгiсi;
4) төртiншi фасет - 5 разрядтан (а7 - а11 дейiн) тұрады және жүйеде ЗТ немесе ЖК(Б), сондай-ақ олардың құрылымдық бөлiмшелерiн тiркеудiң реттiк нөмiрiн сипаттайды;
5) бесiншi фасет - 1 разрядтан (а12) тұрады және БСН-нiң бақылау разряды болып табылады. БСН бақылау разряды есебiнiң алгоритмi Бағдарламаның 5-тарауының 5-параграфында келтiрiлген және СН бақылау разрядының есебiне ұқсас.
Осылайша, БСН құрылымы мынадай түрде болады:
а1а2 а3а4 | а5 | а6 | а7а8а9а10а11 | а12 |
ЗТ немесе ЖК(С) тiркеу жылының, соңғы екi саны, айы. | Салық төлеушiнiң түрi: 4 - резидент заңды тұлғалар; 5 - резидент емес заңды тұлғалар; 6 - бiрлескен кәсiпкерлiк негiзiндегi жеке кәсiпкерлер. CH-мен сәйкестiктi болдырмау мақсатында 0, 1, 2, 3 сандарын пайдаланбаңыз. 7, 8 және 9 резервтiк мәндер | Арнайы белгi (а5 разрядын қосымша тәптiштеу): 0 - бас бөлiмше; 1 - филиал; 2 - өкiлдiк; 3 - өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмше; 4 - бiрлескен кәсiпкерлiк негiзiндегi шаруа (фермер) қожалығы. | ЗТ немесе ЖК(Б), сондай-ақ құрылымдық бөлiмшелерді тiркеудiң реттiк нөмiрi. | Бақылау разряды. |
5. Бақылау разрядының мәнiн есептеу алгоритмi
CH (БСН) құрамына бақылауды жүзеге асыру және клавиатуралық енгiзу қателiктерiн кемiту мақсатында, 12 бақылау разрядының болуы көзделедi, оны есептегенде бiр циклда мынадай алгоритм пайдаланылады:
а12 = (1*а1+3*а2+7*а3+9*а4+3*а5+1*а6+9*а7+7*а8+3*а9+9*а10+1*а11) mod 10,
мұнда аі - i-разрядтың мәнi.
10-модуль бойынша есептеп шығаруды жүргiзу СН (БСН) бiрыңғай нөмiрiнiң жол берiлмейтiн мәнiн бақылау сапасын елеулi дәрежеге жоғарылатады.
Қате үлгісi | Нәтиже |
Бір разрядтағы қате Екі разрядтағы қате Екі көршiлес разрядтар мәндерiнiң ауысуы Екi разряд мәндерiнiң ауысуы Разрядтардың екi жұбы мәндерiнiң ауысуы | 100% 91% 90% 81,8% 81% |
Жеке басты куәландыратын, бұрын берiлген құжаттарды қайта тiркегенге
және жаңа үлгiдегi құжаттарға (smart-карточкалар) ауыстыруға дейiн, Жеке
(заңды) тұлғалардың мемлекеттiк дерекқорын құру кезiнде екi циклда 11
модуль бойынша 12 бақылау разрядын есептеу алгоритмiмен, азаматтың жеке
басын куәландыратын құжаттарда басылған ID-коды пайдаланылады.
6. CH (БСН) қолдану тетiгi мен аясы
СН Қазақстан Республикасының азаматтары - жеке тұлғаларына адам
туылған кезде (туу туралы куәлiктi бергенде) берiледi, содан соң онымен
өмiр бойы "бiрге жүредi":
жеке куәлiктi немесе төлқұжатты алғанда;
салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi
төлегенде;
мiндеттi зейнетақы жарналарын ұстағанда және аударғанда;
жылжымайтын мүлiк объектiлерiн және көлiк құралдарын тiркегенде;
банк мекемелерiнде шот ашқанда;
рұқсат беру сипатындағы құжаттарды (лицензиялар, патенттер,
жүргiзушiнiң куәлiгi, ластауға, су пайдалануға рұқсаттар және тағы басқа)
алғанда;
тiркеу сипатындағы құжаттарды (жеке кәсiпкер куәлiгi, сыртқы
экономикалық қызметке қатысушы ретiнде тiркеу және тағы басқа) алғанда;
әскери билет, офицер (прапорщик) жеке куәлiгiн алғанда;
кедендiк-ресiмдеу кезiнде;
басқа.
Қазақстан Республикасына келетiн және көшi-қон қызметiнде тiркелуге
тиiс резидент емес жеке тұлғаларға СН беру жүргiзiлетiн болады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасында iс жүзiнде жоқ, алайда
Қазақстан Республикасында салық салу объектiсi бар резидент емес жеке
тұлғаларға СН беру талап етiледi.
Заңды тұлғаларға БСН беру мемлекеттiк тiркеу кезiнде жүргiзiлетiн
болады. Бұл ретте осы рәсiм заңды тұлғаның филиалдары мен өкiлдiктерiн
есептiк тiркеу және басқа да оқшауланған құрылымдық бөлiмшесiн салық
органдарында тiркеу кезiнде де жүргiзiледi.
БСН беру рәсiмi қызметiн бiрлескен кәсiпкерлiк негiзiнде жүзеге
асыратын жеке кәсiпкерлерге қатысты да жүргiзiлетiн болады.
Бұдан басқа, бизнес - сәйкестендiру нөмiрiнiң құрылымына кiретiн
мәлiметтер өзгерген жағдайда, жаңа БСН-дi берумен қайта тiркеу рәсiмi
жүргiзiледi. Бұл ретте Ұлттық тiзiлiмдерге СН бойынша да, БСН бойынша да
соның iшiнде СН (БСН) беру, БСН құрылымына кiретiн мәлiметтердi өзгерту,
сондай-ақ CH (БСН) жою бөлiгiнде барлық өзгерiстердiң тарихы жүргiзiледi.
CH (БСН) берудiң нақты тетiктерiн, сондай-ақ CH (БСН) тiркеу және беру
рәсiмдерiн жүргiзуге жауапты мемлекеттiк органдарды айқындауды
мемлекеттiк шығыстарды мейлiнше азайту мен жеке және заңды тұлғаларға
барынша қолайлы жағдай туғызу тұрғысынан қарау қажет.
CH (БСН) орталықтандырылған дерекқорына жүгiну жолымен CH-дi
(БСН-дi) мiндеттi түрде "оn-linе" режимiнде беру CH (БСН) қайталануын
болдырмау мақсатында сақталуға тиiс негiзгi талап болып табылады.
Сондықтан, тiркеу жүйесiнiң жұмыс iстеу мүмкiндiгiн аудандық деңгейде
iске асыру талап етiледi.
СН жеке тұлғаның суретi мен CH-i бар smart-карточка түрiнде болатын
жеке бас куәлiгiне микропроцессорлық технологияны қолдану арқылы
микропроцессорлық карточкалар негiзiнде төлем карточкаларының ұлттық
банкаралық жүйесiн дамыту бағдарламасын iске асыру кезiнде сәттi
пайдаланыла алады. Мұндай куәлiк-карточка тiркеу мәлiметтерiн сақтау үшiн
ғана пайдаланылып қоймай, сонымен қатар ағымдағы банктiк шоттағы
қалдықтар туралы, зейнетақы жинақтары, әлеуметтiк, мiндеттi медициналық
сақтандыру деректерi туралы, салықтық мiндеттемелердi орындау туралы және
тағы да басқа ақпараттарды жадында сақтайтын электрондық әмиян ретiнде
қолданылуы мүмкiн.
7. СН (БСН) көшу
CH және БСН енгiзудi бiрқатар даярлық iс-шараларын iске асыру қажет болатын СН мен БСН-ге өту алдындағы уақытша кешеуiлдеудi анықтай отырып, белгiлi бiр күннен бастап жүргiзу орынды.
Оның iшiнде, "Ұлттық тiзiлiмдер туралы", "Ұлттық тiзiлiмдер туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қолданысқа енгiзу туралы", "Кейбiр заң актiлерiне Ұлттық тiзiлiмдер туралы Қазақстан Республикасының Заңын қолданысқа енгiзуге байланысты өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заңдарды әзiрлеу мен қабылдауды да, осы заң жобаларын iске асыру жөнiндегі Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларын әзiрлеу мен қабылдау және ведомстволық актiлердi қабылданған заң жобаларына сәйкес келтiруді де қамтитын нормативтiк базаны қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу талап етiледi.
Сондай-ақ белгiлi бiр күннен бастап "өтпелi" деп аталатын кезең iшiнде мынадай процестердi қатар жүргiзу ұсынылады:
туу туралы куәлiктердi, жеке басын куәландыратын құжаттарды, салық төлеушiнiң куәлiктерiн, заңды тұлғаны мемлекеттiк (есептiк) тiркеу туралы куәлiктердi және жеке кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктердi тiркеу органдарына осындай құжаттарды бiрiншi рет алуға жүгiнген жеке және заңды тұлғаларға СН (БСН) көрсетумен (бұдан әрi - CH (БСН) көрсетiлген құжаттар) беру;
тiркеу органдарына қайта тiркеу үшін жүгiнген жеке және заңды тұлғаларға "ескi" құжаттардың орнына СН (БСН) көрсетiлген "жаңа" құжаттар беру.
"Өтпелi" кезеңге дейiн СН мен БСН-нің Ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен енгiзудi қамтамасыз ететiн бағдарламалық өнiмдердi әзiрлеу мен пилоттық енгiзудi жүргiзу, сондай-ақ Ұлттық тiзiлiмдердi жүргiзуге жауапты уәкiлеттi органды айқындау керек.
Мемлекеттiк органдарға ведомстволық ақпараттық жүйелердiң бағдарламалық қамтамасыз етiлуiн пысықтауға бiршама уақыт қажет. Атап айтқанда, салық органдары мен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгінiң бөлiмшелерi даярлық кезеңi iшiнде берiлген СН-дi бұрын берiлген СТН-мен және ӘЖК-пен "байлау" бойынша жұмыс жүргiзуi тиiс.
Бiрлескен кәсiпкерлiк негiзiнде қызметiн жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер бойынша БСН беру және оларды бұрын берiлген CTH-мен "байлау" жөнiнде осыған ұқсас жұмыс жүргiзу қажет болады.