1. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның салық салынатын табысын анықтау, корпорациялық табыс салығын есептеу мен төлеу тәртiбi осы баптың және осы Кодекстің 79-135-баптарының ережелерiне сәйкес жүргiзіледi.
2. Резидент емес заңды тұлғаның табыстарына тұрақты мекеменiң қызметiне байланысты табыстардың барлық түрлерi жатады.
3. Егер резидент емес заңды тұлға тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметiне ұқсас немесе сондай қызметтi Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын болса, осындай қызметтен түскен табыстар тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметтен түсетiн табыстарға жатады.
4. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатқызылмайтын шығыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметтен табыстар алуға тiкелей байланысты шығыстар Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде жасалғанына қарамастан шегерiмге жатады.
5. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемеге:
1) осы резидент емес заңды тұлғаның меншiгiн немесе санаткерлiк меншiгiн пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн төленетiн роялти, қаламақылар, алымдар және басқа да төлемдер;
2) қызмет көрсеткенi үшiн алынатын комиссиялық табыстар;
3) осы резидент емес заңды тұлға берген заемдар бойынша сыйақылар;
4) резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы қызметiнен табыстар алуымен байланысты емес шығыстар;
5) құжатпен расталмаған шығыстар;
6) резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде шеккен басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстары ретiнде ұсынылған соманы тұрақты мекемеден шегерiмге жатқызуға құқығы жоқ.
185-бап. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен түскен таза табысына салық
салу тәртiбi
1. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен алынған таза табысына 15 проценттiк ставка бойынша салық салынады.
Есептелген корпорациялық табыс салығының сомасы алып тасталған салық салынатын табыс таза табыс деп танылады.
2. Таза табысқа есептелген салық сомасы корпорациялық табыс салығы жөнiндегi декларацияда көрсетiледi.
3. Резидент емес заңды тұлға тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен түскен таза табысына корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгi он жұмыс күнi iшiнде салық төлеуге мiндеттi.
186-бап. Резидент емес заңды тұлғаның табыстарына жекелеген жағдайларда салық салу тәртiбi
Салық органында тiркелмеген резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен түскен табыстарына төлем көзiнен шегерiм жасалмай табыс салығы салынуға тиіс.
Бұл ретте салық агентiнiң төлем көзiнен ұстаған табыс салығы тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент еместiң салық мiндеттемелерiн өтеу есебiне есепке жатқызылуға тиiс.
30-тарау. Резидент емес жеке тұлғалардың
табыстарына салық салу тәртібі
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 187-бап өзгертілді
187-бап. Төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстау және төлеу тәртiбi
1. Резидент емес заңды тұлғаның осы Кодекстiң 178-бабында белгiленген, осы тұлғаның тұрақты мекемесiне байланысты емес табыстарына, мыналарды:
1) осы баптың 2-тармағында көзделген табыстарды;
2) Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы жеке кәсiпкерлiк қызметтен түскен табыстарды;
3) банк депозиттерi бойынша сыйақыларды;
4) Қазақстан Республикасының аумағына сыртқы сауда операциялары бойынша тауарларды беруге байланысты төлемдердi;
5) бағалы қағаздарды сату кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарды;
6) мемлекеттiк бағалы қағаздармен және агенттік облигацияларымен жүргiзілген операциялардан түскен табыстарды;
7) сатып алушы-резиденттер борыштық бағалы қағаздарды сатып алу кезiнде резидент еместерге төлеген, олар бойынша жинақталған (есептелген) сыйақылар сомасын қоспағанда, осы Кодекстiң 179-181-баптарында белгiленген тәртiпте және мерзiмде төлем көзiнен салық салынуға тиiс.
2. Резидент емес жеке тұлғаның осы Кодекстiң 149-151-баптарында белгiленген өзге де табыстарын қоса отырып, осы Кодекстiң 178-бабы 14)-18) тармақшаларында белгiленген табыстарына осы Кодекстiң 147, 153-баптарының ережелерiмен белгiленген тәртiпте және мерзiмде, бiрақ осындай табыстарға қатысты шегерiмдердi жүзеге асырмай, төлем көзiнен салық салынуға тиiс.
3. Осы Кодекстiң 178-бабының 8) тармақшасында белгiленген борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылардан төлем көзiнен табыс салығын есептеу мен ұстау тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
4. Мемлекеттiк бюджетке төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу жөнiндегi мiндеттеме мен жауапкершiлiк табыстарды төлеушi тұлғаға (соның iшiнде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асырушы резидент емеске) жүктеледi. Мұндай тұлға осы Кодекстiң 10-бабының 1-тармағына сәйкес салық агентi болып танылады.
Егер резидент еместiң қызмет кезеңi тұрақты мекеме құру үшiн белгiленген мерзiмнен асып кетсе, ол Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асырған кезден бастап салық агентi болып танылады.
4-1. Депозитарлық қолхаттар бойынша табыстар төлеудің көзі осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті болып табылады.
5. Төлем көзiнен салықты, табыс төлемiн жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, салық агентi ұстайды.
188-бап. Салық есептiлiгiн табыс ету
Салық агенттерi тiркелген жерi бойынша салық органдарына осы Кодекстiң 182-бабында белгiленген мерзiмде төлем көзiнен алынатын табыс салығы бойынша есеп-қисапты табыс етуге мiндеттi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 189-бап өзгертілді
189-бап. Қызметi тұрақты мекеме құруға алып келетiн резидент емес жеке тұлғадан табыс салығын алуды есептеу және төлеу тәртiбi
1. Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлiк қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес жеке тұлға, осы Кодекстiң ережелерiне және 184-бабының 5-тармағына сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, тiкелей осындай табыстарға қатысты жасалған шегерiмдер сомасына азайтылған нақ сондай қызметпен байланысты табыс бойынша жеке табыс салығын төлеушi болып табылады.
Резидент емес жеке тұлға көрсететiн тәуелдi жеке қызметтер (жалданатын жұмыс) осы жеке тұлғаның тұрақты мекемесiн құруға алып келмейдi.
2. Салық салынатын табысты анықтау, жеке табыс салығын есептеу және төлеу тәртiбi осы баптың және осы Кодекстiң 163-170-баптарының ережелерiне сәйкес жүргiзiледi.
3. Резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығын осы Кодекстiң 191-бабында белгiленген тәртіппен және мерзiмде дербес төлейдi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 190-бап өзгертілді
190-бап. Резидент емес жеке тұлғаның табысына жекелеген жағдайларда салық салу тәртiбi
1. Резидент емес жеке тұлғаның резиденттер шығарған бағалы қағаздарды өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған, төлем көзiнен табыс салығы салынбаған және осы жеке тұлғаның тұрақты мекемесiмен байланысты емес табыстарына, осы Кодекстiң 180-бабында белгiленген ставкалар бойынша шегерiмдердi жүзеге асырмай, салық салынуға тиiс.
2. Қор биржасының өткізілетін күнгі "А" және "В" ресми тізіміндегі акциялар мен облигацияларды, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздарды өткізу кезінде құн өсімінен түскен табыстарға салық салынбауға тиіс.
3. Резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығын есептеу мен төлеудi осы Кодекстің 191-бабының 5-тармағында белгiленген мерзiмде дербес жүргiзедi.
4. Осы баптың 2-тармағына сәйкес салық салуға жатпайтын кірістерді қоспағанда, резидент емес жеке тұлғаға бағалы қағаздарды сатудан түскен кірістер төлейтін тұлға эмитент тіркелген жер бойынша салық органын төлем сомасы туралы кіріс төленген кезден бастап он жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 191-бап өзгертілді
191-бап. Аванстық төлемдердi және жеке табыс салығын төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi
1. Мынадай резидент емес жеке тұлғалар:
1) Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жеке кәсіпкерлiк қызметтен табыс түсiретiн резидент емес жеке тұлғалар;
2) төлем көзiнен табыс салығы салынатын табыстарды қоспағанда, осы Кодекстiң 149-151-баптарында көзделген өзге де табыстарды қоса отырып, осы Кодекстiң 178-бабының 14)-17) тармақшаларында белгiленген табыстарды алатын резидент емес жеке тұлғалар жеке табыс салығын аванстық төлемдердi енгiзу жолымен төлейдi.
1-1. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген резидент емес жеке тұлғаларға жеке табыс салығын есептеу шегерімді жүзеге асырмастан есептелген табыс сомасына осы Кодекстің 145-бабының 1-тармағында белгіленген ставкаларды қолдану арқылы жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған резидент емес жеке тұлға өз қызметiн жүзеге асырған кезең үшiн жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдердi осы Кодекстің 126 және 127-баптарында белгiленген тәртiп пен мерзiмдерде төлейдi.
3. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыруы кезеңiнде тең үлеспен төленетiн жеке табыс салығы бойынша аванстық төлем сомалары жеке табыс салығының болжамды сомасы туралы мәлiмдемеде аталған салық сомасын негiзге ала отырып анықталады.
Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған резидент емес заңды тұлғалар жеке табыс салығының болжамды сомасы туралы мәлiмдемеге жеке еңбек шартын (келiсiм-шарт) немесе салық салынатын табыстың мәлiмделген сомасын растайтын азаматтық-құқықтық сипаттағы өзге де шартты қоса беруге мiндеттi.
4. Аванстық төлемдердiң енгiзiлген сомалары ағымдағы салық кезеңi үшiн резидент емес жеке тұлғаға есептелген жеке табыс салығын төлеу есебiне жатқызылады.
5. Түпкiлiктi есеп айырысу және жеке табыс салығын төлеу салық кезеңi үшiн жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде, бiрақ Қазақстан Республикасынан кеткенге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 192-бап өзгертілді
192-бап. Жеке табыс салығының болжамды сомасы туралы мәлiмдеме және жеке табыс салығы бойынша декларация
1. Осы Кодекстiң 191-бабында көрсетiлген резидент емес жеке тұлғалар Қазақстан Республикасына келген күнiнен бастап жиырма жұмыс күнiнен кешiктiрмей немесе күнтізбелік жылдың 20 қаңтарынан кешіктірмей қызметiн жүзеге асыру кезеңiндегi жеке табыс салығының болжамды сомасы туралы мәлiмдеменi келген орны бойынша салық органдарына табыс етуге мiндеттi.
2. Мыналар:
төлем көздерiнен табыс салығы салынбайтын Қазақстан Республикасындағы көздерден табыстар алатын;
Қазақстан Республикасында отыз күнтiзбелiк күннен астам уақыт кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыратын немесе салық кезеңi iшiнде Қазақстан Республикасындағы көздерден 500 айлық есептiк көрсеткiштен астам пайда түсiретiн резидент емес жеке тұлғалар жеке табыс салығы туралы декларацияны осы Кодекстiң 172-бабында белгiленген мерзiмде немесе осы салық кезеңiнде кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан және Қазақстан Республикасынан кеткен жағдайда кетуiне дейiн он жұмыс күнінен кешіктiрмей келген жерiндегі салық органдарына табыс етедi.
31-тарау. Халықаралық шарттар бойынша
арнаулы ережелер
193-бап. Халықаралық шартты қолдану жағдайы
1. Қазақстан Республикасы тараптардың бiрi болып табылатын, қосарланған салық салуды болдырмау және табысқа немесе мүлiкке (капиталға) салық салудан жалтарудың жолын кесу туралы халықаралық шарттың (бұдан әрi осы Кодекстiң 193-204-баптарының мақсатында - халықаралық шарт) ережелерi осындай шарт жасасқан мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де резидентi болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
2. Егер халықаралық шарт жасасқан мемлекеттiң резидентi халықаралық шарттың ережелерiн халықаралық шарт жасасқан мемлекеттiң резидентi болып табылмайтын басқа тұлғаның мүддесiнде пайдаланса, ондай резидентке осы баптың 1-тармағының ережесi қолданылмайды.
194-бап. Халықаралық шарттар әкiмшiлiгiн жүргiзу тәртiбi
Халықаралық шарттар әкiмшiлiгiн жүргiзу осы Кодекстiң 193-204-баптарының ережелерiне сәйкес уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгілеген тәртiппен жүзеге асырылады.
195-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден табысқа салық салу мақсатында резидент емес заңды тұлғаның басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарын шегерiмге жатқызу әдiстерi
1. Егер Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның салық салынатын табысын анықтау кезiнде оның Қазақстан Республикасындағы, сондай-ақ одан тыс жерлердегi осындай салық салынатын табысты алу мақсатында шеккен басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарын шегерiп тастауға халықаралық шарттың ережелерiмен жол берiлсе, онда мұндай шығыстардың сомасы мынадай әдiстердiң бiрi бойынша:
1) шығыстарды барабар бөлу әдiсi;
2) шығыстарды шегерiмге тура (тiкелей) жатқызу әдiсi бойынша анықталады.
2. Резидент емес заңды тұлға басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарын шегерiмге жатқызудың аталған әдiстерiнiң бiрiн дербес таңдайды.
3. Басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстар шегерiмiн тұрақты мекемеге жатқызу әдiсi (шығыстарды барабар бөлудiң әдiсi кезiнде пайдаланылатын есептiк көрсеткiштi есептеп шығару тәртiбiн қоса) жыл сайын қолданылады және салық органымен келiсе отырып қана өзгертiлуi мүмкiн.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 196-бап өзгертілді
196-бап. Шығыстарды барабар бөлу әдiсi
1. Барабар бөлу әдiсiн пайдалану кезiнде осы Кодекстiң 195-бабында аталған, тұрақты мекеменiң шегерiмiне жатқызылған басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстар сомасы осындай шығыстар мен есептiк көрсеткiш сомаларының туындысы ретiнде анықталады.
2. Есептiк көрсеткiш мына тәсiлдердің бiрi:
1) резидент емес заңды тұлғаның салық кезеңiнде Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан түсiрген жылдық жиынтық табысы сомасының, резидент емес заңды тұлғаның тұтас алғанда аталған салық кезеңiндегi жылдық жиынтық табысының жалпы сомасына қатынасы;
2) орташа мөлшерiн үш көрсеткiш бойынша анықтау:
резидент емес заңды тұлғаның салық кезеңiнде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асырудан түсiрген жылдық жиынтық табысы сомасының резидент емес заңды тұлғаның тұтас алғанда аталған салық кезеңiндегi жылдық жиынтық табысының жалпы сомасына қатынасы;
Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің салық кезеңінің соңындағы жай-күйі бойынша қаржылық есебінде ескерілген негізгі құралдарының бастапқы (ағымдағы) құнының резидент емес заңды тұлғаның тұтас алғанда нақ сол салық кезеңіндегі негізгі құралдарының бастапқы (ағымдағы) құнына қатынасы;
Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі салық кезеңінің соңындағы жай-күйі бойынша шығыстар сомасының резидент емес заңды тұлға қызметкерлердің тұтас алғанда осындай салық кезеңінде еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстардың жалпы сомасына қатынасы бойынша есептеп шығарылады. Есептiк көрсеткiштi есептеп шығарудың жоғарыда аталған тәсiлдерiнiң бiрiн резидент емес заңды тұлға дербес анықтайды.
3. Есептесу жолымен анықталған басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарының сомасы растайтын құжаттар болған кезде ғана тұрақты мекеменiң шегерiмiне жатқызылады.
4. Растайтын құжаттар мыналар:
1) резидент емес заңды тұлғаның қаржы есептiлiгiнiң көшiрмесi, онда резидент емес заңды тұлға анықтаған есептiк көрсеткiшке байланысты:
тұтас алғанда жылдық жиынтық табыстың жалпы сомасы;
тұтас алғанда қызметкерлердiң еңбекақы бойынша шығыстарының жалпы
сомасы;
тұтас алғанда негiзгi қаражаттың бастапқы және қалдық құны;
әрбiр бап бойынша шығыстардың ажыратылған жазбасы, оның iшiнде басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарының жалпы сомасының ажыратылған жазбасы көрсетiледi;
2) резидент емес заңды тұлғаның (мұндай тұлғаның қаржылық есептілігiнiң аудитi жүзеге асырылған кезде) қаржылық есептілiгiнiң аудитi бойынша аудиторлық қорытындының көшiрмесi болып табылады.
5. Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменiң шегерiмiне жататын аталған шығыстар сомасының есебi Қазақстан Республикасының тиiстi салық органына тапсырылатын корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияға қоса тiркеледi.
6. Барабар бөлуге жататын басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстар сомасы салық есептiлiгiнде көрiнiс таппаса, мұндай шығыстар тұрақты мекеменiң шегерiмiне қабылданбайды.
197-бап. Шығыстарды шегерiмге тiкелей (тура) жатқызу әдiсi
1. Резидент еместiң басқару немесе жалпыәкiмшiлiк шығыстарын шегерiмге тiкелей (тура) жатқызу әдiсiн пайдалану кезiнде, егер мұндай шығыстар тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен табыс алу мақсаты үшін тура анықталса және тікелей келтiрiлген болса, онда Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменiң шегерiмiне жатқызылады.
Аталған шығыстар растайтын құжаттар болған кезде ғана тұрақты мекеменiң шегерiмiне жатады.
2. Растайтын құжаттар мыналар:
1) тұрақты мекеме арқылы қызметтен табыс алу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағындағы резидент емес заңды тұлға шеккен шығыстарды растайтын бухгалтерлiк құжаттар;
2) тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен табыс алу мақсатында Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде резидент емес заңды тұлға шеккен шығыстарды растайтын бухгалтерлiк құжаттардың көшiрмелерi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 198-бап өзгертілді
198-бап. Резидент еместердiң Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтiн қызметiнен түскен табыстарынан табыс салығын төлеу тәртiбi
1. Осы бапта көзделген табыс салығын төлеу тәртiбi, егер осы Кодекстiң 199-202-баптарында өзгеше көзделмесе, осы баптарда аталған табыстарды қоспағанда, резидент еместің халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтiн Қазақстан Республикасындағы қызметiнен түскен табысына қолданылады.
2. Қазақстан Республикасындағы көздерден табыс алатын осы баптың 1-тармағында аталған резидент еместің осы бапта көзделген табыс салығын төлеу тәртiбiн қолдануға құқығы бар. Осы баптың ережелерiн қолданбаған жағдайда, салық агентi төлем көзiнен жеке табыс салығын ұстап қалып, мемлекеттiк бюджетке жалпы белгiленген тәртiппен аударуға мiндеттi.
3. Табыс табатын резидент емес, салық агентi және салық агентi белгiлеген резидент-банк (бұдан әрi - банк) осы баптың ережелерiн ескере отырып, шартқа қатысушылармен келiскен нысан бойынша шартты банк салымы туралы шарт жасасады.
Осы Кодекстің 181-бабына сәйкес айқындалатын төлем көзінен табыс салығын төлеу күніне шартты банк салымы туралы шарты болмаған жағдайда, салық агенті төлем көзінен табыс салығын мемлекеттік бюджетке аударуға міндетті.
4. Салық агентi:
1) шартты банк салымы туралы шартқа қол қойылған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде көшiрмесi аталған салық органына берілетін мұндай шартты өзінің тіркелген жері бойынша салық органында тiркеуге;
2) шартты банк салымына табыс салығы аударылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде өзінің тіркелген жері бойынша салық органына төлем құжатының көшiрмесiн беруге міндетті.
5. Осы баптың ережелерi салық органында тiркелген шартты банк салымы туралы шарттарға ғана қолданылады. Бұл ретте талаптары осы баптың ережелерiне қайшы келмейтiн шартты банк салымы туралы шарттар тiркелуге тиiс.
6. Резидент емеске табыс төлеу кезiнде салық агентi осы Кодекстің 180-бабында белгiленген ставка бойынша төлем көзiнен табыс салығын ұстап қалуды жүргiзуге және ұстап қалған салық сомасын резидент еместiң пайдасына банкке шартты банк салымына аударуға мiндеттi.
7. Халықаралық шарт талаптарын орындау кезiнде резидент емес табыс салығының бұрын ұсталған сомасын қайтару мақсатымен салық органына уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiп пен нысан бойынша өтiнiш табыс етедi.
8. Салық органы аталған өтiнiштi және қажеттi құжаттарды қарайды, өтiнiш бойынша шешiм қабылдап, резидент емеске және банкке хабарлайды.
9. Ұсталған табыс салығын қайтаруға салық органы куәландырған өтiнiштi алған кезде, банк осындай өтiнiштi берген резидент емеске есептелген банк сыйақыларымен бiрге өтiнiште көрсетiлген шекте шартты банк салымындағы сомаға иелiк етуге құқық бередi.
10. Салық органының терiс шешiмiмен келiспеген жағдайда резидент еместiң осындай шешiмдi алған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде оның шешiмiне шағымдану туралы бiр мезгiлде салық органына хабарлай отырып, халықаралық шарттың ережелерiн қолданудың дұрыстығына қатысты мәселенi қайта қарау туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органға (қажет жағдайда, резиденттiк елдiң құзыреттi органын тарта отырып) өтiнiш жасауға құқығы бар.
11. Өтiнiш бойынша терiс шешiм қабылданған кезде және резидент еместен салық органының шешiмiне шағымдану туралы хабарламаны белгiленген мерзiм iшiнде алмаған жағдайда салық органы халықаралық шарттың ережелерiн қолданудан бас тарту туралы хабарламаны резидент емес алған күннен бастап он жұмыс күнi өткен соң, резидент еместiң табыстарын салық салудан босатудан бас тартуды куәландыратын құжатты қоса тiркеп, өтiнiште көрсетiлген және шартты банк салымына орналастырылған соманы есептелген банк сыйақыларымен бiрге мемлекеттiк бюджетке аудару туралы инкассолық өкiмдi банкке жiбередi.
12. Банк инкассалық өкімді алған күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей шартты банк салымына орналастырылған табыс салығы сомаларын және есептелген банк сыйақыларын мемлекеттік бюджетке аударуға міндетті. Өндiрiп алынған салықтың осындай сомасы резидент еместің мемлекеттiк бюджет алдындағы мiндеттемесiн өтеу есебiне есепке жатқызылады.
13. Шартты банк салымдары ұлттық немесе шетелдiк валютада ашылады. Шартты банк салымдары шетелдiк валютада ашылған жағдайда, табыс салығының және банк сыйақыларының сомасы бюджетке салық төлеген кездегi валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша есептелген ұлттық валютамен аударылады.
14. Резидент еместің және салық агентiнің салық органы қандай да бiр шешiм қабылдағанға дейiн шартты банк салымында орналасқан табыс салығы сомасына иелiк етуге құқығы жоқ.
15. Шартты банк салымы туралы шарттың ережелерi бұзылған және табыс салығының ұстап қалған сомасы мемлекеттiк бюджетке банктiң кiнәсiнен уақытылы аударылмаған жағдайда, банк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
16. Шартты банк салымында орналастырылған табыс салығын мемлекеттiк бюджетке аудару жөнiндегi мiндеттемелердi банктiң орындауы мүмкiн болмаған жағдайда, төлем көзiнен табыс салығын, банк сыйақыларын және мемлекеттiк бюджетке салықты дер кезiнде аудармағаны үшiн айыппұл санкцияларын аудару жөнiндегi мiндеттемелер салық агентiне жүктеледi.
16-1. Шоттарында шартты банк салымдары орналасқан банктер тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей салық агенттерінің тіркелген жері бойынша салық органдарына уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша есеп беруге міндетті.
17. Салық органдары:
1) шартты банк салымдарында орналастырылған;
2) халықаралық шарттың ережелерiн қолдануға құқығы бар резидент еместерге төленген;
3) мемлекеттiк бюджетке аударылған табыс салығының сомасына есеп жүргiзiп отыруға мiндеттi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 199-бап өзгертілді
199-бап. Халықаралық шартты халықаралық тасымалдарда көлiк қызметiн көрсетуден түскен табыстарға салық салуға қатысты қолдану тәртiбi
1. Қазақстан Республикасы тараптардың бiрi болып табылатын халықаралық тасымалдардағы көлiк қызметiн көрсетуден түскен, халықаралық шарт ережелерiн қолдануға құқығы бар резидент емес заңды тұлға алатын табыстар, егер оның Қазақстан Республикасында осындай қызметпен байланысты тұрақты мекемесi болса, резиденттiгiн растайтын құжат негiзiнде халықаралық шарттың ережелерiн қолдануға өтінiш бермей салық салудан босатылуға тиiс.
Бұл ретте, резидент емес заңды тұлға халықаралық тасымалдардағы көлiк қызметiн көрсетуден түскен (халықаралық шартқа сәйкес салық салуға жатпайтын) және Қазақстан Республикасының аумағында көлiк қызметiн көрсетуден түскен (салық салуға жататын) табыстар сомасына бөлек есеп жүргiзуге, сондай-ақ аталған табыстарды корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияда көрсетуге мiндеттi.