3. Сотталған бұрынғы сот және құқық қорғау органдарының қызметкерлерi бөлек түзеу мекемелерiнде ұсталады. Бұл мекемелерге өзге де сотталғандар жiберiлуi мүмкiн.
4. Сотталғандарды бөлек ұстаудың осы бапта белгiленген талаптары мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыру мекемелерiне, сондай-ақ балалар үйлерi бар түзеу мекемелерiне қолданылмайды. Сотталғандар аталған мекемелерге жiберiледi, сот тағайындаған колонияның түрi үшiн заңмен белгiленген жағдайларда ұсталады.
5. Әртүрлi жұқпалы аурулармен ауырған сотталғандар жеке-жеке және денi сау сотталғандардан бөлек ұсталады.
76-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бүкiл жаза мерзiмiн бiр түзеу мекемесiнде өтеуi
1. Бас бостандығынан айыруға сотталушы жазаның бүкiл мерзiмiн, әдетте, бiр түзеу колониясында, түрмеде немесе тәрбиелеу колониясында өтеуге тиiс.
2. Сотталушыны жазасын одан әрi өтеу үшiн бiр колониядан сондай түрдегi басқа колонияға көшiруге ол ауырған жағдайда не оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн, түзеу мекемесiн қайта ұйымдастыру немесе тарату кезiнде, өндiрiске қажет болған жағдайда сотталушының келiсiмiмен, сондай-ақ сотталушының сол түзеу мекемесiнде одан әрi болуына кедергi жасайтын өзге де ерекше мән-жайлар кезiнде жол берiледi.
12-тарау. Түзеу мекемелеріндегі режим және оны
қамтамасыз ету құралдары
ҚР 16.07.01 ж. N 244-II Заңымен 77-бап өзгертілді
77-бап. Түзеу мекемелерiндегi режимнiң негiзгi талаптары
1. Түзеу мекемелерiндегi режим - сотталғандарды күзету мен оқшаулауды қамтамасыз ететiн заңда және заңға сәйкес нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген жазаны атқару мен өтеу тәртiбi; оларды ұдайы қадағалау; өздерiне жүктелген мiндеттердi атқару; олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн жүзеге асыру; сотталғандар мен қызметкерлердiң қауiпсiздiгi; сотталғандардың түрлi санаттарын бөлек ұстау; сот тағайындаған түзеу мекемесiнiң түрiне қарай ұстаудың түрлi жағдайлары; жазаны өтеу шарттарын өзгерту.
2. Режим сотталғандарды түзеудiң басқа құралдарын қолдануға жағдайлар жасайды.
3. Түзеу мекемелерiнде Әділет министрлiгi бекiтетiн iшкi тәртiп ережелерi қолданылады.
4. Түзеу мекемелерiнде сотталғандар нормативтiк құқықтық актiлермен айқындалатын белгiленген үлгiдегi киiмдi киiп жүредi.
5. Сотталғандар, олардың заттары мен киiм-кешегi, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң үй-жайы тiнтiледi және тексерiледi. Жеке тiнтудi сотталғандармен бiр жыныстағы адамдар жүргiзедi. Тұрғын үй-жайды оларда сотталғандар болған кезде тiнтуге кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайда жол берiледi.
6. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi мекеменiң аумағындағы және оған жапсарлас режимдiк талаптар белгiленген аумақтардағы адамдарға, олардың заттарына, көлiк құралдарына тексеру жүргiзуде, сондай-ақ тiзбесi Қазақстан Республикасының заңдарымен және түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленетiн тыйым салынған заттар мен құжаттарды алып қоюға құқылы.
7. Тексерулер жүргiзудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi белгiлейдi.
8. Сотталғандардың өзiнде болуға рұқсат етiлетiн заттар мен нәрселердiң тiзбесi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi. Сотталғандардың ақшаны, бағалы қағаздар мен бағалы заттарды, сондай-ақ тiзбеде көрсетiлмеген нәрселердi өзiнде сақтауына жол берiлмейдi.
9. Сотталғандардан табылған ақша, бағалы қағаздар мен өзге де бағалы заттар алынып, түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiне сәйкес түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталушы босатылғанға дейiн жазасын өтеу кезiнде оларды пайдалану және билiк ету құқығынсыз сақтап қояды. Сотталғандардан алынған және тыйым салынған нәрселер, заттар мен тамақ өнiмдерi сақтауға өткiзiледi не соттың шешiмi бойынша жойып жiберiледi.
10. Сотталғандардың белгiленген тәртiппен сатып алған бағалы қағаздарын сақтауды түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi қамтамасыз етедi.
78-бап. Қадағалау мен бақылаудың техникалық құралдары
1. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi қашып шығу мен басқа қылмыстардың, жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзудың алдын алу, сотталғандардың мiнез-құлқы туралы қажеттi ақпарат алу үшiн дыбыстық-бейнелiк, электронды және өзге де техникалық құралдарды пайдалануға құқылы.
2. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi сотталғандарға қадағалау мен бақылаудың бiр мезгiлде қорғау мiндетiн атқаратын, бұзылған жағдайда сотталғандардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiруi ықтимал техникалық құралдары қолданылатыны туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Қадағалау мен бақылаудың техникалық құралдарының тiзбесi және оларды пайдаланудың тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
79-бап. Түзеу мекемелерiндегi жедел-iздестiру қызметi
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес түзеу мекемелерiнде жедел-iздестiру қызметi жүзеге асырылады, оның мiндетi мыналар болып табылады:
жазаларды атқарудың тәртiбi мен ережелерiн, сотталғандардың, түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерi мен өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
түзеу мекемелерiндегi әзiрленiп жатқан және жасалмақшы қылмыстар мен жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзуды анықтау, ашу, жолын кесу және алдын алу;
түзеу мекемелерiнен қашып кеткен сотталғандарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыруды өтеуден жалтарып жүрген сотталғандарды белгiленген тәртiппен iздестiру;
сотталғандардың түзеу мекемесiне келгенге дейiн жасаған қылмыстарын анықтау мен ашуға жәрдемдесу.
2. Жедел-iздестiру жұмысын түзеу мекемелерiнiң оралымды қызметтерi жүзеге асырады.
ҚР 16.07.01 ж. N 244-II Заңымен 80-бап өзгертілді
80-бап. Түзеу мекемелерiндегi айрықша жағдайлар режимi
1. Табиғи апат, түзеу мекемесi орналасқан ауданға төтенше, ерекше жағдай немесе соғыс жағдайы енгiзiлген, сотталғандардың топтасып бағынбаушылығы жағдайларында, сондай-ақ жаппай тәртiпсiздiктер кезiнде түзеу мекемесiнде ерекше жағдайлар режимi енгiзiлуi мүмкiн.
2. Ерекше жағдайлар режимi қолданылған кезеңде түзеу мекемесiнде сотталғандардың осы Кодексте көзделген кейбiр құқықтарының жүзеге асырылуы тоқтатыла тұруы, күзет пен қадағалаудың күшейтiлген нұсқасы, объектiлерге жiберудiң ерекше тәртiбi енгiзiлуi, күн тәртiбiнiң өзгертiлуi, өндiрiстiк, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағартушылық, медициналық-санитариялық және өзге қызметтердiң жұмысы шектелуi мүмкiн.
3. Ерекше жағдайлар режимi Қазақстан Республикасының Бас прокурорымен келiсе отырып, Қазақстан Республикасы Әділет министрiнiң шешiмi бойынша отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге енгiзiледi. Айрықша реттерде ерекше жағдайлар режимiнiң қолданылу уақыты осы бапта белгiленген тәртiппен қосымша отыз тәулiкке ұзартылуы мүмкiн.
81-бап. Қауiпсiздiк шаралары және оларды қолдану негiздерi
1. Егер сотталғандар түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерiне қарсылық көрсетсе, олардың заңды талаптарына қасақана бағынбаса, бой бермеушiлiк танытса, жаппай тәртiпсiздiктерге, аманаттар басып алуға қатысса немесе осы секiлдi өзге де iс-әрекеттер жасаса, азаматтарға шабуыл жасаса, сондай-ақ түзеу мекемелерiнен қашып шығу немесе қашқандарды ұстау кезiнде сотталғандарға аталған құқыққа қарсы әрекеттердi тыю, сондай-ақ бұл адамдардың айналасындағыларға немесе өздерiне өздерi зиян келтiруiне жол бермеу мақсатында дене күшi, арнаулы құралдар мен қару қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған қауiпсiздiк шараларын қолдану тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Өмiрiне нақты қатер төнгенi туралы деректер түскен сотталушылардың сазайын тарттырудан қорғау қажет болған жағдайда мұндай адамдарды жалпы негiздерде бiр айға дейiнгi мерзiмде жеке камераларда ұстауға рұқсат етiледi.
13-тарау. Түзеу мекемелерінде жазаны өтеу
жағдайлары
82-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазасын өтеу жағдайлары
1. Жалпы немесе қатаң режимдегi бiр түзеу колониясының, сондай-ақ тәрбиелеу колониясының шектерiнде сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларында болуы мүмкiн.
2. Ерекше режимдегi түзеу колониясында сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларында болуы мүмкiн.
3. Түрмеде ұсталатын сотталғандар үшiн режимнiң жалпы және қатаң түрлерi белгiленедi.
4. Сотталғандарды осы Кодекстiң 116,118,120,123,126,129-баптарында аталған негiздер бойынша бiр жағдайдан екiншiсiне ауыстыру түзеу мекемесi комиссиясының шешiмiмен жүргiзiледi, оның жұмысына жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлдерi қатыса алады. Түзеу мекемесiнiң комиссиясы түрмеде отырған сотталғандарды режимнiң жалпы түрiнен қатаң және қатаңынан жалпы режимге ауыстыру туралы мәселенi де шешедi.
5. Сотталушы түзеу колониясындағы жазаны өтеудiң қатаң жағдайларына немесе түрмедегi режимнiң қатаң түрiне ауыстыруға келiспеген жағдайда ол ауыстыру туралы заңда белгiленген тәртiппен шағым жасауға құқылы.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 83-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
83-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажет заттарды сатып алуы
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажет заттарды жазасын өтеу кезеңiнде тапқан ақшасына, сондай-ақ алатын зейнетақылары мен әлеуметтiк жәрдемақыларының есебiнен шектеу қоюсыз қолма-қол есеп айырыспай сатып алуына болады.
2. Сотталғандардың жұмсауына рұқсат етiлетiн ақшаның жалпы сомасы, олардың жазасын өтеу кезiнде тапқанын қоспағанда, осы Кодекстiң 117,119,121,127,129-баптарымен реттеледi.
3. Рұқсат етiлген ақша сомасы ағымдағы айда жұмсалмаған жағдайда сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды жұмсалмаған сомаға кейiнгi айларда сатып алуына болады.
4. Жүктi әйелдердiң , жанында балалары бар әйелдердiң тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттың есебiнен, алты айлық есептiк көрсеткiш шегiнде сатып алуына болады.
5. I және II топтағы мүгедектердiң, сондай-ақ емдеу түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттың есебiнен, төрт айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде сатып алуына болады.
6. Сотталғандарға сатуға тыйым салынған тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттардың тiзбесi және олардың саны түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi.
ҚР 16.07.01 ж. N 244-II Заңымен 84-бап өзгертілді
84-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың кездесулерi
1. Сотталғандарға түзеу мекемесiнiң аумағында ұзақтығы екi сағаттан төрт сағатқа дейiн қысқа мерзiмдi, ұзақтығы бiр тәулiктен үш тәулiкке дейiн ұзақ кездесулер берiледi. Осы Кодексте көзделген жағдайларда сотталғандарға түзеу мекемесiнен тыс тұру арқылы ұзақтығы бес тәулiк болатын ұзақ мерзiмдi кездесулер берiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда кездесудiң тәртiбi мен өтетiн жерiн түзеу мекемесiнiң бастығы белгiлейдi.
2. Туған-туыстарымен немесе өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен берiледi. Ұзақ кездесулер жұбайымен /зайыбымен/ және жақын туыстарымен /ата-аналар, балалар, асырап алғандар, асырап алынғандар, ағалы-iнiлiлер, апалы-сiңлiлер, атасы, әжесi, немерелерi/, ерекше жағдайларда түзеу мекемесi бастығының рұқсаты бойынша өзге адамдармен бiрге тұру құқығымен берiледi.
3. Сотталғандарға өздерiнiң өтiнiшi бойынша ұзақ кездесудi қысқа мерзiмдiсiмен, қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесудi - телефон арқылы сөйлесумен, ал тәрбиелеу колонияларында мекемеден тыс бiрге тұратын ұзақ кездесудi - колониядан тысқары шығатын қысқа мерзiмдiсiмен ауыстыруға рұқсат етiледi. Ауыстыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi белгiлейдi.
4. Сотталғандарға заң көмегiн алу үшiн олардың арызы бойынша адвокаттармен кездесуге рұқсат берiледi. Сотталушы мен адвокаттың қалауы бойынша кездесудi оңаша беруге болады.
ҚР 16.07.01 ж. N 244-11 Заңымен 85-бап өзгертілді
85-бап. Сотталғандардың посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер алуы
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға түзеу мекемелерiнде осы Кодекстiң 117,119,121,123,129-баптарында белгiленген мөлшерде посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер алуға рұқсат етiледi. Бiр посылканың немесе бандерольдың ең жоғары салмағы почта ережелерiмен айқындалады. Бiр сәлемдеменiң салмағы бiр посылкаға белгiленген салмақтан аспауға тиiс.
2. Ауру сотталғандардың, I және II топтағы мүгедектердiң, жүктi сотталған әйелдер мен балалары түзеу мекемесiнiң балалар үйлерiнде жүрген сотталған әйелдердiң мөлшерi мен түр-түрi медициналық қорытындыда белгiленген қосымша посылкалар мен сәлемдемелер алуына болады.
3. Сотталғандардың медициналық қорытындыға сәйкес алатын дәрiлiк заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдары осы баптың 1-тармағында айқындалған посылкалардың, сәлемдемелер мен бандерольдердiң санына қосылмайды. Олар сол сотталғандарды емдеу үшiн түзеу мекемесiнiң медициналық бөлiмiне жiберiледi.
4. Посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер тексерiледi.
5. Сотталғандардың посылкаларды, сәлемдемелер мен бандерольдердi алу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi белгiлейдi.
6. Сотталғандар түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен посылкалар мен бандерольдер жөнелте алады.
86-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың хат алысуы, ақша аударымдарын жiберуi мен алуы
1. Сотталғандарға хаттар мен жедел хаттарды санына шек қоймай өз есебiнен алуға және жiберуге рұқсат етiледi.
2. Сотталғандардың жiберген және алған хат-хабарын цензура тексередi.
3. Туыстар болып табылмайтын, бас бостандығынан айыру орындарында ұсталушы сотталғандардың арасында хат алысуға түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жол берiледi.
4. Сотталғандар ақша аударымдарын алуға, сондай-ақ жақын туыстарына, ал әкiмшiлiктiң рұқсатымен ақша аударымын өзге адамдарға жiберуге құқылы.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 87-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
87-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың телефон арқылы сөйлесуi
1.Сотталған адамның телефон арқылы әр сөйлескенде ұзақтығы он бес минутқа дейін сөйлесуге құқығы бар. Телефон арқылы сөйлесу ақысы сотталғандардың немесе олардың жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының жеке қаражатынан төленедi. Техникалық мүмкiндiктер болмаған жағдайда телефон арқылы сөйлесу қысқа мерзiмдi кездесумен ауыстырылуы мүмкiн.
2. алынып тасталды
3. Қатаң ұстау жағдайындағы сотталғандарға, сондай-ақ жазалау шарасын айыптылық, тәртiптiк оқшаулау орындарында, камералық үлгiдегi үй-жайларда және жалғыз адамдық камераларда өтеушiлерге телефон арқылы сөйлесуге ерекше жеке жағдайлар кезiнде ғана рұқсат етiлуi мүмкiн.
4. Түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталғандардың арасында телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынады.
5. Сотталғандардың телефон арқылы сөйлесуiн түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерi бақылайды.
88-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың әдебиеттер және жазу керек-жарағын сатып алуы мен сақтауы
1. Сотталғандардың бандерольдарда, посылкалар мен сәлемдемелерде жазу керек-жарақтарын алуына, сауда желiсi арқылы әдебиеттер сатып алуына, сондай-ақ жеке шотындағы қаражат есебiнен газеттер мен журналдарға шек қоюсыз жазылуға рұқсат етiледi.
2. Сотталғандарға конституциялық құрылысты күштен өзгертудi, Республиканың тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, дiни, әлеуметтiк және рулық артықшылықты, сондай-ақ қаталдық пен зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттайтын басылымдарды, сондай-ақ әдепсiздiк сипаттағы басылымдарды алуға, сатып алуға, оларға жазылуға, сақтауға және таратуға тыйым салынады.
3. Сауда желiсi арқылы сатып алынатын әдебиет сотталушы алуға құқылы посылкалар мен бандерольдардың санына кiрмейдi.
4. Сотталушыға өзiнде он данадан аспайтын кiтап пен журнал ұстауына рұқсат етiледi.
5. Саны осы баптың 4-тармағында аталған мөлшерден артық әдебиеттi сотталушы сақтауға өткiзедi не оның келiсiмiмен түзеу мекемесi кiтапханасының пайдаланылуына берiледi.
89-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың сейiлдеуi
1. Жабылатын үй-жайларда, айыптылық оқшаулау орындарында, тәртiптiк оқшаулау орындарында, камералық үлгiдегi үй-жайларда, жалпы және жалғыз адамдық камераларда бас бостандығынан айыруды өтеушi сотталғандардың, егер олар ашық жерде жұмыс iстемейтiн болса, ұзақтығы осы Кодекстiң 114,117,119,121,123,127-баптарымен белгiленген уақытта сейiлдеуге құқығы бар.
2. Сотталғандарың сейiлдеуi күндiзгi уақытта түзеу мекемесi аумағының арнайы жабдықталған бөлiгiнде өткiзiледi. Сейiлдеу сотталғандар түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiн бұзған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
90-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың кинофильмдер мен телехабарлар көруi, радиохабарлар тыңдауы
1. Жазасын түрмеде өтеушiлердi қоспағанда, бас бостандығынан айыруға сотталғандарға, сондай-ақ айыптылық оқшаулау орындарына, камералық үлгiдегi үй-жайларға және жалғыз адамдық камераларға көшiрiлген сотталғандарға аптасына кемiнде бiр рет кинофильмдер көрсетiледi.
2. Айыптылық оқшаулау орындарына, камералық үлгiдегi үй-жайларға және жалғыз адамдық камераларға көшiрiлгендердi қоспағанда, сотталғандарға күн тәртiбiмен түнгi демалыс үшiн бөлiнген уақыттан басқа жұмыстан бос сағаттарда телехабарлар көруге рұқсат етiледi.
3. Сотталғандар мен сотталушылар топтарының өз қаражаттарының есебiнен сауда желiсi арқылы теледидар қабылдағыштары мен радиоқабылдағыштар сатып алуына немесе оларды туған-туыстарынан және өзге адамдардан алуына болады.
4. Сотталғандарға күн тәртiбiмен түнгi демалысқа бөлiнген уақыттан басқа жұмыстан бос сағаттарда радиохабарлар тыңдауға рұқсат етiледi. Тұрғын үй-жайлар, тәрбие жұмысы бөлмелерi, демалыс бөлмелерi, жұмыс үй-жайлары, айыптылық оқшаулау камералары, камералық үлгiдегi үй-жайлар, жалғыз адамдық камералар түзеу мекемесiнiң қаражаты есебiнен радионүктелермен жабдықталады.
91-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруi
1. Бас бостандығынан айыруды түзеу және тәрбиелеу колонияларында өтеушi, сондай-ақ тергеушiлiк оқшаулау орындары мен түрмелерде шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмысқа қалдырылған, өзiн жақсы жағынан көрсеткен сотталғандарға, егер бұл олардың орындайтын жұмысының сипаты бойынша қажет болса, күзетiлетiн аумақтан тыс жерде айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруiне рұқсат етiлуi мүмкiн.
2. Қайталап аса қауiптi қылмыс жасап сотталғандарға; өлiм жазасы түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандарға; өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарға; белгiлi бiр түзеу мекемесiнде кемiнде алты ай болған сотталғандарға; жазалары алынбаған немесе өтелмеген сотталғандарға; аса ауыр қылмыстары үшiн сотталғандарға; сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға; ұстаудың қатаң жағдайларындағы сотталғандарға; жазасын өтеу кезеңiнде қасақана жасаған қылмыстары үшiн сотталғандарға; алкоголизмнен, уытқұмарлықтан, нашақорлықтан, ашық түрдегi туберкулезден немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпеген және СПИД-пен ауырған, ВИЧ жұқтырған сотталғандарға күзетiлетiн аумақ шегiнен айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруге жол берiлмейдi.
92-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға айдауылсыз немесе қосып ертпей жүру құқығын беру тәртiбi
1. Сотталушыға түзеу мекемесiнiң аумағынан тысқары айдауылсыз немесе қосып ертпей жүру құқығы түзеу мекемесi бастығының дәлелдi қаулысымен берiледi.
2. Айдауылсыз немесе қосып ертпей жүру құқығын пайдаланушы сотталғандар бөлек тұрғын үй-жайларда орналастырылуға тиiс. Оларға түзеу мекемесiнiң шегiнен тысқары, бiрақ жергiлiктi атқарушы органдардың келiсiмiмен түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi белгiлеген шекте жатақханаларда тұруға рұқсат етiлуi мүмкiн.
3. Түзеу мекемесiнiң шегiнен тыс жерде айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруге рұқсат берiлген сотталғандардың iс-қылығы түзеу мекемесiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен реттеледi.
4. Сотталушы iс-қылық ережелерiн бұзған жағдайда не жұмысының сипаты өзгерген кезде айдауылсыз немесе қосып ертпей жүрудiң түзеу мекемесi бастығының қаулысымен күшi жойылады.
93-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың түзеу мекемелерiнiң шегiнен тысқары жол жүруi
1. Түзеу және тәрбиелеу колонияларында ұсталатын сотталғандарға, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмысты жүргiзу үшiн белгiленген тәртiппен тергеушiлiк оқшаулау орындары мен түрмелерде қалдырылған сотталғандарға түзеу мекемелерiнiң шегiнен тысқары: ерекше жеке жағдайларға байланысты (жақын туысының өлуi немесе науқастың өмiрiне қатер төндiрiп ауыр сырқаттануы; сотталушыға немесе оның отбасына елеулi материалдық залал келтiрген табиғи зiлзала); сондай-ақ босатылғаннан кейiнгi еңбек және тұрмыстық жайласу мәселелерiн алдын ала шешу үшiн бару-қайту жолына қажет (бес тәулiктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жетi тәулiктен аспайтын мерзiмге - қысқа мерзiмдi; жыл сайынғы ақылы демалыс уақытында, ал жұмыс iстемейтiн адамдарға заңға сәйкес демалыс мерзiмiне тең мерзiмге ұзақ мерзiмдi жол жүруiне рұқсат етiлуi мүмкiн.
2. Түзеу колонияларының балалар үйлерiнде балалары бар сотталған әйелдерге балаларын туған-туыстарына не балалар үйiне орналастыру үшiн бару-қайту жолына қажет уақытты есептемегенде, түзеу мекемелерiнiң шегiнен тысқары жетi тәулiкке дейiнгi мерзiмге қысқа мерзiмдi жол жүруге, түзеу колониясынан тыс жерде кәмелетке толмаған мүгедек балалары бар сотталған әйелдерге олармен кездесуi үшiн жылына дәл сондай мерзiмге бiр рет қысқа мерзiмдi жол жүруге рұқсат етiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған негiздер бойынша жол жүруге аса қауiптi қайталап қылмыс жасап сотталғандарға; өлiмге кесу түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға; өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарға; СПИД-пен ауыратындарға және ВИЧ жұқтырғандарға; есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикасының бұзылуынан зардап шегушi деп танылғандарға; алкоголизмнен, уытқұмарлықтан, нашақорлықтан, ашық түрдегi туберкулезден, соз ауруынан емделудi аяқтамағандарға рұқсат берiлмейдi.
4. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикасының бұзылуынан зардап шегушi сотталғандарға, I және II топтардағы мүгедектер болып табылатын және денсаулық жағдайына қарай үнемi күтiмдi қажет етушi сотталғандарға, сондай-ақ кәмелетке толмаған сотталғандарға түзеу мекемесiнiң шегiнен тысқары жол жүруге туысының ерiп жүруiмен немесе өзге адамның ерiп жүруiмен рұқсат етiледi.
5. Сотталушының ерекше жеке жағдайларға байланысты қысқа мерзiмдi жол жүруi туралы өтiнiшi бiр тәулiктен кешiктiрiлмей қаралуға тиiс. Қысқа мерзiмдi жол жүруге арналған рұқсатты сотталушының жеке басы мен мiнез-құлқын ескере отырып, түзеу мекемесiнiң бастығы бередi.
6. Сотталушының түзеу мекемесiнiң шегiнен тыс болған уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
7. Сотталушының бас бостандығынан айыру орнынан тыс жолының шығындары оның жеке шотында бар қаражатынан төленедi не өзге адамдар төлейдi. Сотталушының түзеу мекемесiнен тыс болған уақыты үшiн оған табыс есептелмейдi.
8. Сотталушының белгiленген мерзiмде қайтып оралуын қиындататын күтпеген жағдайлар туындаған ретте сотталушының болған жерiндегi iшкi iстер органы бастығының дәлелдi қаулысымен түзеу мекемесiне оралу мерзiмi түзеу мекемесi әкiмшiлiгiне қабылданған шешiм туралы мiндеттi түрде шұғыл мәлiмденiп, бес тәулiкке дейiн ұзартылуы мүмкiн.
9. Сотталғандарға бас бостандығынан айыру орнынан тыс қысқа мерзiмдi жол жүрудiң тәртiбi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi.
10. Сотталушы түзеу мекемесiне белгiленген мерзiмде оралудан жалтарған кезде оны жазасын өтеу орнына айдап апару немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн болған жерi бойынша прокурордың санкциясымен оны отыз тәулiктен аспайтын мерзiмге iшкi iстер органы ұстауға тиiс.
11. Сотталғандардың басқа мемлекеттiң аумағына жол жүруiне тиiстi мемлекеттермен келiсiмдерде көзделген тәртiп пен жағдайларда рұқсат етiледi.
94-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру әлеуметтiк және зейнетақымен қамтамасыз ету