VII бөлім. Медициналық сипаттағы
мәжбүрлеу шаралары
88-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану
негiздерi
1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын:
а) есi дұрыс емес жағдайда осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi баптарда көзделген әрекеттердi жасаған;
б) қылмыс жасағаннан кейiн психикасы жазаны тағайындау немесе орындау мүмкiн емес болып бұзылған;
в) қылмыс жасаған және есiнiң дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуынан зардап шегетiн;
г) қылмыс жасаған және алкоголизмнен немесе нашақорлықтан не уытқұмарлықтан емдеуге мұқтаж деп танылған адамдарға тағайындауы мүмкiн.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының бұзылуы бұл адамдардың өзге елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiне не өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндiруiне байланысты жағдайларда ғана тағайындалады.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындаудың тәртiбi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқарушылық кодексiмен және денсаулық сақтау туралы заңдарымен белгiленедi.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған және өзiнiң психикалық жағдайы бойынша қауiп келтiрмейтiн адамдар жөнiнде сот бұл адамдарды емдеу немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарында көзделген тәртiппен психиатриялық-неврологиялық мекемелерге жiберу туралы мәселенi шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына қажеттi материалдар жiбере алады.
89-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын
қолдану мақсаттары
Осы Кодекстiң 88-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарды емдеу немесе олардың психикалық жағдайын жақсарту, сондай-ақ олардың осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi баптарда көзделген жаңа әрекеттердi жасауын болғызбау медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың мақсаттары болып табылады.
90-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлерi
1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының:
а) емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емделу;
б) жалпы үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
в) мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
г) интенсивтi қадағаланатын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрлерiн тағайындауы мүмкiн.
2. Есi дұрыс күйiнде жасалған қылмысы үшiн сотталған, бiрақ алкоголизмнен, нашақорлықтан (уытқұмарлықтан) емдеудi не психикасының есi дұрыстығын жоққа шығармайтындай бұзылуынан емдеудi қажет ететiн адамдарға сот жазамен бiрге емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу түрiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
91-бап. Емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу
Егер адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша психиатриялық стационарға орналастырып емдеудi қажет етпесе, осы Кодекстiң 88-бабында көзделген негiздер болған жағдайда емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу тағайындалуы мүмкiн.
92-бап. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу
1. Егер адамның психикасының бұзылу сипаты тек психиатриялық стационарда ғана жүзеге асырыла алатын емдеудiң, күтудiң, ұстаудың және қадағалаудың шарттарын талап ететiн болса, осы Кодекстiң 88-бабында көзделген негiздер болған жағдайда психиатриялық стационарда осындай мәжбүрлеп емдеу тағайындалуы мүмкiн.
2. Жалпы үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамдық қауiптi әрекетiнiң сипаты бойынша стационарлық емдеу мен қадағалауды қажет ететiн, бiрақ интенсивтi қадағалауды қажет етпейтiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
3. Мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамдық қауіпті әрекетiнiң сипаты бойынша тұрақты қадағалауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
4. Интенсивтi қадағалайтын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамдық қауiптi әрекетiнiң сипаты бойынша өзiне немесе басқа адамдарға айрықша қауiптi болған тұрақты және интенсивтi қадағалауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
93-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзарту,
өзгерту және тоқтату
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзартуды, өзгертудi және тоқтатуды психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы негiзiнде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеме әкiмшiлiгiнiң ұсынуы бойынша сот белгiлейдi.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгiленген адам сотқа осындай шараны тоқтату туралы немесе өзгерту туралы ұсыныс енгiзу үшiн негiздердiң бар екенi жөнiндегi мәселенi шешу үшiн кемiнде алты айда бiр рет психиатр-дәрiгерлер комиссиясында куәландырылып отыруға тиiс.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған кезде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң әкiмшiлiгi мәжбүрлеп емдеудi ұзарту үшiн сотқа қорытынды бередi. Мәжбүрлеп емдеудi бiрiншi ұзарту емдеу басталған кезден бастап алты ай өткеннен кейiн жүргiзiлуi мүмкiн, мәжбүрлеп емдеудi одан кейiн ұзарту жыл сайын жүргiзiледi.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын өзгертудi немесе тоқтатуды адамның психикалық жай-күйi өзгерiп, бұрын тағайындалған шараны қолдану қажет болмай қалған немесе медициналық сипаттағы өзге мәжбүрлеу шарасын тағайындау қажет болған жағдайда сот жүзеге асырады.
4. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеудi қолдану тоқтатылған жағдайда сот мәжбүрлеп емдеуде болған адам жөнiнде қажеттi материалдарды оны емдеу немесе психиатриялық-неврологиялық мекемеге жiберу туралы мәселенi денсаулық сақтау туралы заңдарда көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына беруi мүмкiн.
94-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын
қолданғаннан кейiн жаза тағайындау
1. Қылмыс жасағаннан кейiн немесе жазасын өтеу кезiнде өз iс-әрекетi үшiн өзiне есеп беру немесе оларға ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикалық аурумен науқастанған адамға, егер ескiру мерзiмi өтпесе немесе оны қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатуға негiз болмаса, ол сауыққаннан кейiн сот жаза қолдана алады.
2. Психикасы қылмыс жасағаннан кейiн бұзылған адам емделген жағдайда жаза тағайындау немесе оны жаңарту кезiнде адамға психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қолданылған уақыт психиатриялық стационарда болған бiр күнi бас бостандығынан айырудың бiр күнi есебiмен жазалау мерзiмiне есептеледi.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 95-бап өзгертілді
95-бап. Жазаны орындауға қосылған медициналық сипаттағы
мәжбүрлеу шаралары
1. Осы Кодекстiң 88-бабының бiрiншi бөлiгiнің в) және г) тармақтарында көзделген жағдайларда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы - бас бостандығынан айыру орнында, ал сотталған адам жөнiндегi өзге де жаза түрлерi денсаулық сақтау органдарының емханалық психиатриялық көмек көрсететiн мекемелерiнде орындалады.
2. Сотталған адамның стационарлық емдеудi талап ететiн психиатриялық жай-күйi өзгерген кезде сотталған адамды психиатриялық стационарға немесе өзге де емдеу мекемесiне орналастыру Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарында көзделген тәртiп пен негiздер бойынша жүргiзiледi.
3. Аталған мекемелерде болған уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. Сотталған адамның аталған мекемелерде одан әрi емделуi қажет болмай қалған кезде көшiрме Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарында көзделген тәртiп бойынша жасалады.
4. Жазаны орындауға қосылған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының қолдануын тоқтатуды жазаны орындаушы органның ұсынуы бойынша психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы негiзiнде сот жүргiзедi.
ЕРЕКШЕ БӨЛIМ
1-тарау. Жеке адамға қарсы қылмыс
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 96-бап өзгертілді
96-бап. Адам өлтiру
1. Кiсi өлтiру, яғни басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтiру -
алты жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Кiсi өлтiру:
а) екi немесе одан көп адамдарды;
б) осы адамның қызметтiк iс-әрекетiн жүзеге асыруына не кәсiби немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты адамды немесе оның жақындарын;
в) дәрменсiз жағдайда екендiгi айыпкерге белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не адамды кепiлге алумен ұштасқан;
г) жүктi екендiгi айыпкерге белгiлi әйелдi;
д) аса қатыгездiкпен жасалған;
е) көптеген адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен жасалған;
ж) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жүзеге асырған;
з) пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан;
и) бұзақылық ниетпен;
к) басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлауға немесе жыныстық қатынас сипатындағы күш қолдану әрекеттерiмен ұштасқан;
л) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпендiлiк немесе араздық не қанды кек себебi бойынша;
м) жәбiрленушiнiң мүшелерiн немесе тінiн пайдалану мақсатымен жасалған;
н) осы Кодекстiң 97-100-баптарында көзделген әрекеттердi қоспағанда, бұрын адам өлтiрген адам жасаған адам өлтiру -
мүлкiн тәркiлеу арқылы немесе онсыз он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не мүлкiн тәркiлеу арқылы немесе онсыз өлiм жазасына не мүлкiн тәркiлеу арқылы немесе онсыз өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
97-бап. Жаңа туған сәбидi анасының өлтiруi
Анасының өзiнiң жаңа туған сәбиiн туып жатқан кезiнде, сол сияқты одан кейiнгi кезеңде психикасын бұзатын жағдайда немесе есiнiң дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтiруi -
төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
98-бап. Жан күйзелiсi жағдайында болған адам өлтiру
1. Жәбiрленушiнiң күш қолдануынан, қорлауынан немесе ауыр балағаттауынан не өзге де заңға қарсы немесе моральға жат iс-әрекетiнен (әрекетсiздiгiнен) болған кенет пайда болған жан күйзелiсi (аффект) жағдайында, сонымен бiрдей жәбiрленушiнiң жүйелi түрдегi заңға қарсы немесе моральға жат мiнез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканы бұзатын жай-күйде адам өлтiру -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мән-жайлар кезiнде жасалған екi немесе одан да көп адамды өлтiру -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
99-бап. Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған
кiсi өлтіру
Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған кiсi өлтiру -
екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
100-бап. Қылмыс жасаған адамды ұстау үшiн қажеттi
шаралардың шегiнен шығу кезiнде жасалған кiсi өлтiру
Қылмыс жасаған адамды ұстау үшiн қажеттi шаралардың шегiнен шығу кезiнде жасалған кiсi өлтiру -
үш жылға дейiн мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
101-бап. Абайсызда кiсi өлтiру
1. Абайсызда кiсi өлтiру -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда екi немесе одан көп адамды өлтiру -
бес жылға дейiн мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
102-бап. Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу
1. Адамды өзiн-өзi өлтiруге жеткiзу немесе жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адамдық қасиетiн ұдайы қорлау жолымен өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Кiнәлi адамға материалдық немесе өзге де тәуелдiлiктегi адамға қатысты жасалған дәл сол әрекет -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
103-бап. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру
1. Адамның өмiрiне қауiптi немесе көруден, тiлден, естуден қандай да болсын органнан айрылуға немесе органның қызметiн жоғалтуға немесе бет-әлпетiнiң қалпына келтiргiсiз бұзылуына әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, сондай-ақ өмiрге қауiптi немесе еңбек-қабiлетiнiң кемiнде үштен бiрiн тұрақты түрде жоғалтуға ұштасқан немесе кiнәлiге мәлiм кәсiби еңбек қабiлетiн немесе түсiк тастауға, психикасын бұзуға, есiрткiмен немесе уытты умен ауыруға душар еткен денсаулықтың бұзылуын тудырған денсаулыққа өзге зиян келтiрген қасақана ауыр зиян келтiру -
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекет:
а) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
б) адамның қызметтiк жұмысын немесе кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауға байланысты оған немесе оның жақындарына қатысты;
в) кiнәлiге дәрменсiз күйде екенi белгiлi, сонымен бiрдей адамды ұрлауға немесе кепiлге алуға ұштасқан адамға қатысты;
г) аса қатыгездiкпен;
д) ұйымдасқан топпен;
е) жалдау бойынша;
ж) бұзақылық ниетпен;
з) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпендiлiк немесе араздық тұрғысында;
и) жәбiрленушiнiң мүшелерiн немесе тінiн пайдалану мақсатында;
к) бiрнеше рет жасалса немесе оны бұрын осы Кодекстiң 96-бабында көзделген кiсi өлтiрудi жасаса, -
төрт жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда жәбiрленушiнiң өлiмiне әкеп соққан әрекеттер -
бес жылдан он жылға дейiн мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
104-бап. Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтiру
1. Адамның өмiрiне қауiптi емес және осы Кодекстiң 103-бабында көрсетiлген зардаптарға әкеп соқпаған, бiрақ денсаулықты ұзақ уақытқа бұзылуға немесе жалпы еңбек қабiлетiнiң кемiнде үштен бiрiн айтарлықтай тұрақты жоғалтуға әкеп соққан денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтiру -
үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекет:
а) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
б) адамның қызметтiк жұмысын жүзеге асыруға не кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауға байланысты оған немесе оның жақындарына қатысты;
в) аса қатыгездiкпен, сол сияқты кiнәлiге дәрменсiз күйде екенi белгiлi адамға қатысты;
г) ұйымдасқан топпен;
д) бұзақылық ниетпен;
е) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни жеккөру немесе араздық тұрғысында;
ж) бiрнеше рет жасалса немесе бұрын осы Кодекстiң 96-бабында көзделген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiрген немесе кiсi өлтiрген адам жасаса -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
105-бап. Денсаулыққа қасақана жеңiл зиян келтiру
Денсаулықтың қысқа уақыттық бұзылуына немесе жалпы еңбек қабiлетiн айтарлықтай емес тұрақты жоғалтуға әкеп соққан денсаулыққа қасақана жеңiл зиян келтiру -
елу айлық есептiк көрсеткiштен жүз елу айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiн қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
106-бап. Ұрып-соғу
Тән ауруын келтiрген, бiрақ осы Кодекстiң 105-бабында көзделген зардаптарға әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге күш қолдану әрекеттерiн жасау -
жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
107-бап. Азаптау
1. Ұдайы ұрып-соғу немесе өзге күш қолдану әрекеттерi жолымен тән зардабын немесе психикалық зардап шегу, егер бұл осы Кодекстiң 103 және 104-баптарында көзделген зардаптарға әкеп соқпаса, - елу айлық есептiк көрсеткiштен жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның алты айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекет:
а) көрiнеу кәмелетке толмаған немесе кiнәлiге дәрменсiз күйде екендiгi белгiлi не кiнәлiге материалдық немесе өзге тәуелдiлiктегi адамға, сол сияқты ұрланған не кепiл ретiнде қолға түсiрген адамға қатысты;
б) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
в) кiнәлiге жүктiлiк жағдайында екендiгi белгiлi әйелге қатысты;
г) азаптап;
д) жалдау бойынша;
е) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпендiлiк немесе араздық тұрғысында жасалған әрекет, -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
108-бап. Денсаулыққа жан күйзелiсi (аффект) жағдайында зиян
келтiру
1. Денсаулыққа кенеттен пайда болған жан күйзелiсi (аффект) жағдайында жасалған, жәбiрленушiнiң тарапынан зорлық жасауға, қорлауға немесе ауыр тiл тигiзуге, не жәбiрленушiнi өзге құқыққа қарсы немесе моральға жат әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) байланысты, сол сияқты жәбiрленушiнiң ұдайы құқыққа қарсы немесе моральға жат мiнез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психикалық зақым келтіретін жағдайда қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтiру, -
елу айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның төрт айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Денсаулыққа дәл сондай мән-жайлар кезiнде жасалған қасақана ауыр зиян келтiру, -
екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
109-бап. Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа
ауыр зиян келтiру
Денсаулыққа қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған қасақана ауыр зиян келтiру, -
бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
110-бап. Қылмыс жасаған адамды ұстау кезiнде
денсаулыққа ауыр зиян келтiру
Қылмыс жасаған адамды ұстау үшiн қажеттi шараларды асыра қолдану кезiнде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру -
екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 111-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
111-бап. Денсаулыққа абайсызда зиян келтiру
1. Денсаулыққа абайсызда зиян келтiру, -
жүз айлық есептiк көрсеткiштен екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Абайсызда екi немесе одан да көп адамның денсаулығына ауыр зиян келтiру, -
төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Денсаулыққа абайсызда орташа ауырлықтағы зиян келтiру, -
елу айлық есептiк көрсеткiштен жүз елу айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырма сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
4. Абайсызда екi немесе одан да көп адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтiру, -
елу айлық есептік көрсеткіштен екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның бір айдан екі айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге табысының мөлшерінде айыппұл салуға, не жүз сағаттан екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не төрт айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға жазаланады.
112-бап. Қорқыту
Өлтiремiн деп немесе денсаулыққа ауыр зиян келтiремiн деп, сол сияқты адамның жеке басына өзге ауыр күш көрсетемін не мүлiктi өртеп құртамын деп, жарылыс жасап немесе өзге жалпы қауiптi тәсiлмен қорқыту, бұл қорқытудың iске асатындығына қауiптенудiң жеткiлiктi негiздерiнiң бар екендiгi кезiнде, -
төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
113-бап. Ауыстырып салу не өзгедей пайдалану үшiн адамның
органдарын немесе тiнiн алуға мәжбүр ету
1. Ауыстырып салу не өзгедей пайдалану үшiн адамның органдарын немесе тiнiн алуға, күш көрсете отырып не күш көрсетемiн деп қорқыта отырып жасалған мәжбүр ету, -
үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығын айырып немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекет:
а) кiнәлiге дәрменсiз күйде екендiгi көрiнеу немесе кiнәлiге материалдық немесе өзге тәуелдiлiктегi адамға қатысты;
б) көрiнеу кәмелетке толмағанға қатысты;
в) екi немесе одан да көп адамға қатысты жасалғанда, -
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда донордың қайтыс болуына немесе өзге ауыр зардаптарға әкеп соққан нақ сол әрекеттер, -
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 114-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
114-бап. Медицина қызметкерiнiң, кәсiптiк мiндеттерiн тиiсiнше
орындамауы
1. Медицина қызметкерiнiң кәсiптiк мiндеттерiн ұқыпсыз немесе оған адал қарамауының салдарынан орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы, егер бұл әрекеттер адамның қайтыс болуына әкеп соқса, -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айырумен белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Денсаулыққа ауыр зиян келтiруге әкеп соққан нақ сол әрекеттер, -
төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтiруге әкеп соқтырған әрекеттер -
елу айлық есептік көрсеткіштен екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге табысының мөлшерінде айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не төрт айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға, не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 115-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
115-бап. Соз ауруларын жұқтыру
1. Өзiнде соз ауруы бар екендiгiн бiлген адамның оны басқа адамға жұқтыруы, -
жүз айлық есептiк көрсеткiштен бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.