жауаптылықтан босату
Қоғамдық қауiптi қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажеттi қорғану шегiнен асқан адамды сот iстiң мән-жайын ескере отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 67-бап жаңа редакцияда (бұрынғы ред. қара)
67-бап. Жәбірленушімен татуласуына байланысты
қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады.
2. Орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және жәбірленушіге келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
68-бап. Жағдайдың өзгеруiне байланысты қылмыстық
жауаптылықтан босату
1. Қылмыс белгiлерi бар әрекет жасаған адамды, егер iстi сот қараған кезде жағдайдың өзгеруi салдарынан ол жасаған әрекет қоғамға қауiптi емес деп танылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
2. Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер ол адамның содан кейiнгi мүлтiксiз мiнез-құлқына байланысты iс сотта қаралған уақытта ол қоғамға қауiптi деп есептеле алмайтындығы белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
69-бап. Ескiру мерзiмiнiң өтуiне байланысты қылмыстық
жауаптылықтан босату
1. Егер қылмыс жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады:
а) кiшiгiрім қылмыс жасағаннан кейiн екi жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейiн бес жыл;
в) ауыр қылмыс жасағаннан кейiн он жыл;
г) аса ауыр қылмыс жасағаннан кейiн он бес жыл.
2. Ескiру мерзiмi қылмыс жасаған күннен бастап және сот үкiмi заңды күшiне енген кезге дейiн есептеледi.
3. Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескiру мерзiмiнiң өтуi тоқтатылады. Бұл ретте ескiру мерзiмiнiң өтуi адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезiнен бастап жаңартылады. Бұл орайда, егер қылмыс жасаған уақыттан берi жиырма бес жыл өтсе және ескiру тоқтатылмаса, адам қылмыстық жауапқа тартылмауы керек.
4. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескiру мерзiмi тоқтатылады. Мұндай реттерде ескiру мерзiмi жаңа қылмыс жасаған күннен қайта басталады. Ескiру мерзiмi өткенге дейiн адам тағы да қылмыс жасаған өзге реттерде әрбiр қылмыс бойынша ескiру мерзiмi дербес өтедi.
5. Жасаған қылмысы үшiн осы Кодекс бойынша өлім жазасы тағайындалуы мүмкiн адамға ескiру мерзiмiн қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер ескiру мерзiмiнiң бiтуiне байланысты сот адамды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкiн деп таппаса, өлiм жазасын тағайындауға болмайды. Бұл ретте сот жиырма бес жылға дейiн мерзiмге бас бостандығынан айыруды немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруды тағайындайды.
6. Бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы күрес қылмыс жасаған адамдарға ескiру мерзiмi қолданылмайды.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 70-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
70-бап. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын-шартты
түрде босату
1. Егер сот түзеу жұмыстарын, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау немесе бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам өзiнiң түзелуi үшiн сот тағайындаған жазаны толық өтеудi қажет етпейдi деп танылса, ол мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылуы мүмкiн. Бұл орайда адам қосымша жаза түрiн өтеуден толық немесе iшiнара босатылуы мүмкiн.
2. Сот мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатуды қолдана отырып, сотталған адамға осы Кодекстiң 45-бабының бірінші бөлігінде көзделген мiндеттердi жүктеуi мүмкiн, ол бұларды жазаның өтелмей қалған бөлiгi iшiнде орындауға тиiс.
3. Жазадан шартты түрде-мерзiмiнен бұрын босату сотталған адам:
а) кiшiгiрiм және орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемінде үштен бірін;
б) ауыр қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемінде жартысын;
в) аса ауыр қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен үшiн, сондай-ақ бұрын жазадан мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылған адамға, егер мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату осы баптың жетiншi бөлiгiнде көзделген негiздер бойынша жойылған болса, тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемінде үштен екісін нақты өтегеннен кейiн қолданылуы мүмкiн.
4. Бас бостандығынан айыруға сотталушының нақты өтеу мерзiмi алты айдан кем болмауы керек.
5. Сот тағайындаған өмiр бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам, егер сот ол бұл жазаны одан әрi өтеудi қажет етпейдi деп таныса және кемiнде жиырма бес жыл бас бостандығынан айыруды iс жүзiнде өтесе, мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылуы мүмкiн.
6. Мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылған адамның мiнез-құлқына бақылау жасауды оған босатылған адамның тұрғылықты жері бойынша - мамандандырылған уәкiлеттi мемлекеттiк орган, ал әскери қызметшiлер жөнiнде - әскери бөлiмдер мен мекемелердiң командованиесi жүзеге асырады.
7. Мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату қолданылған адам, егер жазаның қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде:
а) өзiне әкiмшiлiк жазасы салынған қоғамдық тәртiптi бұзса немесе оған мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатуды қолдану кезiнде сот жүктеген мiндеттердi орындаудан әдейi жалтарса, сот осы баптың алтыншы бөлiгiнде аталған органдардың ұсынуы бойынша мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жою және жазаның өтелмей қалған бөлiгiн орындау туралы қаулы ете алады;
б) қылмыс абайсызда жасалса, жаңа қылмысқа жаза тағайындау кезiнде мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы мәселенi сот шешедi;
в) қылмыс қасақана жасалса, сот оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды. Егер сот мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жойса, абайсызда қылмыс жасаған жағдайда да жаза осы ережелер бойынша тағайындалады.
8. Өлiм жазасы түрiндегi жаза кешiрiм жасау тәртiбi бойынша бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамға мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату қолданылмайды.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 71-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
71-бап. Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл
жаза түрiмен ауыстыру
1. Кiшiгiрiм, орташа ауыр және ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамға сот оның жазасын өтеу кезiндегi мiнез-құлқын ескере отырып, жазаның өтелмей қалған бөлiгiн оның жеңiл түрiмен ауыстыра алады. Бұл орайда адам жазаның қосымша түрiн өтеуден толық немесе iшiнара босатылуы мүмкiн.
2. Жазаның өтелмеген бөлігі, сотталған адам ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасағаны үшін жаза мерзімінің кем дегенде үштен бір бөлігін, ауыр қылмысы үшін немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен ерте босатылған және жазаның өтелмей қалған бөлігі кезеңінде жаңа қылмыс жасаған адам жаза мерзімінің жартысын нақты өтегеннен кейін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін.
3. Жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот осы Кодекстiң 39-бабында аталған жаза түрлерiне сәйкес, осы Кодексте әрбiр жаза түрi үшiн көзделген шекте жазаның кез келген неғұрлым жеңiл түрiн таңдап алуы мүмкiн.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 72-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
72-бап. Жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдердiң
жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру
1. Жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмысы үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдердi қоспағанда, сотталған жүктi әйелдердi және он төрт жасқа толмаған баласы бар әйелдердi сот тиiсiнше бiр жылға дейiнгi немесе бала сегiз жасқа толғанға дейiнгi мерзiмге жазасын өтеуден босатуы мүмкiн.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған сотталған әйел баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса, немесе сотталып, жазасын өтеу кейiнге қалдырылған әйелдi бақылауды жүзеге асыратын орган екi рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейiн қоғамдық тәртiптi бұзса, сот сол органның ұсынысы бойынша жазаны өтеу мерзiмiн кейiнге қалдыруды тоқтатып, сотталушы әйелдi сот үкiмiне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiбере алады.
3. Бала сегiз жасқа толғаннан кейiн немесе ол шетiнеген жағдайда не жүктiлiгi үзiлген жағдайда сот сотталған әйелдiң мiнез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе оны неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыруы, немесе сотталған әйелдi жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
4. Егер сотталған әйел жазаны өтеуден босату кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды.
73-бап. Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату
1. Қылмыс жасағаннан кейiн оның өз iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оған ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикасы бұзылу пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жүрген адамды сот оны одан әрi өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
2. Жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегiшу адамды сот жазаны өтеуден босатуы мүмкiн немесе бұл жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. Бұл орайда жасалған қылмыстың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы, науқасының сипаты және басқа мән-жайлар ескерiледi.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар, егер осы Кодекстiң 69 және 75-баптарында көзделген ескiру мерзiмi өтпеген болса, олар сауыққан жағдайда қылмыстық жауапқа тартылып жазалануы мүмкiн.
4. Қамауға не тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға сотталған әскери қызметшiлер өздерiн әскери қызметке жарамсыз ететiн науқастануы жағдайында жазадан немесе жазасын одан әрi өтеуден босатылады. Оларға жазаның өтелмеген бөлiгi де неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
74-бап. Төтенше мән-жайлардың салдарынан жазадан босату
мен жазаны өтеудi кейiнге қалдыру
1. Кiшiгiрiм және орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталған адамды, егер жазаны өтеу өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазасын өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот жазадан босатуы мүмкiн.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған негiздер болған жағдайда үш айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдыра алады.
75-бап. Айыптау үкiмiнiң ескiру мерзiмi өтуiне байланысты
жазаны өтеуден босату
1. Қылмысы үшiн сотталған адам, егер айыптау үкiмi оның заңды күшiне енген күнiнен бастап есептегенде, мынадай мерзiмдерде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады:
а) кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - үш жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - алты жыл;
в) ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он жыл;
г) аса ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он бес жыл.
2. Егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, ескiру мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескiру мерзiмiнiң өтуi адам ұсталған немесе айыбын мойындап келген кезден басталады. Сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы кезiне қарай өткен ескiру мерзiмi есептелуге тиiс. Бұл орайда айыптау үкiмi егер, оның шығарылған уақытынан бастап жиырма бес жыл өтсе және ескiру мерзiмi жаңа қылмыс жасау арқылы үзiлмеген болса, орындалмауы керек.
3. Егер адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескiру мерзiмi үзiледi. Мұндай жағдайда ескiру мерзiмiнiң өтуi жаңадан қылмыс жасаған күннен бастап қайта есептеледi.
4. Өлiм жазасына немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескiру мерзiмiн қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескiру мерзiмiн қолдану мүмкiн деп таппаса, өлiм жазасы өмiр бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады, ал өмiр бойы бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдарға ескiру мерзiмi қолданылмайды.
76-бап. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде
қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату
1. Рақымшылық жасау туралы актiнi адамдардың жеке айқындалмаған тобы жөнiнде Қазақстан Республикасының Парламентi шығарады.
2. Қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнiң негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкiн не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн, не мұндай адамдар жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн.
3. Белгiлi бiр жеке адамға ол жөнiнде айыптау үкiмi заңды күшiне енген жағдайда кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады.
4. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрi өтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. Жазасын өтеген адамнан кешiрiм жасау актiсiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн.
77-бап. Соттылық
1. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген күннен бастап соттылықты жою немесе алып тастау кезiне дейiн сотты болған деп есептеледi. Осы Кодекске сәйкес соттылық қылмыстың әлденеше рет қайталануы, қылмысты қайталау кезiнде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi.
2. Жазадан босатылған адам соттылығы жоқ деп танылады.
3. Соттылық:
а) шартты түрде сотталған адамдар жөнiнде - сынақ мерзiмi өтуi бойынша;
б) тәртiптiк әскери бөлiмде ұсталу, әскери қызмет бойынша шектеу немесе қамау түрiнде жазасын өтеген әскери қызметшiлер жөнiнде - iс жүзiнде жазаны өтеу бойынша;
в) бас бостандығынан айырумен салыстырғанда жазаның неғұрлым жеңiл түрiне сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн бiр жыл өтуi бойынша;
г) кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өтуi бойынша;
д) ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өтуi бойынша;
е) аса ауыр қылмысы үшiн сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өтуi бойынша жойылады.
4. Егер сотталған адам заңда белгiленген тәртiппен жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босатылса немесе жазаның өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiл жазамен ауыстырылса, онда соттылықты жою мерзiмi жазаның нақты өтелген мерзiмiн негiзге ала отырып, негiзгi және қосымша жаза түрлерiн өтеуден босатылған кезден бастап есептеледi.
5. Егер сотталған адам жазаны өтегеннен кейiн өзiн мiнсiз ұстаса, сот оның өтiнiшi бойынша соттылықты жою мерзiмi өткенге дейiн одан соттылықты алып тастай алады.
6. Егер сотталған адам соттылықты жою мерзiмi өткенге дейiн тағы да қылмыс жасаса, соттылықты жою мерзiмi тоқтатылады. Бiрiншi қылмыс бойынша соттылықты жою мерзiмi соңғы қылмысы үшiн негiзгi және қосымша жазаны iс жүзiнде өтегеннен кейiн қайта есептеледi. Бұл жағдайда адам екi қылмыстың ең ауыры үшiн соттылық мерзiмi өткенге дейiн олар үшiн сотталған деп есептеледi.
7. Соттылықты жою немесе алу соттылыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшiн жояды.
VI бөлім. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық
жауаптылығы
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 78-бап өзгертілді
78-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы
1. Осы бөлімнің күшi қолданылатын кәмелетке толмағандар деп қылмыс жасаған кезге қарай жасы он төртке толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар танылады.
2. Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға жаза тағайындалуы мүмкiн не оларға тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II; 21.12.02 ж. N 363-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарына сәйкес 79-бап өзгертілді
79-бап. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi
1. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi:
а) айыппұл;
б) белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
в) қоғамдық жұмыстарға тарту;
г) түзеу жұмыстары;
г-1) бас бостандығын шектеу;
д) қамау;
е) бас бостандығынан айыру болып табылады.
2. Айыппұл кәмелетке толмай сотталған адамның дербес табысы немесе өндiрiп алуға жарайтын мүлкi болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл оннан бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе кәмелетке толмаған адамның жалақысының немесе өзге табысының екi аптадан алты айға дейiнгi кезеңдегi мөлшерiнде тағайындалады.
3. Кәмелетке толмағандарға белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
4. Қоғамдық жұмыстарға тарту қырық сағаттан жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге тағайындалады, ол кәмелетке толмаған адамның қолынан келетiн жұмысты орындауы болып табылады және ол оны оқудан немесе негiзгi жұмысынан бос уақытында атқарады. Он алты жасқа толмаған адамдардың бұл жаза түрiн орындауының ұзақтығы күнiне екi сағаттан, ал он алтыдан он сегiз жасқа дейiнгi адамдар үшiн күнiне үш сағаттан аспауы керек.
5. Түзеу жұмыстары сот үкiм шығарған кезде он алты жасқа жеткен кәмелетке толмаған адамдарға бiр жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
5-1. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге тағайындалады.
6. Қамау сот үкiм шығарған кезде он алты жасқа жеткен кәмелетке толмаған адамдарға бiр айдан төрт айға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
7. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру он жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіргені үшін немесе қылмыстардың жиынтығы бойынша қылмыстардың біреуі ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіргені үшін - он екі жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейін ауыр емес қылмысты және он төрт жастан он алты жасқа дейін орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адамдарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
8. Кәмелетке толмай сотталған адамдар бос бостандығынан айыруды:
а) бас бостандығынан айыруға бiрiншi рет сотталған еркек жынысты кәмелетке толмағандар, сондай-ақ әйел жынысты кәмелетке толмағандар жалпы режимдегi тәрбиелеу колонияларында;
б) бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген еркек жынысты кәмелетке толмағандар - күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларында өтейдi.
9. Қоғамдық қауiптiлiк сипатына және дәрежесiне, кiнәлi адамның жеке басына және басқа да мән-жайларға қарай сот қабылданған шешiмнiң себебiн көрсете отырып, еркек жынысты кәмелетке толмай сотталған адамның бас бостандығынан айыруды жалпы режимдегi тәрбиелеу колониясында өтеуiн тағайындауы мүмкiн.
10. Сот жазаны орындаушы органға кәмелетке толмай сотталған адаммен қарым-қатынас кезiнде оның жеке басының белгiлi бiр ерекшелiктерiн ескеру туралы нұсқау беруi мүмкiн.
80-бап. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау
1. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде осы Кодекстiң 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың ықпалы ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас жеңiлдететiн мән-жай ретiнде басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескерiледi.
81-бап. Кәмелетке толмағандарды жазадан босату
Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшiн сотталған кәмелетке толмаған адам, егер оны түзеуге осы Кодекстiң 82-бабында көзделген тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларын қолдану жолымен қол жеткiзуге болады деп танылса, сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
82-бап. Тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары
1. Сот кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсерi бар мынадай мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн:
а) ескерту;
б) ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не мамандандырылған мемлекеттiк органның қадағалауына беру;
в) келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетiн жүктеу;
г) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның жүрiс-тұрысына ерекше талаптар белгiлеу;
д) кәмелетке толмағандарға арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесiне орналастыру.
2. Кәмелетке толмаған адамға бiр мезгiлде тәрбиелiк әсерi бар бiрнеше тәрбиелеу шаралары тағайындалуы мүмкiн.
83-бап. Тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларының мазмұны
1. Ескерту кәмелетке толмаған адамға оның әрекетiмен келтiрiлген зиянды түсiндiруден және осы Кодексте көзделген қылмыстарды қайталап жасаудың зардаптарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-аналарына немесе олардың орнындағы адамдарға не мамандандырылған мемлекеттiк органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсер ету және оның мiнез-құлқын бақылау жөнiнде мiндеттер жүктеуден тұрады.
3. Келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайын және оның тиістi еңбек дағдысы болуын есепке ала отырып жүктеледi.
4. Кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және оның жүрiс-тұрысына ерекше талаптар белгiлеу, белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақыттың белгiлi бiр нысанын, оның iшiнде механикалық көлiк құрамын басқаруға байланысты нысанын пайдалануға тыйым салуды, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттiк органның рұқсатынсыз басқа жерлерге баруын шектеудi көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға бiлiм беру мекемесiне қайта оралу, оқуын жалғастыру немесе аяқтау, не мамандандырылған мемлекеттiк органның көмегiмен жұмысқа орналасу талабы да қойылуы мүмкiн. Осы тiзбе толық болып табылмайды.
5. Алты айдан екi жылға дейiнгi мерзiмге арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесiне орналастыруды сот кәмелетке толмай қасақана орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамға тағайындауы мүмкiн. Аталған мекемелерде болу адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ түзетудi қамтамасыз етушi мамандандырылған мемлекеттiк органның қорытындысы негiзiнде сот кәмелетке толмаған адам өзiнiң түзелуi үшiн бұдан әрi бұл шараны қолдануды қажет етпейдi деген тұжырымға келсе, мерзiмнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
6. Кәмелеттiк жасқа толмағандарға арналған арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесiнде болуды осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген мерзiм бiткеннен кейiн ұзартуға тек кәмелетке толмаған адамның жалпы бiлiм беретiн немесе кәсiптiк даярлығын аяқтауы қажет болған жағдайда ғана жол берiледi, бiрақ ол кәмелетке толғанға дейiнгiсiнен аспауы керек.
7. Кәмелетке толмаған адамның арнаулы тәрбие және емдеу-тәрбиелеу мекемесiнде болуының тәртiбi мен ережелерi заңдармен белгiленедi.
84-бап. Кәмелетке толмағандарды жазаны өтеуден шартты
түрде мерзiмiнен бұрын босату
Жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасап бас бостандығынан айыруға немесе түзету жұмыстарына сотталған адамдарға:
а) кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;
б) ауыр қылмысы үшiн сот тағайындаған жазаның кемiнде жартысын;
в) аса ауыр қылмысы үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн нақты өтегеннен кейiн қолданылуы мүмкiн.
85-бап. Ескiру мерзiмi
Осы Кодекстiң 69 және 75-баптарында көзделген ескiру мерзiмi кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан немесе оның жазасын өтеуiнен босату кезiнде тең жартысына қысқартылады.
86-бап. Соттылықты жою мерзiмдерi
Он сегiз жасқа толғанға дейiн қылмыс жасаған адамдар үшiн осы Кодекстiң 77-бабында көзделген соттылықты жою мерзiмдерi қысқартылады және тиiсiнше:
а) бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңiл түрлерiн өтегеннен кейiн төрт айға;
б) кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн бiр жылға;
в) ауыр және аса ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн үш жылға тең болады.
87-бап. Осы бөлiмнiң ережелерiн он сегiз бен жиырма
жас аралығындағы адамдарға қолдану
Он сегiз бен жиырма жас аралығындағы қылмыс жасаған адамдарға жасаған әрекетiнiң сипатын және жеке басын ескере отырып, сот ерекше жағдайларда, оларға кәмелетке толмағандарға арналған арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесiне орналастыруды қоспағанда, осы бөлiмнiң ережелерiн қолдана алады.