бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Есiрткi заттарды немесе жүйкеге әсер ететiн заттарды дайындау немесе ұқсату үшiн пайдаланылатын заттарды, құрал-саймандарды немесе жабдықтарды өткiзу мақсатымен заңсыз дайындау, иемденiп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту, сол сияқты заңсыз өткiзу, -
алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып, бiр адамның немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобының осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген немесе әлденеше рет жасаған әрекеттерi, -
бес жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Ұйымдасқан топ жасаған, осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, -
жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
264-бап. Есiрткi заттарды немесе жүйкеге әсер ететiн
заттарды тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру
немесе ұстау
1. Есiрткi заттарды немесе жүйкеге әсер ететiн заттарды тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе ұстау -
төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасаған, немесе әлденеше рет жасалған, немесе ұйымдасқан топпен жасалған дәл сол әрекеттер -
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 265-бап өзгертілді
265-бап. Есiрткi заттарды, жүйкеге әсер ететiн немесе улы
заттарды ұстау ережелерiн бұзу
1. Есiрткi заттарды, жүйкеге әсер ететiн немесе улы заттарды өндiру, жасау, ұқсату, сатып алу, сақтау, есепке алу, босату, тасымалдау, әкелу, әкету, жөнелту не жою ережелерiн бұзу, егер бұл әрекеттi аталған ережелердi сақтау мiндетiне кiретiн адам жасаса -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Есiрткi заттардың, жүйкеге әсер ететiн немесе улы заттардың ұрлануына не өзге елеулi зиян келтiрiлуiне әкеп соққан дәл сол әрекет -
екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 266-бап толықтырылды
266-бап. Жекеше медициналық практикамен немесе жекеше
фармацевтикалық қызметпен заңсыз айналысу, есiрткi
заттарды немесе жүйкеге әсер ететiн заттарды алуға құқық
беретiн рецепттердi немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру
не қолдан жасау
1. Қызметтiң таңдап алынған түріне лицензиясы жоқ адамның жекеше медициналық практикамен немесе жекеше фармацевтикалық қызметпен заңсыз айналысуы, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқса, -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда кiсi өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Есiрткi заттарды немесе жүйкеге әсер ететiн заттарды алуға құқық беретiн рецепттердi немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау, -
үш жылға дейiнгi мерзiмге белгілi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
267-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелердi бұзу
1. Абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына немесе улануына әкеп соққан санитария-эпидемиологиялық ережелердi бұзу -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан дәл сол әрекет -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
268-бап. Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп
төндiретiн мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру
1. Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына, не қоршаған ортаға қауiп төндiретiн оқиғалар, фактiлер немесе құбылыстар туралы ақпаратты халықты осындай ақпаратпен қамтамасыз етуге мiндеттi адамның жасыруы немесе бұрмалауы -
бес жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адамның денсаулығына зиян келтiруге не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекеттер -
жетi жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның жетi айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
269-бап. Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтiн тауарлар шығару
немесе сату, жұмыс орындау не қызмет көрсету
1. Тұтынушылар өмiрiнiң немесе денсаулығының қауiпсiздiгi талаптарына сай келмейтiн тауарлар шығару немесе сату, жұмыс орындау не қызмет көрсету, сол сияқты аталған тауарлардың, жұмыстың немесе қызметтiң қауiпсiздiк талаптарына сай келетiндiгiн куәландыратын ресми құжатты заңсыз беру немесе пайдалану, егер бұл әрекеттер абайсызда адам өмiрiне зиян келтiруге әкеп соқса -
бес жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттер, егер олар:
а) жас балаларға арналған тауарлар, жұмыс немесе қызмет жөнiнде жасалса;
б) абайсызда екi немесе одан да көп адамның денсаулығына зиян келтiрiлуiне әкеп соқса;
в) абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соқса -
жетi жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның жетi айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекеттер -
төрт жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 270-бап өзгертілді
270-бап. Жезөкшелiкпен айналысуға тарту
1. Күш қолдану немесе күш қолданбақшы болып қорқыту, тәуелдi жағдайын пайдалану, бопсалау, мүлкiн жою немесе бүлдiру арқылы не алдау жолымен жезөкшелiкпен айналысуға тарту -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ұйымдасқан топ, сол сияқты жезөкшелiкпен айналысуға тартқаны, не притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны, не жеңгетайлық жасағаны үшiн бұрын сотталған адам жасаған дәл сол әрекет -
үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
271-бап. Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар
ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық
1. Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау, сондай-ақ пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық -
бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ұйымдасқан топ, сол сияқты притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны, не жеңгетайлық жасағаны, не жезөкшелiкпен айналысуға тартқаны үшiн бұрын сотталған адам жасаған дәл сол әрекеттер -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 272-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
272-бап. Дәрiлiк немесе басқа құралдарды пайдаланып
есеңгiрету үшiн притондар ұйымдастыру немесе ұстау
1. Есiрткi заттарға немесе жүйкеге әсер ететiн заттарға жатпайтын дәрiлiк немесе басқа құралдар мен заттарды пайдаланып есеңгiрету үшiн притондар ұйымдастыру немесе ұстау, сол сияқты осы мақсаттар үшiн үй-жай беру -
екі жүз айлық есептік көрсеткіштен бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның төрт айға дейінгі кезендегі жалақысының немесе өзге табысының мөлшерінде айыппұл салуға, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әрекеттердi ұйымдасқан топ жасаса -
екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 273-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
273-бап. Порнографиялық материалдарды немесе заттарды
заңсыз тарату
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз жасау, тарату, жарнамалау, сол сияқты порнографиялық сипаттағы баспа басылымдарын, кино- немесе бейнематериалдарды, суреттердi немесе өзге де заттарды заңсыз сату -
бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не порнографиялық материалдарды немесе заттарды, сол сияқты оларды жасау немесе молықтыру құралдарын тәркiлеп, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
274-бап. Қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын
туындыларды заңсыз тарату
Қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын кино- және бейне материалдарды және басқа туындыларды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз жасау, таратуды, жарнамалау, көрсету, сондай-ақ қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын баспа басылымдарын, кино- немесе бейне материалдарды заңсыз сату -
бес жүзден сегiз жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан сегiз айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды, сол сияқты оларды жасау немесе молықтыру құралдарын тәркiлеп, екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңына сәйкес 275-бап өзгертілді
275-бап. Өлгендердiң мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi
қорлау
1. Өлгендердiң мәйiттерiн қорлау не олар жерленген жерлердi, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсiмдер өткiзуге арналған зират үйлерiн жою, бүлдiру немесе аяққа басу -
жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырма сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айдан бiр жылға дейiнгi мерзімге түзеу жұмыстарына, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекеттердi:
а) әлденеше рет;
б) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасаса;
в) ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни өштiк не араздық тұрғысында;
г) күш қолдану немесе оны қолданумен қорқыту арқылы жасалса -
екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен 276-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
276-бап. Жануарларға қатыгездiк жасау
1. Жануарларға олардың өлуiне немесе мертiгуiне әкеп соққан қатыгездiк жасау, егер бұл әрекет бұзақылық пиғылмен немесе жауыздық әдiстердi қолданып немесе жас балалардың көзiнше жасалса -
жүзден екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, немесе ұйымдасқан топ жасаған, немесе бiрнеше рет жасалған дәл сол әрекет -
бес жүзден сегiз жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан сегiз айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жүмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не үш айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға жазаланады.
11-тарау. Экологиялық қылмыстар
277-бап. Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық
талаптардың бұзылуы
Табиғи ресурстарды пайдалану, кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi жобалау, орналастыру, салу және жаңғырту, пайдалануға беру және пайдалану, өнеркәсiп, энергетика, көлiк пен байланыс объектiлерiн, ауыл шаруашылық мақсатындағы және мелиорация объектiлерiн пайдалану, қалалар мен басқа да елдi мекендердi салу кезiнде, әскери және қорғаныс объектiлерiне, әскери және ғарыш қызметiне қойылатын талаптарды сол талаптардың сақталуы үшiн жауапты адамдардың бұзуы, егер бұл қоршаған ортаның едәуiр ластануына, адамның денсаулығына зиян келтiруге, жануарлар немесе өсiмдiктер дүниесiнiң жаппай құрып кетуiне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса -
үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып не онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
278-бап. Ықтимал экологиялық қауiптi химиялық, радиоактивтi
және биологиялық заттарды өндiру мен пайдалану
кезiнде экологиялық талаптардың бұзылуы
1. Ықтимал экологиялық қауiптi химиялық, радиоактивтi және биологиялық заттарды өндiру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе өзге де жұмыс iстеу кезiнде экологиялық талаптардың бұзылуы, егер бұл әрекеттер адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулi зиян келтiру қаупiн төндiрсе -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қоршаған ортаның ластануына, улануына немесе зақымдануына, адамның денсаулығына зиян келтiруге, не жануарлар немесе өсiмдiктер дүниесiнiң жаппай құрып кетуiне әкеп соққан, сол сияқты төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекеттер -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсыздан адамдардың жаппай сырқаттануына немесе кiсi өлiмiне әкеп соққан әрекеттер -
үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
279-бап. Микробиологиялық немесе басқа биологиялық
агенттермен немесе улы заттармен жұмыс iстеу кезiнде
қауiпсiздiк ережелерiнiң бұзылуы
1. Микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттердi немесе токсиндерді жинап қою, жою немесе көму кезiнде экологиялық талаптарды бұзу немесе оларды Қазақстан Республикасына ұқсату, сақтау немесе көму үшiн заңсыз әкелу, егер бұлар адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулi зиян келтiру қатерiн туғызса -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қоршаған ортаның ластануына, улануына немесе зақымдануына, адамның денсаулығына зиян келтiруге, не жануарлар немесе өсiмдiктер дүниесiнiң жаппай құрып кетуiне әкеп соққан, сол сияқты төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекет -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда адамдардың жаппай ауруына немесе кiсi өлiмiне әкеп соққан әрекет -
үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
280-бап. Ветеринарлық ережелердi және өсiмдiктердiң аурулары
мен зиянкестерiне қарсы күресу үшiн белгiленген
ережелердiң бұзылуы
1. Ветеринарлық ережелердi бұзу iндеттерге немесе өзге де зардаптарға әкеп соқса -
бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Өсiмдiктердiң аурулары мен зиянкестерiне қарсы күресу үшiн белгiленген ережелердi бұзу, ауыр зардаптарға әкеп соқса -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
281-бап. Суларды ластау, бiтеу және сарқу
1. Жер бетi немесе жер асты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерiн ластау, бiтеу, сарқу не олардың табиғи қасиеттерiн өзге де өзгерту, егер осы әрекеттер жануарлар немесе өсiмдiктер дүниесiне, балық қорына, орман немесе ауыл шаруашылығына елеулi зиян келтiруге әкеп соқса, -
жүзден екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Адамның денсаулығына зиян келтiруге немесе жануарлар немесе өсiмдiктер дүниесiнiң жаппай құрып кетуiне, сол сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда не төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекеттер -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан әрекеттер -
екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
282-бап. Атмосфераны ластау
1. Атмосфераға ластайтын заттар шығару ережелерiн немесе қондырғыларды, ғимараттарды және өзге де объектiлердi пайдалану ережелерiн бұзу, егер бұл әрекеттер ауаның табиғи қасиеттерiнiң ластануына немесе өзге де өзгеруiне әкеп соқса, -
жүзден екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекет -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан әрекеттер -
екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
283-бап. Теңiз аясын ластау
1. Құрғақтағы көздерден не көлiк құралдарынан немесе теңiзде тұрғызылған жасанды құрылыстардан адамның денсаулығы мен теңiздiң жанды ресурстары үшiн зиянды не теңiз аясын заңды пайдалануға кедергi келтiретiн заттар мен материалдарды көму немесе тастау ережелерiн бұзу салдарынан теңiз аясын ластау -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Адамның денсаулығына, жануарлар немесе өсiмдiктер дүниесiне, балық қорына, қоршаған ортаға, демалыс аймақтарына не басқа да заңмен қорғалатын мүдделерге елеулi зиян келтiрген дәл сол әрекеттер -
елуден жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салып, үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан нақ сол әрекет -
екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
284-бап. Қазақстан Республикасының құрылықтық шельфi туралы
және Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық
аймағы туралы заңдардың бұзылуы
1. Қазақстан Республикасының құрылықтық шельфiнде заңсыз құрылыстар тұрғызу, олардың айналасына немесе Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық аймағында қауiпсiздiк аймақтарын заңсыз құру, сол сияқты салынған құрылыстардың және теңiздегi кеме жүрiсiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету құралдарын салу, пайдалану, күзету мен жою ережелерiн бұзу -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.
2. Қазақстан Республикасының құрылықтық шельфiнiң немесе Қазақстан Республикасы айрықша экономикалық аймағының табиғи байлықтарына тиiстi рұқсатсыз жүргiзiлген зерттеу, барлау, игеру -
бес жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.
285-бап. Жердi бүлдiру
1. Жердi улау, ластау немесе улы химикаттарды, тыңайтқыштарды, өсiмдiктердiң өсуiн, ынталандырғыштарды және өзге де қауiптi химиялық, радиоактивтiк немесе биологиялық заттарды сақтау, пайдалану, тасымалдау және көму кезiнде оларды ұстау ережелерiн бұзу салдарынан шаруашылық немесе өзге қызметтiң зиянды өнiмдерiмен бiлдiру, адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтiруге, жердiң табиғи қасиеттерiнiң нашарлауына әкеп соқса, -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.