Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi азаматтың зейнетақы төлемдерiн тағайындау және/немесе жүзеге асыру туралы немесе жәрдемақы тағайындау туралы тиiстi ұйымдарға жолдануына байланысты зейнетақы төлемдерi тағайындалғанға және/немесе жүзеге асырылғанға немесе жәрдемақы тағайындалғанға не зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан және/немесе жүзеге асырудан немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тартылғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi, егер осы бапта көрсетiлген мән-жайлар талап мерзiмiнiң соңғы алты айы iшiнде пайда болса немесе бұрынғысынша қала берсе тоқтатыла тұрады, ал егер бұл мерзiм алты айдан аспаса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде тоқтатыла тұрады.
3. Тоқтата тұруға әкелiп соқтырған мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап талап қою мерзiмiнiң өтуi одан әрi жалғасады. Бұл орайда мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айға дейiн, ал егер талап қою мерзiмi алты айдан аспаса - талап мерзiмiне дейiн ұзартылады.
183-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуiндегi үзiлiс
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi белгiленген тәртiппен талап қою, сондай-ақ мiндеткер адамның борышты немесе өзге мiндеттердi мойындағандығын дәлелдейтiн әрекеттер жасауы арқылы үзiледi.
2. Үзiлiстен кейiн талап қою мерзiмiнiң өтуi қайтадан басталады; үзiлiске дейiн өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi.
184-бап. Талапты қараусыз қалдырған ретте талап қою мерзiмiнiң өтуi
1. Егер талапты сот қараусыз қалдырса, талап қойылғанға дейiн басталған талап қою мерзiмi жалпы тәртiппен одан әрi жалғаса бередi.
2. Егер сот қылмыстық iсте қойылған талапты қараусыз қалдырса, талап қоюға дейiн басталған талап қою мерзiмiнiң өтуi талапты қараусыз қалдырған үкiм заңды күшiне енгiзiлгенге дейiн тоқтатыла тұрады. Мерзiмi тоқтатыла тұрған кездегi уақыт талап қою мерзiмiне есептелмейдi. Бұл орайда, егер мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айдан аз болса, ол алты айға дейiн ұзартылады.
185-бап. Талап қою мерзiмiн қалпына келтiру
1. Ерекше жағдайларда, талапкердiң жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн сот орынды деп таныған кезде, азаматтың бұзылған құқығы қорғалуға тиiс. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кету себептерi орынды болып, егер ол талап мерзiмiнiң соңғы алты ай iшiнде орын алған болса, ал егер бұл мерзiм алты айға тең немесе алты айдан аз болса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде танылады.
2. Белгiлi бiр iс бойынша сот шешiмiн орындаудан бас тартылуына байланысты заң құжаттарына сәйкес талапкердiң тап сол iс бойынша жаңа талап қою құқығы пайда болған ретте талап қою мерзiмi қалпына келтiрiледi және қайтадан өте бастайды.
186-бап. Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндеттердi атқару
Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндетiн атқарған борышқордың немесе өзге мiндеттi адамның тiптi сол мiндеттi атқарған кезiнде талап мерзiмiнiң өтiп кеткенiн бiлмесе де, аталған адамның өзi атқарған нәрсесiн қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.
ҚР 11.07.97 ж. N 154 Заңымен 187-бап өзгертiлдi
187-бап. Талап қою қолданылмайтын талаптар
Талап қою:
1) заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде материалдық емес игiлiктер мен мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау туралы талаптарға;
2) салымшылардың банкiге банктiк салымдарды беру туралы талаптарына;
3) азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға қолданылмайды. Алайда, талап қою мерзiмi өтiп кеткеннен кейiн қойылған талаптар талап қойыла бастаған соң үш жылдан асырмай қанағаттандырылады;
4) егер меншiк иесiнiң немесе өзге заң иеленушiнiң өз құқығының кез келген бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмаса (осы Кодекстiң 264, 265-баптары), олардың осы құқық бұзушылықты жою туралы талабына;
5) заң құжаттарында белгiленген реттерде басқа талаптарға да қолданылмайды.
II бөлiм. Меншік құқығы және
өзге де заттық құқықтар
8-тарау. Меншік құқығы.
Жалпы ережелер
ҚР 02.03.98 ж. N 211 Заңымен 188-бап өзгертілді
188-бап. Меншiк құқығы ұғымы және оның мазмұны
1. Меншiк құқығы дегенiмiз субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы.
Меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiледi.
2. Меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады.
Иелену құқығы дегенiмiз мүлiктi iс жүзiнде иеленудi жүзеге асыруды заң жүзiнде қамтамасыз ету.
Пайдалану құқығы дегенiмiз мүлiктен оның пайдалы табиғи қасиеттерiн алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзiнде қамтамасыз етiлуi. Пайда кiрiс, өсiм, жемiс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкiн.
Билiк ету құқығы дегенiмiз мүлiктiң заң жүзiндегi тағдырын белгiлеудiң заңмен қамтамасыз етiлуi.
3. Меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiкке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның iшiнде бұл мүлiктi басқа адамдардың меншiгiне берiп, иелiгiнен шығаруға, өзi меншiк иесi болып қала отырып, оларға мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi өз өкiлеттiгiн тапсыруға, мүлiктi кепiлге беруге және оған басқа да әдiстермен ауыртпалық түсiруге, оларға өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
4. Меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Құқықтар мен заңды мүдделердi бұзушылық басқа нысандарымен қатар, меншiк иесiнiң өзiнiң монополиялық және өзге де басымдық жағдайын пайдаланып қиянат жасауынан көрiнуi мүмкiн.
Меншiк иесi өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтiрiлуi мүмкiн зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.
5. Меншiк құқығының мерзiмi шексiз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
6. Заң құжаттарында көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдардың шектеулi түрде пайдалануына жол беруге мiндеттi.
189-бап. Мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығы
1. Меншiк иесi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығын көтередi және бiржақты тәртiппен мұндай ауыртпалықты үшiншi жаққа ауыстыра алмайды.
2. Егер мүлiк заңды түрде үшiншi жақтарда болса, олардың бөтен адамның мүлкiн күтiп ұстауға жұмсаған шығындарын, егер шартта өзгеше көзделмесе, меншiк иесi өтеуге тиiс.
Затты күтiмсiз және заңсыз ұстаған адамға мүлiктi күтiп ұстауға жұмсаған шығындары өтелмейдi (осы Кодекстiң 263-бабы).
190-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi
1. Иелiктен айырылған заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше белгiленбесе, сатып алушыда меншiк құқығы пайда болумен бiр мезгiлде соған көшедi.
2. Егер иелiктен айырушы адам заттарды беру мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса немесе сатып алушы оларды қабылдау мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса, кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi мерзiмiн өткiзiп жiберген тарап көтередi.
ҚР 02.03.98 ж. N 211 Заңымен 191-бап өзгертiлдi
191-бап. Жеке меншiк ұғымы және оның түрлерi
1. Жеке меншiк азаматтардың және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар мен олардың бiрлестiктерiнiң меншiгi ретiнде көрiнедi.
2. Заң құжаттарына сәйкес азаматтарға немесе заңды тұлғаларға тиесiлi бола алмайтын жекелеген мүлiк түрлерiнен басқа кез келген мүлiк жеке меншiкте болуы мүмкiн.
Жеке меншiкте болатын мүлiктiң саны мен құны шектелмейдi.
ҚР 02.03.98 ж. N 211; 04.11.99 ж. N 472; 02.03.01 ж. N 162 ; 21.05.02 ж. N 323 Заңдарымен 192-бап өзгертiлдi
192-бап. Мемлекеттiк меншiк құқығы
1. Мемлекеттiк меншiк республикалық және коммуналдық меншiк түрiнде көрiнедi.
2. Республикалық меншiк мемлекеттік қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттiк республикалық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мүлiктен тұрады.
Республикалық бюджеттiң қаражаты, алтын валюта қоры және алмас қоры, мемлекеттiк меншiктiң осы Кодекстiң 193-бабында аталған объектiлерi және мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмеген өзге де мемлекеттiк мүлiк Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қазынасын құрайды.
3. Коммуналдық меншiк жергiлiктi қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мүлiктен тұрады.
Жергiлiктi бюджет қаражаты және мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмеген өзге де коммуналдық мүлiк жергiлiктi қазынаны құрайды.
4. Мемлекеттiк меншiктегi мүлiк мемлекеттiк заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен бекiтiлiп берiлуi мүмкiн.
5. Жекелеген мемлекеттік мекемелердің иелігіндегі мемлекеттік мүліктің құқықтық режимінің ерекшеліктері заң актілерімен белгіленеді.
6. Мемлекеттiк мүлiктi мемлекеттiк меншiктiң бір түрiнен екiншiсiне беру Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейтін тәртiппен жүзеге асырылады.
ҚР 02.03.98 ж. N 211 Заңына сәйкес 193-бап жаңа редакцияда
193-бап. Жерге және басқа да табиғи ресурстарға меншiк
Жер, оның қойнауы, су, өсiмдiк және жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекеттiк меншiкте болады. Жер заң актiлерiнде белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте болуы да мүмкiн.
194-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқықтар
Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқықтарды жүзеге асыру ерекшелiктерi тұрғын үй заңдарымен реттеледi.
ҚР 02.03.98 ж. N 211 Заңымен 195-бап өзгертiлдi
195-бап. Меншiк иесi болып табылмайтын адамдардың заттық құқықтары
1. Меншiк құқығымен қатар заттық құқықтарға:
1) жердi пайдалану құқығы;
2) шаруашылық жүргiзу құқығы;
3) оралымды басқару құқығы;
4) осы Кодексте немесе өзге заң актiлерiнде көзделген басқа да заттық құқықтар.
2. Заттық құқықтарға, егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.
9-тарау. Шаруашылық жүргізу құқығы
196-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның шаруашылық жүргiзу құқығы
Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және бұл мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады.
197-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi
Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк бола алады.
198-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығына ие болу және тоқтату
1. Мүлiктi құрылып үлгiрген мемлекеттiк кәсiпорынға бекiту туралы меншiк иесi шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекiткен кезде пайда болады.
2. Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiстерi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығын алуға арналған заңдарда белгiленетiн тәртiп бойынша кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi.
3. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығы меншiк құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ меншiк иесiнiң шешiмiмен кәсiпорыннан мүлiк заңды жолмен қайтарып алынған реттерде тоқтатылады.
ҚР 11.07.97 ж. N 154 Заңымен 199-бап өзгертiлдi
199-бап. Меншiк иесiнiң шаруашылық жүргiзудегi мүлiкке қатысты құқығы
Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктiң меншiк иесi заң құжаттарына сәйкес кәсiпорын құру, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлеу, оны қайта құру мен тарату мәселелерiн шешедi, кәсiпорынға тиесiлi мүлiктiң өз мақсатында пайдаланылуы мен сақталуына бақылау жасауды жүзеге асырады.
Меншiк иесi өзi құрған кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiндегi мүлiктi пайдаланудан келтiрiлген таза табыстың бiр бөлiгiн алуға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. N 154; 02.03.98 ж. N 211; 21.05.02 N 323 Заңдарымен 200-бап өзгертiлдi
200-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарын жүзеге асыру ережелерi
1. Қызметiн шаруашылық жүргiзу құқығында жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк органның жазбаша келiсiмiнсiз:
1) өзiне тиесiлi үйлердi, құрылыстарды, жабдықты және кәсiпорынның басқа да негiзгi құралдарын иеліктен айыруға немесе өзгеше әдiспен билiк етуге (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), ұзақ мерзiмдi (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегiн пайдалануға беруге;
2) филиалдар, өкілдіктер және еншiлес кәсiпорындар құруға, жеке кәсiпкерлермен бiрге кәсiпорындар мен бiрлескен өндiрiстер құруға, олардың өзiнiң өндiрiстiк және ақша капиталын сатуға;
2-1) оған тиесiлi акцияларға (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ дебиторлық берешекке билiк етуге;
3) заемдар беруге;
4) үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлдеме немесе кепiлдiк беру.
2. Мемлекеттiк кәсiпорын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, негiзгi құралдарға жатпайтын, өзiне шаруашылық жүргiзу құқығымен бекiтiлiп берiлген мүлiкке дербес билiк етедi.
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсіпорынның мемлекеттiк кәсіпорынның негізгі құралдарына жататын мүлiкке қатысты, сондай-ақ оған тиесілi акцияларды сатуға және сыйға беру мәмiлелерiн жасасуға құқығы жоқ.
201-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындар қатысатын қатынастарға меншiк құқығы туралы ережелердiң қолданылуы
Мемлекеттiк кәсiпорындар қатысатын мүлiктiк қатынастарға егер осы Кодекстен және өзге заң құжаттарынан өзгеше туындамаса, осы Кодекстiң меншiк құқығы туралы ережелерi қолданылады.
10-тарау. Оралымды басқару құқығы
ҚР 02.03.98 ж. N 211; 16.12.98 ж. N 320 Заңдарымен 202-бап өзгертiлдi
202-бап. Оралымды басқару құқығы ұғымы мен оның мазмұны
Оралымды басқару құқығы меншiк иесiнiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекеменiң, меншiк иесiнен мүлiк алушы және өз қызметiнiң мақсатына, меншiк иесiнiң тапсырмаларына және мүлiктiң мақсатына сәйкес заң құжаттарымен белгiленген шекте сол мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырушы қазыналық кәсiпорындардың заттық құқығы болып табылады.
203-бап. Оралымды басқару құқығына ие болу және тоқтату
Оралымды басқару құқығына ие болу мен тоқтату, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстiң 13 және 14-тарауларында көзделген ережелер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
ҚР 16.12.98 ж. N 320 Заңымен 204-бап өзгердi
204-бап. Оралымды басқаруға берiлген мүлiктi меншiктенушiнiң құқығы
1. Оралымды басқарудағы мүлiктi меншiктенушi заң құжаттарына сәйкес мемлекеттiк мекеме немесе қазыналық кәсiпорын құру, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлеу мәселелерiн шешедi, мемлекеттiк мекеменiң немесе қазыналық кәсiпорынның заң жүзiндегi тағдырын, оның қызметiнiң мазмұнын белгiлеуге құқығы бар.
2. Меншiк иесi мемлекеттiк мекеменiң немесе қазыналық кәсiпорынның меншiк иесi берген мүлiктi тиiмдi пайдалануы мен сақтауына бақылау жасауды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттiк мекеменi бiрнеше меншiк иесi құрған жағдайда, олардың арасындағы қатынастар мен меншiк иелерiнiң өз мүлкiне билiк жүргiзу құқықтары құрылтай шартымен немесе сол сияқты келiсiммен белгiленедi.
205-бап. Меншiк иесiнiң оралымды басқаруға берiлген мүлiктi қайтарып алу және қайта бөлу құқығы
Мемлекеттiк мекемеге немесе қазыналық кәсiпорынға бекiтiлiп берiлген мүлiктi меншiктенушi, егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, ол мүлiктi қайтарып алуға, не өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында өз қалауы бойынша қайта бөлуге құқылы.
ҚР 16.12.98 ж. N 320-1; 02.03.01 N 162-II; 21.05.02 ж. N 323 Заңдарымен 206-бап өзгердi
206-бап. Мемлекеттiк мекеменiң немесе қазыналық кәсiпорынның мүлкiне билiк ету
1. Мемлекеттiк мекеменiң, егер заң актісінде өзгеше белгіленбесе, өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен айыруға немесе өзгеше әдiспен оған билiк етуге құқығы жоқ.
2. Қазыналық кәсiпорын өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi, сол мүліктің меншік иесінің жазбаша келісімімен ғана иеліктен айыруға немесе оған өзгеше әдіспен билік етуге, сондай-ақ дебиторлық берешекті, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, беруге және есептен шығаруға құқылы.
Қазыналық кәсiпорын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, өзi өндiрген өнiмдi дербес сатады.
Қазыналық кәсiпорынның табыстарын бөлу тәртiбiн оның мүлкiн меншiктенушi белгiлейдi.
3. Қазыналық кәсіпорынның өзінің негізгі құралдарына жататын мүлікті сатуға және оған қатысты сыйға беру мәмілелерін жасасуға құқығы жоқ.
ҚР 11.07.97 ж. N 154; 02.03.98 N 211; 16.12.98 ж. N 320-1 Заңдарымен 207-бап өзгертiлдi
207-бап. Қазыналық кәсiпорынның, мекеменiң және мемлекеттiк мекеменiң борыштары бойынша құрылтайшының жауаптылығы
1. Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорынның ақшалай қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда, оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы орган субсидиарлық жауаптылықта болады.
Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк мемлекеттiк кәсiпорын туралы заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен туындайды.
2. Мекеме мен мемлекеттiк мекеменiң жауапкершiлiгi осы Кодекстiң 44-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен туындайды.
208-бап. Мекеменi меншiктену құқығының ауысуы
Мекеменi меншiктену құқығы басқа адамға ауысқан кезде бұл мекеме өзiне тиесiлi мүлiкке оралымды билiк жүргiзу құқығын сақтап қалады.
11-тарау. Ортақ меншік
ҚР 02.03.98 ж. N 211 Заңына сәйкес 209-бап 6-тармақпен толықтырылды
209-бап. Ортақ меншiк ұғымы мен оның пайда болу негiздерi
1. Екi немесе бiрнеше адамның меншiгiндегi мүлiк оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Мүлiк меншiк иелерiнiң әрқайсысының меншiк құқығындағы үлестерi белгiлене отырып (үлестiк меншiк) немесе ондай үлестер белгiленбей (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
3. Мүлiкке ортақ меншiк үлестiк меншiк болып табылады, бұған мүлiкке ортақ меншiк құру заңда көзделген реттер қосылмайды.
4. Ортақ меншiк екi немесе бiрнеше адамның меншiгiне мүлiк түскен кезде пайда болады, оны өзiнiң мақсаты өзгертiлмейiнше бөлуге болмайды (бөлiнбейтiн заттар), өйткенi ол заңға сәйкес бөлiнуге жатпайды. Бөлiнетiн мүлiкке ортақ меншiк заң құжаттарында немесе шартта көзделген реттерде пайда болады.
5. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың келiсiмi бойынша, ал келiсiмге қол жетпеген жағдайда - сот шешiмi бойынша ортақ меншiкке осы адамдардың үлестi меншiгi белгiленуi мүмкiн.
6. Жылжымайтын мүлiкке меншiк кондоминиум нысанында пайда болуы мүмкiн, бұл жағдайда жылжымайтын мүлiктiң жекелеген бөлiктерi азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың дара (бөлек) меншiгiнде болады, ал жылжымайтын мүлiктiң бөлек меншiкте емес бөлiктерi ортақ үлестiк меншiк құқығымен жылжымайтын мүлiк бөлiктерiнiң иелерiне тиесiлi болады.
Әрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесi оның жылжымайтын мүлiктiң өзiне тиесiлi бөлiгiне бөлек меншiгiнен ажырағысыз.
Әрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесiнiң мөлшерi мен оны ұстауға арналған шығындарға қатысу дәрежесi, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жылжымайтын мүлiктiң дара (бөлек) меншiктегi бөлiктерiнiң мөлшерiне байланысты болады.
Кондоминиумның әр алуан түрлерiнiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалуы мүмкiн.
210-бап. Үлестiк меншiк құқығындағы үлестi анықтау
1. Егер үлестi меншiкке қатысушылар үлестерiнiң мөлшерi заң құжаттары негiзiнде анықталуы және оған барлық қатысушылардың келiсiмiмен белгiленуi мүмкiн болмаса, үлестер тең деп саналады.
2. Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келiсiмiмен олардың әрқайсысының ортақ мүлiктi құру мен көбейтуге қосқан салымдарына қарай қатысушылардың үлестерiн анықтау мен өзгерту тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
211-бап. Үлестi меншiкке қатысушының оны жақсартуға байланысты құқықтары
1. Ортақ мүлiктi пайдаланудың белгiленген тәртiбiн сақтай отырып, оны бөлмей жақсартуды өз есебiнен жүзеге асырған үлестi меншiк қатысушысының ортақ мүлiкке құқықтағы өз үлесiн тиiсiнше ұлғайтуға құқығы бар.
2. Ортақ мүлiктi бөлiп алып жақсарту, егер үлестi меншiкке қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, оны жасаған қатысушының меншiгiне түседi.
212-бап. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету
1. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету оның барлық қатысушыларының келiсуiмен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiкке әрбiр қатысушы өзiнiң үлесiн өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепiлге беруге, не осы Кодекстiң 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
213-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану
1. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану оның барлық қатысушыларының келiсуiмен, ал келiсiмге келмеген жағдайда - сот белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiктiң әрбiр қатысушысы ортақ мүлiктiң өз үлесi мөлшерiне тең бөлiгi өзiнiң иеленуiне және пайдалануына берiлуiне құқылы, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда - өз үлесiне тиесiлi мүлiктi иеленетiн және пайдаланатын басқа қатысушылардан тиiстi ақша сомасын немесе өзге де өтем төлеудi талап етуге құқылы.
214-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi пайдаланудан алынатын жемiстер, өнiмдер мен табыстар
Үлестi меншiктегi мүлiктi пайдаланудан алынатын жемiстер, өнiмдер мен табыстар ортақ мүлiктiң құрамына келiп түседi. Жемiстiң, өнiм мен табыстың одан кейiнгi бөлiнуi, үлестi меншiктiң қатысушылары арасында, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерiне сәйкес жүргiзiледi.
215-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi күтiп ұстауға байланысты шығындар
Үлестi меншiктiң әрбiр қатысушысы ортақ мүлiк бойынша өз үлесiне сәйкес салықтар, алымдар және өзге де төлемдер төлеуге, сондай-ақ оны күтiп ұстау мен сақтауға байланысты шығындарға қатысуға мiндеттi.
216-бап. Сатып алудың басым құқығы
1. Үлестi меншiк құқығындағы үлестi бөгде адамдарға сату кезiнде сатылатын үлестi оның сатылатын бағасы бойынша және жария саудаға салып сату реттерiнен басқа тең жағдайларда үлестi меншiктiң қалған қатысушыларының сатып алуға басым құқығы болады.
Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келiсiмi болмаған жағдайда үлестi меншiк құқығындағы үлестi сату үшiн жария саудаға салу осы Кодекстiң 222-бабының 2-тармағында көзделген реттерде және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Үлесiн сатушы оның сату бағасын және оны сатудың басқа да шарттарын көрсете отырып, үлестi меншiктiң басқа қатысушыларына өз үлесiн бөтен адамға сату ниетi туралы жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi. Егер үлестi меншiктiң басқа қатысушылары сатып алудан бас тартса немесе қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығындағы сатылатын үлестi бiр ай iшiнде, ал басқа мүлiк жөнiнен - хабар алған күннен бастап он күн iшiнде сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген адамға сатуға құқылы.
3. Үлес сатып алудың басым құқығы бұзыла отырып сатылған жағдайда үлестi меншiктiң кез келген басқа қатысушысы үш айдың iшiнде сотта өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды талап етуге құқылы.