Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер рыногындағы жұмыс тәжiрибесiне ие болу қажеттiгi туралы талап шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қолданылмайды, оларды қолдау Заңның 27-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
31. Конкурстық комиссия қабылданған конкурстық өтiнiмдердi бағалау мен салыстыру кезiнде конкурстық өтінiмнiң бағасынан басқа конкурстық құжаттамада ескертiлген және барлық конкурстық өтiнiмдерге бiрдей мөлшерде қолданылатын Заңның 16-бабы 6-тармағының 2) - 8) тармақшаларында немесе 7-тармағының 2) және 3) тармақшаларында тiзбеленген өлшемдердi ескередi, осы Ереженiң 30,32,33,35 және 36-тармақтарында көрсетiлген элементтердiң конкурстық өтiнiм бағасына белгiлi бiр процент негiзiнде ықпалын белгiлейдi және конкурстық өтiнiмдердiң шартты бағаларын салыстыру жолымен жеңiмпазды анықтайды.
Заңның 16-бабы 6-тармағының 2) - 4), 6), 7) тармақшаларында немесе 7-тармағының 2), 3) тармақшаларында тiзбеленген өлшемдердiң конкурстық өтiнiмнiң бағасына жиынтық проценттiк ықпалы 15 проценттен аспауға тиiс.
32. Ықтимал өнiм берушi өзiнiң конкурстық өтiнiмiнде тауарға байланысты пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге жұмсалған шығыстарды (пайдалану шығыстарын) конкурстық құжаттамада көрсетiлген мерзiм iшiнде көрсетуi және оларды есептеулермен растауы қажет. Конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдi пайдалану шығыстарының ең төменгi құнымен айқындайды және басқа конкурстық өтiнiмдердiң бағасына осындай проценттi шартты түрде қосады, оларда әрбiр конкурстық өтiнiмдi пайдалану шығыстарының құны пайдалану шығыстарының ұсынылған ең төменгi құнынан асып кетедi.
33. Егер конкурстық құжаттамада конкурстық өтiнiмдердi ықтимал өнiм берушiнiң тауар берудiң (жұмыстарды аяқтаудың, көрсетiлетiн қызметтердi ұсынудың) конкурстық құжаттамада көрсетiлген мерзiмдермен салыстырғанда неғұрлым кеш мерзiмiмен беру мүмкiндiгi көзделген болса, онда конкурстық комиссия конкурстық өтiнiм құнының белгілi бiр процентi негiзiнде тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетiлетiн қызметтердi берудiң, аяқтаудың немесе ұсынудың талап етiлген мерзiмiмен салыстырғанда кiдiрткен әрбiр апта үшiн бұл проценттi ақшалай мәнде көрсетуге және бұл проценттi берiлу (жұмыстарды аяқтау, көрсетiлетiн қызметтердi ұсыну) мерзiмi неғұрлым кеш конкурстық өтiнiм бағасына шартты түрде қосуға құқылы. Осы рәсiм тауарлар берудiң (жұмыстарды аяқтаудың, көрсетiлетiн қызметтердi ұсынудың) неғұрлым кеш мерзiмдерiн көздейтiн әрбiр конкурстық өтiнiмге қолданылады. Тауарларды (жұмыстарды аяқтауды, көрсетiлетiн қызметтердi ұсынуды) мерзiмiнен бұрын жеткiзгенi үшiн бағаны шартты түрде төмендету көзделмейдi.
34. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада төлемнiң талап етiлетiн шартын мәлiмдеуге тиiс және конкурстық өтiнiмдер төлемнiң осы шартының негiзiнде бағалануға тиiс. Сонымен бiрге, ықтимал өнiм берушi төлемнiң балама шартын немесе басқа шарттарды және сонымен байланысты нақты баға шегерiмдерiн ұсына алады. Конкурстық комиссия ықтимал өнiм берушi көрсеткен тапсырысшы үшiн қолайлы шартты қарайды, ықтимал өнiм берушiнiң конкурстық өтiнiм бағасын ұсынылған шегерiм сомасына азайтады. Бұл жағдайда мемлекеттiк сатып алу туралы шарт конкурс жеңiмпазымен оның конкурс өтiнiмiндегi баға сомасына, ол ұсынған шегерiмдi шығарып тастап және ол ұсынған шартпен жасалады.
35. Ықтимал өнiм берушi, берiлетiн тауарлар мен ұсынылатын қызметтердiң конкурстық құжаттамалардың техникалық талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз ете отырып, ұсынылатын тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң пайдалану сипаттамасына кепiлдiк беретiн кезеңдi көрсетедi. Конкурстық комиссия, егер конкурстық өтiнiмде ұсынылған кепiлдiк кезеңi конкурстық құжаттамада мәлiмделген базалық кезеңнен аз болса, конкурстық өтiнiмнiң бағасына әрбiр жыл үшiн белгiлi бiр проценттi шартты түрде қосады немесе егер кепiлдiк кезеңi базалық кезеңнен көп болса, шартты түрде алып тастайды.
36. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдердiң шартты бағасына әсер ететiн проценттердiң белгiлi бiр мәнiн сатып алынатын тауарлардың функционалдық, техникалық және сапалық сипаттамалары бойынша, сондай-ақ неғұрлым жоғары экономикалық тиiмдiлiктi қамтамасыз ететiн тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi бағалаудың басқа да өлшемдерi бойынша белгiлейдi.
37. Конкурстық комиссия ұтқан конкурстық өтiнiмдi анықтаған кезде отандық тауар өндiрушiлер болып табылатын ықтимал өнiм берушiлердiң конкурстық өтiнiмдерiнiң бағасын конкурстық құжаттамада көрсетiлген белгiлi бiр процентке кемiтедi, сондай-ақ шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi мен мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiк ұйымдары беретiн және көрсететiн конкурстық құжаттамада көзделген тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң көлемiн ескередi.
Отандық тауар өндiруші - Қазақ Республикасының резидентi болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға (қолдануға) дайын тауар өндiретiн, жергiлiктi еңбек ресурстарының кемiнде 85 процентiн пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға.
Отандық тауар өндiрушiнiң конкурстық өтiнiмiнiң бағасы шартты түрде 20 процентке азайтылады.
38. Конкурстық комиссия конкурстық құжаттамада көрсетiлген өлшемдердi ескере отырып анықталатын, неғұрлым аз жиынтық шартты бағамен ұтқан конкурстық өтiнiмдi дауыс беру жолымен анықтайды. Екi немесе бiрнеше конкурстық өтiнiмдердiң жиынтық шартты бағалары тең болған жағдайда тауарлар берудiң, жұмыстар орындаудың, қызметтер көрсетудiң неғұрлым жақсы шарттарын ұсынатын конкурстық өтiнiмге басымдық берiледi.
39. Жеткiлiктi бәсекелестiк орта болған кезде конкурстың қорытындысын шығарған кезде конкурстық комиссия конкурс жеңiмпазынан басқа, ұсыныстары неғұрлым басымдыққа ие болған кемiнде екi ықтимал өнiм берушiнi белгiлейдi.
Егер конкурс жеңiмпазы деп танылған ықтимал өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу туралы шартқа белгiленген мерзiмдерде қол қоймаса, тапсырысшы конкурс жеңiмпазының ұсынысынан кейiн ұсынысы неғұрлым басымдыққа ие болып табылатын конкурсқа басқа қатысушымен шарт жасасуға құқылы. Бұл жағдайда тапсырысшы конкурс жеңiмпазымен шартқа қол қою мерзiмi өткен сәттен бастап үш күн iшiнде конкурстық өтiнiмi неғұрлым басымдыққа ие деп танылған ықтимал өнiм берушiге оны өнiм берушi деп тану туралы хабарламаны және мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасын жiбередi.
Конкурстық өтiнiмi неғұрлым басымдыққа ие деп танылған ықтимал өнiм берушi, ол туралы хабарламаны және мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасын алған күннен бастап үш күннiң iшiнде шартқа қол қоюға немесе орын алған келiспеушiлiктер туралы немесе шартқа қол қоюдан бас тартатыны туралы тапсырысшыға жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
Егер конкурстық өтiнiмдердiң қолданыстағы мерзiмдерi өтiп кетсе және мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасалмаса немесе ол бұзылса, онда тапсырысшы қайтадан ашық конкурс жариялайды немесе сатып алуды уәкiлеттi органмен келiсе отырып, Заңға сәйкес басқа тәсiлмен жүзеге асырады.
40. Конкурс қорытындысы туралы хаттама нысаны мен мазмұны бойынша осы Ережеге 8-қосымшаға сәйкес жасалады және оған конкурстық комиссияның төрағасы, оның орынбасары, конкурстық комиссияның мүшелерi мен хатшысы қол қояды. Күрделi техникалық cипаттамалары мен ерекшелiктерi бар жабдықтарды мемлекеттiк сатып алу, құрылыс мерзiмi алты айдан асатын күрделi объектiлердi салу жөнiндегi жұмыстарды сатып алу жүргiзiлген кезде конкурс қорытындыларын шығару мерзiмдерi отыз күнтiзбелiк күнге дейiн ұзартылуы мүмкiн.
Конкурстың қорытындылары туралы хаттамада осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу үшiн бөлiнген сома көрсетiлуге тиiс.
§ 4. Сатып алуды өзге тәсiлдермен жүзеге асыру тәртiбi
41. Баға ұсыныстарына сұрау салуды пайдалана отырып өнiм берушiнi таңдау тәсiлiмен тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырған кезде тапсырысшы ықтимал өнiм берушiден сатып алынатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерге жазбаша баға ұсыныстарын ауызша немесе жазбаша сұратады. Мұндай сұрау салу бағаға тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң өз құнынан басқа, тасымалдауға, сақтандыруға жұмсалатын шығыстарды, кеден баждары мен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер төлеудi, сондай-ақ ықтимал өнiм берушi өзi ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң бағасына енгiзетiн өзге де шығыстарды енгiзу туралы ақпаратты қамти алады.
Егер ықтимал өнiм берушілер Қазақстан Республикасының резидентi емес болып табылса, баға ұсынысы осы баға ұсынысы берiлген күнгi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген бағам бойынша шетел валютасымен көрсетілуі мүмкін.
Әрбiр ықтимал өнiм берушi жазбаша түрде ресiмделуi тиiс бiр ғана баға ұсынысын бередi (ақы төлеуге арналған шот, прайс-парақ). Жеке тұлғалардың баға ұсынысы жеке куәлiгiнiң нөмiрiн және егер ол болса банктiк деректемелерiн көрсете отырып, тапсырысшы басшысының атына өтiнiш түрiнде ресiмделедi. Сондай-ақ өтiнiшке салық төлеушiнiң куәлiгi мен әлеуметтiк жеке кодының көшiрмесi қоса тiркеледi.
Егер сатып алынатын тауарларды (жұмыстарды/көрсетiлетiн қызметтердi) сатуға және беруге (орындауға/көрсетуге) арналған қызмет мiндеттi түрде лицензиялануға тиiс болған жағдайда, тапсырысшы осындай лицензияның нотариатпен куәландырылған көшiрмесiн (не заңды түрде белгiленген нысандағы көшiрмесiн) сұратады.
Тапсырысшы тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алған кезде ұсынылған шотқа сәйкес ақы төлеуге және/немесе тапсырысшының қажеттiлiгiн қанағаттандыратын ең төмен баға ұсынған ықтимал өнiм берушiмен шарт жасасуға құқылы.
42. Мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi уәкiлеттi органға сатып алу тәсiлiн келiсу үшiн заңнамада белгiленген жағдайларда тапсырысшы ғана жүгiнедi.
43. Мемлекеттiк сатып алуды Заңда көзделген жағдайларда және шартпен бiр көзден сатып алу тәсiлiмен жүзеге асырған кезде конкурстық комиссия осы Ережеге 9-қосымшаға сәйкес нысан мен мазмұн бойынша бiр көзден сатып алу хаттамасын жасайды.
44. Ашық тауарлық биржалар арқылы мемлекеттiк сатып алулар Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
§ 5. Құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарды
сатып алудың салалық ерекшелiктерi
45. Өндiрiстiк және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды салуға, қайта жаңартуға, техникалық қайта жарақтандыруға және күрделi жөндеуге арналған мердiгерлiк жұмыстарды, сондай-ақ өзге де көлемдi, жазықтағы немесе желiлiк объектiлердi мемлекеттiк сатып алу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы, сатып алудың нақты шарттарын ескере отырып, жекелеген конкурстарды өткiзудiң мынадай сабақтастығын:
1) жобалау алдындағы және/немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеудi;
2) құрылысты (соның iшiнде, қажет кезiнде, жабдықтарды беру және монтаждау, сондай-ақ iске қосу-жөндеу жұмыстары және жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес басқа жұмыстар) белгiлейдi.
46. Жобалау алдындағы және/немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеуге арналған конкурстарға конкурстық құжаттама жасаған кезде конкурсты ұйымдастырушы Заңның 12-бабының 1-тармағында санамаланған ақпараттан басқа:
1) құрылыс алаңының, географиялық, инженерлiк-геологиялық және басқа айрықша табиғи жағдайлардың қысқаша сипатталуын, инфрақұрылым мен коммуникациялардың болуын, жергiлiктi ресурстардың, стандарттар жүйесiнiң және техникалық нормативтердiң, техникалық құжаттаманы әзiрлеудiң ресми тiлiнiң сипатталуын;
2) объектiнiң толық құрамын, аумақты инженерлiк әзiрлеу, өндiрiс технологиясы және жабдықтау, инженерлiк қамтамасыз ету, пайдаланылатын материалдар мен құрастырмалар, объектiнi жарақтандыру және басқа қажеттi ақпарат бойынша талаптарды көздейдi.
47. Құрылыс және құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша конкурстарға конкурстық құжаттаманың құрамында конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттiк сараптамадан өткен және белгіленген тәртiппен бекiтiлген, базалық бағаларға есептелген сметалық есептеулердi көздейтiн жобалау-сметалық құжаттаманың қажеттi бөлiмдерiн немесе көлемi жөнiнен қысқа жобалық материалдарды (жоба бөлiмдерi - түсiндiрме жазба, бас жоспар және көлiк, сәулет-құрылыс және технологиялық бөлiк, инженерлiк қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, техникалық-экономикалық бөлiк, құрылысты ұйымдастыру және басқа) бередi.
48. Жобалау-сметалық құжаттама объектiнi салу шартының "кiлтпен қоса тапсыру" талабына есептелген жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы әзiрлеген кезде құрылыстың "кiлтпен қоса тапсыру" талабын көздей алады, бұл ретте мердiгер құрылысты салу және оны қамтамасыз ету жөнiндегi барлық мiндеттердi өз мойнына алады және ол тапсырысшыға объектiнi пайдалануға дайын күйiнде өткiзуге тиiс. Бұл орайда, егер объектiнi салу созылмалы сипатқа ие болса, конкурстық құжаттамада құрылысты салу кезеңдерi және/немесе жұмыстарды орындау кестесi көрсетiледi.
49. "Кiлтпен қоса тапсыру" талабымен объектiнi салу жұмыстарын мемлекеттiк сатып алу жөнiнде конкурс өткiзген кезде, осы талап көрсетiле отырып, шарт жасалады.
Ғимараттар мен құрылыстарды ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстардың бiртектес түрлерiн мемлекеттiк сатып алу жұмыстар көлемiнiң тiзiмдемесi негiзiнде жүргiзiледi.
Жұмыстар көлемi тiзiмдемесiнiң әзiрлеушiсi бола отырып, тапсырысшы оның толықтығы және құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкестiгi үшiн жауапкершiлiк тартады.
50. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада бас мердiгердiң өткiзiлетiн конкурстың нысанасы болып табылатын жұмыстар көлемiнiң (құрылыс құнының) жиынтығында үштен екiсiнен астамын қосалқы мердiгерге беруiне тыйым салу туралы талапты көздейдi.
51. Iрi және күрделi құрылыс объектiлерi немесе құрылыс мерзiмi алты айдан астам объектiлер бойынша мердiгерлiк жұмыстарды мемлекеттiк сатып алу өткiзуге арналған конкурстық құжаттама мемлекеттiк сарапталуға тиiс.
52. Жұмыстарды мемлекеттiк сатып алу бойынша конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы осы құрылыста көзделген жұмыстардың әрбiр түрi бойынша ықтимал өнiм берушiнi анықтау жөнiнде конкурс өткiзе алады.
53. Жұмыстарды мемлекеттiк сатып алулар жөнiндегi конкурсқа қатысатын және бас мердiгер болып әрекет ететiн ықтимал өнiм берушi осы құрылыста көзделген барлық жұмыстарға немесе қосалқы мердiгерлердi тартқан жағдайда, олар орындайтын жұмыс түрлерiне лицензия ұсынады.
Қосалқы мердiгерлердi тартқан жағдайда ықтимал өнiм берушi өзiнiң конкурстық өтiнiмiнде осындай қосалқы мердiгерлердiң тiзбесiн көрсетедi.
§ 6. Iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен
әзiрлемелер жүргізу бойынша көрсетiлетiн қызметтердi,
фармацевтикалық және медициналық мақсаттағы өнiмдердi мемлекеттiк
сатып алуды жүзеге асырудың ерекшелiктерi
54. Олар үшiн сатып алуды жүзеге асырудың басқа тәсiлi Заңмен көзделмеген, оларды жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама жүргiзу мiндеттi iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелер жүргiзу бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу екi кезеңдi рәсiмдi пайдалана отырып конкурс өткiзу тәсiлiмен жүзеге асырылуға тиiс.
55. Конкурсқа қатысуға арналған конкурстық өтiнiмдi ықтимал өнiм берушi әрбiр бағдарлама, жоба (лот) бойынша ресiмдейдi және онда ұсыныстың техникалық-экономикалық, қаржылық және ғылыми-технологиялық тиiмдiлiгiн, бағдарламалар мен жобаларды және зерттеулердiң нәтижелерiн iске асыру кезiндегi әлеуметтiк, экологиялық және басқа салдарларын сараптамалық бағалау үшiн қажеттi және жеткiлiктi ақпарат, сондай-ақ қабылданатын мiндеттемелердi орындау үшiн кәсiби бiлiмiнiң, тәжiрибесiнiң, беделiнiң, қажеттi қаржылық, материалдық-техникалық және еңбек ресурстарының бар екенiн растайтын құжаттар болуға тиiс.
56. Бастапқы конкурстық өтiнiмдердi ашудың және түпкiлiктi қабылдаудың мерзiмi Заңның 11-бабының 2-тармағына сәйкес белгiленедi.
57. Ықтимал өнiм берушi әзiрлеген және ұсынатын бастапқы конкурстық өтiнiмде мынадай компоненттер болуға тиiс:
1) конкурстық құжаттамаға сәйкес толтырылған конкурсқа қатысуға арналған өтiнiм;
2) ықтимал өнiм берушiнiң конкурстық құжаттама талап ететiн, мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi конкурсқа қатысу үшiн қажеттi бiлiктiлiкке ие екендiгi туралы куәландыратын құжаттамалық дәлелдеме;
3) сатып алынатын көрсетiлетiн қызметтердiң техникалық, сапалық және өзге сипаттамаларына қатысты ұсыныстар және оларды көрсетудiң талаптары;
4) конкурстық құжаттамаға сәйкес ұсынылуы қажет басқа да құжаттар.
58. Мұндай конкурстың бiрiншi кезеңiнде ықтимал өнiм берушiнiң, конкурстық өтiнiмдердiң техникалық ерекшелiктерi мен баға талаптарына сәйкестiгiн қоспағанда, Заңның 8-бабының 1-тармағында санамаланған бiлiктiлiк талаптарына және конкурстық құжаттамада көрсетiлген өлшемдерге сәйкестiгi қаралады.
59. Конкурстық комиссия бiрiншi кезеңде, егер:
1) конкурстық өтiнiм берген ықтимал өнiм берушi бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмесе;
2) конкурстық өтiнiм конкурстық құжаттаманың талаптарына жауап бермесе конкурстық өтiнiмдi қабылдамай тастайды.
60. Конкурстың бiрiншi кезеңiнде конкурстық комиссия көрсетiлетiн қызметтердiң техникалық, сапалық немесе өзге сипаттамаларына және оларды көрсетудiң (бағадан басқа) шарттық талаптарына қатысты бастапқы конкурстық өтiнiмi қабылданған кез келген ықтимал өнiм берушiмен келiссөздер жүргiзе алады.
61. Конкурстың бiрiншi кезеңi аяқталуы бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссияның шешiмi негiзiнде конкурстық құжаттамаға өзгерiстердi әзiрлейдi және бекiтедi, олар конкурстық құжаттаманың барлық жеткiлiксiз бөлiмдерiн, сондай-ақ түпкiлiктi конкурстық өтiнiмдердi ұсынудың және ашудың талаптарын қамтиды.
Түпкiлiктi конкурстық өтiнiмдердi ұсынудың және ашудың мерзiмiн конкурсты ұйымдастырушы, конкурстың бiрiншi кезеңiнде қабылданған бастапқы конкурстық өтiнiмдердi, конкурстық құжаттамаға бекiтiлген өзгерiстердi барлық ықтимал өнiм берушiлерге ұсынғаннан кейiн 20 күннен кешiктiрмей, дербес белгiлейдi.
62. Конкурстық құжаттамаға өзгерiстерде конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдердi бағалау мен салыстыру және ұтқан конкурстық өтiнiмдi анықтау үшiн конкурстық құжаттамада кез келген бастапқы белгiленген көрсетiлетiн қызметтердiң техникалық, сапалық немесе өзге сипаттамаларының аспектiлерiн, сондай-ақ конкурстық құжаттамада кез келген бастапқы белгiленген өлшемдердi алып тастай алады немесе өзгерте алады және жаңа сипаттамалар мен өлшемдер қоса алады.
Бастапқы бекiтiлген конкурстық құжаттама, сондай-ақ оған өзгерiстер мен толықтырулар бiрыңғай конкурстық құжаттаманы құрайды.
63. Конкурстың екiншi кезеңiнде iрiктеудiң бiрiншi кезеңiнен өткен, iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелер бойынша тиiстi бағдарламаны (жобаны), конкурстық комиссия ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы уәкiлеттi орган ұйымдастыратын мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптамаға жiбередi. Конкурстың екiншi кезеңiнде техникалық ерекшелiкке сәйкестiк мәселесi қаралады және конкурстық өтiнiмдер баға факторы бойынша және осы Ережеде белгiленген және конкурстық құжаттамада көрсетiлген бағалау өлшемдерiне сәйкес жүзеге асырылады. Жеңiмпаз конкурстық өтiнiмдердiң шартты бағаларын салыстыру арқылы анықталады.
64. Қажет жағдайда конкурстың екiншi кезеңiнде iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелердiң бағдарламалары мен жобалары арнаулы сараптамаға (экологиялық және/немесе басқа) жiберiлуi мүмкiн.
65. Iргелi және қолданбалы зерттеулер бойынша конкурс өткiзген кезде конкурстық өтiнiмнiң қолданылу мерзiмi конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу күнiнен бастап кемiнде 75 күнтiзбелiк күн деп белгiленедi.
66. Конкурстық құжаттамаға сәйкес ұсынылған түпкiлiктi конкурстық өтiнiмдер осы Ережеге сәйкес бағаланады және салыстырылады.
67. Егер осы параграфпен өзгеше көзделмесе, екi кезеңдi рәсiмдi пайдалана отырып тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу бойынша конкурс өткiзу кезiнде ашық және жабық конкурс өткiзу кезiндегiдей рәсiмдер мен ережелер пайдаланылады.
68. Медициналық мақсаттағы фармацевтикалық өнiмдi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде бiртектес тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердi анықтау үшiн тапсырысшы медициналық мақсаттағы бiртектес құралдар мен бұйымдар топтарының тiзбесiн көздейтiн, азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы орталық атқарушы органның актiсiн басшылыққа алады.
§ 7. Бағдарламалық қамтамасыз ету жөнiндегi көрсетiлетiн
қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекшелiктерi
69. Бағдарламалық қамтамасыз етудi әзiрлеу және оны сүйемелдеу бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада әзiрленген бағдарламалық өнiмге мүлiктiк құқықтың тапсырысшыға тиесiлiлiгi туралы, сондай-ақ тапсырысшының қызметкерлерiн оқыту туралы талапты көздейдi.
Осы талап мемлекеттiк сатып алу туралы шартта көзделуге тиiс.
70. Конкурсты ұйымдастырушы осындай бағдарламалық өнiмдi сүйемелдеудiң толық циклын көздей алады.
71. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада өнiм берушiнiң қосалқы мердiгерлердiң сатып алынатын көрсетiлетiн қызметтердiң жалпы көлемiнiң үштен бiрiнен аспайтын көрсетiлетiн қызметтерiн тарту мүмкiндiгi туралы көрсетуi қажет.
§ 8. Мемлекеттiк ресурстарға астықты, сондай-ақ оларды сақтау
және өткiзу жөнiнде көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк
сатып алуды жүзеге асырудың ерекшелiктерi
72. Мемлекеттiк ресурстарға астықты, сондай-ақ оларды сақтау және өткiзу жөнiнде көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен анықталған өнiм берушi (агент) жүзеге асырады.
73. Өнiм берушi (агент) жүзеге асыратын мемлекеттiк ресурстарға астықты, сондай-ақ оларды сақтау және өткiзу жөнiнде көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алудың тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
§ 9. Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын
бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушы
74. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен бюджеттiк шығындарды азайту мақсатында және мемлекеттiк органдарға ведомостволық бағынысты мемлекеттiк мекемелерден басқа, бiрнеше тапсырысшылардың тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiртектес түрлерiн сатып алу қажеттiгі туындаған жағдайда, бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушы белгiленуi мүмкiн.
75. Бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушы белгiленген жағдайда тапсырысшылар конкурсты ұйымдастырушыға олар белгiлеген мерзiмде, конкурсты ұйымдастыру мен өткiзу үшiн қажет ақпарат, соның iшiнде осы Ереженiң 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша сатып алудың жоспарын, сатып алынатын тауарлардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) техникалық ерекшелiктерiн, жұмыстарды сатып алған кезде объектiлердiң құрылысына арналған жобалау-сметалық құжаттаманы ұсынады, сондай-ақ бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыға осы ақпараттағы өзгерiстер туралы дереу хабарлайды. Бұл орайда тапсырысшылар ұсынылатын ақпараттың сапасы мен толықтығына кепiлдiк бередi.
76. Бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушы конкурстық рәсiмдердi әзiрлеу және өткiзу жөнiндегі өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
77. Бiрыңғай ұйымдастырушы өткiзген конкурстың қорытындысы бойынша тапсырысшылар жеңiмпаздармен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттар жасасады.
§ 10. Ұсынылған конкурстық құжаттама үшiн
ақы алудың тәртiбi мен шарты
78. Конкурстық құжаттаманы бергенi үшiн мемлекеттiк мекемелер алатын ақы конкурсты ұйымдастырушының тиiстi бюджетiнiң кiрiстер кодына аударылады.
79. Мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi акционерлiк қоғамдар және солармен аффилиирленген заңды тұлғалар конкурстық құжаттаманы ұсынғаны үшiн алатын ақы конкурсты ұйымдастырушының қызмет көрсетiлетiн банктердегi банктiк шотына немесе оның бухгалтериясына аударылады.
80. Конкурсты ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген ықтимал өнiм берушiге конкурстық құжаттаманы ұсынғаны үшiн, конкурстық құжаттаманың көшiрмесiн жасауға, ал жабық конкурс өткiзiлген жағдайда, оны салып жiберуге кететiн нақты шығыннан аспайтын ақы алуға құқылы.