Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау әpi дамыту мәселелерi жөнiндегi
сарапшылық кеңестерi туралы үлгi ереженi бекiту туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 19 тамыздағы N 917 қаулысы
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2003 ж. 29 сәуірдегі N 410 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау жүйесiн жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау әрi дамыту мәселелерi жөнiндегi сарапшылық кеңестерi туралы үлгi ереже бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | И.Тасмағамбетов
|
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2002 жылғы 19 тамыздағы
N 917 қаулысымен
бекiтiлген
Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау әрi дамыту мәселелерi
жөнiндегi сарапшылық кеңестерi туралы
үлгі ереже
Осы Ереже Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құрамына кiретiн министрлiктер мен агенттiктерде құрылатын Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау әрi дамыту мәселелерi жөнiндегi сарапшылық кеңестерiнiң (бұдан әрi - Сарапшылық кеңестерi) қызметiн белгiлейдi.
1. Жалпы ережелер
1. Сарапшылық кеңестерi өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
2. Сарапшылық кеңесiнiң негiзгi мiндеттерi:
1) шағын және орта кәсiпкерлiк саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеу және iске асыруда консультациялық көмек;
2) шағын және орта кәсiпкерлiктi қорғау мен дамытудың құқықтық нормаларын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
3) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiмен өзара iс-қимылы әрi ынтымақтастығы мәселелерi жөнiндегi құжаттарды дайындауға жәрдемдесу болып табылады.
3. Сарапшылық кеңесi өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) шағын және орта кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық кесiмдер жобалары бойынша ұсыныстар әзiрлейдi және ұсынымдар бередi;
2) шағын және орта кәсiпкерлiк саласындағы нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
3) тиiстi мемлекеттiк органның шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға қатысты мәселелер бойынша iс-шаралар жоспарын талқылайды;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Сарапшылық кеңестерiнiң құқықтары
4. Сарапшылық кеңесiнiң жүктелген мiндеттерге сәйкес:
1) шағын және орта кәсiпкерлiк мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын қарауға;
2) өзiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органға ұсыныстар енгiзуге;
3) тиiстi мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнен Сарапшылық кеңесiнiң мiндеттерiн iске асыру үшiн қажеттi ақпаратты, материалдарды сұратуға және алуға құқығы бар.
3. Сарапшылық кеңестерiн құрудың және олардың
қызметінiң тәртiбi
5. Сарапшылық кеңесiнiң құрамын оны құрған мемлекеттiк орган белгiлейдi.
Сарапшылық кеңесiнiң құрамы ғалымдардың, кәсiпкерлер қауымдастықтары мен қоғамдық бiрлестiктерi өкiлдерiнiң, сондай-ақ өтеусiз негiзде тартылатын тиiстi мемлекеттiк орган қызметкерлерi арасынан құралады.
Сарапшылық кеңесiнiң жеке құрамын өзiнiң жанынан Сарапшылық кеңесi құрылған мемлекеттiк орган басшысы бекiтедi.
Сарапшылық кеңесiнiң құрамы тақ санды және 7 адамнан кем болмауға тиiс.
6. Сарапшылық кеңесiнiң төрағасы оның қызметiне басшылық жасайды, Сарапшылық кеңесiнiң отырыстарына төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешiмдерiнiң iске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады және Сарапшылық кеңесi жүзеге асыратын қызметке жауапты болады.
Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын Төраға тағайындайтын орынбасар атқарады.
7. Сарапшылық кеңесiнiң хатшысы Сарапшылық кеңесi қызметiн құжаттамалық ресiмдеудi ұйымдастырады.
8. Сарапшылық кеңесiнiң шешiмдерi ашық дауыс беру арқылы қабылданады, Сарапшылық кеңесi мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiгi оларға дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi.
Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушiнiң даусы шешушi болып табылады.
9. Сарапшылық кеңесiнiң отырыстары тоқсанында кемiнде бiр рет өткiзiлiп тұрады. Отырысты өткiзу күнi мен уақытын Сарапшылық кеңесiнiң Төрағасы, ол болмаған жағдайда - оны ауыстыратын адам белгiлейдi.
10. Сарапшылық кеңесiнiң кезектi отырысында қарауға арналған мәселелердiң тiзбесiн Сарапшылық кеңесiнiң Төрағасы Сарапшылық кеңесi мүшелерiнiң ұсыныстары бойынша отырыс өткiзiлгенге дейiн 15 күннен кешiктiрмей бекiтедi.
11. Сарапшылық кеңесiнiң кезектi отырысының алдын ала күн тәртiбi мен материалдарын Сарапшылық кеңесiнiң Хатшысы Сарапшылық кеңесiнiң мүшелерiне алдағы отырыс туралы хабарламамен бiрге отырыс басталғанға дейiн 10 күннен кешiктiрмей жолдайды.
12. Сарапшылық кеңесiнiң шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi, оған Сарапшылық Кеңесiнiң Төрағасы мен Хатшысы қол қояды. Сарапшылық кеңесi мүшелерiнiң қабылданған шешiмге келiспеген жағдайда, өзiнiң ерекше пiкiрiн жазбаша түрде жазуға құқығы бар, ол отырыс хаттамасына тiркеледi.
13. Сарапшылық кеңесiнiң шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.