Әділет органдары туралы Қазақстан Республикасының
2002 ж. 18 наурыздағы N 304-ІІ
Заңы
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға түсініктемені қара
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
2-тарау. Әділет органдарының жүйесі және (5 - 14 баптар)
оның қызметін ұйымдастыру
3-тарау. Әділет органдарының негізгі (15 - 24 баптар)
функциялары, құқықтары мен міндеттері
4-тарау. Әділет органдарының кадрлары (25 - 32 баптар)
және олардың құқықтық жағдайы
5-тарау. Әділет органдарының ұйымдастырылуы (33 бап)
мен қызметінің өзге де мәселелері
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасы әдiлет органдарының мәртебесi
Қазақстан Республикасының әдiлет органдары (бұдан әрi - әдiлет органдары), өз құзыретi шегiнде мемлекеттiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимiне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн атқарушы билiк органдары болып табылады.
2-бап. Әдiлет органдары қызметiнiң құқықтық негiзi
Әдiлет органдары қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары құрайды.
3-бап. Әдiлет органдарының мiндеттерi
Әдiлет органдарының мiндеттерi:
1) жалпымемлекеттiк даму стратегиясын әзiрлеу мен iске асыруға қатысу, заң жобасы жұмысын жүргiзу, заңдарды талдау, жетiлдiру, жүйелеу, нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына заң сараптамасын жүргiзу арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының үстемдiгiн, Қазақстан Республикасының егемендiгiн, Қазақстан қоғамы мен мемлекетiнiң тұрақты және қарышты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық заңдарды қалыптастыруға қатысу;
2) Қазақстанның ұлттық мүдделерiн қорғау және Республиканың дүниежүзiлiк қоғамдастықтағы беделiн нығайту мақсатында, соның iшiнде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын дайындау мен жасасу жолымен оның халықаралық аренадағы қызметiн құқықтық жағынан қамтамасыз ету;
3) заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi, жылжымалы мүлiктiң жекелеген түрлерiнiң кепiлдерiн, орталық мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiн, азаматтық хал актiлерiн мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнің мемлекеттiк есебiн жүргiзудi және оларға бақылау жасауды жүзеге асыру;
4) құқықтық көмектi және заң қызметiн көрсетудi ұйымдастыру және құқықтық насихатты қамтамасыз ету;
5) сот-сараптама қызметiн ұйымдастыру және жүзеге асыру;
6) қылмыстық жазаларды атқару, қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiнде құқықтық тәртiп пен заңдылықты қамтамасыз ету;
7) санаткерлiк меншiк құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру;
8) есiрткi құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет жасау;
9) әдiлет органдарының құзыретiне жатқызылған қылмыстар туралы iстер бойынша анықтауды жүзеге асыру және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша заңға сәйкес iс жүргiзу;
10) өздерiне Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асыру болып табылады.
4-бап. Әдiлет органдары қызметiнiң принциптерi
1. Әдiлет органдарының қызметi:
1) заңдылық;
2) қорғалу құқығын қамтамасыз ету, баршаның заң алдындағы теңдiгi, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және сақтау;
3) жариялылық, құқық қорғау органдарымен және басқа да мемлекеттiк органдармен, өзге де ұйымдармен және лауазымды адамдармен өзара iс-қимыл жасау;
4) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiне тәуелсiз болу;
5) гуманизм, демократия, қылмыстық жаза атқарудың жiктелуi мен дербестендiрiлуi, қылмыстық жазаны түзету ықпалымен ұштастыру;
6) әдiлет органдары жүйесiнiң бiртұтастығы принциптерiне негiзделедi.
2-тарау. Әділет органдарының жүйесі және
оның қызметін ұйымдастыру
5-бап. Әдiлет органдарының жүйесi
1. Әдiлет органдарының бiртұтас жүйесi:
1) мыналарды:
Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiн;
Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң комитеттерiн;
аумақтық әдiлет органдарын;
қылмыстық-атқару жүйесiнiң органдарын қамтитын әдiлет органдарынан;
2) қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiнен (ұйымдарынан) және өзге де бағынысты ұйымдардан құралады.
2. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн құруды, қайта ұйымдастыруды және таратуды Әдiлет министрлiгi, ал заңдарда көзделген жағдайларда - Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.
3. Әдiлет органдарының құрылымын, штат санын, материалдық-техникалық қамтамасыз етiлу жағдайларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен штат санының лимиттерi және Республикалық бюджетте әдiлет органдарын ұстауға көзделген қаражат шегiнде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi белгiлейдi.
6-бап. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi
1. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құрылымына кiретiн, Республика Премьер-Министрiнiң ұсынуымен Республика Президентi құратын, қайта ұйымдастыратын және тарататын орталық атқарушы орган болып табылады.
2. Әдiлет министрлiгiн Республика Премьер-Министрiнiң ұсынуымен Республиканың Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Министр басқарады.
7-бап. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрiнiң өкiлеттiктерi
1. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi (бұдан әрi - Министр) әдiлет органдарының жұмысына басшылық етудi жүзеге асырады және әдiлет органдарына жүктелген мiндеттердiң орындалуына дербес жауапты болады.
2. Министр:
1) Әділет министрлiгiнiң қызметкерлерiн, ведомство басшыларының орынбасарларын, облыстық, Астана және Алматы қалаларының әдiлет бөлiмшелерi мен Министрлiкке бағынысты ұйымдардың басшыларын, сондай-ақ олардың орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
2) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк тiркелуге тиiс, бiрақ одан өтпеген нормативтiк құқықтық актiлерiн жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгiнедi;
3) әдiлет органдары орындауға мiндеттi актiлер, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар орындауға мiндеттi актiлер шығарады;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда Министрлiктен өкiлдiк етедi;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес арнаулы атақтар бередi;
6) өзiне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
8-бап. Аумақтық әдiлет органдары
1. Облыстық, Астана және Алматы қалаларының әдiлет бөлiмшелерi аумақтық әдiлет органдары болып табылады.
2. Аумақтық әдiлет органдарында әдiлет органдарына жүктелген функциялардың орындалуын қамтамасыз ететiн тиiстi құрылымдық бөлiмшелер құрылады.
ҚР Әділет министрлігінің аумақтық әділет органдары туралы ережені қараңыз
9-бап. Әдiлет жүйесiнiң ұйымдары
Әдiлет министрлiгiне жүктелген мiндеттердi шешу және функцияларды қамтамасыз ету үшiн Министрлiк жанында мекемелер, оқу орындары және басқа да ұйымдар жұмыс iстейдi.
10-бап. Әдiлет органдарының қылмыстық-атқару жүйесi
Қазақстан Республикасы әдiлет органдарының қылмыстық-атқару жүйесi соттар тағайындаған қылмыстық жазаның атқарылуын қамтамасыз ету жөнiндегi атқарушы және өкiмшi функцияларды жүзеге асыратын мекемелер мен органдардың, сондай-ақ қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн ұйымдардың жүйесi.
11-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң құрылымы
1. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң құрылымын:
1) уәкiлеттi орган (орталық атқарушы органның ведомствосы);
2) қылмыстық жаза атқаруды қамтамасыз ететiн органдар мен мекемелер;
3) ғылыми-зерттеу, емдеу-профилактика ұйымдары және бiлiм беру ұйымдары;
4) қылмыстық-атқару жүйесi саласында өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыруға және сотталғандарды еңбекке тартуға арналған ұйымдар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерi құрайды.
2. Қылмыстық-атқару жүйесi органдарының, мекемелерi әкiмшiлiктерiнiң және олардың лауазымды адамдарының қызметiн ұйымдастыру тәртiбi, құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
12-бап. Әдiлет органдарының мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен және лауазымды адамдармен өзара iс-қимылы
1. Әдiлет органдары өздерiне жүктелген мiндеттердi шешу кезiнде орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдармен, оның iшiнде құқық қорғау және бақылау органдарымен, сондай-ақ лауазымды адамдармен өзара iс-қимыл жасап отырады.
2. Мемлекеттiк органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар әдiлет органдарына функционалдық мiндеттердi орындауына және адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және мемлекеттiң мүдделерiн қорғауына жәрдемдесуге мiндеттi.
3. Әдiлет органдарының шет мемлекеттердiң мемлекеттiк органдарымен және ұйымдарымен, оның iшiнде әдiлет органдарымен ынтымақтастығы халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
13-бап. Әдiлет органдарының актiлерi
1. Осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген жағдайларда Әдiлет министрi өз құзыретi шегiнде әдiлет органдары қызметiнiң мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк тiркелуге тиiстi бұйрықтар шығарады, сондай-ақ ұсыныстар енгiзедi.
2. Әдiлет министрлiгi ведомстволарының және аумақтық органдарының басшылары өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады және ұсыныстар енгiзедi.
3. Әдiлет органдарының өз құзыретi шегiнде қабылдаған және заңдарда көзделген жағдайларда мемлекеттiк тiркеуден өткен актiлерiн Қазақстан Республикасы ұйымдары, лауазымды адамдары мен азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар орындауға мiндеттi.
14-бап. Әдiлет органдарының ұсынысы
1. Әдiлет органдары:
1) мемлекеттiк органдардың әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге тиiстi, бiрақ одан өтпеген нормативтiк құқықтық актiлерiне қатысты;
2) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың олар қолданатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес жариялануы мiндеттi, бiрақ белгiленген тәртiппен жарияланбаған, нормативтiк құқықтық актілерiне қатысты;
3) мемлекеттiк органдардың әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге тиiстi, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн нормативтiк құқықтық актiлерiне қатысты;
4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де жағдайларда заңның бұзылуын жою туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.
2. Ұсыныс тиiстi мемлекеттiк органға (лауазымды адамға) не жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) енгiзiледi.
3. Ұсынысты мемлекеттiк орган не жоғары тұрған органның лауазымды адамы бiр ай мерзiмде қарауға тиiс.
Әдiлет органдары ұсыныстың қаралуына қатысуға құқылы.
4. Мемлекеттiк орган не лауазымды адам жолсыздықты жоюға және қолданылған шаралар туралы әдiлет органдарына хабарлауға мiндеттi.
3-тарау. Әділет органдарының негізгі
функциялары, құқықтары мен міндеттері
15-бап. Әдiлет органдарының заң жобасы жұмысын жүргiзу, заңдарды жетiлдiру саласындағы функциялары
Әдiлет органдары заң жобасы жұмысын жүргiзу, заңдарды жетiлдiру саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) заң жобасы жұмысы, нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу;
2) нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына заң сараптамасын жасау;
3) заң жобалары, сараптама, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және консультацияларды жүзеге асыру үшiн, осы мақсаттарға бюджеттiк және өзге де қаражаттарды пайдалана отырып, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, оның iшiнде шет ел мамандары мен сарапшыларын тарту;
4) Республика Үкiметi мен Премьер-Министрiнiң тапсыруымен және өз бастамасы бойынша Үкiметтiң нормативтiк құқықтық актiлерiне ресми түсiндiрме беру;
5) құқықтық ақпараттандыру, заңдарды жүйелеу, нормативтiк құқықтық актiлердiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу, Қазақстанда құқықтық ақпараттың бiрыңғай компьютерлiк жүйесiн жүргiзу;
6) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың заң саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысын үйлестiру.
16-бап. Әдiлет органдарының халықаралық шарттарды құқықтық қамтамасыз ету шетелдiк құқықтық көмектi үйлестiру саласындағы функциялары
Әдiлет органдары халықаралық шарттарды құқықтық қамтамасыз ету, шетелдiк құқықтық көмектi үйлестiру саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет мемлекеттермен құқықтық көмек және құқықтық ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарды дайындау, жасасуды және орындауды ұйымдастыру;
2) Қазақстан Республикасының кепiлдiгiмен жасалатын заем шарттарына заң сараптамасын жасау;
3) халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң сот тапсырмалары мен өтiнiштерiн орындау;
4) Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердiң заңдарын үйлестiру, бiр iзге түсiру, сондай-ақ Қазақстан таныған халықаралық нормаларды Қазақстан Республикасының заңдарына имплементациялау мәселелерi бойынша талдау жүргiзу;
5) санаткерлiк меншiк құқықтарын өзара қорғау туралы халықаралық шарттарды дайындау мен жасасуға, осындай шарттарға қол қоюға белгiленген тәртiппен қатысу;
6) халықаралық шарттардың жобаларына заң сараптамасын жасау.
17-бап. Әдiлет органдарының сот-сараптама қызметi, анықтау және әкiмшiлiк iс жүргiзу саласындағы функциялары
Әдiлет органдары сот-сараптама қызметi, анықтау және әкiмшiлiк iс жүргiзу саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) сот сарапшылары кадрларын iрiктеу және орналастыру;
2) сот-сараптама қызметiн ұйымдастыру және сот сарапшыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен лицензиялар беру;
3) мемлекеттiк сот-сараптама ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
4) сот сараптамасы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысын үйлестiру;
5) әдiлет органдарының құзыретiне жатқызылған қылмыстар туралы iстер бойынша анықтауды жүзеге асыру;
6) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысын үйлестiру;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзудi заңға сәйкес жүзеге асыру.
18-бап. Әдiлет органдарының мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыру саласындағы функциялары
Әдiлет органдары мемлекеттiк тiркеу саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу, мәслихаттардың, әкiмияттардың және әкiмдердiң нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу, Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу;
2) заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу, филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу, сондай-ақ заңды тұлғалардың бiрыңғай мемлекеттiк тiркелiмiн және филиалдар мен өкiлдiктердiң тiзiлiмiн жүргiзу;
3) азаматтық хал актiлерiн мемлекеттiк тiркеу;
4) мемлекеттiк органдардың тiркелген нормативтiк құқықтық актiлерiнің тiзбесiн жалпы жұрттың назарына жеткiзу үшiн жариялау;
5) жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу, жылжымалы мүлiктiң құқықтық кадастрын жүргiзу, оның кепілiн тiркеу және жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiн жүргiзу.
19-бап. Әдiлет органдарының құқықтық көмек және заң қызметiн көрсетудi ұйымдастыру, құқықтық насихат салаларындағы функциялары
1. Әдiлет органдары құқықтық көмектi ұйымдастыру және заң қызметiн көрсету саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттiк нотариат кадрларын iрiктеу, аттестаттау және орналастыру, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен адвокаттар мен нотариустарға лицензиялар беру, оларды қайтарып алу, тоқтата тұру және тоқтату;
2) мемлекеттiк нотариат кеңселерiнiң қызметiне басшылық жасау, жеке нотариаттың дамуына жәрдемдесу, жасалған нотариаттық әрекеттердiң заңдылығы мен мемлекеттiк және жеке нотариустардың iс жүргiзу ережелерiн сақтауын бақылау;
3) нотариаттық және адвокаттық қызметтi лицензиялау, адвокаттық қызметке байланысты емес ақылы заң қызметiн көрсету жөнiндегi қызметтi лицензиялау, мүлiктi бағалау жөнiндегi қызметтi лицензиялау;
4) азаматтық хал актiлерiн тiркеу органдарының қызметiн қамтамасыз ету;
5) орталық атқарушы органдардың заң қызметiнiң жұмысын үйлестiру және оған әдiстемелiк басшылық жасау, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi аппараттарының заң қызметтерiмен өзара iс-қимыл жасау;
6) нотариат кеңселерiнiң, азаматтық хал актiлерiн тiркеу органдарының, адвокатураның жеке және заңды тұлғаларға көрсететiн заң қызметiнiң сапасын бақылау;
7) азаматтық хал актiлерiн тiркеу органдарының кадрларын аттестаттау, iрiктеу және орналастыру, азаматтық хал актiлерiн тiркеу органдарына ұйымдастырушылық, әдiстемелiк басшылық жасау, олардың қызметiнде бiрыңғай құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету;
8) әдiлет органдарынан және өзге де мемлекеттiк органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою.
2. Әдiлет органдары құқықтық насихат саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) құқықтық насихатты ұйымдастыруды ведомствоаралық үйлестiру, заңдарға түсiндiрме беруге қатысу;
2) эталондық заң актiлерiн және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, ақпараттық және анықтамалық-әдiстемелiк материалдарды шарт негiзiнде, оның iшiнде құқықтық ақпараттың автоматтандырылған жүйесiн пайдалана отырып беру;
3) заң әдебиетi, құқықтық насихат проблемалары жөнiндегi әдебиет тапсырысшысы.
20-бап. Әдiлет органдарының қылмыстық жаза атқару саласындағы функциялары
Әдiлет органдары қылмыстық жаза атқару саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) сотталғандарды қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiне соттардың үкiмдерiне, қаулыларына және ұйғарымдарына сәйкес орналастыруды ұйымдастыру;
2) соттардың сотталғандарға қатысты үкiмдерiн, қаулылары мен ұйғарымдарын орындау, қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiнде режимдiк талаптардың орындалуын қамтамасыз ету;
3) қылмыстық жаза атқару органдары мен мекемелерiн күзету, сотталғандар мен қызметшiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қылмыстық жазаларды атқару органдары мен мекемелерiндегi жедел жағдайды бақылау;
4) сотталғандарды босатуға дайындау жөнiндегi жұмыстың ұйымдастырылуын қамтамасыз ету, рақымшылық және кешiрiм жасау актiлерiн атқару, сотталғандардың түзелу нәтижелерiн нығайту, оларды еңбекке орналастыру және тұрмысын жайғастыру жөнiнде қылмыстық жазаларды атқару мекемелерi мен органдарының басқа да құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимылын қамтамасыз ету;
5) қылмыстық жаза атқару мекемелерiндегi жедел-iздестiру қызметi;
6) қылмыстық-атқару жүйесiн дамыту, нығайту мен жетілдiру бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
7) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қылмыстық жаза атқару саласындағы ғылыми зерттеулерiн үйлестiру.
21-бап. Әдiлет органдарының санаткерлiк меншiк құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы функциялары
Әдiлет органдары санаткерлiк меншiк құқықтарын қамтамасыз ету саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) санаткерлiк меншiктi қорғау саласындағы заңдардың қолданылу практикасын қорыту, сондай-ақ осы саладағы заңдарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
2) санаткерлiк меншiк объектiлерiн құқықтық қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен басқа да жұмыстарды ұйымдастыруды және жүргiзудi қамтамасыз ету;
3) санаткерлiк меншiк объектiлерiн қорғау және пайдалану мәселелерi жөнiндегi халықаралық ынтымақтастық;
4) туындыларды пайдаланушылардың авторлық құқық пен сабақтас құқықтар нормаларын сақтауына және авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы халықаралық шарттардың орындалуына байланысты қатынастарды мемлекеттiк реттеу;
5) мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқарушы ұйымдардың қызметiн бақылау;
6) ресми тiзiлiмдерде авторлық құқықты тiркеу;
Авторлық құқық және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы нұсқаулықты қараңыз
7) мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқарушы ұйымдардың және туындылар мен сабақтас құқық объектiлерiн пайдаланудың тиiстi әдiстерiн пайдаланушылардың арасында жасалған лицензиялық шарттарды тiркеу, мемлекеттiк тiркеу куәлiктерiн беру;
8) туындыларды пайдалану құқықтарының импорты мен экспортын ұйымдастыруға жәрдемдесу;
9) өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне, селекциялық жетiстiктерге, интегралдық микросхемалар топологияларына қорғау құжаттарын беруге түскен өтiнiмдердiң тiркелуiн қамтамасыз ету;
10) қорғау құжаттарын беруге түскен өтiнiмдерге сараптама жүргiзудi ұйымдастыру, өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiнiң, селекциялық жетiстiктердiң, интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу, қорғау құжаттарын беру және оларды күшiнде ұстау жөнiндегi шараларды жүзеге асыру;
11) патенттiк iс саласындағы сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдардың қызметiн бақылау;
12) өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн, селекциялық жетiстiктердi, интегралдық микросхемалар топологияларын пайдалануға арналған лицензиялық шарттардың, ашық лицензиялардың және қорғау құжаттарын басқаға беру шарттарының тiркелуiн қамтамасыз ету;
13) әдiлет органдарына Қазақстан Республикасының санаткерлiк меншiк құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы заңдарымен жүктелген өзге де функцияларды орындау.
22-бап. Әдiлет органдарының есiрткi құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет саласындағы функциялары
Әдiлет органдары есiрткi құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) есiрткi құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы қызмет түрлерiн лицензиялауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бақылау мен жүзеге асыру;
2) есiрткi құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы іс-әрекет саласына келіп түсетін техникалық көмек пен инвестициялардың нысаналы пайдаланылуын өз құзыретi шегiнде бақылау;
3) мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып, есiрткi құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет саласындағы мемлекеттiк саясат пен стратегияны әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;
4) Қазақстан Республикасындағы нашақорлық ахуалының жай-күйi мен даму үрдiсiн талдау, нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрес саласындағы стратегия мен мемлекеттiк бағдарламалардың iске асырылу барысы туралы ақпараттық-талдау материалдарын дайындау;
5) нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрес жөнiндегi аймақтық комиссиялардың қызметiн, сондай-ақ олардың нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң аймақтық бағдарламаларын орындауын үйлестiрiп отыру;