13-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құзыретi
1. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өкiлдi органдардың автомобиль жолдары және жол қызметi саласындағы құзыретiне:
1) жергiлiктi маңызы бар автомобиль жолдарын және коммуналдық меншiктегi елдi мекендердiң көшелерiн дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын бекiту;
2) қалалардағы және өзге де елдi мекендердегi коммуналдық меншiк болып табылатын көшелердi және жергiлiктi маңызы бар автомобиль жолдарын салуды, жөндеудi және күтiп ұстауды жергiлiктi бюджеттердің қаражатынан қаржыландыру көлемiн бекiту;
3) жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын дамыту және күтiп ұстау мәселелерi бойынша есептерiн тыңдау жөнiндегi мәселелер жатады.
2. Жол қызметi саласындағы облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының қарауына:
1) тиiстi аумақ шегiнде жергiлiктi маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол қызметiн қаржыландыруға бағытталған қаражатты пайдалану тәртiбiн анықтау және оның мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету;
3) автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен өзара iс-әрекет жасай отырып, жергiлiктi маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желiсiн басқару;
4) коммуналдық меншiктегi жолдарды, коммуналдық жол кәсiпорындарын басқару және оларды қаржыландыру жөнiндегi жергiлiктi бюджет баптарын орындау;
5) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн және өрт Қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу жатады.
14-бап. Автомобиль жолдарын дамыту iсiн жоспарлау
1. Автомобиль жолдарын дамыту iсiн жоспарлауды мемлекеттiк органдар, шаруашылық және жеке меншiк автомобиль жолдарының басқарушылары бекiтiлген республикалық және аймақтық бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырады. Қалалар мен өзге де елдi мекендердiң көше-жол желiсiн дамыту iсiн жоспарлауды жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
2. Жол саласында тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулердi мемлекеттiк сатып алу, сондай-ақ осы бағыттағы ғылыми зерттеулер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Автомобиль жолдарын жобалауды және салуды тиiстi қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялары бар жеке және заңды тұлғалар конкурстық негiзде жүзеге асырады.
4. Автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау үшiн әзiрленген техникалық құжаттама - белгiленген тәртiппен мемлекеттiк, соның iшiнде экологиялық сараптамадан, ал жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын жөндеу үшiн - автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен ведомстволық сараптамадан өтуге тиiс.
15-бап. Жол қызметiн жүзеге асыру кезiндегi жұмыстың сапасы
1. Автомобиль жолдарын жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп ұстау автомобиль жолдарының жоғары көлiктiк-пайдалану көрсеткiштерiне (жылдамдық, тегiстiк, ұзақ мерзiмдiлiк, автокөлiк жүрiсiнiң жоғары қауiпсiздiк жағдайларына) жету мақсатында, белгiленген нормалар мен стандарттарды сақтау, сертификатталған материалдар, аспаптар, жабдықтар мен өлшеу құралдарын пайдалану принциптерiнде жүзеге асырылады.
2. Жол қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар жұмысты Қазақстан Республикасы заң актiлерiнiң талаптарын сақтай отырып орындауға мiндеттi.
Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлген кезде тапсырысшы және мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы органдары - мемлекеттiк бақылауды, ал жобалау құжаттамасын әзiрлеушi - авторлық қадағалауды және жұмысты орындаушы өндiрiстiк қадағалауды жүзеге асырады. Аяқталған жол жұмыстарын пайдалануға қабылдауды мемлекеттiк комиссия жүзеге асырады.
3. Автомобиль жолдарын жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстарды заңдардың талаптарын және мемлекеттiк нормативтердi бұза отырып орындау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
16-бап. Жол қызметiн лицензиялау
1. Жол қызметiн лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады
2. Жеке және заңды тұлғалардың жол қызметiн лицензиясыз не лицензия шарттарын бұза отырып жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
17-бап. Жол қызметiн қаржыландыру
1. Халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын қаржыландыру жол жүрiсi қауiпсiздiгi, қоршаған ортаны қорғау және автокөлiк тасымалдарын қамтамасыз ету талаптары негiзге алына отырып, оларды жөндеу мен күтiп ұстауды қамтамасыз ететiн бекiтiлген нормалар бойынша жүзеге асырылады және бюджет заңдарымен белгiленедi.
2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын қаржыландыруға бөлiнген қаражат нысаналы мақсатта болады және оны осы автомобиль жолдарын жөндеуге, күтiп ұстауға және дамытуға байланысты емес мұқтаждарға алып қоюға немесе жұмсауға болмайды.
3. Шаруашылық автомобиль жолдарын дамыту, жөндеу және күтiп ұстау осы жолдар қарауына жататын ұйымдар мен жеке адамдардың қаражаттары есебiнен қамтамасыз етiледi.
4. Қалалар мен елдi мекендер көшелерiн, сондай-ақ жергiлiктi маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтiп ұстау жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен жүзеге асырылады.
18-бап. Жол органдарының және олардың қызметкерлерiнiң құқықтары
1. Жол органдары жол полициясы органдарымен және төтенше жағдайлар жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп: қысылтаяң жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климат жағдайлары, дүлей апаттары, өрт, автомобиль жолдарының көтеру қабiлетiнiң жойылуы), сондай-ақ жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргiзiлген кезде, бұл жөнiнде жергiлiктi атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды тиiстi жол белгiлерiн қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ете отырып, көлiк құралдарының жүрiсiн шектеуге немесе тоқтатуға, автомобиль жолдарын пайдалану ережелерiнiң сақталуын бақылауға құқылы.
2. Жол органдарының қызметкерлерi жол элементтерiн бүлдiретiн немесе ластайтын не жүрiп өтуге арнайы рұқсаты жоқ iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты көлiк құралдарын автомобиль жолының көлiк құралдары жүретiн бөлiгiнiң шегiнен шығаруды талап етуге құқылы.
19-бап. Жол органдарының және автомобиль жолдарын басқарушылардың жауапкершiлiгi
Жол органдары және автомобиль жолдарын басқарушылар:
1) қызмет көрсететiн автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар көлiк құралдарының үздiксiз және қауiпсiз жүруiн қамтамасыз ететiн жағдайда күтiп ұсталуы үшiн және табиғат қорғау заңдары талаптарының сақталуы қамтамасыз етiлуi үшiн;
2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес автомобиль жолдарын пайдаланушыларға залалдың орнын толтыра отырып, жол жағдайларына байланысты туындаған жол-көлiк оқиғалары салдарынан келтiрiлген залал үшiн;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес автомобиль жолдарына бөлiнген белдеудiң фитосанитариялық жағдайы үшiн жауапты болады.
4-тарау. Автомобиль жолдарын пайдалану
20-бап. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын пайдалану
1. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жеке және заңды тұлғалар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын пайдалану құқығына ие болады.
2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын пайдаланушылар көлiк құралдарын жол жүрiсi қауiпсiздiгiн, жолдардың және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ететiн жағдайда пайдалануға, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге мiндеттi.
21-бап. Iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк құралдарының жүруі
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк құралдарының жүру ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
22-бап. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдарының жүруі
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдарының жүру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi және ол Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда анықталады.
23-бап. Автомобиль жолдары маңындағы жер учаскелерi меншiк иелерiнің мiндеттерi
1. Автомобиль жолдарына аумақтары жалғасатын жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) кiрме жолдарды және жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға жалғасатын жолдарды салуды жол органдарымен келiсуге;
2) жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға жалғасатын жолдарды және оларға кiрме жолдарды техникалық жағынан дұрыс және тиiстi санитариялық жағдайда ұстауға, қоқыстан, ластан және қардан тазартып отыруға;
3) көрудi қиындататын және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн нашарлататын материалдар мен конструкцияларды жол бойындағы белдеуге жиып қоюға жол бермеуге мiндеттi.
2. 1-тармақта көрсетiлген талаптарды орындамау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
24-бап. Автомобиль жолдарын жұмылдыру дайындығы
1. Жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытындағы төтенше жағдайларда пайдалану үшiн автомобиль жолдарын жұмылдыру дайындығын, меншiк нысандарына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Қазақстанның бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген жағдайда және iшiнара немесе жаппай жұмылдыру жарияланған кезде жеке меншiк жолдарды жол жүрiсiне қатысушылардың барлығы меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз пайдаланады.
25-бап. Автомобиль жолдарын пайдаланушылардың жауапкершiлiгi
1. Жолдың үстiңгi қабатының, жер қыртысының, көпiрлердiң, өткерме жолдардың, суағар құрылыстарының, автопавильондардың, жол белгiлерiнiң, жол бойындағы екпелердiң, қорғаныш құрылғылардың және автомобиль жолдарын жайғастырудың басқа да элементтерiнiң бұзылуына жол берген, сондай-ақ автомобиль жолдарын пайдалану ережелерiн бұзған автомобиль жолдарын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
2. Пайдаланушылар автомобиль жолдары мен жол құрылыстарына келтiрген залалды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтейдi.
3. Автомобиль жолдарын жобалау, салу, күтiп ұстау, жөндеу, реконструкциялау және пайдалану процесiнде жол органдарымен туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.
26-бап. Автомобиль жолдарындағы медициналық жәрдем
Автомобиль жолдарындағы жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге жәрдемдi жол жүрiсiне қатысушылардың бәрi көрсетуге тиiс, олар зардап шеккендердi таяу маңдағы медициналық мекемеге жеткiзуге және болған оқиға туралы жол полициясы органына хабарлауға мiндеттi.
27-бап. Қоршаған ортаны қорғау
1. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, күтiп ұстау және оларды пайдалану кезiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдар талаптарының сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Автомобиль жолдарын жобалау және оларды реконструкциялау мен салуға арналған жобаларды әзiрлеу кезiнде қоршаған ортаны қорғау, карьерлердi, жол бойындағы белдеулердi, еңiстердi, орларды, бүлiнген жерлердi көп жылдық шөп егiп және ағаштар мен бұталар отырғызып өңдеу жөнiндегi шаралар көзделуi керек. Су көздерi пайдаланылатын жерлердегi жобалық-сметалық құжаттамада санитариялық аймақ, уақытша автотұрақтар, эстакадалар және мұнай өнiмдерiнiң қалдықтарын жинауға арналған қорғаныш құрылысын салу көзделуге тиiс.
3. Автомобиль жолдары бойындағы қорғаныш екпелерді олардың иелері немесе пайдаланушылары тиісті түрде күтіп ұстауға тиіс.
4. Қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтамағаны үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
28-бап. Автомобиль жолдарын мемлекеттік бақылау
Автомобиль жолдарының жай-күйін, үздіксіз және қауіпсіз жол жүрісінің қамтамасыз етілуін және автомобиль жолдарын пайдалану ережелерінің сақталуын бақылауды жол органдары және жол полициясы органдары жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының