Мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрiздендiру нөмiрлерiн
беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Бағалы
қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссиясы Директоратының
2001 жылғы 15 мамырдағы N 828 қаулысы
Осы редакция ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 16 сәуірдегі N 114 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрiздендiру нөмiрлерiн беру әдiстемесiн жетiлдiру мақсатында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 13 қарашадағы N 3755 жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегі ұлттық комиссиясы туралы ереженiң 4-тармағы 3) және 15) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясының (бұдан әрi "Ұлттық комиссия" деп аталады) Директораты
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрiздендiру нөмiрлерiн беру қағидалары бекiтiлсiн (қоса берiлдi).
2. Осы Қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгінде тiркелгеннен кейiн 15 күннен соң қолданысқа енетiндiгі белгіленсiн.
3. Ұлттық комиссия орталық аппаратының Корпоративтiк қаржылар департаментi:
1) басқармасы осы Қаулыны (ол күшiне енгізiлгеннен кейiн) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінiң және Қазақстан Республикасы жергiлiктi атқарушы органдарының назарына жеткiзсiн;
2) осы Қаулының және жоғарыда аталған Қағидалардың орындалысына бақылау жасасын.
4. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгінде 1998 жылғы 11 ақпанда 458-нөмiрмен тiркелген "Қазақстан Республикасында мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн берудiң тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Ұлттық комиссияның 1997 жылғы 08 қазандағы N 161 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.
Ұлттық комиссияның
Төрағасы
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкімен Қаржы министрлігімен
2001 жылғы 27 сәуірде 2001 жылғы 30 сәуірде
келісілген келісілген
Қазақстан Республикасы
Бағалы қағаздар жөніндегі
ұлттық комиссиясы
Директоратының
2001 жылғы 15 мамырдағы
N 828 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік бағалы қағаздарға
ұлттық біріздендіру нөмірлерін беру
ҚАҒИДАЛАРЫ
Осы Қағидалар Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және жергiлiктi атқарушы органдар шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрiздендiру нөмiрлерiн беру және мемлекеттiк бағалы қағаздарға берiлген ұлттық бiрiздендiру нөмiрлерiне есеп жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi.
1-тарау. ЖАЛПЫ ШАРТТАР
1. Осы Қағидаларда пайдаланылған ұғымдар мыналарды бiлдiредi:
1) "Ұлттық комиссия" - Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы;
2) "Департамент директоры" - Ұлттық комиссия орталық аппаратының Корпоративтiк қаржылар департаментiнiң директоры немесе оның орынбасары;
3) "ҰБН" - ұлттық бiрiздендiру нөмiрi немесе егер бұл контекcтке негiзделсе ұлттық бiрiздендiру нөмiрлерi;
4) "Жауапты қызметкер"- Ұлттық комиссия орталық аппараты Корпоративтiк қаржылар департаментiнің ҰБН-iн беруге жауапты қызметкерi;
5) "эмитент" - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органы.
2. ҰБН бағалы қағаздарға оны біріздендіру, әртүрлі эмиссиялардың бағалы қағаздарын белгілеуді бірегейлендіру және Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жіберілген бағалы қағаздарға есеп жүргізуді жүйелендіру мақсатында Ұлттық комиссия беретін бірегей әріптік-сандық код болып табылады.
2-тарау. ҰБН БЕРУ
3. Эмиссиясы жобаланып отырған мемлекеттiк бағалы қағаздарға ҰБН берудi эмитенттiң еркiн нысанда жазған және мазмұнында осы эмиссия туралы мынадай мәлiметтер бар сұрауының (бұдан әрi "Сұрау" деп аталады) негiзiнде Ұлттық комиссия жүргізеді:
1) мемлекеттiк бағалы қағаздардың түрi - олардың толық атауы немесе жалпы қолданылатын белгiсi (қысқаша атауы, аббревиатурасы);
2) эмиссияның валютасы;
3) айналыс мерзiмi;
4) эмитент пайдаланатын нөмiрлеуге сәйкес эмиссияның реттiк нөмiрi;
5) орналастыру жобаланған күн;
6) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң осы Қағидалардың 1-қосымшасының 1-таблицасында көрсетiлмеген мемлекеттiк бағалы қағаздары үшiн - осы бағалы қағаздардың мынадай белгiлерi бойынша сипаттамасы:
осы бағалы қағаздар құжаттандырылған немесе құжатсыздандырылған болып табыла ма әлде жоқ па;
осы бағалы қағаздар дисконттық (олар бойынша сыйақы дисконт - атаулы құны мен орналастыру бағасының арасындағы он айырмасы түрiнде төленедi) бiр мезгiлде осы бағалы қағаздарды өтеумен және олардың атаулы құны шегiнде) немесе купондық (олар бойынша сыйақылар купон - осы бағалы қағаздар шығарылымының шарттарына сәйкес атаулы құнынан жоғары мерзiмдiк (бiр немесе бiрнеше дүркiн) төлеуге жататын сома түрiнде төленедi) болып табыла ма әлде жоқ па;
осы бағалы қағаздар шығарылымының шарттарында олардың атаулы құнын және олар бойынша сыйақыларды қандай да болмасын көрсеткiш бойынша индекстеудi көзделе ме әлде жоқ па;
егер осы бағалы қағаздар купондық болып табылса, олардың шығарылым шарттарында осы бағалы қағаздардың атаулы құнынан өзгеше (дисконтпен немесе сыйлықпен) баға бойынша орналастыру көзделе ме, яғни осы бағалы қағаздар дисконттық - купондық болып табыла ма әлде жоқ па;
7) Қазақстан Республикасы жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекеттiк бағалы қағаздары үшiн - негiзiнде бағалы қағаздардың осы эмиссиясы жүзеге асырылатын нормативтiк құқықтық актiлердi көрсету.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi жобаланып отырған бiрнеше, оның iшiнде белгiлi бiр кезеңге алға, эмиссияның мемлекеттік бағалы қағаздарына ҰБН беруге сұрау жасауға жол беріледі.
5. Сұрауды Ұлттық комиссияға факсимилдiк байланыс құралдарымен жөнелтуге жол берiледi, ол үшiн осы мақсатта Ұлттық комиссия эмитентке (эмитенттерге) хабарлаған факсимилдiк аппараттың нөмiрi пайдаланылады.
6. Алынған сұрау Ұлттық комиссияның Төрағасын және атқарушы директорларын жанай отырып, тiкелей Департаменттiң директорына берiледi. Департаменттiң директоры сұрауды алысымен осы сұрауды қарайтын Жауапты қызметкердi айқындайды.
Егер эмитент (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi) жобаланып отырған бiрнеше эмиссиядағы мемлекеттiк бағалы қағаздар үшiн ҰБН берудi сұраған жағдайда, Департаменттiң директоры Ұлттық комиссия орталық аппараты Корпоративтiк қаржылар департаментiнiң мiндеттерiне Жауапты қызметкерге сұрауды қарау (жекелеген жобаланған эмиссиялар үшiн мемлекеттiк бағалы қағаздардың ҰБН құру кезiнде) үшiн көмек көрсететiн қызметкерiн айқындауға құқылы.
7. Жауапты қызметкер сұрауды алғаннан кейiн оның мына бөлiктерде жасалуының дұрыстығын тексередi:
1) осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес сұрауда көрсетiлуге тиiстi мәлiметтердiң толықтығын;
2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес мемлекеттiк бағалы қағаздардың түрiн көрсетудің дұрыстығын;
3) мемлекеттiк бағалы қағаздар түрiнiң олардың жобаланып отырған эмиссияларының осы Қағидалардың 3-тармағының 2)-7) тармақшаларында көрсетiлген өлшемдерiне сәйкес келуiн;
4) мемлекеттiк бағалы қағаздардың жобаланып отырған эмиссиясының реттiк нөмiрiнiң мемлекеттiк бағалы қағаздардың осы түрiнiң алдыңғы эмиссиясы туралы Ұлттық комиссияда бар ақпаратқа сәйкес келуiн;
5) эмиссиясы жобаланып отырған мемлекеттiк бағалы қағаздарға ҰБН беру үшiн қажеттi өзге де ықтимал шарттардың сақталысын.
8. Сұрауға ескертулер болмаған кезде:
1) Жауапты қызметкер осы Қағидалардың 1-қосымшасында келтiрiлген әдiстемеге (ҰБН құрудың мысалы осы Қағидалардың 2-қосымшасында келтiрiлген) сәйкес ҰБН құрады және бағалы қағаздардың эмиссиясында бұрын берiлген ҰБН ұқсастықтың (бағалы қағаздардың эмиссияларында бұрын берілген ҰБН ұқсастықтардың) болмауын тексередi;
2) Жауапты қызметкер эмитентке осы Қағидалардың 3-қосымшасындағы үлгi бойынша ҰБН беру туралы хат дайындайды, оған бұрыштама қояды және оған негiзiнде ҰБН құрылған (ҰБН-лерi құрылған) сұрауды қоса бере отырып оған келесi бұрыштама және қол қоюға жiбередi;
3) ҰБН беру туралы эмитентке жазылған хатқа:
Ұлттық комиссия орталық аппараты Корпоративтiк қаржылар департаментiнiң Жауапты қызметкер бағынышты болатын құрылымдық бөлiмшесiнiң басшысы (егер тек Жауапты қызметкер осындай басшы болып табылмаса;
Департамент директоры;
Ұлттық комиссияның Ұлттық комиссия орталық аппараты Корпоративтiк қаржылар департаментiне жетекшiлiк жасайтын атқарушы директоры (егер тек осы атқарушы директор Ұлттық комиссия Төрағасының мiндетiн атқармаса) бұрыштама қояды;
4) ҰБН беру туралы эмитентке жазылған хатқа Ұлттық комиссия Төрағасы немесе оның мiндетiн атқарушы Ұлттық комиссияның атқарушы директоры қол қояды;
5) ҰБН беру туралы эмитентке жазылған хат эмитентке поштамен жөнелтiледi немесе қолдай не эмитенттiң тиiстi түрде уәкiлеттiк берiлген өкiлiне берiледi.
9. Осы Қағидалардың 8-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҰБН туралы эмитентке жазылған хатқа бұрыштама қою кезiнде:
1) ҰБН құрудың дұрыстығы;
2) айналыстағы бағалы қағаздардың эмиссиясында бұрын берiлген ҰБН-не ұқсастықтың (айналыстағы бағалы қағаздардың эмиссияларында бұрын берiлген ҰБН-лерiне ұқсастықтардың) болмауы;
3) ҰБН беру туралы хатты ресiмдеудiң нысандарының сақталысы тексерiлуге жатады.
10. ҰБН беру туралы эмитентке жазылған хатты пошта арқылы жөнелтудi қайталай отырып немесе осындай қайталаусыз факсимилдiк байланыс құралдарымен жөнелтуге жол берiледi (ҰБН берiлген мемлекеттiк бағалы қағаздардың эмиссиясын орналастырудың жобаланған күнiне және пошталық жеткiзудiң жобаланған мерзiмiне қатысты).
11. Сұрауда қате және/немесе толық емес мәлiметтер анықталған кезде Жауапты қызметкер бұл туралы жазбаша (қызметтiк хат түрiнде) немесе ауызша нысанда департаменттiң директорына хабарлайды, ол өз кезегiнде анықталған кемшiлiктердiң сипатына қарай Жауапты қызметкерге:
1) ҰБН беруден бас тартуды әзiрлеуге;
2) анықталған кемшiлiктердi оларды жедел жою мақсатында эмитентке хабарлауға тапсырма (оның iшiнде ауызша) бере алады.
12. ҰБН беруден бас тарту эмитентке жазылған хатпен ресiмделедi, онда:
1) осындай бас тартудың негiзделген дәлелдемесi болу керек;
2) Жауапты қызметкер және Департаменттiң директоры бұрыштама қояды;
3) Ұлттық комиссияның Ұлттық комиссия орталық аппараты Корпоративтiк қаржылар департаментіне жетекшілік жасайтын атқарушы директоры қол қояды;
4) эмитентке осы Қағидалардың 8-тармағының 5) тармақшасында және 10-тармағында белгіленгенге ұқсас тәртiпте жөнелтiледi (беріледi).
13. Сұрауды қарау (ҰБН беру туралы немесе ҰБН беруден бас тарту туралы эмитентке жазылған хатты жөнелту (беру) мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде аяқталу керек, бiрақ Ұлттық комиссия сұрауды алған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей (осы тармақтың екiншi азатжолында белгiленген ерекшелiктi қоспағанда).
Егер эмитент алты және одан да көп эмиссиялары жобаланған мемлекеттiк бағалы қағаздарға ҰБН берудi сұраған жағдайда, сұрауды Ұлттық комиссия алған күннен бастап үш жұмыс күнiне дейiн, егер Ұлттық комиссия Төрағасының, Ұлттық комиссияның Ұлттық комиссия орталық аппараты Корпоративтiк қаржылар департаментiне жетекшілік жасайтын атқарушы директорының немесе Департамент директорының тапсырмасымен (оның iшiнде ауызша) аса қысқа мерзiм белгiленбесе, ҰБН беру туралы эмитентке жазылған хатты жөнелтудiң (берудiң) мерзiмiн ұзартуға жол берiледi.
14. Осы Қағидалардың 11-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген хабарды Жауапты қызметкер эмитенттiң сұрауды жасаған қызметкерiне телефон арқылы бередi. Эмитенттiң осындай қызметкерiн анықтау сұрауда көрсетiлген мәлiметтер бойынша немесе өзге де жолмен жүзеге асырылады. Түзетілген сұрауға осы Қағидалардың 6-13 тармақтарында белгіленген нормалар қолданылады.
3-тарау. БЕРІЛГЕН ҰБН-не ЕСЕП ЖҮРГІЗУ
15. Мемлекеттік бағалы қағаздарға берілген ҰБН-не есеп жүргізу:
1) қағаз тасымалдағыштағы "Мемлекеттік бағалы қағаздарға берілген ұлттық біріздендіру нөмірлерін тіркеу журналы" тізілім-журналын (бұдан әрі "Журнал" деп аталады);
2) "Мемлекеттік бағалы қағаздарға берілген ұлттық біріздендіру нөмірлерін тіркеудің электрондық журналы" электрондық мәліметтер базасын (бұдан әрі "Электрондық журнал" деп аталады);
3) мемлекеттік бағалы қағаздарға ҰБН беру мәселелері бойынша алмасу файлдарын (бұдан әрі "Алмасу файлдары" деп аталады) жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
16. Журналдың мазмұны мен Электрондық журналдың мазмұны бір-бірімен ұқсас және мынадай мәліметтер енгізіледі:
1) ҰБН беру туралы жазбаның реттік нөмірі;
2) ҰБН берілген мемлекеттік бағалы қағаздардың түрі;
3) ҰБН берілген мемлекеттік бағалы қағаздар эмитентінің атауы;
4) ҰБН берілген мемлекеттік бағалы қағаздардың валютасы;
5) ҰБН берілген мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясының реттік нөмірін эмитент қолданатын нөмірлеуге сәйкес сандық белгілеу;
6) ҰБН беру күні;
7) берілген ҰБН;
8) ҰБН беруге арналған негіз (сұраудың күні және нөмірі);
9) Жауапты қызметкердің тегі және аты-жөні.
17. Журналды (Электрондық журналды) ҰБН берілген мемлекеттік бағалы қағаздардың түрі туралы мәліметтер бөлігінде толтыру кезінде мемлекеттік бағалы қағаздардың түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметінің немесе Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген не жалпы қолданылатын белгілеулер қолданылады, мысалы, "НСО", "МЕККАМ-6", "теңгелік ноттар". Бұл ретте айналыс мерзімдері бірдей мемлекеттік бағалы қағаздардың бірнеше түріне әртүрлі белгілеулерді қолдануға жол берілмейді.
18. Журналды (Электрондық журналды) ҰБН берілген мемлекеттік бағалы қағаздар эмитентінің атауы туралы мәліметтер бөлігінде толтыру кезінде:
1) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде қатысты "Қаржымині" қысқаша атауын немесе "ҚМ" аббревиатурасын қолдануға жол беріледі;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қатысты "Ұлттық Банк" қысқаша атауын немесе "ҰБ" аббревиатурасын қолдануға жол беріледі;
3) егер мемлекеттік бағалы қағаздардың түрі туралы мәліметтерге сүйене отырып біржақты түрде эмитент тек қана Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі немесе тек қана Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болатын жағдайда Журналдың тиісті бағанасы (Электрондық журналдың тиісті жолы) толтырылмайды;
4) егер мемлекеттік бағалы қағаздардың эмитенті Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органы болып табылған жағдайда эмитент аймағының атауы "жергілікті атқарушы орган", "әкімият" және "облыс" сөздерін (түрлі септеуде) қолданусыз көрсетіледі, мысалы, "Шығыс Қазақстан", "Алматы қ.".
19. Журналды (Электрондық журналды) мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясының валютасы туралы мәліметтер бөлігінде толтыру кезінде, егер мемлекеттік бағалы қағаздардың түрі туралы мәліметтерге сүйене отырып бір жақты түрде олар тек Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында немесе тек қандай болсын шетелдік валютада шығарылуы мүмкін болады делінсе, тиісті бағана (тиісті жол) толтырылмайды.
20. ҰБН беру туралы жазбалар Журналға және Электрондық журналға ҰБН берілген күні енгізілуге жатады.
21. Журнал беттері бойынша нөмірленуі, тігілуі және Ұлттық комиссияның мөр таңбасымен (жартылай тігістің түйініне жапсырылған жазба қағазға жартылай параққа) бекітілуі керек.
Журналдағы ҰБН беру туралы әрбір жазба Жауапты қызметкердің қолымен және жеке мөртабанымен расталуы керек.
Журнал аяқталғаннан кейін оның сыртқы парағына "Журналда ҰБН беру туралы барлығы (ҰБН туралы соңғы жазбаның реттік нөмірі) жазбалар бар" деген жазба енгізіледі, еркін нысандағы форматта Журналдың аяқтау күні көрсетіледі, Жауапты қызметкердің және Департамент директорының қолы және жеке мөртабандарының таңбалары қойылады.
Жаңадан ашылатын Журнал бұрынғы Журналдағы соңғы жазбаның реттік нөмірінен бір бірлікке асатын ҰБН беру туралы жазбаның реттік нөмірінен басталады.
ҰБН туралы аяқталмаған жазбаны бір Журналдан екіншісіне ауыстыруға тыйым салынады. Бұндай жазба әрбір бағанада "Z" белгісімен сызып тастау арқылы жойылуы керек.
22. Ұлттық комиссия орталық аппаратының Электрондық журналды жүргізуді жүзеге асыратын қызметкерлері оған рұқсат етілмеген өзгерістерді енгізуден қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Әрбір аптаның соңғы жұмыс күні Электрондық журналдың кезекті көшірмесін алғанға дейін Департамент директорында сақталуға жататын Электрондық журналдың көшпелі электрондық тасымалдағыштағы көшірмесі жасалу керек.
23. Алмасу файлдарына:
1) сұраудан. Егер осы Қағидалардың 11-тармағының 2) тармақшасына және 14-тармақшасына сәйкес эмитентке сұрауда анықталған кемшіліктер туралы оларды жедел жою мақсатында хабар жіберілген жағдайда, Жауапты қызметкер сұрауда осындай хабарды беру күнін және уақытын, сондай-ақ эмитенттің сұрауды жасаған, осы хабар берілген қызметкерінің тегін және телефон нөмірін көрсетеді;
2) түзетілген сұраудан (осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес оны алған жағдайда);
3) осы қағидалардың 8-тармағының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес қажетті барлық бұрыштамалар мен қолдар қойылған ҰБН беру туралы эмитентке жазылған хаттың үшінші данасынан; немесе
4) осы қағидалардың 12-тармағының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес қажетті барлық бұрыштамалар мен қолдар қойылған ҰБН беруден бас тарту туралы эмитентке жазылған хаттың үшінші данасынан;
5) осы сұрауды қарауға қатысты өзге де ықтимал құжаттардан тұратын құжаттар жиынтығы хронологиялық тәртіпте тігіледі.
24. Алмасу файлдарына енгізілген құжаттардың барлық парақтары төменгі оң жақ бұрышына нөмірленеді. Алмасу файлдары аяқталғаннан кейін оған бірінші парағында "Осы файлда ("кк.аа.жж" форматтағы күн)-нен бастап ("кк.аа.жж" форматтағы күн)-ге дейінгі құжаттардың барлығы (соңғы құжаттың соңғы (жоғарғы) парағының реттік нөмірі) парағы бар" деген жазба жасалатын құжаттардың тізбесі енгізіледі және Жауапты қызметкердің қолы және жеке мөртабаны қойылады.
25. Мемлекеттік бағалы қағаздарға берілген ҰБН туралы мәліметтер Ұлттық комиссия тиісті сұрауды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кез келген мүдделі тұлғаға беріледі.
Ұлттық комиссияның
Төрағасы
Қазақстан Республикасы Бағалы
қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы
Директоратының 2001 жылғы
15 мамырдағы N 828 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік бағалы қағаздарға
ұлттық біріздендіру нөмірлерін беру
қағидаларына
1-қосымша
Мемлекеттік бағалы қағаздарға
ұлттық біріздендіру нөмірін
ҚҰРУ ӘДІСТЕМЕСІ
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының ұлттық біріздендіру нөмірін (бұдан әрі "ҰБН" деп аталады) құру үшін араб сандары және латын әліпбиінің жазба (бас) әріптері ("І" және "О" әріптерінен басқа) пайдалынылады.
2. ҰБН-не қандай да болмасын тыныс белгісімен бөлінбеген, тізбектелген он екі рәміздер (солдан оңға санаумен) кіреді және үш бөліктен тұрады:
1) бірінші және екінші позицияларда орналасқан рәміздер эмитент елінің екі әріпті кодын білдіреді (Қазақстан Республикасы үшін "KZ" коды пайдаланылады);
2) үшінші-он бірінші позицияларда орналасқан рәміздер осы Әдістеменің 3-9-тармақтарына сәйкес жасалған негізгі нөмірлер болып табылады;
3) он екінші позицияда орналасқан рәміз осы Әдістеменің 10-тармағына сәйкес есептелген бақылау саны болып табылады.
3. ҰБН үшінші позициясында орналасқан рәміз мемлекеттік бағалы қағаздардың эмитентін білдіреді:
1) "К" рәмізі - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі
2) "W" рәмізі - Қазақстан республикасының Ұлттық Банкі;
3) "C" рәмізі - Ақмола облысының жергілікті атқарушы органы;
4) "D" рәмізі - Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органы;
5) "B" рәмізі - Алматы облысының жергілікті атқарушы органы;
6) "E" рәмізі - Атырау облысының жергілікті атқарушы органы;
7) "F" рәмізі - Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органы;
8) "H" рәмізі - Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органы;
9) "L" рәмізі - Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органы;
10) "M" рәмізі - Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органы;
11) "P" рәмізі - Қостанай облысының жергілікті атқарушы органы;
12) "N" рәмізі - Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органы;
13) "R" рәмізі - Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органы;
14) "S" рәмізі - Павлодар облысының жергілікті атқарушы органы;
15) "T" рәмізі - Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органы;
16) "X" рәмізі - Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органы;
17) "A" рәмізі - Алматы қаласының жергілікті атқарушы органы;
18) "Z" рәмізі - Астана қаласының жергілікті атқарушы органы.
4. ҰБН төртінші позициясында орналасқан рәміз мемлекеттік бағалы қағаздардың кодын білдіреді:
1) "1" рәмізі - шығарылым шарттарында олардың атаулы құнын және олар бойынша сыйақыларды индекстеу көзделмейтін құжатсыздандырылған дисконттық және дисконттық-купондық бағалы қағаздар;
2) "2" рәмізі - шығарылым шарттарында олардың атаулы құнын және олар бойынша сыйақыларды индекстеу көзделмейтін құжатсыздандырылған купондық бағалы қағаздар;
3) "3" рәмізі - шығарылым шарттарында олардың атаулы құнын және олар бойынша қандай да болмасын көрсеткішке төленетін сыйақыларды ішінара немесе толық индекстеу көзделетін құжатсыздандырылған дисконттық және дисконттық-купондық бағалы қағаздар;
4) "4" рәмізі - шығарылым шарттарында олардың атаулы құнын және олар бойынша қандай да болмасын көрсеткішке төленетін сыйақыларды ішінара немесе толық индекстеу көзделетін құжатсыздандырылған купондық бағалы қағаздар;