Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегi
агенттiгінiң мәселелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 жылғы 23 қаңтардағы N 111 қаулысы
Осы редакция 2004 ж. 28 қазандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Қазақстан Республикасының жекелеген мемлекеттiк органдарын қайта ұйымдастыру, тарату және құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінiң 2000 жылғы 13 желтоқсандағы N 507 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегi агенттiгi (бұдан әрi - Агенттiк) туралы ереже;
2) Агенттiк қарамағындағы ұйымдар тiзбесi бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi заңнамада белгіленген тәртiппен Агенттiктi республикалық бюджет қаражаты есебiнен қаржыландыруды қамтамасыз етсiн.
3. "Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлiгiнiң жекелеген мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 29 қарашадағы N 1807 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., N 52, 517-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi туралы ережеде:
10-тармақтың 8) тармақшасы және 11-тармақтың 15) тармақшасы алынып тасталсын.
4. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1999 жылғы 27 мамырдағы N 657 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 22, 224-құжат) 2-тармағының 3) тармақшасы;
2) "Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегi комитетінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 тамыздағы N 1268 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 43, 393-құжат).
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2001 жылғы 23 қаңтардағы
N 111 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегі агенттiгі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегi агенттiгi (бұдан әрi - Агенттiк) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құрамына енбейтiн, мемлекеттiк материалдық резервтер (бұдан әрi - мемлекеттiк резервтер) саласында басқаруды, арнайы орындаушы және бақылаушы-қадағалаушы қызметтердi, сондай-ақ осы салада салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
2. Агенттiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Мемлекеттiк материалдық резерв туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Агенттiк мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрi мен мөртабандары, белгiленген үлгiде бланкiлерi, сондай-ақ банкiлерде заңнамаға сәйкес шоттары болады.
Агенттiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
Агенттiктiң, егер оған заңнамаға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарабы болуға құқығы бар.
4. Агенттiк өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар бұйрықтармен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
5. Агенттiк Ережесiн және штат саны лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. Агенттiк құрылымын Агенттiк Төрағасы бекiтедi.
6. Агенттiктiң заңды мекен-жайы:
473021, Астана қаласы, Циолковский көшесi, 2.
7. Агенттiктiң толық атауы - "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегi агенттiгi" мемлекеттiк мекемесi.
8. Осы Ереже Агенттiктiң құрылтай құжаты болып табылады.
9. Агенттiк қызметiн қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Агенттiк қызметi болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында Агенттiкке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi, қызметі және құқықтары
10. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi:
1) мемлекеттiк материалдық резерв жүйесiн қалыптастыру және дамыту;
2) мемлекеттiк материалдық және жұмылдыру резервтерi материалдық құндылықтарының сандық және сапалық сақталуын бақылау;
3) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк резерв саласында Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету.
11. Агенттiк заңнамада белгiленген тәртiппен мынадай қызметтi жүзеге асырады:
1) мемлекеттiк резерв жүйесiн басқаруды жүзеге асырады;
2) мемлекеттiк резервтiң қорлануын және сақталуын бақылауды, сондай-ақ ұйымдарда жұмылдыру резервi материалдық құндылықтарының қорлануы мен сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
3) мемлекеттiк материалдық және жұмылдыру резервтерi саласында нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлейдi, олардың орындалуын бақылайды;
4) мемлекеттiк материалдық және жұмылдыру резервтерiнiң материалдық құндылықтарымен операциялар жасаудың тиісті қағидаларын әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Yкiметiне бекiтуге ұсынады;
5) мүдделi мемлекеттiк органдардың қатысуымен мемлекеттiк материалдық резерв материалдық құндылықтарын әзiрлейдi және оларды Қазақстан Республикасының Yкiметiне бекiтуге енгiзедi;
6) мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын аумақтық орналастыруды айқындайды және сақтау пункттерiнiң тiзбесiн қалыптастырады;
7) ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың және мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының сақталуын жүзеге асырушы ұйымдардың қызметiн өз құзыретi шегiнде бақылауды және үйлестiрудi жүзеге асырады;
8) мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын орналастырудың, сақтаудың, толықтырудың, жаңартудың және пайдаланудың шарттарда көзделген қағидаларын сақтау жөнiндегi шарттық мiндеттемелердi сақтау пункттерiнiң дәл орындауын бақылауды өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады;
9) мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарымен жасалатын операцияларға қатысушылармен шарттардан туындайтын талаптар бойынша борыш пен тұрақсыздық айыбын өндiрiп алуды заңнамаға сәйкес жүзеге асырады;
10) ұйымдардың мемлекеттiк резервтi пайдалану мәселелерi жөнiндегi өтiнiмдерiн қарайды;
11) мемлекеттiк резерв материалдық құндылықтарының көлемi мен қозғалысының жиынтық есебiн жүргiзедi және Қазақстан Республикасының Үкiметiне белгiленген есептi ұсынады;
12) өз құзыретiнiң шегiнде мемлекеттiк материалдық және жұмылдыру резервтерiн ұстауға бағытталған мемлекеттiк қаражаттың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
13) мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сатып алу және сақтау жөнiндегi шығыстардың мөлшерi мен құрылымы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметiне ұсыныстар енгiзедi;
14) мемлекеттiк материалдық резервке материалдық құндылықтарды беруге тапсырыстарды орналастырады;
15) мемлекеттiк резерв мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастыққа қатысады;
16) заң кесiмдерiне, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң кесiмдерiне сәйкес өзге де қызметтi жүзеге асырады.
12. Агенттiктiң өзiне жүктелген мiндеттердi іске асыру және өз қызметiн жүзеге асыру үшiн заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдер шығаруға;
2) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдардан, лауазымды адамдардан және азаматтардан ақпарат сұратуға және алуға;
3) мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарымен жұмыс бойынша ұйымдарға орындалуы мiндеттi нұсқаулар беруге;
4) ведомстволық бағыныстағы ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстар енгiзуге, олардың жарғыларын бекiтуге;
5) материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервтен шығару (жаңарту және ауыстыру тәртiбiмен) және беру туралы шешiмдер қабылдауға;
6) ұйымдардың мемлекеттiк материалдық және жұмылдыру резервтерiнiң материалдық құндылықтарын сақтау жөнiндегi нормативтiк құқықтық кесiмдер талаптарын, сондай-ақ мiндеттемелерiн орындауын бақылауды жүзеге асыруға;
7) сақтау пункттерiнде сақтаудағы материалдық құндылықтардың сақталуына тексеру (ревизия) жүргiзуге; заңнамада белгіленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары мен мамандарын тексеру жүргiзуге тартуға; мемлекеттiк материалдық және жұмылдыру резервтерiнiң материалдық құндылықтарын сақтау және пайдалану тәртiбiнiң бұзылуына кiнәлi адамдарды жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн тексеру (ревизия) материалдарын құқық қорғау органдарына жiберуге;
8) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк материалдық және жұмылдыру резервтерiнiң материалдық құндылықтарын сақтау жөнiндегi жолсыздықтарды жою туралы орындау үшiн мiндеттi нұсқама беруге;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Агенттiк мүлкi
13. Агенттiктiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
14. Агенттiкке бекiтiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
15. Агенттiктiң өзiне бекiтiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
Агенттiкке заңнамалық кесiмдерде белгiленген жағдайларда және шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.
4. Агенттiк қызметiн ұйымдастыру
16. Агенттiктi Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
Төрағаның Қазақстан Республикасының Yкiметi Агенттiк Төрағасының ұсынымы бойынша қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын екi орынбасары болады.
17. Агенттiк Төрағасы Агенттiктiң қызметiн ұйымдастырады әрi оған басшылық етедi және Агенттiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз қызметiн жүзеге асыруы үшiн жеке жауапты болады.
18. Агенттiк Төрағасы осы мақсатта:
1) өзiнiң орынбасарлары мен Агенттiк құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының өкiлеттiктерi мен мiндеттерiн айқындайды;
2) Агенттiк құрылымын, штат кестесiн, құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi, сондай-ақ жұмыс регламентiн бекiтедi;
3) заңнамаға сәйкес Агенттiк қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
4) заңнамада белгiленген тәртiппен Агенттiк қызметкерлерiн көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету мәселелерiн шешедi және тәртiптiк жазалар қолданады;
5) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша бұйрықтар шығарады, сондай-ақ Агенттiк қызметкерлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi нұсқаулар бередi;
6) мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Агенттiктi бiлдiредi;
7) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттiлiктi жүзеге асырады.
5. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату
19. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2001 жылғы 23 қаңтардағы
N 111 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегі агенттiгі
қарамағындағы ұйымдар
Тізбесі
"Резерв" республикалық мемлекеттік кәсіпорны.