21-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының есеп жүргiзуi және есеп беруi
1. Астық қабылдау кәсiпорындарының астық сақтау жөнiндегi қызметiнiң бiлiктiлiк талаптарын сақтау мәселелерi бойынша есеп жүргiзу мен есеп берудiң тiзбесiн, нысаны мен мерзiмдерiн мемлекеттiк статистика органдарымен келiсе отырып, заңдарға сәйкес уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2. Астық қабылдау кәсiпорындары уәкiлеттi органның жазбаша сауалы бойынша, өздерiнiң негiзгi қызметiне байланысты ақпарат беруге мiндеттi.
22-бап. Астық қабылдау кәсiпорны қызметiнiң негiзгi көрсеткiштерiн жариялау
Астық қабылдау кәсiпорындары жылдық балансты және пайда мен залал туралы есептi, оның салық органдарына тапсырылатын мерзiмi келгеннен кейiн күнтiзбелiк бiр ай iшiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нысан бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
23-бап. Құжаттардың есепке алынуы және сақталуы
1. Астық қабылдау кәсiпорындары өздерiнiң астықпен жасаған операцияларын көрсететiн құжаттардың қатаң есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Сақталуға тиiстi құжаттардың тiзбесi және олардың сақталу мерзiмдерi заңдармен белгiленедi.
24-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн инспекциялау (тексеру)
1. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн білiктiлiк талаптарына сәйкестiгi жөнiнде инспекциялауды уәкiлеттi орган дербес не басқа мемлекеттiк органдарды қатыстыра отырып жүргiзедi.
2. Астық қабылдау кәсiпорындары уәкiлеттi органның тексеру тапсырмасында аталған мәселелер бойынша инспекциялаушы органға көмек көрсетуге, сондай-ақ тексерудi орындау үшiн барлық ақпарат көздерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Уәкiлеттi орган қызметкерлерiнiң астық қабылдау кәсiпорнының қызметiн инспекциялау барысында алынған мәлiметтердi жария етуiне не үшiншi адамдарға беруiне тыйым салынады.
4. Инспекциялауды жүзеге асырушы адамдар астық қабылдау кәсiпорнының қызметiн тексеру барысында алынған және коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi жария еткенi үшiн жауапты болады.
25-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының жауапкершiлiгi
1. Астық рыногын реттеу мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң бұзылғаны байқалған, астық қабылдау кәсiпорындарының лауазымды адамдарының сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерiне қатер төндiруi мүмкiн заңсыз әрекеттерi немесе әрекетсiздiгi анықталған жағдайда, уәкiлеттi орган астық қабылдау кәсiпорнына мынадай жауапкершiлiк түрлерiнiң бiрiн қолдануға:
1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздер бойынша айыппұл салуға және өндiрiп алуға;
2) осы Заңның 26 және 27-баптарында белгiленген негiздер бойынша астықты сақтау жөнiндегi операцияларды жүргiзуге лицензияны тоқтата тұруға немесе қайтып алуға;
3) осы Заңның 28-бабында белгiленген жағдайларда астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды енгiзуге құқылы.
2. Астық сақтау жөнiндегi қызметтi уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясынсыз жүргiзген жағдайда, осы операциялардан (қызметтен) түскен табыстар заңдарда белгiленген тәртiппен тиiстi бюджетке алынады.
3. Астық қабылдау кәсiпорындарына немесе олардың лауазымды адамдарына айыппұл салуды және оны өндiрiп алуды уәкiлеттi органның немесе мүдделi тұлғалардың арызы бойынша сот жүргiзедi.
26-бап. Лицензияны тоқтата тұрудың негiздемелерi
1. Астық қабылдау кәсiпорнының астық сақтау жөнiндегi қызметтi жүргiзуге лицензиясын алты айға дейiнгi мерзімге тоқтата тұру:
1) астықты сақтау мен тиеп жөнелту жөнiндегi шарттық мiндеттемелерiн үнемi (күнтiзбелiк алты ай iшiнде екi немесе одан да көп рет) тиiсiнше орындамағаны;
2) заңдарда көзделген фитосанитариялық нормаларды бұзғаны;
3) нормативтiк құқықтық актiлердi бұзу не уәкiлеттi органның бiлiктiлiк талаптарға қатысты жазбаша нұсқамаларын орындамағаны;
4) астық қабылдау кәсiпорындарына шектелген қызметтi жүзеге асырғаны үшiн жүргiзiледi.
2. Лицензиат лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмге сот тәртiбiмен шағым жасауға құқылы. Сот лицензияның қолданылуын тоқтата тұруды заңды деп шешкен жағдайда, оның тоқтатыла тұру мерзiмi лицензиардың осындай шешiм қабылдаған күнiнен бастап есептеледi.
3. Лицензияның тоқтатыла тұру себептерi жойылғаннан кейiн лицензия қайта қолданыла бастайды.
27-бап. Лицензияны қайтып алудың негiздемелерi
Лицензия:
1) лицензиат бiлiктiлiк талаптарын бұзған;
2) лицензиаттың өзi жүзеге асыруға лицензия алған қызмет түрiмен айналысуына сот тыйым салған;
3) лицензиар лицензияның қолданылуын тоқтата тұрған себептер жойылмаған;
4) лицензия алған кезде лицензиат көрiнеу жалған ақпарат берген жағдайларда, сот тәртiбiмен қайтып алынуы мүмкiн.
28-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару
1. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мақсатында олар жөнiнде әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдықтехникалық және басқа да iс-шаралар мен рәсiмдер кешенiн мәжбүрлеп жүргiзу болып табылады.
2. Уәкiлеттi органның дербес қабылдаған шешiмi бойынша не астық қолхаттарын ұстаушылардың жолданымы бойынша астық қабылдау кәсiпорны мынадай негiздемелердiң бiрi бойынша:
1) астық қолхатынан туындайтын мiндеттемелердi орындамау;
2) сақтаулы астықтың көлемi елу мың тоннаға дейiн болған жағдайда, астық қолхаттарымен қамтамасыз етiлген астық мөлшерiнiң астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астықтың нақты мөлшерiнен жиырма проценттен астам және сақтаулы астықтың көлемi елу мың тоннадан астам болған жағдайда, он проценттен астам артық болуы бойынша ғана уақытша басқаруға берiлуi мүмкiн.
3. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды уақытша басқару жөнiндегi комиссия мен уақытша әкiмшiлiк жүзеге асырады.
4. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қабылдау кәсiпорнының қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Уақытша басқару кезеңiнде заңсыз әрекеттермен астық қабылдау кәсiпорнына келтiрген залал үшiн уақытша басқару жөнiндегi комиссияның мүшелерi, уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленгендей жауапты болады.
29-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды енгiзу
1. Уәкiлеттi органның астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмi бұйрықпен ресiмделедi және онда мыналар:
1) астық қабылдау кәсiпорнының атауы, оның орналасқан жерi мен мекен-жайы;
2) уақытша басқаруды енгiзу үшiн негiздеме;
3) уақытша басқарудың қолданыла бастауы және мерзiмi;
4) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау мақсатында астық қабылдау кәсiпорнының қызметiне қойылатын шектеулердiң тiзбесi;
5) уақытша басқару жөнiндегi комиссияның адам құрамы;
6) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару режимiндегi астық қабылдау кәсiпорнының басшы қызметкерлерiне өз жұмысы жөнiнде есеп дайындап, бұл құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке табыс ету туралы және сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушыларға уақытша басқарудың енгiзiлуi жөнiнде мiндеттi түрде хабарлау туралы нұсқама болуға тиiс.
2. Мүдделi тұлғалар уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмге сот тәртiбiмен шағым жасай алады. Аталған шешiмге шағым жасау уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмнiң қолданылуын тоқтатып қоймайды.
3. Уәкiлеттi органның уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмiн уәкiлеттi орган осы Заңның 28-бабының 4-тармағында аталған қаражат есебiнен үш жұмыс күнi iшiнде кемiнде екi газетте мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялайды.
30-бап. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия
1. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уәкiлеттi органның, астық қабылдау кәсiпорнының, сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың өкілдерінен тұрады.
2. Уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiм қабылданғанға дейiн уәкiлеттi орган астық қабылдау кәсiпорнына және сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың бәрiне 3 күн мерзiмде уақытша басқару жөнiндегi комиссияның құрамына кандидатураларын беру туралы ұсыныс жiбередi.
Кандидатуралар берiлмеген не беруден бас тартылған жағдайда, уәкiлеттi орган уақытша басқару жөнiндегi комиссияны өз бетiмен құруға құқылы.
3. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның құзыретiне:
1) уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерiн тағайындау (босату);
2) уақытша әкiмшiлiктiң қызмет нәтижелерi туралы есебiн бекiту;
3) уақытша әкiмшiлiктiң қызметiне бақылау жасау кiредi.
4. Шешiмдердi қабылдаған кезде уақытша басқару жөнiндегi комиссиядағы өкiлдердiң дауыстары проценттiк қатынаста былайша бөлiнедi:
1) астық қолхаттарын ұстаушылар - елу процент;
2) астық қабылдау кәсiпорны - жиырма бес процент;
3) уәкiлеттi орган - жиырма бес процент.
5. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның жалпы дауыстар санының кемiнде үштен екiсiн иеленетiн өкiлдер қатысқан жағдайда шешiм қабылдауға құқығы бар.
Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның шешiмдерi көпшiлiк дауыспен қабылданады.
6. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияны құрудың, оның қызметiн ұйымдастырудың өзге мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
31-бап. Уақытша әкiмшiлiк
1. Уақытша әкiмшiлiктi уақытша басқару жөнiндегi комиссия тағайындайды.
2. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару қолданылған кезеңде:
1) астық қабылдау кәсiпорнын басқару жөнiндегi барлық өкiлеттiк уақытша әкiмшiлiкке көшедi;
2) құрылтайшылардың (акционерлердiң) астық қабылдау кәсiпорнын басқару жөнiндегi құқықтары тоқтатыла тұрады;
3) астық қабылдау кәсiпорнын басқару органдары мен оның басшы қызметкерлерiнің өкілеттiгi тоқтатыла тұрады;
4) уақытша әкiмшілiкке айтпай және оның жазбаша келiсiмiнсiз астық қабылдау кәсiпорнының атынан және соның есебiнен жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылады.
3. Уақытша әкiмшiлiк:
1) осы Заңда белгiленген құзыретi шегiнде астық қабылдау кәсiпорны қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша өз бетiмен шешiмдер қабылдауға;
2) астық қолхаттарында көрсетiлген астық көлемiнiң жиырма процентiне дейiнгi мөлшерiнде солардан туындайтын барлық талаптардың қанағаттандырылуын уақытша басқару кезеңiне тоқтата тұруға;
3) астық қабылдау кәсiпорнының ол берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қалпына келтiруге бағытталған шарттар жасасып, құжаттарға қол қоюға;
4) астық қабылдау кәсiпорнының атынан және оның мүдделерi үшiн өкiлдiктi, соның iшiнде сотта да жүзеге асыруға;
5) астық қабылдау кәсiпорны астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысқан жағдайда, аталған қорға сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша берешектi бiрiншi кезектегi тәртiппен өтеу туралы талап қоюға;
6) астықтың сақталуына байланысты өндiрiстiк мәселелердi бағалау үшiн тәуелсiз сарапшылар тартуға;
7) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару кезеңiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құзыретi шегiнде бұйрықтар шығаруға құқылы.
4. Уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерi мен астық қабылдау кәсiпорындары қызметкерлерiнiң еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңдарымен реттеледi.
32-бап. Уақытша әкiмшiлiктiң қызметiн бақылау
Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару мерзiмi iшiнде уақытша әкiмшілiктiң қызметiн бақылауды уақытша басқару жөнiндегi комиссия жүзеге асырады, ол:
1) уақытша әкiмшiлiкке астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару кезеңiндегi қызметтiң негiзгi бағыттары туралы ұсыныстар беруге;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уақытша әкiмшiлiктен оның қызметi және астық қабылдау кәсiпорнының қызметi туралы ақпарат берудi талап етуге;
3) уақытша әкiмшiлiктiң атқарылған жұмыс туралы есебiн тыңдап, бекiтуге;
4) уақытша басқару енгiзiлген себептер жойылмаған жағдайда оның мерзiмiн ұзартуға;
5) уәкiлеттi органға уақытша басқаруды аяқтау туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.
33-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды тоқтату
1. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару мынадай негiздемелер:
1) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген уақытша басқару мерзiмiнiң өтуi;
2) уақытша басқарудың мерзiмiнен бұрын аяқталуы туралы уәкiлеттi органның шешiм қабылдауы;
3) соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша тоқтатылады.
2. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды оның енгiзiлуiне әкеп соққан себептердiң жойылуына байланысты тоқтату (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын тоқтату да) уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк осы астық қабылдау кәсiпорнына қатысты белгiлеген барлық шектеулердiң күшi жойылуына әкеп соғады.
3. Егер астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау қабiлетiн қалпына келтiруге жеткiзбесе, уәкiлеттi орган заңдарда белгiленген тәртiппен лицензияны қайтарып алады және астық қабылдау кәсiпорнының таратылуына бастама жасай алады.
7-тарау. Астық қабылдау кәсіпорындарын тарату
34-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарын таратудың түрлерi мен негiздемелерi
1. Астық қабылдау кәсiпорны:
1) құрылтайшыларының (акционерлерiнiң) шешiмi бойынша кредиторлық берешегi болмаған жағдайда өз еркiмен таратылуы мүмкiн. Бұл орайда уәкiлеттi органға хабарлама жiберiледi;
2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда сот шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн (мәжбүрлеп тарату).
2. Астық қабылдау кәсiпорындары қызметiнiң тоқтатылуы банкроттық туралы заңдар мен осы Заңның талаптары ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес жүзеге асырылады.
35-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарын мәжбүрлеп тарату негiздемелерi
Астық қабылдау кәсiпорындарын таратуды мына жағдайларда:
1) банкрот болған;
2) қызметтi тиiстi рұқсатсыз (лицензиясыз) не заң актiлерiнде тыйым салынған қызметтi, не заңдарды әлденеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;
3) заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайларда сот жүргiзедi.
36-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын банкрот деп тану
1. Астық қабылдау кәсiпорны белгiленген тәртiппен сот шешiмi бойынша ғана банкрот деп танылуы мүмкiн. Дәрменсiз астық қабылдау кәсiпорнын оның кредиторларының және астық қабылдау кәсiпорнының өз шешiмi бойынша соттан тыс тарату рәсiмiне жол берiлмейдi.
2. Астық қабылдау кәсiпорнының банкроттығы туралы iс бойынша тараптардың бiтiм келiсiмiн жасасу мүмкiндiгiне жол берiлмейдi.
37-бап. Тарату кезiнде астық қоймасын сату ерекшелiктерi
Осы қызмет түрiне қойылатын білiктiлiк талаптарына сәйкес, астық қоймасы сатып алушының оны астық сақтау мақсаттары үшiн пайдалануы шартымен бiрыңғай лот арқылы сатылады.
38-бап. Мәжбүрлеу тәртiбiмен таратылатын астық қабылдау кәсiпорны кредиторларының талаптарын қанағаттандырудың кезектiлiгi
1. Мәжбүрлеп таратылатын, соның iшiнде банкроттығына байланысты таратылатын астық қабылдау кәсiпорны кредиторларының талаптары осы бапта белгiленген тәртiппен қанағаттандырылады.
2. Таратудың жүргiзiлуiне байланысты, соның iшiнде астық қабылдау кәсiпорнын тарату комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi шығындар, сондай-ақ таратылатын астық қабылдау кәсiпорнының негiзгi мiндеттерiн қамтамасыз ету қажеттiгiнен туындайтын шығындар кезектен тыс және тұрақты жүргiзiледi.
3. Кредиторлардың белгiленген тәртiппен танылған талаптары мынадай кезекпен қанағаттандырылуға тиiс:
1) бiрiншi кезекте өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн таратылушы астық қабылдау кәсiпорны жауап беретiн азаматтардың талаптары қанағаттандырылады;
2) екiншi кезекте еңбек шарты бойынша жұмыс iстеушi адамдармен еңбекке ақы төлеу бойынша есеп айырысу жүргiзiледi;
3) үшiншi кезекте кепiл туралы мәлiметтерi бар астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылады;
4) төртiншi кезекте кепiл туралы мәлiметтерi жоқ астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылады;
5) бесiншi кезекте кредиторлардың таратылатын астық қабылдау кәсiпорнының мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер жөнiндегi талаптары қанағаттандырылады;
6) алтыншы кезекте бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдер бойынша берешек өтеледi;
7) жетiншi кезекте заң актiлерiне сәйкес басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргiзiледi.
8-тарау. Астық қолхаттары
39-бап. Астық қолхаттарының айналысы
1. Астық қабылдау кәсiпорны сақтауға астық алған кезде иесiне астық қолхатын беруге мiндеттi, онда:
1) астыққа меншiк құқығы;
2) астық қолхатында көрсетiлген астықты астық иесiнiң алғаш талап етуi бойынша немесе болашақта белгiлi бiр уақытта беруге астық қабылдау кәсiпорнының шүбәсiз мiндеттемесi;
3) астық кепiлге берiлген жағдайда астыққа кепiл ұстаушының құқығы расталады.
2. Астық қолхаты екi бөлiктен тұрады, әр бөлiгiнiң өз атауы болады және мiндеттi түрде мыналарды қамтиды:
1) бiрiншi бөлiгiнде:
астықты сақтауға қабылдаған астық қабылдау кәсiпорны салық төлеушiсiнiң атауы, орналасқан жерi және тiркелу нөмiрi;
астық қабылдау кәсiпорнының тiзiлiмi бойынша астық қолхатының ағымдағы нөмiрi;
астық иесiнiң атауы, оның толық заңды мекен-жайы, салық төлеушiнiң тiркелу нөмiрi, жеке тұлғаның кiм екенiн куәландыратын құжаттар;
астықтың түрi, оның сан және сапа жағынан сипаттамалары;
егер мерзiмi белгiленсе, астықтың сақтауға қабылданған мерзiмi;
берiлген күнi;
уәкiлеттi адамның қолы және астық қабылдау кәсiпорнының мөрi;
2) астық қолхатының екiншi бөлiгi сақтаулы астық кепiлге берiлген жағдайда толтырылады және мыналарды қамтиды:
салық төлеушiнiң, кепiл ұстаушының атауы, орналасқан жерi және тiркелу нөмiрi;
кепiл шартының нөмiрi және жасалған күнi;
астық кепiл нысанасы болатын мерзiмi;
кепiлмен қамтамасыз етiлген ақшалай мiндеттемелердiң сомасы.
3. Астық қолхатының нысанын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
40-бап. Астық қолхатын ұстаушының құқықтары
1. Астық қолхатын ұстаушының астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астыққа астық қолхатында көрсетiлген көлемде билiк етуге құқығы бар.
2. Кепiл туралы мәлiметтерi бар астық қолхатын ұстаушы кепiл шартында көзделген мiндеттемелер толық орындалғанға дейiн оны астық қабылдау кәсiпорнынан алмай, астыққа билiк етуге құқылы.
3. Астық қолхатын ұстаушы өткiзу жазбасын жасау және астық қолхатының өзiн тапсыру арқылы, бiрақ астықтың орнын ауыстырмай, астыққа меншiк құқығын берудi жүзеге асыра алады.
4. Кепiл туралы мәлiметтерi жоқ астық қолхатын өткiзу жазбасы бойынша алған сатып алушы кепiлге салынбаған астықтың меншiк иесiне айналады. Кепiл шарттары туралы (тауарға кепiл құқығын белгiлеудiң сомасы мен бағасы туралы) мәлiметтердi астық қабылдау кәсiпорнының мүдделi адамдардың көруi үшiн ашық тiзiлiмiнен алуға болады.
5. Астық кепiлден босатылған жағдайда, кепiл туралы мәлiметi бар астық қолхатын ұстаушы оны күнтiзбелiк үш күн iшiнде астық қабылдау кәсiпорнына хабарлауға мiндеттi.
6. Астық қолхатын ұстаушы өзiнiң кепiлмен қамтамасыз етiлген талап ету мерзiмiнде қанағаттандырылмаған жағдайда, өзiне астық қолхаты бойынша кепiлге берiлген астықты заң актілерiнде белгiленген тәртiппен сатуға және өзiнiң талабын кепiл берушiнiң басқа кредиторларының алдында басымдықпен қанағаттандыруға құқылы. Алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда, астық қолхатын ұстаушы алынбай қалған бөлiктi астық қолхаты бойынша құқық берген барлық тұлғалардан заңдарға сәйкес өндiрiп алуы мүмкін.
7. Астық қолхатын ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi орындау мерзiмi өткен кезден бастап, кепiл нысанасы болып табылатын астықты соттан тыс мәжбүрлеу тәртiбiмен сатуды, бұл ретте сенiм бiлдiрiлген адамға ашық аукцион өткiзу туралы тиiстi тапсырма берiп, жүзеге асыруға құқылы.
8. Сенiм бiлдiрiлген адам мынадай рәсiмдердi орындайды:
1) кепiл берушiге кепiл туралы шартта көзделген мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарлама жасайды және сонымен бiрге жергiлiктi баспасөзде сауда-саттық туралы хабарландыру жариялайды;
2) хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда, жергiлiктi баспасөзде сауда-саттық туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап, 14 күн мерзiмде сауда-саттық өткiзiледi.
9. Ашық аукционда алынған ақша қаражаты мынадай тәртiппен:
1) астық қолхатындағы жазбаға сәйкес, астық қабылдау кәсiпорнында астықтың сақталуына төленетiн ақыға;
2) астық қолхатында көрсетiлген мерзiмi өткен соманы өтеуге бөлiнедi;
3) қалған ақша сомасы астық қолхатын ұстаушыға аударылады.
10. Әрбiр кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейiн қанағаттандырылады.
11. Астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астыққа рұқсатты мерзiмi өткiзiлiп алынған жағдайларда ғана кепiлге салынған астыққа тек астық қолхатын ұсыну арқылы алуға болады. Өзге жағдайлардың бәрiнде де астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астыққа, рұқсатты астыққа, кепiлге салынған астыққа да меншiк иесінің құқығы туралы астық қолхатын көрсету арқылы ғана алуға болады.
12. Астық қабылдау кәсiпорындары астық қолхаты бойынша астықты тиеп жөнелткен жағдайда, қойылған қолдардың, астық қолхатын ұстаушылардың жеке басын куәландыратын құжаттардың болуын және олардың түпнұсқа екенiн тексеруге мiндеттi.
41-бап. Астық қолхаты бойынша астық беру
1. Астық қабылдау кәсiпорны астық қолхатын ұстаушыға астықты сол қолхатқа айырбастап бередi.
2. Астық қолхатын ұстаушы астықты бөлiп-бөлiп берудi талап етуге құқылы. Бұл орайда бастапқы астық қолхатының орнына оған астық қабылдау кәсiпорнында қалған астықтың мөлшерiне жаңа астық қолхаттары берiледi.
9-тарау. Қорытынды ережелер
42-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібі
Осы заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының