Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаның гигиенасы жөніндегі
ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің Қаулысы 2000 жылғы 9 маусым N 878
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2003 ж. 12 қыркүйектегі N 922 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Президентінің "Халық денсаулығы" мемлекеттік бағдарламасы туралы" 1998 жылғы 16 қарашадағы N 4153 Жарлығын орындау үшін және Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қоршаған ортаның гигиенасы жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары (бұдан әрі - ҚОГҰІЖ) бекітілсін.
2. Орталық атқарушы органдардың басшылары, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдері оны іске асыру үшін қажетті қаржы қаражатын бөлуді көздей отырып, ҚОГҰІЖ-де қарастырылған іс-шараларды уақытылы орындауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі мен Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 9 маусымдағы
N 878 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаның гигиенасы
жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары
Құжаттың мәтінінде пайдаланылған қысқартулардың тізбесі
ДСА - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісі жөніндегі
агенттігі
БАЖ - Басқарудың автоматтандырылған жүйесі
ЖЖ - Жоғары жиілілік
ДДҰ - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
ҚОГ - Қоршаған ортаның гигиенасы
МДБМ - Мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі
ҚОГЕІЖ - Қоршаған ортаның гигиенасы жөніндегі Еуропалық іс-қимыл жоспары
ҚЖША - Құрылыс жүргізудің шектеулі аумағы
АЭК - Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда
министрлігінің Атом энергетикасы жөніндегі комитеті
ПӘК - Пайдалы іс-әрекет коэффициенті
БЖД - Барынша жол берілген деңгей
МАҚКМ - Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық
келісім министрлігі
БҒМ - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
ТОҚМ - Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны
қорғау министрлігі
АШМ - Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігі
ККМ - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі
ЕХҚМ - Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрлігі
ЭИСМ - Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда
министрлігі
ҒЗИ - Ғылыми-зерттеу институты
ҚОҒҰІЖ - Қоршаған ортаның гигиенасы жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары
ҚОҒҰІЖ - Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары
ТҰС - Тамақтанудың ұлттық саясаты
ӘБҚД - Әсердің бағдарланған қауіпсіздік деңгейі
БЖД - Бағдарланған жол берілетін деңгей
ҚТО - Қоршаған табиғи орта
ШЖШ - Шекті жол берілетін шоғырлану
ШЖД - Шекті жол берілетін деңгей
"ҚРҰЯО" - "Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы"
республикалық мемлекеттік кәсіпорыны
ӨЖЖ - Өте жоғары жиілілік
СҚА - Санитарлық қорғау аймағы
БАҚ - Бұқаралық ақпарат құралдары
СЭС - Санитарлық-эпидемиологиялық станция
ТҚҚ - Тұрмыстық қатты қалдықтар
АЖЛ - Айрықша жоғары ластану
ЭМӨ - Электромагниттік өріс
КIРIСПЕ
Хельсинкиде өткен (1994) Қоршаған ортаны қорғау министрлерi мен денсаулық сақтау министрлерiнiң екiншi конференциясында қоршаған ортаны қорғау мииистрлерi мен денсаулық сақтау министрлерi өз елдерінің атынан 1997 жылдың аяғына дейiн Қоршаған орта гигиенасы жөніндегі ұлттық iс-қимыл жоспарларын (ҚОГҰIЖ) әзiрлеуге міндеттеме алған болатын. Осы конференцияда Қоршаған ортаның гигиенасы жөніндегi Еуропалық iс-қимыл жоспары да (ҚОГЕIЖ) қабылданды. Ол екi сектордың - қоршаған ортаны қорғау мен денсаулық сақтаудың тығыз ынтымақтастығы жағдайында ұлттық және халықаралық деңгейлерде қабылдануы қажет практикалық шаралардың кешенiн қамтиды. Софияда өткен (1995) "Еуропа үшін қоршаған орта" конференциясында министрлер мұндай ынтымақтастықтың ҚОГҰIЖ-iн дайындау және ҚОГҰIЖ-де көзделген қоршаған ортаны қорғау жөніндегi iс-қимыл бағдарламаларын әзiрлеу және жүзеге асыру iсiндегi маңыздылығын атап өттi.
Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаның гигиенасы жөніндегi ұлттық iс-қимыл жоспары Қазақстан Республикасы Конституциясының (1995) "Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етiп қояды" дейтін 31-бабына негiзделедi.
Одан басқа ҚОГҰЖ:
азаматтардың экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық саулығына және радиациялық қауiпсiздiкке құқығы; мемлекет қазiргi және келешек ұрпақтың денсаулық жағдайына керi әсер етпейтiн қолайлы қоршаған ортаны сақтауды қамтамасыз ететіні көрсетiлген "Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" (1997);
халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз етудiң қағидаттары белгiленген және алдын алу қоршаған орта факторларының халықтың денсаулығына зиянды әсерін болдырмау жөніндегi қызметтегi басымдық ретінде көрсетiлген "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" (1994);
табиғат пен оның байлықтары Қазақстан Республикасы халықтарының өмiрi мен қызметінің, олардың тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуының және әл-ауқатының өсуiнiң табиғи негізi болып табылатындығы, қазiргі және болашақ ұрпақтардың мүддесінде қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негiздерi айқындалған "Қоршаған ортаны қорғау туралы" (1997);
қызметкерлердiң еңбектi қорғауға арналған құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған және өндiрiстегi жазатайым оқиғалар мен денсаулығын зақымдаудың алдын алудың, қауiптi және зиянды өндiрiстiк факторларды мейлiнше азайтудың ұлттық саясатының негiзгi қағидаттарын белгiлейтiн "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" (1999) Қазақстан Республикасының Заңдарына негiзделген.
Сонымен қатар, ҚОГҰIЖ-дi әзiрлеу кезiнде "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызметі туралы ережеге" (1995) сәйкес жұмыс iстейтін мемсанэпидқызметтiң органдары мен мекемелерi мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыру процесiнде алынған қоршаған табиғи, әлеуметтiк және өндiрiстiк ортаның жағдайы туралы практикалық деректер пайдаланылды.
ҚОГҰIЖ ұлттық деңгейде бүгiнгi күннің өзектi басымдықты проблемаларын көрсетедi, алайда оны елде жүрiп жатқан әлеуметтік-экономикалық және экологиялық өзгерiстердi, сондай-ақ денсаулық жағдайы мен қоршаған ортаның жекелеген сапалық көрсеткiштерiнiң өзгерiстерiн ескере отырып, iске асыру барысында түзетiп отыру қажет.
Республика халқының денсаулығы проблемасы адам өмiр сүрiп отырған ортаға аса қолайсыз әсер еткен экологиялық, әлеуметтiк және шаруашылық себептердiң кешенiмен тығыз байланысты. Бұл соңғы жылдары күрт нашарлаған демографиялық көрсеткiштерден де кiдiрiссiз көрiндi. Осылайша, 1998 жылы 1992 жылмен (мемлекеттiң тәуелсiздiк алған алғашқы жылы) салыстырғанда туу көрсеткiшi 1000 адамға есептегенде 19,9-дан 14,2 адамға немесе 28,6%-ға төмендедi, ал қайтыс болу көрсеткiшi 8,1-ден 9,8 адамға немесе 1,2 есеге көтерiлдi. Осымен бiр мезгiлде, табиғи өсiмнiң көрсеткiшi 11,8-ден 4,4 адамға, яғни 2,7 есеге азайды. Сырқаттанудың жалпы деңгейi жоғары - әрбiр 100 мың тұрғынға 79464,8 адам, ал балалардың арасында - 82900,7 болып қалып отыр.
Адамның табиғи ортаға шамадан тыс ықпалының терiс экологиялық нақты зардабы Арал аймағының шөлейттенуi болды. Арал өңiрi мен Арал проблемасы - экологиялық қана емес, адамдардың денсаулығы үшiн де қасiрет болып табылады. Онда, ТМД аумағындағы туберкулез ауруының ең жоғары деңгейлерінің бiрi. Туберкулезден қайтыс болу 1992 жылы әрбiр 100 мың тұрғынға 11,7-нi, 1999 жылы 27,8-дi құрай отырып, жыл сайын өсуде. Аймақ үшін әлемдегі анемиямен сырқаттанудың ең жоғары деңгейлерінің бiрi тән. Оба, қырым геморрагиялық безгегi, лейшманиоздар және т.б. аса қауiпті инфекциялар мен инвазиялардың табиғи ошақтары кеңеюде және жандануда.
Денсаулық көрсеткіштерiнiң нашарлауының негізгі себебi қоршаған табиғи және өндiрiстiк орта, әлеуметтiк сала және елдегi экономикалық жағдай факторларының кешендi әсерi болып табылатындығы анықталды. Барлық сырқаттанулардың 75%-ы, қайтыс болу жағдайларының 50%-ы, дене бiтiмi жағынан дұрыс дамымаудың 60%-ы, орташа өмiр сүру ұзақтығының 5-7 жылға қысқаруы осылармен байланыстырылады.
Елде халық тұратын және еңбек ететiн жерлерде оңтайлы санитарлық-гигиеналық жағдай жасау проблемалары өткiр қойылып отыр. Сумен жабдықтау, кәрiздендiру, қатты тұрмыстық, өндiрiстiк қалдықтарды, атмосфералық ауаға жайылған және су қоймаларына тасталған адам денсаулығына зиянды заттарды жинау, жою және залалсыздандыру мәселелерi нашар шешiлуде. Кәсіпорындардың аумағында өндiрiстiк қалдықтардың, соның iшінде осы күнге дейiн олар үшiн полигондар жоқ болып отырған ұқсатылмаған және уытты қалдықтардың көп мөлшерi жинақталған. ЖЖ және ӨЖЖ диапазондарындағы электрмагниттiк сәулелену көздерiнің саны мен қуаты артуда. Су құбырлары суы мен жер бетiндегi су қоймаларының судың химиялық және микробиологиялық сапалық көрсеткiштерi нашарлауда және т.с.с.
Қоршаған табиғи ортаның, әлеуметтiк және өндiрiстіқ салалардың қолайсыз факторларының адамдардың денсаулығына терiс әсерiнiң нәтижелерi бiрден емес, ондаған жылдарға кешiгiп білінедi. Осы Қазақстан Республикасының қоршаған ортаның гигиенасы жөнiндегі ұлттық iс-қимыл жоспары iске асырылуы орта мерзімдегі перспективада оңтайлыға жақын сапалық көрсеткiштерге қол жеткiзу жолымен ел халқының денсаулығын жақсартуға мүмкiндiк беретiн iс-шаралардың кешенiн көздейдi.
Қоршаған орта гигиенасы саласын елдiң деңгейінде жақсартуға барлық тиiстi ұлттық мүдделер мен басымдықтар ескерiлетiн, қойылған мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ресурстар бөлу көзделетін Iс-қимыл жоспарын әзiрлеген жағдайда, оның iшiнде тиiстi заңнамалық және регламенттейтін тетiктердi жасалған жағдайда ғана қол жеткiзуге болады. Осылайша, тек Қазақстан Республикасы Үкiметiнің, мүдделi министрлiктердiң, ведомстволардың, барлық деңгейдегi атқарушы өкiметтiң, сондай-ақ бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, заңды және жеке тұлғалардың қатысуымен ғана сауықтыру iс-шараларын iске асыруға болады.
Қазақстан Республикасының ҚОГҰIЖ-і Дүние жүзiлік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) халықтың денсаулығы және қоршаған орта жөнiндегi кең ауқымды стратегиясы (Женева, 1993), "Қоршаған ортаның гигиенасы жөнiндегi ұлттық iс-қимыл жоспарларын әзiрлеу жөнiндегi консультативтiк кеңестің ұсынымдары" (София, 1995) және ДДҰ-ның Еуропалық аймақтың бюросы дайындаған "1990-жылдардағы еуропалық тәжiрибенi шолуы" (Копенгаген, 1995), ескерiле отырып, әзiрлендi.
ҚОГҰIЖ-де Қазақстан Республикасының қоршаған ортаның гигиенасы саласындағы басымдықтары көрсетiлдi. Алайда, олар бiздің елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық, демографикалық, климаттық-географиялық және өзге де ерекшелiктерiн ескере отырып, ҚОГЕIЖ-де қойылған барлық мақсаттарды толық қамтымайды.
1. ҚОГҰІЖ-дің МАҚСАТЫ
ҚОГҰIЖ-дiң мақсаты - халықтың денсаулығын қамтамасыз ету үшiн мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуы қағидаттарының негізiнде таза қоршаған ортаны қалыптастыру.
2. ҚОГҰIЖ-дiң МIНДЕТТЕРI
Мiндеттер:
табиғи, әлеуметтiк, өндiрiстiк және тiршiлiк ету қоршаған ортасын қорғау;
халықтың денсаулығы мен санитарлық-эпидемиологиялық саулығын қорғау.
3. ҚОРШАҒАН ОРТА ГИГИЕНАСЫНЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ
Қоршаған орта гигиенасының басымдықтары:
денсаулық үшiн қауiпсiз жеткiлiктi көлемдегі ауызсу;
зиянды заттардың ауаға шығарылуы көздерiн, электромагниттiк өрiстердi және басқа да физикалық факторларды санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау;
топырақтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгі аумақты тұрмыстық және өндiрiстiк қалдықтардан тазарту;
ұтымды тамақтану және тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгі;
халықтың радиациялық қауіпсiздігі;
табиғи зiлзалалар аудандары мен өнеркәсiптiк авариялар болған жерлерде эпидемияға қарсы iс-шараларды ұйымдастыру;
өнеркәсiптік объектiлерде қолайлы еңбек жағдайларын жасау;
балалар мен жасөспiрiмдердiң денсаулығын қорғау;
санитарлық оқу-ағарту.
3.1. Денсаулық үшiн қауiпсiз жеткiлiктi көлемдегі ауызсу
Республика халқын ауызсумен қамтамасыз етудiң жәй-күйi қанағаттанғысыз ретiнде сипатталады. 2337 су құбыры бола тұра, құбыр суымен халықтың 75%-ына жуығы, 12%-ына жуығы орталықтандырылмаған су көздерiнен қамтамасыз етіледi, халықтың қалған бөлiгi (500 мыңнан астамы) тасымалданатын суды және ашық су айдындарын пайдаланады.
Көптеген су құбырлары, тiптi, облыс орталықтарында да, техникалық пайдалану ережелерiн өрескел бұза отырып жұмыс iстейдi. Электр энергиясын берудегi iркiлiстерге және басқа да себептерден халыққа ауызсу ұзақ iркiлiстермен немесе кесте бойынша - таңертеңгi және кешкi уақыттарда ғана берiледi.
Мұның өзi, тығыз бекiтiлмеген және өз ресурсын баяғыда өткерген, бұзылған герметикалық құбырлар арқылы су толып кеткен байқау құдықтары мен траншеялардан ағуы ықтимал кiр судың сорылуы арқылы ауызсудың ластануына мүмкiндiк туғызады.
Ауыл шаруашылығы объектiлерiн толық жекешелендiрудiң барысында иесiз қалған ауылдық сумен жабдықтау объектiлерiнде бұдан да қиын жағдай қалыптасуда. Ауыл шаруашылығын сумен жабдықтаудың топтық жүйелерi де бiртiндеп iстен шығуда, ал бұл 1200 селолық елдi мекен үшiн олар ауызсудың бiрден бiр көзi болып табылатын мыңдаған километр арналы су құбырлары. Нәтижесiнде, селолар орталықтандырылған су берудiң болмауынан күрделi жағдайға тап болуы мүмкiн, кейбiреулерi, осындай жағдайға тап болды да.
Тұтастай алғанда, республика бойынша тазалау құрылыстары кешенiнiң, зарарсыздандыру қондырғыларының немесе санитарлық қорғау аймақтарының болмауынан немесе iстен шығуынан санитарлық талаптарға жауап бермейтiн 1999 жылдың 1 шiлдесiндегi жағдай бойынша 463 су құбыры (19,8%) болды. Су құбырлары құрылыстары мен желiлерінің қосалқы бөлшектердің жоқтығымен, құрамында хлор бар реагенттердiң, коагулянттардың тапшылығына байланысты қанағаттанғысыз санитарлық-техникалық жағдайы су құбыры суларының сапасына терiс әсер етедi. 1999 жылдың 1-шi жарты жылдығында, тұтастай алғанда, елде микробиологиялық көрсеткiштерi бойынша стандартқа сай келмейтiн су сынамасының көлемi 4,6% (1998 жылы - 3,8%) болды. Әрбiр үшiншi стандартқа сай келмейтiн су сынамасы жыл сайын 2000 жылдың 1 қаңтарында 29%-ды құраған эпидемиялық қауiптi коли-индекспен тiркеледi. Ауызсудың сапасына апта сайын мониторингтi жүзеге асырған кезде бұл көрсеткiш жекелеген облыстар бойынша 30%-ға жуықты және одан астамды құрайды.
Жер бетiндегi су айдындары суды қорғау аймақтарын тұрмыстық, ауылшаруашылық және өндiрiстiк қалдықтармен қоқыстандырудың нәтижесiнде шаруашылық-нәжістiк және өндiрiстiк сарқынды сулардың төгiлуiмен жаппай ластануда. Олар жұқпалы да, жұқпалы емес те сипаттағы аурулардың туындауына себепшi болады.
Қазақстан Республикасында су факторымен байланысты инфекциялық сырқаттануды азайту проблемасы өте өткiр тұр. Су көздерiнiң жаппай ластануы, су құбырлары құрылыстары мен желiлерiнiң қанағаттанғысыз санитарлық-техникалық жағдайы, ауызсудың жоғары микробтық ластануы жиi эпидемиялық асқынудың және өткiр iшек инфекциясы ауруларының, әсiресе А-вирустық гепатиттiң жоғары деңгейiнiң себепшiсi болып табылады.
Ағын суларды орталықтандырылған бөлу iсi қанағаттанғысыз күйде.
Қалалар мен қала үлгiсiндегі поселкелердiң тек 33%-ында ғана кәрiздiң
орталықтандырылған жүйесiнiң дамыған желiсi бар. Атырау, Ақмола,
Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан және Оңтүстік
Қазақстан облыстарының, іс жүзінде, барлық селолық елді мекендерінде кәріз
мүлде жоқ.
Суғарылатын егін алқаптарының болмауы, қазіргі кезде арналарынан асып тұрған, авариялық режимде пайдаланылатын, экологиялық та, эпидемиологиялық та тұрғыдан шешілуі қиын проблемаларды туғызатын ағын сулардың тоспаларын кеңінен пайдалануға әкеліп соқты (Алматы, Шымкент, Павлодар, Орал және т.б. қалалар).
Ағын суларды тазарту жөніндегі құрылыстардың санитарлық техникалық жәй-күйлері төмен, оның үстіне олар 1,5-2 есе артық жүктемемен жұмыс істейді (Талдықорған, Павлодар, Семей, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Өскемен қалалары).
3.2. Зиянды заттардың ауаға шығарылуының, электромагниттік өрістердің
және басқа да физикалық факторлардың көздерін
санитарлық-гигиеналық қадағалау
Тұрақты көздерден зиянды заттардың республика қалаларының ауа бассейніне шығарылуының ескерілген көлемі жылына шамамен 3 млн. тоннаны құрайды.
Тұтастай алғанда, республика бойынша орта есеппен 1 тұрғынға жылына 200 кг, ал Павлодар облысының қалаларында 1284 кг, Қарағандыда - 501 кг, Жезқазған аймағында 1285 кг, Солтүстік Қазақстанда - 483 кг және т.б. әртүрлі химиялық қосылыстар атмосфераға шығарылады.
Өнеркәсіптік кәсіпорындардың үштен біріне жуығының нормативтік мөлшерлердегі санитарлық-қорғау аймақтары жоқ. Өнеркәсіптік орталықтар тұрғындарының едәуір бөлігі химиялық (атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарылулары) және физикалық (шу, тербелістер, электромагниттік өрістер т.б.) зиянды өндірістік факторлар тікелей әсер ететін аймақтарда тұрады.
Қоршаған ортаға пайдаланылған газдармен жалпы көлемі 2 млн. тоннадан астам ондаған ластаушы заттар шығаратын автомобиль көлігі теріс әсер етеді. Көптеген ірі қалаларда саны шапшаң өсіп келе жатқан автокөліктің ауа бассейінін ластаудағы үлесі жалпықалалық жалпы шығарулардың 60%-ына және одан да астамға, ал Алматы қаласында 90%-ға жетеді.
Осындай жағдайдың зардабы ретінде қалалардың селитебтік аймағындағы 3-4 сыныптық қауіптілігі бар азот, күкірт, көміртегі тотықтары мен т.б. айтпағанда, 1-2 сыныптық қауіптілігі бар әртүрлі химиялық қоспалардың бар екендігі анықталуда. Қалалардың ауа бассейніндегі ерекше қосылыстардың мөлшері жоғары: мәселен Шымкент қаласында фосфор ангидридінің, фторлы сутегінің, мыстың, қорғасынның, кадмийдің мейлінше жоғары бір жолғы шоғырланулары бар. Екібастұз бен Павлодар қалаларында бенз/а/пирен, мырыш, хром, қорғасын, рубидий, никель, мыс, марганец, темір, хлор, сынап бар.
Ауаны ластаушылардың салыстырмалы түрдегі азғантай шоғырлануларының халықтың денсаулығына тұрақты тигізер теріс әсері жекелеген органдар мен жүйелердің бүлінуіне, организмнің жалпы резистенттігінің төмендеуіне әкеліп соғады. Атмосфераны ластаушылардың әсері жағдайында жүрек-қан тамыры ауруларымен сырқаттану мен қайтыс болудың көбеюі байқалады.
Тыныс алу органдарының зақымдануы - атмосфера ластануына неғұрлым тән зардаптарының бірі, ал ең көп тараған зақымдаушы факторлар күкірт және күкіртті ангидридтер, азот тотықтары мен ауадағы бөлшектер болып табылады.
3.3. Топырақтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі.
Аумақтарды тұрмыстық және өндірістік қалдықтардан тазарту
Республиканың топырақты ластау көздері зиянды заттардың атмосфераға шығарылулары, сұйық және қатты тұрмыстық және ауылшаруашылық қалдықтар, өнеркәсіп қалдықтары (оның ішінде улы) болып табылады. Елдің аумағында 19 млрд. тоннадан астамға тең қалдықтардың көлемі жинақталған. Олардың жыл сайынғы өсімі 1 млрд. тоннаға жетеді. Түсті металлургияның өндірістік кәсіпорындарында өнеркәсіптік улы қалдықтардың негізгі көлемдері - кен байыту мен металлды қайта балқытудың 5,2 млрд. тоннадан астам қалдығы жинақталған.
Минералдық тыңайтқыштар өндірісінің өндірістік алаңдарында (Тараз қаласы) 500 мың тоннаға жуық құрамында фосфоры бар шлам мен шлак жинақталған. Шламдардың улылығы олардың құрамында фосфор, фтор, күкірт, сульфат т.б. қоспалардың болуымен анықталады. Экрандайтын пленкалардың тозуынан шлам жинағыштарда топырақ пен жерасты суларының ұдайы ластануы жүріп жатады. Соңғысындағы фтордың мөлшері 9,2 фосфаттар - 500, сульфаттардың мөлшері 2394 мг/л-ге дейін жетеді. Павлодар қаласының "Химпром" АҚ өндірісінде топырақтың үйіндідегі сынаппен ұзақ уақыт ластануы оның топырақта жинақталуына және Ертіс өзені жерасты суларының ластану қаупіне алып келді. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және т.б. облыстардың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының әсер ету аймағындағы топырақ мыс, қорғасын, фтор, фосфор, хром, бор қосылыстарымен әбден ластанған.
Едәуір аумақтарды алатын антропогендік биогеохимиялық провинциялар құрылды. Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында топырақтағы қорғасынның саны 46,5 ШЖШ-ға дейін, кадмий 67,0 ШЖШ-не дейін айқындалады. Облыста бірнеше мың шаршы километр алаңды алып жатқан қорғасын, мырыш, мышьяктың биогеохимиялық провинциялары құрылды. Ашық жерде өсірілетін көкөніс өнімдері де химиялық қосылыстардың араласуы арқылы ауыр металдардың тұздарымен ластанған. Қиярлардағы қорғасынның мөлшері ШЖШ-дан 10,6 есе, кадмий 16,8, мырыш 4,8 есе, томаттарда қорғасын 2-6 есе, мырыш 10-ға дейін, мыс 4,3 есеге дейін көп, капустада қорғасын 5 ШЖШ, мырышта 2 ШЖШ.
Елде өнеркәсіптік, оның ішінде улы қалдықтарды сақтайтын және кәдеге жарататын арнайы полигондардың болмауынан, олар қарапайым санитарлық талаптарға толық жауап бермейтін тұрмыстық қалдықтардың полигонына (үйінділерге) тасып шығарылады.
Қалалық және селолық мекендерде қатты және сұйық тұрмыстық қалдықтардан санитарлық тазарту мүлде қанағаттанғысыз жүзеге асырылады. Қалалық мекендердің тек үштен бірі ғана жоспарлы жүйелі тазартумен қамтылған, қалған бөлігі, әсіресе селолық елді мекендерде тазарту жұмыстары сұраныстық жүйеде немесе санитарлық тазалық айлықтарында ғана жүргізіледі. Егеуқұйрықтар мен шыбын-шіркейлердің жаппай көбеюі мен халық арасында эпидемиялық өршудің пайда болуының ықтимал факторы болып қала беретін қатты тұрмыстық қалдықтардың уақытылы және толық жойылмауы салдарынан тұрғын үй құрылыстарында иесіз үйінділердің пайда болуы қалыпты құбылысқа айналды.