3.4. Ұтымды тамақтану және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі
Өтпелі кезең жағдайындағы қала, әсіресе ауыл тұрғындарының тамақтану жағдайы күрделі проблема болып табылады. Эпидемиялық тұрғыдан алғанда, маңызды болып табылатын тамақтандыру объектілерінің жағдайы нашарлады.
Отандық өндірістің тамақ өнімдерінің ассортименті күрт азайып, консервіленген өнімдердің көбі шетелден әкелінуде. Оның сапасы гигиеналық талаптарға әрдайым сәйкес келмейді.
Республикада тамақтандыру саласындағы саясат экономикалық және әлеуметтік дамудың ұлттық жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады. Ең алдымен, ол халықтың аш-арық және тағамның жетіспеушілігінен болатын аурулар тән осал топтарын қорғауға бағытталуы тиіс.
Ірі өнеркәсіптік орындардың орнына келген шағын өндірістер, сырттай қарағанда, жетілдірілген технологиясына қарамастан, 50% нашар бейімделген үй-жайларда, сатылатын өнім сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырған нормативтік және кадрмен қамтамасыз етілудің өрескел кемшіліктерімен жұмыс істейді, кәсіпкерлер мал дәрігерлік куәландырусыз және өнімнің қауіпсіздігі туралы гигиеналық қорытындысыз күмәнді сападағы тамақ өнімдері мен тауарларды жиі сатып алады.
3.5. Халықтың радиациялық қауіпсіздігі
Республиканың аумағында орналасқан рудниктер, полигондар, энергетика кәсіпорындары, өндірістер және олардың қалдықтары қоршаған ортаның радионуклеидтермен ластану мүмкiндiгіне байланысты үлкен қауiп төндiредi.
Мәселен, Жамбыл облысындағы бұрынғы уран өндiрiсiнiң қалдықтары 200 мыңнан астам тоннаны құрайды, ал өндiрiс алаңындағы радиацияның деңгейi 20-580 мкр/сағатқа жетедi. Қайта қопсытуға жататын рудниктер аумағының жалпы аумағы 1204,5 мың шаршы метрдi құрайды.
Ақмола облысы, Еңбекшiлдер ауданындағы бұрынғы уран рудниктерi мен шахталары қайта қопсытуды қажет етедi. Өндiрiс алаңдарындағы гамма сәулелерi дозасының қуаты сағатына 150-ден 600 мкр аралығында өзгерiп отырады.
Халықтың радиациялық қауiпсiздігін қамтамасыз ету мәселесi өзектiлердің бiрi болып қалып отыр. Қазақстан аумағында 1989 жылдан бастап ядролық жарылыстар жүргiзiлмесе де, Семей мен Азғыр полигондарының техникалық алаңдарындағы радиациялық жағдай әлi де ықтимал қауiптi болып отыр. Полигондардың жерi халық шаруашылығының айналымына берiлгеннен кейін көптеген радиациялық қауiптi объектiлер мен аумақтардан күзет алынып тасталды. Оларға тұрғындардың бақылаусыз кiруiне жол ашылды.
Қазақстандағы негізгi дозақұраушы факторлардың бiрi бұрынғысынша радон және оның ыдырауының өнiмдерi болып қалуда. Фосфор рудаларын, сирек және түстi металдарды өндiру және қайта өңдеу жөніндегi кәсiпорындар аспаптарды сатып алмайды және жұмыс аймағының ауасындағы радонның мөлшерiне өндiрiстiк бақылау жүргiзбейдi. Сонымен бiр мезгілде, осы кәсіпорындардың жерасты кенінің жұмысшылары Қазақстандағы бойына сәуленi ең көп дарытушы құрам болып қалып отыр. Олардың сәуле дарыту дозалары, әсiресе, сирек полиметалдар өндiру жөнiндегi шахталардағы, жол берiлген 1,5 бэр/жылдың орнына 500 бэр/жылға дейiн жетедi. Баршаға белгiлi, радиацияның барлық басқа түрлерiнiң iшінде, осы радон мен оның бөлiнуiнің еншiлес өнiмдерi өкпе рагының этиологиясында өте маңызды роль атқаратыны белгiлi (ол мәнi бойынша өкпе рагының пайда болуына темекi шегуден кейiн екіншi себепші болып табылады).
Радиоактивтiк қалдықтарды көму күрделi проблема болып қалып отыр. Жыл сайын ел кәсiпорындарында көмуге жататын 20000-дай радиоактивтiк пайдаланылмаған көздер сақталады. 1995 жылы "Байкал" объектiсiнiң пайдалануға берiлуi радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң барлық проблемасын шешкен жоқ. Қызметтер үшiн жоғары баға Қазақстанның оңтүстiк және батыс аймақтарынан тасымалдаудың алыстығы, кешеннiң iрi ауқымды қалдықтарды қабылдауға қабілетсiздігi Республиканың батыс және орталық аймақтарында радиоактивтi қалдықтарды көмудiң аймақаралық пунктi құрылысының қажеттiгiн көрсетедi. Кәсiпорындарда радиоактивтiк қалдықтардың жиналуы радиоактивтiк заттарды ұрлау, жоғалту немесе мақсатқа сай пайдаланылмауы салдарынан авариялық жағдайлардың туындауының қаупін арттырады. Радиоактивтік заттармен жұмыс iстейтiн көптеген кәсiпорындардың таратылу процесiнiң жүрiп жатуы жағдайды шиеленiстiре түседi, соның нәтижесінде радиоактивтiк көздер иесiз қалды және ешкiм бақылау жасамайды, мұны iс жүзiнде төтенше жағдайлардың қатарына жатқызуға болады.
3.6. Табиғи зiлзала аудандары мен авариялар болған жерлерде
эпидемияға қарсы iс-шараларды ұйымдастыру
Қазақстан аумағында жиырмадан астам қауiптi табиғи процестер пайда болуда. Олардан болатын таралу, қайталану, келтiрiлетiн зиян жылдан жылға өзгерiп отырады. Халық және шаруашылықтар үшiн барынша қауiптiлерi: жер сiлкiнiсi, құлаулар мен көшкiндер, селдер мен тасқындар, суға кету, көктемгi үсiктер мен қар басулар, қар көшкіні, Каспий теңiзi деңгейiнiң көтерiлуi, шөлге айналу процестерi болып табылады.
Жыл сайын елдiң оңтүстiгi мен оңтүстiк шығысында бiрнеше ондаған рет күшi 2-3 балдық жер асты дүмпулерi мен тербелiсi тiркеледi. Тұрғын үйлер және өндiрiстiк объектiлердiң едәуiр қирауына әкелiп соғатын эпицентрдегi 4-6 балдық сiлкiнiстер жиi байқалады.
Каспий теңiзіндегi судың қазiргi уақыттағы көтерiлуi жағалауларда орналасқан қалалар мен селолар аумақтарын су басып кету қаупiн төндiруде ауыл шаруашылығы мен тұтастай алғанда, экономикаға оңалмайтын зиян келтiруде. Төтенше жағдайлар туындауы мүмкiн жерлерде алғашқы медициналық көмек көрсететiн және эпидемияға қарсы iс-шаралар жүргiзетiн жедел қоғамдық бөлiмшелердi қажет етедi.
3.7. Өнеркәсiптiк объектiлерде қалыпты еңбек жағдайын жасау
Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының деректерi бойынша кәсіпорындардың жұмыс аумағының ауасына 200-ден астам зиянды химиялық заттар бөлiнiп шығады екен. Өнеркәсiптiк орындарда жұмыс істейтiндер өндiрiстiк ортаның басқа да қолайсыз факторларының әсерiне ұшырайды, олардың ішінде: физикалық (шу, тербелiс, электромагниттiк өрiстер, статикалық электр, жоғарғы және төменгi температура, иондық сәулелену, ультракүлгін және инфрақызыл радиация), биологиялық (патогендiк микроорганизмдер) және психофизиологиялық (физикалық және жүйке-физикалық ауыртпалықтар) бар.
Жыл сайын еңбек жағдайы жұмыс аймағы ауасының ластану деңгейi бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтiн 40%-дан астам кәсiпорындар анықталады. Шаң-тозаңдануы кен өндiру мен көмiр өнеркәсiбi орындарындағы нормативтерден ондаған есе асып түседi. Өндiрiстiк үй-жайлар ауасының химиялық ингредиенттермен шоғырланулардағы ластануы ШЖШ-дан жоғары болуы өнеркәсiптiң фосфор (фосфин, фосфорлық ангидрид, көмiртегі тотығы, фторлы сутегi) металлургиялық (қорғасын, мышьяк, мырыш, мыс, мышьяктi, күкiрт ангидриді, бериллий, көміртегі тотығы), мұнай өндіру, мұнай өңдеу, газ (көмірсутегі, күкірт ангидриді, бенз/а/пирен, көміртегі тотығы, күкірт сутегісі, сілті) салаларының объектілерінде орын алған.
Зиянды және қолайсыз еңбек жағдайларында (халық шаруашылығының негізгі салалары бойынша) жұмыс істейтіндердің саны 382,0 мың адамды немесе бүкіл санының 15%-ын құрайды. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш - 32%, бұрынғы Жезқазған облысында 22,2%, Шығыс Қазақстанда - 31%.
Тұтастай алғанда ел бойынша өнеркәсіптегі және көліктегі әрбір
бесінші жұмыс орыны гигиеналық талаптарға сәйкес келмейді, жұмыс
істеушілердің 30-дан 50%-ға дейіні ауыр дене жұмысымен айналысады, бұл
жағдайда әйел еңбегі кеңінен пайдаланылады.
Кәсіптік сырқаттану мен кәсіптік уланудың алғашқы байқалған жағдайларының ішінде аурулардың 66,6%-ының кәсібі бойынша еңбек қабілетін жоғалтқандығы байқалды. Әсіресе, бұл көрсеткіш көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің арасында жоғары (99,5%). Орта есеппен кәсіптік патологияның 10%-ы әйелдерге түседі.
Кәсіптік сырқаттардың пайда болуына ықпал ететін себептерді талдау кезінде 46,7%-ы технологиялық процестердің жетілдірілмеуінен, 21,2%-ы құрал-жабдықтардың, тетіктердің, құрылғылар мен аспаптардың құрастырулық кемшіліктерінің болуы себепті, 7%-ы техника қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болатыны белгілі болды.
Сонымен бір мезгілде, қаржылық қиындықтардан бұрын тиімді жұмыс істеп тұрған ірі өнеркәсіптік орындардың қызметкерлерін медициналық-санитарлық қамтамасыз ету және техника қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бақылау жүйесінің ұйымдастырылуы бұзылған.
Колхоздардың таратылуына байланысты көптеген шағын шаруа қожалықтары құрылды. Жаңа құрылған шаруашылықтар механизация құралдарымен өте нашар жабдықталған, мал өсірудің типтік емес қора-қопсыларын пайдаланады, жұмыс киімдері мен жеке қорғау құралдары, санитарлық-тұрмыстық үй-жайларымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілмеген - осының бәрі, белгілі бір дәрежеде, еңбек жағдайын нашарлатады және кәсіптік сырқаттардың пайда болуына ықпал жасайды, оның ішіндегі ең қауіпті патология бруцеллез болып табылады.
Шаруа қожалықтарында денсаулықты қорғауға бағытталған республикада қабылданған және қолданылып жүрген заңдар сақталмайды. Мал төлдету науқаны кезеңінде ауру малмен жүргізілетін жұмыстарға кез келген жастағы балалар жіберіледі. Темекі өңдеу кезінде темекі өңдеу жұмысына балалар, жүкті, емшектегі баласы бар әйелдер тартылып, өрескел кемшіліктер жіберіледі.
3.8. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғау
Балалардың мектепке дейінгі мекемелеріндегі балаларды ұстау жағдайларының нашарлауы, олардың көпшілігінің жабылуы балалардың денсаулық жағдайына әсер етті. Сырқаттану құрылымында өткір ішек инфекциялары, суық тию сырқаттары (өткір тонзиллит, ангина, бронхит, тұмау, ОРВИ) және вирустық гепатит басым болып отыр. Сырқаттанған ұйымдастырылған балалардың үлес салмағы республика бойынша 31,6%-ды, Қызылорда облысында - 42,1%, Оңтүстік Қазақстан облысында - 40,1%, Жамбыл облысында - 40,8%, Маңғыстау облысында - 39,1%, Ақтау облысында - 38,5%-ды құрады.
8246 жалпы білім беру мектептерінен 4368-і (52,9%) үлгілік ғимараттарда, 3878-і қарапайым үй-жайларда, 223-і апатты жағдайдағы ғимараттарда орналасқан. Мектептердің жартысынан көбі 2 және 2,5 ауысымда жұмыс істейді, ал үзілістер 5 минутқа дейін қысқартылған.
Үй-жайлардағы температуралық режим бұзылған, жасанды жарықтандыру дәрежесі төмендеген. Мектеп жиһазы ескі, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейді. Оны ауыстыру жүргізілмейді. Мектептердің 40%-ында дене тәрбиесі сабағы дәліздерде және басқа бұл мақсат үшін нашар бейімделген үй-жайларда өткізіледі.
Мектептерді компьютерлендіру алаңдар бойынша да, құрал-жабдықтарды орналастыру бойынша да компьютерлік үй-жайларға қойылатын санитарлық талаптарды ескермей жүргізіледі және т.с.с.
Мектеп оқушыларының ыстық тамағын ұйымдастыруда елеулі кемшіліктер бар: тамаққа дотация бөлінбейді және ыстық тамақпен қамту небәрі 10-15%-ды құрайды. Тағам блоктарындағы технологиялық және тоңазытқыш жабдықтарының 30%-ы жарамсыз.
Ет, сүт, май сияқты негізгі азық-түліктерді жеткізуде жүйелі түрде іркілістердің болуы орын алған, балық, жұмыртқа, шырындар, жемістер сирек түседі. Тағамдардың калориялылығы әдетте 2 және одан да көп есе төмендеген, С-витаминдеу іс жүзінде жүргізілмейді.
3.9. Санитарлық ағарту.
Халық арасында жұқпалы және жұқпалы емес этиология ауруларының алдын алу жөніндегі медициналық және гигиеналық білімдерді кеңінен насихаттауды қамтамасыз ету қажет. Қоршаған табиғи және әлеуметтік орта, оның жағдайы белгілі бір дәрежеде біздің оған деген қарым-қатынасымызға байланысты екендігін, көптеген аурулардың экологияға тәуелді екендігі туралы халыққа түсінік беру керек. Санитарлық ағарту халықты қарапайым гигиеналық ережелерге үйретуге, әркімге өз денсаулық жағдайы үшін жеке жауапкершілігі туралы түсіндіруге бағытталуы тиіс.
4. ҚОГҰІЖ-ді ғылыми қамтамасыз ету
ҚОГҰІЖ қолдауға кеңестер жүргізу бағдарламасы терең ғылыми зерттеулерді және басымдықты проблемаларды іріктеуді талап етеді. Осы мақсат үшін мынадай жобалар ұсынылады:
4.1. "Қоршаған орта мен Васильковский алтын кен орынына жақын тұратын тұрғындардың денсаулығы жағдайын жақсарту жөніндегi санитарлық-гигиеналық iс-шараларды әзiрлеу".
Мақсат: Васильковский кен-байыту комбинатының орналасу аймағындағы қоршаған ортаның жағдайы бойынша адам мекендейтін орта сапасының экологиялық-гигиеналық бағасы мен болжамын беру және оны оңтайландыру мен тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту жөніндегi табиғат қорғау шараларының ғылыми дәлелденген жүйесiн әзiрлеу.
4.2. "Республика түстi металлургиясы жетекшi кәсiпорындарының өнеркәсiптiк ағынды суларын кешендi биохимиялық тазарту әдiстерiн әзiрлеу".
Мақсат: Әртүрлi технологиялық циклдарда суды қайта пайдалану көлемiн арттыру үшiн металлдар иондары, ауадағы заттар, әртүрлi органикалық қосылыстар және т.б. тәрiздi ластаушы компоненттердi жоюға мүмкiндiк беретін микробиологиялық процестердi пайдалану негiзінде өнеркәсiптiк ағынды суларды тазартудың тиiмдi кешендi әдiстерiн әзiрлеу.
4.3. "Республика су экожүйелерінің санитарлық-гигиеналық саулығын қолдауға бағытталған iс-шараларды әзiрлеу және iске асыру".
Мақсат: Шекарадан тыс су көздерiнiң болуымен Қазақстан Республикасының аумағына тырысқақ бойынша эпидемиологиялық саулықты қамтамасыз ету. Республика жер үстi су айдындарының ластануын бақылау. Тырысқақты бактериологиялық диагностикалаудың жаңа әдiстерiн жетiлдiру және әзiрлеу. Қоршаған орта объектiлерiнде тырысқақ вибриондарының пайда болуы, Қазақстан Республикасымен шектесетін ТМД елдерiндегi тырысқақпен ауыру туралы ақпараттарды қысқа мерзiмде алу және өңдеу.
4.4. Арал өңiрi аумағында бруцеллезге қарсы алдын алу шараларының кешендi жүйесiн әзiрлеу.
Мақсат: Арал өңiрінің антропогендiк шөлдену аймағында бруцеллездi эпизоотологиялық-эпидемиологиялық қадағалаудың кешендi жүйесiн әзiрлеу және енгізу.
4.5. "Сырдарияның төменгi жағы мен Арал өңiрінің тұрғындарына
медициналық-санитарлық қызмет көрсетудi жақсарту жөніндегi ғылыми
негiзделген iс-шаралар кешенiн әзiрлеу және iске асыру".
Мақсат: Сырдарияның төменгi жағы мен Арал өңiрiндегi экологиялық жағдайға кешендi гигиеналық баға беру, қоршаған ортаның ластануының таралу деңгейі мен қарқынын анықтау және тұрғындар денсаулығына қолайсыз факторлар ықпалының зардаптарын бағалау.
4.6. "Қазақстан Республикасында тамақ өнiмдерiндегi контаминанттардың химиялық және биологиялық пайда болуына мониторинг жүйесінің ғылыми әдiстемелiк негіздемелерiн әзiрлеу".
Мақсат: Тамақ өнімдерінің химиялық және биологиялық жолмен пайда болған ксенобиотикамен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әр түрлі аймақтарындағы радиациямен ластануы туралы ақпараттарды жинау және талдау, олардың денсаулыққа қауіптілігі дәрежесін ғылыми негіздеу, оларды индексациялаудың аса жетілдірілген әдістерін әзірлеу, сондай-ақ бағытталған әсері бар тағамдарға биологиялық белсенді қоспалар жасау жолымен азық-түлікке тәуелді аурулардың алдын алу.
4.7. "Азғыр" полигонына жақын орналасқан Атырау облысының селолық аудандарындағы қоршаған орта мен тұрғындары денсаулығының санитарлық-гигиеналық параметрлері.
Мақсат: Қоршаған орта объектілерінің ластану жағдайын, радионуклидтердің жиналу дәрежесін бағалау және "Азғыр" полигонына жақын орналасқан аудандардағы аурулардың алдын алу, тұрғындардың денсаулығына қоршаған орта санасының өзгеруінің залалды әсерін ескерту жөніндегі ғылыми негізделген іс-шаралар жүйесін әзірлеу.
4.8. "Радиациялық қауіпті аймақтардағы тұрғындарды сауықтыру бағдарламасы (Капустин яр, Азғыр)".
Мақсат: Радиациялық қауіпті аймақтардағы тұрғындарды оңалту бағдарламасын әзірлеу (Капустин яр, Азғыр).
4.9. "Қазақстанның экологиялық қолайсыз аймақтарындағы қоршаған ортаны ластаушы факторлардың адамға әсер етуіндегі мутациялық көріністерді зерттеу".
Мақсат: Өмір сүруге экологиялық қолайсыз аймақтардағы тұрғындардың денсаулық жағдайының бейнесін жасау және әртүрлі аймақтарға мейлінше тән патологияларды анықтау.
4.10. "Қазақстанның жазық және таулы облыстарындағы шөл және дала биоценоздарын мекендеушілердің тұқымдық әртүрлілігін сақтау".
Мақсат: Табиғи биоценоздардың жағдайын экологиялық бағалау және Қазақстан Республикасының шөл және далалық облыстарындағы оба ошақтарына экологиялық мониторингтың жүйесін жетілдіру.
4.11. "Каспий өңірі аймағындағы шаруашылықтық-ауызсумен жабдықтау сапасының тұрғындардың энтеровирустық инфекциялармен сырқаттану деңгейіне ықпалы".
Мақсат: Энтеровирустық этиологиямен сырқаттануды болжау және адамның популяциясы мен су объектілеріндегі энтеровирустердің айналымын шектеу.
4.12. Каспий өңірі аймағындағы шаруашылықтық-ауызсумен жабдықтау көздері сапасының санитарлық-гигиеналық көрсеткіштері және олардың тұрғындардың А және Е гепатиттерімен сырқаттануына әсері.
Мақсат: Шаруашылықтық-ауызсумен жабдықтау көздері сапасының экологиялық-гигиеналық көрсеткіштері мен негізінен су арқылы таралатын А және Е гепатит вирустарымен тұрғындардың ауруы арасындағы байланысты анықтау.
4.13. "Ауызсудың санитарлық-гигиеналық көрсеткіштері және оның Қазақстан Республикасы халқының жұқпалы аурулармен науқастануының арасындағы байланысы".
Мақсат: Ауызсудың бактериялық және вирустық ластануы мен халық денсаулығының арасындағы сандық байланысты анықтау.
4.14. "Әрi қарай алдын алу iс-шараларын әзiрлей отырып, қоршаған ортаның диоксиндермен ластануын токсикологиялық-гигиеналық бағалау".
Мақсат: Қоршаған ортаның диоксиндермен ластануы мен халық денсаулығы жағдайының аймақтық ерекшелiктерін анықтау, сондай-ақ гигиеналық және экологиялық нормативтер мен алдын алу iс-шараларын жетiлдiру үшін токсикокинетика мен диоксиндердiң токсикодинамикасын негiздеу.
4.15. "Қазақстан Республикасындағы қырым геморрагиялық безгегiнiң экологиялық-эпидемиологиялық ерекшелiктерi".
Мақсат: Сырқаттанудың табиғи ошағындағы тиiмдi алдын алу мен эпидемияға қарсы iс-шараларды анықтау және жүргiзу үшiн қырым геморрагиялық безгегi кезiндегi эпидемиологиялық және эпизоотикалық процесстердiң аймақтық ерекшелiктерін анықтау.
4.16. Кене энцефалитіне қатысты Іле Алатауы етегіне санитарлық-эпидемиологиялық сараптама.
Мақсат: Iле Алатауының етегіндегi кене энцефалитінің эпидемиологиялық және эпизоотологиялық ерекшелiктерін зерттеу.
4.17. "Қазақстанның су ресурстарын түйнеме қоздырғыштарымен тұқымдануын болдырмау мақсатында эпидемиологиялық және эпизоотологиялық iс-шараларды ұйымдастыру үшiн түйнемені зертханалық диагностикалау".
Мақсат: Диагностикалық иммунореагенттердiң көмегiмен Қазақстан Республикасының аумағында түйнеменің таралуын зерттеу және түйнеменің иммундық алдын алудың пәрмендiлiгін анықтау.
4.18. "Су ресурстарына қатаң орайласқан тырысқақты, туляремияны және лептоспироздарды зертханалық диагностикалауды әзiрлеу және жетiлдiру".
Мақсат: Олардың таралу өлкесiн зерттеу және ошақтарда эпизоотикаға және эпидемияға қарсы бара-бар iс-шараларды уақытында жүргiзу мақсатында су ресурстарына қатаң орайласқан тырысқақты, туляремияны және лептоспирозды зертханалық диагностикалауды жетiлдiру және әзiрлеу.
4.19. "Экологиялық қолайсыз орта жағдайындағы бруцеллез кезінде эпидемиологиялық қадағалау мен диагностиканы жетiлдiру".
Мақсат: әртүрлi биотикалық субстраттарда қоздырғыштарды индикациялаудың тиімдi әдiстерін әзiрлеу мен тәжiрибеге енгiзу, эпидемиологиялық жағдайға әсер ететiн қоздырғыштың қасиеттерiн терең зерттеу жолымен эпидемиологиялық қадағалау жүйесiн оңтайландыру.
4.20. "Қазақстанның мол сулы аудандарында зооноздарға (йерсиниоз, листериоз, пастереллез) бактериологиялық бақылауды жетiлдiру".
Мақсат: Қазақстан Республикасында бактериялық зооноздардың экологиясы мен эпидемиологиясын зерттеу, олардың зертханалық-этиологиялық диагностикасының әмбебап сызбасын әзірлеу.
4.21. "Аллергодерматоздардың Атырау, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоршаған ортаның ластануымен байланысын орнату және "Қоршаған орта және аллергодерматоздар" алдын алу іс-шараларын әзірлеу.
Мақсат: Аллергодерматоздардың дамуына қоршаған орта факторларының қолайсыз әсерінің себеп-салдар байланыстарын белгілеу және алдын алу іс-шараларын әзірлеу.
4.22. "Адамдарға жұғу қаупін азайту мақсатында обаның табиғи ошақтарына эпидемиологиялық бақылаудың жүйесін жетілдіру".
Мақсат: Адамдардың оба қоздырғыштарын жұқтыру қаупін азайту мақсатында обаның табиғи ошақтарына эпидемиологиялық қадағалаудың жүйесін жетілдіру.
4.23. "Арал өңірі аймағындағы экологиялық апат зонасында диарейлік аурулардың алдын алу".
Мақсат: Шаруашылықтық-ауызсулық жабдықтау көздерінің ластану дәрежесін экологиялық-гигиеналық бағалау және Арал өңірі экологиялық апат аймағы ластануының эпидемиялық процесс пен қатты іш инфекциялары қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктеріне ықпалы.
4.24. "Техногендік биогеохимиялық провинция жағдайында ауыр металдардың әйелдердің репродукциялық қызметіне әсерін анықтау және сауықтыру іс-шаралары жүйесін әзірлеу".
Мақсат: Техногендік биогеохимиялық провинция жағдайында жүктіліктің өтуі мен бала тууға, сондай-ақ нәрестелердің патология алғы және патологиялық жай-күйлерінің дамуына ауыр металлдардың әсер ету мүмкіндігін зерттеу.
4.25. "Экологиялық мониторингті және Қазақстан Республикасының су көздерінің ластануымен байланысты туляремиямен сырқаттануды болдырмау жүйесін ұйымдастыру".
Мақсат: Су көздерінің ластануымен байланысты туляремия бойынша алдын алу іс-шаралары жүйесін әзірлеу және енгізу.
ҚОГҰІЖ-ді қамтамасыз ету үшін келтірген жобалар жалпы санитарлық-эпидемиологиялық проблемалардың ғылыми жобаларын жұқпалы, сондай-ақ жұқпалы емес аурулардың диагностикасы мен алдын алу мәселелерін қамтиды. Ғылыми жобаларды тиісті министрліктердің бюджетіндегі осы мақсатқа көзделген қаржылық қаражаты есебінен әзірлеу жобаланып отыр.
Қорытынды
Қазақстан Республикасының ҚОГҰІЖ-і Еуропалық елдердің қоршаған орта министрлері мен денсаулық сақтау министрлері белгілеген қоршаған ортаның гигиенасы саласындағы басымдылықтарды қамтиды. Бұл басымдылықтар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген (Астана, 1998 жыл) "Халық денсаулығы" бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан 110 негізгі бағыттарда топталған (қосымша).