Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігінің
мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы
1999 жылғы 19 қараша N 1755
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2003 ж. 19 қыркүйектегі N 953 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының құрылымын жетілдіру және олардың құзыретін нақтылау жөніндегі шаралар туралы" 1999 жылғы 13 қазандағы N 235 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) туралы ереже бекітілсін.
2. Агенттікте төрағаның үш орынбасары, соның ішінде бір бірінші болуға рұқсат етілсін.
Ескерту: 2-тармақ ҚР Үкіметінің 13.05.00 ж. N 703 қаулысымен өзгерді
3. Агенттік заңдарда белгіленген тәртіппен бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұрынғы қабылдаған шешімдерін осы қаулыға сәйкес келтіру жөнінде ұсыныс енгізсін.
4. Қоса беріліп отырған тізбеге сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметінің 1999 жылғы
19 қарашадағы N 1755
қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт
жөнiндегі агенттiгi туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөнiндегi агенттiгi (бұдан әрi - Агенттiк) Yкiмет құрамына кiрмейтiн, туризм, спорт және дене тәрбиесi саласында басшылықты, сондай-ақ заңдарда көзделген шектерде салааралық үйлестiрудi және өзге де атқарушылық және рұқсат беру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
2. Агенттiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметінің актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Агенттiк мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңдарға сәйкес банктерде шоттары болады.
Агенттiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
Егер Агенттiкке заңдарға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқылы.
4. Агенттік өз құзыретiнің мәселелерi бойынша заңдарда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында мiндеттi күшi болатын бұйрықтар шығарады.
5. Агенттiк туралы ереженi және оның штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
6. Агенттіктің заңды мекен-жайы:
7. Агенттiктiң толық атауы - "Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөнiндегi агенттiгi" мемлекеттiк мекемесi.
8. Осы Ереже Агенттiктің құрылтай құжаты болып табылады.
9. Агенттiктiң қызметiн қаржыландыру тек қана республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Агенттiктiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысынан Агенттiктің кәсiпкерлiк субъектілерiмен шарттық қарым-қатынастарға түсуiне тыйым салынады.
Егер Агенттiкке заң актiлерiмен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
2. Агенттіктің негiзгі мiндеттерi, функциялары
және құқықтары
10. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) туризм, спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға және iске асыруға қатысу;
2) Қазақстан Республикасында туризм, спорт және дене тәрбиесiн дамыту, спорт резервтерi мен халықаралық деңгейдегi спортшыларды дайындау;
3) туризм, спорт және дене тәрбиесi саласындағы заңдарға талдау жасау және оларды қолданудың тәжiрибесiн қорытындылау, оны жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу, өз қызметi саласындағы заңдарды және нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысу;
4) туристiк қызмет көрсетулердiң отандық рыногын зерделеу, талдау, болжау және реттеу;
5) туризм, спорт және дене тәрбиесiн материалдық-техникалық базасын жасау мен нығайтуға және олардың инфрақұрылымдарын дамытуға қатысу;
6) туризм мен спорт қозғалысын насихаттау сондай-ақ өз құзыретi шегiнде туризм, спорт және дене тәрбиесi саласындағы ақпараттық-жарнамалық және баспагерлiк iстi дамыту;
7) өз құзыретінің шегiнде Қазақстан Республикасында және шет елдерде туризм, спорт және дене тәрбиесi үшiн мамандарды даярлауды ұйымдастыру, олардың біліктілігiн арттыру;
8) туристiк iс-шараларды, спорт түрлерi бойынша жарыстарды және Олимпиадалық, ұлттық және халықтық спорт пен ойындардың түрлерi бойынша кешендi iс-шараларды өткiзу.
11. Агенттiк Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) туризм, спорт және дене тәрбиесi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады, мемлекеттiк, перспективалық, ағымдағы және нысаналы бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
2) туризм, спорт және дене тәрбиесi мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi, туризм, спорт және дене шынықтыру саласындағы халықаралық және аймақаралық шарттардың, үкiметаралық келiсiмдердің жобаларын әзiрлеуге және iске асыруға қатысады;
3) өз құзыретінің мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардың қызметiн үйлестiредi, сондай-ақ облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiмен туризм, спорт және дене тәрбиесiн өзектi проблемаларын iс жүзiнде шешуге қатысты мәселелер жөнiнде өзара iс-қимыл жасайды;
4) туризм, спорт және дене тәрбиесi саласына, соның iшiнде туристiк және спорт өнiмдерiн өндiрудi дамыту үшiн инвестицияларды тарту жөнiндегi бiрыңғай саясатты қалыптастыруға және оны iске асыруға қатысады;
5) мүдделi ұйымдармен бiрлесiп туризм, спорт және дене тәрбиесi саласында ғылыми және басқа да зерттеулер жүргiзедi;
6) өз құзыретінің шегiнде халықаралық, аймақаралық және iшкi туристiк және спорттық байланыстарды жүзеге асырады;
7) өз құзыретi шегiнде ведомостволық бағыныстағы ұйымдардың басшыларымен, мамандармен, жетекшi жаттықтырушылармен және спортшылармен келiсiмшарттар жасасады;
8) туристiк тауарлар мен қызмет көрсетулердің, спорт тауарларының республикалық көрмелерiн дайындауды және өткiзудi қамтамасыз етедi, сондай-ақ өз құзыретiнде ақпараттық-баспагерлiк және жарнамалық қызметтi жүзеге асырады;
9) мемлекеттiк спорт ұйымдарына ұйымдастырушылық және әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асырады;
10) ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың туризмдi, спорт пен дене тәрбиесiн дамыту мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;
11) басқа да мемлекеттiк органдармен және қоғамдық ұйымдармен бiрлесiп ұйымдастырылған спорт шараларының жоспарын үйлестiредi, спорт шараларының, жарыстарының бiрыңғай күнтiзбелiк жоспарларын жасайды;
12) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын туристiк, спорттық шаралардың, жарыстардың өткiзiлуiн бақылауды жүзеге асырады;
13) Қазақстан Республикасының құрама командаларын дайындауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасы спортшыларының Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерінің, Еуропа, әлем чемпионаттарына, Олимпиада және Азия ойындарына, басқа да халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етедi;
14) мүдделi органдармен және қоғамдық ұйымдармен бiрлесiп спорт резервтерiн даярлау жөнiнде жұмыс жүргiзедi, спорт клубтары, мектептерi және ғимараттары, олимпиадалық дайындық орталықтары жүйелерінің дамуын, сондай-ақ оларда оқу-жаттықтыру процесi мен допинг-бақылауды ұйымдастыруды үйлестiредi;
15) спорт пен дене шынықтырудың негiзгi көрсеткiштерi бойынша статистикалық деректердi талдайды және қорытынды материалдарды мемлекеттiк статистика органдарына табыс етедi;
15-1) туристiк агенттiк қызметтi, туристiк операторлық қызметті, экскурсиялық қызметтi, туризм нұсқаушысының қызметiн көрсетудi лицензиялауды жүзеге асырады;
16) Қазақстан Республикасының заңдарымен өзiне жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асырады.
Ескерту: 11-тармақ 15)-1 тармақшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2000.02.07. N 179 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 15)-1 тармақша өзгерді - ҚР Үкiметiнiң 2001.09.14. N 1213 қаулысымен.
12. Негiзгi мiндеттерiн iске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында Агенттiк заңдарда белгiленген тәртiппен:
1) өз құзыретiнiң шегiнде меншiк нысанына, аумақтық және ведомстволық тиесілігiне қарамастан барлық туристiк және спорт объектілерi мен ұйымдары басшыларының орындауы үшiн мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер, оның iшiнде туристiк және спорт ғимараттарын пайдалану жөнiндегi талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi, оларды жабдықтау нормативтерiн және туристiк спорттық iс-шараларды, оқу-жаттықтыру процестерi мен спорт жиындарын өткiзу кезiндегi техникалық қауiпсiздiк ережелерiн шығаруға;
2) халықаралық туристiк және спорттық байланыстарды дамытуға, қатысуға, халықаралық, аймақтық туристiк және спорттық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүддесiн бiлдiруге;
3) өз құзыретiнiң шегiнде мемлекеттiк органдардың туризм, спорт және дене тәрбиесi саласындағы қызметiн үйлестiруге, туристiк және спорттық ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асыруға, туризм, спорт және дене тәрбиесi саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуына жауап беретiн облыстық, Астана және Алматы қалалық бөлiмшелерiне әдiстемелiк басшылықты қамтамасыз етуге;
4) туризм мен спортты дамыту бағдарламаларын әзiрлеуге және оны iске асыруға қатысуға, нысаналы бағдарламалар мен жобаларға бөлiнетiн республикалық бюджеттiң қаражатын бөлу жөнiнде ұсыныстар енгiзуге, олардың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
5) туризм, спорт және дене тәрбиесi мәселелерiн және салалардың әлеуметтiк-экономикалық жоспарларын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеуге қатысуға;
6) кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламаларын бекiтуге және үйлестiруге, симпозиумдар, конференциялар, семинарлар, оқудың басқа да нысаналарын және туризм, спорт және дене шынықтыру жөнiндегi мамандармен тәжiрибе алмасуды ұйымдастыруға;
7) халықаралық, республикалық және аймақаралық туристiк iс-шаралар, спорттық жарыстар мен жиындар өткiзуге;
8) спорт түрлерi бойынша жарыстар өткiзу ережелерiн және нұсқаушылық-әдiстемелiк жиындар өткiзу жөнiндегi нұсқаулықтарды, спорт түрлерiнің спорттық бiлiктiлiк ережелерiн, бағдарламалық-әдiстемелік құжаттарды бекiтуге;
9) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсе отырып, спорттық жарыстарға қатысушыларды мемлекеттiк материалдық қамтамасыз етудiң нормативтерiн белгiлеуге;
10) республикалық спорттық және басқа да шаралардың жеңiмпаздары мен жүлдегерлерiне, туристік, спорттық ұйымдар қызметкерлерiне спорттық және құрметтi атақтар беру медальдармен, белгiлермен, дипломдармен, жүлделермен, грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапаттау, жаттықтырушы-оқытушылар құрамына санаттар беру мәселелерiн шешуге;
11) мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдардан өз функцияларын атқаруға қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
12) консультациялар мен сараптама жүргiзу үшiн орталық, жергіліктi атқарушы органдардың, басқа да ұйымдардың мамандарын тартуға;
13) туризм, спорт саласындағы неғұрлым маңызды проблемаларды шешу және қызметтi үйлестiру үшiн ведомствоаралық, ғылыми-әдiстемелік және сараптамалық кеңестер, сондай-ақ орталық және жергілiктi атқарушы органдардың өкiлдерiнен, халықаралықтарын қоса, жұмыс топтарын құру жөнiндегi ұсыныстар енгiзуге;
14) Агенттiкке ведомостволық бағыныстағы ұйымдарға басшылық жасауға және олардың жарғыларын бекiтуге, оларға қатысты мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi функциясын жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметінің шешiмiмен акционерлiк қоғамдар акцияларының пакеттерiне иелiк етудi және пайдалануды жүзеге асыруға;
15) Агенттiкке ведомстволық бағынысты ұйымдарды құру қайта ұйымдастыру және тарату жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
16) Агенттiкке заңдармен жүктелген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
3. Агенттiктiң мүлкi
13. Агенттiктің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкi болады.
14. Агенттiкке бекiтіліп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
15. Агенттiктің өзiне бекiтiліп берiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсiлмен билiк жүргiзуге құқығы жоқ.
Агенттiкке заңдарда белгіленген жағдайларда және шектерде мүлiкке билiк жүргiзу құқығы берiлуi мүмкiн.
4. Агенттiктiң қызметiн ұйымдастыру
16. Агенттiктi Қазақстан Республикасының Yкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
Агенттiк төрағасының Қазақстан Республикасының Үкiметi Агенттiк төрағасының ұсынуымен қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады.
17. Төраға Агенттiктің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Агенттiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуы және оның өз функцияларының жүзеге асырылуы үшiн жеке жауап бередi.
18. Агенттiк төрағасы осы мақсатта:
1) Агенттiктің құрылымын, штат кестесiн, сондай-ақ Агенттiктiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
2) өзінің орынбасарлары мен Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттігі мен міндеттерін белгілейді;
3) заңдарға сәйкес Агенттіктің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
4) заңдарда белгіленген тәртіппен және өз құзыретінің шегінде Агенттіктің қызметкерлерін көтермелеу, оларға материалдық жәрдем беру мәселелерін шешеді және оларға тәртіптік жаза қолданады;
5) Агенттіктің бұйрықтарына қол қояды;
6) мемлекеттік мекемелерде, өзге де ұйымдарда Агенттіктің атынан өкілдік етеді;
7) ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
8) заңдарға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
19. Агенттіктің төрағасы жанынан консультациялық-кеңесші орган болып табылатын алқа құрылады. Алқаның сандық және жеке құрамын Агенттіктің төрағасы бекітеді.
5. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату
20. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнің
1999 жылғы 19 қарашадағы
N 1755 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнің
Тізбесі
1. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлiгi Спорт және дене тәрбиесi комитетiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1999 жылғы 6 мамырдағы N 539 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 жыл, N 17, 183-құжат);
2. "Қазақстан Республикасы Көлiк, коммуникациялар және туризм комитетiнің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Yкiметінің 1999 жылғы 24 маусымдағы N 843 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 жыл, N 28, 273-құжат);
3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнің кейбір шешімдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінің 1999 жылғы 2 тамыздағы N 1093 қаулысымен бекiтiлген, Үкiметтің кейбiр шешiмдерiне енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулардың 25-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 жыл, N 40, 343 құжат);
4. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, бiлiм және спорт министрлiгiнің мекемелерiн қайта ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 27 тамыздағы N 1264 қаулысымен бекiтілген, Үкiметтің кейбiр шешiмдерiне енгiзілген өзгерiстер мен толықтырулардың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1999 жыл. N 43, 391-құжат).