2) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн сақтай отырып, бiрақ оны пайдалану құқығын басқа адамдарға лицензия (ерекше лицензия) беру құқығынсыз;
3) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және басқа адамдарға лицензия (толық лицензия) беру құқығынсыз пайдалану құқығын берудi көздеуi мүмкiн.
Егер лицензиялық шартта лицензия түрi көзделмесе, ол ерекше емес, қарапайым болып табылады.
3. Лицензиаттың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану ерекше емес лицензияны (қосалқы лицензиялық шарт) басқа адамға (қосалқы лицензиатқа) беру туралы шарт лицензиялық шартта қарастырылған жағдайларда ғана жасалуы мүмкiн.
Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиаттың әрекеттерi үшiн лицензиар алдында лицензиат жауапты болады.
4. Өнеркәсiптiк үлгiнi, өнертабысты, пайдалы модельдi пайдалануға арналған лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады және ол Қазпатентте тiркелуге тиiс. Жазбаша нысанды немесе тiркеу туралы талапты сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
5. Патент иеленушi Қазпатентке кез келген адамға өнеркәсiптiк меншік объектiлерiн пайдалануға лицензия (ашық лицензия) алу құқығын беру туралы арыз бере алады.
Көрсетiлген лицензияны сатып алуға тiлек бiлдiрушi адам патент иеленушiмен төлемдер туралы шарт жасасып, оны мiндеттi түрде Қазпатентте тiркетуге тиiс. Шарт талаптары бойынша даулар сотта қаралады.
Ашық лицензия құқығын беру туралы патент иеленушiнiң өтiнiшi ашық лицензиялар туралы бюллетеньде мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл бойына күшiн сақтайды. Көрсетілген мерзiм шегiнде қорғау құжаттарын күшiнде ұстағаны үшiн төлем ашық лицензиялар туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiнгi жылдан бастап 50 процентке азаяды.
6. Елде төтенше жағдайлар болғанда немесе басқа да өте қажеттi мән-жайларда Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патент иеленушiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға құқығы бар, бiрақ оған дереу хабарлап және тиiсiнше өтем төлейдi. Өтем мөлшерi туралы дауларды сот шешедi.
15-бап. Патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу
1. Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн осы Заңға қайшы пайдаланушы кез келген адам патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзушы (қорғау құжатын бұзушы) болып есептеледi.
Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалана отырып жасалған өнiмдi рұқсатсыз дайындау, қолдану, жеткiзу, сақтау, сатуға ұсыну, сату және азаматтық айналымға өзгеше енгiзу, сондай-ақ тiкелей қорғау әдiсiмен дайындалған өнiмдi қолдану немесе азаматтық айналымға енгiзу патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу (қорғау құжатын бұзу) болып танылады. Бұл орайда жаңа өнiм өзге де дәлелдемелер болмаған жағдайда қорғалатын әдiспен алынған деп есептеледi.
2. Патент иеленушi:
1) қорғау құжатын бұзуды тоқтатуды;
2) бұзушының келтiрген шығындардың орнын толтыруын және моральдық залалын өтеуiн;
3) қорғау құжатын бұзушы алған пайданы шығындардың орнын толтырудың орнына өндiрiп алуды;
4) қорғау құжатын бұзушының заңдарда белгiленген оннан елу мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш сомасында өтемақы төлеуiн талап етуге. Шығындардың орнын толтыру немесе пайданы алып қою орнына өтемақы мөлшерiн сот белгiлейдi;
5) азаматтық айналымға енгiзiлген немесе осы мақсатта сақталған және қорғау құжатын бұзушы деп танылған өнiмдердi, сондай-ақ қорғау құжатын бұзуға арнайы арналған қаржыларды өз пайдасына алып қоюға;
6) кiмнiң құқығы бұзылғаны туралы мәлiметтер енгiзiлген құқық бұзушылықты мiндеттi түрде жариялауға құқылы.
3. Егер бұл лицензиялық шартта көзделсе, қорғау құжатын бұзушыға талаптарды лицензиаттың да қоюы мүмкiн.
5-тарау. Қорғау құжатын алу тәртібі
16-бап. Қорғау құжатын беруге өтiнiм жасау
1. Қорғау құжатын алуға өтiнiмдi Қазпатентке осы Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес қорғау құжатын иелену құқығы бар адам (бұдан әрi өтiнiм берушi) бередi.
2. Қорғау құжатын беру туралы өтiнiм мемлекеттік тiлде немесе орыс тiлiнде берiледi. Өтінiмнiң өзге құжаттары мемлекеттiк, орыс немесе басқа тiлде берiледi. Егер өтiнiмнiң басқа құжаттары өзге тiлде берiлсе, өтiнiмге олардың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасы қоса тапсырылады. Аударманы өтiнiм берушi Қазпатентке басқа тiлдегi құжаттары бар өтiнiм түскеннен кейiн екi ай iшiнде тапсыруға мiндеттi. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайларда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екi айдан аспауға тиiс.
Белгiленген мерзiмде аударма табыс етiлмеген жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
17-бап. Өнертабысқа қорғау құжатын беруге өтінiм
1. Өнертабысқа қорғау құжатын беруге өтiнiм (бұдан әрi - өнертабысқа өтiнiм) бiр өнертабысқа немесе өзара байланыстылығы өнертапқыштық бiр ойды құрайтын өнертабыс тобына берiледi (өнертабыс бiрлiгiнiң талабы).
2. Өнертабысқа өтiнiмге:
1) өнертабыс авторлары және атына қорғау құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiм;
2) бiлiмнiң тиiстi саласындағы маманның өнертабысты жүзеге асыруы үшiн толық, жеткiлiктi ашылған сипаттамасы;
3) өнертабыстың мәнiн бiлдiретiн және сипаттамаға толық негiзделген формуласы;
4) егер өнертабыстың мәнiн түсiну үшiн қажет болса, сызбалар және өзге де материалдар;
5) реферат;
6) сенiмдi өкiлдер арқылы iс жүргiзiлген жағдайда - сенiмхат;
7) өнертабысқа патент сұралған кезде осы Заңның 22-бабының 7-тармағында көзделген өтiнiш болуға тиiс.
Өнертабысқа өтiнiмге өтiнiм беруге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерiн азайту негiздемесiн растайтын құжат қоса тiркеледi, оларды өтінімге қоса немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде тапсыруға болады. Тиiстi төлем жасалған жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екi айдан аспауға тиiс.
Төлем жөнiндегi құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
3. Өнертабысқа өтiнiм берiлген күн Қазпатентке өнертабысқа қорғау құжатын беру туралы өтiнiм түскен күнi бойынша белгiленедi, онда өтiнiм берушiнiң тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер ол бар болса) көрсетілуi немесе толық атауы, сипаттамасы, формуласы және егер сипаттамада оған сiлтеме жасалса, сызбалары болуы керек, ал егер аталған құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, онда тапсырылған құжаттардың соңғысының түскен күнi көрсетiлiп белгiленедi.
4. Өнертабысқа өтiнiмдердi жасау мен ресiмдеуге қойылатын талаптарды Қазпатент белгiлейдi.
18-бап. Пайдалы модельге қорғау құжатын беруге өтiнiм
1. Пайдалы модельге қорғау құжатын беруге өтiнiм (бұдан әрi - пайдалы модельге өтiнiм) бiр пайдалы модельге немесе байланыстылығы бiр өнертапқыштық ойды құрайтын пайдалы модельдер тобына (пайдалы модельдер бiрлiгiнiң талабы) қатысты болуға тиiс.
2. Пайдалы модельге өтiнiмде:
1) пайдалы модель авторлары және атына қорғау құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiш;
2) пайдалы модельдi оның жүзеге асырылуы үшiн жеткiлiктi, толық ашатын сипаттамасы;
3) оның мәнiн бiлдiретiн, сипаттамаға толық негiзделген пайдалы модельдiң формуласы;
4) сызбалар;
5) реферат;
6) сенiмдi өкiлдер арқылы iс жүргiзген жағдайда - сенiмхат болуға тиiс.
Пайдалы модельге өтiнiмге өтiнiм беруге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат пен оның мөлшерiн азайтуға негiздеменi растайтын құжат қоса тiркеледi, оларды өтiнiмге қоса немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде тапсыруға болады. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауға тиiс.
Белгiленген мерзiмде төлемдер туралы құжаттар тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
3. Пайдалы модельге өтінiм берiлген күн Қазпатентке пайдалы модельге қорғау құжатын беру туралы өтiнiм түскен күнi бойынша белгiленедi, онда тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер ол болса) көрсетiлуi немесе арыз берушiнiң толық атауы, сипаттамасы, формуласы және сызбасы болуы керек, ал егер аталған құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, тапсырылған құжаттардың соңғысы түскен күнi көрсетiлiп белгiленедi.
4. Пайдалы модельге өтiнiмдi жасау мен ресiмдеу талаптарын Қазпатент белгiлейдi.
19-бап. Өнеркәсiп үлгiсiне қорғау құжатын беруге өтiнiм
1. Өнеркәсiп үлгiсiне қорғау құжатын беруге өтiнiм (бұдан әрi өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiм) бiр өнеркәсiп үлгiсiне немесе өзара байланыстылығы өнеркәсiп үлгiсiнiң бiрлiгi талабын қанағаттандыратын өнеркәсiп үлгiлерi тобына қатысты болуға тиiс.
2. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмде:
1) өнеркәсiп үлгiсi авторлары және атына қорға құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiш;
2) мәлiмделген үлгi (үлгiлер) туралы толық егжей-тегжейлi түсiнiк беретiн бұйымның (бұйымдардың) немесе макеттiң кескiнi бейнеленген қайта жасауға жарамды жиынтығы;
3) егер өнеркәсiп үлгiсiнiң мәнiн ашу үшiн қажет болса, бұйымның жалпы түрiнiң сызбасы, эргономикалық тәсiмi, конфекциялық картасы;
4) өнеркәсiп үлгiсiнiң елеулi белгiлерiнiң тiзбесiн қамтитын сипаттамасы;
5) өкiлдер арқылы iс жүргiзген жағдайда - сенiмхат болуға тиiс.
Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмге өтiнiм беруге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерi кемiтiлуiне арналған негiздеменi растайтын құжат қоса тіркеледi, олар өтiнiммен бiрге немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде табыс етiлуi мүмкiн. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.
Төлем жөнiндегi құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
3. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiм берiлген күн болып Қазпатентке өнеркәсiптiк үлгiге қорғау құжатын беру туралы арызда келтiрiлген, тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер ол болса) көрсетiлуi немесе арыз берушiнiң толық атауы, сипаттамасы, бұйымның кескiнi (макетi) болуы керек, ал егер аталған құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, тапсырылған құжаттардың соңғысының түскен күнi көрсетілiп белгiленедi.
4. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмдi жасау мен ресiмдеу талаптарын Қазпатент белгiлейдi.
20-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң басымдығы
1. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң басымдығы осы Заңның 17-бабының 3-тармағына, 18-бабының 3-тармағына және 19-бабының 3-тармағына сәйкес белгiленген, өнеркәсiптiк меншiктiң тиiстi объектiсiне өтінiм берiлген күн бойынша белгiленедi.
2. Басымдық, егер өтiнiм өнертабысқа, пайдалы модельге Қазпатентке аталған күннен бастап он екi айдың iшiнде, ал өнеркәсiп үлгiсiне алты айдың iшiнде берiлсе, Париж конвенциясына қатысушы мемлекетке, сондай-ақ онда көзделген халықаралық немесе аймақтық ұйымдарда (конвенциялық басымдық) берiлген бiрiншi өтiнiм күнi бойынша белгiленуi мүмкiн. Егер өтiнiм берушiге байланысты емес мән-жаймен конвенциялық басымдық сұраған өтiнiм аталған мерзiмде берiле алмай қалса, соңғысы ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.
Конвенциялық басымдықтың құқығын пайдаланғысы келетiн өтініш берушi өтiнiм берген кезде немесе Қазпатентке өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде мұны көрсетуге және бiрiншi өтiнiмнiң көшiрмесiн қоса беруге немесе оны Қазпатентке өтiнiм түскен күннен бастап алты айдан кешiктiрмей табыс етуге тиiс. Көрсетiлген құжатты тапсырмаған жағдайда өтiнiм берушi конвенциялық басымдыққа құқығын жоғалтады. Бұл жағдайда басымдық өтiнiмнiң Қазпатентке келiп түскен күнiмен белгiленедi.
3. Егер өтiнiш берушiге қосымша материалдар шешiмнiң мәнiн өзгертедi деп танылуына байланысты оларды назарға алу мүмкiн еместiгi туралы Қазпатенттiң хабарламасы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiм өткенге дейiн өтiніш берушi дербес өтiнiм ретінде ресiмдеген болса, басымдық қосымша материалдар түскен күн бойынша белгiленуi мүмкiн.
4. Егер мұндай басымдық сұралып отырған өтiнiм неғұрлым бұрын берiлген өнертабысқа өтiнiм берiлген күннен бастап кем дегенде он екi айда және неғұрлым бұрын берiлген пайдалы модельге, өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiм - алты айда түссе, басымдық осы өтінім берушінің бұл өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн ашып көрсететiн неғұрлым бұрынғы өтiнiмi Қазпатентке берiлген күн бойынша белгiленуi мүмкiн. Бұл орайда неғұрлым бұрын берiлген өтiнiм қайтарып алынды деп есептеледi.
Басымдықты оған дейiн басымдық сұралған өтiнiмнiң берiлген күнiнен белгiлеуге болмайды.
5. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң белгiленген өтiнiм бойынша басымдығы осы өтiнiш берушiнiң оның мәнiн ашатын Қазпатентке берiлген бастапқы өтiнiмiнiң күнi бойынша, ал бастапқы өтiнiм бойынша бұрынырақтағы басымдығын белгiлеу құқығы болған жағдайда - оның басымдығы күнiнен бастап белгiленедi, егер белгiленген өтiнiм шағым жасау мүмкiндiгi таусылған бастапқы өтiнiм бойынша қорғау құқығын беруден бас тарту туралы шешім қабылданғанға дейiн берiлсе, оның басымдық күнi бойынша, ал аталған өтiнiм бойынша қорғау құжатын беру туралы шешiм қабылданған жағдайда өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн Қазақстан Республикасының тиiстi Мемлекеттік тiзiлiмiне тiркеген күнге дейiн белгiленедi.
6. Басымдық бұрын берiлген бірнеше өтінiмдердiң немесе оларға қосымша материалдардың негiзiнде, тиiсiнше осы баптың 2-5 тармақтарында аталған жағдайлар сақтала отырып белгiленуi мүмкiн.
7. Егер ұқсас өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi бiр күнде басымдыққа ие болғаны анықталса, қорғау құжаты өтiнiмнiң Қазпатентке неғұрлым ертерек жiберiлген күнiн дәлелденген өтiнiм бойынша, ал бұл күндер сәйкес келгенде - Қазпатентте неғұрлым бұрынырақ тiркеу нөмiрiне ие болған өтiнiм бойынша берiледi.
21-бап. Өтiнiм берушiнiң бастамасы бойынша өтiнiм құжаттарын түзету
1. Өтiнiм түскен күннен бастап екi айдың iшiнде өтiнiм берушiнiң өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң мәнiн өзгертпей оның материалдарына түзетулер мен нақтылаулар енгiзуге құқығы бар.
2. Өтiнiмдер бойынша мұндай түзетулер мен нақтылаулар осы баптың 1-тармағында аталған және сол мерзiм өткен соң да өнеркәсiптік меншік объектiсiне берiлген өтiнiм бойынша шешiм шығарылған күнге дейiн тиiстi төлемдерi енгiзiлген жағдайда табыс етiлуi мүмкiн.
22-бап. Өнертабысқа өтінімге жасалатын сараптама
1. Өтiнiм түскен күннен бастап екi ай өткен соң Қазпатент ол бойынша ресми сараптама өткiзедi. Өтiнiм берушiнiң жазбаша өтініші бойынша ресми сараптама аталған мерзiм бiткенге дейiн басталуы мүмкiн. Бұл жағдайда өтiнiм берушi өтiнiш берген кезден бастап осы Заңның 21-бабының тармағында көзделген құқықтан айырылады.
Өнертабысқа өтiнiмнiң ресми сараптамасын еткiзу барысында қажеттi құжаттардың бар-жоғы және оларға қойылатын талаптардың орындалуы тексерiледi, өтiнiмнiң берiлген күнi, ұсынылған өтiнiмдi өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгi айқындалады, сондай-ақ өнертабыстың бiрлiгi тексерiледi. Өтiнiм берiлген өнертабыстың осы Заңның 6-бабының 1-тармағында белгiленген патент қабiлеттiгi талаптарына сәйкестiгiне тексеру жүзеге асырылмайды. Алдын ала патент өтiнiм берушiнің тәуекелiмен және жауапкершiлiгiмен берiледi.
2. Егер өтiнiм берушi өтiнiм бойынша осы Заңның 21-бабына сәйкес қосымша материалдарды табыс еткен болса, сараптама процесiнде олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертпейтiні тексерiледi.
Егер қосымша материалдарда өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ, өнертабыс формуласына енгiзуге жататын белгiлер болса, олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертедi. Қосымша материалдар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертетiн бөлiгiнде өтiнiмдi қарау кезiнде назарға алынбайды және оны өтiнiш берушi дербес өтiнiм ретiнде ресiмдеуi мүмкiн, бұл жөнiнде өтiнiм берушiге хабарланады.
3. Ресiмдеу талаптарын бұза отырып берiлген өтiнiм жөнiнде өтiнiш берушiге оны жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде түзетiлген немесе жоқ құжаттарды табыс ету ұсынылған сауал жiберiледi.
Егер өтiнiм берушi аталған мерзiмде сұратылған құжаттарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi табыс етпесе, өтiнiм қайтарып алған болып есептеледi.
4. Өнертабыс бiрлiгi талабын бұза отырып берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушіге оған тиiстi хабарлама жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысы қаралуға тиiс екенiн хабарлау және қажет болған жағдайларда өтiнiм құжаттарына нақтылау енгiзу ұсынылады. Бастапқы өтiнiм материалдарына енген басқа өнертабыстар дербес өтiнiмдермен ресiмделуi мүмкiн. Белгiленген өтiнiмдер басымдығы осы Заңның 20-бабының 5-тармағына сәйкес белгiленедi.
Егер өтiнiм берушi өзiне бiрлiк талаптарының бұзылғаны туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысын қарау қажет екенiн хабарламаса және нақтыланған құжаттарды табыс етпесе, формулада бiрiншi көрсетiлген, сондай-ақ алғашқысымен байланыстылығы соншалықты, олар өнертабыс бiрлiгi талаптарын қанағаттандыратын басқа да өнертабыстар объектiсi қаралады.
5. Егер ресми сараптама нәтижесiнде өтiнiм өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жататындығы анықталса және құжаттары белгiленген талаптарға сай келсе, өтiнiм берушiмен келiсiлген формуламен алдын ала патент беру туралы шешiм қабылданады.
Өтiнiм берушiге алдын ала патент беру туралы шешiм жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде өтiнiм берушi Қазпатентке тиiстi төлемдерiн төлегенiн растайтын құжат тапсырады. Аталған құжат тапсырылмаған жағдайда өтiнiм қайтарып алынған болып есептелiп, өнертабысты тiркеу және алдын ала патент беру жүргiзiлмейдi.
6. Егер ресми сараптама нәтижесiнде өтiнiм қорғалмайтын өнертабыс объектiлерiне жататыны анықталса, алдын ала патент беруден бас тарту туралы шешiм шығарылады. Егер өтiнiм берушi ол ұсынған формулада өтiнiмнiң бастапқы материалдарында болмаған белгiлердiң жүргенi туралы немесе өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiден басқа өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiге жатпайтын сипаты болса немесе соған қатысты өнертабыс бiрлiгi талаптары бұзылуына байланысты қарау өткiзiлмегенi туралы хабарланғаннан кейiн өнертабыс формуласын өзгертпесе де, алдын ала патент беруден бас тарту туралы шешiм шығарылады.
Өтiнiш берушi алдын ала патент беруден бас тарту туралы шешiм жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде Қазпатентке қарсылық бере алады. Қарсылықты ол түскен кезден бастап екi ай мерзiмде шағым кеңесi қарауға тиiс.
7. Алдын ала патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн өтiнiм берушiнiң немесе үшiншi тұлғалардың өтiнiшi бойынша, бiрақ өтiнiм берiлген күннен бастап үш жылдан немесе осы Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес алдын ала патенттiң қолданылу мерзiмiн ұзартуға өтiнiм берiлген күннен бастап бес жылдан кешiктiрмей Қазпатент өтiнiмнiң мәнi бойынша сараптама жүргiзедi. Мәнi бойынша өтiнiмге сараптама техника деңгейiн анықтау үшiн өтiнiм жасалған өнертабысқа қатысты ақпараттық iзденiс жүргiзудi, өтiнiм жасалған шешiмнiң осы Заңның 6-бабында белгiленген патенттiк қабiлет жағдайына сәйкес келетiнiн тексерудi қамтиды және мәнi бойынша өтiнiм сараптамасына ақы төленгенiн растайтын құжат, сондай-ақ өтiнiм берушi өтiнiш жасаған болса, алдын ала патенттiң қолданылуын күшiнде сақтайтын ақы төленгенiн растайтын құжат табыс етiлген жағдайда жүзеге асырылады. Егер өтiнiм берушi дәлелдi себептерсiз сараптама өткiзу туралы өтiнiштi аталған мерзiмде табыс етпесе, өнертабысты құқықтық қорғау алдын ала патенттiң қолданылу мерзiмi бiткен соң тоқтатылады.
8. Мәнi бойынша өтiнiм сараптамасын жүргiзу кезеңiнде Қазпатент өтiнiм берушiден онсыз сараптама өткiзу мүмкiн болмайтын қосымша материалдарды, оның iшiнде өнертабыстың өзгертiлген формуласын сұратып алуға құқылы.
Сараптаманың сұрау салуы бойынша қосымша материалдар сұрау салу жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде және өнертабыстың мәнi өзгертiлмей табыс етiлуге тиiс.
Қосымша материалдарға өнертабыстың мәнiн өзгерткен бөлiгiнде осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiп қолданылады. Егер өтiнiм берушi сұрау салынған материалдарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi белгiленген мерзiмде табыс етпесе, өтiнiм қайтарып алынған болып есептеледi.
9. Егер мәнi бойынша өтінiм сараптамасы нәтижесiнде Қазпатент өтiнiм берiлген ұсыныс өтiнiм берушi сұраған құқықтық қорғау көлемiнде осы Заңның 6-бабында белгiленген өнертабыстың патент қабiлеттiгi талаптарына сәйкес келетінін анықтаса, өтiнiм берушiмен келiсiлген өнертабыс формуласымен патент беру туралы шешiм шығарылады.
Патент беру туралы шешiм өтiнiм берушiге жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде өтiнiм берушi Қазпатентке тиiстi төлем төленгенiн растайтын құжатты табыс етедi. Аталған құжат тапсырылмаған жағдайда өтiнiм қайтарып алған болып есептелiп, өнертабысты тiркеу мен патент беру жүргiзiлмейді.
10. Өтiнiм берiлген өнертабыс өтiнiш берушi сұраған құқықтық қорғау көлемiнде өнертабыстың патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келмейтiнi анықталған кезде патент беруден бас тарту туралы шешiм шығарылады.
Патент беруден бас тарту туралы шешiм осы баптың 6-тармағында көздеген жағдайларда да қабылданады.
Өтiнiм берушi патент беруден бас тарту туралы шешiм жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде Қазпатентке қарсылық бере алады. Қарсылықты шағым кеңесi ол түскен күннен бастап төрт ай мерзiмде қарауға тиiс.
11. Өтiнiм берушi өтiнiм қаралуының кез келген сатысында, сондай-ақ патент иеленушi және үшiнші тұлғалар алдын ала патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн техника деңгейiн салыстыру арқылы өнертабыстың патент қабiлеттiлiгiн бағалау жүзеге асырылатын анықтау үшiн ақпараттық iздестiру өткiзу туралы өтiнiш жасай алады. Осы Заңның 6-бабының 3-тармағына сәйкес өнертабыстар болып танылмайтын объектiлерге қатысты Қазпатент ақпараттық iздестіру жүргiзбеуге құқылы, бұл туралы ақпараттық iздестiру жөнiнде өтiнiм берушi адам хабарланады. Мұндай iздестiру жүргiзу тәртiбiн Қазпатент белгiлейдi.
12. Өтiнiм беруші сараптаманың қарсы қойған барлық материалдарымен таныстырылуы мүмкiн. Өтінiм берушi сұратқан материалдарды Қазпатент оған сұрау салынған күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде жiбередi.
13. Осы баптың 3, 5-10-тармақтарында көзделген және өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiмдердi дәлелдi себептерiнiң болғаны және өткiзiп алған мерзiмдi қалпына келтiру ақысының төленгенi туралы құжат тапсырылған жағдайда Қазпатент қалпына келтiруi мүмкiн.
Мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiм бiткен күннен бастап он екi айдан кешiктiрмей беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiш Қазпатентке сараптаманың сұратылған құжаттарымен немесе шағым кеңесiне жасалған қарсылықпен бiрге тапсырылады.
23-бап. Пайдалы модель өтініміне сараптама
1. Пайдалы модельге өтiнiм бойынша ресми сараптама жүргiзiледi, оның барысында қажеттi құжаттардың бар-жоғы және оларға қойылатын талаптардың орындалуы тексерiледi, өтiнiм берiлген күн белгiленедi, өтiнiм жасалған ұсынысты пайдалы модель ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгi анықталады, сондай-ақ пайдалы модельдiң бiрлiгi тексерiледi.
Өтінiм берiлген пайдалы модельдiң осы Заңның 7-бабының 1-тармағында белгiленген патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкестiгiн тексеру жүзеге асырылмайды. Патент өтiнiм берушiнiң тәуекелiмен және жауапкершiлiгiмен берiледi.
2. Пайдалы модельге өтiнiмнiң ресми сараптамасын өткiзген кезде тиiсiнше осы Заңның 22-бабының 2-4 және 13-тармақтарындағы ережелер қолданылады.
Егер ресми сараптама нәтижесiнде өтiнiмнiң пайдалы модельдер ретiнде қорғалатын объектiлерге жататыны және құжаттардың белгiленген талаптарға сәйкестiгi анықталса, патент беру туралы шешiм қабылданады.
Патент беру туралы шешiм жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiм iшiнде өтiнiм берушi Қазпатентке тиiстi төлем жасалғанын растайтын құжат тапсырады. Көрсетiлген құжат тапсырылмаған жағдайда өтiнiм қайтарып алынған болып есептелiп, пайдалы модельдi тіркеу және патент беру жүргiзiлмейдi.
3. Егер ресми сараптама нәтижесiнде өтiнiмнiң пайдалы модельдер ретiнде қорғалмайтын объектiлерге жататыны анықталса, патент беруден бас тарту туралы шешiм шығарылады. Егер өтiнiм берушi ол ұсынған формулада өтiнiмнiң бастапқы материалдарында болмаған белгiлер байқалса немесе пайдалы модель ретiнде қорғалатын объектiден басқа, пайдалы модель ретiнде қорғалатын объектiлерге жатпайтын ұсыныстармен де сипатталса, немесе пайдалы модель бiрлiгi талаптарын бұзуға байланысты қаралмағандығы туралы хабарламадан кейiн формуланы өзгертпесе де, патент беруден бас тарту туралы шешiм шығарылады.