3. Мұралық мүлiк өзiне сақтауға берiлген сақтаушыға мұралық мүлiктi талан-таражға салғаны, иелiктен алғаны немесе оны жасырғаны үшiн және мұрагерлерге келтiрген шығындары үшiн жауап беретiнi туралы ескертiледi.
66-бап. Мұралық мүлiктi сақтағаны үшiн берiлетiн сыйақы
1. Мұралық мүлiк өзiне сақтауға берiлген сақтаушы, егер өзi мұрагер болып табылмаса, мұралық мүлiктi сақтағаны үшiн мұрагерден сыйақы алуға құқылы.
2. Сақтаушыға осы мүлiктi пайдаланудан iс жүзiнде алынған пайдасы шегерiле отырып, мұралық мүлiктi сақтау мен басқаруға байланысты шығыстары да өтеледi.
67-бап. Мұралық мүлiктi қорғау жөнiндегi шараларды тоқтату
1. Мұралық мүлiктi қорғау мұрагерлер мұраны қабылдап алғанға дейiн, ал егер олар мұраны қабылдамаса - мұраны қабылдау үшiн заңдарда белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн жалғасады.
2. Мұра ашылған жердегi нотариус мұрагерлiк мүлiктi қорғау жөнiндегi шаралардың тоқтатылғаны туралы мұрагерлердi, ал егер мұралық құқық бойынша мүлiк мемлекетке көшсе уәкiлеттi мемлекеттiк органға алдын-ала хабардар етуге мiндеттi.
Ескерту. 67-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен.
68-бап. Мұралық мүлiктiң есебiнен шығыстарды төлеу
1. Нотариус мұрагерлер мұрагерлiк мұраны қабылдағанға дейiн, ал егер ол қабылданбаса, мемлекетке мұралық құқық туралы куәлiк берiлгенге дейiн мұралық мүлiктер есебiнен мынадай шығыстарды:
1) мұра қалдырушы науқастанған кезде оны бағып-күтуге, сондай-ақ оны жерлеуге және жерленген орнын жайластыруға;
2) мұралық мүлiктi қорғауға және оны басқаруға, сондай-ақ мұрагерлердi шақыру туралы хабарлама жариялауға шыққан шығыстарды төлеу туралы өкiм беруге құқылы.
2. Заң актiлерiмен мұралық мүлiктiң есебiнен төленетiн шығыстардың өзге де түрлерi белгiленуi мүмкiн.
69-бап. Мұраға құқық туралы куәлiк беру орны мен мерзiмi
1. Мұрагерлердiң жазбаша өтiнiшi бойынша мұра ашылған жердегi нотариус мұраға құқық туралы куәлiк бередi.
2. Мұраға құқық туралы куәлiк беру Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне көзделген мерзiмде жүргiзiледi.
70-бап. Мұраға құқық туралы куәлiк беру тәртiбi
1. Мұраға құқық туралы куәлiк Қазақстан Республикасы азаматтық заңдарының нормаларына сәйкес мұраны қабылдаған мұрагерлерге берiледi.
2. Мұра қабылдау мерзiмiн өткiзiп алған мұрагер мұраны қабылдаған барлық өзге мұрагерлердiң келiсiмiмен мұраға құқық туралы куәлiкке енгiзiлуi мүмкiн. Бұл келiсiм мұраға құқық туралы куәлiк берiлгенге дейiн жазбаша нысанда мәлiмделуге тиiс.
3. Мұраға құқық туралы куәлiк барлық мұрагерлерге, олардың қалауларына қарай, бiрге немесе әрқайсысына жеке-жеке берiледi.
4. Нотариус қорғаншылықта немесе қамқоршылықта жүрген, кәмелетке толмаған немесе iс-әрекетке қабiлетсiз мұрагердiң атына мұраға құқық туралы куәлiк берiлгенi жөнiнде оның мүлiктiк мүддесiн қорғау үшiн мұрагердiң тұрған жерiндегi қорғаншылық және қамқоршылық органдарына хабарлайды.
5. Мұраға құқық бойынша мүлiк мемлекетке өткен жағдайда мұраға құқық туралы куәлiк уәкiлеттi мемлекеттiк органға берiледi.
6. Мұрагерлiк құқық бойынша мемлекеттiк меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және сату жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүргiзедi.
Мұрагерлiк құқық бойынша мемлекеттiк меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және сату тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 70-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен.
71-бап. Заң бойынша мұраға құқық туралы куәлiктi беру шарттары
1. Нотариус заң бойынша мұраға құқық туралы куәлiк берген кезде тиiстi айғақтарды талап ету арқылы мұра қалдырушының қайтыс болу фактiсiн, мұраның ашылған уақыты мен жерiн, мұраға құқық туралы куәлiктiң берiлуi жөнiнде өтiнiш берушi адамдарды заң бойынша мұраны иелену үшiн негiз болып табылатын қатынастардың болуын, мұралық мүлiктiң құрамы мен тұрған орнын тексередi.
2. Егер заң бойынша бiр немесе бiрнеше мұрагердiң мұраны иеленуге тарту үшiн негiз болып табылатын айғақтарды табыс етуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, олар мұраны қабылдаған және мұндай айғақтарды табыс еткен басқа мұрагерлердiң бәрiнiң келiсiмiмен мұраға құқық туралы куәлiкке енгiзiлуi мүмкiн.
72-бап. Өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлiк беру шарттары
1. Нотариус өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлiк берген кезде тиiстi айғақтарды талап ету арқылы мұра қалдырушының қайтыс болу фактiсiн, өсиеттiң бар-жоғын, мұраның ашылған уақыты мен орнын, мұралық мүлiктiң құрамын және тұрған орнын тексередi.
2. Нотариус сонымен бiрге мұрадағы мiндеттi үлеске құқығы бар адамдар тобын анықтайды.
10-тарау. Ортақ бiрлескен мүлiктегi үлеске меншiк
құқығы туралы куәлiктер беру. Мүлiктi
иелiктен алуға тыйым салу және оны алып
тастау
73-бап. Ортақ бiрлескен меншiк үлесiне меншiк құқығы туралы куәлiк беру
1. Нотариус бiрлескен меншiк құқығындағы мүлкi бар адамдардың бiрлескен жазбаша өтiнiшi бойынша ортақ мүлiктегi үлесiн алуға тiлек бiлдiрген адамға немесе адамдарға осындай үлеске меншiк құқығы туралы куәлiк бередi.
2. Ортақ меншiктегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiк осы мүлiк орналасқан жерде берiледi.
74-бап. Көзi тiрi жұбайының өтiнiшiмен ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiк беру
1. Ерлi-зайыптылардың бiрi қайтыс болған жағдайда, нотариус мұра ашылған жерде көзi тiрi жұбайының жазбаша өтiнiшi бойынша мұраны қабылдаған мұрагерлердi хабардар ете отырып, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiк бередi.
2. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiк көзi тiрi жұбайына олардың некеде тұрған кезiнде жинаған ортақ мүлкiнiң жартысына, егер неке келiсiм-шартында өзгеше белгiленбесе, берiлуi мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi өлген жұбайының үлесiне меншiк құқығы туралы куәлiк өлген жұбайдың мұрагерлерiне олардың өтiнiшi бойынша берiлуi мүмкiн.
75-бап. Мүлiктi иелiктен алуға тыйым салу және оны алып тастау
1. Құрылысқа, күрделi жөндеуге, үй, пәтер сатып алуға немесе басқа да жылжымайтын және жылжымалы мүлiктi сатып алу үшiн қарыз беру туралы банк мекемелерiнiң немесе заңды тұлғаның хабарламасы бойынша, сондай-ақ кепiл беру туралы шартты ресiмдеу кезiнде, осы айтылған жылжымалы және жылжымайтын мүлiк тұрған жердегi нотариус бұл мүлiктi иелiктен айыруға тыйым салады.
2. Мүлiктi иелiктен алуға тыйым салынғандығы туралы нотариус жазбаша түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi тiркеу органдарына хабарлайды.
3. Алынған қарыздың қайтарылғаны немесе кепiл туралы шарттың тоқтатылғаны туралы банк мекемесiнен немесе заңды тұлғадан хабар алғаннан кейiн нотариус иелiктен айыруға тыйым салуды тоқтатады, бұл туралы жазбаша түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi тiркеу органдарына хабарлайды.
11-тарау. Құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған
үзiндiлердiң дұрыстығын, қойылған қолдардың
түпнұсқалығын және аударманың дұрыстығын
куәландыру
76-бап. Құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған үзiндiлердiң дұрыстығын куәландыру
1. Нотариус немесе нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адам заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтар берген құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған үзiндiлердiң дұрыстығын, бұл құжаттар және олардың мазмұны заңдарға қайшы келмеген әрi заңдық маңызы болған жағдайда куәландырады.
2. Үзiндi алынған құжатта бiр-бiрiмен байланысы жоқ бiрнеше жекелеген мәселенiң шешiмi болғанда ғана, одан алынған үзiндiнiң дұрыстығы куәландырылуы мүмкiн. Үзiндi құжаттың белгiлi бiр мәселе жөнiндегi бөлiгiнiң толық мәтiнiн қайтаруға тиiс.
77-бап. Азамат берген құжат көшiрмесiнiң дұрыстығын куәландыру
Нотариус азамат ұсынған құжат көшiрмесiнiң дұрыстығын, азаматтың құжатқа қойған қолының түпнұсқалығын нотариус немесе осы заңмен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адам растаған жағдайда ғана куәландырады.
78-бап. Құжаттың көшiрмесiнен алынған көшiрменiң дұрыстығын куәландыру
Нотариус құжаттың көшiрмесiнен алынған көшiрменiң дұрыстығын, осы көшiрме нотариаттық тәртiппен куәландырылған немесе түпнұсқаны құжат жасаған заңды тұлға берген жағдайда куәландырады. Соңғы жағдайда құжаттың көшiрмесi сол заңды тұлғаның бланкiсiнде жасалып, мөрмен бекiтiлуi және құжаттың түпнұсқасы заңды тұлғада екендiгi туралы белгiсi болуға тиiс.
79-бап. Құжаттағы қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландыру
1. Нотариус мазмұны жағынан заң актiлерiне қайшы келмейтiн құжаттағы қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландырады.
2. Нотариус қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландыра отырып, құжатта жазылған фактiлердi куәландырмайды, белгiлi бiр адамның қол қойғанын ғана растайды.
80-бап. Аударымның дұрыстығын куәландыру
1. Егер нотариус тиiстi тiлдердi бiлетiн болса, бiр тiлден екiншi тiлге аударылған аударымның дұрыстығын куәландырады.
2. Егер нотариус тиiстi тiлдердi бiлмейтiн болса, аударманы аудармашы жасап, қойған қолының түпнұсқалығын нотариус куәландырады.
12-тарау. Фактiлердi куәландыру
81-бап. Азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландыру
1. Нотариус азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландырады.
2. Кәмелетке толмаған азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландыру оның заңды өкiлдерiнiң (ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының, қамқоршыларының), сондай-ақ кәмелетке толмаған азаматты қорғаншылыққа алған мекемелер мен ұйымдардың өтiнiшi бойынша жүргiзiледi. Мүдделi адамдарға аталған фактiнi растап куәлiк берiледi.
82-бап. Азаматтың белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландыру
1. Нотариус азаматтың өтiнiшi бойынша оның белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландырады.
2. Кәмелетке толмаған азаматтың белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландыру, оның заңды өкiлдерiнiң (ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының, қамқоршыларының), сондай-ақ кәмелетке толмаған азаматты қорғаншылыққа алған мекемелер мен ұйымдардың өтiнiшi бойынша жүргiзiледi. Мүдделi адамдарға аталған фактiнi растап куәлiк берiледi.
83-бап. Құжаттардың көрсетiлген уақытын куәландыру
Нотариус өзiне құжаттың көрсетiлген уақытын куәландырады. Бұл туралы куәландыру жазбасы құжатқа оны көрсеткен адамның тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып жазылады.
13-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн
басқаға беру, ақшаны депозитке қабылдау
Ескерту. 13-тараудың атауы өзгердi Қазақстан Республикасының 13.11.98 ж. N 302-1 Заңымен.
84-бап. Өтiнiштердi беру
1. Нотариус жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқа жеке және заңды тұлғаларға берудi жеке қолхатпен немесе керi хабарламалы почта арқылы жүзеге асырады. Өтiнiштер телефаксты, компьютерлiк желiлердi және өзге де техникалық құралдарды пайдалана отырып та берiлуi мүмкiн.
2. Өтiнiштердi беру үшiн техникалық құралдарды пайдалануға байланысты шығыстарды нотариаттық iс-әрекеттер жасауды өтiнген адам төлейдi.
3. Өтiнiш берушi адамның сұрауы бойынша, оған өтiнiштiң берiлгенi туралы куәлiк берiледi.
85-бап. Ақшаны депозитке қабылдау
Ескерту. 85-баптың атауы өзгердi Қазақстан Республикасының 13.11.98 ж. N 302-1 Заңымен.
1. Нотариус заңдарда көзделген жағдайларда борышкерден несие берушiге беру үшiн ақша сомалары мен бағалы қағаздарды депозитке қабылдайды.
2. Нотариус ақша сомалары мен бағалы қағаздардың түскендiгi туралы несие берушiге хабарлайды және оның талап етуi бойынша оған тиесiлi ақша сомалары мен бағалы қағаздарды бередi.
3. Ақша сомалары мен бағалы қағаздарды депозитке қабылдауды нотариус мiндеттемелер орындалатын жерде жүргiзедi.
86-бап. Ақшаны депозитке салған адамға оларды қайтару
Ескерту. 86-баптың атауы өзгердi Қазақстан Республикасының 13.11.98 ж. N 302-1 Заңымен.
Ақша сомалары мен бағалы қағаздарды депозитке салған адамға оларды қайтарып беруге жарна пайдасына салынған адамның жазбаша келiсiмiмен немесе сот шешiмiмен ғана жол берiледi.
14-тарау. Вексель наразылығын жасау
Ескерту. 14-тараудың атауы өзгерді Қазақстан Республикасының 29.03.2000 ж. N 42-II Заңымен.
87-бап.
88-бап.
89-бап.
90-бап.
91-бап.
Ескерту. 87, 88, 89, 90, 91-баптар алып тасталды Қазақстан Республикасының 29.03.2000 ж. N 42-II Заңымен.
92-бап. Вексель наразылығы
Төлемеу, акцепт еместiк және акцептiң күнi қойылмағаны жөнiнде вексель наразылығын нотариус Қазақстан Республикасының аударым және жай вексель туралы заңдарына сәйкес жүргiзедi.
15-тарау. Құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға
қабылдау
93-бап. Құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға қабылдау
1. Нотариус тiзiмдеу бойынша құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға қабылдайды. Тiзiмнiң бiр данасы нотариуста қалдырылып, екiншi данасы құжаттарды сақтауға тапсырған адамға берiледi.
2. Егер құжаттар және бағалы қағаздар тиiстi түрде буылып-түйiлсе, тапсырушы адамның өтiнiшiмен нотариус тiзiмдеусiз де қабылдай алады (буып-түю нотариустың мөрiмен расталады, нотариус пен құжаттарды өткiзген адам қол қояды). Мұндай жағдайларда буып-түюдiң сақталуына нотариус жауап бередi.
3. Құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға тапсырған адамға куәлiк берiледi.
Ескерту. 15 тараудың атауы және 93 бап өзгердi Қазақстан Республикасының 13.11.98 ж. N 302-1 Заңымен.
94-бап. Сақтауға қабылданған құжаттарды және бағалы қағаздарды қайтару
Сақтауға қабылданған құжаттар және бағалы қағаздар оларды сақтауға тапсырған адамға немесе заңды түрде уәкiлеттi адамға куәлiктi және олардың тiзiмiн көрсеткенде не соттың шешiмi бойынша қайтарылып берiледi.
Ескерту. 94-бап өзгердi Қазақстан Республикасының 13.11.98 ж. N 302-1 Заңымен.
16-тарау. Теңiз наразылықтарын жасау
95-бап. Теңiз наразылығы туралы мәлiмдеме
1. Нотариус кеменiң жүзу немесе тоқтау кезеңiнде орын алған оқиғалар туралы кеме капитанының мәлiмдемесiн кеме иесiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн дәлелдемелердi қамтамасыз ету мақсатында қабылдайды, бұл мәлiмдеме кеме иесiне мүлiктiк талап қоюға негiз болуы мүмкiн.
2. Теңiз наразылығы туралы мәлiмдемеде оқиғаның мән-жайы мен өзiне сенiп тапсырылған мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн капитанның қолданған шаралары көрiнiс табуға тиiс.
3. Теңiз наразылығы туралы мәлiмдемеде баяндалған мән-жайды растап, теңiз саудасын реттейтiн заңдарға сәйкес, кеме капитаны нотариусқа қарап шығу үшiн кеме журналын және кеме журналынан капитан куәландырған үзiндiнi мәлiмдемемен бiрге не портқа кiрген немесе, егер оқиға портта орын алса, ол болған кезден бастап жетi күннен кешiктiрмей ұсынуға мiндеттi.
96-бап. Теңiз наразылығы туралы мәлiмдеменiң мерзiмдерi
1. Теңiз саудасын реттейтiн заңдарға сәйкес теңiз наразылығы туралы мәлiмдеме кеме портқа кiрген кезден бастап жиырма төрт сағаттың iшiнде берiледi.
Егер теңiз наразылығын мәлiмдеудiң қажеттiгiн туғызған оқиға портта болса, наразылық оқиға болған сәттен бастап жиырма төрт сағаттың iшiнде мәлiмделуге тиiс.
2. Белгiленген мерзiм iшiнде наразылықты мәлiмдеу мүмкiн болмаған жағдайда, оның себептерi теңiз наразылығы туралы мәлiмдемеде көрсетiлуге тиiс.
97-бап. Теңiз наразылығы туралы акт жасау
Нотариус капитан мәлiмдемесiнiң, кеме журналы деректерiнiң, сондай-ақ капитанның өзiн және мүмкiндiгiнше кеменiң командалық құрамынан ең кемi екi куәнi және кеме командасынан екi куәнi сұрау негiзiнде теңiз наразылығы туралы акт жасайды, оған өзiнiң қолын қойып, мөрмен куәландырды. Теңiз наразылығы туралы актiнiң бiр данасы капитанға немесе уәкiлеттi адамға берiледi.
17-тарау. Дәлелдемелердi қамтамасыз ету
98-бап. Сотта немесе басқа құзыреттi органда iс туындаған жағдайда дәлелдемелердi қамтамасыз ету
1. Нотариус сотта немесе басқа құзыреттi органда iс туындаған жағдайда, егер кейiннен дәлелдемелердi табыс ету мүмкiн емес немесе қиын болады деп топшылауға негiз болса, мүдделi тұлғалардың өтiнiшi бойынша қажеттi дәлелдемелердi қамтамасыз етедi.
2. Нотариус мүдделi тұлғалар өзiне өтiнiш жасаған кезде соттың немесе басқа құзыреттi органның қарауында жатқан iс бойынша дәлелдемелердi қамтамасыз етпейдi.
99-бап. Нотариустың дәлелдемелердi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-әрекеттерi
1. Дәлелдемелердi қамтамасыз ету тәртiбi бойынша нотариус азаматтарға сауалдар қояды, құжаттар мен заттарды қарайды, қажет болған жағдайда сараптама тағайындайды.
2. Дәлелдемелердi қамтамасыз ету жөнiнде iс жүргiзу әрекеттерiн жасаған кезде нотариус Қазақстан Республикасы азаматтық iс жүргiзу заңдарының нормаларын басшылыққа алады.
3. Нотариус тараптар мен мүдделi адамдарға дәлелдемелердi қамтамасыз ету уақыты мен орны туралы хабарлайды, бiрақ олардың келмей қалуы дәлелдемелердi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-әрекеттi жасауға кедергi болып табылмайды.
4. Тараптар мен мүдделi адамдардың бiреуiн хабардар етпей дәлелдемелердi қамтамасыз ету тек кейiнге қалдыруға немесе iске кейiннен кiмнiң қатысатынын анықтауға болмайтын жағдайларда ғана жүргiзiледi.
5. Куә немесе сарапшы шақыру бойынша келмеген жағдайда, нотариус Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген шараларды қолдану үшiн куәнiң немесе сарапшының тұрғылықты жерi бойынша сотқа бұл туралы хабарлайды.
6. Нотариус азамат пен маманды көрiнеу жалған айғақ немесе қорытынды бергенi және айғақ немесе қорытынды беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн жауап беретiнi туралы ескертедi.
18-тарау. Нотариустың басқа мемлекеттердiң құқық нормаларын
қолдануы. Халықаралық шарттар
100-бап. Нотариустың басқа мемлекеттердiң құқық нормаларын қолдануы
1. Нотариус Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа мемлекеттердiң құқық нормалары негiзiнде нотариаттық iс-әрекет жасайды.
2. Нотариус Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес жасалған құжаттарды қабылдайды, сондай-ақ егер бұл Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделсе, басқа мемлекеттердiң заңдарында белгiленген нысанда куәландыру жазбаларын жазады.
101-бап. Мұралық мүлiктi қорғау және мұраға құқық туралы куәлiк беру
Шетелдiк азамат өлген соң Қазақстан Республикасының аумағында қалған мүлiктi немесе Қазақстан Республикасының азаматты өлген соң шетелдiк азаматқа тиесiлi мүлiктi қорғауға, сондай-ақ осындай мүлiкке қатысты мұраға құқық туралы куәлiк беруге байланысты iс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
102-бап. Нотариустың шетелде жасалған құжаттарды қабылдауы
1. Нотариус басқа мемлекеттердiң құзыреттi органдары лауазымды адамдарының қатысуымен шетелде жасалған немесе солардан шығатын құжаттарды оларды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнiң органы заңдастырған жағдайда қабылдайды.
2. Заңдастырылмаған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда ғана қабылданады.
103-бап. Басқа мемлекеттер органдарында iс жүргiзуге қажеттi дәлелдемелердi қамтамасыз ету
Нотариус басқа мемлекеттер органдарында iс жүргiзуге қажеттi дәлелдемелердi қамтамасыз етедi.
104-бап. Халықаралық шарт
1. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген нотариаттық iс-әрекеттерден өзгеше ережелер белгiленсе, нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарт Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген нотариаттық iс-әрекеттер жасауды нотариаттың құзыретiне жатқызса, нотариус нотариаттық iс-әрекеттi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген тәртiппен жүргiзедi.
105-бап. Осы Заңның орындалуын қамтамасыз ету
1. Осы Заңның күшiне енгiзiлуiне байланысты мемлекеттiк нотариустар Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген шарттар мен тәртiп бойынша аттестациялануға тиiс.
2. Аттестациялауға жiберiлмеген, сондай-ақ аттестациялық комиссиялар аттестацияламаған мемлекеттiк нотариустар қолданылып жүрген еңбек заңдарына сәйкес қызметiнен босатылады.
3. Нотариаттың ұйымдастырылуы мен қызметiн реттейтiн, қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiлер 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн осы Заңмен сәйкес келтiрiлуге тиiс және осы мерзiм iшiнде оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
4. Жеке нотариат практикасының дамуына қарай және Қазақстан Республикасының аудандары мен қалаларында осы Заңда белгiленген барлық нотариаттық iс-әрекеттердiң жасалуын қамтамасыз ететiн жекеше нотариустардың саны жеткiлiктi болған жағдайда аумақтық әдiлет органдары мемлекеттiк нотариат жүйесiн оңтайландыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Президентi