4-тарау. Нотариаттық қызметке ақы төлеу
30-бап. Нотариаттық iс-әрекеттерге ақы төлеу
1. Мемлекеттiк нотариат кеңсесiнде жұмыс iстейтiн нотариус пен жергiлiктi атқарушы органның лауазымды адамы нотариаттық iс-әрекеттер жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген ставкалар бойынша мемлекеттiк баж алады.
2. Жекеше нотариус жасайтын нотариаттық iс-әрекеттерге ақы тараптардың келiсiмiмен белгiленген баға бойынша төленедi.
3. Мемлекеттiк нотариус заңдарда белгiленген тарифтер бойынша техникалық сипаттағы ақылы қызмет көрсетедi. Жекеше нотариустың техникалық сипаттағы ақылы қызметiне төленетiн ақы мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша белгiленедi.
4. Қазақстан Республикасы консулдық мекемесiнiң лауазымды адамы нотариаттық iс-әрекеттер жасағаны үшiн консулдық алымдардың тарифiмен белгiленетiн алым алады.
5. Жеке және заңды тұлғалар үшiн заңда көзделген нотариаттық iс-әрекеттерге ақы төлеу жөнiндегi жеңiлдiктер бұл адамдарға жеке практикамен айналысатын нотариус нотариаттық iс-әрекеттер жасаған кезде де қолданылады.
6. Нотариаттық iс-әрекет жасау үшiн нотариус өзiнiң жұмыс орнынан тыс жерге барған жағдайда мүдделi адамдар оған нақты көлiк шығыстарын өтейдi.
7. Мемлекеттiк органдар апостиль қойғаны үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген ставка бойынша мемлекеттiк баж алынады.
Ескерту. 30-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен.
5-тарау. Нотариустың қызметiн бақылау. Әдiлет
органдарының нотариатты реттеу
саласындағы құзыретi
31-бап. Нотариустың қызметiн бақылау
1. Жасалған нотариаттық iс-әрекеттердiң заңдылығын және мемлекеттiк нотариустың iс жүргiзу ережелерiн сақтауын бақылауды аумақтық әдiлет органы жүзеге асырады.
2. Жеке практикамен айналысатын нотариустың жасаған нотариаттық iс-әрекеттерiнiң заңдылығын және iс жүргiзу ережелерiн сақтауын бақылауды аумақтық әдiлет органы мен нотариат палатасы жүзеге асырады.
3. Нотариустың салық туралы заңдарды сақтауын бақылауды Қазақстан Республикасы салық қызметiнiң органдары жүзеге асырады.
4. Әдiлет органы мен нотариаттық палатаның лауазымды адамдары нотариус қызметiн тексеру кезiнде мәлiм болған нотариаттық iс-әрекеттер жасау құпиясын сақтауға мiндеттi. Құпияны жария еткенi және нотариусқа келтiрген зияны үшiн бұл адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
5. Нотариаттық қызметтi жүзеге асыруға кiрiскен жекеше нотариустың жұмысты ұйымдастыруын тексеру ол нотариаттық iс-әрекеттi бастағаннан кейiн алты айдан ерте емес және бiр жылдан кешiктiрмей жүргiзiледi.
32-бап. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң нотариатты реттеу саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi:
1) мемлекеттiк нотариустардың қызметiне басшылықты жүзеге асырады;
2) нотариустардың Нотариаттық iс-әрекеттердi жасау тәртiбi туралы нұсқаулық әзiрлейдi және бекiтедi;
3) Нотариаттық iс жүргiзу жөнiнде нұсқаулық әзiрлейдi және бекiтедi;
4) Жергiлiктi атқарушы органдардың нотариаттық iс-әрекеттер жасайтын лауазымды адамдарын аттестациялау туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
5) Нотариустардың сынақтан өтушiлерi туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
6) Жекеше нотариустар лицензияларының мемлекеттiк тiзiлiмi туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
7) Жекеше нотариустарды есеп алып тiркеу тәртiбi туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
8) нотариустарға және нотариаттық iс-әрекеттер жасайтын өзге де адамдарға әдiстемелiк көмек көрсетедi;
9) осы Заңмен белгiленген өзге де өкiлеттi жүзеге асырады.
33-бап. Аумақтық әдiлет органының нотариатты реттеу саласындағы құзыретi
1. Аумақтық әдiлет органы:
1) мемлекеттiк нотариат кеңселерiн ашады және таратады;
2) нотариустар жасаған нотариаттық iс-әрекеттердiң заңдылығын және олардың iс жүргiзуiнiң жай-күйiн бақылауды жүзеге асырады;
3) жергiлiктi атқарушы органдардың нотариаттық iс-әрекеттер жасайтын лауазымды адамдарына әдiстемелiк және практикалық көмек көрсетедi;
4) жекеше нотариустарды есепке алып тiркеудi жүргiзедi, ол келiп тiркелу сипатында болады;
5) мемлекеттiк нотариустардың қызметтiк iс-әрекеттерiне азаматтар мен заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарайды;
6) осы Заңмен белгiленген өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.
2. Аумақтық әдiлет органы нотариаттық палатамен бiрлесiп:
1) нотариаттық округтегi нотариустар қызметiнiң аумағын және әрбiр нотариаттық округтегi нотариустар санын белгiлейдi;
2) нотариаттық практиканы қорытады;
3) нотариаттық округте нотариустар уақытша болмаған жағдайда нотариаттық iс-әрекеттер жасауды ұйымдастырады.
II Бөлiм
Нотариаттық iс-әрекеттер және оларды
жасау ережелерi
6-тарау. Нотариус пен уәкiлеттi лауазымды адамдар
жасайтын нотариаттық iс-әрекеттер
34-бап. Нотариус жасайтын нотариаттық iс-әрекеттер
1. Нотариус мынадай нотариаттық iс-әрекеттер жасайды:
1) мәмiлелердi куәландырады;
2) шаруашылық серiктестiктерiнiң құрылтай құжаттарын куәландырады;
3) мұрагерлiк мүлiктi қорғауға шаралар қолданады;
4) мұраға құқық туралы куәлiктер бередi;
5) ерлi-зайыптылардың және ортақ бiрлескен меншiк құқығындағы мүлкi бар өзге адамдардың ортақ мүлiктегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiктер бередi;
6) мүлiктi иелiктен алуға тыйым салады және салынған тыйымды алып тастайды;
7) құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған үзiндiлердiң дұрыстығын куәландырады;
8) құжаттарға қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландырады;
9) құжаттардың бiр тiлден екiншi тiлге дұрыс аударылғанын куәландырады;
10) азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландырады;
11) азаматтың белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландырады;
12) құжаттардың берiлген уақытын куәландырады;
13) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқа жеке және заңды тұлғаларға бередi;
14) ақшаны депозитке қабылдайды;
15)
16) вексель наразылықтарын жасайды;
17) сақтауға құжаттар және бағалы қағаздар қабылдайды;
18) теңiз наразылықтарын жасайды;
19) дәлелдемелердi қамтамасыз етедi.
2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде нотариус жасайтын өзге де нотариаттық iс-әрекеттер көзделуi мүмкiн.
Ескерту. 34-бап өзгердi Қазақстан Республикасының 13.11.98 ж. N 302-1 Заңымен.
34-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 29.03.2000 ж. N 42-II Заңымен.
35-бап. Жергiлiктi атқарушы органның лауазымды адамы жасайтын нотариаттық iс-әрекеттер
1. Елдi мекенде нотариус болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның нотариаттық iс-әрекеттердi жасауға уәкiлеттi лауазымды адамы мынадай нотариаттық iс-әрекеттер жасайды:
1) өсиеттердi куәландырады;
2) сенiмхаттарды куәландырады;
3) құжаттар көшiрмелерiнiң және олардан алынған үзiндiлердiң дұрыстығын куәландырады;
4) өтiнiштерге қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландырады;
5) мұралық мүлiктi қорғауға шаралар қолданады.
2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жергiлiктi атқарушы органның лауазымды адамдары жасайтын өзге де нотариаттық iс-әрекеттер көзделуi мүмкiн.
36-бап. Консулдық қызметтi жүзеге асыратын адамдар жасайтын нотариаттық iс-әрекеттер
1. Қазақстан Республикасының атынан консулдық қызметтi жүзеге асыратын лауазымды адам мынадай нотариаттық iс-әрекеттер жасайды:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлiктi иелiктен алу туралы шарттардан басқа мәмiлелердi куәландырады;
2) мұралық мүлiктi қорғауға шаралар қолданады;
3) мұраға құқық туралы куәлiктер бередi;
4) ерлi-зайыптылар мен ортақ бiрлескен меншiк құқығындағы мүлкi бар өзге де адамдардың ортақ мүлiктегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiктер бередi;
5) құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған үзiндiлердiң дұрыстығын куәландырады;
6) құжаттарға қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландырады;
7) құжаттардың бiр тiлден екiншi тiлге аудармасының дұрыстығын куәландырады;
8) азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландырады;
9) азаматтық белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландырады;
10) құжаттар берiлген уақытты куәландырады;
11) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқа жеке және заңды тұлғаларға бередi;
12) ақшаны депозитке қабылдайды;
13)
14) сақтауға құжаттар және бағалы қағаздар қабылдайды;
15) теңiз наразылықтарын жасайды;
16) дәлелдемелердi қамтамасыз етедi.
2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде консулдық қызметтi жүзеге асыратын лауазымды адам жасайтын өзге де нотариаттық iс-әрекеттер көзделуi мүмкiн.
Ескерту. 36-бап өзгердi Қазақстан Республикасының 13.11.98 ж. N 302-1 Заңымен.
36-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 29.03.2000 ж. N 42-II Заңымен.
37-бап. Нотариаттық түрде куәландырылған құжаттарға теңестiрiлген өсиеттер мен сенiмхаттарды лауазымды адамдардың куәландыруы
Нотариаттық куәландырылған құжаттарға мыналар теңестiрiледi:
1) ауруханаларда, санаторийлерде, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнде емделiп жатқан, сондай-ақ қарттар мен мүгедектер үйлерiнде тұрып жатқан азаматтардың, осы ауруханалардың, санаторийлердiң, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнiң бас және кезекшi дәрiгерлерi, сондай-ақ қарттар мен мүгедектер үйлерiнiң директорлары, бас дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
2) госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлер мен басқа адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлер мен басқа да әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, олардың медициналық жағынан орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi мен сенiмхаттары;
3) әскери қызметшiлердiң, ал нотариустары мен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдары жоқ әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, әскери-оқу орындарының орналасқан пункттерiнде, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң және әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiнiң осы бөлiмдер, құрамалар, мекемелер мен орындардың командирлерi (бастықтары) куәландырған өсиеттерi мен сенiмхаттары;
4) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған өсиеттерi мен сенiмхаттары;
5) жүзу кезiнде Қазақстан Республикасының туы астында жүзiп жүрген теңiз мекемелерiнде немесе iшкi суларда жүзiп жүрген кемелердегi азаматтардың осы кемелердiң капитандары куәландырған өсиеттерi;
6) барлау және басқа да экспедицияларда жүрген азаматтардың осы экспедициялардың бастықтары куәландырған өсиеттерi;
7) халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерiнде тұрып жатқан кәмелетке толған жастағы iс-әрекет қабiлетi бар азаматтардың осы мекемелердiң немесе халықты әлеуметтiк қорғаудың тиiстi органының басшысы куәландырған сенiмхаттары.
38-бап. Лауазымды адамдар куәландырған өсиеттердi нотариусқа беру
1. Осы Заңның 37-бабында аталған лауазымды адамдар өсиеттi куәландырған күннен бастап он күн iшiнде, ал егер бұл дәлелдi себептермен мүмкiн болмаса, мұндай мүмкiндiк пайда болысымен куәландырған өсиеттiң бiр данасын өсиет қалдырушының тұрғылықты жерiндегi нотариусқа сақтауға дереу беруге мiндеттi.
2. Егер өсиет қалдырушының Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болмаса немесе оның тұратын жерi белгiсiз болса, өсиет Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлейтiн нотариусқа жiберiледi.
3. Нотариус сақтауға келiп түскен өсиеттi тексеруге және оның заңға сәйкес келмейтiндiгi анықталған жағдайда, тиiстi дәрежеде ресiмдеу үшiн өсиет қалдырушыға және өсиеттi куәландырған лауазымды адамға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
4. Куәландырған өсиеттердiң уақтылы берiлмеуi салдарынан мұрагерге (мұрагерлерге) келтiрiлген шығын үшiн лауазымды адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
7-тарау. Нотариаттық iс-әрекеттер жасаудың
негiзгi ережелерi
39-бап. Нотариаттық iс-әрекеттер жасау тәртiбi
Нотариаттық iс-әрекеттер жасау тәртiбi осы Заңмен, басқа да заң актiлерiмен және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн Нотариустардың нотариаттық iс-әрекеттер жасау тәртiбi туралы нұсқаулықпен белгiленедi.
40-бап. Нотариаттық iс-әрекеттер жасау мерзiмдерi
Нотариаттық iс-әрекеттер бұл үшiн барлық қажеттi құжаттар табыс етiлiп, мемлекеттiк нотариус немесе осы Заң арқылы нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлдiк берiлген адамдар нотариаттық iс-әрекеттер жасаған жағдайда мемлекеттiк баж төлеген не жекеше нотариустың нотариаттық iс-әрекеттерiне ақы төленген күнi жасалады.
41-бап. Нотариаттық iс-әрекеттер жасауды кейiнге қалдырудың және тоқтата тұрудың негiздерi мен мерзiмдерi
1. Нотариаттық iс-әрекеттер жасау мынадай негiздер бойынша:
1) жеке және заңды тұлғалардан қосымша мәлiметтердi талап ету қажет болуына;
2) құжаттардың сараптамаға жiберiлуi негiзiнде кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
2. Нотариаттық iс-әрекет жасауды кейiнге қалдыру мерзiмi нотариаттық iс-әрекет жасауды кейiнге қалдыру туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр айдан аспауы керек.
3. Басқа бiр мүдделi адам куәландырмақшы болған құқықты немесе фактінi сотта даулаушы мүдделi адамның өтiнiшi бойынша нотариаттық iс-әрекет жасау он күннен аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн. Егер осы мерзiм iшiнде соттан өтiнiштiң түскенi туралы хабар алынбаса, нотариаттық iс-әрекет жасалуға тиiс.
4. Басқа бiр мүдделi адам куәландыруды өтiнген құқықпен фактiнi даулаушы мүдделi адамның өтiнiшi түскенi туралы соттан хабар алынған жағдайда, нотариаттық iс-әрекет жасау сот iстi шешкенге дейiн тоқтатыла тұрады.
42-бап. Нотариаттық iс-әрекеттi жасауды өтiнген адамның жеке басын анықтау
1. Нотариус немесе лауазымды адам нотариаттық iс-әрекет жасаған кезде нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген азаматтың, оның өкiлiнiң немесе заңды тұлға өкiлiнiң жеке басын анықтайды.
2. Адамның жеке басын анықтау нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген азаматтың жеке куәлiгi немесе паспорты негiзiнде жүргiзiледi.
43-бап. Мәмiлелерге қатысушы жеке адамдардың iс-әрекетке қабiлеттiлiгi мен заңды тұлғалардың құқықтық қабiлеттiлiгiн анықтау
Мәмiлелердi куәландырған кезде азаматтардың iс-әрекетке қабiлеттiлiгi анықталады және нотариаттық iс-әрекет жасау кезiнде мәмiлелерге қатысушы заңды тұлғалардың құқықтық қабiлеттiлiгi тексерiледi. Мәмiле өкiлдер арқылы жасалған жағдайда олардың өкiлеттiгi тексерiледi.
44-бап. Нотариаттық құжаттарға қол қою тәртiбi
1. Нотариат куәландырған құжаттың мазмұны қатысушылардың қалауы бойынша дауыстап оқылуы мүмкiн.
2. Қатысушылар нотариус куәландырған мәмiлелерге, өтiнiштер мен басқа құжаттарға нотариустың қатысуымен қол қояды.
3. Егер азамат дене кемiстiгi, ауруы немесе әлде бiр өзге себептер салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша және оның қатысуымен, сондай-ақ нотариустың қатысуымен нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген азаматтың құжатқа өзi қол қоя алмау себептерi көрсетiле отырып, мәмiлеге, өтiнiшке немесе өзге де құжатқа басқа азамат қол қоя алады.
45-бап. Куәландырылатын мәмiлелер мен айғақталатын құжаттардың мәтiндерiне қойылатын талаптар
1. Нотариаттық куәландырылған мәмiленiң мәтiнi анық және түсiнiктi жазылуға немесе басылуға, мәмiленiң мазмұнына қатысты сандар мен мерзiмдер ең болмағанда бiр рет сөздермен, ал заңды тұлғалардың атаулары қысқартусыз, олардың тұрған жерi көрсетiле отырып жазылуға тиiс. Азаматтардың тектерi, аттары мен әкесiнiң аттары, олардың тұратын мекен-жайлары толық жазылуға тиiс.
2. Өшiрiп тасталған, қосылып жазылған, сызылған сөздерi немесе басқа да келiсiлмеген түзетулерi бар мәмiлелердiң мәтiнiн куәландыруға немесе құжаттарды, сондай-ақ қарындашпен жазылған құжаттарды куәландыруға болмайды.
3. Көлемi бiр парақтан асатын құжатта парақтар тiгiлген, бауланған және мөрмен бекiтiлген болуға тиiс.
46-бап. Нотариаттық iс-әрекет жасау құқығын шектеу
1. Нотариус пен жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдарының өз атына және атынан, өз жұбайының, оның және өз туыстарының (ата-аналары, балалары, аға-iнiлерi, апа-сiңлiлерi, немерелерi, атасы, әжесi) атына және олардың атынан нотариаттық iс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
2. Аталған реттердегi нотариаттық iс-әрекеттердi кез келген басқа нотариус жасайды.
3. Осы баппен белгiленген ережелердi бұза отырып жасалған нотариаттық iс-әрекеттер жарамсыз болып табылады.
47-бап. Куәландырушы жазбалар жасау және куәлiктер беру
1. Куәландырушы жазбалар мәмiлелердi куәландыру, құжаттардың көшiрмелерi мен олардан жасалған үзiндiлердiң дұрыстығын, құжаттардағы қойылған қолдардың түпнұсқалығын, құжаттардың бiр тiлден екiншi тiлге аударылуының дұрыстығын растау кезiнде, тиiстi құжаттарда құжаттардың көрсетiлген уақытын куәландыру кезiнде жасалады.
2. Мұраға алу құқығын, меншiк құқығын, азаматтың тiрi екендiгi және белгiлi бiр орында болуы фактiлерiн, жеке және заңды тұлғалардың өтiнiшiн басқа және жеке заңды тұлғаларға берудi куәландыру, құжаттарды сақтауға қабылдауды растау үшiн тиiстi куәлiктер берiледi.
48-бап. Нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан бас тарту
1. Егер:
1) мұндай iс-әрекет жасау заңға қайшы келсе;
2) iс-әрекеттi басқа нотариус жасауға тиiс болса;
3) нотариаттық iс-әрекет жасау жөнiнде қабiлетсiз азамат немесе қажеттi өкiлеттiгi жоқ өкіл өтiнiш жасаса;
4) заңды тұлға атынан жасалатын мәмiле оның жарғысында немесе ережесiнде көрсетiлген мақсаттарға қайшы келсе;
5) мәмiле заң талаптарына сәйкес келмесе;
6) нотариаттық iс-әрекет жасау үшiн табыс етiлген құжаттар заң талаптарына сәйкес келмесе, нотариаттық iс-әрекет жасаудан бас тартылуы мүмкiн.
2. Нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген адамға бас тартылған жағдайда, нотариус ол нотариаттық iс-әрекет жасауға өтiнiш берген күннен бастап, он күннiң iшiнде жазбаша түрде бас тарту себебi көрсетiлген дәлелдi қаулыны бередi.
3. Нотариаттық iс-әрекет жасаудан бас тартуға немесе нотариаттық iс-әрекеттiң дұрыс жасалмағаны үшiн сот тәртiбiмен шағымдануға болады.
49-бап. Нотариаттық iс-әрекеттердi тiркеу
Нотариус және осы Заңның 34-36-баптарында аталған лауазымды адамдар жасаған барлық нотариаттық iс-әрекеттер тiзiлiмге тiркеледi.
50-бап. Нотариаттық iс-әрекеттердi, нотариаттық куәлiктердi, куәландыратын жазбаларды тiркеу тiзiлiмдерiнiң нысаны
Нотариаттық iс-әрекеттердi, нотариаттық куәлiктердi, мәмiлелер мен куәландырылған құжаттардағы куәландыру жазбаларын тiркейтiн тiзiлiмдердiң нысанын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлейдi.
51-бап. Нотариаттық куәландырылған құжаттың дубликатын беру
1. Бiр данасы нотариаттық кеңсе iстерiнде немесе нотариуста сақталатын құжат жоғалған жағдайда, өз аттарынан немесе солардың тапсырмасы бойынша нотариаттық iс-әрекеттер жасалған азаматтардың, заңды тұлғалар өкiлдерiнiң жазбаша өтiнiштерi бойынша оларға жоғалған құжаттың дубликаты берiледi.
2. Құжаттың дубликатын беру осы Заңның 3-бабының талаптары сақтала отырып жүргiзiледi.
8-тарау. Мәмiлелердi куәландыру
52-бап. Нотариаттық тәртiппен куәландырылатын мәмiлелер
Нотариус заңдармен мiндеттi нотариаттық куәландыру белгiленген мәмiлелердi куәландырады. Тараптардың тiлегi бойынша нотариус басқа мәмiлелердi де куәландыра алады.
53-бап. Мәмiле жобасының мазмұны мен мағынасын тараптарға түсiндiру
Нотариус пен нотариаттық iс-әрекет жасаушы лауазымды адамдар тараптарға, олар табыс еткен мәмiле жобасының мазмұны мен мағынасын түсiндiруге және оның мазмұны тараптардың шын ниеттерiне сәйкес келетiнiн және заң талаптарына қайшы келмейтiнiн тексеруге мiндеттi.
54-бап. Тiркелуге жататын мүлiктi иелiктен алу және кепiлге салу туралы шарттарды куәландыру
1. Тiркелуге жататын мүлiктi иелiктен алу және кепiлге салу туралы шарттар иелiктен алынатын немесе кепiлге салынатын мүлiкке деген меншiк құқықтарын растайтын құжаттарды көрсеткен жағдайда куәландырылуы мүмкiн.
2. Тiркелуге жататын мүлiктi иелiктен алу мен кепiлге салу шартын куәландыру сол мүлiк тұрған жерде жасалады.
55-бап. Тұрғын үй құрылысы туралы шартты куәландыру
Жер учаскесiндегi тұрғын үй құрылысы туралы шартты жер учаскесi берiлген жердегi нотариус куәландырады.
56-бап. Өсиеттердi куәландыру
1. Нотариус пен нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы басқа да лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес iс-әрекетке қабiлеттi азаматтар жасаған және олардың өздерi нотариусқа табыс еткен өсиеттердi куәландырады. Өсиеттердi өкiлдер арқылы куәландыруға жол берiлмейдi.
2. Өсиеттердi куәландырған кезде өсиет қалдырушыдан өсиетке қалдырылатын мүлiкке оның меншiк құқығын растайтын дәлелдемелер тапсыру талап етiлмейдi.
57-бап. Өсиеттердi өзгерту және күшiн жою тәртiбi
Нотариус және нотариаттық iс-әрекеттер жасайтын басқа да лауазымды адамдар өсиеттiң күшiн жою туралы хабарлама алған, сол сияқты бұрын жасалған өсиеттiң күшiн жоятын немесе өзгертетiн жаңа өсиет алған жағдайда, өсиеттiң нотариуста сақталған данасы мен нотариаттық iс-әрекеттердi тiркеу тiзiлiмiне бұл туралы белгi соғады. Өсиеттiң күшiн жою немесе өзгерту туралы хабарламаны нотариат куәландыруға тиiс.
58-бап. Сенiмхаттарды куәландыру
1. Нотариус пен нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы лауазымды адамдар бiр немесе бiрнеше адамның атынан бiр немесе бiрнеше адамдардың атына сенiмхаттарды куәландырады.
2. Қайта сенiм бiлдiру тәртiбiмен берiлетiн сенiмхат қайта сенiм бiлдiру құқығы сөз болған негiзгi сенiмхатты табыс ету бойынша нотариаттық куәландырылуға тиiс. Қайта сенiм бiлдiру тәртiбiмен берiлген сенiмхаттың мазмұнында негiзгi сенiмхат бойынша берiлген құқықтан артық құқық болмауға тиiс. Қайта сенiм бiлдiру тәртiбiмен берiлген сенiмхаттың қолданылу мерзiмi оның берiлуiне негiз болған сенiмхаттың қолданылу мерзiмiнен аспауы керек.
59-бап. Мәмiленiң мазмұны баяндалатын құжат даналарының саны
Мәмiленiң мазмұны баяндалып, нотариаттық тәртiппен куәландыратын құжаттар даналарының санын нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген адамдар анықтайды, бiрақ олардың саны екi данадан кем болмауға тиiс, олардың бiреуi нотариаттық кеңсенiң iстерiнде нотариуста қалады.
9-тарау. Мұралық мүлiктi қорғауға шаралар қолдану,
мұрагерлiк құқығы туралы куәлiк беру
60-бап. Ашылған мұра жөнiнде мұрагерлерге хабарлау
1. Ашылған мұра туралы хабарлама алған нотариус тұратын жерi немесе жұмыс орны өзiне белгiлi мұрагерлердi бұл туралы хабардар етуге мiндеттi.
2. Егер мұрагерлердiң тұрған жерi немесе жұмыс орны белгiсiз болса, нотариус мұраның ашылғандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлама бере алады.
61-бап. Мұраны қабылдау немесе одан бас тарту туралы өтiнiштер алу
Мұра ашылған жердегi нотариус Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мұраны қабылдау немесе одан бас тарту туралы өтiнiштердi қабылдайды. Мұраны қабылдау немесе одан бас тарту туралы өтiнiш жазбаша нысанда болуға тиiс.
62-бап. Мұра қалдырушының несие берушiлерiнен талаптар қабылдау
Мұра ашылған жердегi нотариус заңдарға сәйкес мұра қалдырушының несие берушiлерiнен талаптар қабылдайды. Талаптар жазбаша нысанда берiлуге тиiс.
63-бап. Мұралық мүлiктi қорғау
Нотариус немесе жергiлiктi атқарушы органның нотариаттық iс-әрекеттер жасайтын лауазымды адамы азаматтардың, заңды тұлғалардың хабарлауы бойынша не өз бастамасымен мұра ашылған жерде мұрагерлердiң, мұра алуына бас тартылғандардың, несие берушiлердiң немесе мемлекеттiк мүддесi үшiн бұл қажет болған кезде мұралық мүлiктi қорғауға шаралар қолданады.
64-бап. Мұралық мүлiктi қорғауға шаралар қолдану туралы тапсырма беру
1. Мұра қалдырушының мүлкi немесе оның бiр бөлiгi мұра ашылған жерде болмаған жағдайда мұра ашылған жердегi нотариус немесе жергiлiктi атқарушы органның нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы лауазымды адамы мұралық мүлiк тұрған жердегi нотариуске, Қазақстан Республикасының атынан консулдық қызмет атқарушы адамға немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органның нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы лауазымды адамына оны қорғау жөнiнде шаралар қолдану туралы тапсырма жiбередi.
2. Нотариус немесе жергiлiктi атқарушы органның нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы лауазымды адамы мұралық мүлiктi қорғау жөнiнде шаралар қолдана отырып, бұл туралы мұра ашылған жердегi нотариуске хабарлайды.
65-бап. Мұралық мүлiктi тiзiмдеу және оны сақтауға беру
1. Нотариус пен жергiлiктi атқарушы органның нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы лауазымды адамы мұралық мүлiктi қорғау үшiн бұл мүлiктiң тiзiмдемесiн жүргiзiп, оны мүлiктiң мұрагерлерiне немесе басқа адамдарға сақтауға бередi.
2. Егер мұраның құрамында басқаруды талап ететiн мүлiк болса, сондай-ақ мұрагерлер мұраны қабылдап алғанға дейiн мұра қалдырушының несие берушiлерi талап-арыз берген жағдайда, нотариус немесе жергiлiктi органның нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы лауазымды адамы мұралық мүлiктi сақтаушыны тағайындайды.