1. Көп пәтерлi тұрғын үйдi немесе қатар орналасқан үйлер тобын басқару үшiн үй-жайлар иелерiнiң кооперативтерi, ал қоса салынған тұрғын емес үй-жайлары жоқ үйлер үшiн - пәтерлер иелерiнiң кооперативтерi құрылуы мүмкiн. Пәтерлер иелерi кооперативiнiң құқықтық жағдайы үй-жайлар иелерi кооперативiнiң құқықтық жағдайымен бiрдей.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi кондоминиумның екi немесе одан да көп қатысушыларынан тұруы мүмкiн. Кәмелетке толмаған азаматтардың мүдделерiн заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен олардың ата-аналары, қорғаншылары немесе қамқоршылары бiлдiредi.
3. Құрылтай жиналысының өткiзiлгенi туралы кооператив құрудың бастамашылары әрбiр үй-жайдың иелерiне жиналыс өткiзiлетiн болып белгiленген күннен кемiнде он күн бұрын хабарлауға тиiс.
4. Егер кооперативтiң құрылтай жиналысына кондоминиумға қатысушы үй-жай иелерiнiң немесе олардың сенiм бiлдiрген адамдарының кемiнде жартысы қатысса, ол өткiзiлген болып танылады.
5. Егер жиналысқа үй-жайлар иелерiнiң немесе олардың сенiм бiлдiрген адамдарының жартысынан азы қатысса, жиналыс өткiзiлмеген болып танылады.
Жиналыстың қайта шақырылғаны туралы әрбiр меншiк иесiне шақыру белгiленген күннен кемiнде бес күн бұрын хабарланады. Қайта өткiзiлген жиналыс оған қатысушылардың санына қарамастан өткiзiлген болып танылады.
Жиналысты жүргiзу үшiн төраға мен хатшы сайланады.
6. Әрбiр үй-жай иесiнiң құрылтай жиналысында бiр даусы болады. Бiрнеше үй-жай иесiнiң мөлшерлi дауыс саны болады.
Құрылтай жиналысының шешiмi жиналысқа қатысушылардың немесе олардың сенiм бiлдiрiлген адамдарының бiлiктi үштен екi даусымен қабылданады.
7. Құрылтай жиналысы мынадай мәселелер жөнiнде шешiмдер қабылдайды:
1) үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн құру;
2) кооператив Жарғысын бекiту;
3) кооператив басқармасының төрағасын, басқарма мен тексеру комиссиясының мүшелерiн сайлау.
Құрылтай жиналысы кондоминиум объектiсiне қатысты басқа да мәселелердi қарауға құқылы.
8. Үй-жайлардың кооператив iстерiн басқаруға қатыспайтын иелерi кооперативтiң барлық мүшелерiмен қатар кондоминиум объектiсiн ұстауға қажеттi мөлшерлi ақша төлеп және (немесе) еңбекпен қатысуға, кондоминиум объектiсiн басқару органдарының ортақ мүлiктi ұстау мен пайдалануға қатысты және үйдiң берiктiгi мен пайдалану қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн барлық шешiмдерiн орындауға мiндеттi.
44-бап. Үй-жай иелерiнiң кооперативтерiн тiркеу
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi оның белгiленген тәртiпке сәйкес мемлекеттiк тiркеуден өткен кезiнен бастап құрылған болып есептеледi және заңды тұлға құқығына ие болады.
2. Үй-жайлар иелерiнiң кооперативiн тiркеу үшiн тiркеушi органға:
1) өтiнiш;
2) кондоминиум объектiсiндегi үй-жайлар иелерiнiң құрылтай жиналысының хаттамасы;
3) үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң Жарғысы;
4) кондоминиумды тiркеу туралы мемлекеттiк акт табыс етiледi.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар үй-жайлар иелерiнiң кооперативтерiн құруға жан-жақты көмек пен жәрдем көрсетуге тиiс.
4. Егер тiркеудi жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттардың бәрi тапсырылмаса немесе тапсырылған құжаттар талап етiлiп отырған нысанға сәйкес келмесе, тiркеушi орган жеткiлiксiз құжаттарды тапсыру мерзiмiн белгiлейдi. Барлық құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылған ретте өтiнiш құжаттарды бастапқы тапсырған күнi берiлген болып есептеледi. Олай болмаған жағдайда өтiнiш пен басқа құжаттар тапсырылмаған болып есептелiп, өтiнiш берушiге қайтарып берiледi.
5. Тiркеуге тапсырылған құжаттар он бес күнге дейiнгi мерзiмде қаралады. Аталған мерзiм iшiнде тiркеушi органның:
1) кооперативтi тiркеу туралы;
2) тапсырылған құжаттарды заң талаптарымен сәйкес келтiру үшiн мерзiм белгiлеу туралы;
3) кооперативтi тiркеуден бас тарту туралы шешiмi қабылданады. Тiркеушi органның бас тартуды негiздеген тиiстi шешiмi ол қабылданғаннан кейiн бес күн iшiнде тiркеу туралы өтiнiште көрсетiлген адамның мекен-жайына жiберiледi не сол адамға немесе ол уәкiлдiк берген адамға қолхатпен тапсырылады.
6. Кооперативтi құру тәртiбi мен шарттары елеулi түрде бұзылған жағдайда, кооператив Жарғысы заң талаптарына сәйкес келмеген ретте, үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн тiркеуден бас тартылуға тиiс.
7. Тiркелген кооперативке бес күн мерзiмде тiркеу туралы куәлiк берiледi.
8. Тiркеушi органның шешiмiне сот тәртiбiмен шағым берiлуi мүмкiн.
45-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң мүлкi
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi өзi сатып алған, кооператив өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн мүлiк оған меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Кооператив мүшелерi кооператив қарыздары бойынша жауап бермейдi.
46-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң Жарғысы
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң Жарғысында Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 41 және 108-баптарында көзделген мәлiметтер болуға тиiс.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативi құрылтай жиналысының шешiмi бойынша Жарғыға заңдарға қайшы келмейтiн басқа ережелер де енгiзiлуi мүмкiн.
47-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң жоғары органы
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң жоғары органы кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы болып табылады. Кооператив мүшелерi жиналысқа сенiм бiлдiрiлген адамдар арқылы қатысуға құқылы.
Кооператив мүшелерi жалпы жиналысының ерекше құзыретiне:
1) кондоминиум объектiсiн тiркеу туралы мемлекеттiк актiге, сондай-ақ Жарғыға өзгерiстер енгiзу қажеттiгiн белгiлеу, басқа ережелер мен қағидаларды өзгерту және қабылдау;
2) кооператив басқармасының төрағасын, басқарма мен тексеру комиссиясының мүшелерiн сайлау, оларға сыйақылар төлеудi шешу;
3) кооперативтiң жыл сайынғы есебiн бекiту;
4) кiрiстер мен шығыстардың жылдық бюджетi мен жылдық сметасын бекiту;
5) кооперативтiң резерв және басқа да арнаулы қорларын құру;
6) тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету орнымен кооперативтiң шарт жасасуы туралы мәселенi шешу;
7) заңды тұлғаны қоса алғанда, тұрғын үй басқарушысын шарт бойынша сырттан шақыру;
8) осы жылға арналған сметаның шығыс бөлiгiнiң жиырма бес процентiнен асатын сомаға несие алуға келiсiм беру;
9) үй-жайлар иелерiнiң кооперативiн тоқтату жатады.
Кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативi қызметiнiң кез-келген басқа да мәселелерiн өзiнiң қарауына қабылдай алады.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы жылына кемiнде бiр рет өткiзiледi. Кезектен тыс жиналыс басқарманың шешiмi бойынша не тексеру комиссиясының талап етуi бойынша не кооператив мүшелерiнiң кемiнде жиырма процентiнiң талап етуi бойынша шақырылады.
3. Алдағы жалпы жиналыс туралы кооператив мүшелерi кемiнде он күн бұрын құлақтандырылуға тиiс.
4. Кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы не олардың сенiм бiлдiрген адамдарының кемiнде елу процентi қатысқан ретте жиналыс заңды болады. Мұндай кворум болмаған ретте осы Заңның 43-бабының 5-тармағында көзделген салдарлар туады.
5. Жалпы жиналысқа қатысушы кооператив мүшелерiнiң (олардың сенiм бiлдiрген адамдарының) кемiнде жиырма процентiнiң талап етуi бойынша шешiм қабылдау жасырын дауыс беру арқылы жүргiзiледi.
6. Кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысын кооператив басқармасының төрағасы, ал ол жоқта басқарма мүшелерiнiң бiрi жүргiзедi.
7. Егер осы Заңмен немесе кооператив Жарғысымен өзгеше көзделмесе, жиналыс шешiмi жиналысқа қатысушы кооператив мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады. Кооперативтiң әрбiр мүшесiнiң бiр даусы болады.
Егер кооперативтiң бiр мүшесiнiң бiрнеше үй-жайы болса, оның тиiсiнше дауыс саны болады. Дауыстар тең бөлiнген жағдайда жиналыс төрағасының даусы шешушi дауыс болып табылады.
8. Осы баптың 1-тармағының 1),6),7),8),9) тармақшаларында көзделген мәселелер бойынша, сондай-ақ ортақ мүлiктi жақсарту немесе толықтыру мәселесi бойынша шешiм қабылдау үшiн жиналысқа қатысқан кооператив мүшелерiнiң немесе олардың сенiм бiлдiрген өкiлдерi даусының үштен екiсi талап етiледi.
9. Әрбiр қаржы жылы үшiн кооператив басқармасы жиналысқа қаржы есептерiн, сондай-ақ кондоминиум объектiсiн ұстау және оның жұмыс iстеуi жөнiнде күтiлiп отырған шығыстарды жабуға жеткiлiктi жылдық сметалардың жобаларын ұсынады. Смета кооперативтiң резерв қорын құруды және толықтырып отыруды көздеуге тиiс.
48-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң басқармасы
және басқармасының төрағасы
1. Үй-жайлар иелерi кооперативi басқармасының сан құрамы мен өкiлеттiк мерзiмi Жарғымен белгiленедi.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативi мүшелерi жалпы жиналысының құзыретiне ғана жататындарды қоспағанда, басқарма кооперативтiң бүкiл өкiлеттiгiн жүзеге асырады. Басқарманың құзыретiне, атап айтқанда:
1) кооператив мүшелерiнiң белгiленген мiндеттi төлемдер мен жарналарды уақытында төлеп отыруына бақылау жасау;
2) кооперативтiң бюджетiн, сметалары мен есептерiн жасау, оларды кооперативтiң жалпы жиналысының бекiтуiне ұсыну;
3) кооператив атынан шарттар жасасу;
4) кондоминиум объектiсiн басқару немесе кондоминиум объектiсiн, басқаруға шарттар жасасу;
5) кондоминиум объектiсiне қызмет көрсету үшiн жұмысшылар мен қызметшiлер жалдау және оларды жұмыстан шығару;
6) кооператив мүшелерiнiң тiзiмiн, iс қағаздарын, бухгалтерлiк есеп пен есеп берудi жүргiзу;
7) жалпы жиналысты шақыру және оны өткiзудi ұйымдастыру;
8) кооператив Жарғысынан туындайтын өзге де мiндеттердi орындау жатады.
3. Басқарма отырысын кооператив Жарғысында белгiленген мерзiмде төраға шақырады.
4. Басқарма отырысы оған басқарма мүшелерiнiң көпшiлiгi қатысқан жағдайда заңды болып танылады.
5. Кооператив басқармасының төрағасы азаматтық айналымда, мемлекеттiк және сот органдарында кооперативтiң сенiмхатсыз өкiлi болуға құқылы.
6. Егер үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн онға жетпейтiн мүше бiрiктiрсе, басқарма мiндеттерi кооператив төрағасына жүктелуi мүмкiн.
7. Кооператив төрағасының құқықтары мен мiндеттерi Жарғымен белгiленедi.
8. Кооператив басқармасының немесе оның төрағасының iс-әрекеттерiне кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысында шағым жасалуы мүмкiн.
49-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң тексеру комиссиясы
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң тексеру комиссиясы кооператив қызметiнiң кез келген учаскесiне қаржы жөнiнен тексеру жүргiзуге құқылы. Тексеру комиссиясы кооператив басқармасының жыл сайынғы есебi бойынша және басқарма табыс еткен кiрiстер мен шығыстар сметасы бойынша қорытынды бередi.
2. Басқарма мүшелерi мен олардың отбасы мүшелерi, не басқарма мүшесiмен бiр пәтерде тұратын меншiк иелерi бiр мезгiлде тексеру комиссиясының мүшелерi бола алмайды.
3. Егер кооператив онға жетпейтiн мүшенi бiрiктiрсе, тексеру комиссиясының орнына тексерушi сайлануы мүмкiн.
50-бап. Үй-жайлар иелерiнiң ортақ шығыстарға қатысуы
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi ортақ мүлiктi ұстау және пайдалану жөнiндегi ортақ шығыстарға өз үлесi мөлшерiнде қатысуға мiндеттi. Егер кооператив Жарғысында өзгеше көзделмесе, мiндеттi төлемдер ай сайын төленiп отырады.
Мiндеттi және жалпы үйдi қажетiнше пайдалануды қамтамасыз ететiн шығыстар қатарына жатпайтын қосымша шығыстар үй-жайлар (пәтерлер) иелерiне олардың келiсiмiнсiз жүктеле алмайды.
2. Тұрғын емес үй-жайлардың иелерi ортақ мүлiктi пайдалану жөнiнде, өздерi жүзеге асыратын өндiрiстiк, сауда және сол сияқты қызметке байланысты белгiленген сметадан тыс шығыстарды жабуға мiндеттi.
Үй-жайлар иелерiнiң өздерiне үй-жайлар иелерiнiң кооперативi берген пайдаланылуы шектеулi ортақ мүлiктi немесе жер учаскесiн жеке пайдалануына байланысты шығыстары нақ осы тәртiппен жабылады.
3. Ортақ мүлiктi жеке мақсаттар үшiн пайдалануға байланысты шығыстарды сол мүлiктi шектеулi пайдалануға құқығы бар меншiк иесi өтеуге тиiс.
4. Үй-жайлардың иелерi жалпы шығыстар шотына мiндеттi төлемдердi кешiктiрген ретте мерзiмiнен асқан әрбiр күн үшiн келесi айдың алғашқы күнiнен бастап қарыз сомасына заңдарда белгiленген мөлшерде өсiм есептеледi.
Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң мүшесi берешегiн белгiленген төлем уақытынан кейiнгi үш айдың iшiнде орынды себепсiз өтемеген ретте кооператив қарызды күштеп өндiрiп алу туралы сотқа жүгiнуге құқылы.
Өндiрiп алуға жүгiну Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
51-бап. Үй-жайлар иелерiнiң кооперативiн тоқтату
1. Үй-жайлар иелерiнiң кооперативi мынадай жағдайларда:
1) жер учаскесi мемлекеттiк қажеттер үшiн алынған (сатып алынған) ретте;
2) кондоминиум объектiсiн басқарудың басқа нысанына көшу туралы үй-жайлар иелерiнiң қабылдаған шешiмi бойынша;
3) өрт, жер сiлкiнiсi немесе өзге де зiлзалалар салдарынан үйдiң елу проценттен астамы зақымдалған (қираған) жағдайда тұрғын жайдың зақымдалған (қираған) бөлiгiн қалпына келтiрмеу жөнiнде үй-жайлар иелерiнiң қабылданған шешiмi бойынша;
4) кондоминиумды тоқтатқан ретте тоқтатылуы мүмкiн.
2. Кооперативтi тоқтатқан ретте оның борыштарды өтегеннен кейiн қалған мүлкi, егер меншiк иелерiнiң арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, кооператив мүшелерiнiң арасында олардың ортақ мүлiктегi үлестерiне мөлшерлi бөлiнедi.
3. Кооперативтiң тоқтатылуы оның құрылуы сияқты тiркеледi.
8-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-ҚҰРЫЛЫС
КООПЕРАТИВТЕРI
52-бап. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiн
құру
1. Азаматтар тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiне кiруге құқылы.
2. Тұрғын үй кооперативтерi пәтерлерi немесе өзге де тұрғын үй-жайлары кооператив мүшелерiне берiлетiн тұрғын үйдi сатып алу үшiн құрылады.
3. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтерi тұрғын үй салып, оны кейiннен кооператив мүшелерiнiң тұруына тұрғын үй-жайлар ретiнде пайдалану үшiн құрылады.
Тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейiн тұрғын үй-құрылыс кооперативi тұрғын үй кооперативiнiң мәртебесiн алады.
4. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiн басқару, егер осы тараудың және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң нормаларына қайшы келмесе, үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн басқару үшiн осы Заңмен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
53-бап. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс
кооперативтерiне мүше болу шарттары
1. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативi мүшелерiнiң саны кәмелетке толған үш азаматтан кем болмауы керек.
2. Меншiктi тұрғын үйiнiң болуы, егер аталған кооперативтiң Жарғысында өзгеше көзделмесе, тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативiне кiруге кедергi болмайды.
3. Егер кооператив Жарғысында өзгеше көзделмесе, кооператив мүшесi пайдалануға құқылы үй-жайлардың (пәтерлердiң) санына, сондай-ақ олардың мөлшерiне шек қойылмайды.
4. Пайдалануына кооперативтiк пәтер (тұрғын үй-жай) алған тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативiнiң мүшелерi сол елдi мекенде орналасқан, мемлекеттiк тұрғын үй қорының құрамына енетiн тұрғын үйден шығарылуға тиiс.
54-бап. Кооператив мүшесiне тұрғын үй-жай беру
1. Тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативi мүшелерiнiң арасында тұрғын үй-жайларды бөлу енгiзiлген немесе енгiзiлетiн пай жарналарының сомасына сәйкес кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысының шешiмiмен жүргiзiледi.
Пай жарналарының мөлшерi кооператив мүшесiне берiлетiн үй-жайдың (пәтердiң) пайдалы алаңының жалпы үй алаңына қатынасымен анықталатын үлесiне сәйкес белгiленедi.
2. Кооперативтiң жалпы құрылтай жиналысының шешiмiмен пай жарналарын төлеу (пай қорларын құру) мерзiмдерi белгiленедi. Бастапқы жарна пай жарнасының кемiнде үштен бiрiн құрауға тиiс.
55-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативтерiн
қаржылай (несиелей) қолдау
1. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерi заңдармен белгiленген тәртiппен мемлекеттен, меншiктiң мемлекеттiк емес нысанына негiзделген заңды тұлғалардан, азаматтардан ақшалай қарыздар және өзге де материалдық көмек алуына болады.
2. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiнiң де жалпы негiздерде несиелер алуына болады.
56-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнiң Жарғысы
1. Тұрғын үй және тұрғын үй құрылыс кооперативтерi кооператив мүшелерiнiң жалпы құрылтай жиналысында қабылданған Жарғы негiзiнде жұмыс iстейдi.
Жиналысқа кооператив мүшелiгiне кiретiн адамдардың немесе олар сенiм бiлдiрген адамдардың кемiнде үштен екiсi қатысуға тиiс.
Жарғы жалпы құрылтай жиналысына қатысушылардың үштен екi көпшiлiк даусымен қабылдануы мүмкiн.
2. Кооператив Жарғысында:
1) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 41 және 108-баптарында белгiленген мәлiметтер;
2) кiру жарналары мен өзге де жарналардың мөлшерi;
3) тұрғын үй-жайларды жалға берудiң немесе оны тұрғын үй емес мақсатта пайдаланудың тәртiбi;
4) тұрғын үй-жайларға уақытша тұрғындарды тұрғызу шарттары;
5) жиналған пайды бөлген ретте тұрғын үй-жайларды пайдалану тәртiбi;
6) кооператив мүшесiнiң құқықтары мен мiндеттерiн басқа адамдарға берудiң тәртiбi мен шарттары;
7) үйдегi тұрғын үй-жайларды пайдаланудың өзге де шарттары көзделуге тиiс.
57-бап. Кооперативтi және оған тиесiлi жылжымайтын
мүлiктi тiркеу
1. Тұрғын үй және тұрғын-үй-құрылыс кооперативтерi заңды тұлғаларды тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
2. Тiркелген кезiнен бастап кооператив заңды тұлға құқығын алады.
3. Меншiк құқығымен кооперативке тиесiлi жылжымайтын мүлiк, соның iшiнде тұрғын үй жылжымайтын мүлiктi тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
Бұл орайда кооперативтiң әрбiр мүшесiне пайдалануға берiлетiн әрбiр пәтер (тұрғын үй-жай) және тұрғын үйдегi адам тұрмайтын үй-жай тiркеледi.
58-бап. Кооператив мүшесiнiң отбасы мүшелерiнiң құқықтары
1. Тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативi мүшесiнiң отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес белгiленедi.
2. Егер жиналған пайға төлемдер ерлi-зайыптылар бiрлесiп өмiр сүрген кезеңде төленсе, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше белгiленбеген болса, жиналған пайдың бiр бөлiгiне кооператив мүшесi зайыбының (жұбайының) құқығы танылуы мүмкiн.
3. Қайтыс болған кооператив мүшесi мұрагерiнiң пай жинауға құқығы танылуы мүмкiн.
4. Жиналған пайдың бiр бөлiгiне құқығы болатын кооператив мүшесiнiң отбасы мүшелерi пайдаланылып отырған үй-жай жөнiнде нақ кооператив мүшесi сияқты құқықтар мен мiндеттердi пайдаланады.
Кооператив мүшесi отбасының басқа мүшелерi кооператив мүшесiнiң үй-жайында тұрақты тұру (пайдалану) құқығын пайдаланады.
59-бап. Кооперативке мүшелiктiң тоқтатылуы
Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiне мүшелiк:
1) кооперативтен ерiктi түрде шыққан;
2) табиғи зiлзала, өрт, авариялық күйге ұшырау немесе басқа да төтенше жағдайлар салдарынан үй-жай (пәтер) одан әрi пайдалануға жарамсыз болған;
3) кооператив мүшесi қайтыс болған;
4) кооперативтен шығарылған жағдайларда тоқтатылады.
60-бап. Кооперативтен шығудың салдары
1. Кооператив мүшесi оның құрамынан шыққан кезде пай жарнасының толық сомасын өзi төлегенге дейiн пәтерде тұратын жиналған пайдың бiр бөлiгiне құқығы болатын отбасы мүшесi кооперативке кiруге басым құқыққа ие болады.
2. Кооперативтен шыққан оның мүшесi жиналған пайдың бiр бөлiгiне құқығы болатын отбасы мүшесiнiң келiсiмiмен кооператив мүшесiнiң құқықтары мен мiндеттерiн беруге өзi тiлек бiлдiретiн басқа адамды көрсете алады.
Мұндай адам кооперативке кiруге басым құқық алады.
3. Өзге жағдайларда басым құқық пәтерде тұруға қалған отбасының басқа мүшелерiне ауысып, олардың бiреуi отбасының жалпы келiсiмi бойынша кооперативке кiредi. Келiсiмге қол жетпеген кезде мәселе кооперативтiң жалпы жиналысында шешiледi.
61-бап. Кооперативтен шығару
Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнiң мүшесi:
1) үй-жайды, сондай-ақ кооперативтiң басқа да мүлкiн үнемi бұзған немесе бүлдiрген;
2) егер жатақхана ережелерiн үнемi бұзуы басқалардың онымен бiр пәтерде (тұрғын үйде) тұруына немесе үйдiң адам тұрмайтын бөлмесiн пайдалануына мүмкiндiк бермеген, ал ескерту және қоғамдық ықпал ету шаралары нәтижесiз болған жағдайларда;
3) кооператив Жарғысында көзделген басқа да жағдайларда кооперативтен сот тәртiбiмен шығарылуы мүмкiн.
62-бап. Кооперативтен шығару салдары
1. Осы Заңның 61-бабының 1) және 2) тармақшалары бойынша тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнен шығарылған кезде кооперативтiң бұрынғы мүшесi кооперативтiк пәтерден басқа үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
2. Көрсетiлген негiздер бойынша кооперативтен шығаруды қоспағанда, кооперативтiң бұрынғы мүшесiнiң отбасы мүшелерi және үй-жайды пайдаланушы басқа адамдар, сондай-ақ жатақхана ережелерiн бұзуға, тұрғын үйдi (үй-жайды) не кооперативтiң басқа да мүлкiн бұзуға (бүлдiруге) кiнәлi адамдар басқа үй-жай берiлместен шығарылуы керек.
Кооперативтен шығарылған отбасының қалған мүшелерi олардың бiреуi кооператив мүшесiне айналған жағдайда үй-жайда тұру (пайдалану) құқығын сақтап қалады. Бұл орайда жиналған пайдың бiр бөлiгiне құқығы болатын отбасы мүшелерi кооперативке кiруде басым құқықты пайдаланады.
3. Егер мүлiктердi қиратуға (бүлдiруге) немесе жатақхана ережелерiн бұзуға кооператив мүшесiнiң отбасы мүшелерi ғана кiнәлi болса, тек кiнәлi адамдар ғана басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
4. Кооператив Жарғысында кооперативтен шығарудың қосымша негiздерi белгiленген жағдайда да онда шығарылудың тиiстi салдары көрсетiлуге тиiстi.
63-бап. Кооператив мүшесiнiң пәтер (үй-жай) үшiн пай
жарнасының толық сомасын төлеуi
1. Пай жарнасының толық сомасын төлеу кооператив мүшесiнiң кооперативтiк пәтерге (үй-жайға) меншiк құқығын алуына негiз болады.
2. Пәтер (үй-жай) иесi оны жылжымайтын мүлiктi тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен тiркеуге мiндеттi.
3. Кооператив мүшелерiнiң меншiк құқығына жататын кооперативтiк тұрғын үйде бiр немесе одан да көп пәтер (үй-жай) болған кезде тұтас алғанда бүкiл үйге меншiк кондоминиум белгiлерiн алады.
4. Өз пәтерiне (үй-жайына) меншiк құқығын алған тұрғын үй кооперативiнiң мүшесi кооператив мүшесiнiң барлық қалған құқықтары мен мiндеттерiн сақтап қалады.
5. Бұрынғы кооперативтiк пәтердiң (үй-жайдың) иесi кооперативтен шыққан кезде оның пәтер (үй-жай) шегiнен тысқары кооператив мүлкiн пайдалану құқығы, сондай-ақ мұндай мүлiктi ұстау және оның меншiк құқығын қозғамайтын кооперативтi басқару органдарының шешiмдерiн орындау жөнiндегi барлық мiндеттерi сақталып қалады.
64-бап. Босаған тұрғын үйдi басқа адамға беру
1. Тұрғын үй кооперативi мүшесiнiң кооператив құрамынан шығуына немесе кооперативтен шығарылуына байланысты босаған тұрғын үй осы Заңның 60 және 62-баптарына сәйкес кооперативке кiру құқығы бар адамдар болмаған орайда кооператив жалпы жиналысының шешiмi бойынша кооператив мүшелiгiне жаңадан қабылданған адамға берiледi.
Кiру кезiнде тұрғын үй жағдайларын жақсартуды қалайтын сол кооперативтiң мүшелерi басымдықты пайдаланады.
2. Кооперативтiң шығып кеткен немесе шығарылған мүшесiнiң орнына кооперативке қабылданған адам өзi кооперативке қабылдауға дейiнгi бұрынғы пайшының кооператив алдындағы мiндеттемелерiне жауап бередi.
65-бап. Пай жарнасын қайтару
1. Кооператив мүшелiгiнен шығып кеткен не шығарылған адамға үш айлық мерзiмнен кешiктiрмей кооператив алдындағы ақшалай мiндеттемелерi шегерiле отырып, өзi төлеген пай жарнасы қайтарылып берiледi.
2. Пай жарналары қайтарылған барлық жағдайларда осы тарауда көзделген қайтарылатын сома инфляцияны ескере отырып белгiленедi.
66-бап. Тұрғын үй кооперативiнiң үй-жай иелерiнiң
кооперативi болып қайта құрылуы
1. Егер тұрғын үй кооперативiнiң барлық мүшелерi кооперативтiк пәтерлерге (үй-жайларға) меншiк құқығын алса, мұндай кооператив үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi не кондоминиум объектiсiн басқару жөнiндегi меншiк иелерiнiң өзге де бiрлестiгi болып қайта құрылуы мүмкiн.
2. Жылумен, сумен, энергиямен, газбен жабдықтаудың және канализацияның бiрыңғай жүйесi болатын тұрғын үйде кондоминиум объектiсiн басқаратын екi және одан да көп кооператив құруға болмайды.