ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕ ТАСЫМАЛДАРЫНА ҚАТЫСТЫ
КЕЙБIР ЕРЕЖЕЛЕРДI-СӘЙКЕСТЕНДIРУГЕ
АРНАЛҒАН КОНВЕНЦИЯ
Халықаралық әуе тасымалдарына қатысты кейбiр ережелердi бiрдейлендiру үшiн Варшава қаласында 1929 жылғы 12 қазанда қол қойылған Конвенцияға түзетулер енгiзу туралы Хаттамамен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылған редакция
Герман Рейхспрезидентi, Австрия Республикасының Федералдық Президентi, Бельгиялықтардың Жоғары Мәртебелi Королi, Бразилия Құрама Штаттарының Президентi, Болгарлардың Жоғары Мәртебелi Королi, Қытай Ұлттық Үкiметiнiң Президентi, Жоғары Мәртебелi Дания және Исландия Королi, Жоғары Мәртебелi Испания Королi, Эстон Республикасы Мемлекетiнiң Басшысы, Финляндия Республикасының Президентi, Француз Республикасының Президентi, Жоғары Мәртебелi Ұлыбритания, Ирландия және теңiздердiң арғы жағындағы Британ аумақтары Королi, Үндістан Императоры, Эллин Республикасының Президентi, Венгр Корольдiгiнiң Жарқын Мәртебелi Регентi, Жоғары Мәртебелi Италия Королi, Жоғары Мәртебелi Жапония Императоры, Латвия Республикасының Президентi, Люксембургтық Ұлы Королевалық Мәртебелi Ұлы Герцогиня, Мексика Құрама Штаттарының Президентi, Жоғары Мәртебелi Норвегия Королi, Жоғары Мәртебелi Нидерландтар Королевасы, Поляк Республикасының Президентi, Жоғары Мәртебелi Румыния Королi, Жоғары Мәртебелi Швеция Королi, Швейцария Федералдық Кеңесi, Чехословакия Республикасының Президентi, Советтiк Социалистiк Республикалар Одағының Орталық Атқарушы Комитетi, Венесуэла Құрама Штаттарының Президентi, Жоғары Мәртебелi Югославия Королi
халықаралық әуе тасымалдарының талаптарын осы тасымалдар үшiн пайдаланылатын құжаттарға және тасушының жауапкершiлiгiне қатысты бiркелкi тәртiппен реттеудің пайдалы екенiн мойындай отырып,
өздерiнiң тиісті уәкілеттi адамдарын осы мақсат үшін тағайындады, олар оған тиiсiнше рұқсат ала келiп, мына Конвенцияны жасап, оған қол қойды:
1 ТАРАУ
АНЫҚТАУ НЫСАНАСЫ
1-бап
1. Осы Конвенция әуе кемесi арқылы, адамдарды, теңдеме жүктi немесе жүктердi ақысын төлеп жүзеге асырылатын барлық халықаралық тасымалдау кезiнде қолданылады. Ол, сондай-ақ әуе тасымалы кәсiпорны әуе кемесi арқылы жүзеге асыратын тегiн тасымалдарға да қолданылады.
2. Осы Конвенцияның мағынасында "Халықаралық тасымал" деп тараптардың айқындамасына сәйкес, егер аялдама тiптi басқа Уағдаласпаған Державаның егемендiгiне, сюзеренитетiне, мандатына немесе өкiмет билiгiне қарасты аумақта көзделсе, жөнелтiм жерi мен тағайындалым жерi тасымал барысындағы үзiлiстiң немесе қайта тиеудiң бар-жоғына қарамастан, не екi Жоғары Уағдаласушы Тараптың аумағында, не сол бiр ғана Жоғары Уағдаласушы Тараптың аумағында орналасқан кездегi барлық тасымал аталады. Осыған ұқсас аялдаусыз, сол бiр ғана Жоғары Уағдаласушы Тараптың егемендiгiне, сюзеренитетiне, мандатына немесе өкiмет билiгiне қарасты аумақтың аралығындағы тасымал осы Конвенцияның мағынасында халықаралық тасымал деп қаралмайды.
3. Тараптар бiрнеше жүйелi әуе тасушылары арқылы жүзеге асырылуға тиiс тасымалды бiр шарт не бiрқатар шарт түрiнде жасалған-жасалмағанына қарамастан бiр операция ретiнде қараса, осы Конвенцияны қолдану тұрғысынан, бiртұтас тасымал құратын тасымал деп ұғылады және өзiнiң халықаралық сипатын бiр немесе бiрқатар шарт сол бiр ғана Жоғары Уағдаласушы Тараптың егемендiгiне, сюзеренитетiне, мандатына немесе өкiмет билiгiне қарасты аумақта толық орындалуға тиiс болғанына байланысты жоғалтпайды.
2-бап
1. Конвенция 1-бапта көзделген шарттарға сай келетiн мемлекет немесе басқа да көпшiлiк-құқықтық заңды тұлғалар жасаған тасымалдарға қолданылады.
2. Осы Конвенцияның қолданысынан халықаралық пошталық конвенциялар негiзiнде жасалатын тасымалдар алып тасталады.
ІІ ТАРАУ
ТАСЫМАЛ ҚҰЖАТТАРЫ
І-бөлiм - Көлiкте жүру билетi
3-бап
1. Тасушы жолаушыларды тасу кезiнде көлікте жүру билетiн беруге міндетті, онда мынадай нұсқаулар:
а) берілу жерi мен күнi;
б) жөнелтiм және тағайындалым жерлерi;
в) тасушының аялдамаларды қажет болған жағдайда немесе онсыз да өзгертуге өз құқығын көздеуiне мүмкiндiктi сақтай отырып, осы өзгерту тасымалды халықаралық сипатынан айыру алуы үшiн көзделген аялдамалар;
г) тасушының немесе тасушылардың атауы мен мекен-жайы;
д) осы Конвенцияда белгiленген жауапкершiлiк туралы ережелер тасымалға қолданылады дейтiн нұсқау жазылуға тиiс.
2. Билеттiң болмауы, дұрыс болмауы немесе оны жоғалтып алу тасымал туралы шарттың қолданылуына да, жарамды болуына ықпалын тигiзбейдi, аталған шартқа дегенмен де осы Конвенция ережелерiнiң күшi қолданылады. Алайда, тасушы жолаушыға көлiкте жүру билетiн бермей, оны қабылдап алса, тасушының осы Конвенцияның оны жауапкершiлiктен босататын немесе мұны шектейтiн қаулыларына сiлтеме жасауға құқығы болмайды.
II-бөлiм - Теңдеме жүк түбiртегi
4-бап
1. Жолаушы өзiнiң қасына қойып қоятын өзiндiк ұсақ заттарды қоспағанда, теңдеме жүктi тасу кезiнде, тасушы теңдеме жүк түбiртегiн беруге мiндеттi.
2. Теңдеме жүк түбiртегi екi дана етiп: бiреуi жолаушылар үшiн, екiншiсi тасушы үшiн жасалуға тиiс.
3. Онда мынадай нұсқаулар:
а) берiлу жерi мен күнi;
б) жөнелтiм және тағайындалым жерлерi;
в) тасушының немесе тасушылардың атауы мен мекен-жайы;
г) көлiкте жүру билетiнiң нөмiрi;
д) түбiртектi көрсетушiге теңдеме жүк берiледi дейтiн нұсқау;
е) орындардың саны мен салмағы;
ж) 22-баптың 2-абзацына сәйкес жария етiлген құн мөлшерi;
з) осы Конвенцияда белгiленген жауапкершiлiк туралы ережелер тасымалға қолданылады дейтін нұсқау жазылуға тиіс.
4. Теңдеме жүк түбiртегiнiң болмауы, дұрыс болмауы немесе оны жоғалтып алу тасымал туралы шарттың қолданылуына да, жарамды болуына да ықпалын тигiзбейдi, аталған шартқа дегенмен де осы Конвенцияның күшi қолданылатын болады. Алайда, тасушы теңдеме жүк түбiртегiн берместен, теңдеме жүктi қабылдап алса немесе г), е) және з) литерлерiнде аталған мәлiметтер теңдеме жүк түбiртегiнде болмаса, тасушының осы Конвенцияның оны жауаптылықтан босататын немесе мұны шектейтiн қаулыларына сiлтеме жасауға құқығы жоқ.
ІII- бөлiм - Әуе-тасымал құжаты
5-бап
1. Әрбiр тауар тасушының жөнелтушi "әуе-тасымал құжаты" деп аталатын құжатты жасап беруiн және тапсыруын талап етуге құқығы бар; барлық жөнелтушiнiң осы құжатты қабылдауды тасушыдан талап етуге құқығы бар.
2. Алайда, осы құжаттың болмауы, дұрыс болмауы немесе оны жоғалтып алу тасымал туралы шарттың қолданылуына да, жарамды болуына да ықпалын тигiзбейдi, аталған шартқа дегенмен де осы Конвенция ережелерiнiң күшi 9-бапта белгiленген ескертпенi ескере отырып, қолданылатын болады.
6-бап
1. Жөнелтушi әуе-тасымал құжатын үш түпнұсқа дана етiп жасайды және ол тауармен бiрге тапсырылады.
2. Бiрiншi данада "тасушыға арналған" деген белгi болады, жөнелтушi оған қол қояды. Екiншi данада "алушыға арналған" деген белгi болады, жөнелтушi немесе тасушы оған қол қояды және ол тауармен бiрге бағытталуға тиiс. Yшiншi данаға тасушы қол қояды және ол тауарды алған бойда оны жөнелтушiге қайтарады.
3. Тасушы қолының орнына штемпель қойылуы мүмкiн; жөнелтушiнiң қолы мөрге басылған түрiнде болуы немесе оның орнына штемпель қойылуы мүмкін.
7-бап
Егер бiрнеше орын болса, тауар тасушының жөнелтушi жеке бiр әуе-тасымал құжаттарын жасауын талап етуге құқығы бар.
8-бап
Әуе-тасымал құжатында мынадай нұсқаулар:
а) құжат жасалған жер мен ол жасалған күн;
б) жөнелтiм және тағайындалым жерлерi;
в) тасушының аялдамаларды қажет болған жағдайда немесе онсыз да өзгертуге өз құқығын көздеуiне мүмкiндiктi сақтай отырып, осы өзгерту тасымалды халықаралық сипатынан айыру алуы үшiн көзделген аялдамалар;
г) жөнелтушiнiң атауы мен мекен-жайы;
д) алғашқы тасушының атауы мен мекен-жайы;
е) егер алушы аталса, оның атауы мен мекен-жайы;
ж) тауардың тұрпаты;
з) ораманың саны, тұрпаты, таңбалама немесе орындардың нөмiрi;
и) тауардың салмағы, саны, көлемi немесе мөлшерi;
к) тауардың және оның орамасының сыртқы жай-күйi;
л) тауар құны ескертiлсе, оның құны, төлем уақыты мен орны және төлем жасауға тиіс тұлға;
м) егер жөнелтiм нақты төлем арқылы жүзеге асырылса, тауар құны және тиiс жағдайларда шығыстар мөлшерi;
н) 22-баптың 2-абзацына сәйкес жария етiлген құн мөлшерi;
о) әуе-тасымал құжаты данасының саны;
п) тасушыға әуе-тасымал құжатымен бiрге жолданған құжаттар;
р) тасымал мерзiмi мен жүрiп өтетiн жолы (viа) туралы жалпы нұсқаулар ескертiлсе, аталғандар;
с) осы Конвенцияда белгiленген жауапкершiлiк туралы ережелер тасымалға қолданылады дейтiн нұсқау жазылуға тиiс.
9-бап
Тасушы тауарды әуе-тасымал құжатын жасамай қабылдап алса, 8-бапта аталған барлық мәлiметтер а) литерiнен бастап, и) литерiне дейiн қоса алғанда және с) литерi құжатта көрсетiлмесе, тасушының осы Конвенцияның оны жауаптылықтан босататын немесе мұны шектейтiн қаулыларына сілтеме жасауға құқығы жоқ.
10-бап
1. Жөнелтушi әуе-тасымал құжатына жазатын, тауарларға қатысты мәлiметтер мен хабарландырулардың дұрыстығы үшiн жауап бередi.
2. Ол тасушы мен кез келген басқа да тұлғаға берген мәлiметтер мен хабарландырудың дұрыс болмағандықтан, дәл болмағандықтан немесе толық болмағандықтан шеккен әр зиян үшiн жауапты болады.
11-бап
1. Әуе-тасымал құжаттағыға қарама-қарсы түрде дәлелдеме бiлдiрiлгенге дейiн, ол шарт жасау, тауарды және тасымал шарттарын қабылдау куәлiгi болып табылады.
2. Әуе-тасымал құжатының тауар салмағы, мөлшерi және орамасы туралы, сондай-ақ орындар саны туралы деректерiне қарама-қарсы түрде дәлелдеме бiлдiрiлгенге дейiн, олар куәлiк болып табылады; тасушы жөнелтушiнi қатыстыра отырып, тауар саны, көлемi және жай-күйi туралы деректердi тексерiп, әуе-тасымал құжатында бұл жөнiнде атап көрсеткендiктен және бұл тауардың сыртқы жай-күйi туралы деректерге қатысты болғандықтан, аталған деректер тасушыға қарсы дәлел бола алады.
12-бап
1. Тасушы тасымал шартынан туындайтын барлық мiндеттемелердi орындаған жағдайда, тауарды не жөнелтiм немесе тағайындалым аэродромынан кері қайтарып алып, не жүріп өту жолында қону кезінде оны тоқтатып қойып, не тағайындалым жерiнде немесе жүріп өту жолында оны әуе-тасымал құжатында аталған алушыдан басқа тұлғаға беру туралы нұсқау бере отырып, не жөнелтiм аэродромына оны (тауарды) қайтаруды талап ете отырып, тауарға билiк етуге құқығы бар, себебi осы құқықты жүзеге асыру тасушыға да, басқа жөнелтушiлерге де залал тигiзбейдi және оның осы шығыстардан туындайтын орнын толтыру мiндеттемесi болады.
2. Жөнелтушiнiң өкiмдерiн орындау мүмкiн болмаған жағдайларда, тасушы оны бұл жөнiнде дереу хабардар етуге мiндеттi.
3. Тасушы жөнелтушiге берiлген әуе-тасымал құжатының данасын табыс етудi талап етпей-ақ, оның өкiмiмен санасса, жөнелтушiге қойылатын керi талап құқығын осылайша сақтай отырып, әуе-тасымал құжатының тиiсiнше иесiне осы құқық тигiзуi мүмкiн залал үшiн жауапты болады.
4. Төмендегi 3-бапқа сәйкес алушының құқығы туындаған кезде, жөнелтушiнiң құқығы жойылады. Алайда, алушы тасымал құжатынан немесе тауардан бас тартса немесе оларды оған тапсыруға болмайтын болса, жөнелтушi өзiнiң билiк ету құқығын қайтадан иеленедi.
13-бап
1. Алдыңғы бапта аталған жағдайларды қоспағанда, алушының тасушыдан тауар тағайындалым жерiне келiп түскен кезден бастап, өзiне әуе-тасымал құжатын жолдауды және өзiне тауар берудi талап сомасын төлеу мен әуе-тасымал құжатында аталған тасымал шарттарын орындаудың орнына талап етуге құқығы бар.
2. Егер өзгедей ескертiлмейтiн болса, тасушы алушыны тауар келiп түскен бойда хабардар етуге мiндеттi.
3. Егер тасушы тауардың жоғалғанын мойындаса немесе тауар келiп түсуге тиiс болған күннен бастап есептегенде жетi күн мерзiм аяқталғаннан кейiн тауар келiп түспесе, алушының тасымал туралы шарттан туындайтын құқықтарды тасушыға қатысты жүзеге асыруына рұқсат етіледi.
14-бап
Жөнелтушi мен алушының әрқайсысы өз мүддесiне орай әлде басқаның мүддесiне орай iс-әрекет жасағанына қарамастан, өздерiне 12 және 13-баптарда тиiсiнше берiлген барлық құқықтарды өз атынан, бiрақ шарт жүктейтiн міндеттемелерді орындаған жағдайда ғана, жүзеге асыра алады.
15-бап
1. 12, 13 және 14-баптар жөнелтушi мен алушының қарым-қатынасына да, құқықтары не жөнелтушiден, не алушыдан туындайтын үшiншi бiр тұлғалардың қатынастарына да ешқандай да ықпал етпейдi.
2. 12, 13 және 14-баптардың шарттарынан өзгеше әр ескертпе әуе-тасымал құжатына жазылуға тиiс.
16-бап
1. Жөнелтушi мәлiметтер беруге және алушыға тауар бергенге дейiн кеден, кеден-қала немесе полиция ресми істерiн орындау үшін қажет құжаттарды әуе-тасымалы құжатына қосып қоюға мiндеттi. Тасушының немесе ол қойған тұлғалардың тарапынан кiнә болған жағдайларды қоспағанда, жөнелтушi тасушыға осы мәлiметтер мен қағаздар болмағандықтан, жеткiлiксiз болғандықтан немесе дұрыс болмағандықтан тигiзiлуi мүмкiн барлық шығын үшiн жауап бередi.
2. Тасушы осы мәлiметтер мен құжаттарды олардың дәл болуы немесе жеткiлiктi болуы жөнiнде тексеруге мiндеттi емес.
III ТАРАУ
ТАСУШЫНЫҢ ЖАУАПКЕРШIЛIГI
17-бап
Жолаушы қаза тапқан, жараланған немесе денесiн басқаша зақымдаған кезде орын алған зиянды келтiрген жазатайым уақиға әуе кемесiнiң бортында немесе қону және шығару жөнiндегi кез келген операциялар кезiнде орын алса, тасушы аталған зиян үшiн жауап бередi.
18-бап
1. Тiркелген теңдеме жүк немесе тауар жойылған, жоғалған немесе бүлiнген кезде орын алған зиянды келтiрген оқиға әуе тасымалы кезiнде орын алса, тасушы аталған зиян үшiн жауап бередi.
2. Алдыңғы абзацтың мағынасы бойынша әуе тасымалы тасушы теңдеме жүктi немесе тауарды сақтап тұратын уақыт кезеңi аэродромда, әуе кемесiнiң бортында немесе аэродромнан тыс жерге қонған кезде қандай да бiр өзге жерде орын алғанына қарамастан, аталған кезеңдi қамтиды.
3. Аэродромнан тыс жерде жүзеге асырылған, жерде, теңiзде немесе өзенде тасымалдаудың ешқайсысы әуе тасымалы кезеңiне саналмайды. Алайда, егер осындай тасымал әуе тасымалы шартын орындау үшiн жүзеге асырылса, кез келген залал өзiне қарсы дәлелдеме бiлдiрiлгенге дейiн, тиеу, тапсыру немесе қайта тиеу мақсатында, әуе тасымалы кезiнде болған оқиғадан туындайтын залал деп ұғылады.
19-бап
Тасушы әуе тасымалы кезiнде жолаушылар, теңдеме жүк немесе тауарлар кешiгуi салдарынан орын алған зиян үшiн жауапты болады.
20-бап
1. Тасушы өзiм және өзiм жеткiзiп берген адамдар зиянды болғызбау үшiн барлық қажет шаралар қабылдадық немесе олардың мұндай шаралар қабылдауына мүмкiндiк болмады деп дәлелдеп берсе, жауапты болмайды.
2. Тасушы келтiрiлген зиян пилотаж, әуе кемесiн жүргiзу немесе навигация барысындағы қате салдарынан орын алды және барлық басқа қатынастарда өзiм және өзiм жеткiзiп берген адамдар зиянды болғызбау үшiн барлық қажет шаралар қабылдады деп дәлелдеп берсе, тауарлар мен теңдеме жүк тасымалдау кезiнде жауапты болмайды.
21-бап
Тасушы зиян шеккен адамның кiнәсі зиянға себеп болды немесе оған жәрдемдестi деп дәлелдеп берген жағдайда, сот өз заңының қаулысына сәйкес, тасушының жауаптылығын жоя алады немесе шектей алады.
22-бап
1. Жолаушыларды тасу кезiнде тасушының әрбiр жолаушыға қатысты жауапкершiлiгi жүз жиырма бес мың франк сомамен шектеледi. Егер талапты алған сот заңына сәйкес, өтем жүйелi төлемдер түрiнде белгiленуi мүмкiн, осы төлемдердiң капитализацияланған сомасын аталған шектен асыруға болмайды. Алайда тасушымен ерекше келiсу арқылы, жолаушы жауапкершiлiктiң бұдан да жоғары шегiн белгiлей алады.
2. Тiркелген теңдеме жүк пен тауарларды тасымалдау кезiнде, тасушының жауапкершiлiгi, жөнелтушi тасушыға орын берген кезде және ықтимал қосымша алым төлей отырып жасаған, жеткiзiп беруге мүдделiлiк бiлдiру туралы ерекше мәлiмдеме жағдайларын қоспағанда, екi жүз елу мың франк сомамен шектеледi. Осы жағдайда, тасушы жария етiлген сомадан аспайтын сома жөнелтушiнiң жеткiзiп беруге нақты мүдделiлiгiн аспайды деп дәлелдеп берсе, аталған соманы төлеуге мiндеттi болады.
3. Жолаушы өзiнiң қасына қойып қоятын заттарға қатысты, тасушының жауапкершiлiгi жолаушыдан бес мың франк алумен шектеледi.
4. Жоғарыда аталған сомалар мыңнан тоғыз жүзiншi сынамадағы алпыс бес жарым миллиграмм алтыннан тұратын француз франкiн бiлдiредi деп есептеледi. Оларды кез келген ұлттық валютада санды дөңгелектей отырып көрсетуге болады.
23-бап
Тасушыны жауапкершiлiктен босатуға немесе осы Конвенцияда белгiленгеннен төмен жауапкершiлiк шегiн белгiлеуге саятын барлық ескертпе жарамсыз болып табылады және ешқандай салдар туғызбайды, бiрақ осы ескертпенiң жарамсыздығы шарттың жарамсыздығына әкеп соқтырмайды, шартқа осы Конвенция қаулыларының күшi қолданыла бередi.
24-бап
1. 18 және 19-баптарда көзделген жағдайларда, жауаптылық туралы талапты осы Конвенцияда көзделген шарттар мен шектермен келістiре отырып қана қандай да бiр негiзде қоюға болады.
2. 17-бапта көзделген жағдайларда, сондай-ақ алдыңғы абзацтың қаулылары iздеуге құқығы бар тұлғалар ортасын анықтау мен олардың тиiстi құқықтарына залал келтiрмей отырып қолданылады.
25-бап
1. Егер зиян тасушының қаскөйлiк ниетiнiң салдарынан талапты алған сот заңына сәйкес қаскөйлiк ниетпен тең мәндi деп қаралатын кiнәнің салдарынан орын алса, тасушының осы Конвенцияның оны жауаптылықтан босататын немесе мұны шектейтiн қаулыларына сiлтеме жасауға құқығы болмайды.
2. Егер тасушы өзi жеткiзiп берген адамдардың бiреуi өз мiндеттерiн орындау барысында iс-әрекет жасай отырып, дәл сол жағдайларда зиян келтiрсе, тасушыға жоғарыда аталған құқық берiлмейдi.
26-бап
1. Болжамға қарсы дәлелдеме бiлдiрiлгенге дейiн, алушы тауарлар тиiсiнше жай-күйiнде және тасымал құжатына сәйкес жеткiзiлдi деген болжам жасауға қарсылық бiлдiрмей, теңдеме жүк пен тауарлар алады.
2. Жүк зақымдалған жағдайда, алушы тасушыға зақымдануды байқаған бойда дереу және ең кеш дегенде алған күнiнен бастап есептегенде теңдеме жүк үшiн - үш күн мерзiм және тауарлар үшiн жетi күн мерзiм iшiнде қарсылық жолдауға тиiс. Кешiктiрiлген жағдайда, наразылық теңдеме жүк немесе тауар оның билiгiне берiлетiн күннен бастап он төрт күннен кешiктiрмей жасалуға тиiс.
3. Барлық ескертпе тасымал құжатына жазылатын ескертпе немесе осы қарсылық үшiн белгiленген мерзiмде жөнелтiлген өзге де жазбаша хабарлама арқылы жүзеге асырылуға тиiс.
4. Белгіленген мерзiмдерде қарсылық болмаған кезде, тасушы тарабының алдауды қолданған оқиғаларын қоспағанда, тасушыға қарсы ешқандай талап қабылданбайды.
27-бап
Борышқор қайтыс болса, жауаптылық туралы талап осы Конвенцияда көзделген шегiнде оның құқықтық мирасқорына қолданылады.
28-бап
1. Жауаптылық туралы талап берушiнiң қалауына қарай, Жоғары Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң аумағы шегiнде не тасушының тұрғылықты жерi бойынша, оның кәсiпорнының бас басқармасы орналасқан жер бойынша немесе оның шарт жасауға жәрдемдескен кеңсесi орналасқан жер бойынша сотта қозғалады.
2. Рәсiм талапты алған сот заңында белгiленедi.
29-бап
1. Жауаптылық туралы талап талапқа құқықты жоғалтып алармын деп үрейленгенде, тағайындалымына қарай келiп түскен кезден бастап екi жыл iшiнде немесе әуе кемесi келуге тиiс болған күннен бастап немесе тасымалды тоқтатқан кезден бастап қозғалуға тиiс.
2. Мерзiмдi есептеп шығару тәртiбi талапты алған сот заңында белгiленедi.
30-бап
1. 1-баптың үшiншi абзацының анықтамасымен реттелетiн, бiрнеше жүйелi тасушы жүзеге асыратын тасымалдар жағдайында, жолаушыларды, теңдеме жүктi немесе тауарды қабылдайтын әрбiр тасушыға осы Конвенцияда белгiленген ережелер қолданылады және ол тасымал туралы шарт бойынша уағдаласушы тарап ретiнде қаралады, себебi ол бақылай отырып, жасалатын тасымал бөлiгiне осы құжаттың қатысы бар.
2. Мұндай тасымал жағдайында, жолаушы немесе оның құқық берiлген адамдары жазатайым уақиға немесе кешiктiру орын алған тасымалды жүзеге асырған тасушыға, алғашқы тасушы бүкiл жол үшiн жауапкершiлiктi арнайы шарт бойынша қабылдап алған жағдайды қоспағанда, қолданылады.
3. Егер теңдеме жүк немесе тауарлар туралы iс жүрсе, жөнелтушi алғашқы тасушыға қарсы iс қозғай алады және алуға құқығы бар алушы соңғы аталғанға қарсы iс қозғай алады және сонымен қатар, бұлардың екеуi де жою, жоғалтып алу, зақымдау немесе кешiктiру орын алған тасымалды жасаған тасушыға талап қоя алады. Осы тасушылар жөнелтушi мен алушыға бiрлесiп жауапты болады.
IV ТАРАУ
ҚҰРАМДАСТЫРЫЛҒАН ТАСЫМАЛДАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚАУЛЫЛАР
31-бап
1. Бiр бөлiгi әуеде және екiншi бiр бөлiгi тасымалдың қандай да болсын өзгедей тәсiлiмен жүзеге асырылатын құрамдастырылған тасымалдар кезiнде, әуе тасымалы 1-баптың шарттарына сай келетiндей болса, осы Конвенцияның қаулылары сондай тасымалға ғана қолданылады.
2. Құрамдастырылған тасымал кезiнде, осы Конвенцияның қаулылары әуеде тасымалдауға қатысты қолданылады деген жағдайда, осы Конвенциядағы ешнәрсе тараптардың әуе-тасымал құжатына тасымалдың өзгедей түрлерiне қатысты шарттар енгiзуiне кедергi тигiзбейдi.
V ТАРАУ
ЖАЛПЫ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ҚАУЛЫЛАР
32-бап
Тараптар осы Конвенцияның ережелерiнен не қолданылуға тиiс заңды айқындау арқылы, не сотқа тартылушылық туралы ережелерді өзгерту арқылы шегiнуiне жол ашатын тасымал туралы шарттың барлық ескертпесi мен зиян келтiрудiң алдында жасалған барлық ерекше келiсiмдер жарамсыз деп танылады. Алайда тауарлар тасымалдау кезiнде, аралық талқылау 28-баптың 1-абзацында көзделген соттардың құзыретi қолданылатын жерлерде орын алуға тиiс болса, осы Конвенцияның шегiнде аралық талқылауға жол беріледi.
33-бап
Осы Конвенциядағы ешнәрсе тасушының тасымалдау туралы шарт жасаудан бас тартуына немесе осы Конвенцияның қаулыларына қайшы келмейтiн ережелер белгiлеуiне кедергi тигiзе алмайды.
34-бап
Осы Конвенция әуе тасымалдары кәсiпорындары жүйелi әуе жолдарын белгiлеу мақсатында бастапқы сынақтар ретiнде жүзеге асыратын халықаралық әуе тасымалдарына да, әуеде пайдалану жөнiндегi барлық қалыпты операциялардан тыс айрықша жағдайларда жүзеге асырылатын тасымалдарға да қолданылмайды.
35-бап
Осы Конвенцияда күндер жөнiнде сөз болғанда, ойда жұмыс күндерi емес, үздiксiз дәйектiлiк күндерi болады.
36-бап
Осы Конвенция бiр дана етiп француз тiлiнде жасалды, ол Польша Сыртқы Iстер Министрлiгiнiң мұрағатында сақталады, ал оның расталған көшiрмесi Поляк Үкiметiнiң өкiмiмен әрбiр Жоғары Уағдаласушы Тараптың Үкiметiне берiледi.
37-бап
1. Осы Конвенция бекiтiледi. Сенiм грамоталары Польша Сыртқы Iстер Министрлiгiнiң мұрағатында сақталады, ол әрбiр Жоғары Уағдаласушы Тараптың Үкiметiне осы сақтап қою жөнiнде хабарлайды.
2. Осы Конвенцияны бес Жоғары Уағдаласушы Тарап бекiткеннен кейiн ол бесiншi бекiтудi сақтап қойғаннан кейiнгi тоқсаныншы күнi олардың арасында күшiне енгiзiледi. Кейiннен ол өзi сақтап қойылғаннан кейiнгi тоқсаныншы күнi, оны бекiткен Жоғары Уағдаласушы Тараптар мен өзiнің бекiту грамотасын сақтап қоятын Жоғары Уағдаласушы Тараптың арасында күшiне енгiзiледi.
3. Поляк Республикасының Үкiметi Әрбiр Жоғары Уағдаласушы Тараптың Үкiметiне әрбiр бекiтудiң сақтап қойылған күнiн де, осы Конвенцияның күшiне енгiзiлген күнiн де хабарлайды.
38-бап
1. Осы Конвенция кyшiне енгiзiлгеннен кейiн барлық мемлекеттердiң оған қосылуы үшiн ашық болып қала бередi.
2. Қосылу Поляк Республикасының Yкiметiне жолданған хабарлама арқылы жүзеге асырылады, аталған елдiң Үкiметi әрбiр Жоғары Уағдаласушы Тараптың Үкiметiне осы жөнiнде хабарлайды.
3. Қосылу Поляк Республикасының Үкiметi жасайтын нотификациялаудан кейiнгi тоқсаныншы күннен бастап қолданысқа алынады.
39-бап
1. Әрбiр Жоғары Уағдаласушы Тарап Поляк Республикасының Үкiметiне жасаған хабарлама арқылы осы Конвенцияның күшiн жоя алады, аталған елдiң Үкiметi әрбiр Жоғары Уағдаласушы Тараптың Үкiметiне осы жөнiнде дереу хабарлайды.
2. Күшiн жою күшiн жою туралы хабарламадан кейiнгi алты айдан кейiн және оны жүзеге асырған тарапқа ғана қатысты қолданысқа алынады.
40-бап
1. Жоғары Уағдаласушы Тараптар қол қою, бекiтудi сақтап қою кезiнде немесе өзi қосылған кезде, осы Конвенцияны өздерiнiң қабылдауы өздерiнiң тұтас алып қарағандағы отарларына, протектораттарына, мандаттық аумақтарына немесе өздерiнiң егемендiгiне немесе өздерiнiң өкiмет билiгiне қарасты барлық өзгедей аумақтарға, немесе сюзеренитетiне қарасты барлық өзгедей аумақтарға немесе олардың қандай да бiр бөлiгiне қолданылмайды.
2. Осының салдарынан кейiннен олар өздерiнiң бастапқы хабарламасына осылайша енбеген өздерiнiң тұтас алып қарағандағы отарларының, протектораттарының, мандаттық аумақтарының немесе өздерiнiң егемендiгiне немесе өздерiнiң өкiмет билiгiне қарасты барлық өзгедей аумақтардың, немесе сюзеренитетiне қарасты барлық аумақтардың немесе олардың қандай да бiр бөлiгiнiң атынан жеке-жеке қосыла алады.
3. Олар, сондай-ақ олардың қаулыларымен санаса отырып, өздерiнiң не тұтас алып қарағандағы отарлары, протектораттары, мандаттық аумақтары немесе өздерiнiң егемендiгiне немесе өздерiнiң өкiмет билiгiне қарасты барлық өзгедей аумақтар, немесе сюзеренитетiне қарасты барлық аумақтар үшiн, не олардың қандай да бiр бөлiгi үшiн осы Конвенцияның күшiн жеке-жеке жоя алады.