6. Сыйақы туындыны тиiсiнше пайдалану әдiсiне сәйкес түсетiн табыс процентi түрiнде авторлық шартта немесе, егер мұны туындының сипатынан немесе оны пайдалану ерекшелiктерiне байланысты жүзеге асыру мүмкiн болмаса, шартта көрсетiлген сома түрiнде не басқаша түрде белгiленедi.
7. Авторлық шарт бойынша берiлген құқықтар, егер ол тек шартта тiкелей көзделген болса, басқа адамдарға түгелдей немесе iшiнара берiлуi мүмкiн.
8. Автордың болашақта жасайтын туындыларын пайдалану құқықтары авторлық шарт мәселесi бола алмайды.
9. Автордың болашақта белгiлi бiр тақырыпта немесе белгiлi бiр салада туынды жасауына шек қоятын авторлық шарт ережесi жарамсыз болып табылады.
10. Осы Заң ережелерiне қайшы келетiн авторлық шарт ережелерi жарамсыз болып табылады.
11. Авторлық шарт жазбаша түрде жасалуға тиiс. Туындыны мерзiмдi баспасөзде пайдалану туралы авторлық шарт ауызша түрде жасалуы мүмкiн.
12. ЭЕМ-ге арналған бағдарламалардың және деректер базаларының даналарын сатып, оларды жаппай пайдаланушылардың оған қолы жеткен жағдайда ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар мен деректер базаларын пайдалану туралы шарттар жасасудың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленетiн ерекше тәртiбiн қолдануға жол берiледi.
13. Авторлық шартта көрсетiлген мiндеттердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған тарап екiншi тарапқа келтiрiлген залалды, соның iшiнде алынбаған пайдасын өтеуге мiндеттi.
33-бап. Тапсырыстың авторлық шарты
1. Тапсырыстың авторлық шарты бойынша автор шарт ережелерiне сәйкес туынды жасап, оны тапсырысшыға беруге мiндеттенедi.
2. Тапсырыс берушi шартта келiсiлген сыйақы есебiнен авторға аванс төлеуге мiндеттi. Аванстың мөлшерi, төлеу тәртiбi мен мерзiмi тараптардың келiсуiмен шартта белгiленедi.
3. Тапсырыс шартының ережелерiне тапсырыс туындысын табыс етпеген автор тапсырыс берушiге келтiрген нақты зиянды өтеуге мiндеттi.
III Тарау. Сабақтас құқықтар
34-бап. Сабақтас құқықтардың объектiлерi
Сабақтас құқықтар қойылымдарға, орындаушылықтарға, фонограммаларға, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларына олардың мақсатына, мазмұны мен сапасына, сондай-ақ жеткiзiлу әдiсi мен нысанына қарамастан қолданылады.
35-бап. Сабақтас құқықтардың субъектiлерi
1. Орындаушылар, фонограмма жасаушылар, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдары сабақтас құқықтардың субъектiлерi болып табылады.
2. Фонограмма жасаушы, хабар таратушы ұйым осы тарауда көзделген құқықтарын орындаушымен және фонограммаға жазылған не эфирде немесе кабель бойынша берiлетiн туындыны орындаушымен және оның авторымен жасалған шарт бойынша алған құқықтары шегiнде жүзеге асырады.
3. Орындаушы осы тарауда көзделген құқықтарын орындалатын туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда жүзеге асырады.
4. Сабақтас құқықтардың пайда болуы және жүзеге асырылуы үшiн қандай да болсын формальдылықты сақтау талап етiлмейдi. Фонограмма жасаушы және (немесе) орындаушы өз құқықтары туралы хабарлау үшiн фонограмманың әр данасында және (немесе) оның әрбiр қорбындата көрсетiлетiн және үш элементтен тұратын сабақтас құқықтарды қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, олар:
1) қоршауға алынған латынша Р әрпi: Р;
2) айрықша сабақтас құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);
3) фонограмманың алғаш жарияланған жылы.
36-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу аясы
1. Орындаушының құқықтары осы Заңға сәйкес мына жағдайларда, егер:
1) орындаушы Қазақстан Республикасының азаматы болса;
2) орындаушылық, қойылым алғаш рет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылса;
3) орындаушылық, қойылым осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес қорғалатын фонограммаға жазылса;
4) фонограммаға жазылмаған орындаушылық, қойылым осы баптың 3-тармағының ережелерiне сәйкес қорғалатын эфирде немесе кабель бойынша берiлетiн хабарға енгiзiлген болса, танылады.
2. Фонограмманы жасаушының құқықтары осы Заңға сәйкес мына жағдайларда, егер:
1) фонограмма жасаушы Қазақстан Республикасының азаматы немесе Қазақстан Республикасының аумағында ресми тұрғылықты жерi бар заңды тұлға болса;
2) фонограмма тұңғыш рет Қазақстан Республикасының аумағында жарық көрсе, танылады. Егер фонограмма Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған күннен кейiн отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол да Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет жарияланды деп саналады.
3. Эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының құқықтары осы Заңға сәйкес, егер ұйымының Қазақстан Республикасының аумағында ресми тұрғылықты жерi бар болса және хабарларын Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан хабар таратқыштар көмегiмен жүзеге асырса, танылады.
4. Шетелдiк өзге орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдарының құқықтары Қазақстан Республикасы аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қорғалады.
37-бап. Орындаушының құқықтары
1. Осы Заңда көзделген реттердi қоспағанда, орындаушыға мынадай мүлiктiк емес жеке және мүлiктiк құқықтар:
1) есiмiнiң құқығы;
2) орындаушылықты немесе қойылымды кез-келген бұрмалаудан, бүлдiруден немесе орындаушының ар-ожданы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiре алатын өзге де қол сұғушылықтан қорғау құқығы (беделiн қорғау құқығы);
3) орындаушылықты немесе қойылымды пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алу құқығын қоса, кез-келген түрде пайдалану құқығы берiледi.
2. Орындаушылықты немесе қойылымды пайдалануға берiлетiн айрықша құқық мынадай әрекеттердi жүзеге асыруға рұқсат етуге немесе тыйым салуға:
1) бұрын жазылмаған орындаушылықты немесе қойылымды жазуға;
2) орындаушылық немесе қойылым жазбасын көшiрмелеуге;
3) орындаушылықты немесе қойылымды, егер бұл орындаушылық немесе қойылым бұрын эфирге берiлмесе немесе жазбасын пайдаланып жүзеге асырылмаса, эфирге таратуға немесе кабель бойынша жалпы жұрттың назарына ұсынуға;
4) егер жазба бастапқыда коммерциялық мақсатпен жасалмаған болса, орындаушылық немесе қойылым жазбасын эфирге немесе кабель бойынша беруге;
5) орындаушы қатысқан орындаушылық немесе қойылым жазылып, коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы жалға беруге құқық бередi. Орындаушылықты немесе қойылымды фонограммаға түсiруге шарт жасалған кезде бұл құқық фонограмманы жасаушыға ауысады. Бұл орайда мұндай фонограмманың даналарын жалға бергенi үшiн орындаушы сыйақы алу құқығын сақтап қалады (осы Заңның 38-бабы).
3. Орындаушының осы баптың 2-тармағының 2)-тармақшасында көзделген айрықша құқығы мына жағдайларда:
1) орындаушылықтың немесе қойылымның бастапқы жазбасы орындаушының келiсiмiмен жасалған;
2) орындаушылықты немесе қойылымды көшiрмелеу орындаушылықты немесе қойылымды жазу кезiнде орындаушының келiсiмi алынған мақсатпен жасалған;
3) орындаушылықты немесе қойылымды көшiрмелеу осы Заңның 41-бабының ережелерiне сәйкес жазба жүргiзiлген мақсатта жүзеге асырылған жағдайда қолданылмайды.
4. Осы баптың 2-тармағында аталған рұқсатты орындаушы бередi, ал ұжым болып орындаған кезде пайдаланушымен жазбаша шарт жасау арқылы сондай ұжымның жетекшiсi бередi.
5. Егер орындаушының эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымымен жасасқан шартында көзделсе, орындаушылықты немесе қойылымды кейiннен беруге, мұндай жазбаны беру мен көшiрмелеу үшiн эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдарының жазып жүзеге асыруға осы баптағы 2-тармақтың 1), 2) және 3)-тармақшаларында аталған рұқсат алу талап етiлмейдi. Бұлайша пайдаланғаны үшiн орындаушыға берiлетiн сыйақы мөлшерi де осы шартта белгiленедi.
6. Орындаушы мен дыбыс-бейнежазу туындысын дайындаушы арасында жасалған шарт орындаушының осы баптың 2-тармақтың 1), 2), 3), 4)-тармақшаларында аталған құқықтарды беруiне әкеп соғады. Орындаушының мұндай құқықтарды беруi дыбыс-бейнежазу туындысын пайдаланумен шектеледi және, егер шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысына түсiрiлген дыбыс пен бейненi жеке пайдалану құқықтарын қамтымайды.
7. Орындаушының осы баптың 2-тармағында көзделген айрықша құқықтары шарт бойынша басқа адамдарға берiлуi мүмкiн.
38-бап. Фонограмма жасаушының құқықтары
1. Фонограмма жасаушыға өз фонограммасы жөнiнде, осы Заңда көзделгендердi қоспағанда, фонограмманы пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алу құқығын қоса, фонограмманы кез-келген нысанда пайдалануға айрықша құқықтар берiледi.
2. Фонограмманы пайдалануға айрықша құқық мынадай әрекеттердi жүзеге асыруға немесе жүзеге асыру үшiн рұқсат етуге:
1) фонограмманы көшiрмелеуге;
2) фонограмманы қайта жасауға немесе кез-келген әдiспен өңдеуге;
3) фонограмма даналарын таратуға, яғни оларды сатуға, жалға беруге және сол сияқтыларға;
4) осы фонограмманы жасаушының рұқсатымен дайындалған даналарды қоса, тарату мақсатында фонограмма даналарын, импорттауға құқық берiлетiнiн бiлдiредi.
3. Егер заңды түрде жарияланған фонограмма даналары оларды сату арқылы азаматтық айналымға түсiрiлсе, оларды фонограмма жасаушының келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi. Фонограмманың даналарын жалға беру арқылы тарату құқығы сол даналарды меншiктеу құқығына қарамастан фонограмманы жасаушыға берiледi.
4. Фонограмма жасаушының осы баптың 2-тармағында көзделген айрықша құқықтары шарт бойынша басқа адамдарға берiлуi мүмкiн.
39-бап. Коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы фонограмма жасаушы мен орындаушының келiсiмiнсiз пайдалану
1. Коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы жасаушының және осындай фонограммаға орындауы жазылған орындаушының келiсiмiнсiз, бiрақ сыйақы төлей отырып:
1) фонограмманы көпшiлiк алдында орындауға;
2) фонограмманы эфирге беруге;
3) фонограмманы кабель арқылы жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн хабарлауға жол берiледi.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген сыйақы жинау, бөлу және төлеу фонограмманы жасаушылар мен орындаушылардың құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың бiрi (осы Заңның 43-бабы) осы ұйымдар арасындағы келiсiмге сәйкес жүзеге асырады. Егер бұл келiсiмде өзгеше көзделмесе, аталған сыйақы фонограмма жасаушы мен орындаушы арасында тең бөлiнедi.
3. Сыйақы мөлшерiн және оны төлеу жағдайларын, бiр жағынан, фонограмма пайдаланушылар немесе осындай пайдаланушылар бiрлестiктерi (қауымдастықтары) және, екiншi жағынан, фонограмма жасаушылар мен орындаушылар құқықтарын басқарушы ұйымдар арасында жасалған келiсiм бойынша, ал егер тараптар мұндай келiсiмге келе алмаса - уәкiлдiк берiлген орган белгiлейдi. Сыйақы мөлшерi фонограммаларды пайдаланудың әр түрi үшiн белгiленедi.
4. Фонограммаларды пайдаланушылар осы баптың 2-тармағында аталған ұйымға фонограммалардың пайдаланылу мөлшерi туралы дәл мәлiметтер жазылған бағдарламаларды, сондай-ақ сыйақы жинауға және бөлуге қажеттi өзге де мәлiметтер мен құжаттарды табыс етуге тиiс.
40-бап. Эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының құқықтары
1. Осы Заңда көзделген реттердi қоспағанда, эфирлiк және (немесе) кабельдiк хабар тарату ұйымына оның хабарына қатысты хабарды кез-келген нысанда пайдалануға және, мұндай рұқсат бергенi үшiн сыйақы алу құқығын қоса алғанда, хабарды пайдалануға рұқсат етуге айрықша құқықтар берiледi.
2. Хабарды пайдалануға рұқсат ететiн айрықша құқық эфирлiк және (немесе) кабельдiк хабар тарату ұйымының мынадай әрекеттерiн жүзеге асыруға:
1) оның хабарын эфирлiк және (немесе) кабельдiк хабар таратушы басқа ұйымның эфирге немесе кабель арқылы бiр мезгiлде беруiне;
2) жалпы жұрт назарына жеткiзу үшiн хабарды кабель арқылы хабарлауға немесе хабарды эфирге беруге;
3) хабарды жазып алуға;
4) хабардың жазбасын көшiрмелеуге;
5) жалпы жұрт назарына жеткiзу үшiн хабарды ақы төлеп кiретiн жерлерде хабарлауға құқығын бiлдiредi.
3. Осы баптың 2-тармағының 4)-тармақшасында көзделген эфирлiк және (немесе) кабельдiк хабар тарату ұйымының айрықша құқығы мына жағдайларда:
1) хабар эфирде хабар тарату ұйымының келiсiмiмен жазып алынғанда;
2) осы Заңның 41-бабындағы ережелерге сәйкес хабарды көшiрмелеу ол жазылған мақсатта жүзеге асырылғанда қолданылмайды.
41-бап. Орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының құқықтарын шектеу
1. Орындаушылықты, қойылымды, эфир хабарларын, кабель арқылы берiлетiн хабарларды және олардың жазбаларын орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей пайдалануға, сондай-ақ фонограмманы көшiрмелеуге:
1) орындаушылықтан, қойылымнан, фонограммадан, эфирде немесе кабель арқылы берiлген хабардан шағын үзiндiлердi ағымдағы оқиғалар туралы шолуға қосу үшiн;
2) тек қана оқыту немесе ғылыми зерттеу мақсаттарында;
3) мұндай дәйектеме ақпараттық мақсатта жүзеге асырылатын жағдайда орындаушылықтан, қойылымнан, фонограммадан, эфирге немесе кабель арқылы берiлген хабардан шағын үзiндiлер түрiнде дәйектеме келтiру үшiн жол берiледi. Бұл орайда эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмма даналарын эфирде немесе кабель арқылы беруге пайдалануының қандайы болса да осы Заңның 39-бабындағы ережелердi сақтағанда ғана мүмкiн болады;
4) осы Заңның 18-26-баптарының ережелерiнде белгiленген әдебиет, ғылым және өнер туындылары авторының мүлiктiк құқықтарын шектеуге қатысты өзге де жағдайларда жол берiледi.
2. Осы Заңның 37-40-баптарының ережелерiнен тыс орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының келiсiмiнсiз хабарлар мен олардың жазбаларын эфирге немесе кабель арқылы таратуға, сондай-ақ фонограмманы жеке мақсат үшiн көшiруге жол берiледi. Осы Заңның 26-бабына сәйкес сыйақы төленген жағдайда фонограмманы көшiрмелеуге жол берiледi.
3. Егер қысқа мерзiмге пайдаланылатын жазба немесе көшiрме эфирге хабар тарату ұйымының өз жабдықтары көмегiмен және өзiнiң жеке хабары үшiн жүзеге асырылса, орындаушының, фонограмма жасаушының және эфирге хабар тарату ұйымының орындаушылықты, қойылымды немесе хабардар қысқа мерзiмге пайдалануға жазып алуды жүзеге асыруға, мұндай жазбаларды көшiрмелеуге және коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көшiрмелеуге рұқсат алуына қатысты осы Заңның 37, 38, 40-баптарындағы ережелер мынадай жағдайларда:
1) эфирге хабар тарату ұйымы осы тармақ ережелерiне сәйкес қысқа мерзiмде пайдалануға жасалатын жазбаны немесе сондай жазбаның фонограммасын көшiрмелеудi жүзеге асыруға қатысты қойылымның өзiн, орындаушылықты немесе хабарды эфирге беруге алдын-ала рұқсат алғанда;
2) эфирге хабар тарату ұйымы осы Заңның 25-бабының ережелерiне сәйкес әдебиет, ғылым және өнер туындыларының қысқа мерзiмге пайдалануға жасайтын жазбасына қатысты алты ай мерзiм iшiнде, оның тек құжаттық сипатының негiзiнде ресми мұрағаттарда сақталуы мүмкiн жалғыз данасын қоспағанда, оны жойғанда қолданылмайды.
4. Осы бапта көзделген шектеулер фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды, эфирде немесе кабель арқылы берiлетiн хабарды және олардың жазбаларын, сондай-ақ соларға енгiзiлген әдебиет, ғылым және өнер туындыларын қалыпты пайдалануға зиянын тигiзбей, сондай-ақ орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының және аталған туындылар авторларының заңды мүдделерiне нұқсан келтiрмей қолданылады.
42-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмi
1. Осы тарауда көзделген орындаушыға қатысты құқықтар алғашқы орындалудан немесе қойылымнан кейiн елу жыл бойы күшiн сақтайды. Осы Заңның 37-бабында белгiленген орындаушының есiмiн, орындаушылықты немесе қойылымды кез-келген бұрмалаудан немесе өзге де қолсұғушылықтан қорғау құқықтарының қорғалуына шек қойылмайды.
2. Осы тарауда көзделген фонограмманы жасаушыға қатысты құқықтар фонограмма алғаш жарияланғаннан кейiнгi елу жыл бойына, егер осы мерзiм iшiнде фонограмма жарияланбаған болса, ол алғаш жазылып алынғаннан кейiнгi елу жыл бойы күшiн сақтайды.
3. Осы тарауда көзделген эфирде хабар тарату ұйымына қатысты құқықтар мұндай ұйым эфирде алғашқы хабар таратуды жүзеге асырғаннан кейiн елу жыл бойы күшiн сақтайды.
4. Осы тарауда көзделген кабельдiк хабар тарату ұйымына қатысты құқықтар мұндай ұйым кабель арқылы алғашқы хабар таратуды жүзеге асырғаннан кейiн елу жыл бойы күшiн сақтайды.
5. Заңды түрде жария болған немесе жасалған кезiнен бастап, егер олар жарияланбаған болса, осы Заң күшiне енген күннен бастап елу жыл мерзiм өтпеген радио және телехабарлар (эфирге хабар тарату) қалған мерзiмде сабақтас құқықтар объектiсi ретiнде қорғалады.
6. Осы баптың 1, 2, 3, 4-тармақтарында көзделген мерзiмдердi есептеу оның басталуына негiз болатын заңды жәйт орын алған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан басталады.
7. Егер орындаушы қуғын-сүргiнге ұшырап, қайтыс болғаннан кейiн ақталған жағдайда, осы бапта көзделген құқықтарды қорғау мерзiмi ол ақталған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап күшiне енедi.
8. Осы баптың 1, 2, 3, 4-тармақтарында аталған орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирде немесе кабель арқылы таратылған хабарларды пайдалануға рұқсат ету және мерзiмдердiң қалған бөлiгi шегiнде сыйақы алу құқығы орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының мұрагерлерiне (заңды тұлғаларға қатысты - құқық мұрагерлерiне) ауысады.
IV Тарау. Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару
43-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық басқарудың мақсаттары
1. Ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма жасаушылар немесе өзге де авторлық және сабақтас құқықтар иелерi өздерiнiң мүлiктiк құқықтарын iс жүзiне асыру мақсатында олардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдар құруға құқылы.
2. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымның коммерциялық iспен айналысуға, сондай-ақ ұжымдық негiзде басқару үшiн алған туындыларды және сабақтас құқықтар объектiлерiн пайдалануды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
3. Әртүрлi құқықтар мен құқық иелерiнiң түрлi санаттары бойынша жекелеген ұйымдар, не құқық иелерiнiң бiр санатының мүдделерiне сай түрлi құқықтарды басқаратын ұйымдар, не құқық иелерiнiң түрлi санаттарының мүдделерiне сай құқықтардың бiр түрiн басқаратын ұйымдар құруға жол берiледi. Мұндай ұйымдарды тiкелей авторлық және сабақтас құқықтар иелерi құрады және олар солардан алған өкiлеттiк шегiнде, жарғы негiзiнде әрекет етедi.
4. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық басқаруға өкiлеттiктi тiкелей авторлық және сабақтас құқықтар иелерi жазбаша шарттар негiзiнде ерiктi түрде, сондай-ақ осындай құқықтарды қарайтын шетелдiк ұйымдармен жасалған тиiстi шарттар бойынша бередi.
5. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың жарғылары осы Заңның талаптарына сай келетiн ережелерден тұруға тиiс. Авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымды тiркеуден бас тартуға осы Заңның талаптары, сондай-ақ қоғамдық ұйымдарды тiркеу тәртiбiн белгiлейтiн заңдар бұзылған жағдайда жол берiледi.
6. Аталған ұйымның қызметiне басшылықты мүлiктiк құқықтарын оның өзi басқаратын авторлық және сабақтас құқық иелерi жүзеге асырады. Сыйақының мөлшерiне және пайдаланушылармен лицензиялық шарт жасасу ережелерiне, жиналған сыйақыны бөлу және төлеу әдiсiне және мұндай ұйым қызметiнiң өзге де принциптi мәселелерiне қатысты шешiмдер қабылдауды тек қана авторлық және сабақтас құқық иелерi жалпы жиналыста алқалы түрде жүзеге асырады.
7. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың қызметiн бақылауды уәкiлдiк берiлген орган жүзеге асырады.
44-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың қызметi
1. Кез келген автор, оның мұрагерi немесе осы Заңның III тарауына сәйкес қорғалатын авторлық және сабақтас құқықтардың өзге де иесi өздерiнiң мүлiктiк құқықтарын мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымға беруге құқылы, ал ұйым, егер құқықтардың мұндай санатын басқару осы ұйымның жарғылық қызметiне жататын болса, бұл құқықтарды ұжымдық негiзде жүзеге асыруды өз мойнына алуға мiндеттi. Аталған ұйымдардың ұжымдық негiзде басқару үшiн алынған туындыларды және сабақтас құқықтардың объектiлерiн пайдалануға құқығы жоқ.
2. Осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес алынған өкiлеттiк негiзде мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйым туындыларды және сабақтас құқықтардың объектiлерiн пайдаланудың тиiстi әдiстерiне пайдаланушымен лицензиялық шарт жасасады. Мұндай лицензиялық шарт талаптары бiр санаттағы барлық пайдаланушыларға бiрдей болуға тиiс. Аталған ұйымдардың пайдаланушыға лицензиялық шарт жасасудан жеткiлiктi негiздерсiз бас тартуға құқығы жоқ.
3. Лицензиялық шарт жасасқан барлық пайдаланушылар авторлардың құқықтарын және сабақтас құқықтар иелерiн қорғау жөнiндегi уәкiлдiк берiлген органда белгiленген тәртiп бойынша мемлекеттiк тiркеуден өтуге және тиiстi үлгiдегi мемлекеттiк тiркеу куәлiгiн алуға мiндеттi. Мұндай лицензиялық шарттар оларда көзделген әдiстерiн, осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес ұйымға өкiлеттiлiк бермегендерiн қоса алғанда, барлық туындылар мен сабақтас құқық объектiлерiн пайдалануға рұқсат бередi.
4. Авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң туындылар мен сабақтас құқықтардың объектiлерiн осындай лицензиялық шарттар бойынша пайдалану мен байланысты пайдаланушыларға қоятын барлық ықтимал мүлiктiк талаптарын лицензиялық шарттар жасасқан ұйым реттеуге тиiс.
5. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйым талап етiлмеген сыйақыны бөлiнетiн сомаға қоса отырып немесе ұйым есепшотына түскен күннен бастап үш жыл өткенше өзi өкiлi болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң мүдделерiне сай басқа мақсаттарға айналымға сала отырып сақтауға құқылы.
45-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың атқаратын қызметтерi
Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйым өзi өкiлi болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң атынан әрi олардан алынған өкiлеттiк негiзiнде мынадай қызметтердi атқаруға:
1) мұндай ұйым басқарып отырған құқықтарды пайдалануға пайдаланушылармен лицензиялық шарттар жасасуға;
2) сыйақы мөлшерiн және лицензиялық шарттар жасалған басқа да жағдайларды пайдаланушылармен келiсуге;
3) бұл ұйым лицензиялық шартын жасаспай, осындай сыйақы жинаумен шұғылданатын жағдайларда сыйақы мөлшерiн пайдаланушылармен келiсуге (осы Заңның 26-бабы және 39-бабының 2, 3-тармақтары);
4) лицензиялық шартта көзделген сыйақыны және (немесе) осы баптың 3-тармағында көзделген сыйақыны жинауға;
5) осы баптың 4-тармағына сәйкес жиналған сыйақыны өзi өкiлi болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерiне бөлуге және төлеуге;
6) осындай ұйым басқаратын құқықтарды қорғауға қажеттi кез-келген заңды әрекеттердi жасауға тиiс.
46-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың мiндеттерi
1. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымның қызметi мұндай ұйым өкiлi болатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң мүддесiне сай жүзеге асырылады. Бұл мақсатта ұйым төмендегi мiндеттерi атқаруға:
1) авторлық және сабақтас құқықтардың иелерiне сыйақы төлеумен бiрге олардың құқықтарын пайдаланғаны туралы мәлiметi бар есептер берiп тұруға;
2) осы Заңның 45-бабындағы 1-тармақтың ережелерiне сәйкес жиналған сыйақыны авторлық және сабақтас құқықтардың иелерiне бөлу және төлеу үшiн пайдалануға тиiс. Бұл орайда ұйым жиналған сыйақыдан өзiнiң мұндай сыйақыны жинауға, бөлуге және төлеуге кеткен нақты шығының өтеуге қажеттi соманы, сондай-ақ өзi өкiлi болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң келiсiмiмен және солардың мүддесiне сай сол ұйым құрған арнайы қорларға жiберiлетiн соманы ұстап қалуға құқылы;