3. Мемлекеттiк сараптамаға ұсынылған геологиялық материалдар Пайдалы қазбалар қорының мөлшерi мен сапасын, олардың республика экономикасындағы маңызын, Өндiрудiң тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа жай-күйiн объективтi бағалауға мүмкiндiк берген жағдайда мемлекеттiк сараптама кен орнын геологиялық зерделеудiң кез келген сатысында жүргiзiлуi мүмкiн.
4. Өндiруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және пайдалануға жарамды жер қойнауы учаскелерi туралы геологиялық ақпарат та мемлекеттiк сараптауға жатады. Жер қойнауының мұндай учаскелерiн жер қойнауын пайдалануға беру геологиялық ақпаратты мемлекеттiк сараптаудан өткiзгеннен кейiн ғана жүргiзiледi.
5. Жер қойнауын мемлекеттiк сараптауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен арнаулы уәкiлдi атқарушы орган жүргiзедi.
Ескерту. 57-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
58-бап. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттiк балансы
1. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттiк балансын жер қойнауын пайдалану және оны қорғау жөнiндегi мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының минералдық-шикiзат базасының жай-күйiн есепке алу мақсатында жүргiзедi.
2. Пайдалы қазбалар қорының мемлекеттiк балансында Коммерциялық жолымен табылған, Пайдалы қазбалардың әр түрiнiң қорының мөлшерi, сапасы мен зерделену дәрежесi, олардың орналасуы, өндiрiстiк игерiлу дәрежесi, Өндiру, ысырабы мен өнеркәсiптiң Пайдалы қазбалардың барланған қорларымен қамтамасыз етiлуi туралы мәлiметтер болуы қажет.
3. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттiк балансқа енгiзу және оларды мемлекеттiк баланстан шығару тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 58-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
59-бап. Пайдалы қазбалар кен орындарының және
көрiнiс - белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастры
1. Пайдалы қазбалар Кен орындарының және көрiнiс белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастрын, жер қойнауын пайдалану және оны қорғау жөнiндегi мемлекеттік орган Жер қойнауын геологиялық зерттеудiң республикалық және аймақтық бағдарламаларын әзiрлеудi, Кен орнын кешендi пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да шаруашылық мiндеттердi шешу мақсатында жүргiзедi.
2. Пайдалы қазбалар Кен орындарының және көрiнiс - белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастры әрбiр Кен орны бойынша негiзгi және онымен бiрге жатқан басқа Пайдалы қазбалардың саны мен сапасы және олардағы компоненттердiң мөлшерi мен сапасы, Кен орнын игерудiң тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық, тағы басқа жай-күйi мен оны геологиялық-экономикалық бағалау, сондай-ақ Пайдалы қазбалардың анықталған көрiнiс-белгiлерi туралы мәлiметтерден құралады.
3. Пайдалы қазбалар Кен орындарының және көрiнiс белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 59-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
60-бап. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк
қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды
ағызудың мемлекеттiк кадастры
1. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың мемлекеттiк кадастрын жер қойнауын пайдалану және оны қорғау жөнiндегi мемлекеттік орган Жер қойнауын және айналадағы табиғи ортаны қорғау халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында жүргiзедi.
2. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың мемлекеттiк кадастры мөлшерi мен сандық көрсеткiштерi көрсетiлген көмiлген заттар мен ағын сулардың типтерi мен түрлерiн сипаттайтын мәлiметтер, көму мен ағызудың тау-кен техникалық, арнаулы инженерлiк-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық жай-күйi туралы мәлiметтердi қамтиды.
3. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көму мен қалдық суларды ағызудың мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 60-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
61-бап. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң
мемлекеттiк кадастры
1. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастрын Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлдi орган Жер қойнауын тиiмдi пайдалану, айналадағы табиғи ортаны қорғау мақсатында жүргiзедi.
2. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастры сақтаудың сандық және сапалық көрсеткiштерiн, тау-кен техникалық және экологиялық жай-күйi көрсетiлген техногендiк минералдық түзiлiмдердiң типi мен түрлерiн сипаттайтын үйме объектi туралы мәлiметтердi қамтиды.
3. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
9-Тарау
Құқықтық шарттар
62-бап. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары
Жер қойнауын пайдаланушының мыналарға құқығы бар:
1) өзiне берiлген Контракт аумағы шегiнде Контрактыда бекiтiлген шарттарға сәйкес жер қойнауын пайдаланудың кез келген заңды әрекеттерiн өз еркiмен жүргiзу;
2) Контрактыда басқа жағдай ескерiлмеген болса, өзiнiң әрекетiнiң нәтижелерiн, соның iшiнде Минералдық шикiзатты өз қалауынша пайдалану;
3) Контракт аумағында, қажет болған жағдайларда, Жер қойнауын пайдаланушыға белгiленген тәртiп бойынша бөлiнiп берiлген басқа жер учаскелерiнде, жұмысты жүргiзуге қажет өндiрiстiк және әлеуметтiк мақсаттағы объектiлер салуға, сондай-ақ Контракт аумағы шегiнде және одан тыс аумақтарда жалпы пайдаланатын коммуникациялар және объектiлердi келiсу арқылы пайдалану;
4) осы Жарлықтың 43-бабына сәйкес белгiленген Контракт күшiнiң мерзiмiн ұзарту туралы келiссөздi бiрiншi кезекте жүзеге асыру;
5) Жер қойнауын пайдалану операцияларымен байланысты жекелеген жұмыс түрлерiн жүргiзу үшiн мердiгерлердi тарту;
6) осы Жарлықпен белгiленген шарттарды сақтай отырып, өз құқығын немесе оның бөлiгiн басқа тұлғаларға беру;
7) осы Жарлықта және Контрактыда белгiленген шарттарға сәйкес өз қызметiн тоқтату;
8) осы Жарлықта, басқа заңдарда және Контрактыда көрсетiлген өзге де құқықтарды пайдалану.
Ескерту. 62-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен 63-бап өзгерді
63-бап. Жер қойнауын пайдаланушының мiндеттерi
1. Жер қойнауын пайдаланушы:
1) Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудiң әлемдiк тәжiрибеде қабылданған стандарттарға негiзделген ең тиiмдi әдiстер мен технологияларды таңдауға;
2) Контракт аумағын тек қана Контрактыда көзделген мақсаттарға пайдалануға;
3) егер Контрактіде басқа мерзiм көрсетiлмесе, Контракт жасаған күннен бастап Барлау немесе Өндiру жұмыстарын жүргiзудi бастауға;
4) Жер қойнауын пайдалану операцияларын Қазақстан Республикасының заңдарына қатаң сәйкестiкте жүргiзуге;
5) Жер қойнауын ұтымды пайдалануды, қызметкерлер мен халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн белгiленген тәртiппен келiсiлген Жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзудiң технологиялық сызбалары мен жобаларын бұзбауға;
6) Контракт аумағы шегiнде басқа адамдардың еркiн жүруiне, ортақ пайдаланылатын коммуникациялар мен объектiлердi пайдалану немесе, егер Жер қойнауын пайдалану операциясына кедергi келтiрмесе және олар қауiпсiздiктiң ерекше жағдайларымен байланысты болмаса, онда жұмыстың барлық түрлерiн, соның iшiнде табиғи ресурстардың басқа түрлерiн Барлауға және Өндiруге кедергi жасамауға;
7) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында конкурс өткiзумен байланысты олар стандарттар мен басқа да талаптарға сай болған жағдайда Қазақстан Республикасында өндiрiлген жабдықтарды, материалдарды және дайын өнiмдердi мiндеттi түрде пайдалануға;
8) егер бұл қызмет көрсетулер Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында конкурстар өткiзумен байланысты стандарттарға және басқа да талаптарға сай болса, әуе, темiр жол, су және басқа да көлiк түрлерiн пайдалануды қоса алғанда, Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды өткiзу кезiнде жұмыс атқару мен қызмет көрсету үшiн қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдарды мiндеттi түрде қатыстыруға.
8-1) Қазақстан Республикасында қайсыбiр қызмет түрi болмаған жағдайда мемлекеттiк органның рұқсатымен шетелдiк ұйымдардың қызметiн пайдалану.
9) Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзгенде қазақстандық мамандарға басымдық беруге;
10) Құзыреттi органға Жұмыс бағдарламасын, сондай-ақ оны iске асыру процесi жайында толық мәлiметтер беруге;
11) Қазақстан Республикасының бақылау органдарына олардың қызметтiк функцияларын атқару кезiнде қажет құжаттарды, мәлiметтердi кедергiсiз беру мен жұмыс орындарына өтуге мүмкiндiк жасауға және олар айқындаған кемшiлiктердi уақтылы жоюға;
12) Контракт аумағындағы жұмыс нәтижесiнде алынған геологиялық есептердi Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттік органға беруге;
13) салықтарды, Жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшiн айыппұлдарды және өзге мiндеттi төлемдердi уақытылы төлеуге;
14) қажет болған жағдайда, операциялардың мазмұны туралы ақпаратты үшiншi бiреуге, егер Контрактыда өзгеше белгiленбесе, қатысушы жақтардың ортақ келiсiмi арқылы ғана беруге;
15) мәдени-тарихи маңызды объектiлердi сақтауға;
16) Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу әсерiнен бүлiнген жер учаскелерiн және басқа табиғи объектiлердi заңдарға сәйкес оны әрi қарай пайдалануға жарамды қалыпқа келтiруге мiндеттi.
2. Контрактыда Жер қойнауын пайдаланушының заңдарға қайшы келмейтiн басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
64-бап. Жер қойнауын пайдалану операцияларын
жүргiзу шарттары
1. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу шарттары, соның iшiнде жұмыстардың ең төменгi немесе жұмыс бағдарламасы, сондай-ақ жұмыстардың жылдық бағдарламасын бекiтудiң тәртiбi заңдарға сәйкес Контрактыда анықталады. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзу процесiнде Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға мiндеттi. Барлауға Контрактiнiң негiзiнде Барлау жүргiзген және коммерциялық анықтау жасаған Мердiгердiң тiкелей келiссөздер негiзiнде Өндiру Құқығын алуға ерекше құқығы бар.
2. Барлау нәтижесiнде Кен орнын (Кен орындарын) тапқан жағдайда, Жер қойнауын пайдаланушы ол жағынан Құзыреттi органға хабарлауға, Кен орнын бағалап, оның Коммерциялық табу болуы мүмкiндiгi жайында тұжырым дайындауға мiндеттi. Табу жайында хабарлаудың, бағалаудың, Коммерциялық табу жайында шешiм қабылдауды талқылау рәсiмiнiң мерзiмi Контрактыда анықталады.
3. Коммерциялық табу жағдайында жер қойнауын пайдаланушыға, Контракт шарттарына сәйкес шығынды толық немесе iшiнара қайтару құқығы берiледi. Бұл ретте негiзсiз артық сипаттағы немесе Кен орнын игерудiң Оң практикасымен сәйкес келмейтiн немесе жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу, Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекет белгiлеген ережелер мен нормаларды бұзуға байланысты Жер қойнауын пайдаланушы шеккен, не Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе Контрактiмен жүктелген оның өзге де мiндеттердi бұзуына байланысты шеккен шығыстарды өтеуге жол берiлмейдi.
Егер Барлау нәтижесiнде Коммерциялық табу болмаса, Жер қойнауын пайдаланушының шыққан қаражатты қайтаруға құқығы жоқ.
3-1. Барлауды жүзеге асыратын Мердiгердiң Кен орнының қорларын байқау үшiн пайдалануды жүргiзуге бұл жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органмен келiсiлген жобада немесе жылдық жұмыс бағдарламасында көзделген жағдайда ғана құқығы бар.
3-2. Барлауды, Өндiрудi не бiрлескен барлау мен Өндiрудi жүргiзетiн Жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшесiмен, егер Контрактiде мұндай келiсу үшiн өзгеше мерзiм белгiленбесе, Контракт жасалған айдан кейiнгi айдың 30-нан кешiктiрмей жұмыстардың жылдық бағдарламасын келiсуге мiндеттi.
3-3. Жер қойнауын пайдаланушы жылдық бағдарламаны жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша қайта қарауы мүмкiн.
3-4. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органға жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалатын шарттарда және тәртiпте жүргiзуi жөнiнде есептер табыс етуге мiндеттi.
3-5. Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Құзыреттi органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) мұндай бағдарламалар мен есептер бекiтiлген кезден бастап екi апта мерзiмде кен орнының қорларын байқау үшiн пайдалану жөнiндегi жобаларды қоса алғанда, жұмыстарының бекiтiлген жылдық бағдарламалары мен оларды орындау жөнiндегi есебiнiң көшiрмелерiн ұсынады.
3-6. Осы Жарлыққа сәйкес Контрактiнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда, Жер қойнауын пайдаланушы заңдарға және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес Барлау немесе Өндiру объектiлерiн консервациялауды, жабдық пен өзге мүлiктi бөлшектеп-бұзуды және Контрактiлiк аумақтан әкетудi жүзеге асыруға мiндеттi.
Ескерту. 64-бап өзгерді және толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
65-бап. Кен орнын бiрлесiп игеру
1. Кен орнын бiрлесiп игеру, бiр Кен орнының әр бөлiктерiндегi Жер қойнауын пайдаланушылардың өндiру операцияларын үйлестiру болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушылар Кен орнын бiрлесiп игеру жөнiнде өзара жазбаша келiсiм жасауларына болады. Бұл келiсiм Құзыреттi органмен келiсiлуге тиiс.
66-бап. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудi
тоқтату немесе уақытша тоқтата тұру
1. Жер қойнауын пайдалану операцияларын тоқтату немесе уақытша тоқтата тұру кезiнде Жер қойнауын пайдаланушының барлық өндiрiстiк объектiлердi тұрғындардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн, айналадағы табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн жағдайға келтiруi қажет. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудi уақытша тоқтатқан кезде, тоқтатылған мерзiмнiң барлық уақытында Кен орнының сақталуын қамтамасыз ету үшiн, Кен орны консервациялануға тиiс.
2. Барлауды және (немесе) Өндiрудi тоқтатқанда немесе Барлауды және (немесе) Өндiрудi тоқтата тұрғанда, сондай-ақ Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес Жер асты құрылыстарын салуда және пайдалануда, жұмыс аяқталған кездегi геологиялық және өзге құжаттар, осы Жарлықтың 69-бабында белгiленген тәртiппен сақталуға өткiзiледi.
Ескерту. 66-бап өзгерді және толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
67-бап. Қазақстан Республикасының Пайдалы
қазбаларды сатып алу құқығы
1. Қазақстан Республикасы шетелдiк Жер қойнауын пайдаланушының немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес Жер қойнауын пайдаланушысының үлестерiнен Пайдалы қазбаларды әлемдiк нарық бағасынан аспайтын бағамен бiрiншi кезекте сатып алуға құқығы бар. Сатылып алынатын Пайдалы қазбалардың шектi мөлшерi, олардың бағасы мен төлем түрлерiн анықтау тәртiбi Контрактыда ескерiледi.
2. Қазақстандық мемлекеттiк Жер қойнауын пайдаланушыдан Пайдалы қазбаларды сатып алу шарттарын, Қазақстан Республикасының Үкiметi заңдарға сәйкес анықтайды.
68-бап. Пайдалы қазбаларды реквизициялау
1. Соғыс, табиғи апат кезiнде немесе төтенше жағдайлар туралы заңдарда көзделген өзге жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметi Жер қойнауын пайдаланушыға тән Пайдалы қазбалардың барлығын немесе бiр бөлiгiн реквизициялауға құқығы бар. Реквизициялау Республика мұқтаждығына қажет мөлшерде төтенше жағдайдың барлық мерзiмiнде жүргiзiлуi мүмкiн. Пайдалы қазбаларды реквизициялау Жер қойнауын пайдаланушылардың меншiк түрiне және мемлекеттiк тиесiлiгiне қарамастан, олардың әрқайсысында жүргiзiледi.
2. Қазақстан Республикасы, реквизицияланған Пайдалы қазбалардың өтемақысын заттай немесе шетелдiк Жер қойнауын пайдаланушыға - еркiн айналымдағы валютамен, ал ұлттық Жер қойнауын пайдаланушыға - ұлттық валютамен, ревизициялау күнiндегi әлемдiк нарық бағасымен төлейдi.
69-бап. Жер қойнауы туралы ақпаратқа иелiк құқығы
1. Жер қойнауының геологиялық құрылымы, ондағы Пайдалы қазбалар, Кен орындарының геологиялық параметрлерi, қор мөлшерi, игеру жағдайлары, сондай-ақ геологиялық есептердегi, карталардағы және басқа материалдардағы Жер қойнауының кез келген ерекшелiктерi туралы ақпараттар, егер олар Республикалық бюджеттiң қаржыландыруы арқылы алынса - ол мемлекеттiк меншiкте, егер бұл мәлiметтер Жер қойнауын пайдаланушының жеке қаржысына алынса - Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнде болып табылады.
2. Қаржыландыру көздерiне қарамай Жер қойнауы жайындағы геологиялық және өзге ақпараттар мiндеттi түрде белгiленген стандартқа сәйкес жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттік органға сақтауға, жүйелеуге және жинақтап қорытындылауға өтеусiз тапсырылады.
3. Мемлекет меншiгiндегi Жер қойнауы жайындағы геологиялық ақпараттарды оқулық, ғылыми, коммерциялық және басқа мақсаттарға пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
4. Жер қойнауын пайдаланушының қаржысына алынған, осы баптың 2-тармағына сәйкес Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi өкiлеттi органға табыс етiлген геологиялық ақпараттарды оқулық, ғылыми, коммерциялық және өзге мақсаттарда пайдалану тәртiбi мәлiмет иесi мен Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi өкiлеттi орган арасындағы келiсiмiнен анықталады.
Осы келiсiммен барлық геологиялық ақпараттардың немесе оның бөлiгiнiң құпиялық мерзiмi, сондай-ақ Контрактының қолданылу кезiнде геологиялық ақпараттарды Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнен Қазақстан Республикасының меншiгiне беру шарттары және мүмкiндiктерi анықталады.
5. Контрактының күшi тоқтатылған кезде, барлық геологиялық ақпараттар мемлекет меншiгiне көшедi. Жер қойнауын пайдаланушы, Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi өкiлеттi органға барлық құжаттарды және геологиялық ақпараттардың өзге де материалдық сақтаушыларын өтеусiз тапсыруға мiндеттi.
Ескерту. 69-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
70-бап. Жер қойнауын пайдаланушының Контракт
шарттарын сақтауын бақылау
Егер Жер қойнауын пайдаланушы осы Жарлықтың 63-бабының 1-тармағындағы 3-тармақшасында белгiленген Барлауды немесе Өндiрудi жүргiзудiң басталу мерзiмiн негiзсiз бұзғанда немесе Өндiрудi Кен орнының геологиялық мүмкiндiгiне сай деңгейде жүргiзбегенде, Құзыретті орган Жер қойнауын пайдаланушыға жазбаша түрде Барлауды немесе Өндiрудi жүргiзудi бастаудың немесе белгiленген мерзiмде Кен орнын игерудiң Оң практикаға негiзделген Өндiрудiң дұрыс мөлшерiн қамтамасыз ететiн шараларды қолдану мерзiмiн ескертедi.
Ескерту талаптары белгiленген мерзiмде орындалмаған жағдайда, Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) осы Жарлықтың 45-2-бабына сәйкес Контрактыны бұзуға құқылы.
Ескерту. 70-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
71-бап. Жер қойнауын пайдаланушы құқықтарының кепiлдiктерi
Жер қойнауын пайдаланушыға заңдарға сәйкес оның құқықтарын қорғау кепiлдiгi берiледi. Жер қойнауын пайдаланушының жағдайын нашарлататын заңдарға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар ол өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлгенге дейiн берiлген және жасалған Контрактыға қолданылмайды.
Осы баппен белгiленген кепiлдiктер қорғаныс қабілетiн, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы, экологиялық қауiпсiздiк және денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының өзгерiсiне қолданылмайды.
Ескерту. 71-бап өзгерді және толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
10-Тарау
Өтпелi және Қорытынды ережелер
72-бап. Техногендiк минералдық түзiлiмдерге меншiк
1992 жылдың 30-мамырына дейiн жиналған, немесе осы Жарлық күшiне енгенге дейiн мемлекеттiк минералдық ресурстар қорына кiргiзiлген Техногендiк минералдық түзiлiмдер мемлекеттiк меншiк болып табылады.
73-бап. Осы Жарлықты қолдану тәртiбi
1. Осы Жарлық ол күшiне енгеннен кейiн жасалған жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастарға және басқа құқықтық қатынастарға қолданылады. Ол күшiне енгенге дейiн жасалған Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастарға және басқа құқықтық қатынастарға, осы Жарлық ол күшiне енгеннен кейiн пайда болған құқықтар мен мiндеттерге қолданылады.
2. Осы Жарлық күшiне енгенге дейiн берiлген Лицензиялар мен жасалған Контрактылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының олармен байланысты барлық актiлерi өз күшiн сақтайды.
3. Осы Жарлық күшiне енгенге дейiн Контракт аумағын алған Жер қойнауын пайдаланушыға Барлауға және (немесе) Өндiруге Лицензия, әдетте, келiссөздер негiзiнде берiледi.
74-бап. Осы Жарлықтың күшiне енуiне байланысты
заңдардың қолданылуы
Осы Жарлық күшiне енгенге дейiн Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастарды реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер осы Жарлыққа қайшы келмейтiн бөлiктерiнде қолданылады.
75-бап. Осы Жарлықтың күшiне ену тәртiбi
Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
76-бап. Осы Жарлықтың жүзеге асыру жөнiндегi шаралар
1. Осы Жарлық күшiне енген күннен бастап мыналардың күшi жойылған деп танылсын:
"Жер қойнауы және минералдық шикiзатты ұқсату туралы" 1992 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Кодексi (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң жаршысы, 1992 ж., N 9, 248-құжат; 1995 ж., N 24);
"Жер қойнауын және минералдық шикiзатты ұқсату туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiн күшiне енгiзу тәртiбi туралы" 1992 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң жаршысы, 1992 ж., N 9, 248-құжат);
"Геологиялық зерделеу мен пайдалы қазбалар өндiру үшiн жер қойнауын пайдалануды ретке келтiру жөнiндегi қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылғы 5 сәуiрдегi N 1637 Заң күшi бар Жарлығының 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 16, 152-құжат).
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығын жүзеге асыру мақсатында:
1) 1996 жылғы 1 шiлдеге дейiн:
Қазақстан Республикасының заңдарын "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес келтiру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлесiн;
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiн "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес келтiрсiн;
мемлекеттiк органдардың "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына қайшы келетiн өздерiнiң нормативтiк актiлерiн қайта қарауын және күшiн жоюын қамтамасыз етсiн;
2) 1996 жылғы 1 шiлдеге дейiн:
Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу контрактысын жасау тәртiбi туралы ереженi;
Жер қойнауын пайдалануды лицензиялау тәртiбi туралы ереженi;
Жер қойнауының мемлекеттiк кадастры туралы ереженi;
геологиялық ақпарат туралы ереженi;
Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар жүргiзудiң модельдiк контрактысын әзiрлесiн және бекiтсiн.
Қазақстан Республикасының Президентi