3. Бiрлескен Барлау мен Өндiруге Контракт мүмкiн болатын ұзарту мерзiмдерi ескерiле отырып, Барлау мен Өндiрудiң мерзiмiн қамтитын мерзiмге жасалады. Бұл ретте мерзiмдердi ұзартуға осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер қолданылады.
4. Пайдалы қазба табылған жағдайда Контрактiнiң қолданылу мерзiмiн Коммерциялық табуды бағалау үшiн Мердiгердiң қажет кезеңге ұзартуға құқығы бар.
5. Контрактiнiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiм ол Құзыреттi органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) келiп түскен күнiнен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қаралуға тиiс.
Ескерту. 43-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
43-1-бап. Контрактiнің қолданылуының аумақтық аясы
(Контрактiлiк аумақ)
1. Контрактiлiк аумақтың шегiнде жер қойнауының бiр-бiрiмен өзара аралас ретiнде де, бөлек те бiр Учаскесi немесе жер қойнауының бiрнеше Учаскесi болуы мүмкiн. Контрактiлiк аумақтың шегiнде бөлiнетiн жер қойнауы Учаскесi (жер қойнауы учаскелерi) белгiлi бiр тереңдiкпен шектелiне алады (шектелiнуi мүмкiн).
2. Егер Барлау және (немесе) Өндiру жүргiзу кезiнде Пайдалы қазбалар табылатын болса, Кен орнының географиялық шекаралары көрсетiлген Геологиялық немесе Тау-кендiк бөлудегi Контракт аумағы шегiнен шығып кеткен болса, онда оны кеңейту туралы мәселе конкурс өткiзiлместен Контракт шарттарын өзгерту арқылы шешiлуге тиiс.
3. Контрактiнiң аумағын қайтарудың шарттары мен тәртiбi Контрактiде айқындалады.
4. Контракт аумағының бөлiктерiн қайтару, Контракт аумағынан осы Жарлықтың 41-8-бабына сәйкес осындай Геологиялық бөлуден қайтарылатын бөлiктердi қоспағанда, Геологиялық бөлудi қайта ресiмдеу арқылы жүзеге асырылады.
Ескерту. Жаңа 43-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
44-бап. Контракт жасасу және орындау
1. Контракт оған қол қойылғанға дейiн мiндеттi түрде айналадағы табиғи ортаны қорғау, денсаулық сақтау және санитария, Жер қойнауын қорғау, тау-кен бақылауы мәселелерiмен айналысатын арнаулы атқарушы органдармен келiсiледi. Келiсiм мерзiмi тиiстi органдардың контракт құжаттарын алған күнiнен бастап 15 күннен аспауға тиiс.
2. Контракт оған қол қойылғанға дейiн Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiпке сәйкес тиiстi мемлекеттiк органдармен, оның iшiнде салық салу мәселелерiмен айналысатындарымен мiндеттi түрде келiсiлуге тиiс. Келiсу мерзiмi контрактiлiк құжаттардың ұсынылған күнiнен бастап 30 күннен аспауға тиiс. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) өзiнiң қалауы бойынша оған қол қойғанға дейiн Контрактiге тәуелсiз сараптама жүргiзу тағайындауға құқылы. Бұл ретте мұндай сараптама жүргiзудiң мерзiмi контрактiлiк құжаттарды берген кезден бастап 30 күннен аспауға тиiс.
3. Егер Контрактыда күшiне енгiзудiң өзге, анағұрлым кешiрек мерзiмдерi ескерiлмеген болса, Кең таралған пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсатта Өндiруге Контрактiнi қоспағанда, Контрактiнi тiркеу туралы сертификатты мiндеттi түрде бере отырып, Контрактiнi Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) тiркейдi және ол қол қойылған кезден бастап күшiне енедi.
4. Контрактылар жасасу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi анықтайды.
4-1. Контрактiнi жасау жергiлiктi атқарушы органдардың жер учаскесiн дереу ресiмдеуi үшiн негiз болып табылады. Бұл ретте ресiмделетiн жер учаскесiнiң кеңiстiк шекаралары жер учаскесiн iс жүзiнде пайдалану мерзiмдерiнiң шегiнде Жер қойнауын жердiң үстiңгi бетiн бұза отырып iс жүзiнде пайдаланылатын аумақпен шектеледi.
4-2. Құзыреттi орган Контрактiнiң көшiрмесiн оны тiркеген соң бiр апта мерзiмде мiндеттi түрде жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органға жiбередi.
Ескерту. 44-бап өзгерді және толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
45-бап. Контрактiнi жарамсыз деп тану
1. Контракт мынадай жағдайларда:
1) сот тәртiбiмен Құзыреттi органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) осы тұлғамен Контракт жасауға шешiм қабылдауға ықпал еткен көрiнеу жалған ақпарат беру фактiсi анықталған жағдайда;
2) сот тәртiбiмен конкурсты жүргiзуге не жер қойнауын пайдалану құқығын алуды ұтып алған үмiткермен оған басқа үмiткерлердiң алдында заңсыз басымдықтар беру мақсатында Контракт жасасуға қатысушы лауазымды адамдардың арасында сөз байласу, бюджетке төленетiн төлемдердiң шарттарын ырықтандыру және олардың мөлшерiн азайту фактiлерi анықталған жағдайда;
3) қолданылуы Контракт жасасуға тiкелей ықпал еткен шарттың күшiн сот тәртiбiмен жою кезiнде жарамсыз деп табылады.
2. Контрактiнi жарамсыз деп тану үшiн соттың осы баптың 1-тармағында көрсетiлген фактiлердiң болғандығын растайтын шешiмiнiң немесе үкiмiнiң заңды күшiне енуi негiз болып табылады. Контракт ол жасалған кезден бастап жарамсыз деп есептеледi.
3. Сот тәртiбiмен оның негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын беру және қайта ресiмдеу жүзеге асырылған шартты жою не бұзу Контрактiнiң өзiнiң емес, жер қойнауын пайдалану құқығын осындай берумен байланысты қабылданған өзгерiстер мен толықтырулардың жарамсыздығына әкелiп соғады.
Ескерту. 45-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
45-1-бап. Контрактiнiң қолданылуын тоқтата тұру
1. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) не жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Мердiгер:
1) Контрактiде көзделмеген қызметтi немесе оны Контрактiнiң талаптарын бұза отырып жүзеге асырған;
2) Контрактiде көзделмеген бағдарлама бойынша қызметтi жүзеге асырған;
3) өз қызметiн жүзеге асыру процесiнде жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу бөлiгiнде заңдарды ұдайы бұзған жағдайларда Барлауды, Өндiрудi, бiрлескен Барлау мен Өндiрудi не Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды алты айға дейiн мерзiмге тоқтата тұруды талап етуге құқылы.
2. Барлау, Өндiру, бiрлескен Барлау мен Өндiру не Барлау және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзу тоқтатыла тұрған жағдайда Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) не жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Жер қойнауын пайдаланушыға мұндай тоқтата тұрудың себептерi туралы жазбаша түрде хабарлайды және оларды жою үшiн қисынды мерзiм белгiлейдi.
3. Барлауды, Өндiрудi, бiрлескен Барлау мен Өндiрудi не Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды тоқтата тұруды тудырған себептер жойылған кезде Құзыреттi орган (уәкілеттi мемлекеттiк орган) не жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Мердiгерге Барлауды, Өндiрудi, бiрлескен Барлау мен Өндiрудi не Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзудi жалғастырудың мүмкiндiгi туралы жазбаша түрде хабарлайды.
4. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) және (немесе) жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган, егер жасалған Контрактiге сәйкес жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жалғастыру, Жер қойнауын пайдаланушыға тәуелсiз белгiлi бiр жағдайларға байланысты адамдардың өмiрiне қауiп немесе қоршаған ортаға қатер төндiретiн жағдайда, Барлауды, Өндiрудi немесе бiрлескен Барлау мен Өндiрудi жүргiзудi тоқтата тұруға құқылы. Бұл жағдайда Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) немесе жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Жер қойнауын пайдаланушыға осындай жағдайлардан туған қолайсыз зардаптардың тәуекелiн болдырмайтын не оны төмендететiн шаралар қолдану жөнiнде атқарылуы мiндеттi нұсқаулар беруге құқылы. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды тоқтата тұру үшiн негiз болатын мән-жайлардың туындағаны үшiн қандай да бiр жауапкершiлiктен босатылады.
Ескерту. Жаңа 45-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
45-2-бап. Контрактiнi өзгерту және тоқтату
1. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) Контрактiнi мынадай жағдайларда:
1) Мердiгер Барлау, Өндiру, бiрлескен Барлау мен Өндiру не Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзудi тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға әкеп соққан себептердi жоюдан бас тартқан жағдайда, не осы себептер оларды жою үшiн жеткiлiктi мерзiмде жойылмаған жағдайда;
2) Жер қойнауын пайдаланушылар осы Жарлықтың 70-бабында көзделген шараларды қолданбаған жағдайда;
3) Осы Жарлықтың 45-1-бабының 4-тармағына сәйкес Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтата тұруға әкеп соққан себептердi жою мүмкiн болмайтын жағдайда;
4) Мердiгер Контрактiмен не жұмыс бағдарламасымен белгiленген мiндеттемелерiн айтарлықтай бұзған жағдайда;
5) Мердiгер осы Жарлыққа сәйкес жер қойнауын пайдалану Құқығы кепiл нысанасы болып табылатын жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес банкрот деп танылған жағдайда бiржақты тәртiппен бұзуға құқылы.
2. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) Контрактiнi бұзу туралы тиiстi шешiм қабылдағанға дейiн Мердiгерге хабарлама жiберу арқылы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудi дереу тоқтатуды талап етуге құқылы, ал Мердiгер мұндай талапты дереу атқаруға мiндеттi.
Ескерту. Жаңа 45-2-баппен толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
46-бап. Контрактыны өзгерту және қолданылуын тоқтату
1. Екi тараптың жазба келiсiмi болса ғана Контракт шарттары өзгертiлуi мүмкiн.
2. Екi тарап дәлелдемелермен және заң актiлерiнде және(немесе) Контрактыда көзделген тәртiппен ғана Контрактының қолданылуын тоқтата алады.
3. Тараптар Контрактының қолданылуын тоқтату туралы хабарлама табыс етiлген сәтке дейiн орындалмай қалған ағымдағы мiндеттердi атқарудан босатылмайды.
Ескерту. 46-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
6-Тарау
Жер қойнауын және айналадағы табиғи
ортаны қорғау
47-бап. Жер қойнауын және айналадағы табиғи ортаны
қорғау мiндеттерi
Жер қойнауын және айналадағы табиғи ортаны қорғау:
1) халықтың денсаулығын және өмiрiн қорғау;
2) Пайдалы қазбаларды тиiмдi және кешендi пайдалану;
3) табиғи ландшафттарды сақтау және бүлiнген жерлердi, өзге де геоморфорологиялық құрылымдарды қалпына келтiру;
4) жер сiлкiнудi, көшкiндi, су басуды, топырақтың отыруын болдырмау мақсатында Жер қойнауының үстiңгi бөлiктерiнiң энергетикалық жай-күйiн сақтау бағыттарына негiзделген құқықтық, ұйымдастыру, экономикалық, технологиялық жүйелердi және басқа шараларды қамтиды.
48-бап. Жалпы экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында болжауды, жоспарлауды, жобалауды қоса алғанда, айналадағы табиғи ортаны қорғау заңдарында көзделген экологиялық талаптар басымдық ретте сақталуға тиiс.
2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзген кезде Жер қойнауын және айналадағы табиғи ортаны қорғауға қойылатын негiзгi талаптар:
1) Кен орнын игерудiң арнаулы тәсiлдерiн қолдану есебiнен жердiң үстiңгi қабатын сақтау;
2) жердiң техногендiк шөлейттенуiн болдырмау;
3) жер қойнауын пайдалану Операциялары басталмай тұрып, табиғатты қорғау органдарымен келiсiлген автомобиль жолдарын салудың тиiмдi сызбасын жасау, сондай-ақ скважиналарды бұрғылауда тармақты әдiстi қолдану, iшкi үйiндiлер жасау технологиясын қолдану, минералдық шикiзатты Өндiру мен Өңдеудiң қалдықтарын пайдалану арқылы бұзылатын және бүлiнетiн жерлердiң аумағын азайту;
4) топырақтың, аршу жыныстары үйiндiлерiнiң және өндiрiс қалдықтарының жел эрозиясын, олардың тотықтануын және өздiгiнен жануын болдырмау;
5) сiңiрме және тұщы су қабаттарын ластанудан сақтау үшiн оқшаулау;
6) жер асты суларын сарқылудан және ластанудан сақтау;
7) жуғыш сұйықтарды дайындағанда усыз реагенттердi пайдалану;
8) бұрғылау ерiтiндiлерiн тазалау мен қайталап пайдалану;
9) айналадағы табиғи ортада бұрғылау мен жанар-жарағармай материалдарының қалдықтарын экологиялық қауiпсiз тәсiлмен жою;
10) мұнай Кен орындарында қабатаралық қысымды сақтау жүйесiнде мұнай өндiрiсi сарқынды суларын тазалау және қайталап қолдану.
48-1-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды
Сақтық аймағының шегiнде жүргiзу
1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды Сақтық аймағының шегiнде жүзеге асыратын Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi осы Операцияларды судың деңгейiнiң көтерiлуi жағдайында теңiздiң Ластануын болдырмайтындай немесе барынша төмендететiндей етiп жүргiзуге мiндеттi.
2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды Сақтық аймағының шегiнде жүзеге асыратын Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi жүргiзiлген Операциялардың және мұндай Жер қойнауын пайдаланушының кiнәсi болу-болмауына қарамастан су деңгейiнiң көтерiлуiнiң нәтижесiнде теңiздiң Ластануы жағдайында қоршаған ортаға не жеке немесе заңды тұлғаларға келтiрiлген зиян мен залал үшiн жауапкершiлiкте болады.
Ескерту. Жаңа 48-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
49-бап. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар
1. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар:
1) жер қойнауын пайдалануға, соның iшiнде Өндiруге қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшiн берiлетiн Пайдалы қазбалар, Кен орындары Жер қойнауы учаскелерi қорының ауқымы мен құрылымын нақтылы бағалау үшiн Жер қойнауын iлгерiлей геологиялық зерттеудiң толымдылығын қамтамасыз ету;
2) жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында Жер қойнауы ресурстарын тиiмдi және кешендi пайдалануды қамтамасыз ету;
3) Пайдалы қазбаларды айырып алудың толымдылығын қамтамасыз ету;
4) Кен орнын игеру кезiнде айырып алынған және Жер қойнауында қалдырылатын негiзгi және онымен бiрге орналасқан Пайдалы қазбаларды және қосалқы компоненттердi, минералдық шикiзатты, Өңдеу өнiмдерi мен өндiрiс қалдықтарын нақты есепке алу;
5) Барлау, Өндiру, сондай-ақ Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу кезiнде Жер қойнауын қауiптi техногендiк процестерден сақтайтын айналадағы табиғи ортаны қорғау жөнiндегi заң талаптарына сәйкес Жер қойнауын пайдалану;
6) Жер қойнауын Кен орындарының сапасын төмендететiн немесе оларды пайдалануды және игерудi күрделiлендiретiн су басудан, өрттен және басқа сұрапыл факторлардан қорғау;
7) жер қойнауын пайдалану, әсiресе мұнайды, газды және басқа заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму, қалдық суларды ағызу жөнiндегi Операцияларды жүргiзуде Жер қойнауын ластанудан сақтау;
8) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтата тұру, доғару, Кен орнын игеру объектiлерiн тоқтатып қою мен жою жөнiндегi белгiленген тәртiптi сақтау;
9) өндiрiстiк және тұрмыстық қалдықтарды үю мен орналастыру кезiнде олардың су ағызатын алаңдарда және жер асты сулары орналасқан жерлерде жиналуын болдырмау мақсатында экологиялық талаптарды қамтамасыз ету.
2. Жер қойнауын қорғаудың негiзiн жер қойнауын пайдалану объектiлерiн геологиялық, гидрогеологиялық, экологиялық, инженерлiк-геологиялық және технологиялық зерделеудiң толымдылығы мен дәлдiгi құрайды.
Ескерту. 49-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
50-бап. Жер қойнауын пайдалану операцияларын
жүргiзудiң экологиялық негiзi
1. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу үшiн осы операцияларды жүргiзуге мемлекеттiк экологиялық сараптама берген оңды қорытынды және соның негiзiнде айналадағы табиғи ортаны қорғау мәселелерiмен шұғылданатын атқарушы органдардың табиғатты пайдалануға берiлген мiндеттi шарт ретiнде тиiстi экологиялық талаптарды қоса алғандағы рұқсаты қажеттi экологиялық негiз болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттiк экологиялық сараптамаға жоспарланған iс-қимылдардың айналадағы табиғи ортаға тигiзетiн әсерiне баға берген барлық жобалау алдындағы және жобалық құжаттарды және Барлау мен Өндiру, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтату, немесе Кен орнын игерудi тоқтатып қою кезеңдерiндегi шараларды қоса "Айналадағы табиғи ортаны қорғау" бөлiмiн тапсыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
51-бап. Жер қойнауын қорғауға Мемлекеттiк бақылау
1. Жер қойнауын қорғауға мемлекеттiк бақылаудың мiндетi атқарушы органдардың және Жер қойнауын пайдаланушылардың Жер қойнауы жөнiндегi заңдардың және Жер қойнауын пайдаланудың белгiленген тәртiбiнiң сақталуына бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Жер қойнауын қорғауға мемлекеттiк бақылаудың өкiлеттiктерi заңда белгiленген нормалармен анықталады.
52-бап. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де
жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi
1. Ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi ерекше күзетiлетiн құқықтық режимi болатын не мемлекеттiк табиғи-қорық қорының дағдылы, бiрегей және сирек кездесетiн геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерiн сақтауға арналған шаруашылық қызметi реттелетiн режимдегi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар болып табылады.
Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiне мыналар жатады:
геологиялық объектiлер - тiректi немесе сипатты тiлiмдер, сипатты тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетiн тау жыныстары мен минералдар, метеориттер, сақталынып қалған фауна мен флора қалдықтары бар табиғи және жасанды түрде аршылған жерлер;
геоморфологиялық объектiлер - жер бедерiнiң жасалу процесiн айқын көрсететiн және туризм мен рекреация үшiн ерекше құнды террастар, жайылмалар, үңгiрлер, сайлар, каньондар, сарқырамалар мен жер бедерiнiң басқа да нысандары;
гидрогеологиялық объектiлер - бiрегей және сирек кездесетiн қасиеттерiмен ерекшеленетiн жер асты сулары және олардың жер бетiне шығатын тұстары;
жартастардағы суреттерi, ертедегi кен орындары, тарихи, археологиялық және этнографиялық жағынан маңызды жер қойнауын пайдалану жөнiндегi басқа да объектiлерi бар жер қойнауы учаскелерi.
2. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi жергiлiктi және республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатады.
3. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн өзге қажеттер үшiн алып қоюға жол берiлмейдi.
Ескерту. 52-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.05.1999 N 381 Заңымен.
52-1-бап. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан
ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн қорғау мен
пайдаланудың ерекшелiктерi
1. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн қорғау мен пайдаланудың ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарымен белгiленедi.
2. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлер табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар тиiстi учаскеде жұмысты тоқтатуға және бұл туралы жер қойнауын қорғауға мемлекеттiк бақылау жасайтын уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
Ескерту. 52-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.05.1999 N 381 Заңымен.
53-бап. Пайдалы қазбалар орналасқан алаңдарда
құрылыс салу шарттары
1. Елдi мекендердi, өндiрiстiк кешендердi және басқа шаруашылық объектiлерiн жобалауға және салуға рұқсат жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттік органының болашақ құрылыс учаскелерi астындағы Жер қойнауында Пайдалы қазбалардың жоқтығы немесе оның маңызы аздығы жайындағы қорытындыларын алғаннан кейiн ғана берiледi.
2. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда құрылыс салу, сондай-ақ олар жатқан орындарда жер асты құрылыстарын салу, жер қойнауын пайдалану және тау-кен бақылауы жөнiндегi уәкiлдi органдардың рұқсатымен Пайдалы қазбаларды өндiру мүмкiндiгi қамтамасыз етiлген немесе құрылыс салудың экономикалық тиiмдiлiгi дәлелденген жағдайда жүргiзiледi.
3. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда рұқсатсыз құрылыс салу оған Контракт аумағының жерлерiн қалпына келтiруге және салынған объектiлердi қайта бұзуға кеткен шығындардың қайтарымынсыз тоқтатылады.
Ескерту. 53-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен.
7-Тарау
Халықтың және қызметкерлердiң қауiпсiздiгi
54-бап. Жер қойнауын пайдалануда халықтың және
қызметкерлердiң қауiпсiздiк жағдайларын
қамтамасыз ету
1. Жер қойнауын пайдаланушы заңда көзделген жұмыс жүргiзу қауiпсiздiгiнiң нормалары мен ережелерi орындалуын, сондай-ақ авариялардың, жазатайым оқиғалар мен кәсiптiк арулардың алдын алу және оны жою жөнiндегi шаралардың жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Егер адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызатын болса, Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге тыйым салынады.
3. Жер қойнауын пайдалану кезiнде техникалық қауiпсiздiк және өндiрiстiк санитарлық ережелерi мен нормаларының сақталуына мемлекеттiк бақылауды арнаулы уәкiлдi атқарушы орган жүзеге асырады.
4. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi талаптары мыналар болып табылады:
1) жұмысқа арнаулы дайындығы және мамандығы бар адамдарды, ал тау-кен жұмыстарын басқаруға тиiстi арнаулы бiлiмi бар адамдарды жiберу;
2) тау-кен және бұрғылау жұмыстарындағы адамдарды арнаулы киiмдермен, дербес және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз ету;
3) қауiпсiздiк талаптары мен санитарлық нормаларға сай келетiн машиналарды, жабдықтар мен заттарды қолдану;
4) қопарғыш заттар мен қопару құралдарын, есепке алу және дұрыс сақтау, сондай-ақ оларды орнымен және қауiпсiз пайдалану;
5) жұмыстың технологиялық циклын қамтамасыз етуге қажет және қауiптi жағдайларды болжауға жеткiлiктi геологиялық, маркшейдерлiк және басқа бақылаулар кешенiн жүргiзу, қауiптi аймақтарды уақтылы анықтау және оны тау-кен жұмыстары жоспарына түсiру;
6) кенiштiң атмосферасының жай-күйiн, ондағы оттегi мөлшерiн, зиянды және жарылғыш қауiптi газдар мен тозаңдарды ұдайы бақылау;
7) жұмысты жүргiзудiң қауiпсiз аймақтарының шектерiн анықтайтын техникалық құжаттамалары мен аварияларды жоюдың жоспарларын мәлiметтермен уақытылы толықтыру;
8) қатқыл Пайдалы қазбалар кен орындарын игерудiң, мұнай, газ және жер асты суларының Кен орындарын игерудiң және құрудың жобалары мен технологиялық сызбаларын жобалау жүйелерiн сақтау;
5. Жұмысшылардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туған жағдайда Жер қойнауын пайдаланушылардың лауазымды адамдары жұмысты дереу тоқтатып, адамдарды қауiпсiз жерге тасымалдауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Жер қойнауын пайдалану операциялары әсер ететiн аймақтарда халықтың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туған жағдайда тиiстi ұйымдардың басшылары бұл туралы жергiлiктi атқарушы органдарға кiдiрiссiз баяндауға мiндеттi.
7. Жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережеге сәйкес құтқару қызметтерiмен қамтамасыз етiледi.
8- Тарау
Жер қойнауының мемлекеттiк қоры
55-бап. Жер қойнауы Мемлекеттiк қорының
жай-күйiн есепке алу
1. Жер қойнауының мемлекеттiк қоры Қазақстан Республикасының Жер қойнауларынан құралады.
2. Жер қойнауының мемлекеттiк қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында мыналар жүргiзiледi:
1) Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi;
2) Жер қойнауына мемлекеттiк сараптама;
3) геологиялық ақпаратты мемлекеттiк сақтау (осы Жарлықтың 69-бабы);
4) Пайдалы қазбалар қорының мемлекеттiк балансын жасау;
5) мыналарға:
а) Пайдалы қазбалар кен орындары мен көрiнiс - белгiлерiне;
ә) Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көметiн және қалдық суларды ағызатын орындарға;
б) Техногендiк минералдық түзiлiмдерге мемлекеттiк кадастрлар жасау.
3. Жер қойнауын пайдаланушылар алғашқы есепке алу материалдарына негiзделген Жер қойнауының жай-күйi туралы геологиялық есептi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен арнаулы нысандарға сәйкес бередi.
56-бап. Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi
1. Жер қойнауының мемлекеттiк Мониторингi Жер қойнауының мемлекеттiк қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету, олардың өзгеруiн уақытылы анықтау және бағалау, келеңсiз процестердiң зардаптарының алдын алу және жою үшiн Жер қойнауының жай-күйiн бақылау жүйесi болып табылады.
2. Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылады.
3. Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингiнiң құрылымын, мазмұнын және жүргiзiлу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
57-бап. Жер қойнауын мемлекеттiк сараптама
1. Жер қойнауын тиiмдi кешендi пайдалануға жағдайлар жасау, Жер қойнауын пайдалануға төлемдердi, жер қойнауын пайдалануға берiлетiн жер қойнауы учаскелерiнiң шекараларын анықтау мақсатында Пайдалы қазбалардың, барланған Кен орындарының қоры мемлекеттiк сараптауға жатады.
2. Өндiруге арналған жер қойнауын пайдалану Құқығына ие Мердiгер Өндiрудi Пайдалы қазбалардың қорына мемлекеттiк сараптама жүргiзiлгеннен кейiн ғана бастауға құқылы. Мемлекеттiк сараптаманың барланған Пайдалы қазбалардың қорын игерудiң тиiмдiлiгi жайындағы қорытындылары оларды мемлекеттiк есепке қоюға негiз болып табылады.