Шетелге және климат жағдайы ауыр жерлерге әскери қызметтен өтуге жiберiлген офицерлердiң, прапорщиктер мен мичмандардың, әскери қызметшi әйелдердiң, шарт бойынша қызметтен өтушi әскери қызметшiлердiң өздерi тұрған тұрғын жайлары олардың шетелде және аталған жерлерде болған бүкiл уақытына сақталады.
Қызметiн ауыстырған жағдайда өзi тұрған тұрғын жайы сақталатын әскери қызметшiлерге жаңа қызмет орнында қызметтiк тұрғын жайы берiледi.
Әскери қызметшiлерге (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерден басқа) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен, еңбек сiңiрген жылдарына қарамастан, олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiн ескере отырып, тұрғын үй қорының кiмге тиесiлi екендiгіне қарамастан, тұрғын үйді ұстау, коммуналдық қызмет көрсету (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау) шығындарын төлеу үшiн республикалық бюджетте тиiстi жылға айқындалған мөлшерде ақшалай өтем төленедi.
Аталған жеңiлдiктер әскери қызметтен өту кезiнде мүгедек болып қалған азаматтарға, сондай-ақ қаза тапқан, қайтыс болған әскери қызметшiлердiң ата-аналары мен отбасы мүшелерiне де қолданылады.
Мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлер мен әскери-оқу орындары курсанттарының олар әскери қызметке шақырылғанға дейiн тұрған тұрғын жайлары сақталады және олар тұрғын жай алуға кезек тiзiмiнен шығарылмайды.
Тұрақты тұратын тұрғын жайы жоқ, тұрғын үй-құрылыс (тұрғын үй) кооперативiне кiрген немесе жеке тұрғын үй құрылысын салушы әскери қызметшiлерге кооперативтiк пәтердiң құны немесе Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде Ұлттық мемлекеттiк банк берген несие өтеледi.
Бұл жөнiнде әскери қызметтен жасына, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқартылуына байланысты босатылған азаматтарға да сақталады. Асыраушысынан айрылған әскери қызметшiлердiң отбасыларын оларға басқа бiр қолайлы тұрғын жайды тегiн бермейiнше өздерi тұратын тұрғын жайлардан шығаруға болмайды.
ҚР 19.10.93 ж. N 2453-XII; 07.04.99 ж. N 374-I Заңдарымен 13-бап өзгертiлдi
13-бап. Өмiр мен денсаулықты сақтау. Медициналық қамтамасыз ету
Әскери қызметшiлердiң өмiрi мен денсаулығын сақтауға қамқорлық жасау - командирлердiң (бастықтардың) мiндетi. Оларға жаттығулар, басқа да жауынгерлiк әзiрлiк шараларын өткiзу, қызмет ету, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану кезiнде, жұмыс жүргiзген және күнделiктi қызмет кезiнде қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз ету жүктеледi.
Әскери қызметшiлерi әскери-медициналық бөлiмшелерде, бөлiмдер мен мекемелерде (бұдан әрi әскери-медициналық мекемелер) тегiн медициналық қамтамасыз етiлуге құқылы. Әскери қызметшiлер қызмет ететiн немесе тұратын жерлерде әскери-медициналық мекемелер болмаса, немесе оларда тиiстi бөлiмшелер не арнаулы жабдықтар жоқ болса, сондай-ақ шұғыл жағдайларда оларға медициналық жәрдем ведомстволық бағыныстылығына және меншiк түрiне қарамастан денсаулық сақтау мекемелерiнде кiдiрiссiз және тегiн көрсетiледi.
Әскери қызметшiлерге емделуге жұмсаған қаражатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Қазақстан Республикасы әскери қызметшiлер әскерлерiнде әскери қызметтен өтетiн министрлiктерi мен ведомстволары өтейдi.
Офицерлердiң отбасы мүшелерi (зайыбы, жұбайы, 18 жасқа дейiнгi балалары) әскери-медициналық мекемелерде тегiн медициналық жәрдем алуға құқылы. Емханаларда емделген кезiнде отбасы мүшелерiне дәрi-дәрмек ақы төлетiп берiледi, бұған заңға сәйкес ақы алынбайтын реттер кiрмейдi. Әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерi тұратын жерде әскери-медициналық мекемелер болмаған жағдайда немесе оларда тиiстi бөлiмшелер не арнаулы жабдықтар болмаған жағдайда, сондай-ақ шұғыл жағдайларда медициналық жәрдем сол жерде тiркелiмiне қарамастан мемлекеттiң басқа азаматтарына ортақ негiзде денсаулық сақтау мекемелерiнде көрсетiледi.
Әскери қалашықтарда орналасқан әскери қызметшiлердi санитариялық-эпидемиологиялық жағынан қамтамасыз ету республика Қорғаныс министрлiгiнiң медициналық қызметi жүйесi арқылы жүргiзiледi. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық мекемелерi әскери бөлiмдерде эпидемияға қарсы санитариялық шаралар жүргiзу мен ведомстволық санитариялық қадағалауды жүзеге асыруда тегiн көмек көрсетуге тиiс.
Әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлер мен әскери-оқу орындарының курсанттарынан басқасы) мен олардың отбасы мүшелерi демалыс кезiнде ТМД-ға кiретiн мемлекеттер аумағындағы әскери санаторийлерде, демалыс үйлерiнде, пансионаттарда, туристiк базаларда немесе басқа министрлiктер мен ведомстволардың санитариялық-курорт және сауықтыру мекемелерiнде ақы төленетiн санитариялық-курортық емдеумен және ұйымдасқан демалыспен қамтамасыз етiледi. Бұл орайда қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде жарақат алған аталған әскери қызетшiлерге бiр ай мерзiмге жолдаманың орташа құны мөлшерiнде бiржолғы ақшалай өтемақы төленедi.
Осы баптың екiншi, үшiншi, алтыншы бөлiктерiнде аталған әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң құқықтары және оларға берiлетiн жеңiлдiктер әскери қызметтен жасына, денсаулық жағдайына немесе штат қысқартылуына байланысты босатылған, әскери қызметiнiң жалпы ұзақтығы 20 және одан да көп жыл болатын офицерлер мен олардың отбасы мүшелерiне де қолданылады.
Соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерi, соғыс қимылдарына басқа да қатысушылар, әскери қызмет мiндетiн атқару кезiнде алған жарақаты, контузиясы, мертiгуi немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып, әскери қызметтен босатылған әскери қызметшiлер, полковник атағымен және одан жоғары атақпен запасқа немесе отставкаға шыққан офицерлер медициналық және санаториялық-курорттық емделуден бiрiншi кезекте өтуге құқылы.
Мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлер, әскери-оқу орындарының курсанттары мен әскери мектеп-интернаттардың тәрбиеленушiлерi медициналық көрсеткiштерi болған жағдайда әскери санаторийлерде санаториялық-курорттық тегiн емделумен қамтамасыз етiледi.
Әскери қызметшi әйелдер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген әйелдердi, ана мен баланы қорғау мәселелерi жөнiндегi барлық жеңiлдiктердi пайдаланады. Бұл жеңiлдiктер анасы жоқ балаларды (анасы қайтыс болған, аналық құқынан айрылған жағдайда және заңдарда белгiленген басқа да жағдайларда) тәрбиелеп отырған әскери қызметшiлерге де қолданады.
ҚР 19.10.93 ж. N 2453-XII; 10.10.01 ж. N 247-II Заңдарымен 14-бап толықтырылды және өзгертiлдi
14-бап. Әскери қызметшiлерге қаза тапқан (қайтыс болған) немесе
жарақат алған жағдайда берiлетiн кепiлдiктер
Әскери қызметшi немесе әскери жиынға шақырылған әскери мiндеттi адам әскери қызметтен өту кезеңiнде қаза тапқан (қайтыс болған), жарақат алған жағдайда оларға бiр жолғы өтем төленедi.
Бiр жолғы өтемдi төлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Әскери қызметшi немесе әскери мiндеттi қызметiн атқару (жиын) кезiнде не қызметтен өту (жиын) кезеңiнде алған жарақат (контузия), ауру салдарынан қызметтен (жиыннан) босағаннан кейiн қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның мұрагерлерiне (мұрагерлiкке құқығын дәлелдейтiн куәлiгiн табыс еткеннен кейiн) соңғы атқарған қызметi бойынша қаза тапқан (қайтыс болған) күнiне дейiнгi бiр жолғы өтемдi алпыс айлық ақшалай қаражатының мөлшерiнде төлейдi.
Әскери жиынға шақырылып, әскери қызметтен өту кезiнде қаза тапқан немесе мертiгу (жаралану, жарақ алу, контузия), ауру салдарынан қайтыс болған әскери қызметшiлер, әскери мiндеттiлер әскери қызмет (әскери жиын) өткiзiлген жерде немесе олардың туған-туысқандарының қалауы бойынша басқа жерде жерленедi. Мәйiттi жеткiзуге әзiрлеумен, мәйiттi жеткiзумен, жерлеумен, құлпытас дайындаумен және оны орнатумен байланысты барлық шығындар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң және әскери қызметке шақырылған әскери қызметшiлер, әскери мiндеттiлер әскерiнде әскери қызметтен өткен (жиында болған) басқа да Қазақстан Республикасы министрлiктерi мен ведомстволарының есебiнен жасалады.
Осы баптың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген ережелер әскери қызметтегi шектi жасқа жетуi, денсаулық жағдайы бойынша немесе штат қысқартылуына байланысты әскери қызметтен босатылған, әскери қызметiнiң жалпы ұзақтығы 25 және одан да көп жыл болған азаматтарға, сондай-ақ әскери қызметiнiң жалпы ұзақтығына қарамастан соғысқа қатысқандарға қолданылады.
Әскери қызметшiнiң (әскери мiндеттiнiң) әскери қызметтен өту (жиыннан өту) кезеңiнде немесе әскери қызметтен өтуге (жиыннан өтуге) байланысты контузия, мертiгу, ауыру салдарынан әскери қызметтен босатылғаннан (жиын аяқталғаннан) кейiн бiр жыл өткенге дейiн мүгедектiгi анықталған жағдайда бiр жолғы өтем:
I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражаты;
II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражаты;
III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде төленедi.
Жиынға шақырылған әскери қызметшiлер, әскери мiндеттiлер әскери қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде (әскери жиында) мүгедектiкке әкеп соқпайтындай қатты мертiккен (жараланған, жарақат, контузия алған) ретте оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражаты; жеңiл жарақат алған ретте жарты айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiр жолғы өтем төленедi.
Егер өлiмнiң себебi өзiне-өзi қол жұмсаудан болғаны, өзiне-өзi қол жұмсауға жеткiзген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, сондай-ақ егер қаза (өлiм), жаралану, контузия, жарақат алу, мертiгу адамның заңға қайшы iс-әрекетiнен немесе алкогольден, есiрткiден, уытқұмарлықтан мас болу себебiнен немесе өзiне қандай да бiр жарақат түсiру (денесiне зиян келтiру) арқылы болса және бiр жолғы өтем алу немесе әскери қызметтен жалтару мақсатымен өз денсаулығына өзгедей зиян келтiрсе, бiр жолғы өтем төленбейдi.
Мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерге, оқу орындарына стипендия алатын курсанттарына (тыңдаушыларына) осы баптың үшiншi, алтыншы және жетiншi бөлiктерiнде көрсетiлген жағдайларда Қазақстан Республикасындағы жұмысшылар мен қызметшiлер ең төмен жалақысының тиiстi мөлшерi төленедi.
Мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерге, әскери оқу орындарының стипендия алатын курсанттарына (тыңдаушыларына) мынадай жағдайларда:
осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделгендей жағдайда - 500 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
осы баптың алтыншы бөлiгiнде көзделгендей жағдайда:
I-топтағы мүгедекке 250 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
II-топтағы мүгедекке 150 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
III-топтағы мүгедекке 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
осы баптың жетiншi бөлiгiнде көзделгендей жағдайда: ауыр жарақат үшiн 12 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, жеңiл жарақат үшiн 4 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде бiр жолғы өтемдерi төленедi.
Мемлекет әскери қызметшiлерге мемлекеттiк органдардың, меншiк түрлерiне қарамастан кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң, сондай-ақ лауазымды адамдардың;
қылмыстық және өзге де жауапкершiлiкке заңсыз тартуы;
тыйым салу жазасы ретiнде қамауға алуды заңсыз қолдануы;
заңсыз соттауы;
оның өз мүлкiн бүлдiруi, жоюы немесе жоғалтуы;
денесiне зақым келтiруi;
қызметiн немесе әскери атағын заңсыз төмендетуi;
құқықтарынан, жеңiлдiктер мен артықшылықтардан заңсыз айыруы;
шарт ережелерiн сақтамауы салдарынан келтiрiлген моральдық және материалдық нұқсанды өтеуге кепiлдiк бередi.
Аталған жағдайларда мемлекеттiк өкiмет органдарының, жоғары тұрған командованиенiң немесе сот органдарының шешiмi бойынша әскери қызметшiлердiң қызмет, зейнеткерлiк, басқа да жеке және мүлiктiк құқықтары қалпына келтiрiлiп, кiнәлiлер немесе республикалық бюджет есебiнен зияны өтеледi.
15-бап. Бiлiм алу. Мәдени өмiрге қатысу
Әскери қызметшiлер әскери-оқу орындарында, ал офицерлер, прапорщиктер мен мичмандар оған қоса қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарында (факультеттерiнде) оқуға құқылы.
Жоғары және орта әскери оқу орындары тектес (шектес) азаматтық салаларда мамандар даярлау жөнiндегi бағдарламаны бiр мезгiлде арнаулы бағдарламамен жүзеге асырып, бiтiрушiлерге бiлiмi туралы тиiстi құжаттар бередi.
Офицерлерге, прапорщиктерге, мичмандарға, әскери қызметшi әйелдерге, сондай-ақ шарт бойынша қызметтен өтушi әскери қызметшiлерге Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгi мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң келiсiмiмен кешкi және сырттан оқыту түрiндегi азаматтық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқуға рұқсат етiлiп, сессияларды және қорытынды емтихандарды тапсыру үшiн демалыс берiледi.
Прапорщиктер мен мичмандарға, шарт бойынша қызметтен өтушi әскери қызметшiлерге, әскери қызметшi әйелдерге өздерi әскери қызметтен өтетiн жер бойынша жалпы бiлiм беретiн кешкi орта мектептерде, сондай-ақ жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсу үшiн дайындық курстарында оқуға рұқсат етiледi, мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлердiң азаматтық жоғары және орта бiлiм беретiн, арнаулы оқу орындарында оқуына болмайды.
Оқып жүрген кезiнде әскери қызметке шақырылған адамдардың әскери қызметтен босатылғаннан кейiн әскерге шақырылғанға дейiн оқыған оқу орнында оқуын жалғастыру үшiн оған алыну құқығы сақталады.
Әскери қызметтен босатылған және жақсы мiнездемесi бар азаматтар жоғары, арнаулы орта және кәсiптiк-техникалық оқу орындарына және жоғары оқу орындары жанындағы дайындық бөлiмдерiне, сондай-ақ кәсiптiк оқу курстарына түсуде басымдық берiлетiн құқықты пайдаланады. Әскери қызметтен босаған, әскери бөлiмдердiң ұсынысы бойынша жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсушi азаматтар өздерi қабылдау емтихандарында қанағаттанарлық баға алған жағдайда осы оқу орындарына конкурстан тыс алыну құқығын пайдаланады.
Даярлық саласы бойынша әскери мамандығына тектес жоғары немесе арнаулы орта азаматтық бiлiмi бар офицерлер осы мамандық бойынша әскери қызметтен өту кезiнде бiлiмi жағынан тиiсiнше жоғары немесе орта әскери-оқу орындарын бiтiрген адамдарға теңестiрiледi. Жоғары оқу орындарын бiтiрген және әскери қызметтен босағаннан кейiн азаматтық оқу орындарына оқытушылық жұмысқа қабылданған офицерлер бiлiмi жағынан педагогика институттарын бiтiрген адамдарға теңестiрiледi.
Орта әскери-оқу орындарын бiтiрген, әскери қызметтен босағаннан кейiн азаматтық оқу орындарына оқытушылық жұмысқа қабылданған офицерлер бiлiмi және еңбекке ақы төлеу жағынан педагогтық саланың арнаулы орта оқу орындарын бiтiрген адамдарға теңестiрiледi.
Әскери командование қарамағындағы әскери қызметшiлерге патриоттық, адамгершiлiк және эстетикалық тәрбие беру жөнiндегi шаралар жүйесiн әзiрлеп, жүзеге асыруға, олардың бойына ұлттық дәстүрлердi, тiлдi құрметтеу сезiмiн дарытуға, көркем шығармашылықты дамытуға мiндеттi.
ҚР 07.04.99 ж. N 374-I; 10.10.01 ж. N 247-II Заңдарымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Көлiкте жүру. Почта жiберiлiмдерi
Офицерлердiң, прапорщиктердiң, мичмандардың, әскери қызметшi әйелдердiң және шарт бойынша қызметiн өтеушi адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында қызмет бабымен орын ауыстырғанда және әскери қызметтен босағанда стационарда емделуге барып, қайтқанда темiр жол, әуе қатынасы, су және автомобиль көлiгiмен тегiн жүру, бұған қоса он тоннаға дейiн өз мүлкiн тегiн тасымалдауға құқығы бар.
Әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерден басқасы) отбасыларының мүшелерiне, бiрге жүретiнiне әскери қызметшiлер қызмет бабымен орын ауыстырған және олар әскери қызметтен босатылған кезде тегiн жүрiп-тұруға олармен бiрдей жеңiлдiктер берiледi.
Аталған жағдайлардағы шығындар Қорғаныс министрлiгiнiң, әскери қызметшiлер әскери қызметте тұратын басқа да министрлiктер мен ұйымдардың қаражаты есебiнен жасалады.
Жергiлiктi өкiлдi органдар мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерге қала iшiнде, қала маңына және жергiлiктi жерлерде қатынайтын қоғамдық көлiктiң барлық түрiне (таксиден басқа) жол жүруге жергiлiктi бюджеттер қаражаты есебiнен жеңiлдiктер беруге құқылы.
Әскери қызметшiлер қызмет бабымен iссапарға, жаңа әскери қызмет орнына, сондай-ақ демалысын пайдалану орнына бара жатқанда және қайтарында көлiктiң барлық түрiне жүру құжаттарын кезектен тыс сатып алуға құқылы. Бұл орайда қызмет бабымен iссапарға жiберiлген әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерден, әскери-оқу орындарының курсанттарынан басқасы) iссапар куәлiгi бойынша мейманханалардан орындарды сақтатып қою және кезектен тыс алу құқығын пайдаланады.
Мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерге пошта жiберiлiмдерi үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде ақшалай өтем төленедi.
Мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiнiң стационарда емделуге барып, қайтқанда, әскери қызметтен босағанда, сондай-ақ демалысқа барып, қайтқанда Қазақстан Республикасының аумағында темiр жол, әуе, су және автомобиль көлiгiмен тегiн жүруге құқығы бар.
ҚР 10.10.01 ж. N 247-II Заңымен 17-бап өзгертілді
17-бап. Азаматтарды әскери қызметтен босату
және оларды еңбекке орналастыру
Әскери қызметшiлер "Жалпыға бiрдей әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әскери қызметтен босатылуға құқылы.
20 және одан да көп жыл қызмет атқарған әскери қызметшiлердi олардың өздерi мен отбасы мүшелерiне заңдарда белгiленген нормалар бойынша тұрғын жай бермейiнше, әскери қызметтен жасына, денсаулық жағдайына, штат қысқартылуына байланысты босатуға болмайды.
Офицерлердi, прапорщиктердi, мичмандарды, әскери қызметшi әйелдердi, шарт бойынша қызметтен өтушi әскери қызметшiлердi әскери қызметтен заңсыз босатқан ретте осыған байланысты келтiрiлген зиян Қорғаныс министрлiгi және басқа министрлiктер мен ведомстволар есебiнен толық көлемiнде өтелiп, келтiрiлген зиян кейiннен кiнәлi адамдардан ұсталуға тиiс. Негiзсiз босатылған әскери қызметшiлер бұрынғы лауазымымен (ал оның келiсiмi бойынша оған тең немесе төмен) әскери қызметке орналастырылады және заңсыз босатылғаннан кейiн алмаған қаражаттың барлық түрлерiмен қамтамасыз етiледi. Бұл кезең қызмет еткен жылына және кезектi әскери атақ беру үшiн қызмет еткен мерзiмiне қосылады.
Аталған реттерде әскери қызметшiлердi қайтадан әскери қызметке алу және оларға келтiрiлген зиянды өтеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Әскери қызметшiлерге әскери қызметтен босатылған кезде мынадай бiр жолғы жәрдемақы төленедi:
жасына, ауыруына, денсаулық жағдайының шектелуiне немесе штат қысқартылуына байланысты босатылған офицерлерге, прапорщиктерге, мичмандарға, әскери қызметшi әйелдерге, шарт бойынша қызметтен өтушi әскери қызметшiлерге;
Ескерту. Әскери қызметтен басқа негiздер бойынша босатылған азаматтарға бiр жолы төленетiн жәрдемақының құрамы мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
әскери қызметте 10 жылдан 15 күнтiзбелiк жылға дейiн қызмет еткендерге - ақшалай қаражатының төрт айлықақысы;
15 жылдан 20 жылға дейiн - ақшалай қаражатының бес айлықақысы;
20 жылдан 25 жылға дейiн - ақшалай қаражатының алты айлықақысы;
25 жылдан 30 жылға дейiн - ақшалай қаражатының жетi айлықақысы;
30 жылдан көп - ақшалай қаражатының сегiз айлықақысы;
мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерге - айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде, ал ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жетiм балалар қатарындағы аталған адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде төленедi.
Әскери қызметтен өту кезеңiнде мемлекеттiк орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшiлерге берiлетiн бiр жолғы жәрдемақының мөлшерi ақшалай қаражаттың екi айлықақысына көбейтiледi.
Әскери қызметтен босатылған азаматтарды еңбекке орналастыру және олардың мамандық алуы халықты жұмыспен қамту туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
Сонымен бiрге әскери қызметтен босаған адамдарға еңбекке орналастыру жөнiнде мынадай қосымша құқықтар белгiленедi:
мемлекеттiк жұмыспен қамту органына немесе кәсiпорынға, мекемеге немесе ұйымға өтiнiш жасаған жағдайда олардың мамандығын не алған кәсiбiн ескере отырып, бiрiншi кезекте жұмыс беру;
шақырылғанға дейiн кәсiпорындарда, мекемелерде, ұйымдарда жұмыс iстеген және мерзiмдi әскери қызметтен өткен азаматтар, сондай-ақ әскери қызметке запастан 2 жылға шақырылған офицерлер әскери қызметтен босатылғаннан кейiн нақ сол кәсiпорында, мекемеде, ұйымда не олардың құқық мирасқорында әскери қызметке шақырылғанға дейiн атқарғанына тең жұмысқа орналасу құқығын 3 ай өткенге дейiн сақтау. Бұрын мерзiмдi әскери қызметке не запастан офицер лауазымына 2 жылға шақырылған азаматтар атқарып келген лауазымды атқару тәртiбiнде қабылданған қызметкерлермен мерзiмдi еңбек шарты жасалып, ол әскери қызметшi әскери қызметтен босатылғаннан кейiн бұрынғы жұмысына қайтып келген кезде бұзылады;
қызметкерлердiң саны немесе штат қысқартылған жағдайда олардың алғашқы жұмысқа орналасқан жұмыста қалуына басымдықты құқық берiледi;
мерзiмдi әскери қызметтен өтуден кейiн босатылып, бұрынғы жұмыс орнына қабылданған азаматтарға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiп бойынша бастапқыда шаруашылығын ұйымдастыруға материалдық көмек беру.
Әскери қызметтен зейнетақы құқығынсыз босатылған адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
III Бөлiм. Әскери қызметшiлердiң мiндеттерi
18-бап. Жалпы мiндеттер
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк егемендiгiн қорғау, оның сыртқы және iшкi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қарулы шабуылға тойтарыс беру және агрессорды жеңiлiске ұшырату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерiн қорғау мен оның халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес мiндеттердi орындау жауынгерлiк борыштың мәнi болып табылады, ол әскери қызметшiлердi:
- әскери антқа адал болуға, өз халқына қалтқысыз қызмет етуге, өз Отанын каhармандықпен және шеберлiкпен қорғауға;
- Қазақстан Республикасының Конституциясы мен мемлекет заңдарын, әскери жарғылардың талаптарын қатаң сақтауға, командирлерге (бастықтарға) сөзсiз бағынуға, олардың бұйрықтарын дәл және мерзiмiнде орындауға;
- өз халқының қорғаушысы абыройын және жауынгерлiк даңқын, әскери атақтың абыройын және жауынгерлiк жолдастықты қымбат тұтуға;
- әскери шеберлiктi жетiлдiре беруге, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдануға әрдайым әзiр ұстауға, әскери мүлiктi сақтауға;
- тәртiптi, қырағы болуы, мемлекеттiк, әскери және қызметтiк құпияның ашылуына жол бермеуге, шарт бойынша мiндеттемелердi қатаң сақтауға мiндеттейдi.
19-бап. Қызметтiк және арнаулы мiндеттер
Әскери қызметшiлердiң қызметтiк мiндеттерi мен осы мiндеттердi орындау тәртiбi әскери жарғылармен және басқа нормативтiк актiлермен белгiленедi.
Командирлер (бастықтар) дара басшылар болып табылады және бейбiт кез бен соғыс уақытында қарамағындағылардың өмiрi мен қызметiнiң барлық жағына, атап айтқанда: тұрақты жауынгерлiк және жұмылдырушылық әзiрлiкке, олардың жауынгерлiк мiндеттердi ойдағыдай орындауына; адам құрамының жауынгерлiк әзiрлiгiне, әскери тәртiбiне, моральдық-психологиялық жай-күйiне және әскери қызметтiң қауiпсiздiгiне; қару-жарақтың, әскери техника мен мүлiктiң жай-күйiне және сақталуына; материалдық-техникалық, медициналық, қаржылық және тұрмыстық жағынан қамтамасыз етуге жауап бередi.
Әскери қызметшiлер жауынгерлiк кезекшiлiкте (жауынгерлiк қызметте), тәулiктiк және гарнизондық нарядта жүргенде, сондай-ақ дүлей апаттар мен басқа да төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға қатыстырылған кезде арнаулы мiндеттердi орындайды. Аталған мiндеттер мен оларды орындау тәртiбi заң актiлерiмен, әскери жарғылармен және солардың негiзiнде әзiрленген басқа да нормативтiк актiлермен белгiленедi.