Арнаулы білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2005 жылғы 3 ақпандағы № 100 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 Қаулысымен күші жойылды
«Бiлiм туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңының 9-бабын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Арнаулы білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесі бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2005 жылғы 3 ақпандағы
№ 100 қаулысымен
бекітілген
Арнаулы білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Арнаулы білiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi Қазақстан Республикасының «Бiлiм туралы» және «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Заңдарына сәйкес әзiрлендi және меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, арнаулы білім беру ұйымдары қызметiнiң тәртібін айқындайды.
2. Дамуында түрлi ауытқулары мен кемiстiгi бар, емделуге және психологиялық-педагогикалық тұрғыда түзетуге, диагностикаға мұқтаж балалар үшiн арнаулы білім беру ұйымдары құрылады.
Ұзақ емделуге мұқтаж балалар, сондай-ақ дамуында кемтар болып қалған балалар арнаулы түзету білім беру ұйымдарында оқытылады және тәрбиеленедi әрi оларды мемлекет толық қамтамасыз етедi.
Девианттық мiнез-құлықты балалар арнаулы білім беру ұйымдарында және ерекше ұстау режимiндегі білім беру ұйымдарында тәрбиеленедi және оларды мемлекет толық қамтамасыз етедi.
2. Арнаулы ұйымдардың қызметiн ұйымдастыру
3. Арнаулы білім беру ұйымдары арнаулы білім беру бағдарламаларын iске асырады.
4. Арнаулы білім беру ұйымдары жалпы білім беретiн ұйыммен негiзгі мiндеттердi шеше отырып, балалар мен жасөспiрiмдердiң бойындағы жоғалтқан функцияларын қалпына келтiруге, бастапқы және қайталама ауытқуды түзетуге; сақталған талдауыштардың функцияларын дамытуға; оларды әлеуметтiк-еңбекке бейiмдеуге, оңалтуға және қоғамға кiрiктiруге ықпал ететiн компенсаторлық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған айрықша функцияларды бiр мезгiлде орындайды.
Бұдан басқа, олардың алдында мынадай мiндеттер тұр:
азаматтық пен патриоттыққа, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйiспеншiлiкке, мемлекеттік рәмiздердi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көрiнiстерге төзбеуге тәрбиелеу;
республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне қатысу қажеттілігiн, жеке адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы көзқарасын қалыптастыру;
әлемдiк және отандық мәдениеттiң жетiстiктерiне баурау; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу; мемлекеттік, орыс, шет тілдерiн игеру;
оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім берудi ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желiлерге шығу.
5. Дамуында кемтар болып қалған балаларға арналған арнаулы түзету білім беру ұйымдары жалпы білім беру бағдарламаларын iске асырады.
Бiлiм беру процесiнiң нақты мiндеттерi мен ерекшелiгiне, білім алушыларды, тәрбиеленушiлердi оңалту жөнiндегі қызметiнiң бағыттарына, сондай-ақ iске асырылатын білім беру бағдарламаларының деңгейiне қарай арнаулы түзету білім беру ұйымдары мынадай дамуында кемтар болып қалған:
1) есту қабiлетi бұзылған (естiмейтін (саңырау), нашар еститiн, кейiннен саңырау болып қалған);
2) көру қабiлетi бұзылған (көзi көрмейтiн (зағип), нашар көретiн, кейiннен соқыр болып қалған);
3) сөйлеу қабiлетi бұзылған;
4) тiрек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылған;
5) психикалық дамуы тежелген;
6) ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлiк бұзылыстары);
7) эмоциялық-еркi жағынан және мiнез-құлқы бұзылған;
8) күрделi бұзылыстары бар, оның iшiнде соқыр-саңырау болып қалған балаларға арналып құрылады.
6. Арнаулы түзету білім беру ұйымдарының желісін қалыптастыруды кемтар балалар мен жасөспiрiмдердiң білім алу қажеттiлiктерiн барынша қанағаттандыру мақсатында осы қызметтi реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес білім беру саласындағы орталық атқарушы орган жүзеге асырады.
3. Бiлiм беру процесi
7. Арнаулы ұйымдар білім алушыларды оқытудың нысандарын, құралдары мен әдiстерiн, ағымдағы бақылауды және оларды аралық аттестаттаудың кезеңдiлiгiн дербес таңдайды.
8. Арнаулы ұйымда білім беру процесiн ұйымдастыру оқу жоспарының негiзiнде құрылады әрi жылдық күнтiзбелiк оқу кестесiмен және сабақ кестесiмен регламенттеледi.
9. Бiлiм алушының жеке басының қажеттiлiктерi мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, білім беру бағдарламалары арнаулы ұйымдарда қашықтықтан оқыту және экстернат нысанында игерiлуi мүмкiн. Бiлiм алудың әртүрлi нысандарын ұштастыруға жол берiледi.
10. Нақты арнаулы ұйымдағы білім берудiң мазмұны жалпы орта білім берудiң мемлекеттік жалпыға мiндеттi стандарттарын ескере отырып, iске асырылатын бағдарламалармен және оқу жоспарларымен айқындалады.
11. Арнаулы түзету ұйымдарында дамуында тиісті ауытқулары бар мектеп жасына дейiнгі балаларға арналған бөлiмшелер немесе топтар құрылуы мүмкін.
Арнаулы түзету ұйымдарында, сондай-ақ қажет болған жағдайда, ата-аналар (заңды өкiлдер), дамуында проблемалары бар жасөспiрiмдер мен жастар үшін консультациялық пункттер, кәсіптік мектептердiң арнайы топтары, бітірушілерді қосымша еңбекке даярлау және қайта даярлау орталықтары ашылуы мүмкiн.
12. Есту, көру, тiрек-қозғалыс аппараты функциясының бұзылыстары бар балаларға арналған арнаулы түзету ұйымдарының құрамында ақыл-ойы кеміс (зияткерлік бұзылыстары бap) балалар және психикалық дамуы тежелген балалар үшiн, арнаулы сыныптар, түзету ұйымдарының барлық түрлерiнде күрделi құрылымдық кемiстiгi бар балалар үшiн арнаулы сыныптар құрылуы мүмкін.
13. Арнаулы түзету ұйымы педагогикалық кеңесiнің шешiмi бойынша ақыл-ойы кемiс (зияткерлiк бұзылыстары бар) балалар үшiн және қажеттi жағдай болған кезде ақыл-ойы тым кемiс балалар үшiн арнаулы сыныптар ашылуы мүмкiн.
14. Әлеуметтiк-тұрмыстық бағдары бойынша факультативтiк сабақтар өткізу кезiнде сынып екi топқа бөлiнедi. Қоғамға пайдалы өндiргiш еңбектi ұйымдастыру кезiнде 5-сыныптан бастап, оқушылардың еңбекке даярлығы бейiнiн ескере отырып, сынып топтарға бөлінеді.
Кәсіби-еңбекке үйрету жөніндегі сабақтар үшін сыныптар, 5-сыныптан бастап, ал ақыл-ойы кемiс балалар үшiн 4-сыныптан бастап екi топқа бөлiнедi. Топтарды еңбектің түрлерi бойынша жинақтау оқушылардың психикалық-дене жағдайы мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, дәрiгердiң ұсынымдары негiзiнде жүзеге асырылады.
Топтағы балалар саны Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
15. Бiлiм беру процесін жүзеге асыру үшін арнаулы ұйымдағы сыныптардың саны санитарлық нормаларға және шарттарға қарай ұйымның жарғысымен айқындалады.
16. Арнаулы ұйымдағы сабақ кестесi дербес әзірленедi және бекітіледi.
Кестеде оқу сабақтарының күнделiкті саны, ұзақтығы мен кезегi көрсетiледі.
Сабақтың ұзақтығы 45 минут. Оқу сабақтары ұйымдарда сағат 8-ден ерте басталмауы тиіс.
17. Арнаулы ұйымдар білім берудің мемлекеттік жалпыға мiндеттi білім беру стандартына сәйкес мемлекеттік, орыс және басқа тілдердiң оқытылуын және дамытылуын қамтамасыз етедi.
4. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру
18. Арнаулы ұйымдардың оқу-тәрбие қызметi мемлекеттік жалпыға мiндеттi білiм беру стандарттары негiзiнде әзiрленген оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Арнаулы түзету ұйымында білім берудiң мазмұны тәрбиеленушiлердiң психикалық-дене дамуының және жеке мүмкiндiктерiнiң ерекшелiктерiн ескере отырып әзiрленетiн білiм беру бағдарламасымен (білім беру бағдарламаларымен) айқындалады.
Дамуында кемтар болып балалар үшiн білім алушылар мен тәрбиеленушiлердiң даму ерекшелiктерi мен әлеуеттi мүмкiндiктерi ескерiлетiн, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсынымдарын ескере отырып, айқындалатын арнаулы білім беру бағдарламалары әзiрленедi.
19. Оқу-тәрбие процесi баланың психологиялық-медициналық-педагогикалық және клиникалық зерделеу деректерiне негiзделген, сараланған және жеке тұрғыдан келу қағидаттарының негiзiнде жүзеге асырылады. Балалардың сөйлеуiнiң, назарының, жұмысқа қабiлетiнiң ерекшелiктерiн, олардың даму серпiнiн, оқушылардың нақты білімдерiн, олардың оқу материалын меңгеруiнiң мүмкiндiктерi мен ерекшелiктерiн анықтауды жүйелi зерделеу оқушының даму перспективасын анықтау және түзеу жұмысының құралдарын таңдау үшiн жүргiзiледi.
20. Оқу апталығының ұзақтығын тиiстi білім берудi басқару органының келісімiмен педагогикалық кеңес белгiлейдi және ол жарғыда бекітіледi.
21. Тәрбиеленушiлердiң дамуындағы ауытқуларды жеңу мақсатында арнаулы түзету ұйымында топтық және жеке түзету сабақтары жүргiзiледi.
22. Арнаулы ұйымның педагогикалық кеңесi мемлекеттік жалпыға мiндеттi білім беру стандарттары шеңберiнде оқуда қиындық көретiн оқушыларға да, аса қабiлеттi оқушыларға да арналған оқытудың жеке бағдарламаларын және оқу жоспарларын бекiтедi.
23. Арнаулы ұйымда еңбекке баулу жұмысшы кадрларға деген қажеттiлiкке бағдарланған өңiрлiк, жергiлiктi жағдайларды негiзге алып және жеке еңбек қызметiне тәрбиеленушiнi даярлауды өзiне қамтитын еңбек бейiнiн, таңдау негiзiнде тәрбиеленушiлер мен олардың ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң), психикалық-дене дамуының жеке ерекшелiктерiн, денсаулығын, мүмкiндiктерiн, сондай-ақ қызығушылығын ескере отырып жүзеге асырылады.
5. Білім беру процесiнiң субъектiлерi
24. Арнаулы ұйымның педагогикалық және медициналық қызметкерлерi, білім алушылар, тәрбиеленушiлер және олардың ата-аналары (заңды өкiлдерi) білім беру процесiнiң субъектiлерi болып табылады.
25. Балаларды кемтар балаларға арналған арнаулы түзету білім беру ұйымдарына жiберудi ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) келісімiмен ғана және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (бұдан әрi - ПМПК) қорытындысы бойынша білiм берудi басқару органдары жүзеге асырады.
Балалар мен жасөспiрiмдердi арнаулы білім беру ұйымдарына және девианттық мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарға арналған ерекше ұстау режимiндегі білім беру ұйымдарына жiберу сот шешiмiнiң негiзiнде кәмелетке толмағандардың iстерi және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша жүзеге асырылады.
Арнаулы түзету ұйымының көмекшi сыныбына (тобына) тәрбиеленушілер ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) келісімiмен ПМПК-ның қорытындысы негiзiнде түзету ұйымында бiр жыл оқығаннан кейiн ғана ауыстырылады.
Кемiстiк құрылымы күрделі тәрбиеленушiлерге арналған сыныптар (топтар) арнаулы түзету ұйымында осындай тәрбиеленушiлердiң айқындалуына қарай психологиялық-медициналық-педагогикалық бақылаудың барысында білім беру процесi жағдайында жинақталады.
26. Тәрбиеленушiнi арнаулы түзету ұйымынан басқа білім беру ұйымына ауыстыруды білім берудi басқару органдары ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) келісімiмен және ПМПК-ның қорытындысы негiзiнде жүзеге асырады.
27. Жалпы білім беру бағдарламаларын игеру кезiнде ерекше жетiстiкке жеткен арнаулы ұйымдардың бiтiрушiлерiне үздiк бағалы құжаттар берiледi.
Бiлiм алуды аяқтамаған орта мектеп бiтiрушiлерiне белгіленген үлгідегі анықтама берiледi.
Көру, есту және тiрек-қозғалыс аппараты функциясының бұзылыстары бар балаларға арналған арнаулы түзету ұйымдарының, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарының және девианттық мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарға арналған ерекше ұстау режимiндегі білім беру ұйымдарының мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан сәттi өткен бiтiрушiлерiне ұйымның мөрi басылған, тиiстi білімi туралы мемлекеттік үлгiдегi құжат берiледi.
Ақыл-ойы кемiс (зияткерлiк бұзылыстары бap) балаларға арналған арнаулы түзету ұйымының бiтiрушiлерi ұйымның осы түрi үшін белгіленген үлгiдегi куәлiк алады.
28. Арнаулы ұйымның персоналын жинақтау тәртібі оның жарғысымен және тиiстi нормативтiк құқықтық кесiмдермен регламенттеледi.
29. Жалпы орта білім берудiң негiзгі және жоғарғы сатысындағы мұғалімдер үшiн нормативтiк оқу жүктемесi аптасына 18 сағатты, бастауыш сатыдағы мұғалiмдер үшiн - 20 сағатты, тәрбиешiлер үшiн - 25 сағатты құрайды. Ағымдағы жылға белгiленген оқу жүктемесiнiң көлемі әкiмшiлiктiң бастамасымен осы жылдың аяғына дейiн азайтыла алмайды.
30. Арнаулы ұйымда медициналық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы ұйымның әкiмшiлiгiмен бiрлесе отырып, тәрбиеленушiлердiң денсаулығын қорғауға және олардың психикалық-дене жағдайын нығайтуға, диспансерлеуге, алдын алу iс-шараларын өткізуге жауап беретiн және санитарлық-гигиеналық әрi эпидемияға қарсы режимдi, дене тәрбиесi мен шынығуды, тамақтандыруды, оның iшiнде емдәмдiк тамақтандыруды ұйымдастыруды бақылайтын штаттағы медицина қызметкерлерi жүзеге асырады.
31. Медицина қызметкерлерi педагогтарға жеке және сараланған тәсiлдi ұйымдастыруға көмек көрсетедi, тәрбиеленушiлерге олардың денсаулығы мен даму ерекшелiктерiн ескере отырып, медициналық-педагогикалық түзеу, еңбекке баулудың бейiнiн таңдау, кәсiби бағдар беру, жұмысқа орналастыру бойынша; ата-аналарға (заңды өкiлдерге) аурудың алдын алу мақсатында үйдегi жағдайда қорғау режимiн сақтау қажеттiлігі туралы ұсынымдар бередi.
32. Арнаулы түзету ұйымдарында дәрi-дәрмектiк және физиотерапевтiк емдеу, климаттық емдеу және шынығу, емдiк дене шынықтыру, массаж бен психотерапия жүргiзiледi.
5. Арнаулы білім беру ұйымын басқару
33. Арнаулы ұйымды басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Ережеге және оқу орнының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
Алқалық басқарудың нысандары ұйымның кеңесi, қамқоршылық кеңес, педагогикалық кеңес болып табылады.
Арнаулы ұйымды тiкелей басқаруды облыстардың (қалалардың, аудандардың), республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi білім берудi басқару органының келісімiмен, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен үш жылда бiр рет аттестаттаудан өтетiн, құрылтайшы тағайындайтын директор жүзеге асырады.
34. Арнаулы ұйымның директоры өз жұмысында «Бiлiм туралы» Қазақстан Республикасының Заңын және басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдердi басшылыққа алады. Ұйымның кеңесi мен директордың арасындағы өкiлдiктердi ажырату білім беру ұйымының жарғысымен айқындалады.
Арнаулы ұйымның директоры оқу орнының жарғысына сәйкес білім берудi басқару уәкiлеттi органының келісімiмен өз орынбасарларын қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады. Оларды тағайындау және босату тәртібі білім беру ұйымының жарғысымен айқындалады.
35. Арнаулы ұйымдар оқу-тәрбие процесiн, жүзеге асыруды, кадрларды таңдау мен орналастыруды, ғылыми, қаржы-шаруашылық және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормалар шегiнде өзге де қызметтi дербес жүзеге асырады.
36. Арнаулы ұйымдар қызметкерлерiнiң құқықтары, мiндеттерi, әлеуметтiк кепiлдiктерi мен жеңiлдiктерi «Бiлiм туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдермен айқындалады.
7. Арнаулы ұйымның материалдық базасы, қаржыландыру
37. Арнаулы ұйымдар жергiлiктi жағдайларға қарай, қосалқы шаруашылық, оқу-тәжiрибе телiмiн және оқу-өндiрiстiк шеберханалар құруы мүмкін.
38. Бiлiм беру ұйымдарының халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және халықаралық шарттар, келісімдер, конвенциялар негізiнде жүзеге асырылады.
8. Арнаулы ұйымды қайта ұйымдастыру
және тарату тәртібі
39. Арнаулы ұйымды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.