Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесін бекіту
туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 қаңтардағы № 59 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 Қаулысымен күші жойылды
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | | | | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2005 жылғы 25 қаңтардағы
№ 59 қаулысымен
бекітілген
Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған
балаларға арналған білім беру ұйымдары қызметінің
үлгі ережесі
1. Негiзгi ережелер
1. Осы Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi (бұдан әрi - Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңына сәйкес әзiрленген және меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының қызметiн реттейдi.
2. Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары (бұдан әрi - білім беру ұйымы) жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұратын орын берiп, олардың тәрбиеленуiне, білім алуына қолайлы жағдай жасалатын білім беру жүйесiнiң ұйымдары болып табылады.
2. Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз
қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының
түрлерi және оларға қойылатын талаптар
3. Білім беру ұйымдары мынадай түрде құрылуы мүмкiн:
жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат;
сәбилер үйі;
жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйі;
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кемтар балаларға арналған балалар үйі;
отбасы үлгісі бойынша балалар үйі;
отбасылық үлгiдегi балалар үйi;
«балалар үйi-мектеп-кәсiптiк мектеп» кешенi;
отбасылық үлгідегi балалар ауылы;
жастар үйi;
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың уақытша болуына арналған орталық (баспана) және басқалар.
Білім беру ұйымдары мемлекеттік, жеке меншiк болуы мүмкiн.
4. Білім беру ұйымы заңды тұлға болып табылады, оның оқшауланған мүлкi, өз атауы жазылған мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегі бланкілерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкте шоты болады.
Білім беру ұйымы тәрбие бағдарламасын тәрбиеленушілердiң психикалық-физиологиялық ерекшелiктерiне, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың денсаулығын сақтау, құқықтары мен мүдделерiн қорғау талаптарына сәйкес дербес әзiрлейдi.
5. Білім беру ұйымы өз қызметін «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, заңға тәуелді нормативтiк кесiмдерге, осы Ережеге және ұйымның жарғысына сәйкес жүзеге асырады.
6. Білім беру ұйымдары нақты мiндеттерi мен балаларды ұстау, оқыту және тәрбиелеу, қызмет режимi ерекшелiктерiне қойылатын талаптарға қарай: ерте және мектепке дейінгі жастағы балалар үшiн;
мектеп жасындағы балалар үшін;
ерте, мектепке дейiнгі және мектеп жасындағы балалар үшiн;
білім беру ұйымдарын бітірушілер үшiн құрылады.
7. Білiм беру ұйымдарында әр жастағы және бірыңғай жастағы балалардан тәрбиелеу топтары құрыла алады.
8. Білім беру ұйымының тәрбиешiлерi үшiн нормативтік жүктеме аптасына 25 сағатты құрайды.
9. Аумағында ұйым орналасқан жергiлiктi білім берудi басқару органдары меншiк нысанына қарамастан, жергiлiктi бағынысты ұйымдарда оқу-тәрбие процесі мазмұнының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкестiгiн, балалардың өмiр сүру, оқу және тәрбиелену жағдайларын, осы ұйымның басшы және педагогикалық кадрлармен толықтырылуын мерзiмдi бақылауды жүзеге асырады, оқу-тәрбие процесінде әдiстемелiк көмек көрсетедi.
10. Білім беру ұйымында медициналық қызмет көрсетудi ұйымның әкiмшiлігімен бірлесе отырып, балалардың денсаулығын қорғауды, олардың психикалық-дене жағдайын нығайтуды, алдын алу іс-шараларын жүргізудi, ұйымның санитарлық-гигиеналық жағдайын, тамақтандырудың, оның iшiнде емдәмдік тамақтандырудың ұйымдастырылуын бақылауды қамтамасыз eтeтiн штаттық медициналық персонал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
3. Тәрбиеленушiлердi қабылдау, ұстау және бiтiрту тәртібі
11. Білім беру ұйымына бүкіл күнтiзбелiк жыл бойында туылғаннан бастап 18 жасқа дейiнгі (жастар үйлерiне - 23 жасқа дейінгі балалар үйлері мен балалар ауылының бiтiрушілерi):
жетiм балалар;
ата-аналық құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасының хабарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабілетi шектелуi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемесiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады.
12. Медициналық көрсеткiштер бойынша немесе басқа бір себептермен бұл балаларды тәрбиелеу мен оқыту бөлек жүзеге асырылуы тиiс болатын жағдайларды қоспағанда, бір отбасының мүшелерi немесе туыстық қатынастағы балалар бір білім беру ұйымына жiберіледi.
13. Ұйымға жiберілетiн әр балаға мынадай құжаттар ұсынылады:
білім беру ұйымына жiберу туралы жергілікті атқарушы органдардың шешiмi;
туу туралы куәлiк;
денсаулық жағдайы мен екпелерi туралы медициналық құжаттар;
білім туралы құжаттар (мектеп жасындағы балалар үшiн);
баланың өмiр сүру жағдайын тексеру актiсi;
ата-анасы немесе оларды алмастыратын адамдар туралы мәлiметтер (ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәлiктердiң көшiрмелерi, соттың шешiмi, ата-анасының ауруы немесе оларды iздестiру туралы анықтама және ата-анасының жоқтығын немесе олардың өз балаларын тәрбиелеуге мүмкiндігі жоқтығын растайтын басқа да құжаттар);
аға-iнiлерiнiң, апа-сiңлiлерiнiң және басқа да жақын туыстарының бар-жоғы және олардың тұратын жерi туралы анықтама;
ата-анасы қайтыс болғаннан кейiн қалған мүлiктердiң тiзiмдемесi, оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәлiметтер;
кәмелетке толмағандарға тұрғын үй алаңын бекітіп беру туралы құжаттар;
зейнетақы, жәрдемақы алатындардың зейнетақы кiтапшасы, алимент өндiрiп алу туралы сот шешiмiнiң көшiрмесi (оларды балаға ата-анасының бірi немесе оны алмастыратын адам алатын кезде).
14. Бір білім беру ұйымынан екiншiсiне ауысқанда немесе бiтiрген кезде тәрбиеленушiге:
туу туралы куәлiк (жеке куәлiк);
ұйымда болғаны туралы анықтама;
денсаулық жағдайы мен екпелерi туралы анықтама;
білімi туралы құжат;
ата-анасы немесе туысқандары туралы мәлiметтер;
егер жеке iсiнде осындай болса, мүлiкке, ақшалай қаражатқа, бұрын ол немесе ата-анасы тұрған тұрғын үй алаңына оның құқығын растайтын құжаттар, зейнетақы және жинақ кiтапшалары, алимент өндiруге арналған орындау парағы және басқа да құжаттар беріледi.
15. Тәрбиеленушілер міндеттерін бұзғаны үшін оларға білім беру ұйымының жарғысында көзделген тәртiптiк ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін.
16. Білім беру ұйымы (отбасылық үлгiдегі балалар үйлерінен, отбасылық үлгідегі балалар ауылынан, жастар үйiнен басқа) тәрбиеленушілерiн бiтiрту ұйымның педагогикалық кеңесiнiң шешiмiмен жүргiзіледi.
4. Оқу-тәрбие жұмысы және тәрбиеленушiлердiң
тұрмысын ұйымдастыру
17. Жалпы білім беретін мектебi бар білім беру ұйымындағы оқу-тәрбие процесi жалпы орта білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орындары қызметiнiң үлгі ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Ұйымдағы тәрбие жұмысы тәрбиеленушілердiң қызығушылығын, бейiмдiлiгі мен психикалық-дене ерекшелiктерiн ескере отырып, балалар мен ересектердiң ынтымақтастығы қағидатымен жүргiзіледi.
Жалпы білім беретiн мектебi жоқ білім беру ұйымы мектеп жасындағы тәрбиеленушілердiң тиiстi жалпы білім беретiн мектепте оқуын қамтамасыз етеді.
18. Білім беру ұйымында тәрбиеленушілердiң патриоттық, азаматтық, интернационалдық, жоғары мораль және адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты ынталары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған әр түрлi клубтар, секциялар, үйiрмелер, студиялар құрылуы мүмкiн.
Білім беру ұйымы тәрбиеленушілердің қызығушылығын ескере отырып, олардың жалпы білім беретiн мектептегі, оқушылар сарайлары мен үйлерiндегі, жас техниктер мен жас натуралистер станцияларындағы, спорт және музыка мектептерiндегі, сондай-ақ басқа да мектептен тыс ұйымдардағы үйiрмелер мен секцияларға баруын қамтамасыз етедi.
19. Білім беру ұйымы тәрбиеленушiлерiнiң зейнетақы және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтiк жәрдемақыларды алу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделедi.
5. Мектепке дейінгі бөлiмнiң (топтың)
жұмысын ұйымдастыру
20. Білім беру ұйымында мектепке дейінгі бөлiмдер (топтар) мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың туыстық қатынастарын сақтау мақсатында құрылады.
21. Мектепке дейінгі бөлiмдер (топтар) өз қызметiнде Мектепке дейінгі мекемелердiң үлгі ережесін және осы Ереженi басшылыққа алады.
22. Ұйымның мектепке дейiнгi бөлiмiнiң тәрбиеленушiлерi мынадай жас топтарына бірiгедi:
туғаннан 3 жасқа дейiн - бірiншi кiшi топ;
3-тен 4 жасқа дейiн - екiншi кiшi топ;
4-тен 5 жасқа дейiн - естиярлар тобы;
5-тен 6 жасқа дейiн - ересектер тобы;
6-дан 7 жасқа дейiн - мектепке даярлау тобы.
Қажет болған жағдайда топтарды әр түрлi жастағы балалардан жинақтауға болады.
23. Мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу, оқыту және олардың күн тәртібі мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытудың жалпыға мiндеттi мемлекеттік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Білім беру ұйымын басқару
24. Білім беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
25. Білім беру ұйымын алқалық басқару нысандары педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңес болып табылады.
26. Білім беру ұйымын тiкелей басқаруды ұйым құрылтайшысы тағайындайтын директор жүзеге асырады.
27. Білім беру ұйымы басшысының мәртебесi осы Ережемен айқындалады және жарғымен бекiтіледi.
28. Білім беру ұйымының басшысы ұйымдастыру қабілетiне ие, жоғары педагогикалық білімi және кемiнде 5 жыл педагогикалық жұмыс стажы бар, үздiк педагогикалық қызметкерлер арасынан тағайындалады.
29. Білім беру ұйымының басшысы:
заңнамада белгіленген тәртiппен ұйым қызметкерлерiн қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады;
өзге де ұйымдармен өзара қатынаста білім беру ұйымын бiлдiредi;
ұйымның жарғысында көзделген өзге де функцияларды орындайды.
Басшының еңбегіне ақы төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделедi.
30. Ұйым қызметкерлерiнiң құқықтары, мiндеттерi, әлеуметтiк кепiлдiктерi мен жеңілдiктерi «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, еңбек заңнамасымен, жарғымен, Iшкi тәртiп ережесiмен айқындалады.
7. Білім беру ұйымының материалдық базасы,
қаржыландыру және есеп беру
31. Білім беру ұйымы жергілікті жағдайларға қарай қосалқы ауыл шаруашылығын, оқу-тәжiрибе телiмiн және оқу-өндiрiстiк шеберханалар құра алады.
32. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мемлекеттік білім беру ұйымы жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
Қосымша қаражат тарту оны қаржыландырудың нормативтерi мен абсолюттiк мөлшерiн қысқартуға әкеп соқтырмайды.
33. Білім беру ұйымы белгiленген нысан бойынша iс қағаздарын жүргiзедi және бағыныстылығына қарай білім беру органдарына есеп бередi.
34. Білім беру ұйымының халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және халықаралық шарттар, келісімдер, конвенциялар негізiнде жүзеге асырылады.
8. Ұйымды қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі
35. Ұйымды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.