Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау туралы ереженi бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1457 Қаулысы
(2013.15.03. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 4 қыркүйектегі № 745 Қалуысымен күші жойылды
«Жануарлар дүниесін қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау туралы ереже бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы | | | | | | | | | А. Есімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2004 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1457 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 2013.15.03. № 247 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрлендi.
Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау (бұдан әрi - жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында басқару, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органның (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) құрылымында ұйымдастырылады.
2. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың мiндеттерi мен функциялары
2. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың негiзгi мiндеттерi:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу;
2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактiлерi жөніндегі ақпаратты, талап-арыздарды және өзге де материалдарды уәкiлеттi, құқық қорғау және сот органдарына жiберу болып табылады.
3. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау өз құзiретiнiң шегiнде заңнамамен белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жануарлар дүниесi объектiлерiн, соның iшiнде жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау;
2) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі ережелер мен нормалардың сақталуын қамтамасыз ету;
3) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, қоныс аудару жолдарын және шоғырлану орындарын сақтау;
4) жануарлар дүниесiнiң, соның iшiнде жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң өсiмiн молайту;
5) жануарлар дүниесiнiң эпизоотикалық жай-күйiн қадағалау және жануарлар арасында эпизоотияның жолын кесу және болдырмау жөнiнде шаралар қабылдау;
6) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану идеясын насихаттау және азаматтарды жануарлар дүниесiне iзгiлiктi және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу.
3. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың ұйымдық құрылымы
ҚР Үкіметінің 2013.15.03. № 247 Қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерiмен айналысатын жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мамандандырылған ұйымдардың қызметкерлерiнен тұрады.
Уәкiлеттi органның жүйесiне кiретiн мамандандырылған ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметкерлерi, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғауды тiкелей жүзеге асыратын облыстық атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі құрылымдық бөлiмшелерiнiң қызметкерлерi жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау қызметкерлерiне (бұдан әрi - лауазымды тұлғалар) теңестiрiледi.
5. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың лауазымды тұлғалары:
директор, бас аңшылық маманы бас ихтиолог, аңшылық маманы ихтиологтар, жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі инспекторлар болып табылады.
6. Директор, бас аңшылық маманы мен бас ихтиологтар уәкiлеттi органның бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметiнен босатылады.
Аңшылық мамандары ихтиологтар, жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі инспекторлар жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау директорының бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметiнен босатылады.
7. Директор жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау жұмысын ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғауға жүктелген мiндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауап бередi.
Директор өзiнiң қызметiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және өзiнiң құзiретi шегiнде:
1) барлық ұйымдарда жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың мүдделерiн бiлдiредi;
2) шарттар жасасады;
3) сенiмхаттар бередi;
4) банк шоттарын ашады;
5) жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың барлық қызметкерлерi үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi;
6) уәкiлеттi органның бұйрығымен тағайындалатындардан басқа, жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау қызметкерлерiн жұмысқа қабылдайды және жұмыстан шығарады;
7) жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау қызметкерлерiне көтермелеу шараларын қолданады және тәртiптiк жазалар салады;
8) бақылаудағы аумақтарды жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі инспекторларға бекітіп берудi жүзеге асырады;
9) жануарлар дүниесі объектiлерi санының есебін жүргiзудi ұйымдастырады;
10) жануарлар дүниесiн қорғауды және оның өсiмiн молайтуды ұйымдастыру жөніндегі iс-шараларды бекiтедi;
11) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды болдырмау жөнiнде шаралар қолданады.
8. Бaс аңшылық маманы және/немесе бас ихтиолог бір мезгiлде директордың жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі орынбасары болып табылады, ол өзiнiң қызметiн жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртіппен және өзiнiң құзiретi шегiнде:
1) жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту жөнiндегі iс-шараларды әзiрлейдi және олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
2) жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шұғыл iс-шараларды, жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың басқа табиғат қорғау органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;
3) аңшылық мамандарының және/немесе ихтиологтардың, жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі инспекторлардың жұмысын ұйымдастырады және үйлестiредi;
4) жануарлар дүниесi объектiлерi санының есебiн, олардың өсiмiн молайту және қорғау жөнiнде жұмыс жүргізудi қамтамасыз етедi;
5) бақылаудағы аумақтарды жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі инспекторларға бекітіп беру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
6) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, қоныс аудару жолдарын және шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі қызметтi ұйымдастырады;
7) жануарлар дүниесiнiң эпизоотикалық жай-күйін қадағалауды және жануарлар арасында эпизоотияның жолын кесу және болдырмау жөнiнде шаралар қолдануды ұйымдастырады;
8) жануарлар дүниесі мен биологиялық әр алуандықты сақтау идеясын насихаттауды, азаматтарды жануарлар дүниесіне iзгілiктi және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеудi ұйымдастырады;
9) жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың лауазымды тұлғаларымен олардың біліктiлігін арттыру бойынша сабақтар мен семинарлар өткiзедi;
10) жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау құзiретiне енетін мәселелер бойынша есеп берудi жүргiзедi;
11) директордың тапсыруы бойынша сот органдарында жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың мүдделерiн бiлдiредi.
9. Аңшылық маманы және/немесе ихтиолог Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
1) аң аулайтын жерлердi және/немесе балық шаруашылығы айдындарын пайдалануды жақсарту жөніндегі iс-шараларды әзiрлейдi;
2) жануарлар дүниесi объектiлерi, соның iшiнде сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерi санының есебiн жүргiзедi;
3) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң мекендеу ортасының, көбею жағдайларының, қоныс аудару жолдарының және шоғырлану орындарының жай-күйiн қадағалайды және белгiленген тәртiппен оларды қорғауды күшейту жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
4) жануарлар дүниесiнiң эпизоотикалық жай-күйiн қадағалауды және бас аңшылық маманына және/немесе бас ихтиологқа есептi ұсынады;
5) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын есепке aлу олардың өсiмiн молайту жөніндегі iс-шаралардың орындалуы және мекендеу ортасының, көбею жағдайларының, қоныс аудару жолдарының және шоғырлану орындарының жай-күйiн қадағалау бойынша есеп берудi жүргiзедi;
6) жануарлар дүниесiне ұқыпты қарау мәселелерi, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау бойынша түсiндiру жұмысын жүргiзедi;
7) жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі iс-шараларға қатысады.
10. Жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі инспектор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
1) жануарлар дүниесi объектiлерiн, соның iшiнде сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн қорғауды және оларға жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың директоры бұйрықпен бекітіп берген аумақтарда (cy айдындарында) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң өсiмiн молайту жөніндегі iс-шараларды жүзеге асырады;
2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды болдырмау және олардың жолын кесу жөнiнде шаралар қабылдайды;
3) жануарлар дүниесiне ұқыпты қарау мәселелерi, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау бойынша түсiндiру жұмысын жүргiзедi;
4) баc аңшылық маманына немесе бас ихтиологқа уәкiлеттi және құқық қорғау органдарына жiберу үшiн жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактiлерi бойынша материалдар бередi.
11. Мемлекеттік мекемелердiң лауазымды тұлғалары жергiлiктi атқарушы, құқық қорғау және қоршаған ортаны қорғау органдарымен, аңшылық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызметтерiмен жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі үйлестiрiлген iс-қимылдарды жүзеге асырады және экология және табиғатты қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тұрақты түрде байланыста болады және ынтымақтастық жасайды.
12. Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың лауазымды тұлғаларына уәкілетті орган белгіленген үлгідегі бірыңғай қызмет куәліктерін береді.
ҚР Үкіметінің 2013.15.03. № 247 Қаулысымен 13-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13. Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың лауазымды тұлғаларының айырым белгілері бар нысанды киім (погонсыз) киіп жүруге, арнайы құралдар мен қызметтік қаруды алып жүруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.