Мектепке дейiнгi білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгі ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 желтоқсандағы № 1353 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 Қаулысымен күші жойылды
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Мектепке дейiнгi білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгі ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | | | | | | | | | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2004 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 1353 қаулысымен
бекітілген
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары
қызметiнiң үлгi ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Үлгi ереже «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрленген және меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мектепке дейiнгi білім беру ұйымдары (бұдан әрi - мектепке дейiнгi ұйымдар) қызметінiң тәртібін анықтайды.
2. Мектепке дейiнгi ұйым - мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың жалпы білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымы.
3. Мектепке дейiнгi ұйымдар бір жастан алты (жеті) жасқа дейiнгi балаларды тәрбиелеудi, оқытуды, бағуды, күтудi және сауықтыруды қамтамасыз етеді.
4. Мектепке дейiнгi ұйымдардың негізгі мiндеттерi:
1) мектеп жасына дейiнгi балалардың дене және психикалық денсаулығын қорғау және нығайту, оларды салауатты өмiр салты құндылықтарына бейiмдеу;
2) мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлiк және жеке басының дамуын қамтамасыз ету, олардың ынталарын қанағаттандыру, жалпы адами және ұлттық құндылықтарға бейiмдеу негізiнде қабiлеттерiн дамыту;
3) мектеп жасына дейінгі балаларда бастамашылықты, білімқұмарлықты, еркiндiктi және шығармашылық жағынан өзiн-өзi көрсету қабілетiн дамыту;
4) балалардың мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытудың білім беру бағдарламаларын игеруiне жағдай жасау;
5) бес (алты) жастағы балаларды мектепалды даярлаумен қамтамасыз ету;
6) тәрбиеленушiлердiң ата-аналарымен өзара iс-қимыл жасау;
7) мектеп жасына дейінгі балаларды үйде тәрбиелейтiн отбасыларына әдiстемелiк, диагностикалық және консультативтiк көмектi ұйымдастыру.
5. Мектепке дейiнгi ұйымдар өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын осы Үлгi ереженi, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық кесiмдердi басшылыққа алады.
2. Мектепке дейiнгі ұйымдардың түрлерi
және оларды жинақтау
6. Мектепке дейінгі ұйымдар мыналарға бөлiнедi:
1) тәрбиеленушілердiң жас құрамына қарай:
бір жастан үш жасқа дейiнгi балаларға арналған балалар яслиi;
үш жастан алты (жеті) жасқа дейінгі балаларға арналған балабақшалар; бір жастан алты (жетi) жасқа дейiнгi балаларға арналған ясли-бақшалар;
2) мақсаты бойынша:
жалпы дамытатын үлгiдегі: ясли-бақша, жалпы үлгідегі балабақша тәрбиеленушілердi дамытуды (дене, зияткерлiк, эстетикалық және т.б.) бір немесе бірнеше бағыттарда басым жүзеге асыратын мектепке дейiнгi оқу-тәрбие орталығы;
түзеу үлгiсiндегі: ясли-бақша, дене және психикалық дамуында мүмкiндiктерi шектеулi балаларға арналған балабақша (сөйлеу, көру, есту, интеллектi, тiрек-қозғалыс функциялары ауыр және жеңіл бұзылған, психикалық дамуы шектеулi және т.б.), санаторийлiк балабақша (бастапқы туберкулез инфекциясы білiнген, туберкулездiң кішігірiм және басылып келе жатқан нысандарымен ауыратын, жиi және ұзақ ауыратын балаларға арналған және т.б.);
құрама үлгiдегі (жалпы даму және түзеу сипатындағы функцияларды қоса атқаратын ясли-бақша, балабақша).
Мектепке дейiнгі ұйымдардың жаңа үлгiлерi мен құрылымдары: білім беру ұйымдары базасындағы мектепке дейінгі шағын орталықтар, «балабақша-мектеп» кешендерi, үйдегi балабақша және т.б. болуы мүмкiн;
3) жұмыс режимi бойынша: күндiзгі, тәулiк бойы, икемді режимдi.
7. Мектепке дейiнгі ұйымдар мемлекеттік және жеке меншiк болуы мүмкiн.
8. Мектепке дейiнгi ұйымға құрылтайшының жолдамасы, баланың даму тарихынан үзiндi көшірме, эпидемиологиялық жағдай туралы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң анықтамасы негiзiнде бір жастан алты (жеті) жасқа дейiнгi балалар қабылданады. Мектепке дейінгі түзеу ұйымдарына және мүмкiндiктерi шектеулi балаларға арналған топтарға қабылдау кезiнде қосымша психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы беріледi, ал бастапқы туберкулез инфекциясы білінген, кiшiгiрiм және басылып келе жатқан туберкулездiң нысандарымен ауыратын, жиi және ұзақ ауыратын балаларға арналған санаториялық мектепке дейiнгi түзеу ұйымдарына аумақтық емдеу-алдын алу ұйымдарының қорытындысы беріледі.
9. Мектепке дейiнгi ұйымға қабылдау үшін өтiнiштердi есепке алу тәртібін, жолдамаларды pecімдеу мен берудi құрылтайшы анықтайды.
10. Жалпы дамыту үлгісіндегі мектепке дейінгі ұйымға жұқпалы, тірек-қозғалыс аппараты бұзылуының ауыр түрiмен ауыратын және ақыл-ой кемiстігi бар балалардан басқа, бір жастан алты (жетi) жасқа дейінгi балалар қабылданады.
Түзеу жұмысы үшiн жағдай жасалған болса, жалпы дамыту үлгiсіндегі мектепке дейiнгi ұйымға мүмкiндiктерi шектеулі балаларды қабылдауға болады.
11. Мектепке дейінгі ұйымда топтар бірдей жастағы немесе әр жастағы қағидат бойынша жинақталады.
12. Балаларды мектепке дейiнгi ұйымға тұрақты және уақытша орналасуға қабылдау онда бос орынның болуына қарай жыл бойы жүргiзiледi.
13. Мектепке дейінгі ұйымда баланың орны мына жағдайларда сақталады:
1) бала ауырып қалғанда;
2) бала медициналық, санаторийлік-курорттық және өзге де ұйымдарда емделгенде және сауықтырылғанда;
3) ата-анасының біреуiне еңбек демалысы берілгенде;
4) бала жаз маусымында екі айға дейінгi мерзiмде сауықтырылғанда.
14. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда баланы қабылдау үшiн кіру жарналары, сондай-ақ бала мектепке дейінгі ұйымда ұзақ мерзiм болмаған немесе қатыспаған жағдайда орынды сақтау үшiн төлемақы алынбайды.
15. Басшы құрылтайшының келісімi бойынша баланы мектепке дейiнгi ұйымнан мына жағдайларда шығарады:
1) баланы мектепке дейінгі ұйымда ұстау үшін ай сайынғы төлемақы уақтылы төленбегенде (10 күннен астам);
2) бала дәлелдi себепсiз және әкiмшiлiкке ескертпей балабақшаға бір айдан астам келмегенде;
3) баланың мектепке дейінгі ұйымға келуiне кедергi болатын денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды болса.
16. Мемлекеттік мекемелердiң ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда (түзеу яслилерiнде, түзеу балабақшаларында, түзеу ясли-бақшаларда, жалпы дамытатын мектепке дейінгi ұйымдардың түзеу топтарында, «балабақша-мектеп» кешендерiнiң түзеу топтарында, санаториялық мектепке дейiнгi ұйымдарында және т.б.) баланы ұстау үшін ата-анасынан ақы алынбайды.
17. Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда ата-аналардан немесе оларды алмастыратын адамдардан баланы ұстау үшiн алынатын ай сайынғы төлемақының мөлшерi баланың жасына қарамастан, тамақтандыруға арналған шығындардың 100 пайызын құрайды.
18. Жеке меншiк мектепке дейінгі ұйымдарда баланы ұстау үшiн ата-аналардың төлемақысын алу тәртібін құрылтайшы белгiлейдi.
19. Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсiпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда бос орындар және алаңдар болған кезде ата-аналардың қаражаты есебiнен баланы ұстау құны толық төлене отырып коммерциялық топтар ашылуы мүмкiн. Коммерциялық топтар қызметінiң тәртібін білім беру саласындағы орталық атқарушы орган айқындайды.
3. Мектепке дейiнгi ұйымдардың жұмыс iстеу тәртібi
20. Мектепке дейiнгi ұйымдар «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және осы Yлгі ереже негізiнде құрылтайшы бекiтетін өздерiнiң Жарғыларын әзiрлейдi және бекiтедi.
21. Мектепке дейiнгi ұйымдар:
1) өз Жарғысымен белгiленген функциялардың орындалуын;
2) білім беру бағдарламаларының толық көлемде iске асырылуын;
3) iске асырылатын білім беру бағдарламаларының сапасын;
4) білім беру процесiн ұйымдастыруда қолданылатын нысандардың, әдiстердiң және құралдардың балалардың жас, психикалық-физиологиялық ерекшелiктерiне, бейiмдiлiгiне, қабiлеттерiне, ынталары мен қажеттілiгіне сәйкестігін;
5) білім беру процесi кезiнде балалардың және мектепке дейiнгi ұйым қызметкерлерiнiң өмiрi мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етедi.
22. Мектепке дейiнгi ұйымдар меншік нысандарына қарамастан, мемлекеттік жалпыға мiндеттi мектепке дейiнгi тәрбие және оқыту стандартына сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін бiлу мен дамытуды, сондай-ақ орыс тiлін және бір шет тілін оқып-үйренуді қамтамасыз етедi. Ұлттық топтар үшiн олардың ана тiлдерiн оқып-үйренуiне жағдай жасалады, ал олар жинақы тұратын жерлерде олардың тiлдерiнде тәрбиелеу және оқыту үшін мектепке дейінгі ұйымдар немесе топтар құрылуы мүмкiн.
23. Мектепке дейінгі ұйымдар бағынысына үлгiсi мен меншiк нысанына қарамастан, балаларға тұрақты медициналық қызмет көрсетудi қамтамасыз етедi, оны мектепке дейiнгi ұйымның немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тиiстi денсаулық сақтау ұйымының штатына кiретін медициналық қызметкерлер жүзеге асырады.
24. Мектепке дейiнгi ұйымдар белгіленген тәртіппен білім беру, сауықтыру және өзге де сипаттағы қосымша ақылы қызметтер көрсете алады. Бұл ретте мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға мiндеттi стандартында айқындалған негiзгi білім беру, сауықтыру және өзге де қызметтердi қысқартуға және сапасын төмендетуге қатаң тыйым салынады.
25. Мектепке дейiнгi ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тамақ өнiмдерiн тұтыну нормаларын ескере отырып балаларды үйлесiмдi тамақтандыруды қамтамасыз етедi. Мектепке дейiнгi ұйымда балаларды тамақтандыру жұмыс режимiн ескере отырып ұйымдастырылады, оның берiлу саны Жарғымен айқындалады.
26. Шағын учаскеде тұратын отбасыларды және балаларды әлеуметтiк-педагогикалық қолдау мақсатында мектепке дейiнгi ұйымдар консультациялық пункттердiң жұмысын қамтамасыз етедi.
27. Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту мазмұнының, деңгей мен сапасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға мiндеттi мемлекеттік стандарты талаптарына сәйкестiгiн анықтау үшiн аудандық (қалалық) білім беру органдары мектепке дейiнгi ұйымдарды мерзімділігі бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттауды жүргізедi. Жаңадан құрылған мектепке дейiнгi ұйымдарды аттестаттау үш жылдан кейiн өткiзіледi.
28. Мектепке дейiнгi ұйымдарды басқару дара басшылық және алқалық басқару қағидаттары негізiнде құрылады. Алқалық басқарудың нысандары мектепке дейінгі ұйымның кеңесi, педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңесi болып табылады. Кеңестердiң жұмысын ұйымдастыру ережелерiн, оларды сайлау тәртібін қоса алғанда Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi.
29. Мектепке дейінгi ұйымды тiкелей басқаруды мектепке дейінгі ұйымның құрылтайшы тағайындайтын басшысы жүзеге асырады.
30. Мектепке дейінгі ұйымның басшысы:
1) мектепке дейiнгi ұйымның атынан iс-әрекет жасайды, барлық мемлекеттік және жеке меншiк ұйымдарда, кәсiпорындарда оның мүддесiн бiлдiредi;
2) қаражаттарды басқарушы болып табылады, шарттар жасайды, сенім хаттар бередi, банктерде есептiк және басқа да шоттар ашады;
3) өзiнiң құзыретi шегiнде мектепке дейінгi ұйым қызметкерлерiнің орындауы мiндетті бұйрықтар мен өкiмдер шығарады, жаза қолданады;
4) кадрларды iрiктеу мен орналастыруды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметкерлердi жұмысқа қабылдау және жұмыстан шығару құқығын пайдаланады;
5) белгiленген тәртiппен мектепке дейінгі ұйымды және қызметшiлердi аттестаттауды жүргiзудi ұйымдастырады, аттестаттау нәтижелерін кадрларды орналастыруда ескередi;
6) мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты және санитарлық-гигиеналық нормалар талаптарына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдағы тәрбиелеу-білім беру процесiн жүзеге асыру үшін жағдай жасайды;
7) балалардың мүдделерiн, отбасының қажеттігін қанағаттандыруға бағытталған қосымша қызметтердi ұйымдастырады;
8) бекітілген шағын учаскелер шегiнде 0-ден 7-ге дейінгі жастағы балаларды дербес есепке алуды ұйымдастырады;
9) баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдаған кезде ата-анасын немесе оларды алмастыратын тұлғаларды мектепке дейінгі ұйымның Жарғысымен, тәрбиелеу білім беру қызметiн жүргізу құқығына берiлген лицензиямен және өзге де қабылдау және оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру тәртібін регламенттейтiн құжаттармен таныстырады;
10) мектепке дейінгі ұйымға бекiтілген мүлiктiң сақталуын және тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз етедi;
11) заңнамада белгiленген тәртiппен мыналар:
мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушiлерiн, қызметшiлерiнiң құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
өзiнiң құзыретіне жататын функцияларды орындамағаны;
мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарын орындамағаны;
мектепке дейiнгi ұйым тәрбиеленушiлерi мен қызметшiлерiнiң оқу-тәрбие процесi барысында өмiрi мен денсаулығы;
қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйi, оның ішiнде материалдық және ақшалай қаражаттарды нысаналы пайдаланбағаны үшiн жауап бередi.
4. Мектепке дейінгі ұйымдағы тәрбиелеу-білім беру процесi
31. Мектепке дейiнгi ұйымдағы тәрбиелеу-білім беру процесi мектепке дейiнгi тәрбиенiң, оқытудың мемлекеттік жалпыға мiндетті стандарты негiзiнде әзiрленген бағдарламаларға және оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады және мектепке дейiнгi ұйымның Жарғысымен айқындалады.
32. Мектепке дейінгі ұйым мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын сақтау шартымен тиiмдi тәрбиелеу-білім беру процесiн қамтамасыз ету үшiн (баланың жеке басының шығармашылық, рухани және дене мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершілiк негіздерiн және салауатты өмiр салтын қалыптастыру) педагогтарға баламалы авторлық бағдарламаларды таңдау, қолдану, тәрбиелеудiң, оқытудың және сауықтырудың жаңа технологияларын енгізу құқығын бередi.
33. Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиелеу-білім беру мiндеттерiн тиiмдi шешу үшiн педагогикалық кеңестер құрады.
34. Тәрбиелеу-білім беру процесiнiң негізгі субъектiлерi балалар, ата-аналар немесе оларды алмастыратын тұлғалар, тәрбиешiлер және басқа да педагогтар болып табылады.
35. Тәрбиелеу-білім беру процесiн қамтамасыз етуде мектепке дейiнгi ұйымдағы әр балаға мыналарға кепiлдiк беріледі:
1) оның өмiрi мен денсаулығын сақтау;
2) оның қадiр-қасиетін қорғау;
3) дене, моральдық немесе психикалық зорлықтың барлық нысандарынан қорғау;
4) оның шығармашылық қабiлеттерi мен ынтасын дамыту;
5) сапалы мектепалды даярлау;
6) дамуындағы кемшiлiктердi түзеу үшiн біліктi көмек алу;
7) бейiмділiгiне, қабiлеттерiне, қалауына және денсаулық жағдайына сәйкес қосымша білім беру, сауықтыру қызметтерiн алу.
36. Мектепке дейінгі ұйым мен ата-аналар немесе оларды алмастыратын тұлғалар арасындағы өзара қарым-қатынастар баланы мектепке дейiнгi ұйымға қабылдаған кезде жасалатын Шартпен реттеледi. Шартта баланың мектепке дейiнгi ұйымға бару режимi, тамақтану саны, қосымша білім беру, сауықтыру қызметтерiн көрсету деңгейi және мерзiмi, мектепке дейiнгi ұйымда баланы ұстау ақысының мөлшерi, қосымша ақылы қызметтер және өзге де жағдайлар айқындалады.