ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 6 желтоқсандағы № 1193 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2004 жылғы 24 қарашадағы № 1232 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация
министрлігінiң Қатынас жолдары комитетi туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлігінiң Қатынас жолдары комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлігі құзыретiнiң шегiнде темір жол көлiгі саласындағы iске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
Комитеттiң негiзгi мiндетi жүктер мен жолаушыларды тасымалдаған кезде темір жол көлiгiн тиiмдi пайдалануға, магистральдық темір жол желiсiн дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты iске асыру болып табылады.
2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрi мен мөртабандары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетiнiң органдарында шоттары болады.
Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
Комитеттiң, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
4. Комитет өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының барлық аумағында мiндеттi күшi бар бұйрықтар шығарады.
5. Комитеттiң құрылымы мен штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
6. Комитеттiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлігінiң Қатынас жолдары комитетi" мемлекеттік мекемесi.
7. Комитеттiң заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 47.
8. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
9. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыруға құқық берiлген болса, онда осындай қызметтен түскен кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
2. Комитеттiң негiзгi функциялары және құқықтары
10. Комитет заңнамада белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ететiн функциялар:
өз құзыретi шегiнде мемлекет экономикасы мен халықтың жүктердi және жолаушыларды темір жолмен тасымалдаудағы қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету;
темір жолдарды және олардағы құрылыстарды күтiп ұстау мен пайдалану мәселелерi бойынша мемлекеттік органдармен өзара iс-қимылды үйлестiру;
темір жол көлiгi саласында мемлекеттік және салалық бағдарламаларды iске асыру;
темір жол шаруашылығының жұмылдыру дайындығын ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темір жол көлігімен экспорттық бақылауға жататын жүктердi транзиттiк тасымалдаудың мерзiмдерi мен маршруттарын келiсу;
жүктелген өкiлеттiктер шегiнде темір жол көлiгi саласындағы халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiру;
өз құзыретiнiң шегiнде магистральдық темір жол желiсiн дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету;
темір жол көлiгiнiң қызметтер рыногын қалыптастыруға қатысу және өз құзыретi шегiнде темір жол көлiгi саласында бәсекелестiк ортаны дамытуға ықпал ету;
темір жол көлiгі объектiлерi мен кәсiпорындарын жекешелендiру жөніндегі мәселелердi шешуге қатысу;
жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау мәселелерi бойынша ұсыныстар дайындау;
өз құзыретi шегiнде мемлекеттік құпияларды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
темір жол көлiгіндегі тарифтiк саясатты жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар дайындау;
жаңа темір жолдар салу туралы ұсыныстар жөнiнде қорытындылар дайындау;
магистральдық және станциялық жолдарға кiрме жолдардың түйiсуiне рұқсаттар беру;
жаңа темір жол станцияларына кодтар беру;
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша мемлекеттік меншiк болып табылатын темір жолдар бойынша темір жол қатынасын тоқтату;
2) бақылау функциялары:
өз құзыретi шегiнде магистральдық темір жол желiсiне және бәсекелес кiрме жолы жоқ кiрме жолдардың қызметтерiне кемсiтушiлiксiз қол жеткiзудi қамтамасыз етуге бақылау жасауды жүзеге асыру.
11. Комитет негiзгi мiндеттердi iске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру үшiн заңнамада белгiленген тәртiппен мыналарға құқылы:
1) өз құзыретiнiң шегiнде темір жол көлiгi саласындағы ынтымақтастық жөніндегі халықаралық шарттарға қол қою үшiн келiссөздер мен дайындық ic-шараларын жүргiзуге;
2) мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан Комитеттің құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi ақпаратты, материалдарды, анықтамалық деректердi сұратуға;
3) темір жол көлiгi саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
4) өз құзыретiнiң шегiнде жеке және заңды тұлғалармен шарттар жасасуға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзара мiндеттемелердiң шарттары мен сипатын белгiлеуге;
5) өз құзыретiнiң шегiнде темір жол көлiгiнiң объектiлерi мен кәсiпорындарын жекешелендiру мәселелерi жөнiнде ұсыныстар енгізуге.
3. Комитеттiң мүлкi
12. Комитеттiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
Комитеттiң мүлкi оған мемлекет берген мүлiк есебiнен қалыптасады және негiзгi қордан, айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Комитеттiң теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұрады.
13. Комитетке бекітілiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
14. Комитеттiң өзiне бекітілiп берiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе басқа тәсiлмен иелiк етуге құқығы жоқ.
Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда және шектерде мүлiкке иелiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.
4. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру
15. Комитеттi Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
Төрағаның заңнамада белгiленген тәртiппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
Төраға орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
16. Төраға Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды, Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен өз функцияларының жүзеге асырылуы үшiн жеке жауап бередi.
17. Осы мақсатта төраға:
1) өз орынбасарлары мен Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн белгiлейдi;
2) заңнамаға сәйкес Комитеттiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
3) заңнамада белгiленген тәртiппен Комитет қызметкерлерiн көтермелейдi және оларға тәртiптiк жаза қолданады;
4) Комитеттiң бұйрықтарына қол қояды;
5) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
6) Комитеттi мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда бiлдiредi;
7) оның құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
5. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату
18. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2004 жылғы 24 қарашадағы № 1232 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы
Көлiк және коммуникация министрлігі
Қатынас жолдары комитетiнiң
құрылымы
Басшылық
Заң және ұйымдастыру жұмысы басқармасы
Экономикалық және тарифтiк саясат басқармасы
Темір жол көлігінiң қызметiн реттеу басқармасы
Темір жол көлiгiн дамыту басқармасы