Мемлекеттік органдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау
жөнiндегі нормативтік құқықтық кесiмдердi әзiрлеу мен бекіту
ережесi және Мемлекеттік органдардың еңбек қауiпсiздiгi және
еңбектi қорғау жөніндегі салалық нормативтердi әзiрлеу мен
бекіту ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2004 жылғы 11 қарашадағы № 1182 қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 тамыздағы № 721 қаулысымен күші жойылды
"Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 28 ақпандағы Заңы 7-бабының 3-тармағына және 22-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Мемлекеттік органдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу мен бекіту ережесi;
2) Мемлекеттік органдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі салалық нормативтердi әзiрлеу мен бекіту ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | | | | | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2004 жылғы 11 қарашадағы
№ 1182 қаулысымен
бекітiлген
Мемлекеттік органдардың еңбек қауiпсiздігі және еңбекті
қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiмдердi
әзiрлеу мен бекіту ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже "Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 28 ақпандағы Заңының 7-бабы 3-тармағына сәйкес әзiрлендi және мемлекеттік органдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу мен бекіту тәртібін айқындайды.
2. Осы Еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау жөнiндегі ережеде мынадай негізгi ұғымдар пайдаланылады:
1) еңбек қауiпсiздiгi - қызметкердiң еңбек қызметi процесiнде оның зиянды және қауiптi әсердi болдырмайтын iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етiлген қорғалу жай-күйi;
2) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі нұсқаулық - өндiрiстiк үй-жайларда, ұйым аумағында, құрылыс алаңдарында және осы жұмыстар жүргiзiлетiн немесе қызметтік мiндеттер орындалатын өзге де орындарда жұмыстарды атқару кезiнде еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы заңнаманың қолданылуын нақтылайтын, мемлекеттік орган бекiткен нормативтiк құқықтық кесiм;
3) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiм - мемлекеттік органдар заңнамада және осы Ережеде белгіленген тәртiппен әзiрлеген және бекіткен ережелер мен нұсқаулықтар;
4) еңбекті қорғау - құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық, ұйымдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық, оңалту, емдеу-алдын алу және өзге де iс-шаралар мен құралдарды қамтитын еңбек қызметi процесiнде қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздігін қамтамасыз ету жүйесi;
5) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі ереже қауiпсiздiкті қамтамасыз ету, еңбек процесiнде қызметкерлердiң денсаулығы мен еңбек ету қабiлетiн сақтау жөніндегі қызметті ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібін айқындайтын, мемлекеттік орган бекiткен еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегі нормативтiк құқықтық кесiм;
6) еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы өкілеттiкті жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2. Еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөнiндегі
нормативтiк құқықтық кесiмдерге қойылатын негiзгі
талаптар
3. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiмдер мынадай талаптарға жауап беруi тиiс:
1) өндiрiстік қызмет нәтижелерiне қатысты қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығының басымдығын белгілеу;
2) қызметкерлердiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына сәйкес келетiн еңбек жағдайларына құқықтарын қамтамасыз ету;
3) қызметкерлердiң еңбек қызметi процесiнде олардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған ережелердi, рәсiмдер мен өлшемдердi қамту;
4) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында бiрыңғай талаптарды белгілеу;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұйым қызметкерлерiнiң, лауазымды адамдары мен басшыларының арасындағы құқықтар мен міндеттерді ажырату;
6) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегі уәкілеттi орган, оның аумақтық бөлiмшелерi мен жұмыс берушілердiң және қызметкерлердiң өкiлдерi арасында еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы келiсілген iс-әрекеттердi қамтамасыз ету;
7) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегі заңнамалық және басқа да жоғары тұрған нормативтiк құқықтық кесiмдерге, оның iшiнде Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес болу.
3. Еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегі
нормативтiк құқықтық кесiмдердiң мазмұны
4. Еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiмдер еңбектi қорғау мен оның қауiпсiздiк жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған және жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшiн орындалуы мiндетті ережелердi, iс-шаралар мен нормативтердi белгілейдi.
5. Еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiмдер:
1) еңбек қауiпсiздiгiнiң жалпы талаптарын;
2) жұмыс басталар алдындағы еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптарын;
3) жұмыс уақытындағы еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптарын;
4) авария жағдайларындағы еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптарын;
5) жұмыс аяғындағы еңбек қауіпсiздiгінiң талаптарын;
6) өндiрiстік (технологиялық) процестерге қойылатын талаптарды;
7) өндірiстiк үй-жайларға қойылатын талаптарды;
8) өндiрiстік алаңдарға (өндiрiстік үй-жайлардан тыс жерлерде атқарылатын процестер үшiн) қойылатын талаптарды;
9) бастапқы материалдарға, дайындамалар мен жартылай фабрикаттарға қойылатын талаптарды;
10) өндiрiстік жабдықтарға қойылатын талаптарды;
11) өндiрiстiк жабдықтардың орналастырылуына және жұмыс орындарының ұйымдастырылуына қойылатын талаптарды;
12) бастапқы материалдарды, дайындамаларды, жартылай фабрикаттарды, дайын өнiм мен өндiрiс қалдықтарын сақтау және тасымалдау тәсiлдерiне қойылатын талаптарды;
13) өндiрiсте жұмыс iстейтiндердiң еңбек ету және демалу режимiн;
14) қызметкерлердi кәсіптік iрiктеуге және олардың еңбек қауiпсiздiгi мен еңбекті қорғау мәселелерi бойынша білiмін тексеруге қойылатын талаптарды;
15) өндiрiсте жұмыс iстейтiндердi арнайы киiммен, арнайы аяқ киiммен және басқа да жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды;
16) қорғаныс құралдарын қолдануға қойылатын талаптарды қамтуы тиiс.
6. Еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық кесiм қосымша талаптарды қамтуы мүмкін.
4. Еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөнiндегі
нормативтік құқықтық кесiмдердi әзiрлеу және бекіту
7. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық кесiмдердiң жобаларын әзiрлеудi мемлекеттік органдар өздерiнiң құзыреттеріне сәйкес жүзеге асырады.
8. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық кесiмнiң жобасын әзiрлейтін мемлекеттік орган жобаны дайындау бойынша жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды жұмыс тобының функциясын атқаратын өзiнiң бөлiмшелерiнiң бiрiне тапсырады.
Жұмыс тобының құрамына өздерiнiң тиiстілiгiне қарай мүдделi мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми мекемелердiң өкілдерi енгiзiлуi мүмкiн.
Мемлекеттік орган нормативтік құқықтық кесiмнiң жобасын дайындауды өзiне ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсыруы немесе оны дайындауды шарттық негiзде, оның ішiнде конкурс бойынша мамандарға, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына тапсыруы мүмкiн.
9. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттік органдар еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау жөніндегі уәкілеттi органмен және өзге де мүдделi мемлекеттік органдармен келісім бойынша бекiтедi.
10. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiмдер Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тiркелуге жатады және ресми түрде жарияланған күнiнен бастап күшіне енедi.