ҚР Үкіметінің 2009.03.07. № 1025 Қаулысымен алып тасталды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2004 жылғы 29 қазандағы № 1132 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігінiң мемлекеттік еңбек инспекторы туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекторлары (бұдан әрі - мемлекеттік еңбек инспекторы) "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" 1999 жылғы 10 желтоқсандағы, "Еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау туралы" 2004 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңдарының және еңбек туралы өзге де нормативтік құқықтық кесімдердiң (бұдан әрi - еңбек заңнамасы) Қазақстан Республикасының аумағында сақталуына бақылау жасайды.
2. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкiметінің кесiмдерiн, өзге де нормативтік құқықтық кесiмдердi және осы Ереженi басшылыққа алады.
3. Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік инспекторларға мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінің (бұдан әрi - Министрлiк) мемлекеттік еңбек инспекциясы құрылымдық бөлiмшесiнің (бұдан әрi - мемлекеттік еңбек инспекциясы) басшысы;
2) Қазақстан Республикасының еңбек жөніндегі орталық атқарушы органының бас мемлекеттік еңбек инспекторлары - Министрлiктің мемлекеттік еңбек инспекциясы құрылымдық бөлімшесінің қызметкерлерi;
3) облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторлары - Министрлiктiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық органдары басшыларының тиiстi орынбасарлары;
4) облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары - Министрлiктiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық органдары мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметкерлерi.
2. Мемлекеттік еңбек инспекторларының негізгі
мiндеттерi, функциялары мен құқықтары
4. Мемлекеттік еңбек инспекторларының негiзгi мiндеттерi:
1) жұмыс берушiлердiң Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын және өз құзыретi шегiнде Министрлiктiң қызметi саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi сақтауына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;
2) қызметкерлер мен жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы мәселелерi бойынша өтініштерiн, арыздарын және шағымдарын қарау.
5. Мемлекеттік еңбек инспекторлары заңнамада белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) еңбек заңнамасының сақталуын, соның iшiнде қызметкерлердiң ешбiр кемсiтушілiксiз бiрдей еңбегi үшiн теңдей ақы алуға, демалуға, қауiпсiздiк және гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайларына, еңбек мiндеттерiн атқаруына байланысты олардың денсаулығына немесе мүлкiне келтiрілген зиянды өтеу құқығының сақталуын бақылайды;
2) еңбек заңнамасын бұзуға әкеп соқтыратын себептер мен мән-жайларды, шағымдарды тексеру және зерттеу жүргiзу арқылы анықтайды, сондай-ақ еңбек заңнамасын бұзушылықтың алдын алу жөніндегі жұмысты күшейтуге бағытталған iс-шараларды iске асыру жөнiндегі шараларды әзiрлеуге және қабылдауға қатысады;
3) еңбек заңнамасының, еңбектi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң, техника қауiпсiздiгiнiң бұзылу себептерiне талдау мен қорытынды жасайды және оларды жою жөнiнде шаралар қабылдайды;
4) өндiрiстегі жазатайым оқиғалар мен кәсiби ауруларды тексеруге қатысады және олардың есебiн жүргiзедi;
5) өндiрiстік жарақаттанушылық пен кәсiби аурулардың жай-күйi мен себептерiне талдау жүргiзедi, олардың алдын алу жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
6) өндiрiстiк мақсаттағы объектілердiң аяқталған немесе қайта жаңғыртылған құрылысын пайдалануға қабылдау жөнiндегі комиссияның жұмысына қатысады;
7) тексерулердiң қорытындылары бойынша еңбек туралы заңнаманың анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқамалар бередi;
8) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға берілетiн рұқсаттарда ескертілген шарттардың орындалуын бақылауды және тексерудi жүзеге асырады;
9) еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтары туралы оларды жою жөнiнде шаралар қабылдау үшін жұмыс берушілердi, өндiрiстік бөлiмшелердiң басшыларын хабардар етедi, мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамасын орындамаған жағдайда кiнәлi адамдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізедi;
10) ұйымдардың еңбек заңнамасын сақтауының жай-күйін сипаттайтын көрсеткiштердi жинауды, қорытуды, жүйелеудi және талдауды жүзеге асырады;
11) еңбек заңнамасы мәселелерi бойынша ұйымдарда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi;
12) өз құзыреті шегiнде мемлекеттік инспекторларға Министрлiк жүктеген өзге де функциялар.
6. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өздерiнің негiзгi мiндеттерiн iске асыру және функцияларын жүзеге асыру мақсатында заңнамада белгiленген тәртiппен өз құзыреті шегінде мыналарға құқылы:
1) ұйымдардың еңбек заңнамасын сақтауына тексеру жүргiзуге;
2) еңбек қауiпсiздiгi және оны қорғау жағдайына тексеру жүргiзу мақсатында ұйымдарға кедергiсiз баруға;
3) шетелдiк жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттарда ескертілген шарттардың орындалуына тексеру жүргiзуге;
4) мемлекеттік инспекторларға жүктелген функцияларды орындау үшiн қажетті тиiстi құжаттар мен өзге де ақпаратты жұмыс берушілерден сұратуға және алуға;
5) еңбек заңнамасы нормаларының анықталған бұзушылықтарын жою туралы жұмыс берушілердің орындауы үшін мiндетті нұсқамалар беруге, сондай-ақ заңның бұзылушылығы туралы хаттамалар жасауға, әкiмшiлiк жаза қолдануға және сотқа талап-арыз беруге;
6) өздерiнің құзыретіне кiретiн мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
7) еңбектi қорғау жөніндегі заң және нормативтік құқықтық кесiмдердi қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретін бұзушылық анықталған жағдайда ұйымдардың (кәсіпорындардың), жекелеген өндiрiстердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының және жабдықтардың пайдаланылуын осы бұзушылықтар жойылғанға дейiн тоқтата тұруға (тыйым салуға);
8) еңбек заңнамасы талаптарына жауап бермейтiн арнаулы киiмдердiң, арнаулы аяқ киiмдердiң және басқа да жеке қорғаныш құралдарының жұмыс орындарында берiлуi мен пайдаланылуына тыйым салуға;
9) қауiпсiздiк техникасы жөнiнде оқытудан және нұсқамалықтан өтпеген адамдарды жұмыстан шеттетудi талап етуге, сондай-ақ еңбек туралы және еңбек заңнамасы талаптарына сәйкес ережелердi, нормаларды және нұсқауларды білуiн тексеруге;
10) еңбек заңнамасын бұзу және жұмыс берушілердің мемлекеттік еңбек инспекторларының ұйғарымдарын орындамауы фактілері жөніндегі ақпаратты, қуыным талаптары мен өзге де материалдарды тиiсті құқық қорғау және сот органдарына жiберуге;
11) мемлекеттік еңбек инспекторларына жүктелген функцияларды атқару үшiн жұмыс берушілерден және ұйымдардың тиiсті лауазымды адамдарынан жағдай жасауды талап етуге;
12) заңнамада көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.
7. Мемлекеттік еңбек инспекторлары:
1) еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) еңбек заңнамасының сақталуы бойынша тексерiстердi уақытында және сапалы жүргізуге;
3) анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтары туралы, оларды жою жөнiнде шаралар қабылдау мақсатында жұмыс берушілердi, ұйымдардың басшыларын, лауазымды адамдарды хабардар етуге, кiнәлi адамдарды жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгiзуге;
4) ұйымдардың еңбек заңнамасын сақтау жағдайларын сипаттайтын көрсеткiштердi жинауды, қорытуды, жүйелеудi және талдауды жүзеге асыруға;
5) еңбек заңнамасы мәселелерi жөнiнде ақпараттық-түсiндiру жұмыстарын жүргiзуге;
6) еңбек, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында бақылауды жүзеге асыру кезiнде азаматтармен және қоғамдық бiрлестiктермен өзара бiрлесiп әрекет етуге;
7) өз құзыретiнiң шегiнде уәкілетті органдарды және басқа да мемлекеттік органдарды еңбек заңнамасының талаптарын бұзу фактiлерi туралы хабардар етуге;
8) еңбек заңнамасын бұзушылық фактілерi бойынша, оның iшiнде жекелеген өндiрiстердi, цехтарды, учаскелердi, жұмыс орындары мен жабдықтарды тоқтата тұру (тыйым салу) кезiнде материалдар әзiрлеуге және құқық қорғау органдарына жiберуге;
9) азаматтардың, ұйымдардың, еңбек қауiпсiздігі мен еңбектi қорғау мәселелерi жөніндегі шағымдарын, өтiнiштерiн және ұсыныстарын уақытында қарауға;
10) білiктілік талаптарына сәйкес еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау саласында қажеттi даярлықты шешуге;
11) өзiнiң лауазымдық өкілеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде алған мемлекеттік құпияны, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жарияламауға мiндеттi.
8. Мемлекеттік еңбек инспекторларының заңсыз әрекеттерiне бағыныстылығына қарай облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бас еңбек инспекторларына, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторына не сот тәртібімен шағым жасауға болады.
3. Қызметтi ұйымдастыру
9. Қазақстан Республикасының аумағында еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік еңбек инспекторларының қызметiн тиiстi бас мемлекеттік еңбек инспекторлары ұйымдастырады.
10. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы:
1) Қазақстан Республикасының еңбек жөніндегі орталық атқарушы органы бас мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысын ұйымдастырады;
2) Министрлiктiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық органдары мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысын үйлестіредi;
3) мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін еңбек туралы және еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі әдiстемелiк нұсқауларды әзiрлеудi ұйымдастырады;
4) қызметкерлердiң еңбек қызметiмен байланысты жазатайым оқиғаларға ұшырауын және денсаулығына келтiрілген өзге де зақымдарды тексеру мен есепке алудың белгiленген тәртібінiң орындалуын өз құзыреті шегiнде қамтамасыз етедi;
5) республика бойынша еңбек заңнамасының сақталуының жай-күйiне мониторинг жүргізудi, сондай-ақ өндiрiстегi жазатайым оқиғалардың себептерi мен мән-жайларына талдау жасауды ұйымдастырады;
6) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуының жай-күйi туралы Қазақстан Республикасының Үкiметіне ақпарат және баяндамалар әзiрлеудi ұйымдастырады;
7) қабылдау жүргiзедi, азаматтардың және ұйымдардың хаттарын, арыздарын және өтiнiштерiн қарайды;
8) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тексеру барысында туындаған келiспеушілiктер, сондай-ақ еңбек заңнамасы мен еңбек қатынастарын реттейтін өзге де нормативтік құқықтық кесiмдер мәселелерi бойынша қорытындылар бередi;
9) Министрлiк өзiне жүктеген мiндеттерге сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторларының қызметiн ұйымдастырудың өзге де түрлерiн қамтамасыз eтeдi.
11. Қазақстан Республикасының еңбек жөніндегі орталық атқарушы органының бас мемлекеттік еңбек инспекторлары: жөнiнде әдiстемелiк ұсынымдар әзiрлеуге қатысады;
2) азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттік еңбек инспекторларының құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша хаттарын, арыздарын және өтiнiштерiн қарайды;
3) еңбек заңнамасының сақталу жай-күйi туралы ақпараттар, анықтамалар және баяндамалар әзiрлейдi;
4) республика бойынша өндiрiстiк жарақаттану жай-күйiне мониторинг жүргiзедi, сондай-ақ өндiрiстегi жазатайым оқиғалардың себептерi мен мән-жайларын талдайды, оларды жою және алдын алу жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
5) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрiнің бұйрығымен құрылатын адам өлiмiне соқтырған топтық жазатайым оқиғаларды тексеру жөніндегі арнаулы комиссиялардың жұмысына қатысады;
6) еңбек заңнамасының мәселелерi бойынша семинарларды әзiрлеуге әрі еңбек туралы және еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекторларының оқуын ұйымдастыруға қатысады;
7) облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысын тексеру және оларға практикалық, әдіснамалық көмек көрсету және ұйымдардың еңбек заңнамасын сақтауы жөнiнде бiрлескен зерттеулер мен тексерулер жүргiзуге қатысу үшін жергiлiктi жерлерге шығып тұрады;
8) өздерiне жүктелген лауазымдық мiндеттемелерiне сәйкес өзге де қызметтерді жүзеге асырады.
12. Облыстар мен Астана және Алматы қалалары бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторлары:
1) облыстар мен Астана және Алматы қалалары бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысын жоспарлайды және ұйымдастырады;
2) облыстар мен Астана және Алматы қалалары бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларын оқыту және білiктiлiгiн арттыру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асырады;
3) еңбек заңнамасын бұзуға кiнәлi адамдарға облыстар мен Астана және Алматы қалалары бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларының ықпал ету шараларын қолдануының негізділігі мәселелерiн қарайды;
4) заңнамада белгiленген жағдайларда өндiрiстегі жазатайым оқиғаларды арнайы зерттеу жөнiндегі комиссияның құрамын белгілейдi;
5) жазатайым оқиғаларды тексеру барысында туындаған келіспеушіліктер бойынша, сондай-ақ еңбек туралы және еңбек заңнамасы мәселелерi мен еңбек қатынастарын реттейтiн өзге де нормативтік құқықтық кесiмдер бойынша қорытындылар бередi;
6) өз құзыретінің шегiнде еңбек қатынастары саласында өкiлеттiгiн жүзеге асыратын орталық атқарушы органдарды (бұдан әрi уәкілетті орган) еңбек заңнамасын бұзу фактiлерi туралы хабардар етедi;
7) өздеріне жүктелген лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
13. Облыстар мен Астана және Алматы қалалары бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары:
1) ұйымдардың еңбек туралы және еңбек заңнамасын сақтауы мәнiне тексерудi жүзеге асырады;
2) азаматтар мен ұйымдардың өздерiнiң құзыретіне кiретiн мәселелер бойынша хаттарын, арыздарын және өтiнiштерiн қарайды;
3) Министрлiктiң аумақтық органының бұйрығымен құрылатын өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тексеру жөніндегі арнаулы комиссиялардың жұмысына қатысады;
4) еңбек туралы және еңбек заңнамасының сақталу жай-күйi туралы есептер, ақпараттар, анықтамалар мен баяндамалар әзiрлейдi;
5) өздерiне жүктелген лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
14. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өз жұмысында Министрлiк әзiрлеген және бекiткен нұсқамалар бланкiлерiн, есеп нысандарын, омырауға тағатын белгiлердi және жеке мөртаңбаларды пайдаланады.
15. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өз қызмет мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда заңнамаға сәйкес жауаптылықта болады.