11. Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің жасалған күні мен орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің (бар болса, тексеру мерзімін ұзарту, тексеруді тоқтата тұру туралы қосымша актілердің) күні мен нөмірі;
4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері немесе бақылау субъектісінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тексеруді жүргізу кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;
6) тексеруді жүргізу кезеңі;
7) тексеру түрі;
8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер;
9) тексеру нәтижелері туралы актімен танысу немесе танысудан бас тарту, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамдар туралы мәліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы жазба;
10) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы.
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
12. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада мыналар көрсетіледі:
1) нұсқаманың жасалған күні мен орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері немесе тексеруді жүргізу тағайындалған жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тексеруді жүргізу кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы (болған кезде);
5) тексеруді жүргізу күні, орны және кезеңі;
6) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес анықталған бұзушылықтардың тізбесі;
7) анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдар мен нұсқаулар және оларды жою мерзімдері;
8) бақылау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті адамының нұсқамамен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тартуы;
9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы.
Жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың), сараптамалардың қорытындылары және тексеру нәтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері (зақымдалған жабдықты қарап-тексеру актісі, техникалық бақылау құралдарының, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының, регистрограмманың, осциллограмманың жазбалары, жедел журналдардан үзінді-көшірмелер, түсініктеме жазбахаттар, схемалар, сызбалар, фото-, аудио- және бейнематериалдар, сауалнама парақтары мен басқа да материалдар) бар болса, олар анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға қоса беріледі.
13. Уәкілетті орган тексеруді тағайындау туралы актінің, тексеру нәтижелері туралы актінің, тексеруді ұзарту туралы актінің, тексеруді тоқтата тұру туралы актінің, тексеруді қайта бастау туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың нысандарын бекітеді.
14. Тексеру нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама үш данада жасалады.
Бақылау органы тексеру нәтижелері туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың бірінші даналарын құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға үш жұмыс күні ішінде электрондық нысанда тапсырады, екінші даналарын қолын қойғызып қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда бақылау субъектісіне (объектісіне) не оның уәкілетті адамына танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер жасау үшін табыс етеді, үшінші даналары бақылау органында қалады.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеру нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - тексеру нәтижелері туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
15. Тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірмей тексеру нәтижелері туралы актіні бақылау субъектісіне (объектісіне) табыс еткен күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
16. Бақылау субъектісі (объектісі) не оның уәкілетті адамы тексеру нәтижелері бойынша ескертулері және (немесе) қарсылықтары болған жағдайда, өзіне тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей оларды жазбаша түрде баяндап, бақылау органына жібереді.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл туралы тиісті белгі қойылады.
17. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып айқындалады және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары қоса беріліп, кемінде бес жұмыс күнін құрайды.
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдерін айқындау кезінде:
1) бақылау субъектісінде (объектісінде) бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық мүмкіндіктердің бар-жоғы;
2) пайдаланылатын өндірістік объектілердің техникалық жай-күйінің ерекшеліктері;
3) мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан тиісті рұқсатты алу немесе «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген хабарламаны беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де міндетті қорытындыларды, келісулерді және басқа құжаттарды алу мерзімдері ескеріледі.
18. Бақылау субъектісі қосымша уақыт және (немесе) қаржылай шығындар қажет болған жағдайда, өзіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсетіп, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен тексеруді жүргізген бақылау органына жүгінуге құқылы.
Бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтініште анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданатын шараларды және бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзартудың объективті себептерін баяндауға міндетті.
Тексеруді жүргізген бақылау органы анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде баяндалған дәлелдерді ескере отырып, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы және бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсетіп, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту немесе уәжді негіздемемен ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Бақылау субъектісі ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-на дейінгі мерзімде бақылау органына бұзушылықтарды жою мерзімі басталған, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпаратты ұсынады.
Бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы берілген ақпаратқа бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.
Уәкілетті орган анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының нысанын бекітеді.
19. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзім ішінде тексеру жүргізген бақылау органына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат беруге міндетті.
20. Бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпаратты белгіленген мерзімде бермеген немесе толық бермеген жағдайда, бақылау органы екі жұмыс күні ішінде бақылау субъектісіне (объектісіне) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат беру қажеттігі туралы сұрау салу жібереді.
Бақылау органы анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат белгіленген мерзімде берілмеген немесе толық берілмеген жағдайда, жоспардан тыс тексеру қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуын бақылауды қоспағанда, жоспардан тыс тексеру тағайындайды.
21. Бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген анықталған бұзушылықтар мерзімінен бұрын жойылған жағдайда, тексеру жүргізген бақылау органына бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса бере отырып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат беруге міндетті.
22. Бақылау субъектісі тексеру қорытындыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.
Бақылау субъектісінің (объектісінің) тексеру нәтижелері туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жою туралы өтінішін жоғары тұрған мемлекеттік органның (лауазымды адамның) қарауы өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жоғары тұрған мемлекеттік органның тексеру нәтижелерін жарамсыз деп тануы олардың күшін ішінара не толық көлемде жоюға негіз болып табылады.
Толық көлемде жарамсыз деп танылған тексеру нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама бақылау субъектілерінің (объектілерінің) белгіленген талаптарды бұзуының дәлелі бола алмайды.
23. Тексерулер бұзушылықтар тікелей жасалған кезде олардың жолын кесу және мынадай:
1) тексеру қажеттілігі кәсіпорын жұмыскерлері мен халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін технологиялық бұзушылықтарды дереу жоюды талап еткен жағдайда;
2) техникалық пайдалану қағидаларының сәйкестігі тұрғысынан өзіндік ерекшелігін ескере отырып, технологиялық жабдықтың үзіліссіз жұмыс істеу режимінің сақталуын тексеру және қауіпсіздік техникасы қағидаларының талаптарын тексеру жағдайында дәлелдемелерді бекіту үшін кезек күттірмейтін әрекеттер жасау қажет болған кезде жұмыстан тыс уақытта (тәуліктің түнгі уақытында, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.
Жұмыстан тыс уақытта тексеруді жүргізу жөніндегі шешім бақылау органы бірінші басшысының не оны алмас тыратын адамның бұйрығымен ресімделеді.
Уәкілетті орган жұмыстан тыс уақытта тексеруді жүргізу туралы бұйрықтың нысанын бекітеді.
24. Егер тексеруді және (немесе) қашықтан бақылауды жүргізу нәтижесінде бақылау субъектісінің (объектісінің) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактісі анықталса, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болған кезде, бақылау органдарының лауазымды адамдары өкілеттіктері шегінде, бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-5-баппен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
6-5-бап. Электр энергетикасы саласындағы тергеп-тексерулер
1. Тергеп-тексеру бақылаудың дербес нысаны болып табылады, оның жүзеге асырылуы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және осы Заңда айқындалған.
2. Тергеп-тексерудің мақсаттары:
1) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылу себептерін анықтау және тиісті шаралар қабылдау;
2) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген тұлғаны (тұлғаларды) айқындау.
3. Тергеп-тексеруді жүргізу үшін негіздер:
1) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірудің нақты фактілері бойынша, мұндай факт тұлғалардың кең тобына қатысты болған және бұзушылыққа жол берген нақты тұлғаны (нақты тұлғаларды) анықтау талап етілетін жағдайларда, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жолданымдары;
2) алдында болған мән-жайларды анықтау, олардың себептерін, техникалық құрылғыларды пайдалану шарттарын бұзушылықтардың, технологиялық процестерді, электр энергетикасы саласындағы талаптарды бұзушылықтардың сипатын анықтау, авариялардың, технологиялық бұзушылықтардың зардаптарын жою және оларды болғызбау жөніндегі іс-шараларды, осындай авариядан, технологиялық бұзушылықтан келтірілген материалдық залалды айқындау қажеттігі туындайтын авариялар, технологиялық бұзушылықтар.
4. Бақылау органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген негіздер болған кезде тергеп-тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдайды.
5. Уәкілетті орган тергеп-тексеруді жүргізу тәртібін белгілейді.
Тергеп-тексеруді жүргізу тәртібі:
1) тергеп-тексеру жүргізілетін жағдайларды;
2) тергеп-тексеруді жүргізу мерзімдері мен ұзақтығын;
3) бақылау субъектісін (объектісін), құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды, мүдделі мемлекеттік органдарды тергеп-тексеруді жүргізудің басталуы туралы хабардар ету мерзімдерін;
4) тәуелсіз сарапшылар мен өзге де мүдделі тұлғаларды тарту тәртібін;
5) тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрамын құру шарттары мен тәртібін;
6) тергеп-тексеруді ұзарту және тоқтата тұру шарттарын, мерзімдерін, тәртібін;
7) тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу тәртібін қамтуға тиіс.
6. Тергеп-тексеруді жүргізу мерзімдері күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс және күнтізбелік отыз күнге бір рет қана ұзартылуы мүмкін.
7. Бақылау органы тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары бойынша, тергеп-тексеруді жүргізуге негіз болған Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген тұлғаны (тұлғаларды) айқындайды.
Тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары бойынша, бұзушылыққа жол берген тұлғаға (тұлғаларға) қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шаралар қабылданады.
Тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары, мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бақылау органының интернет-ресурсында жарияланады.
Тергеп-тексеру қорытындылары құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-6-баппен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
6-6-бап. Бақылау органы лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері
1. Бақылау органының лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:
1) бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін алуға, сондай-ақ мемлекеттік бақылау нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуге;
3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) мемлекеттік бақылау нысанасына жататын техникалық бақылау құралдарының, регистрограмманың, осциллограмманың, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының жазбаларын, жедел журналдардан үзінді-көшірмелерді, түсініктеме жазбахаттарды, схемаларды, сызбаларды, фото-, аудио- және бейнематериалдарды, сауалнама парақтары мен басқа да материалдарды пайдалануға;
5) бақылау субъектісін түсініктемелер алу үшін шақыруға;
6) мамандарды, консультанттар мен сарапшыларды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың лауазымды адамдарын тартуға;
7) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзушылықтар бойынша, оның ішінде мемлекеттік бақылау қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтар бойынша сотқа жүгінуге және сот істерді қараған кезде қатысуға құқығы бар.
2. Бақылау органының лауазымды адамдарына мемлекеттік бақылау нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтінулермен жүгінуге тыйым салынады.
3. Бақылау органының лауазымды адамдары мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бақылау субъектілерінің (объектілерінің) құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) осы Заңда белгіленген тәртіп негізінде және оған қатаң сәйкестікте мемлекеттік бақылау жүргізуге;
3) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік бақылауды жүргізу кезеңінде бақылау субъектілерінің (объектілерінің) белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы әрі толық шамада орындауға;
5) бақылау субъектісіне (объектісіне) не оның уәкілетті өкіліне мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде қатысуға кедергі келтірмеуге, мемлекеттік бақылау нысанасына жататын мәселелер бойынша түсіндірмелер беруге;
6) бақылау субъектісіне (объектісіне) мемлекеттік бақылау нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;
7) бақылау субъектісіне (объектісіне) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны, тексеру нәтижелері туралы актіні, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы табыс етуге;
8) мемлекеттік бақылауды жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-7-баппен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
6-7-бап. Бақылау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті адамының мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Бақылау субъектілері (объектілері) не олардың уәкілетті адамдары мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде:
1) бақылау органының тексеруді жүргізуге келген лауазымды адамдарын:
тексеруді жүргізу жиілігін сақтамаған;
тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, мерзімін ұзарту, тоқтата тұру туралы қосымша актілерде) көрсетілген тексеру мерзімдері асып кеткен не өтіп кеткен;
жасалған не әзірленіп жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызда немесе хабарда, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар туралы өзге де жолданымдарда көрсетілген уақыт аралығының шеңберінен шығатын кезеңге тексеру тағайындалған;
тексеруді жүргізу тиісті өкілеттіктері жоқ лауазымды адамдарға тапсырылған;
тексеруді тағайындау туралы бір актіде бірнеше бақылау субъектісі (объектісі) көрсетілген;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асыра ұзартылған;
осы Заңда белгіленген талаптар өрескел бұзылған;
бақылау органының лауазымды адамдары осы Заңның 6-4-бабының 1-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсетпеген жағдайларда, тексеруге жібермеуге;
2) егер құжаттар мен мәліметтер тексеру нысанасына, сондай-ақ тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген кезеңге жатпайтын болса, оларды ұсынбауға;
3) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыға, тексеруді тағайындау туралы актіге, тексеру нәтижелері туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға, сондай-ақ бақылау органы лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) бақылау органының немесе лауазымды адамдардың бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйымдарын орындамауға;
5) мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру процесін, сондай-ақ бақылау органы лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылау шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін аудио-, фото- және бейнетүсірілім көмегімен, бақылау органы лауазымды адамдарының қызметіне кедергі келтірмей тіркеп-белгілеуге;
6) үшінші тұлғаларды өз мүдделері мен құқықтарын білдіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы тармақтың
5) тармақшасында көзделген әрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында мемлекеттік бақылауға қатысу үшін тартуға құқылы.
2. Бақылау субъектілері (объектілері) не олардың уәкілетті адамдары бақылау органы мемлекеттік бақылауды жүргізген кезде:
1) бақылау органы лауазымды адамдарының бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, бақылау органының лауазымды адамдарына қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттардың (мәліметтердің) көшірмелерін ұсынуға, сондай-ақ мемлекеттік бақылау нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
4) мемлекеттік бақылау аяқталған күні қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының, тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
5) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
6) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік бақылауды жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
7) бақылау объектісіне мемлекеттік бақылауды жүргізуге келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
8) бақылау субъектісінің (объектісінің) басшысы не оның уәкілетті адамы тексеруді тағайындау туралы актіні алған жағдайда, тексеру белгіленген мерзімдерде бақылау объектісі тұрған жерде болуға міндетті.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-8-баппен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
6-8-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзып жүргізілген тексерулердің жарамсыздығы
1. Егер бақылау органы тексеруді осы Заңда белгіленген тексеруді ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзып жүргізсе, тексеру жарамсыз деп танылады.
2. Осы Заң талаптарын өрескел бұзушылықтарға мыналар жатады:
1) тексеруді жүргізу негіздерінің болмауы;
2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
3) тексеру мерзімдерінің сақталмауы;
4) тексеруді жүргізу кезеңділігінің бұзылуы;
5) бақылау субъектісіне (объектісіне) тексеруді тағайындау туралы актіні ұсынбау;
6) бақылау органының өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексеруді тағайындауы.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-9-баппен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
6-9-бап. Электр энергетикасы саласындағы өндірістік бақылау
1. Электр энергетикасы саласындағы өндірістік бақылауды (бұдан әрі - өндірістік бақылау) энергия өнді руші, энергия беруші ұйымдар және жүйелік оператор жүзеге асырады.
2. Өндірістік бақылаудың міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;
2) энергетикалық жабдықты, электр станцияларын, электр желілерін қауіпсіз пайдалану бойынша мониторинг жүргізу;
3) электр энергиясын өндірудің, берудің және тұтынудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
4) техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуін тексеруден өткен жұмыскерлердің жұмысты жүзеге асыруы;
5) энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар және жүйелік операторды, оның ішінде күзгі-қысқы кезеңге уақтылы даярлау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыру;
6) жабдықты, ғимараттар мен құрылысжайларды пайдалануға әзірлік күйінде ұстау;
7) қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауға бағытталған шараларды талдау және әзірлеу;
8) жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін бұзушылықтардың мән-жайлары мен себептерін анықтау;
9) технологиялық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды үйлестіру.
3. Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар және жүйелік оператор өндірістік бақылау туралы ережені әзірлейді.
Уәкілетті орган өндірістік бақылау туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді.