Маңызды стратегиялық мәнi бар тауарларды, жұмыстарды және
қызметтердi мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2004 жылғы 15 маусымдағы № 648 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 2005.01.02. № 81; 2005.03.05. № 421 қаулыларымен
енгізілген өзгерістерімен)
"Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының 21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" жабық акционерлік қоғамы сатып алудың маңызды стратегиялық мәнi бар мынадай тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi берушi болып белгiленсiн:
1) мемлекеттік ақпараттық жүйелердiң әлемдiк ақпараттық жүйелер мен ақпараттық ресурстарға бiрiгуi мақсатында олардың өзара iс-қимылын қамтамасыз ету;
ҚР Үкіметінің 2005.03.05. № 421 қаулысымен 2) тармақша өзгерді (бұр. ред. қара)
2) Қазақстан Республикасында "электрондық үкiметтiң" веб-порталы мен шлюзiн, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және мемлекеттік органдардың веб-сайттарын құру мен техникалық сүйемелдеу;
ҚР Үкіметінің 2005.03.05. № 421 қаулысымен 3) тармақша өзгерді (бұр. ред. қара)
3) Қазақстан Республикасында "электрондық үкiметтің" ақпараттық инфрақұрылымына бiрiктiрiлетiн мемлекеттік органдардың бағдарламалық-ақпараттық құралдарына жүйелі-техникалық қызмет көрсету, ақпараттық ресурстарын, ақпараттық жүйелерi мен дерекқорларын құру, енгізу мен сүйемелдеу, сондай-ақ осы мақсаттар үшiн персоналды оқыту.
4) мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi қалыптастыру, дамыту, сүйемелдеу кезiнде жобаларды ұйымдық-техникалық қолдау және басқару;
5) бiрыңғай коммуникациялық ортаны және мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен ақпараттық ресурстардың өзара iс-қимыл жүйесiн құру мен техникалық қолдау;
6) Ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттік тiркелiмiн және ақпараттық жүйелер депозитарийiн құру, сүйемелдеу және олардың жай-күйiнiң мониторингi;
7) Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымына бiрiктiрiлетiн ақпараттық жобаларға техникалық талдау жүргiзу;
8) мемлекеттік органдар үшiн типтiк бағдарламалық қамтамасыз етудi құру және сүйемелдеу;
ҚР Үкіметінің 2005.03.05. № 421 қаулысымен 9) тармақша өзгерді (бұр. ред. қара)
9) Қазақстан Республикасында "электрондық үкiмет" қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру шеңберiнде консалтингтiк қызметтер және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу;
10) Мемлекеттік органдардың ақпараттандыру саласындағы қызметiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен ақпараттық ресурстардың ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде жұмыстар жүргiзу.
ҚР Үкіметінің 2005.01.02. № 81 қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. "Республикалық ғарыштық байланыс және радиоэлектронды құралдардың электромагниттік үйлесімділігі орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) сатып алудың маңызды стратегиялық мәні бар мынадай:
1) радиожиілік спектр мен радиоэлектронды құралдар мониторингі жүйесіне инженерлік-техникалық қызмет көрсету жөніндегі;
2) телекоммуникациялық спутникті, ғарыш аппараттарын жерден ілеспе басқару кешенін және байланыс мониторингі жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды техникалық сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді беруші болып белгіленсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | | | | | | Д. Ахметов |