ҚР Үкіметінің 2005 ж. 8 сәуірдегі № 318 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2004 жылғы 27 наурыздағы
№ 371 қаулысымен
бекітілген
Мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру
және жүргiзу ережесi
1. Осы Мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының 24-бабына сәйкес әзiрленген және "Мал өнiмдерi корпорациясы" жабық акционерлік қоғамының тiрi малды, құсты, балықты, шикiзат пен малдан алынатын өнiмдердi, сондай-ақ оларды қайта өңдеу өнiмдерiн (бұдан әрi мал шаруашылығы өнiмi) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруы мен жүргiзуiнiң ерекше тәртібін анықтайды.
2. "Мал өнiмдерi корпорациясы" жабық акционерлік қоғамы мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алуға тапсырыс берушi болып табылады.
3. Мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алуды тапсырыс берушi өзiнiң иелiгіндегі ақша есебiнен жүзеге асырады.
4. Тапсырыс берушi Қазақстан Республикасының резидентi болып табылатын және мал шаруашылығы өнiмiн өндiрумен және қайта өңдеумен айналысатын, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу үшiн азаматтық құқықтық қабiлетi бар заңды немесе жеке тұлғалардан (бұдан әрi - ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер) мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады.
5. Мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшiн тапсырыс берушi:
сатып алынатын мал шаруашылығы өнiмiнiң номенклатурасы мен көлемiн, сондай-ақ сатып алу бағаларын анықтайды;
бағалау комиссиясын, сондай-ақ сараптау топтарын құрады.
Сараптау топтары өңiрлерде сатып алынатын мал шаруашылығы өнiмiнiң сипатын ескере отырып құрылады. Бағалау комиссиясы мен сараптау топтарының дербес құрамы, сондай-ақ мал шаруашылығы өнiмiнiң номенклатурасы, көлемi және сатып алу бағалары тапсырыс берушiнiң бiрiншi басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның шешiмiмен бекітіледi;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мерзiмдi баспасөз басылымдарында тапсырыс берушiнiң атауы мен орналасқан жерi, мал шаруашылығы өнiмiнiң көлемi, номенклатурасы, сатып алу бағалары, оны жеткiзу орны, мерзiмдерi және шарттары көрсетiлетiн хабарландырулар жариялануын қамтамасыз етедi. Хабарландырулар өтiнiмдердi қабылдау аяқталатын күнге дейiн он бес күннен кешiктiрмей жариялануға, сондай-ақ мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алуға қатысу үшiн ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң өтiнiмдердi беру орны мен соңғы мерзiмi туралы мәлiметтердi, тапсырыс берушi айқындайтын басқа да қажеттi ақпаратты қамтуы тиiс.
6. Мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алуға қатысуға ниет бiлдiрген ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi тиiстi сараптау тобына мынадай құжаттардан тұратын өтiнiмдi ұсынады:
тапсырыс берушi бекiтетiн нысан бойынша мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алуға қатысу туралы өтiнiш;
уәкiлеттi мемлекеттік органның тиiстi аумақтық бөлiмшесiнiң ветеринарлық инспекторы берген мал шаруашылығы өнiмi өндiрiлген шаруашылықтың не елдi мекеннiң эпизоотиялық әл-ауқаты туралы ветеринарлық анықтама;
тиiстi салық органы берген салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн беру туралы құжаттың көшiрмесi.
Қосылған құн салығы бойынша есепте тұрған ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер қосылған құн салығы бойынша есепке қойылғандығы туралы куәлiктiң көшiрмесiн, ал жеке тұлғалар болып табылатындары жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесiн қосымша ұсынуы тиiс.
7. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер ұсынатын мал шаруашылығы өнiмi сапасы бойынша стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарға сәйкес болуы тиiс, ал қайта өңдеу өнiмдерi сәйкестiк сертификатымен қосымша расталуы тиiс.
8. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi сараптау тобының оларды қарау нәтижелерiне қарамастан, өзiнiң өтiнiмiн дайындауға және беруге байланысты барлық шығыстарды көтередi.
9. Өтiнiмдер ұсынудың соңғы мерзiмi өткеннен кейiн ұсынылған өтiнiм қарауға жатпайды.
10. Сараптау тобы ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер өтiнiмдерiнiң түсуiне қарай:
ұсынылған өтiнiмдердi олардың толықтығы және осы Ереженiң 6-тармағында баяндалған талаптарға сәйкестiгi тұрғысында қарайды;
белгiленген талаптарға сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң тiзбесiн жасайды және оны ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң өтiнiмдерiмен қоса бағалау комиссиясына жiбередi.
Көрсетiлген тiзбе тiгiлуi, нөмiрленуi және оған сараптау тобының басшысы мен мүшелерi қол қоюы тиiс. Сараптау тобының қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.
11. Балалау комиссиясы белгiленген талаптарға сәйкес келетiн ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер тiзбесiн сараптау тобы ұсынған күннен бастап бес күнтiзбелiк күн iшiнде:
ұсынылған құжаттарды қарайды және мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алудың қорытындыларын шығарады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң ұсыныстары тең болған кезде мал шаруашылығы өнiмiнiң сапасы және төлем шарты iрiктеудi анықтау өлшемдерi болып табылады;
тiгiлуi, нөмiрленуi және бағалау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қоюы тиiс мал шаруашылығы өнiмiн берушiлердiң тiзiлiмiн жасайды.
12. Бағалау комиссиясының отырыстары бағалау комиссиясы мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң қатысуы шартымен өтедi. Шешiм ашық дауыс берiп қабылданады және егер оған бағалау комиссиясының қатысушы мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда бағалау комиссиясы төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.
Бағалау комиссиясының отырысында қабылданған шешiм тиiстi хаттамамен ресiмделедi және оған отырысқа қатысқан бағалау комиссиясының басшысы мен мүшелерi қол қояды.
Бағалау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда төрағаның функциясы тапсырыс берушiнiң шешiмiмен бағалау комиссиясы мүшелерiнiң бiреуiне жүктеледi.
13. Бағалау комиссиясы мал шаруашылығы өнiмiн берушiлер тiзiлiмiн мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу үшiн тапсырыс берушiге жiбередi.
14. Мал шаруашылығы өнiмiн мемлекеттік сатып алу туралы шарттың нысанын тапсырыс берушi бекiтедi.
15. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң екiншi деңгейдегi банктердiң кепiлдiктерiн беруi шартымен тапсырыс берушi фьючерстiк келісім-шарттар бойынша мал шаруашылығы өнiмiн сатып алуды жүзеге асыруы мүмкiн.
16. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер тiрi малды, құсты, балықты, шикiзат пен малдан алынатын өнiмдердi берген кезде оларға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес ветеринарлық куәлiктi ұсынады, ал олардан қайта өңделген өнiмдердi берген кезде стандарттау және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган берген сәйкестiк сертификатын ұсынады.