Халықтың, сондай-ақ шаруашылық қызметте пайдалануы мен қолдануына
арналған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ
онда өндiруге, қолдануға және сатуға тыйым салу жөніндегi ереженi бекіту
туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 ж. 24 ақпандағы № 218 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2267 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау және "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 4 желтоқсандағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiліп отырған Халықтың, сондай-ақ шаруашылық қызметте пайдалануы мен қолдануына арналған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ онда өндiруге, қолдануға және сатуға тыйым салу жөнiндегі ереже бекітілсiн.
2. Осы қаулы ресми түрде жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2004 жылғы 24 ақпандағы
№ 218 қаулысымен
бекітілген
Халықтың, сондай-ақ шаруашылық қызметте пайдалануы мен қолдануына
арналған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ
онда өндiруге, қолдануға және сатуға тыйым салу жөніндегі ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 4 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзiрленген және халықтың, сондай-ақ шаруашылық қызметте пайдалануы мен қолдануына арналған өнiмдi (бұдан әрi - өнім) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ онда өндiруге, қолдануға және сатуға тыйым салу тәртібін белгiлейдi.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар санитарлық-карантиндiк бақылауды және ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүргiзудің барысында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын және аумағын жұқпалы, карантиндiк және паразиттік аурулардың әкелiнуi мен таралуынан сақтау мақсатында белгiленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн, өндiрiлетiн, қолданылатын және сатып алынатын өнiмдердi қарауды жүргiзедi.
2. Халықтың пайдалануына арналған өнiмдi әкелуге, өндiруге,
қолдануға және сатуға тыйым салу тәртібі
3. Өнiм әкелу, өндiру, сату және қолдану кезінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қауіпсiз және тиiстi нормативтiк-техникалық құжаттамасы болуы тиiс.
Өнiмнiң қауіпсiздігi санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары беретiн санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының (гигиеналық сертификаттың) болуымен расталады.
4. Халықтың, сондай-ақ шаруашылық қызметте пайдалануына және қолдануына арналған өнiмдi мынадай кезде Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, қолдануға және сатуға рұқсат етiлмейдi:
1) оның нормативтiк-техникалық құжаттамасына және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмегенде;
2) оның қауiпсiздiгін куәландыратын құжаттар болмағанда;
3) адам денсаулығына зиянды әсер ететiн өнiмдер мен заттардың жекелеген түрлерiнiң мемлекеттік тiркелуi болмағанда;
4) өнiмнiң жалғандығы анықталғанда;
5) жарамдылық және (немесе) сақтау мерзiмi өтiп кеткенде немесе екi ай ішінде өтетiн жарамдылық мерзiмi болғанда (тез бұзылатын өнiмнен басқа);
6) оны халықтың денсаулығы мен тiршiлiк ету ортасы үшiн қауiптi деп танығанда;
7) жұқпалы аурулардың немесе жаппай жұқпалы емес аурулар мен уланулардың пайда болуы және таралу қаупi төнгенде.
5. Халықтың және шаруашылық қызметте пайдалануы мен қолдануына арналған өнiмдi өндiруге мынадай кезде тыйым салынады:
1) өндiрiс объектiсi мен технологиясының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкессiздiгi;
2) өнiмдердi өндiрудiң технологиялық процесiн сақтау үшiн қажеттi өндiрiстiк және технологиялық жабдық, аппаратура, мүкәммал болмағанда;
3) өнiмдi өндiруге қойған кезде оның-нормативтiк-техникалық құжаттамасы болмағанда;
4) халық үшiн ықтимал қауiп төндiретiн, өндiрiске алғашқы рет енгiзiлетiн және бұрын пайдаланылмаған заттар мен олардың негiзiнде дайындалған материалдар мен препараттардың мемлекеттік тiркеуi болмағанда;
5) жаңа өнiм өндiрiсте және шығарылатын өнiмнiң жекелеген ингредиенттерiн ауыстыруға санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болмағанда;
6) тыйым салынған тамақ қоспаларын, ингредиенттер мен шикiзаттарды пайдаланғанда;
7) жұқпалы аурулардың немесе жаппай жұқпалы емес аурулар мен уланулардың пайда болуы және таралу қаупi төнгенде.
6. Осы Ереженің 4 және 5-тармақтарында санамаланған бұзушылықтар анықталған кезде мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар санитарлық-эпидемиологиялық тексеру актiсіндегі себептердi көрсете отырып, өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, өндiруге, қолдануға немесе сатып алуға тыйым салады және тиiстi шараларды қабылдау үшiн материалдар дайындайды.
7. Объективтi эпидемиологиялық айғақтар болған кезде мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар белгiленген тәртiппен өнiмнің үлгiлерiн санитарлық-эпидемиологиялық сараптауға жiбередi.
8. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижесi бойынша қауiптi деп танылған немесе жұқпалы аурулардың немесе жаппай жұқпалы емес аурулар мен уланулардың туындау және таралу қауiпін төндiретiн өнiм заңнамада белгiленген тәртiппен жоюға, кәдеге жаратуға немесе қайта өңдеуге, ал әкелінгенi - Қазақстан Республикасынан тыс әкетугe жатады.
9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерiнде санитарлық-карантиндiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар өнiмдi әкелуге тыйым салу жөніндегі iс-шаралар жүргiзудi үйлесiмдi әрi шекаралық, кедендік, көліктiк, ветеринариялық және фитосанитарлық бақылау органдарының бөлiмшелерiмен өзара iс-әрекетте жүргiзедi.