"Ауыл мектебi" 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 ақпандағы № 128 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 04.03.04 ж. № 272 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 24 сәуірдегі № 470 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002-2004 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөніндегі Iс-шаралар жоспарын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған "Ауыл мектебi" 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекітілсiн.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар:
1) Бағдарламаның орындалуы жөнiнде қажеттi шаралар қабылдасын;
2) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігін Бағдарламаның орындалу барысы туралы жыл сайын 25 желтоқсанға хабардар етсiн.
3. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жыл сайын 20 қаңтарға Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның орындалуы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 4 ақпандағы
№ 128 қаулысымен
бекітілген
"АУЫЛ МЕКТЕБІ"
2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасы
Астана
1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Ауылдық жердегі білім берудің қазіргі жай-күйін талдау
4. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары және оны іске асыру тетіктері
5.1. Ауылда білім беру жүйесiн дамытудың негізгі бағыттары
5.1.1. Нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру
5.1.2. Білім беру ұйымдарының желiсiн сақтау, дамыту және
материалдық-техникалық базасын нығайту
5.1.3. Мектепке дейiнгі тәрбие мен оқыту бағдарламаларына
қол жетiмдiктi қамтамасыз ету
5.1.4. Оқыту мен тәрбие сапасын арттыру
5.1.5. Педагогикалық кадрларды даярлау және қайта даярлау
5.1.6. Ауылдағы білім беру ұйымдарын қаржылық қамтамасыз ету
5.2. Бағдарламаны iске асыру тетiктерi
6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздері
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
"Ауыл мектебі" 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасын
іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы: "Ауыл мектебi" 2003-2005 жылдарға арналған
Бағдарламасы
Әзiрлеу үшiн Қазақстан Республикасы Yкіметінің
2002 жылғы 24 негiздеме: сәуірдегі
N 470 қаулысымен бекітілген Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2002-2004 жылдарға
арналған бағдарламасын iске асыру жөніндегі
iс-шаралар жоспарының 5.2.7-тармағы
Негiзгi Қазақстан Республикасының Білім және ғылым
әзiрлеушi: министрлігі
Мақсаты: Ауылдық білім беру ұйымдарының жұмысын жақсарту,
ауылдық және шағын жинақталған мектептерді
басқарудың тиiмдiлiгін арттыру, ауылдық білім беру
ұйымдарын тұрақты дамытуды қамтамасыз ету,
оқу-материалдық базаны және кадрлық әлеуетті
нығайту
Негiзгi мiндетi: Ауылдық жерде білім беру жүйесiн дамыту және
тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, ауыл
оқушыларының білім сапасын көтеру, ауылдық білім
беру ұйымдарындағы жұмысшыларды, оқушылар мен
тәрбиеленушілерді әлеуметтiк қорғау.
Iске асыру 2003-2005 жылдар
мерзiмi:
Қаржыландыру Республикалық және жергiлiктi бюджеттер, заңнамада
көздерi: тыйым салынбаған өзге де көздердiң есебiнен.
Бағдарламаны iске асыруға арналған бюджеттің
шығыс көлемi 34049,082 млн. теңгенi, оның iшiнде
республикалық бюджеттен - 12123,18 млн.теңгенi,
жергіліктi 6юджеттен - 21925,902 млн. теңгенi
құрайды.
Күтілетiн Бағдарламада көзделген шараларды iске асыру
нәтижелер: нәтижесiнде ауылдық жердегi білім беру ұйымдарының
жұмыс iстеуi мен тұрақты дамуының нормативтiк
құқықтық базасы, әлеуметтiк, экономикалық және
білім беру кепiлдiктері жетілдiрiлетін болады,
бұл жастарды ауылда тұрақтандыру және ауылдық
жердегi инфрақұрылымды жақсарту үшін алғы шарттар
жасайды.
2. Кіріспе
"Ауыл мектебi" 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 24 сәуірдегі № 470 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002-2004 жылдарға арналған Бағдарламасын iске асыру жөніндегi iс-шаралар жоспарының 5.2.7-тармағының негiзінде дайындалды.
Ауылда жаңа экономикалық қатынастарды қалыптастыру, қоғамдық санада жүріп жатқан жер, еңбек, меншiк, ұлттық сана-сезiм сияқты құндылықтарды қайта бағалау ауылдық мектептің рөліне, миссиясына және даму болашағына әсер етпей қоймайды.
Ауыл мектебi жұмысы деңгейiнiң жай-күйі елдiң аграрлық секторының еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуіне елеулi түрде ықпал етедi. Мектеп ауылдық жердегi бірден-бір білім беру және мәдениет орталығы, оқушыларды кәсіптік даярлауға дейiнгi база бола отырып, тұрақтылықтың, ауылдың әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуының факторы болуда.
Жаңа әлеуметтiк-экономикалық жағдайларда ауылдағы білім беру жүйесiн жаңғырту қоғамдық өмiрдің айрықша әлеуметтiк-мәдени құбылысы және бірыңғай білім беру жүйесiнің органикалық бөлiгi ретіндегі ауыл мектебiн дамытуды кешендi нормативтік құқықтық, ғылыми-әдiстемелiк, ұйымдық-басқару, қаржылық-материалдық қамтамасыз етудi талап етеді.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық, нормативтiк және оқу-әдiстемелiк базасының бүгiнгі жай-күйі жаңа тәсiлдердi айқындауға, нақты пәрмендi шаралар қолдануға және мемлекеттік қолдауға мұқтаж болып отыр.
Жоғарыда келтiрiлген факторлар осы Бағдарламаны әзiрлеу қажеттігiн туғызды.
3. Ауылдық жердегі білім берудің қазіргі жай-күйін талдау
2001-2002 оқу жылында ауылдық жерде 276 мектепке дейiнгi ұйым, 6225 күндiзгi жалпы білім беретiн мектеп, 202 мектептен тыс ұйым жұмыс iстейдi. Оларда 1,6 млн. шамасында бала оқып, тәрбиеленедi, бұл оқушылар мен тәрбиеленушілердің жалпы санының жартысына дерлiгiн құрайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 26 қыркүйектегi № 1173 қаулысымен бекітілген Оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендер (ОӘК) дайындау мен басып шығарудың мақсатты бағдарламасына сәйкес білім беру ұйымдарында отандық жаңа буын оқулықтар кезең-кезеңмен енгiзiлуде. 2002/2003 оқу жылынан бастап қазақ, орыс, ұйғыр тiлдерiнде оқитын 1-6-сынып, өзбек тілінде оқитын 1-4-сынып оқушылары солар бойынша оқытылуда.
1997 жылдан бастап жалпы білім беретiн барлық мектептер, соның iшiнде елдің 4229 шағын жинақталған мектебi (ШЖМ) әртүрлі модификациядағы компьютерлiк сыныптармен жарақтандырылған. Мектептердi Интернет желiсiне кезең-кезеңімен қосу процесi компьютерлендiрумен қатар жүзеге асырылуда. "Интернет-мектептерге" ведомствоаралық бағдарламасының шеңберiнде 1124 мектеп қосылды, оның 289-ы - ауылдық мектептер.
"Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы жанында ғылым негiздерi жөніндегі сырттай мектеп жұмыс iстейдi, оның тыңдаушыларының 34%-ы - алыстағы ауыл мектептерінің балалары. Облыс орталықтарында ауылдық жерден шыққан дарынды балаларға арналған 22 мамандандырылған мектеп-интернат құрылған. Соңғы жылдары қабылданған шаралар ауылдық мектептердің жұмысын біршама тұрақтандыруға, оқушылар білiмінiң сапасын жақсартуға мүмкіндiк бердi.
Дегенмен, мемлекет тарапынан шұғыл шаралар қолдануды талап ететiн көптеген проблемалар бар.
Мектепке дейiнгi ұйымдарды қаржыландырудың қалдықты қағидаты қазiргi бар ұйымдардың желiсiн кеңейту ғана емес, тiптi оны сақтап қалудың мүмкiндiгiне қатер төндiредi. Оқыту мен білім берудің жағдайы ата-аналардың өз балаларының білім алуына ақы төлеуiнің материалдық мүмкіндiктерiне байланысты болып отырған кезде мектепке дейінгi білім беруде шын мәнінде теңсiздік қалыптасып отыр. Соның салдарынан ең бірiншi кезекте табысы аз отбасыларынан шыққан балалар мектептен тыс ұйымдардан және мектепалды сапалы бағдарламаларынан тыс қалады, үздiксiз білім алудың қағидаты бұзылады.
2001 жылдың 1 мамырына республиканың 43 ауылдық ауданында балабақшалар толық жабылған және білім берудің мектепке дейінгі сатысы жұмыс iстемейдi.
Барлық үлгiдегi мектептен тыс ұйымдарды (мектеп оқушыларының үйлерi, музыка көркем-сурет, спорт мектептерi, аула клубтары) күрт қысқарту салдарынан ауылда тұратын оқушылардың 3,4%-ы ғана қосымша білім берумен қамтылған, яғни ауылда қосымша білім беру бағдарламасы мүлдем iске аспай жатыр.
Ауылдық мектептердiң материалдық базасы шектен тыс нашар күйде: республикада ауыл мектептерінің 51,2%-ы бейiмделген үй-жайларда орналасқан; 11,05 мектеп үйi күрделi жөндеудi қажет етедi; 128 ауылдық мектеп үйi апатты жағдайда тұр. Негiзгi және орта мектептердiң 33,4%-ының физика кабинетi, 38,2%-ының химия, 46,6%-ының биология кабинеттері жоқ. Ауылдық мектептің әрбір үшіншiсінде спорт залдары, әрбір төртiншiсiнде оқу шеберханалары жоқ.
Ауылдағы білім беру саласын жеткіліксiз қаржыландырудың қалыптасып отырған практикасы мемлекеттің мемлекеттік стандарт шегiнде азаматтардың жалпы орта білім алуын қамтамасыз ету жөніндегі функциясын толық көлемде iске асыруға және мектептердің оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық базасын нығайту мен дамыту бойынша жүйелi жұмыс жүргiзуiне мүмкіндiк бермейдi.
Бірқатар жылдар бойы білім беру ұйымдарын қаржыландыруда ғимараттарды жөндеуге және білім беру ұйымдарының жиhаздарының жаңартуға жеткiлiкті қаражат көзделмей келдi. 2001 жылғы күрделi жөндеуге қажеттi сома 2 есе аз, ал ағымдағы жөндеуге қажеттіліктің 26%-ы көлемiнде ғана бөлiндi. Мектеп жабдығының 80%-на дейiнгiсi жаңартуды қажет етедi.
ЖШМ жұмыс iстеуi үшiн жағдай жасау білім беру жүйесіндегі өткiр проблема күйiнде қалып отыр. Нақты жағдай мен оны дамытудың ықтимал жолдарын ескерiп отыратын жүйелi тиянақталған стратегия жоқ.
2001 жылғы ауылдық мектептерден келген талапкерлердi кешендi тестiлеудің нәтижелерін талдау ауыл мектептерi оқушылары білім деңгейiнің қалалық бiтiрушiлерден төмен екендігін көрсетті. Олимпиадалардың, оқушылардың ғылыми жарыстарының нәтижелерi де осыған куә болады. Iстің бұлай болуының бір себебi ауылдық жерде білім беру ұйымдарының инновациялық желiсінің нашар дамуы болып отыр. Ауылдық мектептердің 20,7%-ында ғана жалпы білім беретiн пәндер тереңдетiліп оқытылады. Гимназиялар мен лицейлердің жалпы санының 10%-ы ғана ауылда орналасқан.
2001-2002 оқу жылында 30 мыңнан астам мектеп оқушысы мектептерге көлiкпен жеткiзiледi, 6 мың пәтерлерде тұрады, 8 мыңдай бала мектепке өз бетінше барады. Оқушылардың осы санаты ауа-райы жағдайларынан жиi сабақтан қалады. Балаларға күн сайын мектеп пен екi ортада біраз қашықтыққа жүруге тура келеді, мұның өзi олардың денсаулығына, үлгерiм деңгейiне терiс әсер етедi, өмiрiне де қауiп төндіредi.
Балаларды жеткізудің тиiмдiлігіне, әсiресе солтүстiк және орталық аймақтарда, қатаң климаттық жағдайлар, су тасқыны, сондай-ақ арнайы көлiктің және жанар-жағармай материалдардың болмауы елеулi түрде әсер етедi.
Босқындар балаларының жағдайы да алаңдаушылық туғызып отыр, олардың саны жыл сайын көбейiп келедi.
Барлық аймақтарда қосымша интернаттық мекемелер ашу қажет, олардың жұмыс iстеп тұрған желiсi оларға мұқтаж балалардың қажеттілігін қанағаттандырмайды. Мектеп жанындағы интернаттардың 56%-ы бейiмделген үй-жайларда орналасқан, олардың 62%-ның - өз асханалары, 61%-ның - су құбыры, 69%-ның - кәрiз желiсi, 46%-ның - моншасы немесе сусебезгiсi, 39%-ның кiр жуатын орны жоқ.
2002 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша мектеп жасындағы 14 мыңдай бала тұратын республиканың 492 елдi мекенiнде мектептер атымен жоқ.
Республикадағы арнайы түзету ұйымдарында даму мүмкiндiктерi шектеулi балалардың 27,5%-ы орта бiлім берумен қамтылған. Соның өзiнде осы санаттағы 26 мың бала арнайы түзету ұйымдарына орналастыруға мұқтаж болып отыр. Көру, есту, сөйлеу органдарының кемiстiгi бар, тiрек-қозғалыс аппараты бұзылған, ауылда тұратын және денсаулық жағдайына байланысты жай мектептерде оқуға мүмкiндігі жоқ балалардың, iс жүзiнде білiм алуға қолдары жете бермейдi.
Oқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруда едәуiр проблемалар бар, ауылдық мектептердiң 36%-ында ғана ыстық ас ұйымдастырылған.
Ауылдық мектептердiң педагогикалық кадрларға мұқтаждығы 2,7 мыңнан астам адамды құрайды, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі мен әдебиетiнің, математика, информатика, шет тілі, еңбекке баулу, музыка пәндерінің оқытушыларына және мектеп алды сыныптарындағы тәрбиешiлерге мұқтаждық сезіледi. Ауыл мұғалiмдерiнің 3 мыңдайының жалпы орта білімi ғана бар. Ауылдық білім беру ұйымдарында педагогикалық кадрлардың тұрақтамауы жоғары болып отыр.
Жергіліктi бюджетте педагогикалық кадрлардың біліктілігiн арттыруға қаражаттың жеткiлiксiздiгiнен ауыл мектептерi мұғалiмдерінің көпшiлiгi курстық қайта даярлаудан өз есебiнен өтедi. Аудандық білім беру бөлiмдерінің жартысынан астамында әдiстемелiк қызмет жоқ.
Мұғалiмнiң сабаққа сапалы дайындалуына мектеп кiтапханаларының, қажеттi әдiстемелік әдебиетінің болмауы терiс әсерiн тигiзедi. Ауыл мектептерінің бір мыңнан астамында (19%) кiтапханалар жоқ. Мектеп кiтапханаларының қоры жаңартуға және сыныптан тыс оқуға арналған танымдық және басқа да әдебиетпен толықтыруға мұқтаж. Педагогикалық бұқаралық ақпарат құралдарының таралымы шектен тыс қысқарған.
Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы және шағын жинақталған мектептердегi бірiктiрiлген сыныптардың көптiгi мектептердің көпшiлігiнде оқу-тәрбие процесін балалар мен жасөспiрiмдердiң мүдделерiне сәйкес тиiстi деңгейде ұйымдастыруға мүмкiндік бермейдi.
4. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері
Бағдарламаның негізгі мақсаты:
Ауылдық білім беру ұйымдарының жұмысын жақсарту, ауылдық және шағын жинақталған мектептердi басқарудың тиімділігін арттыру, олардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, ауылдық бiлім беру ұйымдарының материалдық-техникалық және кадрлық әлеуетiн нығайту.
Бағдарламаның мiндеттерi:
ауылдық жердегi білім беру ұйымдарының жұмыс iстеуiн және дамуын нормативтiк құқықтық қамтамасыз ету;
ауылдық білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту;
ауылдық мектептердiң қызметiн ашық әлеуметтiк институт және көп функционалды білім беру ұйымы ретiнде жаңғырту, ауылдық жалпы білім беретiн мектептердiң, бала бақшалардың, "мектеп-бала бақша" кешендерiнің, жалпы білім беретiн мектептердегi мектепке дейiнгi тәрбиенің шағын орталықтарының желiсiн дамыту;
ауылдық білім беру ұйымдарының жұмыс iстеуiн және дамуын қамтамасыз ететін қаржы-экономикалық тетіктер әзiрлеу әрi енгізу, педагогтардың еңбегіне ақы төлеудi жетілдiру;
білім беру қызметкерлерiн, ауылдық білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілepін әлеуметтік қорғау жөнінде шаралар жүйесiн әзiрлеу;
ауыл мектептерiнің ерекшелiктерiн ескере отырып, оларды ғылыми, оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдiру, шағын жинақталған мектептердің оқу-тәрбие процесіне арнайы әдiстемелер мен технологияларды енгізу;
ауылдық мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда оқыту мен тәрбие сапасын көтеру, оқушылар мен тәрбиеленушілердің шығармашылығын дамыту;
ауылдық жерде педагогикалық кадрлардың тұрақтылығын қамтамасыз ету; ауылдық, оның iшіндe шағын жинақталған мектептер үшiн педагогикалық кадрларды даярлау және қайта даярлау деңгейiн арттыру;
жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, мүгедек балаларды және даму мүмкiндiктерi шектеулi балаларды әлеуметтендiру жүйесiн жетілдiру;
балалық шақты әлеуметтiк қорғаудың ғылыми-әдiстемелер базасын жасау, кәмелетке толмағандардың әлеуметтiк-құқықтық кепілдiктерiн кеңейту, қамқорлыққа зәру балалардың мүлiктiк және өзге де мүдделерiн қорғау.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары және оны іске асыру тетіктері
5.1. Ауылда білім беру жүйесiн дамытудың негізгі бағыттары
5.1.1. Нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру
Жаңа әлеуметтiк-экономикалық жағдайларда мұғалiмдер мен басқа да педагогикалық қызметкерлердің әлеуметтiк мәртебесiн көтерудің құқықтық негізін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдiру қажет.
Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудағы ерекшелiктерiн ескере отырып, ауыл мектебiнiң жаңа моделiн әзiрлеу қажет.
Ауылдық білім беру ұйымдарының ықпалдастыру үлгілерін нормативтік құқықтық қамтамасыз ету, білім беру мәселелерi жөніндегі қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық кесiмдердi жетiлдiру, ауылдық мектeпті басқару, ауылдық мектеп оқушысының жеке тұлғасын дамыту жөніндегі ғылыми-әдістемелiк материалдар әзiрлеу қажет.
Аудандық (қалалық) әдiстемелiк кабинеттердiң штаттық кестесi, сондай-ақ ауыл мектептерiне арналған оқу жабдықтары мен техниканың үлгiлiк тiзбесi қайта қаралуға тиiс.
Ауылдық жерде тұратын дарынды және талантты балаларға қолдау көрсету үшiн дарынды балаларды анықтау және олармен жұмыс iстеу жөніндегі нормативтік базаны жетілдіру қажет.
Балаларға және олардың отбасыларына әлеуметтiк, сауықтыру, педагогикалық, психологиялық жәрдем көрсету үшiн нормативтер әзiрлеу, арнайы түзету білім ұйымдарын оқу-әдiстемелiк қамтамасыз ету талап етiледi, өйткенi даму мүмкiндiктерi шектеулi балалардың проблемаларын шешу үшiн жағдайлар жасау ауылдағы арнайы білім берудің негiзi болып табылады.
Даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдердің құқықтарын қорғауды оларды қоғамдағы толыққанды өмiрге даярлаудың басты басымдықтары ретiнде қарау қажет. Балаларға әлеуметтiк-құқықтық қызмет көрсету бойынша ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгілеу жөніндегі арнайы нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеудi талап етедi.
Жергiлiктi атқарушы органдарға тәрбиеленушілердi білім беру ұйымдарында ұстауды қамтамасыз ету мәселелерiнде неғұрлым кеңiрек өкiлеттік беру қажет.
5.1.2. Білім беру ұйымдарының желiсiн сақтау, дамыту және
материалдық-техникалық базасын нығайту
Ауылдық жерде бiлімге қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында "Білім беру ұйымдары желiсiнің кепілдендiрілген мемлекеттік нормативi туралы" Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2000 жылғы 25 ақпандағы № 300
қаулысымен белгіленген білім беру ұйымдары желiсiнің кепiлдендiрiлген мемлекеттік нормативiн орындау қажет.
Тиiстi үлгідегi жалпы білім беретiн мектептерi мен интернат ұйымдары жоқ елдi мекендердiң оқушылары үшiн балаларды мектепке және керi қарай күнделiктi ақысыз жеткізу қамтамасыз етілуi тиiс.
Жергiлiктi атқарушы органдар балаларды жеткізу арнайы көлiк бөлудi, оны ұстау мен жаңартып отыруды қамтамасыз етуi тиiс. Балаларды жеткізу қиын алыстағы ауылдарда мiндеттi түрде бастауыш мектеп болуы керек.
Соңғы жылдары ЖШМ-ның жалпы білім беретiн мектептердің жалпы санындағы өзіндiк үлесінің ұлғаюы олардың жұмысын жақсарту жөнiнде шаралар қабылдауды және ауылдағы әр түрлi үлгідегi жалпы білім беретiн ұйымдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз етудi талап етедi.
Жалпы білім беретін мектептің негiзгi және жоғары сатыларында сыныптарды бірiктiрiп оқытуға жол беруге болмайды.
Ауылдық ЖШМ жұмыс iстеуiн жетiлдiру, олардағы оқу-тәрбие процесін оңтайландыру үшін базалық тiрек мектептерiнің әлеуетiн кеңiнен пайдалану керек.
Экономикалық орындылық, оқушылар мен олардың ата-аналарының мүдделерi тұрғысынан келгенде, білім беру ұйымдары желiсiнің кепілдендiрiлген мемлекеттік нормативi шеңберiнде мемлекеттік мектеп жанындағы интернаттардың желiсiн кеңейту және нығайту, облыс және аудан орталықтарында тиiстi үлгідегi жалпы білім беретiн мектептерi жоқ елді мекендерден келген балалар үшін жалпы үлгiдегi мектеп-интернаттар ашу қажет.
Ауылдық жердегi даму мүмкiндіктерi шектеулi балаларға арналған мектептер мен мектеп-интернаттар, санаториялық мектептер мен пансионаттар желiсi одан әрi кеңейтудi талап етедi. Жалпы білім беретiн мектептерде көрсетiлген санаттағы балаларды оқыту үшiн арнайы сыныптарын ашу, оқытудың орнын толтыратын сыныптар құру, үйде оқытудың кең мүмкiндiктерiн беру қажет.
Ауыл балаларына қосымша білім беру бағдарламасын iске асыру мақсатында жұмыс iстеп жатқан жалпы білім беретiн мектептердiң базасын неғұрлым тиiмдi пайдаланған жөн.
Әрбір аудан орталығында балалар шығармашылығының орталықтары немесе үйлерi, балалар-жасөспiрімдер спорт мектептерi, балалар музыка мектептерi және мектептен тыс білім беру ұйымдарының басқа да үлгілерi жұмыс iстеуi тиiс. Қосымша білім беру ұйымдарының оқу-материалдық базасын нығайту клуб қызметi, спорт, туризм және басқалар сияқты жаңа білім беру-тәрбиелiк бағдарламаларды сапалы түрде iске асыруға мүмкiндiк бередi.
Кабинеттер ашуды және оқу жабдықтарын, физика, химия, биология бойынша зертханалық жабдықтар, шеберханалар үшiн құралдар мен станоктар, еңбекке баулу сабақтарын өткізу үшiн материалдар, спорттық мұқаммал, асхана жабдықтарын, интернат мекемелерi тәрбиеленушiлерінің киім-кешегiн сатып алуды көздеу қажет. Білім беру ұйымдарындағы жиһаздың және оқу жабдығының кемiнде 10%-ын жыл сайынғы жаңартуды қамтамасыз ету қажет. Әр ауылдық ауданда мектепке дейiнгi тәрбиенiң оқу-материалдық базасын нығайтуға жәрдемдесетiн нақты шаралар қабылдау қажет: күрделi құрылыс және жөндеу, жиһазды, оқу-ойын жабдықтарын ауыстыру, мектеп алдындағы дайындықты оқулықтармен және оқу-әдiстемелiк құралдармен ақысыз қамтамасыз ету, т.с.с.
Бірiншi кезекте апаттық жағдайдағы ғимараттарды қайта жаңартуды және күрделі жөндеудi жүзеге асырған жөн.
Оқушылардың, тәрбиеленушілердiң денсаулығын сақтау, оқу процесi үшiн қалыпты жағдайлар жасау үшiн білім беру ұйымдарында пайдаланылатын ауыз су мен отынның сапасы маңызды рөл атқарады.
Мектептердi барлық пәндер бойынша компьютерлiк оқыту бағдарламаларымен қамтамасыз ету, олардың ғаламдық компьютерлiк желiге шығуына, қашықтықтан оқыту нысанының белсене енгiзiлуiне мүмкiндiк беру керек. Білім беру ресурстарының орталығы: кiтапхана және компьютерлiк сынып мектеп инфрақұрылымының ұйтқысы болуға тиiстi.
Сервистiк қызмет көрсету және мектептердiң компьютерлiк техника паркiн жаңарту мәселелерi елеулi назар аударуды талап етедi.
Жоғары сынып оқушыларының еңбекке даярлығын ұйымдастыру үшiн ауылдық мектептердiң оқу-өндiрiстiк қызметiн дамыту, оларға жер алаптарын бекітіп беру, оқушылардың өндiрiстiк құрылымдарын құру қажет.