Осы мақсатқа ырықтандырудың бiрiншi кезеңiнiң шеңберiнде жету үшiн мынадай мiндеттердi iске асыру болжанады:
1) инвестициялық портфельдi түрлендiру үшiн резидент еместердiң инвестициялық сапалы бағалы қағаздарына инвестицияларды валюталық реттеу режимiн жұмсарту жолымен жағдайлар жасау;
2) резиденттердiң республиканың өндiрiстiк әлуетiн кеңейтетiн, жаңа перспективалық рыноктарға енуге жағдайлар жасайтын және инвестициялау объектiсiне бақылаудың қажеттi деңгейiн жасайтын шетелдегi тiкелей инвестицияларын ынталандыру;
3) сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асырған кезде шектен тыс әкiмшiлiк кедергiлердi жоюмен қатар, валюталық реттеудiң және едәуiр маңызды валюта операцияларына экспорт-импорттық валюта бақылауының тиiмдiлiгін арттыру;
4) валюта операцияларын статистикалық есепке алуды одан әрi жетiлдiру және капиталдың барынша еркiн қозғалысына байланысты тәуекелдердi төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асыру болжануда.
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары
және тетiгi
5.1. Валюталық реттеу және бақылау жүйесiн құру принциптерi
Валюталық реттеу және бақылау мақсатында резиденттер мен резидент еместер арасындағы барлық операциялар мынадай санаттарға бөлiнетiн болады:
1) "а" санаты: операция рұқсат алуды - Ұлттық Банктiң лицензиясын талап етедi;
2) "б" санаты: операция тiркеудi талап етедi - мәмiлеге қатысушы Ұлттық Банкке растау құжаты - тiркеу куәлiгi негiзге алынып берiлетiн жасалатын операция туралы (келісім-шартқа қол қойылған немесе тiркеуге жататын капитал қозғалысына байланысты операцияның тиiстi санатына көшкен сәттен бастап белгiлi бiр уақыт iшiнде) хабарлауы тиiс;
3) "в" санаты: операция кейiн хабарлауды талап етедi - бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар, уәкiлеттi банктер, не мәмiлеге тiкелей қатысушы жасалған мәмiле жүргiзiлгеннен кейiн оның сипаты туралы Ұлттық Банкке (жүргiзiлген сәттен бастап белгiлi бiр кезең iшiнде) хабарлайды;
4) "г" санаты: операция Ұлттық Банктiң лицензиясын, тiркеу куәлiгiн алуды немесе хабарлауды талап етпейдi.
"Валюталық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Заңына сәйкес белгiленген резиденттер мен резидент еместер арасындағы ағымдағы операциялар шектеусiз жүзеге асырылады.
Капитал қозғалысына байланысты операциялар экономикалық сипатына, тәуекелдерiне және операциялардың ауқымдарына байланысты түрлi санаттарға жатқызылады. Сонымен қатар валюта операциясының ағымдағы операциядан капитал қозғалысына байланысты операциялар разрядына көшу мерзiмi 120-дан 180 күнге дейiн ұлғайтылады, мұның өзi сыртқы экономикалық операциялар бойынша есептеулердi жүзеге асыру шарттарын әлемдiк тәжiрибеге сәйкес неғұрлым нақты көрсетедi.
Валюталық реттеу режимiнiң "a" санатындағы операцияларға қатысты ғана шешушi сипаты болады. Лицензия өтiнiш берушi ұсынған құжаттар және негіздеме негiзiнде берiлетiн болады. Резидентке және жүргiзiлуi мақсатқа сай екендiгiн бағалауға мүмкiндiк беретiн, сәйкес келмеуi лицензия беруден бас тарту үшiн негіз болып табылуға тиiстi нақты операцияға қойылатын талаптар тiзбесiн кеңейту қажет. Қазiргi уақытта лицензиялау жүйесi валюталық реттеу режимiне халықаралық практика ұсынатын барлық талаптарға жауап бермейдi. Қолданылып жүрген тәртiп жүргiзiлетiн операцияның экономикалық мақсатқа сай болмауы себептi реттеушi органның лицензия беруден бас тарту құқығын көздемейдi. Бұл жағдайларда шектеулер тек қана рәсiмдiк сипатта болады, операцияны жүзеге асырудың нақты экономикалық алғышарттарына және резиденттiң валюта операцияларына тиiстi тәуекелдердi жабатын қаржылық мүмкiндiктерiне ресми тәуелдi емес. Валюталық режимнiң ырықтандырылуына орай валюталық тәуекелдер және "реттеушiлiк арбитраж" тәуекелi өседi, сондықтан Ұлттық Банктiң, валюталық бақылау органы ретiнде, қажеттi құжаттар ұсынылған және барлық рәсiмдер сақталған өтiнiш берушiге операция және/немесе өтiнiш берушi белгiленген экономикалық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда бас тартуға жеткiлiктi өкiлеттiктер болуы тиiс.
Тiркеу ("б" санаты) шешушi сипаты болмайды, яғни Ұлттық Банк өтiнiш берушiге экономикалық тұрғыдан мақсатқа сай болмауы себептi мәмiленi жүргiзуiне бас тарта алмайды және сыртқы экономикалық операциялардың толық әрi шынайы есебiн жүргiзу мақсатына, сондай-ақ валюта заңдары талаптарының сақталуын бақылауға қызмет етедi.
Кейiнгi хабарлау ("в" санаты) ақпараттық сипатта болады, растайтын құжаттар ұсынуды талап етпейдi және операциялар мен оларға қатысушылар туралы ақпарат көзi болып қана табылады.
Валюталық құндылықтардың резиденттерден резидент еместердiң пайдасына өтуiн көздейтiн капитал қозғалысына байланысты операцияларды ырықтандыру бiрiздiлiк принципiне негiзделедi, яғни артықшылық берiлген күрделi операциялар бiрiншi кезеңде лицензиялауға жататындар ("a" санаты) разрядынан тiркеудi ("б" санаты), хабарлауды ("в" санаты) талап ететiн операциялар разрядына бiртiндеп көшiрiлетiн болады.
Әкiмшiлiк рәсiмдердi барынша оңайлату мақсатында валюта операцияларын тiркеу және лицензиялау тәртібі жетiлдiрiледi.
Сонымен қатар, валюта заңдарында лицензиялауға жататын валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияның ең аз сомасы белгiленуi мүмкiн. Мұндай тәсiл шағын және орта бизнес кәсiпорындарына неғұрлым тән болатын операция сомалары бойынша аса маңызды емес операцияларға шектеу қоймай, неғұрлым ауқымды операцияларға бақылауды жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi.
Валюталық режимдi ырықтандыру сонымен қатар валюта заңдарында белгіленген талаптарды резиденттердiң бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi күшейтумен қатар жүредi.
5.2. Резидент еместердiң бағалы қағаздарымен операциялар
Қолданылып жүрген заңдар бойынша резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарына инвестициялары капитал қозғалысына байланысты және валюталық құндылықтардың резиденттерден резидент еместердiң пайдасына өтуiн көздейтiн валюта операциялары ретiнде жiктеледi және Ұлттық Банкi лицензиялайды.
Резиденттердің шет елдерге инвестицияларды жүзеге асыру тәртібі мынадай операцияларға қатысты ырықтандырылады:
1. Резиденттердiң резидент еместер шығарған инвестициялық сапалы бағалы қағаздарға (бұдан әрi - инвестициялық сапалы бағалы қағаздар) портфельдiк инвестициялары.
Инвестициялық сапалы бағалы қағаздар санатына мынадай сипаттағы неғұрлым өтiмдi және сенiмдi бағалы қағаздар жатқызылатын болады:
"А"-дан төмен емес кредиттiк рейтингтiк бағасы бар шетелдiк эмитенттердiң акциялары ("Standard & Poor's" немесе "Fitch" рейтингтiк агенттiктерiнiң жiктеуi бойынша) немесе "А2" ("Moody's Investors Service" рейтингтiк агенттігінiң жiктеуi бойынша);
"A"-дан төмен емес рейтингтiк бағасы бар шетелдiк эмитенттердiң облигациялары және өзге де борыштық бағалы қағаздары (Poor's" немесе "Fitch" рейтингтiк агенттiктерiнiң жiктеуi бойынша) немесе "А2" ("Moody's Investors Service" рейтингтiк агенттігінiң жiктеуi бойынша).
Инвестициялық сапалы бағалы қағаздарға инвестициялау лицензия алмай жүзеге асырылады.
Кредиттiк рейтинг ұзақ мерзiмдi рейтинг ретiнде түсiндiрiледi. Ұзақ мерзiм рейтинг болмаған кезде ғана қысқа мерзiмдi рейтинг қабылдануы мүмкін.
Бағалы қағазды инвестициялық сапалы бағалы қағаздар санатына жатқызу үшiн бiрден артық рейтинг болған жағдайда белгiленген рейтингтiк агенттiктердiң ("Standard & Poor's", "Fitch, "Moody's) әрқайсысынан алынған рейтингтер ең төменгi белгiленген талаптарды қанағаттандыруы қажет. Рейтингтердiң бiреуiнiң ең аз белгiленген рейтингтен тармақтың жартысынан аспайтындай ауытқуға жол берiледi. Шет мемлекеттердiң мемлекеттік бағалы қағаздарымен жасалған жағдайда кредиттiк рейтинг ретiнде шетел валютасындағы елдiң ұзақ мерзiмдi тәуелсiз рейтинг түсiндiрiледi.
Кредиттiк рейтингке барынша жоғары талаптар қазақстандық инвесторларды тәуекелдi инвестициялардан сақтау мақсатында белгiленедi. Инвестициялық сапалы бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жiберу тиiстi рұқсат беру рәсiмiнсiз жүзеге асырылады.
Инвестициялық сапалы бағалы қағаздарға лицензия алмай инвестициялау режимi Қазақстан Республикасының осы операцияларды қазақстандық бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар арқылы жүзеге асыратын барлық резиденттерiне қолданылады.
Қаражатты бағалы қағаздарды сатып алу үшiн ақы төлеуге аударған кезде инвестициялық сапа критерийлерiнiң сақталуына бастапқы бақылауды екiншi деңгейдегi банктер жүзеге асырады. Инвесторлардың инвестициялық сапалы бағалы қағаздар сенiмдiлiгiне қойылатын талаптарды сақтауын бақылау Орталық Депозитарий арқылы ғана жүзеге асырылады. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары болып табылатын екiншi деңгейдегi банктер резидент еместердiң бағалы қағаздарымен операцияларды "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi" ЖАҚ-тан (бұдан әрi - Орталық Депозитарий) тыс тiкелей резидент еместермен өздерiнiң корреспонденттiк қатынастары арқылы жүзеге асыра алмайды.
Инвестициялық сапалы бағалы қағаздармен операциялар және мәмiленiң қарсы әрiптестерi туралы ақпарат оны делдал-бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысымен жүргiзген сәттен бастап белгiленген уақыт iшiнде Ұлттық Банкке ұсынылады ("в" санаты).
Резиденттердiң рейтингке қойылатын жоғарыда келтiрiлген талаптарға жауап бермейтiн резидент еместердiң бағалы қағаздарына, не қазақстандық бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларынан тыс инвестициялық сапалы бағалы қағаздарға инвестициялауы Ұлттық Банкте лицензиялауға жатады. Резидент еместер шығарған инвестициялық емес сапалы бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жiберу Ұлттық Банкте рұқсат алу рәсiмiнен өтудi талап етедi.
Бiрте-бiрте ырықтандыру принципiне сәйкес Ұлттық Банк инвестициялық сапалы бағалы қағаздардың рейтингiне қойылатын талаптарды өзгерту, жоғарыда көрсетiлгендерге толықтыру ретiнде бағалы қағаздардың басқа түрлерiн енгізу мүмкiндiгiн көздейдi.
2. Резидент еместердiң iшкi рынокта бағалы қағаздарды резиденттерден кейiнгi сатып алуы.
Резиденттердiң резидент еместердiң инвестициялық емес сападағы бағалы қағаздарына не инвестициялық сападағы бағалы қағаздарына қатысты, бағалы қағаздардың рыногына қазақстандық кәсiби қатысушыларды қоспағанда, лицензиялау тәртібі валюталық құндылықтарды Қазақстаннан iс жүзiнде әкету жүрiп жатқан кезде резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарын бастапқы сатып алуына ғана қолданылады. Резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарының республика iшiнде қайталама рынокта айналысқа жiберiлген кезде нақты иеленуiн көрсету үшiн қажеттi ақпаратты Ұлттық Банк хабарландыру арқылы алады.
3. Резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарына осы бағалы қағаздарға шығарылған қазақстандық депозитарлық қолхаттарды (бұдан әрi ҚДҚ) сатып алу арқылы инвестициялары.
Қазiргi уақытта инвестициялау және iшкi рынокта айналысқа жiберуге рұқсат етiлетiн қаржы құралдарының тiзбесiн кеңейту жөнiндегі жұмыс жандандырылуда. Осыған байланысты Ұлттық Банк шетелдiк эмитенттер шығарған бағалы қағаздарға ҚДҚ-ды шығару, орналастыру және айналысқа жiберу рәсiмдерi мен тәртібін қалыптастыру жөнiнде жұмыс жүргiзуде.
Резидентке ҚДҚ-ын сатып ала отырып, резидент еместер шығарған бағалы қағаздарға меншiк құқығы iс жүзiнде өтетiнiн ескере отырып, осы операциялар шет елдерде инвестицияларды, оның iшiнде резидент еместердiң бағалы қағаздарын жүзеге асыруға қатысты валюталық реттеу талаптарына сәйкес келуi тиiс. Сонымен қатар ҚДҚ-ының негізгi активi болып табылатын бағалы қағаздардың сапасына, ҚДҚ эмитентiне және ақпаратты ашуға барынша жоғары талаптар белгiленедi, бұл осы операцияларға валюталық реттеудi мақсатқа сай қолдана алмайды.
Осыны негiзге ала отырып, осы туынды бағалы қағаздарды iшкi рынокта айналысқа жiберу үшiн қажеттi жағдайлар жасау және қаржылық қадағалау тарапынан бақылауды болдырмау мақсатында резиденттердiң ҚДҚ-ын сатып алуы арқылы резидент еместердiң бағалы қағаздарына инвестициялары лицензиялауға жатпайды. Негiзгi актив болып табылатын резидент еместiң бағалы қағаздарына резиденттердiң - ҚДҚ ұстаушылардың iс жүзiнде иелiк етуiн жiктеуге және олармен операцияларды қадағалауға мүмкiндiк беретiн ақпарат қаржылық қадағалау органынан, депозитарий ұйымынан, ҚДҚ эмитентiнен және бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларынан хабарлау тәртібімен ("в" санаты) алынады.
Резидент ҚДҚ-ын негiзгi активке айырбастау кезiнде валюталық реттеудiң белгiленген шектеулерiн айналып өту мүмкiндiгiн болдырмау үшiн бағалы қағаздарды - негiзгi активтi сатып алуға қатысты валюталық реттеу тәртібі қолданылады.
Шешудi талап ететiн мәселелер:
Қазiргi уақытта қолданылып жүрген валюта заңдары тек негiзгi активтердi бiлдiре алатын бағалы қағаздарды тiкелей сатып алуға байланысты операцияларды реттеуге ғана бағдарланған, сондықтан туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргiзудiң мәнi мен сипатын толық көрсетпейдi. Жақын болашақта туынды қаржы құралдарымен операциялар барған сайын кең таралуын күтуге болатынын ескерсек, оның жолдарын әзiрлеп, валюталық реттеу тәртібін туынды қаржы құралдары рыногының жұмыс iстеу тетiгiне және ерекшелiктерiне сәйкес келтiру қажет.
5.3. Резиденттердiң шет елге тiкелей инвестицияларды
жүзеге асыруы
Тiкелей инвестициялар - ақшаны, бағалы қағаздарды, заттарды, интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижелерiне құқықтарды қоса алғанда, мүлiктiк құқықты және өзге де мүлікті заңды тұлғаның акцияларына (қатысушылардың салымдарына) ақы төлеу үшiн салу, нәтижесiнде мұндай салымды жүзеге асыратын тұлғаға осы заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының 10 және одан көп пайызы (қатысушылар дауысының жалпы санының 10 және одан көп пайыз дауысы) тиесiлi болады.
Қолданылып жүрген заңдар бойынша резиденттердiң шет елге инвестициялары, оның iшiнде тiкелей инвестициялар капитал қозғалысына байланысты және валюталық құндылықтарды резиденттерден резидент еместердiң пайдасына ауыстыруды көздейтiн валюта операциялары ретiнде жiктеледi және Ұлттық Банк лицензиялары.
Республиканың экономикалық әлуетiн көтеру тұрғысынан қарағанда резиденттердiң тiкелей инвестициялары, егер олар қаржы ресурстарын неғұрлым тиiмдi бөлуге, өндiрiстiк базаны кеңейтуге, жаңа рыноктарға өтуге және транзакциялық шығасыларды азайтуға ықпал етсе, экономикалық ақталған болып саналады.
Бұған қоса, инвестор инвестицияланатын объектiнiң өндiрiстiк қызметiне және кiрiстi пайдалануға қатысты шешімдер қабылдауға елеулi ықпал ету үшiн жеткiлiктi құқықтарға (жарғылық капиталдағы үлестерге) ие болуы тиiс, ал елдегi - инвестицияланатын объектi тұрған жердегi инвестициялық және валюталық режим салынған қаражатты қайтаруға және алынған пайданың қайтарылуына кедергi жасамауы тиiс.
Жоғарыда аталған факторлар шетел активтерiне резиденттер инвестицияларын ырықтандыру процесiн құрайтын мынадай сипаттағы негiзгi принциптердi белгiлейдi:
кәсiпорын құру, жұмыс iстейтiн кәсiпорындардың акцияларын сатып алу, соның нәтижесiнде резидентке осы резидент емес - заңды тұлғаның, яғни еншiлес ұйымның 50% және одан да көп дауыс беретiн акциялары (қатысушылар дауысының жалпы санының 50 және одан да көп пайыз дауысы), тиесiлi болады;
инвестициялау объектiсi - резидент еместiң еншiлес ұйымның жарғылық капиталын көбейту;
жоғарыда көрсетiлген операциялар инвестициялау объектiсiнiң тұрған жерi Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (бұдан әрi - ЭЫДҰ) кiретiн не инвестицияларды өзара қолдау және қорғау туралы келісім жасалған және бекітілген елде жүзеге асырылады (дивидендтердiң, пайда үлесiнiң, сыйақылардың, резиденттiң қатысу үлесiн тарату/сатудан түскен қаражаттың еркiн айырбасталатын валютада шұғыл қайтарылуына шектеулердiң болмауын көздейдi).
Резиденттердiң осы операциялары капитал қозғалысына байланысты операцияларды ("б" санаты) тiркеу режимi арқылы жүзеге асырылады.
Осы талаптарды қанағаттандырмайтын резиденттердiң шетелдегi тiкелей инвестициялау операциялары Ұлттық Банктiң лицензиясы болған кезде ғана жүзеге асырылады ("а" санаты).
5.4. Кредиттеу операциялары
5.4.1. Сыртқы сауда операцияларын кредиттeу
Қазақстанда, қолданылып жүрген режимi бойынша экспорт бойынша төлемді кейiнге қалдыруды не тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсету импорты үшiн аванстық төлемнiң 120 күннен астам мерзiмге ұзартылуын, яғни капитал қозғалысына байланысты операцияларды қарастыратын экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшiн аударымдар Ұлттық Банкте лицензиялауға жатады.
2001 жылдан қаңтарынан бастап 2002 жылғы I жартыжылдыққа дейiнгi кезеңде экспорт бойынша төлемдердiң мерзiмiн ұзартуға байланысты операциялар бойынша берiлген лицензиялардың жалпы саны 718 болды. Экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмi көп жағдайда 180 күннен астам болады және ол қарсы әрiптестердiң уақытша қиыншылықтарымен ғана түсiндiрiле алмайды. Бiрқатар тауарлар бойынша экспорттық түсiм түсу мерзiмiн ұзарту өнiм сапасын сертификаттау рәсiмiнен өткізуге және соңғы тұтынушыға кейiн сатуға байланысты. Бұдан басқа, едәуiр жоғары қосымша құны бар тауарлар өндiрудi ынталандыру жөніндегі шаралар, оның ішiнде экспорт кезiнде жанама тарифтiк емес (әкiмшiлiк) тосқауылдарды қысқарту және/немесе жеңiлдетудi енгізуге тиiс шаралар валюта операцияларын лицензиялау тәртібі болып табылады.
Осыны негiзге ала отырып, бiрiншi кезеңде экспорт-импорт операциялары бойынша есеп айырысуларды реттеуге қатысты мынадай мiндеттердi шешу қажет:
экспорттан түскен валюталық түсiмнiң қайтарылуын және импорт бойынша төлемдердiң негiздiлiгiн және экспорт-импорт валюталық бақылауы шеңберiнде ақпараттың сапалылығын бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру;
экспорттық операцияларды жүзеге асыру кезіндегі шектен тыс кедергiлердi жою.
Бiрiншi кезеңде осы мiндеттердi жүзеге асыру үшiн мынадай iс-шараларды орындау болжанады:
1. Ұлттық Банкте лицензиялауға жататын экспорт-импорт операциялары бойынша 180 күн және одан да көп мерзiмдi дебиторлық берешектiң ең оңтайлы төмен шегiн бағалау (қолданылып жүрген шектеу 5000 АҚШ доллары).
Лицензиялаудың ең төменгi шегін көбейту экспорт-импорт операцияларына бақылаудың екi деңгейлi жүйесiн енгізумен қатар жүргізіледi:
Бiрiншi деңгей қолданылып жүрген рәсiмдерге сәйкес бiр келісiм-шарт шеңберiнде 180 күннен астам мерзiмге экспорт-импорт операциялары бойынша резидент еместердi резиденттердiң кредиттеуiн лицензиялауды қарастырады.
Екiншi деңгей резидент жасаған барлық экспорт-импорт келісім-шарттары бойынша лицензиялаудың белгіленген төменгі шегiнен аспайтын операциялар бойынша 180 күннен астам мерзiмге жинақталған дебиторлық берешегін экспорт-импорт валюта бақылауы шеңберiнде қадағалауды болжайды, бұл лицензияланатын операциялардың төменгі шегінен аспайтын әрбiр жекелеген келiсім-шарт бойынша берешегi бар сыртқы сауда операцияларының қатысушыларын табуға мүмкiндiк бередi.
Жыл бойы әрбiр тоқсанның соңында жүйелі түрде экспорт-импорт операциялары бойынша дебиторлық берешек жинақталатын резиденттер туралы ақпарат уәкiлеттi банктер ұсынған ақпарат негiзiнде Ұлттық Банкте қалыптасады және пайда болған берешектiң себебiн түсiндiру мақсатында тиісті уәкiлетті органға жiберiледi, сондай-ақ лицензия алу үшiн Ұлттық Банкке резидент кейiн өтiнiш жасаған жағдайда, арызды қарау кезiнде назарға алынатын болады.
2. Есеп айырысудың ең ұзақ шарттары шаруашылық қызметтің салалық ерекшелiктерiне және саудаға байланысты болатын, яғни дәстүрлi емес экспортты және жоғары қосымша құны бар өнiм экспортын ынталандыру мақсатында экономикалық ақталған болып есептелетiн экспорт кезiнде Сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасы (СЭҚТН) жiктеуiне сәйкес кодтары көрсетiлген тауарлардың тiзбесiн анықтау.
Жеткiлiктi, экономикалық жағынан дұрыс негiзделген себептер болған кезде Қазақстан Республикасының Yкіметі Ұлттық Банкпен келісім бойынша оларға тауарлар экспорты күнi мен экспорттық түсiм алу мерзiмiнiң арасы 365 күннен асқан жағдайда ғана резиденттен лицензия алу талаптарын қарастыратын валюталық реттеуден ерекше режимiн қолдана алады.
3. Резидент еместің тарапынан мiндеттемелердi орындау аяқталған экспорт-импорт операциялары бойынша валюталық реттеу тәртібiн жеңiлдету мүмкiндiгiн қарау.
Қазiргi уақытта экспорт-импорт мәмілелерін кредиттеу лицензия алуға өтiнiш беру сәтінде экспорт бойынша нақты валюталық түсiмнiң не импорт бойынша толық көлемде тауардың түскен-түспегенiне қарамастан операциялар ағымдағы разрядтан капитал қозғалысына байланысты операцияларға көшкен жағдайда лицензиялауға жатады. Резидент еместің өз міндеттемелерiн толық көлемде орындағанын ескере отырып, лицензиялау әкiмшiлiк формалдылықты орындауға әкеп соғады және сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы үшiн қосымша шығасылар әкеледі. Осы тұрғыдан, Ұлттық Банк Кедендік бақылау агенттігімен бiрлесiп бiр жағынан әкiмшiлiк рәсiмдер санын қысқарту үшiн, екіншi жағынан, валюта бақылауының тиiмдiлiгін төмендетпеу және валюталық заңдардың талаптарын резиденттiң ақтауын қамтамасыз ету үшiн осы операцияларға валюталық реттеудiң жеңiлдетілген тәртібін енгізу мүмкiндiгi туралы мәселенi қарауы қажет.
Шешiм қабылдауды талап ететiн мәселелер:
1) лицензия беру шарттары, берешектiң жүйелi түрде пайда болуына жауапкершiлiк, аяқталған экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша тәртiптi жеңiлдету және Ұлттық Банктiң салық және басқа бақылау органдарымен өзара іс-әрекет ету бөлігінде лицензиялау рәсiмiн пысықтау қажет;
2) лицензияланатын экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша дебиторлық берешектiң төмен шегiн белгiлеуi тиiс;
3) валюталық бақылау рәсiмiне лицензиялауға жатпайтын 365 күнге дейiнгі мерзiмге дебиторлық берешек пайда болатын жекелеген тауарлар экспорты бойынша өзгерістер енгізу;
4) экспорт-импорт валюта бақылауы жүйесiне және әзiрленiп жатқан бағдарламалық қамтамасыз етуге өзгерістер енгізу талап етiледi;
5) резиденттiң барлық сыртқы сауда келісім-шарттары бойынша (бақылаудың екiншi деңгейi) жиынтық дебиторлық берешекке кейiнгi бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар шеңберiнде экспорт-импорт валюта бақылауы шеңберіндегі экспорт-импорт мәмiлелерiн ресiмдеудiң барынша оңтайлы құндық шегiн бағалау қажет;
6) экспорттық кредиттердi сақтандыру тетiктерiн әзiрлеудi және сыртқы сауда операциялары бойынша валюталық реттеу тәртібін жеңiлдету мүмкiндiгін, сақтандыру полисiмен қамтамасыз етiлген қаражаттарды қайтармау тәуекелiн қарастыру керек.
5.4.2. Екiншi деңгейдегi банктердiң резидент еместерге кредиттер бepуi
Екiншi деңгейдегi резидент банктердiң резидент еместерге кредиттер беруiне байланысты операцияларды лицензиялау күшiн жояды. Операцияның осы түрiнiң пруденциалдық реттеу және қадағалау шараларымен реттелетiнiн, оның шеңберiнде екiншi деңгейдегi банктер белгiленген нормативтердi орындауға, активтердi тәуекел дәрежесi бойынша жiктеуге және операцияға қатысушылар мен оның жасалу шарттары туралы негізгi ақпаратты ашуға мiндеттi екенiн ескере отырып, валюталық реттеудiң рұқсат етiлген режимi болып табылатын лицензиялауды оларға қолданудың қажетi жоқ.
Екiншi деңгейдегі банктердiң резидент еместерге кредиттер беруi Ұлттық Банктегi хабарлама талабы ("в" санаты) арқылы жүзеге асырылады.
Барынша экономикалық еркiндiк режимi тәуекелдердi басқарудың iшкi жүйесi негiзiнде бағаланатын қаржы ұйымдары жүргiзетiн халықаралық операциялар бойынша мәндi, маңызды және шынайы ақпаратты ашуға және капитал жеткiлiктiлiгiне, талаптарды күшейтумен қоса жүредi.
Шешiм қабылдауды талап ететiн мәселелер:
Пруденциалдық реттеу және қадағалау жүйесi бiр резидент емес-заемшыға бақылау элементi мен ең жоғары тәуекел шектеуiн (iшкi рыноктағы операциялармен салыстырғанда осы тәуекел капиталдың әкетiлуi кезiнде өте жоғары болады), сондай-ақ елдiң тәуекелдігін қоса алғанда, банктердiң меншiктi капиталының жеткiлiктiлiгiне жоғары талаптарды қамтуы тиiс.
5.4.3. Резиденттердiң шетел банктерiнде шоттар ашуы
Валюталық режимдi ырықтандыру жолындағы басқа қадам шетел банктерiнде және өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңдары бойынша банктiк операцияларды жүзеге асыруға құқығы бар басқа қаржы институттарында (бұдан әрi - шетел банктерi) шетелде шоттар ашуға қатысты талаптарды жұмсарту болып табылады.
1. Шетел банкiнде шетелде резиденттердiң - жеке тұлғалардың шоттар ашуы лицензиялауға жатпайды:
егер шетелдiк банктiң "А"-дан төмен емес ("Standard & Рооr's" немесе "Fitch" рейтингтiк агенттiктерiнiң жiктеуi бойынша) немесе "А2" ( "Moody's Investors Service" рейтингтiк агенттiгiнiң жiктеуi бойынша) ұзақ мерзiмдi кредиттiк рейтингi бар болса және ЭЫДҰ-ға мүше болып табылатын мемлекетте тiркелген және орналасқан жағдайда;
жұмыс iстеу, оқу, емделу немесе демалу мақсатында Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде уақытша жүрген резиденттер.
Бiрден көп кредиттiк рейтингi болған кезде рейтингтiк агенттiктер ("Standard & Poor's","Fitch","Moody's Investors Service") белгiлегеннен әрқайсысының кредиттiк рейтингi ең төменгі белгiленген талаптарды қанағаттандыруы қажет. Рейтингтердiң бiреуiнiң ең аз белгiленген рейтингтен тармақтың жартысынан аспайтындай ауытқуға жол берiледі.