Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды шетелдiктерге асырап алуға беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 12 қарашадағы № 1197 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 380 Қаулысымен күші жойылды
«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 209-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды шетелдiктерге асырап алуға беру ережесi бекiтілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | И. Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2002 жылғы 12 қарашадағы
№ 1197 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын
балаларды шетелдіктepгe асырап алуға беру
ЕРЕЖЕСI
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды шетелдіктерге асырап алуға беру тәртібiн белгiлейдi. Асырап алуға рұқсат кәмелетке толмаған балаларға қатысты және солардың мүдделерi үшiн ғана берiледi.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, егер оларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге не туысқандарына, осы туысқандарының азаматтығы мен тұрғылықты жерiне қарамастан, асырап алуға беруге мүмкiндiк болмаса, шетелдiктерге асырап алуға берiлуi мүмкiн.
3. Балалар шетелдiктерге асырап алуға олар орталықтандырылған есепке алынған күннен бастап үш ай өткен соң ғана берiлуi мүмкiн.
4. Бала асырап алу тәртібі «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және азаматтық iс жүргізу заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Бала асырап алу процесiне бала асырап алғысы келетiн шетелдiктердің өздерiнің мiндетті қатысуы оларды құқықтары мен мiндеттерi азаматтық және азаматтық ic жүргізу заңнамасында белгiленген өз өкiлiнiң де қатар болуы, сондай-ақ қажеттi жағдайларда аудармашы қызметiн пайдалану құқығынан айырмайды.
6. Бала асырап алуға үмiткер шетелдiктер Қазақстан Республикасының кіру рұқсатнамалары болған ретте Қазақстан Республикасына келе алады. Кіру рұқсатнамаларын немесе соларға сәйкес басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының дипломатиялық және консулдық өкiлдіктерi немесе жекелеген жағдайларда Қазақстан Республикасының осыған арнайы уәкiлеттi өкiлдерi бередi.
Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, қабылдаушы тараптың шақыруы және Қазақстан Республикасының осыған уәкiлеттi органдарының рұқсаты рұқсатнамалар беру үшiн негiз болып табылады.
7. Бала асырап алуға үміткер шетелдiктер асырап алынатын баланың құжаттарымен өзi танысуға, бала денсаулығының жай-күйi туралы медициналық қорытындымен танысқаны фактiсiн жазбаша нысанда растауға міндетті.
8. Бала асырап алуға үмiткер шетелдiктердiң бала туралы егжей-тегжейлі ақпарат және оның туыстарының бар-жоғы туралы мәлiметтер алуға құқығы бар.
9. Бала асырап алуға үміткер шетелдiктер бала тұрақты тұратын жерде тиiстi тәрбие, емдеу-алдын алу мекемесiнiң ережесіне сәйкес режим талаптарын сақтай отырып, қорғаншылық және қамқоршылық органы өкілiнiң және қажет болған жағдайда аудармашының қатысуымен баламен тiкелей қарым-қатынаста (баламен жеке танысу, оның дағдыларын, талғамын, мiнезi ерекшелiктерiн бiлу, қыдырту, ойнату) кемiнде екі апта болуға мiндеттi.
10. Асырап алуға жататын бала анықталғаннан кейiн қорғаншылық және қамқоршылық органы білім беру саласындағы орталық атқарушы органға осы баланың орталықтандырылған есепке алуда бар екендiгi фактiсiн растау үшiн сұрау салу жiбередi.
11. Бала асырап алуға үмiткер шетелдiктер асырап алуға жататын бала орналасқан аумақтағы қорғаншылық және қамқоршылық органына мынадай құжаттарды ұсынады: бала асырап алу ниетi туралы жазбаша өтiнiш, шетелдiк агенттiктер берген ықтимал ата-аналардың қаржылық әл-ауқаты, отбасылық жағдайы, денсаулық жай-күйi, жеке адамгершiлiк қасиеттерi туралы анықтама.
12. Асырап алынатын бала тұрақты тұратын (орналасқан) жердегi қорғаншылық және қамқоршылық органы бұл бала мен асырап алуға үмiткер шетелдiктің өзара қарым-қатынаста болған фактiсi туралы мәлiметтердi көрсете отырып, асырап алудың негiздiлiгi және оның асырап алынатын бала мүдделерiне сәйкестiгi туралы қорытындыны сотқа ұсынады.
13. Шетелдiктердiң балаларды асырап олардың өтiнiшi негiзiнде балалар мекемесi орналасқан жердегi сот шешiмiмен жүргiзiледi.
14. Баланы асырап алу туралы iстi сот асырап алушылардың өздерiнiң, қорғаншылық және қамқоршылық органы өкілдерiнiң, сондай-ақ прокурордың міндетті қатысуымен қарайды.
15. Баланы асырап алу азаматтық хал актілерін мемлекеттік тiркеу үшiн белгiленген тәртіппен мемлекеттік тiркелуi тиiс.
16. Бала асырап алушының және асырап алынушы баланың құқықтары мен мiндеттерi баланы асырауға беру туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап туындайды.
17. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары асырап алынған баланы асырап алушы төлқұжатын және сот шешiмiн ұсынуы бойынша бередi.
18. Асырауға берілген балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мақсатында олардың өмiрi мен тәрбиеленуi жағдайын бақылауды Қазақстан Республикасының елшiлiктерi немесе консулдық мекемелерi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
19. Асырап алуға берiлген бала кәмелетке толғанға дейiн асырап алған ата-анасы оның өмiрi, тәрбиесi және денсаулық жай-күйi туралы баланың бұрынғы тұрған жерiндегi қорғаншылық және қамқоршылық органдарына жыл сайын фотосуретiн қосып, ақпарат жіберiп отырады.
20. Егер асырап алу нәтижесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген құқықтары бұзылса, асырап алудың күшi сот тәртібімен жоюға жатады. Асырап алуды заңсыз деп тану туралы талапты, асырап алынған баланың ата-анасы, асырап алу арқылы құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншылық және қамқоршылық органы қоюға құқылы.