Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жариялануын бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 15 тамыздағы № 900 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 маусымдағы № 384 Қаулысымен күші жойылды
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-1-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жариялануын бақылауды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | | И.Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2002 жылғы 15 тамыздағы
№ 900 қаулысымен
бекітілген
Орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың
нормативтiк құқықтық актілерiнiң жариялануын бақылауды жүзеге асыру
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерінiң жариялануын бақылауды жүзеге асыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына, «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдарының нормативтiк құқықтық актілерінiң жариялануын бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдарының нормативтiк құқықтық актілерін (бұдан әрi орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілері) ресми жариялау оларды қолданудың мiндеттi шарты болып табылады.
3. Орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың заңнамада белгiленген тәртiппен жарияланбаған нормативтiк құқықтық актілері қолдануға жатпайды.
4. Орталық және жергілiктi мемлекеттік органдардың мемлекеттік тiркеуге жататын нормативтiк құқықтық актілері әдiлет органдарында мемлекеттік тiркелгеннен кейiн ғана жарияланады.
5. Орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерінiң жариялануын бақылауды Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
6. Әдiлет министрлігі мен оның аумақтық органдарының қызметкерлерi орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерінiң жариялануын бақылауды жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң актілерін, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi және осы Ереженi басшылыққа алады.
7. Орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерінiң жариялануын бақылаудың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерінiң жариялануын реттейтiн заңнаманың сақталуын тексеру;
2) орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың заңнамада белгiленген тәртiппен жарияланбаған нормативтiк құқықтық актілерін қолдануға жол бермеу;
3) орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерін жариялау мәселелерi бойынша қолданыстағы заңнаманың бұзылуын анықтау және оларды жою жөнiнде шаралар қабылдау;
4) орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерінiң жариялануын жүзеге асыру кезiнде әдiстемелiк көмек көрсету.
2. Орталық және жергіліктi мемлекеттік органдардың
нормативтік құқықтық актiлерінің жариялануын бақылауды
ұйымдастыру және жүзеге асыру
8. Әдiлет министрлігі мен оның аумақтық органдары бақылауды жүзеге асыру кезiнде мынадай функцияларды орындайды:
1) орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерінiң жариялануын реттейтiн заңнаманың сақталуына тексерулер жүргiзедi;
2) әкiмшiлiк iс қозғау және iс материалдарын сотқа беру туралы шешiм қабылдайды;
3) орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың жарияланған нормативтiк құқықтық актілерінiң мониторингін Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады;
4) қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
9. Бақылауды жүзеге асыру кезiнде Әдiлет министрлігі мен оның аумақтық органдары мыналарға құқылы:
1) мемлекеттік органдардан және ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан бақылауды жүзеге асыру үшiн қажеттi материалдар мен ақпаратты сұратуға;
2) орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерінiң жариялануын реттейтiн заңнаманың бұзылуын жою туралы мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге;
3) бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдардан түсiнiктемелер сұратуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды қабылдауға.
3. Тексерулер жүргiзу
10. Тексеру жүргiзудiң алдында мұқият дайындықтың болуы, заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлер зерделенуi тиіс.
11. Әрбiр тексерудiң алдында тексеру барысында зерделеуге жататын мiндеттер мен мәселелер тiзбесiн, тексеру жүргiзуге арналған топ құрамы және тексерулер жүргiзуге қатысты өзге де мәлiметтердi қамтитын тексеру бағдарламасы әзiрленедi.
Тексеру бағдарламасын Әдiлет министрi, Әдiлет министрлігі аумақтық органының басшысы не оның орынбасарлары бекiтедi.
12. Тексеру Әдiлет министрiнiң немесе Әдiлет министрлiгі аумақтық органы басшысының бұйрығымен тағайындалады және Әдiлет министрлігі мен оның аумақтық органдарының қызметкерлерi жүзеге асырады.
13. Тексеру жүргiзуге кедергi келтiру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
14. Тексеру жүргізу кезiнде тексерушiлерге тексерiлетiн субъектiлерге объективтi емес және ағат пiкiр айтуға, тексеру барысында алынған, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммерциялық немесе өзге де қорғалатын құпияны бiлдiретiн ақпаратты жария етуге жол берiлмейдi.
15. Тексерудiң мерзiмi алдағы жұмыстардың көлемiн, қойылған мiндеттер мен тексерушi топтың құрамын ескере отырып белгiленедi және 30 күнтiзбелiк күндi құрайды.
Әдiлет министрiнiң, Әдiлет министрлігі аумақтық органы басшысының шешiмi бойынша тексеру мерзiмiн ұзартуға рұқсат етiледi, ол 30 күнтiзбелiк күннен аспауға тиiс.
16. Тексеру аяқталғаннан кейiн тексерушi топтың басшысы мен оның мүшелерi және тексерiлетiн субъектiнiң бiрiншi басшысы қол қоятын екi данада тексеру актiсi жасалады.
17. Тексеру нәтижелерi қолда бар құжаттар мен материалдардан туындайтын тексерiлген деректер мен фактiлердiң негiзiнде актiде баяндалады.
18. Анықталған кемшiлiктер мен бұзушылықтар тексеру актiсiнде объективтi түрде, тиiстi нормативтiк құқықтық актiлер мен фактiлерге сiлтеме жасалып баяндалуға тиiс.
19. Тексеру актiсiнiң бiрiншi данасы тексерiлетiн субъектiнiң бiрiншi басшысына тапсырылады, екiншiсi тексерушi топтың басшысында қалады.
20. Тексерiлетiн субъектiнiң бiрiншi басшысы тексеру актiсiне қол қоюдан бас тартқан жағдайда бұл актiде тиiстi жазба жасалады.
Тексерiлетiн субъектiнiң тарапынан тексеру актiсi бойынша қарсылық болған кезде, оның басшысы өзiнiң қолы алдында бұл туралы ескертпе жасайды және жазбаша қарсылығын қоса бередi.
Жазбаша қарсылықтарда баяндалған фактiлердiң дұрыстығы тексерiлуге тиiс және олар бойынша топтың басшысы жазбаша қорытынды бередi.
21. Сондай-ақ, тексеру актiсiне бұзушылыққа жол берген лауазымды адамдардың түсiнiктемелерi де қоса берiледi.
22. Тексеру нәтижелерi бойынша Әдiлет министрлiгі мен оның аумақтық органдары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген шараларды қабылдайды.