Лизингтiк негiзде ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз етудi
несиелендiру ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2002 ж. 11 наурыздағы № 289 қаулысы
"2002 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 5 желтоқсандағы Заңына және "2002 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 27 желтоқсандағы № 1715 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының ?кіметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Лизингтiк негiзде ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз етудi несиелендiру ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | И.Тасмағанбетов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2002 жылғы 11 наурыздағы
№ 289 қаулысымен бекітілген
Лизингтiк негiзде ауылшаруашылық
техникасымен қамтамасыз етудi несиелендiру
ережесi
1. Жалпы шарттар
1. Осы Ереже 2002 жылы республикалық бюджеттен 85 "Лизингтiк негiзде ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз ету" бағдарламасы бойынша 1 100 000 000 (бiр миллиард жүз миллион) теңге сомасында несиелер (бұдан әрi Қаражат) беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Қаражат заңнамада белгiленген тәртiппен "Мемлекеттік кепiлдiктер бойынша мiндеттемелердi орындау мақсатында республикалық бюджеттен берiлген несиелер бойынша, сондай-ақ республикалық бюджеттен оқшауландырылған сомалар бойынша сыйақы ставкасы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 2 қыркүйектегi № 1131 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрi Қармин) белгiлеген ставка бойынша мерзiмдi, төлем және қайтарым шарттарында 7 (жетi) жыл мерзiмге, Қаражаттың республикалық бюджетке қайтарылуы қамтамасыз етiле отырып, республикалық бюджеттен бөлiнедi. Қаражат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейiннен лизингке беруге жататын ауылшаруашылық техникасын (бұдан әрi - Техника) сатып алу және 2002 жылы Техниканы сатып алуға жұмсалған ақшаны өтеу мақсаттары үшiн, сондай-ақ Техниканы сатып алуға байланысты шығындарды өтеу және Техниканы лизингке беру кезiнде бюджетке төлеуге жататын қосылған құнға салықты төлеу үшiн бөлiнедi.
3. Қаражат бөлу заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен 2002 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен жүзеге асырылатын лизингтiк негiзде ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз етудi несиелендiру үшiн айқындалған екiншi деңгейдегi банктi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымды (бұдан әрi - Қарыз алушы) несиелендiру жолымен жүргiзiледi.
4. Қаражат бөлу үшiн Қармин Қарыз алушымен және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен (бұдан әрi - бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi) бiрлесiп қарыз алу шартын (бұдан әрi - Несие келісімi) жасасады, онда осы ережеге сәйкес республикалық бюджеттен Қаражат бөлу тәртібі, Қаражатты республикалық бюджетке қайтару тәртібі мен мерзiмдерi, Қарыз алушының мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету амалдары және өзге де шарттар анықталады.
5. Қарыз алушы Қаражаттың мақсатты пайдаланылуы мен оның республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын қамтамасыз етедi.
2. Қаражаттың пайдаланылуын бақылау
6. Кейiннен Қарыз алушыға жолдау үшiн бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсiне республикалық бюджеттен қаражат бөлу Несие келісімiне сәйкес белгiленген тәртiпте мынадай құжаттар негiзiнде жүзеге асырылады:
1) кейiннен лизингке беруге жататын ауылшаруашылық Техникасын сатып алу және 2002 жылы Техниканы сатып алуға жұмсалған ақшаны өтеу мақсаттарына Қаражат бөлу кезiнде - бюджеттік бағдарлама әкiмшiсiнiң Техника жеткiзiп беруге келісім-шарттарының көшiрмесiн қоса тiркеген тапсырысы;
2) Техниканы сатып алуға байланысты шығындарды өтеу мақсатына Қаражат бөлу кезiнде - бюджеттік бағдарлама әкiмшiсiнiң Қарыз алушының Техниканы сатып алуына байланысты жүзеге асырған шығындарын растайтын құжаттардың көшiрмесi қоса тiркелген тапсырысы;
3) Техниканы лизингке беру кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджетке төлеуге жататын қосылған құнға салықты төлеу мақсатында Қаражат бөлу кезiнде - бюджеттік бағдарлама әкiмшiсiнiң тапсырысы.
7. Қарыз алушы ай сайын есептi айдан кейiнгi айдың 15-i күнiнен кешiктiрмей бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi мен Қарминге Қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп бередi.
8. Қаражаттың игерiлуiн, мақсатты пайдаланылуын, республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды Қармин жүзеге асырады.
9. Бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi Қарыз алушы сатып алатын Техниканың номенклатурасы мен көлемiн бекiтедi және Қарыз алушының лизинг бойынша сыйақысының мөлшерiне және лизинг мерзiмдерiне келiсудi жүргiзедi.